Бүгін Атамыздың ең жақын шәкірттерінің бірі, біздің бауырымыз, қазақтың мақтан тұтатын жастарының бірі Ғалым Боқаш мерейлі 50 жасқа толып отыр.
Біз үшін бұл күн – жай ғана Ғалымның туған күн емес, бұл – оның жарты ғасырлық өнегелі өмір жолының, адал еңбегінің, биік парасат пен адамгершілігінің мерекесі.
Біз Ғалымды тек терең білімі үшін емес, үлкен жүрегі үшін қадірлейміз. Ғалымның әлемнің ең беделді оқу орындарының бірі – Оксфорд университетінде білім алып, “Азаттық радиосында жемісті еңбек етіп, бүгінде Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік қызметінде абыройлы жұмыс атқарып жүргені оның табандылығының, білімге құштарлығының және еңбекқорлығының айқын көрінісі.
Алайда адамның шынайы бағасы оның қызметімен немесе жеткен жетістіктерімен ғана өлшенбесе керек. Адамның қадірі оның жүрегінде, адамгершілігінде, қиындыққа төтеп бере білуінде.
Өмір Ғалым мен жары Әлияға сынақтың сынағын берген екен. Алайда олардың қандай жағдайда да сабыр мен парасаттан айнымағандарына куә боп келе жатырмыз. Әсіресе балаларына деген шексіз махаббаты бен қамқорлықтары – нағыз ерлік пен ата-аналық адалдықтың үлгісі. Олардың күндіз-түні талмай жасап келе жатқан қамқорлықтары көпшілікке көрінбеуі мүмкін, бірақ оның қадірін Алла да, жақындары да біледі.
Ғалым – достыққа адал, сөзіне берік, жүрегі жұмсақ, жаны таза азамат. Біз Ғалымды қиын сәтте жаныңнан табылатын, қуанышта шын көңілмен қуана білетін, ешкімге жамандық ойламайтын асыл қасиеттері үшін ерекше құрметтейміз.
Осы айтулы мерейтойында Ғалым баурымызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, амандық пен береке тілейміз. Алла Тағала әрбір жасаған жақсылығыңның, әрбір төккен маңдай теріңнің сауабын еселеп қайтарсын.
Шаңырағыңнан қуаныш кетпесін, жүрегіңнен үміт үзілмесін.
Алдағы жылдарың бүгінгіден де жарқын, бүгінгіден де берекелі болсын. Халыққа қызмет етіп жүрген еңбегің еленіп, абыройың арта берсін.
Елу жасың құтты болсын, қадірлі бауырымыз!
Алла Тағала өзіңді және отбасыңды әрдайым қорғап, деніңе саулық, жаныңа тыныштық, өміріңе береке нәсіп етсін.
Ата-бабаларымыздың аруағы қолдап, жолың әрдайым ашық болсын!


Пікір қалдыру