|  |  |  |  | 

Көз қарас Мәдениет Руханият Әлеумет

Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ.

Screenshot
Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ. Ол халықтың ішкі күші мен биліктің саяси еркіне қарайлап тұр
Ертеректен бастайық. Баяғыда қазақтың басты проблемасы санында еді, ол рас. Қазақтар өз жерінде азшылыққа айналған-ды. Ал қалада қазақша есту қиын болатын. Мектептерде, университеттерде, мемлекеттік басқаруда, бизнесте қазақ тілі шеттетілді. Сол кезде қазақ тілінің тағдыры демографияға тәуелді еді. Бұл логика ұзақ уақыт дұрыс саналған.
Бірақ бүгінгі Қазақстанға қарасақ, жағдай өзгерді. Қазақтар көпшілікке айналды. Қазақ тілін түсінетіндер мен сөйлейтіндер саны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Қазақ мектебіне баратын балалардың саны жыл сайын артып келеді. Қазақ тілі күнделікті өмірдің негізгі тіліне айналды.
Бірақ неге тіл мәселесі әлі өзекті болып тұр?
Мәселе санға емес, санаға тіреліп тұрған сияқты. Біз тәуелсіз елі бар халық ретінде әлі күнге дейін өз күшімізді толық сезініп үлгермедік-ау.
Кейде қазақтар өзара қазақша сөйлесіп тұрып, орысша сөйлеуге ыңғайы бар адам келсе, бірден бәрі орысшаға көше салады.
Кейде қазақша сұрақ қойған адамға қазақтың өзі орысша жауап беріп тұрады.
Кейде баласы қазақша сөйлеп жүрсе де, ата-анасы оны орыс мектебіне береді. Себебі оның қазақша білгеніне емес, орысша білмей қалатынына алаңдайды.
Кейде мемлекеттік органда істейтін қазақ қызметкер қазақ азаматымен орысша сөйлесуді табиғи нәрсе деп қабылдайды.
Мұның бәрінің демографияға түк қатысы жоқ. Бұл психология мәселесі. Бірнеше ғасыр бойы тарихи санамызда қалған инерция. Ғалымдар мұны әртүрлі атап жатады ғой. Біреуі символдық үстемдік дейді. Басқасы тіл иерархиясы дейді. Енді бірі отарлық сананың сарқыншағы деп жатады. Атауы маңызды емес. Маңыздысы – құбылыстың өзі бар.
Біз кейде өз елімізде өз тілімізді қолдануға моральдық рұқсат сұрап тұрғандай көрінеміз. Ал шын мәнінде оған ешкімнен рұқсат сұраудың қажеті жоқ.
Қазақ тілі – осы елдің мемлекеттік тілі. Тарихи тілі. Осы жердің табиғи тілі. Қазақша сөйлеу ешкімге қарсы әрекет емес. Қазақша сөйлеу – қалыпты нәрсе.
Қазақша қызмет сұрау – қалыпты нәрсе.
Баласын қазақ мектебіне беру – қалыпты нәрсе.
Қазақша құжат жүргізу – қалыпты нәрсе.
Қазақша бизнес жасау – қалыпты әрекет.
Біз кейде мұны күрес, талап, саяси ұстаным сияқты қабылдаймыз. Бірақ шын мәнінде бұл – қалыпты өмір болуы керек.
Бірақ бар жауапкершілікті халыққа артып қою да дұрыс емес. Қазақтардың өз күшін сезінуі, әрине, маңызды.
Алайда мемлекет өз жауапкершілігін халықтың мойнына ысыра салмауы керек. Ал бізде қазіргі жағдай солай. Кез келген елде қоғамдық норманы алдымен билік қалыптастырады.
Егер министр қазақша сөйлемесе, әкім қазақша талап етпесе, мемлекеттік орган қазақша жұмыс істеуді міндет санамаса, онда қарапайым азаматтан талапшыл әрі батыл болуды күтудің өзі қисынсыз.
Адамдар биліктің әрекетіне қарап үйренеді. Мемлекет қандай тілді беделді деп көрсетсе, қоғам соған бейімделеді. Қазақстанда қазақ тілінің алдында тұрған ең үлкен қайшылық – осы.
Бір жағынан мемлекет қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялайды. Екінші жағынан мемлекеттік аппараттың едәуір бөлігі қазақ тілін басқару тілі ретінде емес, салтанатты жиындардың тілі ретінде қабылдайды.
Қазақша құттықтайды. Қазақша ән айтады. Қазақша концерт өткізеді. Бірақ шешім қабылдау, құжат әзірлеу, жұмыс жүргізу, талқылау басталған кезде орыс тіліне ауысып кете салады.
Бұл қоғамға нақты сигнал беріп тұр. Жұмыс жүргізу тілі басқа деген сигнал.
Сондықтан қазақ тілінің мәселесін тек қазақтардан іздеу жеткіліксіз. Мәселенің екінші жағы саяси ерікке келіп тіреледі.
Тарихқа қарасақ, әлемдегі ешбір тіл жай ғана нарықтың немесе демографияның күшімен толық үстемдікке жеткен жоқ. Француз тіліне Франция мемлекеті сүйенді. Неміс тіліне Германия мемлекеті сүйенді. Түрік тіліне Түркия мемлекеті сүйенді. Өзбек тіліне Өзбекстан мемлекеті сүйеніп отыр.
Ал мемлекеттік тілдің артында мемлекет тұрмаған жерде тілдің дамуы баяулайды.
Тіл халық саны аз болғандықтан емес, сол халық өз тіліне толық сенбегендіктен әлсіреген жағдайлар аз емес. Және керісінше де болған, кей тілдер халық өз күшін сезінген кезде күрт күшейген.
Қазір қазақ тілінің болашағын қазақтардың таңдауы мен мемлекеттің саясаты бірге анықтайды.
Егер қазақтар қазақша сөйлеуді табиғи норма деп қабылдаса, мәселенің жартысы шешіледі. Егер билік қазақ тілін шын мәнінде басқару тіліне айналдырса, қалған жартысы шешіледі.
Халық бір жаққа, билік бір жаққа тартқан жерде нәтиже баяу болады. Ал халықтың сұранысы мен мемлекеттің саясаты бір арнаға тоғысқан кезде тілдің күшеюі табиғи процеске айналады.
Қазақ тілінің ең үлкен проблемасы – қазақтардың өз күшін әлі толық бағамдап үлгермегенінде және мемлекеттің сол күшті толық мойындамай жатқанында деп ойлаймын.
Өз елінің иесі екенін сезінген халықтың қолдайтын билігі пайда болған кезде, ол тілдің болашағына сырттан ешкім ықпал ете алмайды.

Related Articles

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    Адамның бәрі бірдей емес. Ақыл-ойы еркін, мәнді, құнды дүниелер туғыза алатын, жасампаздық қуаты зор адамдар болады. Сол сияқты өркениеттік әлеуеті (потенциалы) зор халықтар болады. Ондай қасиет өзіндік құндылықтар жүйетін жасай алатын, ешкімге ұқсамайтын, терең тамырлы руханияты бар халықтарда болады. Қазақтың бүкіл тарихы мен мәдениеті біздің сондай халықтар санатына жататынымыздың айғағы. Сондай айғақ Абайдың ақындық мектебінің көрнекті өкілі Көкбай Жанатайұлы шығармашылығында молынан табылады… Кеше Семей қаласындағы Абайдың қорық- музейінде Көкбай Жанатайұлының 165 жылдығына арналған “Абайдан сабақ алдым бала жастан” атты әдеби кеш өтті. Зал белгілі абайтанушы, профессор Жандос Әубәкірдің тағылымы мол, әсерлі баяндамасын ерекше ынтамен тыңдады. Спикерді тыңдап отырып: “Біз Көкбайды тіпті білмейміз деуге болғандай екен ғой… Кейде тіпті жеңіл, үстірт

  • ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    Екі мыңыншы жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше басылымдар болды. Атап айтсақ, Атырау шәрінде шыққан «Алтын Орда» газеті болса, одан кейінгісі Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ», сондай-ақ «Шетел Әдебиеті» сынды газеттер еді. «Алтын Орда» газетіне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал қалған екеуіне Талғат Ешен мен Ардақ Нұрғазы іспетті қазақтың интеллектуал азаматтары бас редактор болған еді. Бәрі  де есімдері елге мәлім, ғажайып ақындар. Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқашан жарытып газет шығара алмайды», – деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды.  «Әдебиет порталы» «УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК…» айдарымен  тек аталған осы басылымдар ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық

  • Наурыз мерекесі құрметіне Панфилов көшесіндегі Сахнада «Ән қанатындағы Наурыз» атты дәстүрлі өнерде жүрген жас орындаушылардың ән кеші өтті.

    Наурыз мерекесі құрметіне Панфилов көшесіндегі Сахнада «Ән қанатындағы Наурыз» атты дәстүрлі өнерде жүрген жас орындаушылардың ән кеші өтті.

    Бүгін Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Панфилов көшесі бойындағы сахнада Наурыз мерекесіне арналған «Ән қанатындағы Наурыз» атты жас орындаушылардың дәстүрлі ән кеші жоғары деңгейде өтті. Алматы қаласы ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап ұлт мәдениетінің ұйытқысы, ордасы қызметін атқарып келеді. Дәстүрлі өнердің ірі өкілдері, зерттеушілері осы қалада тұрып, еңбек етті. Қазір де профессионалдық типтегі дәстүрлі музыканың ең ірі ошағы – Алматы. Мұнда этномузыканың белгілі қайраткерлері, дәстүрлі домбырашы, қобызшы, сыбызғышы, әнші-термешілер әзірлейтін арнаулы орта және жоғары оқу орындары, өнер ұжымдары шоғырланған. Қазақ көне музыка аспаптарының жер бетіндегі жалғыз музейі мен еліміздегі жалғыз дәстүрлі өнер театры да осында. Соңғы уақыттары Алматы қаласында дәстүрлі өнерді насихаттап жүрген жас өнерпаздардың арнайы ән кеші өтпеп еді.

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: