Түрік ағайындардың Bayraktar-ы таңқалдыруын қояр емес. Олар Bayraktar TB2T-AI соққы жасаушы дронын жасанды интеллект жүйесімен және жаңа турбодвигательмен жабдықтап, үшінші нұсқасын сынақтық сәтті өткізді. Бұл жаңалық тек Түркия үшін ғана емес, қазіргі заманғы әскери тактиканың дамуында жаңа дәуірдің басталғанын аңғартады. Әсіресе, соңғы жылдары қарулы қақтығыстарда дәл осындай ұшқышсыз аппараттардың рөлі артқанын бәріміз байқап отырмыз.
Конструкторлар жаңартылған Bayraktar TB2T-AI бұрынғы нұсқасынан әлдеқайда жылдам, автономды әрі күшейтілген әскери мүмкіндіктерге ие екенін алға тартты. Сынақ барысында дрон 25 500 фут биіктікке көтеріліп, турбодвигателі арқылы 300 км/сағ жылдамдықпен ұшқан. Оның басты ерекшелігі – 30 мың футтық биіктікке небәрі 30 минутта көтерілуінде болып тұр. Бұл көрсеткіш оны өз класындағы ең қуатты аппараттардың бірі екенін соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп отыр. Әуе кеңістігіндегі осындай артықшылықтарға ие Bayraktar-ды қазіргі әскери қақтығыстарда таптырмас қару ретінде танылуда.
Украинадағы соғыс осы дрондардың шынайы ұрыс жағдайында қаншалықты тиімді екенін көрсетті. Ресей армиясы әуеде үстемдікке ие болғанымен, Bayraktar TB2 соққы жасаушы дрондары олардың брондалған техникаларын жойып, артиллериялық позицияларын жойқын соққылардың астына алғанын білеміз. Украина қарулы күштері Bayraktar-ды әсіресе «аңшы-дрон» ретінде пайдаланды – олар әуеден ұзақ уақыт бойы бақылап, қажетті сәтте дәл соққы беріп отырған.
Бұл дронның басты ерекшеліктерінің бірі – жасанды интеллект технологиясы. Ол нысандарды өздігінен тану, тактикалық жағдайға талдау жасап, автоматты режимде ұшып-қонып жүре береді. Жаңа буын Bayraktar-ы бұл технологияны жетілдіріп, электрондық бөгеттерге қарсы тұра алатын мүмкіндіктерге ие екенін де айта кетуіміз керек. Радиоэлектрондық күрес құралдары оны оңай бұғаттай алмайды. Бұл қазіргі заманғы соғыстағы ең үлкен басымдықтардың бірі.
Ұшқышсыз аппараттардың басты артықшылығы – олар ұрыста адам өмірін қауіпке тікпей, әскери тапсырмаларды орындауға өте қабілетті. Украинадағы соғыс барысында Bayraktar-дың ассиметриялық соғыстағы рөлі айқын көрінді. Украина күштері орыс әскеріне тікелей қарсыласуда әлсіз болғандықтан, дрондар арқылы «партизандық авиация» моделін құрып, көптеген жеңістерге жеткенін білеміз. Мұндай тактикалық артықшылық қарсыластың техникасын барынша әлсіретуге мүмкіндік берді.
Ал Bayraktar TB2T-AI жаңа үлгісі бұл мүмкіндіктерді одан әрі арттыра түсетінімен ерекшеленуде. Оның соғыс алаңында автономды түрде әрекет ете алуы, жоғары жылдамдыққа ие болуы, жанармайды үнемдеуі және әртүрлі климаттық жағдайларда жұмыс істеуі оны әлемдегі ең мықты дрондардың қатарына қосып отыр. Айталық, бұл дрондар енді әуедегі ұрыстардың тактикасын түбегейлі өзгертетіні анық.
Сонымен қатар, Bayraktar-дың сенімділігі де жоғары. Егер қандай да бір техникалық ақау орын алса немесе дрон белгіленген аймақта әрекет ете алмаса, ол автоматты түрде өз базасына қайта оралады. Бұл оның ұрыс даласындағы ұзақмерзімді тиімділігін айтарлықтай арттырады.
Батыс сарапшылары Bayraktar TB2T-AI-ді жаңа әскери революцияның бастауы деп бағалап отыр. Түркия мен оның одақтастары бұл дронды қорғаныс саласында кеңінен қолдану арқылы өздерінің әскери күш-қуатын еселеуде. Ал Украинадағы соғыс Bayraktar-дың дәстүрлі соғыс концепцияларын бұзып, жаңа тактикалық шешімдерді талап ететін заманауи қару екенін дәлелдеді.
Жаңа технологиялар дәуірінде ұшқышсыз аппараттар әскери стратегияның ажырамас бөлігіне айналып барады. Bayraktar TB2T-AI – осының айқын дәлелі. Оның ұрыс даласындағы тиімділігі уақыт өте келе арта түсетіні сөзсіз. Ең бастысы, бұл дрондар әскери қақтығыстардағы дәстүрлі ережелерді түбегейлі өзгертіп, жаңа тактикалық мүмкіндіктерге жол ашып жатыр.
Пікір қалдыру