АБАҚ АНА ЖӘНЕ ТАСБИКЕ АНА
Мәми би Жұртбайұлының шежіресінде айтылуынша Керей ұлысының арғы тегі – Шеп, Сеп, Байлау, Қойлау, Елдей, Көлдей, Изен, Жусан секілді тайпалардан таралады екен. Аталған тайпалардың біразы ескі тарих беттерінен кездессе, енді бір бөлімі қазірге дейін Керей руындағы аталардың есімі ретінде аталып келеді. Мұның бір себебін арғы тарихтағы аталардың аты өшпесін деп кейінгі ұрпақтарының аталар атын қайта жаңғыртып қойған дәстүрінен қарау керек.
Абақ атауына келсек, арыда Керей ханзадалары мен ханышаларының арасында Абақ, Абақберді, Абахан, Абақтай, Абақай, Абақ бике сынды есімдер болған. Сол ата-апаларының жолын жалғаған, тозып кеткен Керей елінің басын қосып, оған әз ана болған Абақ есімді қасиетті ана өмірде болған адам.
Қазақ тарихында ру атына айналған әз аналар аз болмаған. Көрнекті жазушы, тарихшы Мұхтар Мағауинн: «Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі.
Ежелгі эпостағы Гүлбәршін мен Құртқа, Ақжұныс пен Назым. Шежірелі тарихтағы Домалақ-ене мен Қыз-ене, Айша-бибі мен Абақ-ана. Таңбалы тарихтағы Қасым ханның аналары Жақсы-бике, Абайдың анасы Ұлжан, арыдағы, Алаштың тұлғасы болған тағы қаншама алыпты туғызған, есімдері сақталмаған әулие аналар, берідегі ел билеген Айғаным мен қол бастаған Бопай – қазақ әйелінің асқақ әрі нақты көрінісі»[1] дегенді жайдан-жай айта салған жоқ.
«Халық жадында сақталып қалған Тұмар, Зарина, Бегім, Бопай, Қарашаш, Домалақ, Абақ, Айғаным, Күнбике, Зере тәрізді ханшалардың елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі мен ерлік істері бүінгі болашақ ұрпақ жадында. Арыға бармай-ақ қазақ хандығы тұсынан бергі ел билеген Айғаным, қол бастаған Бопай ханымдар, Күнбике, Айбике, Зере аналардың ұлт тарихындағы орны бөлек»[2].
Жазушы Шәрбану Бейсенованың «Ұлы дала арулары» деген сериясымен жарық көрген «Сүйінбике», «Бозоқ аруы», «Ұрпағына ұран болған аналар» атты кітаптары оқырманға жол тартқан еді.
«Ұлы дала арулары» сериясының үшінші кітабы – «Ұрпағына ұран болған аналар» (құрастырғандар – Ш.Бейсенова мен Ж.Әскербекқызы) кітабында Шыңғыс ханның жары Бөрте ханымнан бастап, ежелгі замандардағы әйгілі аналар өмірі баяндалған. Атап өтсек, Ақсұлу – Әлпеш ана, Нұрила (Домалақ) ана, Болған ана, Жұбан ана, Рәби Сұлтан бегім, Жаған бике ханым, Бопай ханым, Қызай ана, Мұрын ана, Абақ ана, Тасбике, Тәттібике, Қарқабат ана, Марау, Жұпар, Сыланды, Дарабоз, Қойсана аналар, Қаламқас апа, Бопай ханша, Айғаным ана, Зере әже, т.б. аналар өмірінен сыр шертеді.
Ендеше, Абақ ана кім?
Біздің қолымыздағы жария болмаған ескі шежірелік қолжазбалардың баянынша – Аппақ (Абақ) Сарыбайқызы (1240-1326) қазіргі Жамбыл облысы Сарысу бойында Сары үйсін ауылында дүниеге келген. Әкесі Сарыбай әрі дәулетті әрі батыр, би болған кісі. Сондықтанда халық аузында ол кісінің есімі «Сарыбай», «Сарыби», «Сарымырза» деген атаулармен түрліше аталатын болған. Тіпті Сарыбай есімін «Сары үйсін» руының атымен байланыстырушыларда бар. Бірақ ғылыми негізі аз, Үйсін – ежелгі ел (тайпа) атауы. Бұл нұсқа бар болғаны аңыз ғана. Абақ ананың жас шамасымен салыстыра қарағанда, әкесі Сарыбайдың жасаған мезгілі 1210-1285 жылдарға тура келеді. Қалай болғанда да Сары үйсін елінде Сарыбай есімді атақты адамның болғандығын ешкім жоққа шығара алмайды.
Жарық көрмеген ескі шежіре баяны бойынша – 1220 жылдар шамасы Жақа-Қамбу немересі Сангере Шигоұлы мен Күлән Әнгерқызы қазіргі Оңтүстік Қазақстан жерінде үйленіп, орталарынан Сәлима, Кәлима, Кәмен үш қыз туады. Кенжесі ұл бала болып оған сол жердегі оқымыстылар «Әл-Фарабидей дана болсын» деп «Дана» деген ат қояды.
Дана ержетіп ол да үйленеді. Өте білімді, білгір Күлән әже: «Арыда Керей деген үлкен ел еді. Сол елдің үрім-бұтағы әр жерде телім-телімі шығып жүр. Солардың басын қосып ел ету керек. Дана, сен сол ата жолын жалға. Ұлыңның атын Керей қой» дейді. Данадан туған немересінің атын Керей қояды. Керей ержеткенде Сары үйсін елінің атақты би, батыр-бағланы болған Сарыбай ауылына құда түсіп, оның Аппақ есімді қызын алады. Аппақ есімі жүре келе Абақ аталады. Аппақ та ата-әжесінің аманаты бойынша немере, шөберелеріне Байлау, Қойлау, Елдей, Көлдей, т.б. ескі аталар есімін қояды.
Сөйтіп, 1258 жылы Керей Данаұлы мен Абақ Сарыбайқызы бас қосып бауырынан бала өрбітеді. Сары үйсін елі мен Керей елі құдалықты жалғап отырады. Сарыбай өз немересіне Абақтан туған жиені Гүлтотыны алып береді. Жай ғана жалғанып қоймай, балапан басына, тұрымтай тұсына тартқан бір кезеңде шашырап жүрген керей балаларын бауырына тартқан Абақ ана төрт түлікке бай төркін жұртының шапағатымен талай отауының түтінін шалқытты. Одан туған қасқырдай-қасқырдай ұлдар да ешкімге есе бермес ерлер болып жетілді. Сарыүйсін жұрты бұларды «Абақ пен Керейдің ауылы», «Абақ-Керей ауылы» деп атай бастады.
Тағдыр үкімімен Керей өмірден ерте қайтты да, қалған бала-шаға мен ел-жұртқа Абақ ана ие болды. Абақтан туған – Шымыр, Белгібай, Құтты сынды ұлдар үрім-бұтақты ел болды. Қызы Гүлтоты да Сары үйсін еліндегі сары тісті бәйбішеге айналып, бауырынан талай ұрпақ өрбітті.
1203 жылы Керей мемлекетінің ордасы талқандалған соң, бір бөлім Керейлер Шыңғыс хан ордасына қызмет етіп, сол хандықтың бұқарасына айналады. Бір бөлімі жан сауғалап тұс-тұсқа кетеді. Енді бір бөлімі Наймандар мен Меркіттердің біріккен қолына қосылып Шыңғыс хан армиясымен өле-өлгенше ұрыс салады. Бұл соғыс бәрібір жеңіліске ұшырайды да, Найманның Таян ханы мен Меркіттің Тоқтабегі қазіргі Бұқтырма өзені бойында қаза табады. Жеңілген халықтың көбі бағыныштылыққа түседі. Осы бағынышты елдің құрамамындағы Керейлер өзге шашырап жүрген туыстарын тауып, бір бөлім Меркіттерді құрамына алады. Осылайша Абақ Керейлердің тарихи қалыптасу негізі пайда болады.
Ал Ашамайлы ата ұрпағы аталған Керейлер Шыңғыс хан дәуірінде тұс-тұсқа тарап кеткен Керейлердің Сібір хандығы болып қалыптасқан тұтас бір әулеті негізінде ресейдің оңтүстік өлкесі мен қазіргі Қазақстанның солтүстік өлкесіне жиі қоныстанады. Сібір хандығын құрған, оның алғашқы ханы Тайбұға – Тұғырыл ханның немересі еді. 1220 жылдан басталған Сібірдегі (қазіргі Ресейдің Түмен облысы) Керей хандығы 1588 жылы Сібірдің соңғы ханы Сейдақ (Сейд-Ахмед) ханның орыстар жағынан қолды болуымен аяқтайды.
Шыңғыс хан қолынан ығысқан Керейлердің ендігі бір шоғыры кіші жүз құрамана кіріп, кіші жүз ішіндегі «Керейттер» аталды.
Бұқтырма бойындағы қанды қырғыннан аман қалған Керей, Меркіттердің батысқа қарай ығысқан тобының әр жерде шашырап жүргенін көрген әз ана – Абақ осы кезде тарих сахнасына көтеріледі. Шамамен айтқанда 1270-1300 жылдар аралығындағы (жоңғар шапқыншылығынан бұрынғы мамыражай шақ), қазақтардың ойдағы-қырдағысы түгенделе бастаған кезде, әр тайпа өз қандас бауырластарын іздеді. Біріккен одақтарға ұйысты. Сол тұстағы хандарға салық тапсыру бойынша Абақ анаға қарайтын ауыл саны он екіге жеткен екен. Әр ауылдың қора-қора қойы, қомақты малы бар. «Он екі Абақ ауылы»-ның аталуы да солай қалыптасыпты.
Қойшы әйтеуір, кейінгі он екі ата Абақты құраған барша ата баласы – бір үйдің баласындай Абақ ананың бауырынан табылды. Сыртта жауға, іште дауға дес бермеген бұл әулет содан бастап «Абақ әулеті» аталады. Батыр, балуан, бай-мырза, көсем-шешені тел жетілген бұл әулеттегілер басқалар алдында кеудесін көтеріп: «Абақ-Керейміз» дейтін күйге жеткен.
Әз ана – Абақ жетімін жылатпады, жесірін жебеді. Атқа мінген батыры жорыққа аттанса Абақ анадан батасын алатын болды. Абақ ана оған жай ғана бата бере салмайды. Оның астына мінетін тұлпары нашар болса, бай-бағландарына тапсырма беріп, тұлпар сыйлайды. Қаруы жоқ болса қару береді. Артында кәрі шешесі, жас баласы қалса, оларды өз қамқорлығына алады.
Хандық кезеңіндегі «Үш жүз» атауы – үшке бөлінген ірі әскери топ болса, соның ортаңғы қанатының бірін Керейлер құрады. Керейлер атқа қонсын дегенде, олар – Абақ, Ашамайлы сынды екі әскери топ ретінде өз қосынын атқа қондыратын болды. Сайдың тасындай іріктелген бұл топ келе жатқанда өзгелерде оларды «Абақ балалары келе жатыр», «Ашамайлы балалары келе жатыр» деп атайтын болған. Абақ, Ашамайлы ағайынды ел ретінде аталса да түбі бір ғана Керей әулеті.
1326 жылы Абақ ана сексеннің сеңгіріне шығып бақытты түрде пәниден қайтты. Бұл жыл Түрік елі басшысы Осман мен Шағатай мемлекетінің билеушісі Кебек ханның қайтыс болуымен де есте қалды. Әз ананың артында қалған ұрпағы жылдық асында аса дабыралы атап, үш жүздің баласы дұғаға қол жайып, өркенді әулеттің дастарқанынан дәм татты.
Артында ұлардай шулаған ұрпағы қалды. Құттыдан – Талқы, Майқы туса, Майқыдан – Жабай, Ермен, Ерменнен Изен, Жусан атты ұл туды. Абақ ананың шөпшегі Изеннен – Асанберді, Аллаберді, Құттыберді деген ұлдар туып, Құттыбердіден – Бағаналы, Бағаналыдан – Қойлау, Байлау туды. Ескі тарихтың ізі өшпесін деп кейінгіге қалдырған аталар аманаты – арғы бабаларының есімін жаңғыртқан жас буынмен жаңа тарихқа із салды.
Жәнібек батыр дүниеге келмес бұрын әз ана – Абақ ұзақ жасап әлде қайда өмірден қайтқан.
Абақ ана тұсындағы Керей мен Сары үйсін арасындағы құдалық Жәнібек батырдың әкесі Бердәулетке дейін жалғасып, Бердәулеттің алған әйелі Сары үйсін Досымбек, Өмірбек деген батырлардың қызы Хадиша болған. Одан Ер Жәнібек туады.
Жәнібек батыр дүниеге келер қарсаңда, 1600-1710 жылдар арасында Абақ Керейлер мен Сары үйсіндердің Сарысу бойында көршілес, қоңсылас отыруы да олардың тарихи сабақтастығын, құда-жегжат, нағашылы-жиенді жақындығын көрсетсе керек. Сарысу, Шу, Талас бойының сол кездегі қазақ-жоңғар арасындағы шекаралық аймақ екенін еске алсақ, жоңғарлар бас көтергеннен кейінгі жаулаудың бірінші соққысы осы өңірден басталғанында еш шүбә жоқ. Керейлердің орта жүз рулары құрамында «Ақтабан шұбырындыға» ұшырап (1723 жыл) Қаратау асқаны дәл осы кезден бастау алады.
Қорыта келгенде, аңыз бен ақиқат, ауызша жеткен ата шежіресі – Абақ ананың өмірде болған адам екенін айғақтайды. Аумалы-төкпелі замандарда Керей ұлысының ұлтанды бір бөлегінің басын қосып, олардың қазақтың басқа рулары қатарында өмір сүруіне, жауға қарсы шығуына ерекше еңбек сіңірген тарихи тұлға есептеледі.
Абақ Керей тарихына қатысты да ауыз әдебиеті үлгілеріне айналған көне жыр-дастан, шежірелер өте көп. Соның атақты ақын Ақыт Үлімжіұлы жалғаған бір нұсқасында:
…Кенжесі Керей мырза Дана бидің,
Тентек пенен тебізге салған тиым.
Уақ, Керей екеуі ағайынды,
Бөлініп енші алып кеткен үйін.
Ауылы екеуінің екі бөлек,
Болыпты әрбір іске Керей зерек.
Бәйбішесі қызы екен ұлы Үйсіннің,
Өзі таңдап, айттырып алса керек.
Әйелінің аты Абақ (Аппақ) екен,
Жылқыны өсіретін жабағы екен.
Керей мырза айттырып алғаннан соң,
Бір ұлды күні жетіп табады екен…[3], – деген жолдар бар.
Шертіліп отырған шежіре жырда біз айтып өткен деректегідей Абақ ананы Керей Данаұлының әйелі ретінде атайды.
«Мəулікей шежіресінде» (1870 жыл): «Керейдің алғаны Ұлы жүз Үйсін елінің қызы болып, аты Абақ екен. Ол Керейден бір ұл туып, ұлы үш жасқа келгенде Керей өліп, Абақ жастай жесір қалыпты. Ұлының аты Ашамайлы екен. Абақ кейінгі күйеуінен бір ұл туып, атын Қарақожа қойыпты. Ол ержетіп «Қараби» аталыпты. Қарабиден – Майқы, Майқыдан – Сидалы, Жабай, Ермен; Ерменнен – Аллаберді, Құтберді; Құтбердіден – Сартоқай, Сарбас; Аллабердіден – Бағаналы, Жаппас; Бағаналыдан Қойлау, Байлау; Жаппастан – Қарақас, Молқы, Көнсадақ; Қойлаудан – Ителі; Байлаудан Елдай, Көлдей, Жиеншора, Бердішора; Елдайдан – Құлтай, Болат; Көлдейден – Жəдік; Бердішорадан – Жəнтекей; Жиеншорадан – Шеруші рулары тарайды»[4], – делінген.
Қорыта келгенде, Абақ ана және оның ізін жалғаған ұл-қыздарының түгемес тарихы сан тараулы болып келеді. Жоғарыда аталған тарихи, аңыздық, шежірелік деректер бойынша алдағы жерде де талай зерттеу жасалып, әртүрлі еңбектер жазылатыны анық.
Тарихта өткен әйгілі аналар және олардың ұлт тарихындағы орны туралы жоғарыда айтып өттік. Ендеше, Абақ анадан кейінгі әулет тарихындағы ру атына айналған Тасбике анамыз хақында да аз-кем тоқтала кетейік.
Абақ анадан тарайтын Байлау атамыздың екінші әйелі қалмақ қызы Бұлғын. Осы анамыз екі қыз, екі ұл табады. Бір ұлының аты Бердішора, енді бірінің аты Жиеншора.
Байлаудың бұрынғы әйелінен қалған Елдейге жаудың оғы тиіп, содан көп михнат тартып, кем болып, әйел ала алмай Байлаудың шаңырағында жүрді. Байлаудың екінші әйелі Бұлғыннан туған Бердішорадан Жәдік, Жәнтекей, Шеруші үш ұл туды. Елдей атаусыз қалмасын деп ағайын арасында Жәдікті «Елдейдің баласы» деп атапты. Кенжесі Шеруші қиқар, тентек болып: «Мен атам баласымын» деп, әжесі Бұлғынның қолында еркелеп өсті. Байлау қайтыс болғанда қара шаңырақта Елдей мен Шеруші қалды да, кейіннен Елдей өмірден қайтқанда шаңырақ иесі болып Шеруші қалды.
Аталған дерекке қарағанда қалмақ қызы болған Бұлғын анамыздың да берекелі ұяны ұстаған, ұрпағын ұлағатпен тәрбиелеген ана екені аңғарылады.
Шежіре жырларда:
…Жәдік пенен Жәнтекей немере екен,
Құдайым тілегенін берген екен.
Бәйбішесі Мәуілім – Қыпшақ қызы,
Жәдік алып айттырып берген екен…, – деген жолдар бар.
Шежірелік деректерде Жәнтекей атамыздың бәйбішесі Мәуілім (Мәулім) анамызды бір деректе «Қыпшақ қызы», бір деректе «Шыбарайғыр Келбағыстың қызы» ретінде бейнелейді. Тағы бір шежіреде «Жәдік батыр Дұзақшыға (Шыбарайғыр) құдалық сөйлесіп, ақыры қарындасын Жәдіктің інісі Жәнтекейге беретін болады. Сөйтіп Дұзақшы деген жігіттің қарындасы Мәулім Жәнтекейдің әйелі болады» делінеді. Ескі шежіреде: «Шыбарайғыр – керейдің берекесінің ұйтқысы. Өйткені Жәнтекей ұрпағының нағашысы, Жәдіктің құдасы» деген жолдар бар. Осыған қарағанда Мәулім анамыздың да ұрпақ тәрбилеудегі ұлағатты, текті, сыйлы кісі болғаны байқалады.
Жәнтекей атадан – Шүйіншәлі, Сүйінбай, Сүйіндік үш ұл туған. Сүйінбайдан – Самырат, Сәменбет, Құты, Бөкес, Төлеке бес ата тарайды. Сәменбет батыр есімі де жоңғарға қарсы соғыс дәуіріндегі әйгілі батырлардың бірі ретінде аталады. Ол 1626 жылы туып, 1723 жылдары Сыр бойындағы Көктөбе деген жерде қайтыс болған делінеді.
«Сүйінбайдың екінші ұлы Сәменбет салауатты, дәулетті, әрі батыр болғандықтан үш әйел алған. Үлкен әйелі Сұқсұрдан: Есенбай, Атантай; ортаншы әйелі Тасбикеден: Ақша, Бөрте, Елбай, Жаман, Қаржау, Ақсары; кіші әйелі Баданнан: Байымбет (Есағасы), Қазыбек туады (Кейіннен Сырымбет атты баласы табылғаны белгілі болды – Ж.Ш). Осы он бір ұлдың (шын мәнінде 12 ұлдың – Ред) барлығы ел болып өскен. Мұны халық «Он бір Сәменбет» деп атайды. Осы үш әйелдің ішінде ортаншы бәйбіше Тасбике білімді, ел-жұртына жағымды болып, ел билеп, аты шыққандықтан, кейінгі ұрпақтары жеке-жеке аталмай, анасының атымен «Алты Тасбике» аталып кеткен»[5].
Мұндай деректер шежерлік жырларда да айтылады:
Бесеудің тек бірінен он бір бала,
Тәңірім Сәменбетке болған пана.
Есенбай, Есентай мен Атантай боп,
Үшеуі бәйбішеден туған дана.
Тасбике ортаншы әйел өркені көп,
Тауыпты алты ұлды өңшең қара.
Ақсары, Бөрте, Ақша, Елбай, Жаман,
Соңынан туған ұлы Қаржау болған.
Тасбике деп атайды мұның бәрін,
Барлығы ру болып өркен жайған.
Қазыбек, Есағасы деген екі ұл,
Ең кіші тоқалынан кенже туған.
Бұлар да мол ұрпақты ел боп тарап,
Ішінде Жәнтекейдің болған жоян[6].
Аңыз-әңгіме желісі: «Бәйімбеттің «Қайың сауған жұт» жылы халықты қорғаған табандылығы және еліне басқа да ес болғаны үшін, оның ортаншы анасы Тасбикенің «Естің ағасы» деп бағалауына байланысты Бәйімбет «Есағасы» атанып, бүкіл рудың аты да сол кісінің лақап атымен аталып кетсе керек[7] дейді. Бұл жолдардан да ауыл арасындағы Тасбике ана тұлғасы айрықша бой көрсетеді.
Сөйтіп, Абақ анадан жалғасқан үлкен орданың келіндері Бұлғын, Мәулім аналардан кейін Тасбике ананың аты да тарих бетіне таңбаланды.
Тасбике ананың шыққан тегі хақында «Тасбике анамыздың азан шақырып қойған аты – Жәмлиха Дәуітбайқызы. 1631 жылы Қызылорда облысы Ақтөбеде туып, 1741 жылы 110 жасында Қостанай облысы Амангелді ауданы Тасты елді мекенінде алты ұлының бірі Елібай шаңырағында қайтыс болған. Тасбике анамыздың руы – кіші жүз Адай ұлысы, құнан руынан шыққан»[8] делінеді. Мұндағы туған, өлген жылы және жері (орыны) шамамен алынғаны анық. Ал негізгі мәтінді беруші Моңғолиялық шежіреші Махидолда Қинаятұлы еді (Оны осы жолдардың авторына берген сұхбат-естелігі растайды – Ж.Ш).
Бұл арада бір нәрсені айта кету керек. Кіші жүз ішінде Адайлар аса батыл, батыр, жауынгер болған ежелгі тайпаның бір бұтағы. Тасбике ана қаны арқылы нағашыдан дарып жиендерге берілген сол қасиет Тасбике ұрпағында жиі көзге түсті. Әліп үкірдай Жамысбайұлының қытай билігімен қарсыласып мерт болуы және оның інісі Қожақын мен баласы Елісханның ел бастап Гималай асуы сол ерліктің бір жұрнағындай елестейді. Бұл туралы «Қаралы көш» романында егжей-тегжейлі баяндағанбыз.
Демек, Тасбике ана есімінің тұтас бір рудың атына айналуы тегіннен тегін емес. Текті атадан тараған әулет ретінде, келін болып келген ортасында да ерекше абыройға, сыйға ие болғаны белгілі. Өзінің ұл-қыздарын тәрбиелеп жетілдіруде де аналық борышын артығымен ада қылған аяулы ананың бірі болғаны анық.
Ана – әлемді бесігімен тербететін құдіретті күштің иесі. Тұтас қазақ халқы түгілі адамзат өміріне игі ықпал, өзгеше күш сыйлаған талай-талай арулар, аналар өтті. Тарих көшінің қатпары қалың сол бетінде – Абақ, Бұлғын, Мәулім, Тасбике аналар есімі де алтын әріптермен жазылып ұрпақ санасында мәңгілікке қалды.
Жәди Шәкенұлы
Жазушы, тарихшы.
Қазақстан жазушылар одағының,
Еуразия жазушылар одағының мүшесі.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
03.12.2025. Алматы.
[1] «Қазақстан тарихы» порталынан. https://e-history.kz/kz/news/show/32367.
[2] Айнур Жумағазина «Ұлы даланың батыр аналары І». Qazaqstan tarihy порталы. https://e-history.kz/kz/news/show/32523.
[3] Ақыт Үлімжіұлы «Ғақылия». Өлгий, 1994 жыл.
[4] «Қазақ шежірелері-1» «Мəулікей шежіресі», Күйтүн, 2009 жыл, 395-бет.
[5] «Қайың сауған жұт жылы». https://bilim-all.kz/article/20432-Qaiyn-saugan-zhut-zhyly.
[6] Бабалар сөзі: Жүз томдық.—Астана: «Фолиант», 2006. Т. 32: Шежірелік дастандар. – 2006. – 400 б. «Қазақтың жалпы шежресі».
[7]Арғынбай Жұмажанұлы «Қайың сауған жұт» «Жаңа өмір» (Моңғолия) газеті. 1991 жыл. № 42.
[8] Шөптібай Байділдин, өлкетанушы. «Батыр ана Тасбеке». https://qazdauiri.kz/news/batyr-ana-tasbeke. 28.08.2024.

Пікір қалдыру