|  | 

Саясат

Жеңіс күнінің – керіс күніне айналуы алыс па?..

1512807_1590995321172463_8096719088030518214_n

…Кезекті Жеңіс күні өтті…
“70 жыл құтты болсын!” – деп қаншама жайдақ-жалаулатсақ та, кешегі совет-орыстың екіжүзді өсек-өтірігімен “өсіп-өркендеген” бүгінгі қазақ шенеуніктері бірде-бір майдангердің көңілінен шығып, шынайы қуанта алмады. Бар болғаны: кезекті дастархан жаюлар, арзанқол сыйлықсымақтар, құр сөздер, құрғақ уәделер, “арсыз” алғыстар, ретсіз “рахметтер”, бос былжырақтар ғана…
Бүгінгі орыс билігі Мәскеудегі Қызыл алаңда әлемге күш көрсетуге тыраштанып, тырапай асып жатса; кешегі советтің зорлықпен басып алған жерлерінде қалып қойған қалған-құтқан орыстар жер-жерде алақоңыз (“георгев лентасын” ел арасында “осырақ қоңыз” деп атайды) таққан белгілерін белдері мен белшелеріне байлап, біраз әуре-сарсаңға түсті…
Алдымен, Орал қаласындағы “Дина” сауда орталығының маңайындағы көлік тұрағында соғыс заманының гимнастеркасы мен пилоткасын киген, көліктеріне ССРО атты марқұм болған мемлекеттің белгілері мен жалауларын таққан, “Берлинге басып кіреміз!”, “Сталин үшін алға!”, “Жеңіс үшін атамызға алғыс айтамыз!”, “Әжеміздің әйдік оқтары өмірімізді сақтап қалды!” деген ұрандар ұстаған 50-ге тарта көлік жиналып, жергілікті биліктің тиым салғанына пысқырмай, көлік керуенін өткізуге тырысты.
БҚО ІІД бастығы Махамбет ӘБИСА­ТОВ: “300 мың тұрғыны мен 250 мың көлігі бар қалада көлік керуенін өткізуге жергілікті әкімшілік тиым салған. Рұқсат жоқ! Заңды бәріміз бірдей орындауға тиіспіз!” – деп үзілді-кесілді батылдықпен мәлімдеме жасағаннан кейін ғана жол жүру ережелерін бұзып, заңсыз көлік керуенін өткізуге ұмтылған тобыр амалсыз аялдады…
Әйткенмен, әлеуметтік желілерде орыс ұлтшыл­дарының Жайық жағалауындағы надандық әрекеттеріне наразылық қардай борады. Мысалы, Жанат БАҒАУОВ: “Қазақ еліндегі “казактарды” орынына қоятын уақыт әлдеқашан жеткен!” десе, жергілікті жігерлі журналист Лұқпан АХМЕДИЯРОВ: “В Уральске, не смотря на запрет влас­тей, автопробег в честь 9 мая сос­тоялся, но там и близко не было ничего, что имело бы отношение к почитанию памяти павших… И еще позже на улицах города я заметил две колоны с российскими флагами. Кстати, автомобиль “Волга кабриолет”, был единственным, который приехал на автопробег с казахстанским флагом. И именно этот автомобиль полиция задержала и заставила флаг убрать. Вопрос к акимату ЗКО. Флаги Казахстана у вас под запретом, а СССР нет?..” – деп жазды. Ал, Еламан ШАЛАБАЕВ: “Нұрлан Ноғаевты облыс басшысы қызметінен алып тастап, оның орнына Иманғали Тасмағамбетовты қою керек. Сонда Оралдағы озбыр орыстар мен кеңкелес казактар не “қазақ болады, не табандарын жалтыратып, тайып тұрады” – деген ашынған жазба қалдырды…
…Ал, Ақтөбенің жастары жеңіс күні “Өлмейтін полк” шеруі кезінде соғыс ардагерлерінің портреттерін көтеріп, жердегі аяқ астына да қойып, иығына салып, жауған жаңбырдан қорғанып, басына жапты да, ақырында, жақын жердегі қоқыс жәшігіне лақтырып кетті…
…Мұндай қисынсыз қылықты” Масқара!” деп “мазақтай” беріп едік, “Қуырдақтың көкесін – түйе сойғанда көресің” дем­ек­ші, қазақтың ең үлкен ша­һары – Алматы қаласы әкімі­нің орынбасары Зәуреш АМАН­ЖОЛ­ОВАның Украинаның Қырым түбегін басып-барымталап алуды қосқолдап қолдаған Кремльдің қолбаласы “Түнгі қасқырлар” байкерлік клубының басшы­сын ресми сахнада қарсы алып, Жеңіс Жалауының көшір­месін қабылдауы – ешқандай сау ақыл, салқын са­бырға сиыспады. Күні кеше бұл клубты бірде-бір Еу­ропа елі өз шекарасынан өткізбей қойған болатын. Сон­да Алматы қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөнін­дегі орынбасары Зәуреш Аманжолова ханым сая­сат­тан мақұрым ба, әлде, мамандығы әйелдер дәрігері бол­ғандықтан, баспасөз құрал­дарын мүлдем оқымай ма?!.
Аталған атышулы топ қазақ батыры Рақымжан ҚОШҚАР­БАЕВқа “Ресейдің батыры” ата­ғын беру үшін Ресей пре­зиденті В.Путиннің атына өтініш жазатындықтарын айтты.
Ресей президентінің Жеңіске немесе қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаевқа қандай қаты­сы бар? Шын мәнісінде Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевқа батыр­лық мәртебелі атақты өзге емес, өзіміз­дің Елба­сымыз беруі керек. Рақымжан атамыз­дың бүгінгі әулеті мен немересі Дәурен ҚОШҚАР­БА­ЕВ осы ақиқатты естерінде мықтап ұстауы керек.
Шындық іздеп шырылдаған күндері “Шын” порталында Әлиәбу КЕШУБАЙ: “Қазақтың ұланғайыр жерiн тартып алу үшiн орыс патшалығы ұлт арасына сына қақты. 300 жыл бойы қазақты бiр-бiрiне айдап салып, сүйекке таласқан иттей қырқыстырып қойды. Кезiнде уәлi сөзге тоқтайтын тектi қазақтың тұқымы осылай тозды…” – деп, шыр-пыр болды. Белгілі журналист Тоқтар ЖАҚАШ“Фейсук”-тегі жазбасында одан әрі оталып, отты сөздермен жарқылдады: “…Отаршылардың рухымызды әлсіретіп, бойымызға мысқалдап енгізген бұл кеселі бүгінде зардабын тартқыза бастады. Баспасөз құралдарын былай қойғанда, енді әлеуметтік желі тұтынушылары, оның ішінде қазақтілділер таптаурын ұстанымға қатып қалған…
Баяғыдан жазылмаған бір үрдіс бар еді. Сырттан таңылған нәрсе екеніне шүбәм жоқ. Оны КТК-ның орыс бөлімі бастаған, 31-арнаның орыс бөлімі қоштаған. “Караван” мен “Время” басылымдары тіпті үдетіп жіберген. Қалай болған күнде де қазақ әкімдерін, министрлерін, депутаттарын көрермен алдына топас етіп көрсетуге ұмытылатын. Кез-келген игі істің көлеңкесін, көң-қоқсығын түрткілеуге, бықсытып-жайратуға құмар еді. Арғы жағындағы “Қазақ ел бола алмайды. Қазақ ел басқара алмайды” деген пиғылы көрініп тұратын. Тіпті, Иманғали Тасмағамбетов Премьер-министр болғанда, КТК экранынан көрсетуге ашық тыйым салынды. Үш жылдай уақыт КТК арнасында “Премьерсіз Қазақстан” атты жиіркенішті әрі сұрқия шара жүріп жатты. Үкімет отырысы туралы айтыла қалса, Үкімет басшысы кадрға ілінбейді. Бұл – реваншизмнің, орыс билігін аңсаудың “балалық ауруы” болатын…
Әйтпесе, әлемді жайратып кеткен Храпуновты қай орыс басылымы сынады? Мәсімовтың кемшілігін, Роговтың бір орынға “жабысып” қалғанын, Терещенконың ауылшаруашылығын есеңгіретіп тастағанын, Беляевтың салымшылары далада қалғанын, тіпті, жылда табиғат апатын “күтпей қалатын” Божко, 25-ке толмаған ұлы әкім бола салатын Кулагин туралы бір артық-ауыз “ләм” деді ме, орыстар? Жоқ!
Орыстілді Фейсбукта айтысып-тартысқан, бірінің етін бірі жеген орысты көрдіңіз бе? Жоқ! Неге? Өйткені, олар айтыспайды! Бірінің етін бірі жемейді! Өзара өсектейтін-ақ шығар. Бірақ, ел алдында масқараламайды.”
Енді банк ісінің белсенді журналисі Ербол АЗАНБЕК: “Естіген әңгіме. Калашников автоматы Калашников емес, Талдықорғанның Матай стан­сасында тұратын бір аңшы қазақтың ойлап тапқаны екен. Сауатсыз болғандықтан, басындағы дүниені Калашниковқа айтып, қағазға түсірткізіпті. Сосын, әрі қарай не болғаны белгілі. Мұны Матай стансасында тұратын көнекөз қазақтар жақсы біледі дейді. Біреулер білетін шығар? Рас па, өтірік па?..” – деп, сенімсіздене сөйлеп, “Орыс отырған жоқ па?” дегендей, айналасына сезіктене көз тастайды…
…Өз басым орыстың озбырлығын қазақтай азапты шеккен ұлт жоқ, деп есептеймін. Сондықтан, жалғыз ғана “Ұлы отан соғысы” дейтін қан сасыған қасапта 1 миллион 200 мың адамының тең жартысынан астамынан айырылған қазаққа аянатын да, қорқатын да ештеңе қалған жоқ! Жалынды Жанат Бағауов та, арынды Лұқпан Ахмедияров та, ержүрек Еламан Шалабаев та, келісті Әлиәбу Кешубай да, жасындай Тоқтар Жақаш та, елгезек Ербол Азанбек те – қазақ дейтін ділі мен дәргейі текті жұрттың ұлықты ұрпағы. Мұндай марқасқалар тұрғанда, біз ешкімге есемізді бермейміз! Тек, орыс – озбырлығын, қазақ – қамсыздығын қоймаса, Жеңіс күнінің – керіс күніне айналуы алыс еместей көрінеді…
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

ЕСКЕРТУ: Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен тиым салынғанына қарамастан, бұл кездесуде екі елдің өкілдері де озбырлық-басқыншылық саясаттың белгісі болып табылатын алақоңызды кеуделеріне тағып жүрді. Тиісті құқық қорғау орындары мен қазақ қоғамы бұл мәселеге айрықша көңіл бөліп, қазақ елінің тәуелсіздігіне қарсы пиғылдағы лауазымды қызметкерлер мен адамдарға тиісті шаралар қолдануы керек.

facebook парақшасынан алынды

Related Articles

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: