Осы аптада Қазақстан өзінің алғашқы микрочипін жасап шығарды деген ақпарат тарады. Жақсы жетістік.
Бірақ енді сәл-пәл үңілсек, чиптің архитектурасы Назарбаев университетінің зертханасында жасалған, бірақ оны Қытайда өндірген. Себебі бізде әлі чип өндіретіндей технология жоқ.
Бір қызығы, қытайлық институт чипті тегін шығарып берген. Оған да рақмет, әйтпесе ол қызметтің құны қымбат. Бұл жобаның жетекшісі (суретте) енді ол чипті қайда қолдануға болады деп тестіден өткізіп жатырмыз депті өз парақшасында. Оған қоса, чип сәл-пәл қалыңдау сияқты. Смартфондарда 5-7 нанометр чип орнатылады, отандық чип 28 нанометр екен.
Өзім таңқалған бір факт оқыдым. Микрочип шығаруда әлемде танымал болған компаниялар Арменияда өз офистерін ашып үлгеріпті. Ол AMD, NVIDIA, Xilinx, Synopsys, National Instruments, Mentor Graphics және басқалары. Бұл – енді мықты жетістік.
Неге Армения? Себебі мұнда КСРО-дан қалған мықты математика мектебі бар, инвесторларға ерекше жағдай жасалған және АҚШ-тағы армян лоббиі мықты деген аргументтар таптым.
Қысқасы, отандық чиптің тест версиясын шығарса да, алға жылжу бар. Бірақ Армения алға кетіп қалыпты. Минсктің IT паркінде не жасалып жатқанын білмейміз, себебі ол өте мықты саналады. Ол парк өзінің IT-өнімін 100-ден аса елге экспорттайды. Ресейдің өз индустриясы бар.
Яғни, микрочип, полупроводник индустриясына кіру үшін Назарбаев универіндегі әлгі мықты зертхананың кемі он шақтысы болу керек. Олар бір-бірінен тәуелсіз істегені дұрыс, оларды бизнес басқарғаны абзал.
Әрине, оның бәріне тым көп қаражат, маман, технология, салықтан босататын заң керек. Онсыз іс жүрмейді. Армения жасапты. Яғни, істеуге болады.
Пікір қалдыру