Си Цзиньпин “мәңгілік” лидерге айнала ма?
Пекинде Қытай коммунистік партиясының 19 шақырылымдағы орталық комитетінің үшінші пленумы ашылды. Ал жексенбі күні орталық комитет ҚХР конституциясына түзету енгізу ұсынысын ресми түрде жариялады. Комитет конституциядан «Коммунистік партия төрағасы мен оның орынбасары қызметін екі мерзімнен артық атқара алмайды» деген сөйлемді алып тастауды ұсынады.
Мәскеудегі жоғары экономикалық мектеп жанындағы шығыстану орталығының жетекшісі, қытайтанушы ғалым Алексей Масловтың сөзінше, Қытай төрағасы екі мерзімге ғана сайлана алады деген норманы алып тастау туралы әңгімелер баяғыдан айтылып жүрген. Бұл идея әуелі баспасөз арқылы таратылған.
– Алғаш рет бұл идея туралы гонконгтық South China Morning Post газеті жариялаған еді. Бұл – Пекинді беталды сынап, Қытайға қарсы позиция ұстанбайтын, бірақ Қытайдағы жағдайдан жақсы хабардар әрі ол жайлы ашық жазатын басылым. Былтыр «егер Қытай басшысы мүлде ауыспайтын жүйеге көшсе не болады. Бұл жақсы ма әлде жаман ба?» деген түрлі тұспалдарға толы мақалалар Қытай ғана емес, Батыс баспасөзінде, Economist сияқты беделді басылымдарда да шыққан болатын. Шын мәнінде, [Қытай] әлем жұртшылығының реакциясын тексеріп көрген, бәлкім қазір де тексеріп жатқан шығар. АҚШ-та да, Ұлыбританияда да біршама көп қытайлық диссиденттердің қаншалықты бас көтеретінін бақылаған. Бүкіл әлем және жақын көршілері, мысалы, Ресей бұл ұсынысқа қалай қарар екен деп тамырын басып көрген.
– Қытайтанушы маман ретінде бұл бастама қаншалықты іске асуы мүмкін деп болжайсыз? Жуырда ғана өткен компартия съезінде Дэн Сяопиннің заманынан бері алғаш рет оның жарғысына нақты адамның – Си Цзиньпиннің идеялары енгізілді. Ол шынымен авторитарлы басшыға айналу үшін жанталасып жатқандай көрінеді. Бұл пікірге қалай қарайсыз?
– Тұтастай алғанда, бұл пікіріңізбен келісемін. Өйткені егер артқа сәл шегініс жасасақ, Си Цзиньпиннің жеке басына табынушылық, жеке-дара билігін нығайту 2016 жылы да, 2017 жылы да қатты күшейді. Мысалы, Си Цзиньпинді ұлттық идеологияның «өзегіне» теңеді. Бұл Қытай коммунистік партиясы Орталық комитетінің (ҚКП ОК) төрағасы өзінің формалды міндеттерінен де жоғары тұр дегенді білдіреді. ҚКП-ның 2017 жылы өткен 19-съезінде бірде бір мұрагердің есімі аталған жоқ. Ал теориялық тұрғыдан алғанда, бұл кезеңде кемі екі жас мұрагердің аты аталуы тиіс болған. Тағы да теориялық тұрғыдан алсақ, олардың бірі ҚКП ОК бас хатшысы қызметіне келесі мерзімге ұсынылуы керек еді. Қытайда бір адам екі қызметті – ҚХР төрағасы мен ОК бас хатшысы қызметін атқарып отырғандықтан, бірнеше мұрагердің есімдері белгілі болуы тиіс еді. Бірақ бірнешеу түгілі, мүлде мұрагердің есімі жоқ. Кейінгі кезде Си Цзиньпиннің жеке басына табыну мүлде күшейіп кетті. Мұндай құбылыс 35 жыл бойы байқалмаған еді. Мұның бәрі Си Цзиньпин басқарып отырған авторитарлы режимді күшейту тенденциясы шынымен бар екенін көрсетеді.
–Бірақ Қытайда ел басшысы өз қызметін қатарынан екі мерзімнен артық атқара алмайды деген жүйе 30 жылдан аса сақталды ғой. Си Цзиньпин билікке келген кезде осы жүйені сақтап қалатын адам ретінде саналған. Өйткені ол- мәдени революцияның зардаптарын тартқан, Қытай коммунистік партиясының қуғын-сүргінге ұшыраған басшыларының бірінің отбасынан шыққан адам. Мына жағдай неліктен дәл осы Си Цзиньпиннің билігі тұсында болып жатыр деп ойлайсыз?
– Біріншіден, Қытайда биліктің сипаты өзгерді, бірақ білінбей өзгерді. Өйткені кейінгі 30 жылдағы орасан зор жетістіктер бірқатар қарама-қайшы тенденцияларды тудырды. Біріншіден, жергілікті элиталар байып алып, ықпалы күшейді. Провинциялық немесе тіпті уездік басшылар, әкімшіліктер, қалалық, облыстық комитеттердің басшыларының балалары шетелде оқып жатыр. Олар әлемдік экономикамен баяғыда біте қайнап, әлемнің түкпір-түкпірінде фирма, кәсіпорындар ашып алған. Осылайша, олар мемлекетке деген бейілін жоғалтты. Қытайдың серпінді дамуы тежеліп қалды. Мұны Си Цзиньпин де байқап отыр. Ал кейінгі бес жылда коррупциямен жүргізілген күрес, шын мәнінде ұрлық-қарлықпен, мемлекеттік бюджетті талан-таражға салумен күрес емес, бұл – мемлекет алдындағы міндеттерін түсінуден қалған элиталармен күрес. Ал Си Цзиньпин осыны түзетуге тырысып жатыр. Өйткені Қытай экономикасының ішінде қарқынды өсімге кедергі келтіретін проблемалар бар. Мысалы, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықтың ұлғаюы, Қытай кәсіпорындарының шығынға батуы, бюджетке қыруар ақша қарыз болып қалуы, аймақтардың біркелкі дамымауы. Елдің оңтүстік аймақтары бай, ал солтүстік-батыс аймақтары өте кедей. Мұндай дисбаланстар толып жатыр. Ал оларды ішкі құралдарға ғана сүйеніп шешу мүмкін болмай қалды. Өйткеніөсімді қамтамасыз етіп отырған экспорттық экономика, арзан жұмыс күші сияқты ескі драйверлердің әлеуеті бітті. Яғни, Қытай саясаты Си Цзиньпин ұсынған «Бір белдеу – бір жол» ұраны осы мақсатты көздейді. Бұл саясаттың көздегені – Қытай капиталдарын экспорттау, яғни оларды шетелде жұмыс істету үшін капиталды инфрақұрылымдық жобаларға, энергетика саласына салып,бірқатар елдердің жүк тасымалын, транспорт жолдарын, экономикасын біртіндеп өз бақылауына алу. Қытай сол кезде біршама халықаралық ықпалға ие болады. Өзін мүлде басқаша деңгейде көрсетуіне мүмкіндік береді. Шын мәнінде, бұл – Қытай үлгісіндегі реглобализация. Батыстан басталған реглобализация процесіне енді Қытай бет бұрды. Бірақ бұл үшін бір мерзім жеткіліксіз. Бұл шаруаны 10 жылда тындыруға болады. Қытайдағы жағдайды Си Цзиньпиннің еншісінде қалған жуырдағы бес жылда түзету мүмкін емес. Сондықтан оның өкілеттігін шынымен ұзартатын болса, ол реформалар жүргізу мүмкіндігін де ұзартады деген сөз. Бірақ бір жағынан, бұл Си Цзиньпин басқарып отырған партияның әлсіздігін де көрсетеді. Өйткені бұл -биліктен айырылып қалу қорқынышы. Бүкіл реформа аяқ астынан тоқтап қалады деген қорқыныш Си Цзиньпин өз серіктерінің көбіне мүлде сенбейтінін көрсетеді, – дейді Алексей Маслов.
“ЕУРАЗИЯЛЫҚ ӘЛЕМ БИЛІКТІҢ ЕРЕКШЕ ТИПІНЕ АЙНАЛДЫ”
“Бейсенбі күні Владимир Путин жаңа алты жылдық мерзімінің бағдарламасын (федералдық жиынға арналған жолдауын) жариялайды. Оның қарсаңында Қытай конституцияға енгізетін тарихи түзету арқылы Путинді “2024 жылғы проблемадан” құтқарды”. Азаттықтың Орыс қызметіне саясаттанушы Александр Морозов ҚКП ОК-нің ұсынысына қатысты осындай комментарий берді.
– Сонымен Қытай коммунистік партиясы орталық комитеті ҚХР төрағасы екіден артық мерзімге сайлана алмайды деген норманы алып тастауды ұсынып жатыр. Ресей үшін бұл ұсыныс қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?
– Бұл шешім Ресей үшін де, бүкіл Еуразия үшін де маңызды. Бұл ғаламдық маңызы бар оқиға екені даусыз. Кейінгі 25 жылда Қытай, Таяу Шығыс елдері, бүкіл Азия өзгерді. Дәл осы кезеңде – кейінгі 25 жылдың ішінде постсоветтік елдер мен режимдер өзінің тарихи таңдауын жасады. Сондықтан бұл тұрғыдан алғанда, Қытай басшылығының мына шешімі оның тарихи үлкен таңдау жасағанын анық көрсетіп отыр. Бұл шешім басқарудың либерал-демократиялық концепциясының аса маңызды элементі, атап айтқанда, биліктің ауыспалылығы принципі Қытай үшін енді әлдебір озық идея болудан қалғанын көрсетіп отыр. Ал Владимир Путин билікке қатысты концепциясында Александр Лукашенкоға, одан ертеректе Нұрсұлтан Назарбаевқа қосылып қойған. 10 жыл бұрын сырт көзге Ресей либерал-демократиялық бағытта дамып келе жатқандай көрінсе, қазір олай көрінбейді. Қазір еуразиялық әлем биліктің мүлде ерекше типіне айналды. Оған енді Қытай қосылып жатыр.
– ҚКП-ның орталық комитеті өз пленумын Ресей президенті сайлауына және Ксения Собчактың Владимир Путинді президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қарсы апелляциясын Ресей жоғарғы соты қайтарып тастаған күнге әдейі орайластырды деп ойламаймын. Путин Қытай билігінің бұл қадамына сілтеме жасауы мүмкін бе?
– Ол бұл жайлы қалжыңдап айтуы мүмкін. Ол бұл тәжірибеге ашық жүгінеді деп ойламаймын. Негізі, оған мұның қажеті де жоқ. Бірақ бұл оның ұпайын толықтыра түседі. Оның «әне қараңдар, үлкен елдер, алып елдер, тарихи сахнаға жаңадан шығып келе жатқан дамушы халықтар билік ауыспалылығы нормаларын мүлде ұстанбай отыр» деп айтса қолдау да алатыны анық. Бұл оған әрине көмектеседі, бірақ мен де дәл осылай істеймін деп ашық айтпайды. Меніңше, Путин 2024 жылы президент қызметін біреуге өткізіп беріп, бірақ жүйедегі негізгі билігін сақтап қалатын модельді қайтадан пайдалануы мүмкін.
– Егер Қытай мына қадамға шынымен барса, 2024 жылы Путин ” Қытай сияқты ұлы державаның өзібасшыларының билік мерзімін шектемейді, мен неге өйтпеске?” деуі мүмкін ғой?
–Әбден мүмкін. Оның үстіне, Ресейдің қазіргі билік органдары, саяси элитасы кез-келген ұсынысты қолдайтыны анық әрі Путин өмірінің ақырына дейін ел басшысы болып қалсын деген идеяны өздері ұсынуға әзір. Қазір жұрттың бәрі талқылап жатқан әлдебір опциялар бар. Мысалы, мемлекеттік кеңес құрайық, ал Путин кеңес төрағасы болсын немесе президент өкілеттігін шектеуді алып тастайтын конституциялық шешім қабылдау керек деген ұсыныстар бар. Бұл жерде мүмкіндіктер көп. Ал қоғам бұған ешқарсылықсыз көнетінін айту керек.
– Жалпылама тұжырымдарға оралсақ… Біз әлгінде Ресей, Қытай, Қазақстан сияқты елдер, үлкен, ықпалы мықты елдер туралы айттық, әңгіме Беларусь еліне де қатысты. Путин Александр Лукашенконың билік концепциясын қабылдады деп айттыңыз. Мен атап кеткен елдер түскен жолдан Ресейдің бас тартуынаболар ма еді?
– Әлбетте болар еді! Өйткені тарих рельспен құр сырғи беретін вагон емес қой. Тарихи таңдау деген болады. Мұндай таңдау еркі 2008-2011 жылдары Ресейде де болған. Егер сол кезде экономикалық, саяси және әскери элитаның көпшілігі Медведевтің немесе үшінші біреудің айналасына топтасып, Владимир Путинді жүрісінен жаңылдырып, оның Кремльге оралуына жол бермей, билік ауыспалылығын таңдаса тарих басқамаршрутқа түсер еді. Бірақ енді оған орала алмаймыз. Ондай мүмкіндікті жіберіп алдық. Амал не, енді оныңзардабын ақырына дейін тартамыз, – дейді Александр Морозов.
Көре отырыңыз: Маоға теңелген Сидің “жаңа дәуірі”
“ҚКП ОК өздерін Қытай ұлтын қайта түлетуге арнаған адамдарды біртұтас патриоттар шебінің қатарына енгізуді ұсынды. Әлгі ұсыныстарға сәйкес, ҚКП басшылығы демократиялық партиялар мен халықтық ұйымдардан және социалистік еңбекшілерден, социализм құрылысшыларынан, социализмді қолдайтын барлық патриоттардан, бұған қоса, елді біріктіруді қолдайтын және өзін қытай ұлтын түлетуге арнаған жандардан тұратын біртұтас патриоттық шеп қалыптастырды.
ҚКП ОК конституцияда “ұлттар арасындағы үйлесімді социалистік қатынастар” деп жазуды ұсынды. “Ұлттар арасындағы социалистік теңдік, бірлік және өзара көмек қатынастары нығая береді” деген сөйлемді “Ұлттар арасындағы социалистік теңдік, бірлік, өзара көмек және үйлесімді қатынастар нығая береді” деген сөйлемге ауыстыру ұсынылған.
ҚКП ОК конституцияда «адамзатпен тағдыры біртұтас қоғамдастық құру жұмысы» деп жазуды ұсынды.
ҚКП ОК ел конституциясына адал болуға ант беру механизмін негізгі заңға жазуды ұсынды. Конституцияға мемлекеттік қызметшілердің бәрін қызметіне кірісер алдында конституцияға адалдығы туралы жария түрде ант беруге міндеттейтін бап енгізуді де талқыламақ.
ҚКП ОК қадағалаушы комиссияны мемлекеттік орган ретінде конституцияға енгізуді ұсынды.
(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Андрей Шароградский мақаласы орысшадан аударылды)
Пікір қалдыру