|  |  | 

Көз қарас Саясат

Әділетсіз сот, сергелдеңге түскен тағдырлар

0000
Өткен жылдың 10 желтоқсанында «Арыс қаласын қалпына келтіруге бағытталған қаржыны қолды қылды» деген айыппен Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақов пен басқа да азаматтардың сотталғаны белгілі. Сот үкімі шыққан бойда әлеуметтік желілерде тергеудің әділ өтпегені, деректердің бұрмаланғаны туралы қызу талқы жүрді. Кейбіреулер үкіммен келіспейтінін айтып, істі болғандарды қорғап, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың атына, Жоғарғы сотқа, Бас прокуратураға ашық-хаттар жазды, үндеулер жолдады. Артынша, тәуелсіз ақпарат құралдарында да олардың «жақтым күйе, жаптым жаланың» құрбаны болып отырғаны, атышулы істе күдік тудыратын жайттардың көптігі жайлы материалдар жариялана бастады. Қорғаушы тараптың нанымды айғақтарын ескермей, сыңаржақ қараған тергеу органы мен сот шешімін «тапсырыс» нәтижесі деп қабылдағандар да болды. Айта кеткен жөн, жарияланып жатқан мақалалар мен пікірлер көбіне әкім Қ.Ысқақовтың атымен байланыстырылуда. Ал көпшілік назардан тыс қалдырған 6 жыл үкім кесілген тағы бір адам бар. Ол –Мұрат Имандосов. Кезінде Қызылорда облысы Қазалы және Қармақшы аудандарының әкімі, облыстың индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы қызметін атқарған. 2016-2019 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы да болған. 2019 жылдың сәуір айынан бастап Қызылорда облысы әкімінің орынбасары атқарып келген. Егер М.Имандосовтың айналасындағы айғақтарды сараласақ, мәселенің мәнісі айқындалып, көлеңкелі тұстары көрінетін секілді. Себебі, «жалған куәлік беріп бостандықта жүргенше, ақиқатын айтып қапаста қалғаным артық» деген бұл азаматтың өзінің кінәсіздігі туралы дәлелдері көкейдегі күдікті үдете түседі. Олай болса, алыстан орағытпай, оқиғаға кеңірек тоқталайық.

Соғылмаған қоңырау

WhatsApp Image 2021-01-28 at 12.07.29 PM

М.Имандосов

«Жең ұшынан жалғасқан қылмыс» делінген істің ұзын-ырғасы бүгінде көпке мәлім. Айтайық, 2018 жылы Түркістан облысының құрылуына байланысты Тұңғыш Президент Назарбаевтың Назарбаевтың Жарлығымен әр облысқа Түркістан қаласында бір нысанның құрылысын жүргізу міндеттелді. Осыған орай, Қызылорда облысының басшылығы да көршілес облыс орталығына «Шығыс моншасын» тарту етуді мойынға алды. Құрылыс жұмысымен тікелей құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков айналысады. Алайда, оның және ол басшылық ететін басқарманың шалағай ісінің салдарынан моншаның жоба-сметалық құжатын уақытылы әзірленбей, құрылыс компаниясымен сол кезде келісім-шарт жасалмай қалады. Яғни, уақытылы қаржы бөлу жүзеге аспайды. Соған қарамастан, 2019 жылғы ақпан айында мердігер мекеме өз қаражаты есебінен құрылыс жұмысын бастап кетеді. Бастауын бастағанымен, қаржы тапшылығына байланысты құрылыстың тоқтап қалу қаупі туындайды. Осы орайда, құрылысты аяқтауға Сапура Әбдірахимова жетекшілік ететін «Сыр мейірімі» қоры апаттан зардап шеккен Арыс қаласына көмекке жинақталған қаржыдан – 20 млн теңгеден 4 құрылыс компаниясына бөлінеді. Кейін «жәбірленуші» С.Әбдірахимова сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне «ақша қолды болды», «тапсырма облыс әкімдігінен түсті» деп шағымданады да қылмыстық іс тіркеледі. Қор директорының сөзінше, 2019 жылы 8 тамызда облыс әкімінің орынбасары М.Имандосовтың көмекшісі Мұрат Тасқараев телефон арқылы хабарласып, М.Самұратұлы монша құрылысына қаражат бөлу жөнінде тапсырма бергенін айтқан-ды. Алайда «8 тамызда М.Тасқараев хабарласты» деген С.Әбдірахимованың түсініктемесі негізсіз, дәлелсіз болып шықты. Кіріс-шығыс қоңыраулар мәліметінен оның сол күні Сапура ханымға телефон соқпағаны анықталды. Керісінше, 8 тамыз күні сағат 12.33-те С.Әбдірахимоваға М.Әлсеріковтің хабарласқаны белгілі болды. Осылайша, жең ұшынан жалғасқан қылмыстың болмағанын дәлелдейтін бір эпизод қысқарып, Мұрат Тасқараев мемлекеттік қызметіне қайта оралады. Ең сорақысы, М.Тасқараев өзін толық ақтап алғанына қарамастан, «Сыр мейірімі» қоры директорының осыған қатысты түсініктемесі соттың айыптау қорытындысына қосылын, үкім шығарылғанын қалай түсінуге болады? Логикаға салсақ, сот та, тергеушілер де Әбдірахимова мен Әлсеріковтің 8 тамыз күні өзара сөйлескеніне күдіктенуі керек емес пе еді?
Алайда, М.Тасқараев эпизоды бойынша ештеңе өнбеген соң, М.Имандосовты қайткенде де айыпты қылудың, «әкімнің сыбайласы» деп көрсетудің басқа жолдарын қарастырылған секілді…
Тергеу барысында «айтқанға көнетін, айдауға жүретін» куәгерлер де аяқ астынан пайда бола кетті. Мәселен, М.Әлсеріков «Сыр мейіріміндегі» қаржыны монша құрылысымен айналысып жатқан «Бақ Береке 2030» ЖШС-нен бөлек тағы үш компанияға 20 млн теңгеден аудару туралы тапсырманы М.Имандосов арқылы «алғанын» тергеушілердің алдына төртінші мәрте келгенде «еске түсіреді». Оған дейін берген үш түсініктемесінде Мұрат Самұратұлының атын мүлде атамайды. Төртінші түсініктемесін кенеттен өзгертуінде не гәп бар? Аймақта қай жерде қандай құрылыс жүргізілгенін жатқа айтатын, өз саласындағы миллиондаған қаржының есеп-қисабын беске білетін басқарма басшысының бұлай оңай жаңылыса салуы секем тудырмай ма? Қ.Ысқақовтың «сәлемін» М.Имандосов жеткізген күннің өзінде дәлел қайда? Әлсеріковтің жалаң сөзін растайтын я куә болмағаны, я аудиофиксацияның жоқтығы күдіктіні кінәлі етуге ерте екенін көрсетпей ме?..
Оның үстіне, М.Имандосов әкімнің индустриалды-инновациялық даму, жобалар мен кәсіби туризм жөніндегі орынбасары болғандықтан құрылыс саласына жауапты басқарманың басшысына тапсырма беру құзіретіне кірмейді. Ол Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты құрылған Қызылорда облысындағы жұмысшы топтың жетекшісі болған кезде де апаттан зардап шеккен тұрғындармен тілдесіп, мәселесінің шешілуіне, әкімшілік кедергілердің уақытылы реттелуіне ғана бас-көз болған. Ал Әлсеріков және ол жетекшілік ететін басқарма бұнда да құрылыс жұмыстарын жүргізуде, құжаттарды рәсімдеуде, қаралған қаржының жұмсалуында шешуші рөл атқарған.

Әлсеріков күдікті ме, куәгер ме?

Бұл істің әр эпизодында есімі мен шатты-бұтты түсініктемесі қылаң беретін М.Әлсеріковтің әу баста тергеуге күдікті ретінде шақырылып, кейіннен куәгерге айналып кеткені таңғалдырады. Осы жерде әңгімені өзгеше өрбітіп көрейік. Яғни, қылмыс болды делік. Тергеушілер істі тіркеп, күдіктілерді анықтады. Соның ішінде «тапсырманы» орындап, заңсыздыққа барған Әлсеріков те бар. Тергеу органы оны күдікті ретінде танып қойды. Сыбайласқан топтың бір мүшесі атанды. Алайда, құқық қорғаушылар тергеу барысында өзінің айыбын мойындап, ағынан жарылғаны үшін оны қылмыстық жауаптылықтан босатып, куәгер қылып шығарыпты. Бұл қаншалықты заңды? Заңгерлер болса, қылмыс жасаған адам күдікті ретінде танылмай тұрып, заңда көрсетілген органға өз еркімен келсе немесе қылмысты ашуға жәрдемдессе ғана қылмыстық жауаптылықтан босатылатынын айтып отыр. Болар іс болып, бояуы сіңгеннен кейін өкіну тек үкімді жеңілдетуі мүмкін, бірақ жазадан құтқармайды. Демек, экс-әкіммен бірге Әлсеріков те қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек деген сөз. Ал іс жүзінде басқаша. Тергеу органының «тапқырлығы» шынында түсініксіз.
Тағы бір айта кетерлігі, аудиторлық компанияның қорытындысы бойынша «Сыр мейірімі» қорынан 4 мекемеге аударылған қаражаттың «Шығыс моншасының» құрылысына толық жұмсалғандығы, серіктестіктердің есепшотынан қолма-қол ақша алынбағаны дәлелденді. Бұған қоса, сотталғандар қылмыс үстінде ұсталмаған. Сонда қайдағы қылмыс туралы айтып отырмыз?

Қос шенеуніктің «шындығы»

Заңдық сипатынан гөрі саяси астары басым істің «сценарийі» мінсіз құрылмағаны былай тұрсын, ондағы «кейіпкерлер» де өз рөлін сәтті сомдай алмағанға ұқсайды. Олай деуімізге сол кезде облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған, Сыр елінде мәдениет, руханият жанашыры есебінде танылып жүрген Руслан Рүстемовтің тергеу барысында қырық құбылған түсініктемесі себеп болып отыр. Ол 2019 жылдың 25 маусымында облыс әкімі Қ.Ысқақовтан Арыс қаласы тұрғындарына жәрдемдесу үшін мемлекеттік қызметкерлердің бір күндік жалақысын «Сыр мейірімі» қорына аудару туралы «тапсырма» алғанын айтады. Осы сәтте әкімнің кабинетінде әріптестері – орынбасарлар Марат Делмұханов пен М.Имандосов та болды дейді. Рүстемов қанша жерден қиыннан қиыстырып айтса да, сөзінің байлауы жоғы байқайсың. Себебі, Қ.Ысқақов 25 маусымда М.Делмұханов, М.Имандосов және өзі секілді облыс әкімінің орынбасары қызметінде болған. Демек, оның ондай маңызды тапсырма беретіндей жағдайда емес еді, яғни құзыреті жоқ. Ол Арысқа бір күндік жалақы аудару туралы шешім қабылданып қойылғаннан кейін – 28 маусымда аймаққа басшы болып тағайындалды. «Түстік жерге өтірік айтсаң, кешке артыңнан қуып жетеді» дегендей, осындайда оқиғадағы уақыт алшақтығы Рүстемовтің шатасқанын емес, жалған сөйлегенін білдірмей ме деген сауал санада көлбеңдейді.
«Шикі істің» куәгерлерінің тағы бірі – сол кездегі облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов. «Бір апамнан бір апам сорақы» демекші, Асекең де айды аспаннан шығарды. Оның тергеудегі түсініктемесі, сотта айтқандары ақиқат ауылынан алыс екені аңғарылады. Бір-біріне қайшы келетін, қисыны жоқ сөзі «оқиғаны ойдан құрастырған ба?» деген сұрақты еріксіз тудырып, көңіліңді күмән тұмшалайды. Жұмбақтамай айтайық. Асылбек Өмірбекұлының сөзінше, Мұрат Имандосов 2019 жылғы 8 тамызда өзінің кабинетіне шақырып алып, Арыс қаласындағы қалпына келтіру жұмысымен айналысып жатқан төрт серіктестікке (ЖШС) 20 млн теңгеден қаржы бөлу туралы «тапсырма» берді-міс. Асекең кабинеттен шыға сала Мұхамедиса Әлсеріковті, «Сыр мейірімі» қорының жетекшісі Сапура Әбдірахимованы және құрылыс компанияларының басшыларын жинап, Мұрат Самұратұлының «пәрменін» жеткізген-ді. Қызық осы жерде: М.Имандосов 2019 жылдың 6 тамызы мен 18 тамызы аралығында Түркістан облысында іс-сапарда жүрген. Яғни, А.Шәменов «тапсырма алдым» деген 8 тамыз күні облыс әкімінің орынбасары Арыс қаласында болып, кешке Шымкент қаласында қонақ үйге түнеген. Бұны дәлелдейтін бұлтартпас деректер де, куәгерлер де бар. Егер ол Қызылорда қаласында болмаса, Шәменовке «тапсырма» кімнен түсті? Қиыспайтын айғақпен жөн-жосықсыз жала жабуға не түрткі болды? Бұл эпизод – тергеу кезінде мың өзгерген Шәменов «шындығының» бір нұсқасы ғана.
Ойландыратын тағы бір жайт, М.Имандосовты қылмысты деп тануға негіз болған әрекеті – экс-әкім Қ.Ысқақовтың «арам ойын» Әлсеріковке жеткізді деген тұжырым екендігін ескерсек, дәл осындай әрекетке барған, яғни сол тапсырманы келесі сатыға жеткізіп, үйлестірдім деген Асылбек Шәменов неге жауапкершілікке тартылмайды деген заңды сұрақ туындайды. Сондықтан, оның да Әлсеріков секілді оп-оңай құтылып кетуі сұрақты көбейтіп тұр. Көп ұзамай жауаптары да табылып қалар…
Айтпақшы, былтыр наурызда А.Шәменов Жалағаш ауданының тізгінін ұстаса, қыркүйекте Р.Рүстемов жайлы орынына – Жаңақорған ауданының әкімі лауазымына қайта барды. Қызметін қызғанудан аулақпыз, тіпті абыройы тасысын дейміз. Дегенмен, әкімдердің адам тағдыры таразыға түсер тұста ала сөйлегенін немен ақтап аламыз? Өз әрекеттері үшін арының алдында ұяла ма екен?..

Мұрат Имандосов: «Мен тапсырма бермесем, не деп айтам?»

Әкс-әкім Қ.Ысқақовты айтпағанда М.Имандосовтың кінәлі екенін дәлелдейтін деректердің сықпыты, сиқы осы. Заң үстемдігі орнаған заманда соттың һәм тергеу органының куәлардың «анау айтты», «мынау көрді» деген жалаң сөзіне сүйеніп, үкім шығаруы – 30 жылдардағы тергеусіз түрмеге тоғытатын «үштікті» еске түсірді демеске амал жоқ. Әйтпесе, сот М.Имандосовтың жоғарыда айтқандай, 8 тамыз күні Қызылорда қаласында болмауын, Рүстемов пен Шәменовтің, Әлсеріков пен Әбдірахимованың құрғақ сөздерін айғақтайтын қосымша фактілердің (аудио, бейне жазбалар, телефон қоңыраулары т.б.) кездеспегенін қаперге алар еді ғой. Ол ол ма, құқық қорғау органдарының өкілдері жүргізген құпия дыбыс жазбасынан да М.Имандосовтың «қылмысқа» қатысы жоғын аңғару қиын емес. Олай болса, аудиожазбадағы Марат Делмұхановпен арада болған диалогтан сөзбе-сөз үзінді келтірейік. «Мен тапсырма бермесем, не деп айтам?», «…пешенемізден көреміз, алайда қазір өтірік сөйлеп, еркіндікте шыдап жүре алмайсың ғой…», деп жауап береді әріптесіне дыбыс жазылып жатқанынан бейхабар Мұрат Самұратұлы. Байқасаңыз, ол құпия жазбадағы екеуара әңгімеде де, тергеу органына берген түсініктемеде де осы ұстанымынан айнымаған.
М.Имандосовты қорғаушы тарап тағылған айыппен және шыққан үкіммен келіспейтінін айтып отыр. Әділдік орнағанша күресе беретінін жеткізуде.
Қорыта айтқанда, Әлсеріков, Әбдірахимова, Шәменов, Рүстемовтердің М.Имандосовты «нысанаға» алып оған қанша күйе жағып, кінәлі еткісі келсе де, қолда бар деректер мәселені басқаша суреттеуде. Соған қарамастан, сотты болуының себебі істің тапсырыстық сипат алуында болып отыр деген болжамдар айтылуда. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Ең өкініштісі, аудандарды басқарып келе жатқан білдей әкімдердің солқылдақтығы тек жергілікті басқару құрылымының беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, мемлекеттік қызметкерлерге сенімсіздікті күшейтеді. Шалағай шешім сот жүйесіне деген сенімге де селкеу түсіреді. Бұл халық үміт артқан азаматтардың тізе қосып, ел игілігі үшін бірлесіп қызмет етуіне кедергісін тигізетіні өз алдына, сүттей ұйыған Сыр елінің ынтымағына да сына қағылғалы тұр…
Авторы: Бақыт Тоқтар

Related Articles

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: