|  | 

Сұхбаттар

КЕТБҰҒА ма, әлде КЕТБҰҚА ма?

Кетбуға

– Тоғанбай  аға, тарихымызды тануға мүмкіндік алғанымызға 23 жыл толды. Осы уақытта, Сіз де хал-қадіріңізше шежіре-тарихты түгендеуге үлес қосып келе жатырсыз. 2013 жылы «Ертағы, Кертағыны жайлаған жұрт» атты ғылыми-зерттеу еңбегіңіз жарыққа шықты,   халық оны жақсы қабылдады. Аталмыш кітабыңызда өз заманындағы  қазақтың бетке ұстарларының бірі болған Кетбұға туралы көп ізденген екенсіз. Әңгімемізге арқау болғалы тұрған адам бүтіндей бір елге билік айтар қабілет иесі болды ғой. Бүкіл мағыналы өмірін халқының азаттық алып, еркін ел болуына арнаған аяулы азаматтың соңғы демі біткенше жасаған қызметі  – қайткенде ұрпағын аман сақтап қалу еді.

Тоганбай

– Оныңыз рас. Биыл еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту үстінде. Алайда, халқымыздың тарихи тамырының  одан да әріде, тым  тереңде жатқанын бәріміз жақсы білеміз. Әйтпесе, көптеген жатжұрттықтар біздің тәуелсіз елдің ширек ғасыр ішінде әлемдегі озық ойлы елдер қатарына шығып кеткенін ақылдарына сыйғыза алмай, былайша айтқанда, іштарлықтан түрлі қаңқу сөздерді    қоңырсытып та жүр. Сол себепті өткенімізді түгендеп, сол кезеңнің жарқын тұлғаларын зерделеп, жастарға дұрыс ұғындыру әрбір саналы  азаматтың парызы .

Мен, кездейсоқ жайға бола көңілді алаңдата беретін жастан әлдеқашан өтіп кеткен адаммын. Сондықтан да, тәуелсіз Қазақ Елінің азаматы ретінде заң мен заңдылықтардың, ұлттық салт-дәстүрлердің бұзылуына жол бермеуді  әркез адал борышым деп санаймын.

Тарихты бүгінгі күн тұрғысынан түсіндіруде методологиялық мәселелердің назардан тыс қалмауы үшін, гуманитарлық ғылымдар кешенді тұрғыда ат салысуы қажет. Өйткені, Қазақстан тарихын дәуірлеу (периодизация), деректану, тарихнама  мен зерттеу әдістерінің заңдылықтарын қадағалауда туындайтын теориялық және методологиялық  мәселелері жетіп артылады. Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к., доцент Күлпаш Ілиясованың айтуынша: «…қазақ этногенезі проблемасын ғылымның антропология, генетика сияқты салаларынсыз шешу мүмкін емес. Генетикадағы соңғы жетістіктің бірі ДНК (дизоксирибонуклеин қышқылы), медицинада тірі организмдердегі генетикалық ақпараттың ұрпақтан-ұрпаққа берілуін, сақталуын, дамуы мен қызметін қамтамасыз етуге жауапты нуклеин қышқылының бір түрінің пайда болуымен» түсіндіріледі.

Халық даналығы: «Толған ел – тарихын таспен жазады, тозған ел – тарихын жаспен жазады», – дейді. Сол себепті «қазақ ұлтының рухын жандандыру үшін ең алдымен, өзіміздің шынайы тарихымызды, мәдениетіміз бен дінімізді терең пайымдап, сезінуіміз» керек. Егер аяқ басқан сайын тарихи оқиғаларды саясиландырып, тұлғалар есімін «бұрмалау» тәсілімен шежіреден шығарып тастап, тамыры жоқ, тегі жоқ, ойдан құрастырылатын «кино кейіпкеріне» айналдыратын болсақ,  онда елдік деңгейдегі тарихи тұлғалар бейнесін қалай қалыптастырамыз? Жат жұрттықтарға «бабамның есімі қалай жазылатын еді», соны түсіндіріп берші деуіміз керек пе? Сонда қазақтардың арғы атасы болып табылатын түріктердің «сына» жазуы «кирилл» жазуынан 15 ғасыр, «грузин-армян» жазуынан 10 ғасыр бұрын пайда болды» дегенге күдік келтіреміз бе? Жоқ, оның реті келе қоймас. Қайта ата-бабалардың өнегесін дұрыс қабылдап, ұрпаққа дұрыс мағлұмат беруге күш салайық. Мен айтып отырған бұл пікір соны емес, оны әркім-ақ айтып жүр. Тіпті, дуалы ауыз ағаларымыз ғылыми еңбектеріне де енгізді. Бір жерлесіміз, ұзақ жыл Жезқазған қаласы облыс орталығы болған кезінде арамызда жүріп, облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасын басқарған, кейінірек республикалық деңгейде қызмет атқарған, ҚР Білім министрінің орынбасары болған, ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған, Халықаралық ақпараттану Академиясының академигі, Ресей кәсіптік-техникалық білім беру Академиясының академигі, Қазақстан педогогикалық ғылымдар Академиясының толық мүшесі, п.ғ.д., профессор, Болат Әбдікәрімұлы айтқан мына бір ғылыми тұжырым әр жүрекке қозғау салуға тиіс, яғни намысты жанның көкірегін оятқан бұлқыныс тура бағыт ұстануға ұмтылтады деп сенемін: «…кезінде бабаларымыздың тасқа таңбалаған мұраларын бізге Батыс ғалымдары оқып берді. Енді өзіміз оқуымыз керек. Өйткені, Орхон-Енесай жазбаларынан бастап, талай мұраларымызды сөйлетуде орасан қателіктер бар екенін біле бастадық. Біз өз мұрамызға өзгелердің көзімен қарап үйренгенбіз. Сол әдеттен арылып, бұл мәселеге өзіміз шындап кірісетін уақыт жетті. Өз ұлттық құндылықтарымызды азаматтық мұраға айналдыруға өзіміз күш салуымыз қажет». (Ғибратты ғұмыр: Тұлға. Ұстаз. Ғалым»,  (құраст. А.М.Әбдіров, В.В.Егоров, Қ.А.Сарбасова), Астана, «Жасыл Орда» баспасы, 2015 жыл, 92-бет).

Қашаннан тағдырымыз бір болған «қарға тамырлы қазақтың» қай баласы дана болса, сол елге ортақ құт – бақыт. Солай болған, бола да бермек. Олардың ерлігі- үлгі, тарихы -елдіктің көрінісі. Сол үшін көзі қарақтылар тарихи тұтастықты құрайтын ел-шежіресін жазған. «Тарихи шежірелерге патша өкіметі саяси мән беріп, жергілікті орындардан жинатып отырған», – деп Әлкей Марғұланның  да атап өткені есімізде жүрсе де, соның астарына кейде мән бермейміз. Кеңес өкіметі ол істі індете түскені мәлім. Сонда олар қазақ халқына жанашырлық жасап, ұйыстырайын деп пе еді? Сол қармаққа түсіп қалғандықтан әлі күнге таптаурын жолдан шыға алмай шиырлап жүргендердің бары анық. Халық жадында сақталған тарихи мәлімет әрқашан құнды, пайдалы болғанын профессор Мақсат Алпысбестің «Қазақ шежіресі: тарихнамалық-деректанулық зерттеуінде (Астана: «BG-Print», ЖК, 2013 жыл): «Шежіре – қазақ халқы тарихының  тарихи-этнографиялық дерек көзі». «Шежіре қазақтың қадірлі ұлттық дәстүрінің біріне айналған», – деп орынды атап көрсетеді. Шежіреге енгізілген теріс пікір тұтастай тарихи оқиғаларға, тұлғалар есіміне нұсқан келтіретіні анық. Ол тарихымызды бұрмалауға әкеліп соқтырады. Сол себепті мұндай істе аса сақтық қажет. Дәлел негізді болуға тиіс.

Бар ғұмыры тартысқа құрылған  Кетбұға есімін ертеден-ақ елі ұлықтады. Өйткені ол шын мәнінде әлемдік деңгейдегі бірегей тұлғалардың бірі еді. Оның өресі Шыңғыс ханмен де иықтасқан. Сол себепті оған таласатындар да, өзіне жақын тартатындар да, оның атына қара күйе жағуға ұмтылатындар да табылуы заңдылық. Содан барып оның бүгінге дейінгі өмірбаяндық ғұмырнамасы әр қилы құралып, тарау-тарау болып қалыптасып жатса таңырқауға болмас. Дегенмен де бүгінгі көзі қарақты саналы ұрпақ тарихи тұлғаларға қиянат жасау обал екенін ескеруі ләзім.

«Тіліміздегі кісі есімдері – мәдени-тарихи мұра, ұлттық құндылық. Бұл атаулардың өн бойына ел тарихының, халықтың болмысы мен дүниетанымының, табиғат құбылыстары мен кәсібінің, салт-санасы мен әдет-ғұрпының қат-қабат сырын сақтаған», – деп жазады. «Қазақ есімдерінің анықтамалығын» құрастырушылар профессор, ф.ғ.д., Телғожа Жанұзақ,    және ф.ғ.к., Ғарифолла Әнес (Алматы, 2009 жыл, 3-бет) – Егерде есімдердің дәуір, қоғам өміріне қарай даму, толысу, өзгеру сырына ден қойып, айрықша зер салсақ, онда ұлтымыздың әр кезеңдегі тарихи дәуірлердегі рухани және мәдени өмірінен мол мағлұматтар аламыз». Осыны ескерген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 1996 жылы 2 сәуірде «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу туралы» Жарлық шығарды. Оның бірінші бабында «…тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуға тиіс» деп атап көрсетілген. Осы мәселеге қатысты Қазақстан Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының «Қазақстан Республикасындағы ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнін реттеудің Тұжырымдамасы қабылданды. Қыруар жұмыстар жүргізілуде. Оған білікті мамандар мен ғалымдар ат салысуда. Тілдік ахуал – қоғамдағы тіл саясатының нақты қолдануының көрінісі. Ол Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» заңның жүзеге асуының бір көрінісі, яғни оның құқықтық негіздерін баян етеді. Сол себепті бұл мәселеге жүрдім-бардым қарауға ешкімнің ешқашан еш себебі жоқ.

Реті келгенде айта кетерлік бір жайт, кейінгі кезде Кетбұғаны тарихтың сан тарау оқиғасына да киліктіріп, руы мен атауын өзгертіп, ойдан құрастырылған кітап кейіпкерлеріне айналдырып – «Кербұға», (ғылыми терминге негіздемек ниетпен) «Кет Бұқа», «Кетбұқа», «Кет-Бұқа», «Керт бұғы», «Кетбука», «Кит Бұғы» болып қалыптасу етек алып барады. Ертеректе ол білместіктен болған жайт еді. Қазіргі ұстанымды қалай ұғуға боларын біле алмадым… Дұрысы, Кетбұға баба есімі қалыптасқан, яғни ауыз-екі айтылу ретімен қазақи ұғымға лайық  «Кетбұға» болып қала бергені жөн. Ол пікірлерімді, дәлелімді  сан мәрте жазып келемін. Сонымен қатар осы және басқа да ұқсас мәселелерді бірізділікке түсіру 1996 жылғы Жарлықта қарастырылған. Десекте, ғалымдар арасында әлемге танымал Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев (Абайды – Ибраһим, т.б.), т.б. тұлғалардың есімдерін жазғанда «алғашқы ресми» нүсқасы сақталып қалмаса, өзге елдің ғалымдары көз жазып қалады екен. Бұл да ақылға қонымды  десек, онда өз жастарымыз арасында қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізейік.

    – Тоғанбай аға, қазақтың тың тарихын құлдық сана мен бодан болмыстан ада азамат қана жазуы керек деп ойлаймын.  Айтайын дегенім, Кеңес өкіметінің итаяғын жалаған кешегі коммунистер бүгінгі тәуелсіз қазақтың шынайы тарихын жазып жарытпайды. «Санасына қарай өресі» дегендей, солардың кесірінен Кетбұғаны – «Кетбұқа» деп атау белең алып кетті, бұл масқара ғой. Тіпті, ата-шежіреде де Кетбұға бар да, Кетбұқа есімі кездеспейді. Яғни, ұлттық жадыдағы тарихи есім – Кетбұғадан айырылып, лақап есім – Кетбұқа деген ұғым қалыптасып  кетпей ме деген күдік те жанды мазалайды.

– Орынды сұрақ. Әуелі Кетбұғаның ұлты қазақ, діні мұсылман, соңында ұрпақтары бар екенін ажыратып алуымыз керек. Әйтпесе, аңыз тұлға жайлы сөз шексіздікке созылып кете бермек.

Ғалым Тұрсын Жұртбай ертеректе: «…киелі хайуанаттардың атын кісінің есіміне қосып айтатын ежелгі түркі дәстүрі бойынша «Кет-бұқа» атанды», – деп жазды. Әлгінде мен айтқан мәселелерге тұңғыш түрен салып басын ашуға мұрындық болған да Тұрсын ағамыз. Оған әлі сан ораламыз. Тұрсекең көрнекті қазақ ғалымы, оған талас жоқ. Өзіміз де сол ғалымның еңбегіне сілтеме жасап басшылыққа алатынымыз рас. Әлгі жазбаны оқыған сайын баба есіміне қатысты ойлар санада ширыға береді де, «ежелгі түркі дәстүрі бойынша «Кет-бұқа» атанды» деп әуел бастағы «Кетбұға» есімі жатжұрттықтар арасында солай аталып кеткенін айтса керек деген ойға орала беремін. Өйткені «Азан шақырып қойған есімі» деп тұрған жоқ қой. Сондай-ақ, Тұрсекеңнің досы марқұм Ақселеу Сейдімбек ағамыз да пір тұтатын ғалымдарымыздың бірегейі. Ол екеуінің дос екені де баршаға аян. Соған байланысты ойланарлық тұсымыз: «Бұқа» мен «бұға» сөзі қазақтар арсында қолданыста ілгері замандарда да болған-ау!» дегенге саяды. Осы екі сөздің мағынасына үңіліп зер салған жан бар ма? Олардың пікірі қандай?

Шежірелердің бір тармағындағы көпшілікке беймәлім оқиғалардың, Найманның шығу тарихының сонау Ноғайлы заманынан да әрі жатқанына жол сілтейді.  «Найман елі – Қытай тарихында – VІІІ-ІХ ғасырда белгілі болған. Оқыран өзенінің басы Мұңғолдан Ертіске дейін қоныстанған. Найман руының алғашқы патшасы Нарқыш Таян, Инаш қаған, Бұқа хан, Табұға, Бұйрық хан және үлкен рулардың басшылары Тоқпан, Елата, Өкіреш, Кетбұға, Төлекатай, Сүгірші болған», – деп жазады. («Найман – Қаракерей Жаңбыршы руының шежіресі» кітабі, Алматы, 2001 жыл). Осындағы «Бұқа хан», «Табұға» есімдері анық жазылғанан аңғармау мұмкін бе? Демек, «бұқа» мен «бұға»-да айырма бар. Ол нені көрсетеді? Ол жайлы ғалымадар нақты тұжырымын өздері айта жатар.

ДАТ (далалық ауызша тарихнама), яғни ауыз-екі шежіре бойынша Жанарыстан – Қарашор туады. Сонау шежіре басында тұрған тұлғалар өз балаларын қалай атауды білмеген деп күмәндануға бола ма?! Зер салайық: Қарашордан – Тұлпар батыр – Алшын – Семізбұға – Жұмыр – Жұртбай – Жүндібай – Кененбай – Сары (Сармантай) – Шал – Ер Қаптағай – Найман, Наймантай.  Найманның сегізінші атасы (бабасы) – Семізбұға. Назар аударыңыз Семіз Бұқа емес – Семізбұға! Шамамен Кетбұғаның он екінші бабасы – Семізбұға! Демек, Семізбұғаны да, Кетбұғаны да қолдан бұқаландырудың қажеттігі жоқ!

Түбі Кетбұға бабаға қатысты «бір шикілік туындай қалса, ойымды біле жүрсін» деді ме екен, кім білсін, жарықтық данагөй Ақселеу ағамыз 1993 жылы мынадай түсінік береді:

«…Кейбір шежіре бойынша Серікбайдан – Келбұға, Кетбұға атты екі ұл туады. Келбұғадан – Балталы, Кетбұғадан – Бағаналы тарайды дейді. Сөз орайында Кетбұға жырау әйгілі Шыңғысханның оң тізесін басып отырған би болғанын, «Ақсақ құлан» сияқты күйді тудырған ұлы күйші екенін айта кеткен жөн». «Қалың Найманның еншісін бөлу билігі жас та болса ақылы кемел Кетбұғаға беріліпті.  Кетбұға тоғыз Найманға енші бөліп, таңба таратады. Сонда еншілес Келбұға мен Кетбұғаға таңба жетпей қалып, таңбаларын жылқының сол жағына басады. Содан олар «Теріс таңбалы» атанса керек. Найманның ұрпақтарының еншісін дау-дамайсыз бөлгені үшін Кетбұға «Ноқта ағасы» атанады» (Тарақты Ақселеу (Сейдімбек А.), ««Балталы, Бағаналы ел, аман бол»,( шежіре), Алматы, 1993 жыл,  91,92-беттер).

Ғылыми тұжырымы тиянақты болған соң Тұрсекеңе ден қоярымыз анық. Дегенмен қазақтың ежелден қалыптасқан, құлағымызға әбден сіңісті болған бабамыздан қалған құнды мұра шежіреміз де бар ғой. Шежіренің еңсесін көтеріп, ғылыми айналымға қосқан профессор Мақсат Алпысбесұлының еңбегіндегі: «Қазақ халқының шежіресі – тарихи тамыры, оны құраған ру-тайпалардың талайының тарихи тағдыры», – деген тұжырымы езіле бастаған көңілімізге қуат бергені рас.

Кетбұға баба өмірде болған. Ол шежіреде анық көрсетілген, ұрпақтары жайлы дерек келтірілген. Бір ғажабы «Кетбұқа» шежіреде жоқ! Демек, оның  өмірде болғаны, бар-жоғы күмәнді. Міне қайшылық! Сонда барды жойып, жоқтан бар жасай алмау қаупі тумас па екен?

– Кетбұға – тарихи тұлға болса да, бәлкім, «Кетбұғатану» деген арнайы бір саланың болмағанынан  болар, біз әлі күнге дейін  ол бабамызды ғылыми тұрғыдан зерделей алмай-ақ келеміз.

Негізінде « «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген аманат сөз тегін айтылмаған, сондықтан қалыптасып келе жатқан «Тұлғатану»-ды барынша жетілдіріп, оған бір сала ретінде «Кетбұғатану» дегенді қосу айтқызбай-ақ сұранып тұрған құнды дерек, мұра деп ойлаймын.

Кетбұға – күрделі тұлға, сол себепті оның төңірегінде сан түрлі лақап әңгіме, жорамал, болжам өте көп өрбіген.

Енді мына бір жайға да назар аударта кетпекпін. «Махамбет Өтемісұлының өмірі мен шығармалары туралы зерттеулер» атты жинақтағы, Бекқайыр Аманшиннің «Махамбеттің бабалары мен ұрпақтары» еңбегінде «Махамбеттің «Айналайын Ақ Жайық» деп басталатын атақты толғауына қатысты кейбір зерттеуші-ғалымдардың пікірімен келіспейтіндігін ашық білдіреді:

«Керт бұғыдай билерден

Ақыл сұрар күн қайда? (1962, 31-бет) –

деген жолдар бар. Ақынның барлық кітабында осылайша жазылған да, оған «бұғының бір түрі» деген түсінік беріледі. «Бұл – өте жаңсақ және жазылуы қате. Дұрысы – Кет Бұғы. Кет Бұғы – кісі аты. Профессор С.Аманжоловтың көрсетуі бойынша, қазақ шежірелерінің бірінде: Найманның Тоқпан, Ел-Ата, Өркеш деген үш ұлы болады. Ел-Атадан – Келбұғы, Кетбұғы тарайды. Кетбука (Кит-Бука) деген XIII ғасырда жасаған тарихи адам да болған. Ол – Монғол империясының Хулагу ханы тұсындағы армиясының штаб бастығы Найман Кит Бұғы. Буга, Бука, Буке сөздері түркі-монғол халықтарының тарихындағы кісі аттарында жиі кездеседі. Махамбет ақынның атап отырған Кет бұғысы кім? «Кетбұғыдай билер» дегеніне қарағанда, тарихи немесе аңызға айналған атақты билердің біреуі болса керек. Қорыта келгенде, Махамбет өлеңдеріндегі Кетбұғы сөзі – біріншіден, Керт Бұғы емес, Кет бұғы, екіншіден, бұғының бір түрі емес, адам аты», – дейді. (103-бет). (ikitap.kz).

Әңгіме барысында аңғарғанымыздай тұжырым сан тарау, бірақ кім, қандай пікір білдірсе де, «Кетбұға» – Кетбұға қалпында қалары анық. Өйткені өркениетті елдер дәстүрінде өзге жатжұрттықтар кез-келген атауды, есімді қаншалық бұрмаласа да, қалыптасқан өз тегінің қанына тартып, өз қалпынан айнымайды. Әу бастағы өз ұстанымын берік сақтап қала береді. Алысқа бармай-ақ іргеміздегі Ресей елін алып қарайық. Жат жұрттықтар елінің астанасын – «Моskay», «Мәскеу» деп жазсақта. Өз дегенінен қайтпай «Москва» дейді. Кезінде «Алма-Ата», «Медео» дегеннен әрең арылғанымыз естен шықты ма? Біздің Астана қаласындағы «Кенесары» көшесі  өзгелерге ұғынықты болу үшін «Kenessary str» деп таңбаланады. Соған қарап келешекте Кенесары хан деген қате, дұрысы «Кеңес-Сары» деп түзетуіміз қажет пе?

Сонымен қатар, шет елдіктер қазақтың қазіргідей дербес мемлекет, тәуелсіз тұтас ел болғанын, онымен қоймай, әлемдегі жетілген елдердің алдыңғы санатында болуға ұмтылған қарқынды қимылына іші жыли қоя ма? Осыны неге пайымдамаймыз? Қазақ халқынан шыққан ұлы тұлғаларды, ғалымдарды, ойшылдарды, шет елді билеген кемеңгер басшыларды оп-оңай мойындап, атағы әлемге жайылған данышпандарымыз алдында бас ие қояр деп елді несіне алдарқатамыз? Одан да, елдігімізді нығайтатын кез-келген шарапатты іске қолдау жасап, ілгері алып кетуге талпынуымыз керек қой. Ендеше, сондай бір игі істегі – «Кетбұға бабамызға ескерткіш орнату» қажеттігін сонау жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде көтерген Алдияр Әубәкіровтің бастамасы құптарлық еді.

Шет елдің ғалымдары, қаламгерлері есңмңн кітаптарына енгізгеніне қуануымыз керек. Өйткені ол кезде біз заман аужайына алаңдап оны лайықты құрметтей алмағанымыз шындық қой.

Л. Гумилев: «XII ғасырдағы бірден-бір кемеңгер қолбасшы  –  КетБұқа», – деп жазғаны үшін (Л. Гумилев, «Черная легенда» кітабы, 56-бет) оған алғыстың орнына «кезінде «бұға» деп жазуың керек еді» деуіміз бізге лайықсыз болар.

Ұлы бабамыз жайлы деректі Тұрсын Жұртбай «Дулыға» (ІІ том), «КетБұқа», Мұхтар Мағауиннің «Қобыздың сарыны» кітаптарында және зерттеуші ғалымдар Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхамбетжан Тынышпаев, Ақселеу Сейдімбек, т.т. еңбектерінен айқын аңғарамыз.

– Бүгінгі зиялы қауым, өнер иелері, қалам ұстаған жастар Кетбұғадан қандай үлгі-өнеге алуы тиіс деп ойлайсыз?

– Абай атамыз: «Болмасаң да ұқсап бақ» демей ме, Кетбұға нағыз «сегіз қырлы, бір сырлы азамат». Ел билігін араласу, қамқор абыз болу, домбыра мен қобызда елінің зарын дастанға айналдыру, т.б. өнері кімге де болса үлгі емей не? Әлі де қарастырып зерттесе, сан тарау сырдың беті ашылар…

«Күні бүгінге дейін күйшілер Кет-Бұғаның Жошы өлімін естіртуі деп «Ақсақ құлан, Жошыхан» атты күй тартады. Қазақ шежіресінің айтуынша, Найманның бір бұтағы Балталы – осы Кет-Бұғадан тараған ұрпақ. Халық өлеңдерінде Кет-Бұға ескіде өткен батагөй ақсақал ретінде еске алынады…», – дейді Мұхтар Мағауин «Қобыз сарыны» еңбегінде. Дұрыс, бірақ көптеген деректер Кетбұғаның Бағаналы екендігіне куәлік етеді. Жошы өліміне қатысты нұсқаны әркім әр қилы баяндаса, біздің елдің көне көздерінің сарынымен «Қобыз сарыны» өте үндес келері анық.  «Алайда тарихтан белгілі, Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы аңда жүргенде қаза болған. Мазары Қарағанды облысының Кеңгір өзенінің бойында тұр… Алайда айтылған хикая парсы тілінде жазылған «Шаджарат аль-атрак» (түрік шежіресі) атты кітапта да (ХVғ.) ұшыратамыз. Мұндағы Шыңғыс ханға Жошының өлімін естіртушінің аты – Ұлығ жыршы (ұлы жыршы, үлкен жыршы)». (Мұхтар Мағауин «Қобыз сарыны», Алматы, «Мектеп», 2003ж.,11-бет). Бұл көне шежіре Кетбұға беделін өсірмесе, кемітпейді. Оның еліміздің ұлы жыршы, ұлық би болғаны аян. Мұхтар ағаның да сол үшін келтіргені белгілі. Бір ғана айырма, Қлытау елінде сақталған нұсқаларда хан  қазасы домбырамен естіртілді дейді. «Қобыз сарыны»  қобызды алға тартады. Ұлы күйшінің қобызды да, домбыраны да күңіренткеніне дау бар ма? Өйткені, ел басына қатер төніп,  тұтас дала аза тұтты емес пе?

Осындайда Қазақ Ұлттық музыка академиясының ұстазы-күйші Жанғали Жүзбайдың: «Күй шежіресін білмей тарту домбырашыны жарға жығады, – дегені еске оралады.  – Қазақ «Күй иесі – Қорқыт» дейді, оғыз тайпасынан шыққан бабамыз күй атасы болып есептеледі. «Күй атасы – Кетбұға» деген де сөз бар. Қорқыттың заманы ХІ-ХІІ ғасыр болса, Кетбұғаның заманы Ұлытауға Жошы ұлысының, Шыңғыс ханның Дешті Қыпшақ даласына келуімен тұстас жылдар. Өздеріңізге мәлім, Палестинаға дейінгі жорыққа қатысқан Кетбұға би, абыз, күйшідан «Ақсақ құлан» деген күй қалды. Бұл – Алтын орда кезең».

Осы ойлар желісін түйіндей келіп Жанғали: әр күйдің астарында «рухыңды жоғалтпа, елің мен жеріңді менше сүй» деген өсиет бар. Марқұм Ақселеу ағамыз «Күй деген – адамның күйінуі» деп айтушы еді. Демек, күй – күйіктен шығады. Қорқыттың заманын алыңыз, Кетбұға, Асанқайғы, Тәттімбеттің «Бес төресін» алыңыз, қайсысы болса да зар төккен күйініштен шыққан», – дейді. Шындығында күйші – қарапайым жандар емес әр кезең, әр дәуірдің тарихын күймен жазып қалдырған ірі тұлғалар. Ендеше олардың күйлеріне де, есімдеріне де құрметпен қарай білуіміз қажет.

Ел аузындағы, ғалымдар зертеулері мен түрлі басылымдарды мақалалардың ішіндегі түйінді жиынтықтай келе, көкейге қонымдысы «Керей» ақпараттық порталында жарияланаған «Күй атасы – Кетбұға» деген Мұрат Әбуғазының мақаласы. Соған ден қоямын. «Қазақ тарихында Кетбұғаның есімі қабырғалы би, ержүрек батыр, дәулескер күйші ретінде белгілі. Әйгілі «Ақсақ құлан» күйінің авторы. Осы уақытқа дейін Кетбұғаның өмір сүрген кезеңі жөнінде әртүрлі деректер айтылып келеді. Белгілі ғалым-зерттеуші Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» атты еңбегінде: «Атадан балаға жалғасып жеткен ауыз әңгімеде де, жазба деректерде де Кетбұға Шыңғыс ханның замандасы ретінде мәлім. Яғни, шамамен 1150-1230 жылдар аралығында ғұмыр кешкен адам. Ауызша-жазбаша деректерде Кетбұға ұлы жыршы, дәулескер күйші, көріпкел бақсы, тіптен Шыңғыс ханның хат таныған шежірешісі ретінде баяндалады»(А.Сейдімбек,  «Қазақтың күй өнері», Монография, Астана: Күлтегін, 2002.жыл) делінген. Осы мәлімет энциклопедияда, басқа да дереккөздерде  жиі ұшырасады.Тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтархан Оразбайдың «Қазақ әдебиеті» газетінің 2007 жылдың қараша айының № 45 санында «Кетбұға күйшінің тарихи суреті табылды» атты мақаласындағы деректер қазаны қобызбен естірткен деген бір жақты тұжырымды өзгертіп, Кетбұғаның домбырашы екендігін айғақтай түсті. Ал, қазақ даласында сақталаған аңызда Кетбұғаның есімі әйгілі «Ақсақ құлан» күйімен тығыз байланысты болып келеді. «Ақсақ құлан» десе – Кетбұғаның, Кетбұға десек – «Ақсақ құланның» қосарлана айтылатындығы белгілі. Қаһарлы Шыңғыс ханның заманының тірі куәсіндей болып жеткен «Ақсақ құлан» қазақтың күй тарихындағы ескі күйлердің бірі болып саналады. Күйдің аңызы бойынша Шыңғыс ханның баласы Жошының қазасын естіртуге байланысты болса, кейде Жошы ханның баласы аң аулап жүріп мерт болғанда осы қайғылы хабарды күймен естірткен болып айтылады. Көршілес Қырғыз халқында «Кетбұқа» деген елдік күй бар және күйдің аңызында Шыңғыс ханның баласы Жошы ханның өлімін күймен естірткен деп келеді. «Ақсақ құлан» күйіне қатысты маңғыстаулық күйші Мұрат Өскенбаевтың айтуы бойынша аңыз былайша баяндалады:

«Бұрынғы өткен заманда Жошы деген ханның қырық жігітке келіп:

– Уәзірдің айтқан жеріне біз де барып, көзімізбен көріп қайтайық, –  дейді. Қырық жігітті көндіріп, құлан жайылып жүр екен. Ханның баласы қызыл шекпенін киіп, мылтығын қолына алады да, құландарға қарай жүреді. Сонда көп құланның ішінен бір ақсақ құлан үйірінен бөлініп шығып, одағайлап келіп жер тебініп, пысқырып қалғанда айналаны қап-қараңғы тұман басып кетеді. Мергендер бір-бірінен көз жазып қалады. Бір кезде тұманның арасынан: «Қу шақайлыдан қаша жүріңдер, қызыл шекпендінің үстін баса жүріңдер» деген бір дауыс естіледі. Жігіттер тұман сейілгеннен кейін қараса, құландар да, ханның баласы да ізім-ғайым жоқ болып шығады. Олар үш күн бойы іздеп жүріп хан баласының жалғыз шынашағын тауып алады. Үстінен шұбырып өткен көп құлан оны таптап кеткен екен. Мергендер елге келеді. Баласын жоғалтқан хан қайғыдан қан құсып, басын көтермей жатып қалады.

– Кімде-кім менің алдыма балаң өлді деп келетін болса, соның құлағына қорғасын құямын, – деп жарлық етеді. Мұны естіген халық ханға баласының өлімін естіртуге қорқады.  Сөйтіп, ел-жұрт мұның еш амалын таба алмай, дал болады. Сонда ноғайлыдан шыққан Кербұқа деген домбырашы тәуекелге бел буып, хан сарайына келеді. Ол келе домбырасын тарта бастайды. Сонда домбыраға алғаш салғаны құланның жүрісі екен. Хан басын көтерместен жата береді. Домбырашы әрі қарай толғайды. Домбыра «Балаң өлді, Жошы хан» деп күңіренеді. Сонда хан басын көтеріп алып:

– Әй, сенің тартар күйің емес, менің естір күйім емес екен бұл, «Балаң өлді, Жошы хан» деп тұр ғой мына күй, – дейді. Сол уақытта Кербұқа:

– Тақсыр-ай, балаңыздың өлгенін өзіңізден естіп тұрмын, – дейді. (Райымбергенов А, Аманова С. «Күй қайнары», Алматы: Өнер, 1990 жыл).

Біздің бала кезімізден естіп өскен аңыз да осылай дейтін. Тіпті Қумола өзені бойындағы Иттұмсықтағы моланы да «баланың моласы» дейтін. Айырма Кетбұға атауында. Бірақ ол ғылыми тұжырым емес, аңыз желісі ғой.

– Сіз, Кетбұға тарихы күрделі,  құпиясы мол жұмбақ жан дейсіз, оған қандай дәлеліңіз бар?

– «Ақсақ құлан» күйінің астарында не бар, шындық қайсы, Жошыхан өлімінің сыры неде? – деген сауалдар ашық күйінде қалып келеді. Кетбұғаның әкесі туралы да даулы пікірлер қалыптасуда. Демек, сол кезеңнің құпиясы көмулі қалпында жатыр.

Тарихи деректер бойынша «Алтын топшы» кітабында: «1223 жылдары Орта Азия елдерін Шыңғысхан өзіне түгелдей қаратып Самарқанд қаласында тұрады.Үш ұлын жинап, ақылын айтып, Монғол үстіртіне қайтып кетудің қамына кіріседі. Сол кезде, үлкен ұлы Жошы қайтып келмей қояды. Шыңғысхан ашу шақырып, Жошыны шақырып келуге үш дүркін шабарман жібереді. Бұл екі арада Жошы аң аулап жүріп тосыннан мерт болады. Жошының өлімін ешкімнің Шыңғысханға естіртуге жүрегі дауаламайды. Осы кезде атағы жер жарған күйші Кетбұға «мен Жошының өлгенін ұлы ханға естіртем» дейді. Сол бойынша, Қаһарлы Шыңғысханның алдына барып «Ақсақ құлан» атты күйін шертіп береді», – деп жазады. Демек, күй аңызында да, тарихи деректің арасында аса алшақтық жоқ, ортақ сарын Шыңғысханның баласы Жошының қазасын естіртуге байланысты болып келеді. «Ақсақ құлан» күйі Қазақстанның Алтай мен Маңғыстау түбегіне дейінгі байтақ далада дерлік тартылып күні бүгінге дейін жеткен. Монғолияның Баян-Өлгей қазақтарында, еліміздің Шығыс Қазақстан, Семей, Сыр бойы, Ақтөбе, Орал, Атырау, Маңғыстау өңірлерінде «Ақсақ құлан» күйінің бірнеше нұсқалары бар. Күй теріс бұрауда (квинта) орындалады. Кетбұғаның өзінің тартқан нұсқасы дәл сол қалпында жетті деу қиын. Қазақ күйлеріне тән импровизациялық үрдіс тән екендігін ескеретін болсақ, 800 жылда күйдің түрлі нұсқаларының пайда болуын табиғи құбылыс деп қараған жөн. Бірақ бір нәрсенің басы ашық, ол «Ақсақ құлан» күйін алғаш шығарып, орындаған Кетбұға екендігі анық. Тарбағатайлық домбырашы Бағаналы Саятөлековтың, Сыр бойының күйшісі Нәби Жәлімбетовтың, Маңғыстаулық күйші Мұрат Өскенбаевтың орындауындағы «Ақсақ құлан» күйіндегі ортақ сарын «Балаң өлді, Жошы хан» –  деп келетін естірту ретінде домбыраның сөйлейтін тұсы. Дей тұрғанмен де, домбыршы Қамбар Медетовтың жеткізуіндегі нұсқасын айрықша айтуға болады.

Әлемдік энциклопедияларда және ғаламторда Кетбұға бабамыз жайлы мағлұматтар көптеп кездеседі. Алайда, қайда жерленгені туралы ешқандай дерек жоқ. Сөйте тұра, неге екені белгісіз мәз біреулер «Кетбұғаның әкесі Жошы маңындағы көне мазардағы Домбауыл» деген долбарды тықпалап жүр. Оның негізсіз екенін, әрі Домбауыл туралы ой-тұжырымымды, яғни ол мазардағы тұлға Түрік қағанатының үшінші қағаны Мұқан қаған болуы мүмкіндігін «Имандылық кеңістігі» кітабымда таратып жазғанмын. Мені елең еткізген деректің бірі – Камал Абдрахмановтың «Хан батыры Қаракерей Қабанбай» деген кітабындағы «Мұса пайғамбардың мінәжатханасында ап-анық, айқын да ашық түрде «1249-1260. Кетбұқа» деп жазылғаны, яғни он жыл сол елде билік жүргізгені, Кетбұқа ноянның Израил елінің тарихынан орын алғаны.

Ел ішіндегі үстірт ойлап, жеңіл мінезділік пен даңқ құмарлыққа салынғысы келгендердің бірі ойлап тапқан «Кетбұғаның әкесі – Домбауыл» екен деген қауесет тарағанын жоғарыда айттық. Оны мәз біреулер шындық ретінде қабылдап, баспасөзге жарияланған фактілер де кезігуде. Бұл жаңылыс түсінік Н.Мыңжанның «Қазақтың қысқаша тарихы» кітабындағы: «Теріс таңбалы тайпасының аты – Домбауыл екен» дегенін теріс пайымдаудан туған сыңайлы…

«Ұлан есімі – ұлағат бесігі» анықтамалықта: «1236 жылы Кеңгір өзенінің бойындағы мекенінде жарық дүниемен хош айтысыпты», «Жезқазған қаласынан 54 шақырым жерде… осы кесенеде жатқан адам  – Серікбайұлы Домбауыл… тарихи тұлға», «Кет-Бұқа би шамамен 1194-1195 жылдары… дүниеге келген. Домбауыл бидің екінші ұлы», –  деп жазады.

Кетбұғаның Бағаналы екеніне дау жоқ, әйтсе де, оның әкесі «Домбауыл» екені зерттеуді қажет етеді. Басқаны айтпағанда, Кетбұға заманында Домбауыл кесенесі қасқайып тұрғаны қайда! Ол көне заман куәгері – Түркі қағанаты кезінде бой көтерді емес пе?! Ол туралы тарихи негіздерге сүйеніп ертеректе мен де «Имандылық кеңістігі» кітабымда өз пікірімді кеңейте жазғанмын. Сондықтан қысқаша атап кеткім келгені Қойшығара Салғарин зерттеуі ақылға қонады. Бұл ойды Ш. Уәлиханов, Ә. Марғұлан, Т. Жұртбай, т.б. ғалымдар саралап, қисынды пікір қалдырды. Сондықтан Домбауыл кесенесі Бірінші Шығыс Түрік қағанатының үшінші қағаны – Муган, яғни Мұқан қаған құрметіне тұрғызылса керек.

Әбілғазы Баһадүр-хан «Түрік шежіресінде» моңғолдардың (сиуңнулардың) Түрік мемлекетінен бөлініп, жеке хандық ретінде өмір сүре бастауының түріктің Аланша ханының тұсында болғанын, олардың Ертағы мен Кертағыны жайлап, қыста Сырдария мен Қарақұмды мекендегенін жазатыны бар ғой. Түрік қағанатының іргесін қалаған, шаңырағын көтеріп, айбынын асырған алғашқы қағандар – Бумын қаған, Істіми қаған, Мұқан қағандар мен Қорқыт атаны оның замандастары болған аңыз кейіпкерлерін тағдырлас, сырлас етуі де мүмкін ғой. Міне, біз енді осы мәселеге зер салмақпыз. Қорқыт атаның тұстасы, замандасы болған – Домбауыл күйші, мерген. Ал «тастан өріп жасаған биік дың архитектурасының жиі кездесетін жері Орталық Қазақстан, оның ішінде Ұлытау ауданы… Ең сәулетті дың – Домбауылдың кешені…» (Ә.Марғұлан). Ол Жошыхан күмбезінің іргесінде тұрғаны анық. Домбауыл есімі, оқиғасы құланға қатысты өрбіп, әр саққа жүгіреді. Ал, қай қазақ, қай хан, қай қаған ит жүгіртіп, құс салып, саяткершілік құрмады? «Кентаврлар» – арғымақпен желдей есуімен, асауды бас үйретуімен, тағы жылқы, құланды қолға үйретуімен ерекшеленеді емес пе? Демек, сонау сақ, ғұн, түрік, қазақ дәуірі де ат-тұлпарсыз болған емес. Демек, Домбауыл есімін Шыңғысхан мен Жошыхан дәуірінен әрі апарғанымыз жөн болар. Себебі Жошыханды құлан шайнап өлтіруіне байланысты Домбауыл «құл-сақшы» ант-су ішіп, «құланды қырып» тастауы ақылға сыйыңқырамайды, сол «қызметі үшін» VІІІ-ІХ ғасырда қалақтастан «кешене тұрғызуы» қисынға келмейді және оны «Құлдың тамы» десе жараспас па?

Осы ретте ғалым Тұрсын Жұртбаевтың «Кетбұқа» тарихи әфсанасындағы мына бір жолдар назарға ілігеді. «… Сол Жошыхан мазарын өлгеннен кейін де қорғап жатқысы келгендей, дәл жанында Домбауылдың кешені асқақтайды». Бұл аталмыш дыңның бұрыннан бар екенін қуаттаған тағы бір ірі ғалымның пікірі. Сондықтан дәл берілген баға іспеттес. Неге десеңіз? Жошы тағдыры – қиын да күрделі тағдыр. Ол Шыңғыс қағанның үлкен ұлы бола тұра, қағандыққа, мұрагерлікке ілікпеген, іші шерге толы, сөйте тұра, біртұтас қазақ хандығының негізін салушы, тарихи тұлға, жұмбақ тұлға. Ал, соның нақ жанында жүрген Дешті Кыпшақтың Ұлық биі Кетбұға болса, Шыңғыс қағанды, тақ мұрагері Огедей, Мөңке қағанды көзімен көрген, қай қайсысының да ішқұса сырларын білген жан. Сондықтан да ол Жошыханның рухани  жанын ұқты, екеуі бірлесе ел мүддесіне хал-қадірінше қызмет етті. Ажалды да ат үстінде, «құлан қуған – саятшылық кезінде» қарсы алатынын Кетбұға білген. Қаһарлы қағанға көңіл айтуға – «Ақсақ құлан» күйін арнады. Бұл да досы, бәлкім, құрдасы, сырласы Жошыға деген құрмет, мәңгі мұра, сол сияқты 1228 жылы «…келер жылы жазда Жошыханға Кеңгір өзені бойында күмбез салдырғаны анық».

Осы жерде сәл шегініс жасап ой жүгіртер болсақ, қадірі «өткен ханды Алашахандай ардақтымыздың қасына жерлеп, күмбез орнатудың орнына («кейін Домбауыл құл-мергенді әкеліп кесене салармыз» дейтіндей) кемеңгер Кетбұға ақылынан ауысқан ба?» деген күдік калмас үшін ой безбеніне салған жөн. Мұнда басқа бір терең сыр болса керек. Сондай-ақ, «Кетбұға абызды ілгері-кейінгі дәуір естелігінен, хан, қаған өмірінен хабарсыз болған» деп тұжырым жасауға хақымыз бар ма? – деген сауал да бой көтереді. Оның сонау Заратуштра, Тұман, Мұде, Бумын, Істеми, Мұқан қағандар өмірінен, мол дерегінен бейхабар болуы мүмкін емес. Өйткені оның санасында Күлтегіннің арғы-бергі тарихы сайрап тұр. Ол Тата-тұнғаны тектен тек жақын тұтып, Шыңғысхан төңірегіне әкелген жоқ. Бұған дау бар ма? Ал, хат таныған  көзі ашық бұл бабаларымыз әлемді таңқалдырса, Кетбұға сауатсыз еді деуге ауыз бара ма? «Қазақтың қысқаша тарихы» кітабында атақты білгір Н.Мыңжан: «Тоғыз таңбалы Найман дегеніне қарағанда, бұрын осы рулардың барлығында да айырма таңба болған сияқты, шежірешілер: «Теріс таңбалы тайпасының – аты Домбауыл» екен, Найманның ноқта ағасымын деп, басқа Найман тайпаларына (сегіз тайпаға) таңба үлестіріп, өзіне таңба жетпей қалғандықтан… теріс таңбалы аталыпты», – деп жазады. Мұнда да Домбауыл тегі тереңнен сыр тартады. Осының бәрін Кетбұғы баба білген, санасында сан зерделеген. Осы ойларын ұрпаққа сабақтауды ойлаған. Ұлытау киесін бағалаған. Демек, Домбауыл кесенесі Жошыханға дейін бар, оның рухы «Жошыны жебеп» жүрсін, тірісінде қол жетпеген тақ мұрагерлігі, қағандыққа, бақида жетсін, – деген ниетпен әдейі әкеліп жерлеген, күмбез тұрғызған. Сөйтіп, Домбауыл мен Жошыхан кесені «ансамбль» кұрған. «Қорқыт жырының бір тарауы – «Доқа Қожаұғлы ер Домрул». Қазақ әфсаналарында «Тоқаұлы Домбауыл, қият тайпасынан». (Ә.Марғұлан).

Сонымен Домрул – Дизабул – Домбауыл каған Ұлытауда (Жошыхан күмбезі маңындағы, сонау замандағы Домбауыл қаласының маңына) жерленген деуге тұрарлықтай ой мезгейді. Әлбетте, бұл мәселені тарихшылар тереңдетер деп есептейміз.

Ал, біз өз тарапымыздан Ұлытау төңірегінде небір заманның куәгері болған балбал тастар көп болғанын білеміз, оның белгілі бір оқиғалар тұсында әр тараптан жиналып келген өкілдердің ұлы тұлға құрметіне белгі ретінде қалдырғанынан да хабардармыз. Осы хақында да бірер ой тастағымыз келеді. «Мұқан қағанның әлемнің тең жартысын жаулап алып, Қытай, Парсы, Рим империяларымен елші алмасқаны мәлім ғой. Олай болса, Домбауыл кешені маңындағы ұзын-ұзын алып балбал тастарды «кездейсоқ тастар» деп айта аламыз ба? Ондай көзқарас қалыптастыру обал болмас па екен? Аты әлемге әйгілі қаған дүниеден өткенде әлемнің әр түпкіріндегі мемлекеттерден келген аза тұтушылардың қаған құрметіне балбал тас қашап қою дағдысы бар емес пе еді? Оның Мұқан қағандар дәуірінде дәстүрлі жағдай екені тарихтан белгілі. Әрі ұзыннан-ұзақ сап түзеген балбал тастар қатары сол елдердің сан межесін аңғартады ғой». (Т. Құлманұлы «Имандылық кеңістігі», 188-бет).

Демек, Кетбұғаның әкесінің аты Домбауыл емес, басы ашық мәселе ол Жошыхан маңындағы кесене иесі емес.

– Кетбұғаның дініне қатысты қарама-қайшы пікірлерге алғаш тойтарыс берген,  шынтуайтында дұрыс тұжырым айтқан ғалым кім деп ойлайсыз?

Тұрсын_Жұртбай

– Аузыма алғаш түсері ғалым – Тұрсын Жұртбай. Найман тайпасы жат дінде деген ұғымды «тарихқа таңба» басқандай шегелеген саясат салқыны оның ақ-қарасына зер салуға мүмкіндік берер емес. Ол «солай ғой» деп, әлдеқашан жазылып кеткен жазбаларды алдыңа тоса береді. Мұндай сорақылықтың бір көрінісі ретінде Кеңес кезінде әнге қосқан «Ақ көгаршын» әнін атауға болады. Оны көкейімізде «өшірілместей» жаттап, «бейбітшілік» символы ретінде өн бойымызға «сіңіріп» алдық. Оның «қасиетті Иса пайғамбардың көкке ұшқан рухы» деп білетін христииан дінінің символы екенінде қайсы бір қазақтың еш шаруасы жоқ. Тарихты мұндай бұрмалау, тарихи тұлғанының «өңін айналдыру кімге тиімді?» дегенге ой жүгіртуге кейде «уақытымыз болмай жатады-ау!» деймін. Соның бір мысалы 2005 жылғы «Жұлдыз» журналының қараша айындағы санында жарияланған «Құлагер трагедиясы: қауесет пен қиянат» мақаласында да келтіріледі:

«Ақан мен Құлагер трагедиясында  да таптық тарихтың сорақы іздері сайрап-ақ жатыр. Алайда, санаға сіңірілген тұжырымдары өзгерте қою, мидан сылып тастау өте қиын. Иә, «Моцартты, Сальери, Пушкинді – Дантес, Қозыны – Қодар, Төлегенді – Бекежан өлтірді» дейміз. Алайда аңыз өзінше, ақиқат өзінше өмір сүріп жатыр. Ал ауыз әдебиеті деген құдыреттің күшіне ешкім төтеп бере алмайтын. Тарих бейбақ: «Төлегенді өлтірген Бекежан емес, Қарабалта деген қарақшы, Бекежан Жібектің рулас ағайыны, ағасы» деп қаншама зар қақсаса да «Қыз Жібек» дастаны, «Қыз Жібек» операсы мен киноэпопеясы оған құлақ аса алмады. Өйткені тарих аңыз бен ақиқат қоспасы арқылы түзіліп, миллиондар санасына сіңіп үлгерді. Ал король сарайының бас концертмейстері болған Сальеридің «Моцертты у беріп өлтіргенін» ешкім ештеңемен дәлелдей алған жоқ. «Солай екен» делінуі мұң екен, тұжырым тас-түйін жасалып, тарады да кетті. Құлагердің өлімі де сондай», – деп жазады әлгі мақала авторы Серікбай Алпысұлы. Бірақ…

Дегенмен қазіргі егемен елдің тарихи мәселеде де өз тұжырымы болуы керек. Мұрағат деректері қанша қажет десекте, онда да әр кезеңнің өз саясат салқыны сақталады. Ол шындық.

Бағаналы көне заманнан-ақ іргелі ел екені мәлім. Оның қас  батырлары халық ауыз әдебиетінің ертеден-ақ кейіпкері болған. Шоқан Уәлиханов, Әлкей Марғұлан зерттеу-еңбектерінде «Манас» жырындағы Ер Қосай, Ер Үрбінің шыққан тегі Найман, оның ішінде Ұлытау, Кішітау бойын жайлаған Бағаналы екендігі дәлелдеген. Құлағу әскерінің  құрамында аты мен аспабына дейін жез құрсанған, жез оқты Бағаналы батырлары бөлек жүргенін тарих шежіресі жазып кеткені мәлім. Алғаш рет Батыстағы Қоқан хандығын басып алған да Бағаналы әскері, Кетбұға қолы екенін екінің бірі біле бермейді.

Құтыздың қолына түскен Дешті Қыпшақтың ұлық биі Кетбұғаға құрметпен қараған Бейбарыстың дұшпаннан кек алғаны мәлім. Сондықтан да ол араға уақыт салып атамекенмен байланыс орнатты. Демек, Кетбұға ұрпағына да қолынан келгенінше қолғабысын аямады деген сөз. Соның арқасында олар да таршылық көре қоймаған да болар. «Найманның бір баласы – Бағаналы» шежіресінің 4-бетінде: «Найманбайдан – Ел ата – Серікбай – Кетбұға – Қызғыш, Құсша», – екендігі тарқатылған.  Тарихтың қатал үкімі бабалардың ұрпақтарын небір қиын-қыстау заманның сынағына салғандықтан үзіктің орын алуы заңдылық. Сол үзікті жалғастыруда Ұландықтар жинаған Кетбұға ұрпақтары жайлы деректерге ризашылығымды білдіремін. Маған «Ұлан есімі – Ұлағат бесігі» кітабын тарту еткен Қазақ ССР-ның еңбегі сіңген әртісі, профессор Бекболат Байсағатов бабалар ұрпағын зертеуде сіңірген еңбектері туралы тұшымды әңгімелеп берген-ді. Кітапта Кетбұғадан тараған батыр бабалар мен Мәмбет би, Ақтана би, Боқбасар би, Бөрі би, Шоқай би, Рысқұл би, Ахмет-Әлі би, т.б., бірқатар есімдердің келтіруі көңілге демеу. Дегенмен ғылыми тұжырымда байсалдылық қажет.

Сол сияқы Кетбұғаның дініне де шүбамен қарайтындар табылуда. Сөйтіп, оны кәпір ретінде қарастыру, шеттету ұғымын қалыптастыруға талпыныс байқалуда. Ол пиғылдың «Мұса пайғамбардың мінәжатханасында ап-анық, айқын да ашық түрде «1249-1260. Кетбұқа» деп  жазылғаны…» (Камал Абдрахманов, «Хан батыры – Қаракерей Қабанбай» кітабы) – деген Камалдың дерегіндегі адал ниетті теріс пайдаланғысы келетіндердің қылығы. Мұсылман қауымы Алла тарапынан түсірілген төрт қасиетті кітапқа сенеді. Пайғамбарларға күман келтірмейді. Күмәнді жан мұсылман саналмайды. Тұрсын Жұртбайдың «Тоғыз хатун – несториандық сенімде  болған шығар, бірақ Кет-бұқаны дәл сол кезде оған жатқызуға болмайтын. Өйткені, Жошыхан дәргейіндегі ұлысын мұсылмандардың Одағы деп жариялап, өзі де сол дінді қабылдаған. Оның Ұлығ биі – Кет-бұқаның одан сырт қалуы мүмкін емес. Дешті Қыпшақ дерліктей Мұхаммед үммедіне көшкен», (Тұрсын Жұртбаев, «Қазақ әдебиеті», газеті, 12-наурыз, 1993 жыл, 14-бет) – деген ғылыми дәлеліне неге қайта-қайта күмән келтіре беруге әуеспіз?

Кетбұғаның ұлық істері мен ішкі рухани дүниесінің адалдығына күмәнді сейілтіп, туған халқына арналған берекелі еңбегін жоққа шығаруға ұмтылысты тию қажет. Оның ендігі жерде лайықты бағасын алғаны жөн. Осы ретте Жезқазған қаласында көше аттарын беруді қолға алғаны, Ұлытау ауданында ескерткіш орнатқаны бабаға арналған құрмет белгісі. Ол өгейсімейтін ұлы тұлға. Қайта ұрпағы оларға лайықты бола білейік.

Кетбұға абыздың туған елі, мекені, жайлау қоныстары хақында Қазақ энциклопедиясында былай дейді: «Кетбұға Орта жүз Найман тайпасының руы. Ол көбінесе «Бағаналы» деген атпен мәлім. Өйткені, Кетбұғаның рулық таңбасы – Бақан болған… Тарихи деректерге қарағанда Шыңғысхан Наймандарды талқандағаннан кейін, Кетбұға жоғарғы Ертіс пен Алтайдағы өз қоныстарын тастап, Батысқа қарай жылжыған. Кетбұғалар қыста Сарысу, Шу өзендерінің төменгі сағасын, Қаратаудың батыс бөктері мен Сырдария жағасын мекендеп, жазда Ұлытау, Арғанаты таулары мен Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Жезді өзеңдерінің алқаптарын жайлаған». «Төрт Төлекатайдың ұрпақтары қазір Семей, Жетісу өңірінде… Сөйтіп, Кетбұға мен Келбұға ұрпақтары Ұлытау мен Шу өзенінің арасын ертеден қоныс етіп келеді». (Материалы по киргизскому землепользованию, 9-том, С-Петербург, 1905 г.).

Шығыс Қазақстан облысының қазақтары айтатын бір нұсқада «Сарманай атты кісіден Арғын, Найман атты екі ұл туған екен» дейді. Бұл әңгімедегі «Арғын – аға баласы, Найманмен бірге туған» деген қисынға айналып соғатынын байқаймыз.

«Арғын ұрпағы өсіп, алты ауыл болғанда, Найман бір-ақ ауыл болып қалып қояды. Мұның себебі, Найман шалдың Тоқпан атты жалғыз ұлы болыпты. Оның өзі де 26 жасында дүниеден өтіпті. Бұл бір кез Найман ақсақал 96 жаста екен. Жесір қалған келіні Ақсұлу атасын жас қызға үйлендіреді де, оны атымен атамай «Қыз еней» атапты дейді. «Қыз еней» жүкті болып, ұл туыпты. «Құдайға шүкіршілік еттім» деп Найман ақсақал нәрестенің атын Шүкірше қойыпты. Сол Шүкіршеден Ақсұлу екі ұл туады. Сол ұлдардың біріне – Келбұға, екіншісіне – Кетбұға деген ат қойылыпты». Мұндағы «Шүкірше» мен Ұлытаулықтар шежіресіндегі «Сүгіршінің» дыбыстық қана айырмашылығы аңғарылады. Сондай-ақ, Келбұғаның жасы Кетбұғадан үлкен екенін айғақтай түседі.

«Найман ақсақал өлген соң «Қыз енейді» Сарманайдың тағы бір шөбересі Елатаға қосады. Ол Найман атаның орнына қалған «Ноқта аға» атанады. Елатадан – Балталы, Бағаналы деген екі ұл туады. Қазіргі кезде Ұлытау маңын қоныстанған наймандар солардың ұрпақтары», – дейді.

Көкейге кептелетін бір түйін: көпшілік айтатын әңгімелердегі «Найман шал» сөзі шартты түрде алынбай ма екен? Оның астарында Найман патшалығының, Күшілік ұрпағының шашыраңқы келбеті көмескіленбей ме? Олай болар себебі, Найман сөзінің ілгеріден бары анық, Рубасы Найман бабамыз да 83, яки 93 жасында қасірет құшып, Алланың демеуімен ұрпағын қайта жалғапты деседі. Кей әңгіме 130 жасағанын айтады. Бұл ұзақ ғұмырда оның алған орны қайсы? Тарих қай тұстан мүлт кетті? Бәлкім, ол, шынында да, зерттеуші-ғалымдар тұжырымдағандай, Найман патшалығы хандарының тікелей ұрпағы, заңды жалғасы шығар? Әйтпесе, Тата тұнға, Кетбұға сынды ұлылар ғылымға, ел басқарған билікке қалай жақын бола алған? Кетбұғаға Шыңғыс ханның сенім артуында, Ұлы Дешті Қыпшаққа Ұлық би болуында не сыр бар? Мұны анықтау тәуелсіз қазақ елінің тағы бір қырын аңғартарына күмән жоқ.

Сондай-ақ, кейбір деректе Найман атаның Құлманай деген жиырма жасар баласының он бесінші ғасырда қайтыс болып, Қызеней  анамыздың ақылды шешімімен бүгінгі ұрпақтың аман қалғаны айтылады. Әйтседе бұл деректердің қисынға келетін-келмейтін тұстарына пікір білдіре кетпекпіз. Пікір-талас көбіне «Найман ру ма, әлде тайпа ма, әлде патшалық па?» дегенге саяды. «Найман тарихы ілгеріректен бе, әлде баласы қайтыс болғаннан соңғы тірліктен ғана бастала ма?» деген сауалдар төңірегінде өрбиді. Таластың өзі осыған орай әр қилы құрастырылады. Егер ХV ғасырда тоқсандағы Найман атамыз Қызеней анамызды алып, одан туған бала он жетіге толғанда оны Жезетек анамызға әперіп, Сүгірші туса, одан Төлекатай ұрпағы өсіп-өнсе, уақыт қай кезеңге келіп қалғаны? 1185 жылы туған Кетбұға атамыз қайда қалды? Қайсыбір деректерде кезігетін Қаражал-Жәйрем төңірегіндегі  Қытай атамызды қай кезеңнен іздейміз? Бағаналы мен Балталыны қай ғасырға телиміз?

Шыңғыс қаған туралы әлі күнге бір тұжырымға келе алмаған тарихи деректер әр қиырды шарлаумен жүр. Сол себепті оның баласы Жошыхан жайлы да әр түрлі дүдамал жорамалдар таралып келді. Демек, оның тұстастары хақында да осыны айтамыз. Солардың қатарында Кетбұға абыз, Бағаналы, Найман туралы да қисынсыз мәліметтер етек алды. Ғалымдар тұжырымына сенсек, Монғолдың 38 ханы ішінде тек бесеуі ғана хандардың ханы, яғни «Ұлы қаған» атаныпты. Солардың қатарына Жошыханның баласы әлемді дүр сілкіндірген Баты хан кірмегені қалай?! Мұның астарында Жошыханның қазақ жерінде өз ұлысын құруы, салт-дәстүрін ұстануы, үшінші ұрпағынан бастап мұсылмандықты қабылдап, қыпшақ тілінде сөйлеуі жатқанын аңғару қиын емес.

Жошыханның қырық ұлының ішінде Қырым мен Орта Азия жерлерін, Алтын Орда мемлекетін билеген  он төртінің ғана есімі тарихта белгілі.

«Жошы-қыпшақ ұлысының» негізі кімдер дегенге келсек, әлбетте бұрынғы Көк бөрінің ұрпағы – Көк Түрік хан әулеті екені даусыз. Ендеше, Ертағы, Кертағыны жайлаған жұртты қазақ тарихынан бөле-жарып ала алмаймыз, дініне де күмән келтірудің қажеттігі шамалы.

Халық санасына ертеден орныққан киелі орындарды бағалай білу, ел үшін қасық қанын аямаған ата-бабаларымыздың құт мекендері жайлы кеңірек білуі ұрпақ көкірегіне ұлттық сананың берік орнығуының кепілі. Өз жақыны, қазақ батырларын, елдің қамын жеген арда бабалардың ісін сыйлап өскен жас қатыгездіктен, безбүйректіктен, имансыздан ада болары анық. Қай өлкеде болмасын қазақ хандары мен батырларына, ақындары мен жазушыларына, қоғам қайраткерлеріне ізет білдіруге дағдылануымыз керек. Ол үшін қазақ тарихы мен шежіресін ажырағысыз тұтас дүние ретінде қарастырып, насихаттаудың маңызы зор.

         – Сіздің Шыңғысхан – Жошыхан – Кетбұға – «Ақсақ құлан» деген тұжырымға келуіңізге не себеп болды?

– Шыңғысхан дәуірін қазақ тарихынан бөліп қарауға болмайды. Өйткені ол кезде біздің ел өмірінде көптеген тарихи ірі оқиғалар болды. Ғалымдарымыз айтып жүрген «киіз туырлықты Моғол ұлысы – түркі, моғол екені аян. Қазіргі ғылыми деректерге көз жүгіртсек, Шыңғыс хан әскерінің құрамы керей, найман, уақ, жалайыр, қоңырат, қыпшақ, үйсін, Кіші жүз тайпаларынан тұрса, моңғолдарға тиесілі үлес – 5 пайызды құрайды екен. Өңгелерін жол-жөнекей уақытша ғана пайдаланып отырыпты. Шыңғысханның әлемдік сахнаға шыққанынан түркі эностары ұтылысқа шықты деп айту қиын.

шынғыс хан

Шыңғысхан 1224 жылы Жошы хандығын құрды, елін «Жошы-қыпшақ ұлысы» деп атады. Ұлыстың тілі – Қыпшақ тілі, діні өзгеріссіз қалды. Шағатай, Өгедей, Тулуй, т.б., өз ұлыстарындағы соғыстан түскен пайданың белгілі мөлшерін Жошы-қыпшақ ұлысына, бөліп беріп отырды. Бұл басымдылық біздің әлі күнге көкейімізде жүрген «кейбір күдіктерге жауап» десе де болғандай. «Жошы-қыпшақ ұлысының» негізі кімдер дегенге келсек, әлбетте бұрынғы Көк бөрінің ұрпағы – Көк Түрік хан әулеті екені даусыз. Ендеше, Ертағы, Кертағыны жайлаған жұртты қазақ тарихынан бөле-жарып ала алмаймыз, дініне де күмән келтірдің қажеттігі шамалы.

Бүгінгі ұрпақ Жошыхан дәуірінде елге еңбегі сіңген бабалардың ірі тұлғаларын көз алдына келтіруі қиын  десек те, сол кезеңге қатысы бар тарихи оқиғаларды жадынан шығар алмасы аян. Сол себепті мектептің оқулықтарына іліккен кейбір аңыз-үзіктер бала санасында жаңғыра бермек. Соның бір айғағы 5-сыныпқа арналған «Әдебиет» оқулығындағы «Аңыз әңгімелер» топтамасында «Ақсақ құлан, Жошы хан» тақырыбымен берілген үзіндіде «…баласының өлгенін Жошы ханға… бір домбырашыға күймен айтқызады» деп жазады. Осындағы оқиға, оқиға кейіпкерлері, күйші-домбырашы әркімге-ақ сыр айтады. Бірақ, «Ақсақ құлан» күйінің шығарушысы – Кетбұға екені талас тудырмағанмен оны оқушыға түсіндіруде нақтылық, дәлдік жетпей қалып отыр. Сондықтан Кетбұға да, күй де, хан да аңыз кейіпкеріне айналды. Мұндағы қуанышты жай – атақты бабамыздың аңыз кейіпкері бола білуі. Оқиғада аңшылар деп берілгені ханзаданың нөкерлері екені, «жұлмаланған қолдың – шынашақ» екені ересектерге түсінікті. Одан өңгесі сіз бен бізге байланысты. Бір ғажабы бұл әңгіме біздің елдегі айтылатын әңгімеге (салыстырмалы түрде ұғынықты болу үшін өзге де нұсқалар барын білдіру үшін бөліп атап отырмын!) өте ұқсас.

«Жошы ханның ашамайға мінген жас баласы аңшылармен бірге жүріп, бір жерде ақсақ құланды қуып кетеді. Ақсақ құлан жүйткіп бара жатқан бір топ құланға қосылыпты. Баланың астындағы еріккен тұлпар елігіп, құйрығын шаншып құйғытып, құландарға қосылады. Құланның әңгісі баланы шайнап өлтіріп кетеді. Аңшылар баланы іздеп таба алмайды. Жошы аңшыларға қаһарын төгіп: «Баламды тауып бер» деп қалың кісіге іздетеді.

«Баланы өлді» деп естірткен адамның құлағына қорғасын құямын деп жарлық қылады. Аңшылар бір жерден баланың жұлмаланған қолын табады. Енді ешкім баласының өлгенін Жошы ханға айта алмайды. Ақыры көпшілік ордада отырып, бір домбырашыға күймен айтқызады. Сондағы күйдің айтқан жыры мынау екен:

Еріккен тұлпар құнан да,

Ордалы үріккен құланға

Құйғытып ойнап қосылған…

 

Өлім деген Тәңір ісі,

Желіккен құлан әңгісі,

Құлан мен тұлпар еріккен,

Жосыған құлан желіккен,

Балаңды шайнап өлтіріп,

Жұлмалап жалмап кетіпті,

Ордалы құлан шошыған.

Сөзді айтып, зарлаған

Домбыраның балаңды

Естірткені осы хан!

Өзгеге артпа жалаңды,

Еліктірген балаңды

Сол қу құлан, ту құлан.

Ақсақ құлан, Жошы хан!..

Илан ханым осыған!!! (Әдебиет, жалпы білім беретін мектептің 5-сыныбына арналған оқулық, (Ә.Дайыр, Қ.Айтқалиев, Ш.Беркімбаева, Г.Құрманбай), үшінші басылымы, өңделген,  Алматы: Атамұра, 2010 жыл, «Ақсақ құлан, Жошы хан», 93-94-беттер).

Ел аузында бұл тақырыпта сан түрлі деректер бар. Олай болуы заңды. Ең бастысы аңыз желісінде болса да оқиға негізі, желісі сақталды. Демек, халық үшін ол аса маңызды кезең болды. Осы әңгіме құлағына тиген шежіреші Мәшһүр Жүсіп: «Алаша ханның Жошы хан деген жалғыз баласы болыпты. Құлан қуамын деп, бала астындағы аты желігіп, құланның әңгісіне еріп, қазасы содан болып, бала аттан жығылып, құлан теуіп өлтіріпті.

Алаша хан, Жошы хан,

Ақсақ құлан жосыған.

Құлан теуіп өлтірді,

Бұйрығын ақтан келтірді, – дейтұғын сөз содан қалған (Мәшһүр Жүсіп, шығармалары, 8-том, Павладар, 2006 жыл), – деп жазғаны да сондықтан. Бір назар аударар тұсы – атақты атамыз «Жошы хан, Алаша ханның жалғыз баласы» деп жазғанда, оны қайсыбір деректердегі Шыңғысханға тіреп отырмағанын назарда ұстау керек. Сондықтанда «Жошы хан деген жалғыз баласы болыпты» деп аңызға айналдырып жазады. «Нақты қадап айтпайды. Себебі тарихи деректерде Жошы кейін ғана хан болды, онда да қаған емес, мұны да ескеру қажет. Сондықтар Мәшһүр атамыз тек аңыз желісін ғана хатқа түсіруді мақсат тұтты. Сол себепті оны тарихи оқиғаға куәлікке тарту обал болады. Бірақ, «құлан қуамын деп», «бала астындағы аты желігіп»,  «құланның әңгісіне еріп», «бала аттан жығылып, құлан теуіп өлтіріпті», – деп оқиға желісін тарқатуы ойлантары анық. Мұндағы ең басты айғақ – «бала аттан жығылып» дегенге тіреледі. Баланың жасы әлі кәмелетке толмағаны байқалады. Өйткені жырда бір көрмеге елеусіз ғана мынадай детальдар келтіріледі.

Мінгені тұлпар құнан-ды,

Ордалы үріккен құланға,

Құйғытып ойнап қосылған, –

деп баланың әлі тай-құнан мініп жүргенінен дерек береді. Құнанның «бесті айғыр-әңгі»-мен шайқасқа түсе алмауы баланың ажалына себеп болған сыңайлы. Сондықтан оқиғаны нақтылап ханға бейкүнә халықты орынсыз кінәламау туралы тілектерін де жеткізеді.

Өзгеге артпа жалаңды,

Еліктірген балаңды

Сол қу құлан, ту құлан.

Ақсақ құлан, Жошы хан!..

Баланы әйтеуір «ханазада еді» деп кейінгілер қаталдық танытып жүр. Әйтпесе… ол бәлкім енді ғана «қалыңдық ойнауды» күтіп жүрген болар, бұл сол тұстағы «бой жазуы» болуы кімнің де болса көңілін босатары анық. Бейкүнә боздақ қыршынынан не үшін, кім үшін қиылды? Солай деуге болар ма? Оны ғалымдардың әлі де тереңдете түскені абзал.  Өйткені ол өмірден аяусыз-ақ өз жазасын тартты ғой…

Әр тараптағы аңыздардың баяндалу санырын байқап көргенімде аңғарғаным: оқиға желісі толық сақталған екен деуге негіз бар. Бірақ түрлі себептермен өзгерістер еніп отырған. Ол заңдылыққа ешкім дау айтпайды.

Бүгінгі тәуелсіз елдің азаматы ретінде тың көзқарасқа бой алдырсақ, бірқатар бұлтартпас тарихи жайларды саралауға тура келеді. Ол – Алашахан мен Шыңғысханның өмір сүрген уақытының сәйкеспеуі, Шыңғысханның баласы жалғыз ғана Жошыхан еместігі, Жошы хан құнан мінген бозбала емес 46 жасында ажал құшқан егде азамат.

Оқиғаны баяндаушылар әсерілеп айтқанды ұнататыны, тыңдарманға да керегі сол екені мәлім. Ақсақ құлан Шыңғыс қаған мен Жошы хан ортасында өрбіген әлдеқайда әсерлі болары әркімге тиімді. Кезінде оның саясатқа да, ұлтаралық қарым-қатынасқа да қолайлы болды.  Қырғыз бауырларымыз оны жолбарысқа талатып қоюы, жолбарысты «Буканың комыз» күйімен ұйқтатып тастауы осының бір айғағы.

Қалай дегенде Кетбұға баба халықаралық аброй-атаққа кенелген әлемдік тұлғалар қатарына жатады. Сол себепті оған қатысты кез-келген деректі сараптамадан өткізіп, түсінікпен қабылдай білуіміз абзал.

Бабалар өсиеті – өткен тарихты ұмытпау, ұлыларды ұлықтауға саяды. Олардың көне сөзінің астарын да дұрыс пайымдау бүгінгі ұрпақтың парызы. Олар салған соқпақ бүгінде көне сүрлеу, бұлыңғыр сорапқа айналғалы қашан. Сол себепті жаңсақ басып, басқа арнаға ауысып кетпеуіміз керек. Ендеше әр сөзге мұқияттылықпен қарап байсалды пайымдаулар жасағынымыз абзал. Бабалар сөзі, өсиеті, нұсқаған жолы, қалдырған ізі шын мәнінде құнды, әрі құрметке лайық. Солардың көзіндей болған жануарлар тұқымы мен қалдырған жәдігерлері, мұраға қалған қазақтың атамекені бізге аса қымбат, әрі ыстық. Қайсы бір деректерде Жошыхан қазасына байланысты құландарды «өшпенділікпен қырғынға ұшырату» мәселесі аса сүйіспеншілкпен айтылуы ойлантарлық жағдай. Аңызға желі болған «ақсақ құлан» тұқымы бүгінде дүниежүзілік фаунада жойылып кету қаупі төнген жануарлар қатарында. Біздің елде де «Қызыл кітапқа» енгізілген. Құланның «пішіні жылқыға да, есекке де ұқсайтын, жылқы тұқымдастығына жататын бір жануар… дене тұрқы 200-240 см., биіктігі 110-140 см, салмағы 130-1-300 кг… Құлағы, құйрығы, дыбысы есекке көбірек ұқсайды… Сағатына 60-70 шақырым жылдамдықпен жүгіре алады.(«Ол кім,бұл не?», 2-том, 1986 жыл, 190-бет), («Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», Алматы, 2008 жыл, 537-бет).

Осыған қоса кетеріміз жылқы тектес жануарлардың өзіне тән, бірақ біз байқай бермейтін бір құпия сыры бар. Ол – өз үйіріне, өз қанына деген адалдық. Тек өз кіндігінен өрген тұқымды ғана үйірінде ұстайды. Жат үйір тұрмақ, кездейсоқ өзге айғырдан ертіп келген құлынның өзін қабылдамайтын болған. Нақтылай түссек, үйір басшысы құлан яғни әңгі «жат иісті», өзге айғырдың тұқымын байқаған бетте оны таптап, шайнап өлтіріп тастайды. Ондайда құлынына еш бие ара түсе алмайды.

Аңыз желісі бойынша бәріміз де құланды кекшіл деп танып, тағы жануар болған соң, қатыгез бейнесінде көрсетіп, ханзаданы шайнап өлтірген «қаныпезер» ретінде қарастырып келдік. Бірақ оған нақты айғақ ешкімде де жоқ болатын. Енді жануарлар әлемін зерттеген ғалымдар көзімен зерделеп қарасақ, құландар «ханзаданы» өзіне қауіп төндіретін «дұшпаны» ғана емес, үйірге араласып кеткен «өзге» тұқым өкілі ретінде де өштесуі әбден мүмкін! Оның үстіне бәлкім, бұл әңгінің үйірге түсіп «арқырап», бар күш-қайратын бойына жинап құтырынып жүрген кезіне тап келуі де мүмкін ғой. Ғылымнан мәлім жайттарды ақыл тезіне салсақ, «күйекке түскен кез-келген хайуанның ешқайсысынан «рахым» күтуге болмайды. Олар өзге түгілі, өз жақынын да құрбан етуге даяр. Ханзаданың мінген тұлпары да жараған күйлі айғыр екенін ұмытпайық. Сонда құлан үйіріне «бір емес, екі бірдей жат иістің еніп кетуі» әңгі-құланның ашуын қоздырып, есінен айыруы заңдылық. Сол себепті түз тағысы әңгі-құланның ханзаданы тұяғымен таптап, азуымен шайнауына, оның мінген айғырын үйірден жедел қуып шығуына толық негіз бар. Ендеше, «жас ханзада кездейсоқ табиғат апатынан жазым болған» деуімізге болатын тәрізді. Демек, осы уақытқа дейін «кейбір саясатшылардың»  ойлағанындай ханзада арқа өңіріндегі құландардың жаппай көзін жоюға жол сілтеген «қанқұйлы қарақшы» емес, керісінше, маңайында топталған нөкері барында «балалық, жастық желігімен дандайсығанымен» қарапайым ғана пенденің бірі. Көптеген айтушылардың сөз саптасында «жас ханзада» дегеніне қарағанда жасы бәлкім, он үш-он бесте болуы да мүмкін, тіптен одан да жас шығар? Әйтпесе ат жалын тартып мінген болса, соңында ұрпақ қалып, әңгіме жалғасы табылған болар еді ғой?! Жастық албырттық сақтық шарасын естен шығарып алды. Оның үстіне ұшқыр жүйрік айғыр да делебесін қоздырды… Сөйтіп, ажалмен бетпе-бет қалып, оқыс жағдайға тап болды.

Сондықтанда қарапайым халық қыршын жастың қазасын шын пейілімен аза тұтты… Оған қасиетті Ертағы, Кертағы жерінен бір уыс топырақ бұйыртты. Жадында сақтап, басына дұға оқып жүрді. Бұл қазақтың ғана менталитетінде, әдет-ғұрпында, салтында бар асыл қасиеті. Басқаны қайдам, жас бала-ханзаданың кейпі қазақ көкейінде пәк қалпында сақталды.

Жошы жағдайы сәл басқарақ, өйткені ол – Хан! Оны табалаушылар жыртылып айырылады, тіпті ондайлар бірге туғандары арасынан да табылады. Соны ойлағанда Жошыхан жүрегі қас айрылып, «сүйекке түскен таңбадан» қалай құтылудың жолын білмей жанталасты. Елден, жанашыр жандардан демеу күтті. Олай дейтініміз, Жошы қазақ елі үшін бірқыдыру жақсылықтар жасады. Тіптен, әке үкіміне де қайшы келіп, бауырларына да қарсы тұрды. Қазақ халқының дербестігі сақталып қалуына ұйтқы болды. Ендеше, оның сол қазақтан басқа арқасүйер кімі бар? Сондықтан да «бала өлді» деп естіткеннің «көмекейіне қорғасын құямын!» – деді.  Енді қайтсін? Бұл тығырықтан Жошы мен қазақ тағдыры бірге аман шығуы қажет! Ол кезек күттірмейтін қажеттілік болатын!!!

Сәл зер салайықшы. Қырықтың қырқасына шыққан беделі асқақ хан қандай ат мінеді? Жырда «Қуып ақсақ құланды, Мінгені тұлпар құнанды» деген сөз бірнеше қайталанады. Ел билеген Жошы хан тұлпар мінсе жараспас па, ол неге аяқ артар ат таппай құнан мініп, құлан қуып жүр? Жошы ханға құнан міну жараса ма? Ендеше ол сөз «Сол қу құлан, ту құлан, Балаң өлді – Жошы хан!» деп Жошының өзіне тікелей арнап айтылып тұр емес пе? Жошының бірнеше әйелінен көптеген балалары болғаны мәлім. Бірақ тарих сахнасына шыққандары санаулы. Бұл да ескеретін жай.

Жошы хан 1223 жылы Үргеніш шайқасында ауыр жараланады,1225 жылы күзде 46 жасында қайтыс болады. Осы деректі сөйлетіп көрсек, ақылға сиятұғын тұсы бар. 1225 жылы Шыңғысхан ия жорығына жиын ашады, оған науқасы асқынған  Жошы хан келе алмайды. Бірақ күншілдер қағанға «Жошының науқас дегені бекер, есен-аман Қыпшақ даласында құлан аулап жүр» деген қауесет таратады. («Қазақ халқының тарихи тұлғалары» қысқаша анықтамалық, 2-кітап, Алматы, 2013 жыл, 19-бет). Қаған қаһарланып атқа қонғанға дейін «науқас жан» нақ сол тұста қаза болды. Шыңғысханнан қорықса, жан сауғалап жиынға неге бармайды? Ол неге құлан аулап, сейіл құруға тиіс? Талай жорықта батырлығы мен батылдығымен көзге түскен қайсар Жошының «құлан аулаған кезде садақ тарта алмай аттан құлап мертігуі» қай сасқаны? Мұны әке қаһарынан қорқып, ажалын құнанға жабу үшін істеген айласы деу ақылға сия ма? Өздері хан көтерген қазақтардың аяқ асты «ақсақ құланнан» Жошыханның ажал табуын қазақтың игі жақсылары құп көріп,   1228 жылы құрметтеп (арғын, қыпшақ, керей, қоңырат, қаңлы, т.б.) мазар салуы қаншалықты шындыққа жақын? Жошыханның ұрпақтары басқарған Алтын орда мемлекетінің – халқы біз екеніміз анық, Жошы ұлысы – 260 жыл салтанат құрды, Алтын орда теңгесі «Жошы теңгесі» аталғаны белгілі. Жошының ақ ордасы бүгінгі тәуелсіз Қазақ елінің іргесін қалаған Жошы өмірінің соңғы сәтінде шынымен-ақ соншалық бишара күйге түсті ме?  Бұл еш қисынға келмейді. Ендеше ол «құйтырқылықты» қоштаушылар ниеті маған түсініксіз?!

Кетбұға жанының ширығуы сондықтан..! Бұл – тарихи оқиға! Тарихтың жаңа бағытқа күрт бұрылатын тұсы. Елдік туы құлай ма, мәңгілік желбірей ме, ол дәл осы сәттегі шешімге тәуелді-тін!.. Кетбұға өз басына төнетін қатерді білсе де, халқының болашағына, келер ұрпақтың өзін ақтап аларына сенді…Өйткені соңында еліне арнаған сан тарау күйі, естіге арналған өсиет сөзі, аңызға тиек болар жыры, атқарылған елдік істері қалды…Қарттық тақалған шақта «ел-жұртты тастап, өзге елде ғұмыр кешуі» де сол шешімнің қуаты болатын. Елдегі қалыптасқан шиеленісті оқиғалар, әкесі мен ағалары арасындағы туындаған қиындық ерте ме, кеш пе, қазақ халқына зауал тудырары анық болатын. Ол апаттың бетін алу жолы қайсы?

Кетбұғаның кейінірек Шыңғысханның тікелей нұсқауымен алыс сапарға бел бууы да осының салқыны еді. Оны араға жылдар салып ұрпақтары түсіне алар ма екен? Әлде…

Ханзаданың өлімі жабайы құланнан әшейін өле салған «масқара» оқиғаның бірі ғана болып қалса, ел бетіне жағылған қара күйе болар еді. Атқа мініп, ерге орнығып отыра алмаса, оған «тізгін ұстап» не керек? Тізгін демекші, күні ертең «ел тізгігін ұстайтын» ханзадалар сыйқы мынау болса, не үміт, не қайыр? Елге түсер салмақ жүгі осында жатыр, хан тұқымының сүйегіндегі таңбаның бірі де осында! Мұны әлі күнге ел, жалпы жатжұрттықтар айтпай, табаламай жүр ме?! Кетбұға күйі осы қасіретті домбыры мен қобызда сан мәрте зар етіп төгеді. Тағдыры қасіретке толған, беймәлім ханзадаға өлмес мұра сыйлап, Жошыханның еңсесін көтерген сыңайлы. Бар сырын, ой түйінін, өмірдің толғақты сәтін домбыра мен қобыз сарынына түйіндеді. Ол бертінде аңыздарда түрліше құбылды. Сыр құпиясы жыр түйіндерінде сөгіледі…

Ханзаданың ат құлағында ойнайтынына еш күмәнім жоқ. Өйтпеске қатал дала заңы жібермейді. Ағаттық баланың жылқы тектес жануарлардың мінез-құлқын меңгерудегі тәжірибесінің аздығында, құланның өзіндік ерекше табиғи заңдылықтарын игеруі жетіспей қалғандығынан кеткен тәрізді. Ауылдағы үйірлі жылқы мен түз тағысында қайтсе де, айырма болмай қоймайды. Қазақта: «Ажал алар кезінде пенденің көзін байлайды, ештеңені аңғара алмайды» деген сөз бар. Сондықтан бұл да пенденің өлшеулі ғұмырының бітуіне тура келген бұйрық-тын!.. Ой түйіндеп көрейік:

Біріншіден – топ құланды көрген ханзада астындағы жарау құнанның еліктеп кетуі, екіншіден –  ию-қию араласқан үйірлі құлан тобырында тізгінді ұстап қалу іс жүзінді мүмкін емесі анық, сол себепті аттан жығылуы да ғажап емес.Тағы бір есте болары, мерзімнің мамыр-маусым аралығында өтуі, бұл кезде кейбір сай-салада әлі де қар ызғары сақталып, жер ылғалды болуы да мүмкін. Ол да аттың жазатайым сүрінуіне, баланың жазым болуына себепкер. Өйткені әңгінің үйірге түсу мезгілі осы тұсқа сәйкес келеді, үшіншіден – үйіріне араласып кеткен «бөгде саяқ» ретіндегі «нысанды» байқаған «ақсақ құланның» ханзадаға деген «қанына сіңген табиғи өшпендігін» өршіткен. Қазақ мақалының бірінде «Бестінің бетіне келме», «Бесті айғырдың беті қатты» дегенді айтады. Ол дегеніңіз, бесті айғырдың үйірге түсер кезде ашуы қатты болып, кезіккенді аямайтын қатулы болатынын ескерткен. Бес жасар бесті шамырқанған кезінде таласқа түскен айғырды шайнап тастайды, тарпаңдығына басып тұяғымен тарпып, тепкінің астына алғанда қайырым бермейтінін әр кәнігі жылқышы жақсы біледі. Осыны ескерер болсақ, шынында да құтырынып алған, оның үстіне бәлкім, жебеден жарақат алған құланның әңгісі, яғни бесті-айғырдың беті қатты болғаны анық. Бұл тұста баланың ажалдан құтылуына еш мүмкіндігі қалмағаны мәлім.

Осы жайларды Кетбұға да санасында сан саралады. Бірақ, дала тағысының тәңірден басқа сенері, үміттенер кімі бар еді?  Оларға серуенге шығып, саят құрған хан мен нөкерлері ғана емес, аңшылыққа жаны құмар кез-келген жан садақ кезенері белгілі. Сондықтан құлан-жануарлардың да жаны жаралы. Хан қысымы, дұшпанының жауығуы қазақ жұртын да қансыратты. Тариха зер салыңыздаршы, жан-тәнімізден сау тамтық қалып па еді? Бейбіт ғұмыр кешіп, алаңсыз өмір кешсең ғана, екі аяғың тең басылмас па? Демек, аң да, халық та, баласы өлген қанқұса Жошыхан да, елі шыңырауға құлағалы тұрған Кетбұға да бір аяқтан ақсап тұрды! Ел тағдырын түз тағысы құлан тағдырымен сабақтастыра өрсек, бәріміздің де «аяғымыз ақсақ» екен ғой. Мұны тариққа қалай айтып, түсіндірсек болады?

Аяғы ақсақ түз тағысы…тығырыққа тірелген шарасыз жаны ақсаған Кетбұға… «Ақсақ құлан – Кетбұға – Жошыхан»…

Бұл ақсақ тірлік қазақ елі өзінің дербестігіне қол жеткізіп, азаттық алып, тәуелсіздік таңы атқанға дейін жалғасып, екі аяғын тең баса алмай қорлық көрмекші… Екі аяғын тең баспаған жорғада не сән бар? Оны абыз Кетбұға, күйші Кетбұға, дана Кетбұға жырға, күйге арқау етпегенде қайтпек? Міне, күй атауы осыдан бастап шартты түрде «Ақсақ құлан» аталған тәрізді. Сонысымен де халықтық болып кетті. Осылай кең толғамаса, жаны ширықпаса Кетұға ел қамын ойлаған абыз бола алар ма еді?!

Біздің елде Құлан туралы аңыз, жыр, мақал-мәтелдер жиі айтылады. Құлан түз тағысы болғандықтан «Құлан жорытпас, құладын ұшпас дала» деген ел аузындағы сөз тіркестері елсіз, сусыз қу далада мекендейтінін анық білдіріп тұр. Олардың тірлігі сірә, біздің бабаларымызға ұнайтын тәрізді. Құлан құлындағанда құлыны шаранасы кеппей жатып-ақ, енесін еміп, тез аяқтанып кетуі де далалықтардың мәрттігіне ұқсайтын тәрізді. Кетбұға бабаның оны «Ақсақ құлан» күйіне арқау етуі, Қожас баласы Ибеске бабаның:

Құзғын – Қыран емес,

Есек – Құлан емес, –

деген қанатты сөзі де құлан мен есекті өзара алмастыруға, яки шатастыруға келмейтінін анық аңғартып тұр.

Абай бабамыз: «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дейді. Өкініштісі, осыны әркім әрқалай түсініп, өзіндік қорытынды шығарады. Мұнда сөз еркіндігі жайлы уәж дұрыстығын айтқанымен, бетімен кетуге болмайтыны да ескертілгені есте сақтала бермейді-ау! Айтар ой елдіктен алыс кетпеуі ләзім. Негізі зиянды қадамды жасамаған абзал. Елге пайдаң тимейтін сөзді қоздатпаған жөн. Дана қазақтың «Айтылған сөз – атылған оқ!» дегенінің мағынасына үңіле білудің пайдасы ұшан-теңіз. Кез-келген тарихи тұлға жайлы сөз етсек, қазақ тарихын айналып өтпейтінін ойда тұтуымыз қажет.

– Кетбұға – абыз, жырау, саясаткер, мәмілегер әмбе жауынгер адам болды. Өзіңіз Кетбұғаға қандай баға берер едіңіз?

– Қазақ тарихын жазуда аса сақ болатын тұс – саясиландыруға бой алдырмау. Кез келген мемлекет өз кезеңінде тарихи оқиғаларды өзі діттеген саясатына сәйкес өрбітеді. Өйткені оның арман-тілегі, идеялогиясы осы бағытқа қызмет етуге мүдделі. Дегенмен, тарих – адамзаттың өлмес ғұмыры екенін естен шығармайық. Саяси оқиғалар қалай дегенде де өтпелі. Оған айғақ ретінде тарихта өз орнын алған, бірақ, 72-ақ күн ғана өмір сүрген «Париж коммунасын» атауға болады. Әр кезеңнің өзі қалыптастырған заңдылықтары да болуы мүмкін. Ол да ескеріледі. Дегенмен «әлемдік»  заңдылықты жекелеген халықтың тарихымен күштеп байланыстырып, яки сабақтастырып, одан сәйкестік іздеп, немесе бірізділікпен салыстыра зерттеу қателікке ұрындырмақ.

Біздің кейбір ғалымдарымызда, саясатшыларымызда, өлкетануға құмартушылардың да қазақ тарихын әр елден табылған мұрағат, мұражай деректерімен шектеп тастауға, яки соларды негізге алуға басымдылық беруге ұмтылысы байқалуда. Ол ойдың ә дегенде жалпы оқырмандарды елеңдетіп тастайтыны да рас. Әйтседе, ол «қандай дерек, оны жазған кім, оның ғылыми деңгейі қандай, қандай оқиғалар, қай кезеңдегі саяси бағыттан хабар береді, қандай мақсатта жазылды, оның көздегені не еді?» деген сауалдарды сұрыптап, сараптауды да ескеру қажет.

Ол деректер мен елдегі шежіре-аңыз, халық жадында сақталған мәлімет сәйкес келе ме, жоқ па? Жат жұрттық жазған қорытынды дұрысқа саналатын болса, еліміздегі дуалы ауыздардың дәйектемелерінің құнсыздану себебін анықтап, жалпы қауымға түсіндіру қажет. Содан соң ғана ғылыми тұжырымдар жасалуы керек.

Жат елден келген бай мұра еліміздің сол дәуірде-ақ көпке танымал болғандығын айғақтауымен құнды. Оқиғаның уақыт мөлшерін нақтылауға септігін тигізеді. Сонымен қатар елдегі қалыптасқан жайды шежіре қалай тарқатады? Мұны білу саясиланған тұстағы оқиға астарының қалай құбылғанын білуге де мүмкіндік береді. Міне, бұл ақ-қараны сараптауға ең қажетті дәйек. Кейінгі жылдары шежіреге назар аударудағы көзқарас ғылыми тұрғыдан жөнге келді. Бұл өте дұрыс шешім. Мұнда бір назар аударарлық тұс, әр кезеңде шежірені көшіріп басушылар тарапынан кететін жаңғалақтық, яки қасақана бұрмалау мәселесі. Мен бұл жерде біреуге нақақтан күйе жағудан аулақпын. Дегенмен өзімнің куә болған жайларымда ондай фактілер жиі кезіккені рас. Солардың бір қатарын жинастырып кітаптарымда азды-көпті түсінік бердім. Сол себепті салыстырмалы, зертеу жұмыстарының жіті жүргізілуіне мұқият болу шарт. Қазіргі тәуелсіздік жылдарындағы мүмкіндікті баса пайдалану қажет. Бірақ асығыстыққа бой алдырмағанымыз абзал. Қарапайым мысал, ғылымдағы жаңалықта кішкентай ғана екен деп «атом, ядро бөлшектерін елеусіз қалдырсақ не болар еді?»,  көз алдыңызға елестетіңізші «атом, ядроны» табиғи-жаратылыстан алып тастасақ не болмақ?..

Демек, елдегі бұрыннан қалыптасқан, елмен бірге ғұмыр кешкен, басынан сан қиындықты өткерген ауыз әдебиеті, шежіре, аңызды елеусіз қалдыру яки, сыртқа сырып тастап, оны ғылыми айналымнан шеттету жаңсақтық болмақ. Қарапайым бір мысал: қазақ еліне жайлы қоныс, алаңсыз бақытты ғұмыр кешуге лайық орын іздеген Асан қайғы бабамыз бұл мұратын «Жер ұйық» деп атапты. Ол жайында Әлкей Марғұлан түйініне назар аударайық: «Асан қайғының Жәнібек пен Керейді ертіп Қытайға барып Моғолстаннан жер алуы тарихта белгілі фактінің бірі. Ол іздеген «Жерұйық» – шырайлы қоныс қана емес, елін, жұртын сыртқы жаулардан қорғайтын жол, жаңа қоғамның үлгісі, – қазақ халқын тарих сахнасында сақтап қалу бағдарламасы». Кетбұға да осы ойдың жаршысы, жүзеге асыруға ұмтылушы, сол жолда басын қаймықпай қатерге тіккен ірі тұлға.

Ол шындық, өйткені, Түркі халықтарының тарихында көшпелі қоғам өркениетінің өкілдері арасында Асан Қайғыға тең келетін тарихи тұлға жоқ. Ол шын мәнінде, шынайы өмірден адам нанғысыз аңыз кейіпкеріне айналған данагөй. Ондай жандар қазақ сахарасында аз емес. Сондықтанда Асан қайғының «Жерұйықты» іздеуін «мифтік құбылыс» деп қарастыруға, яғни ойдан құрастырылған аңыз ертегілер қатарына жатқызуға болмас. Ел болашағын ойлаған, халқымен бірге қайғырған дана баба көкейін тескен арманын хан мен билермен, ойшылдармен бірлесіп жүзеге асырмаққа талпынды.

Сондай жандардың тарихымыздан орын алмай қалуы мүмкін бе?  Ендеше, шежіре жазған, жинаған, насихаттаған жандардың арман, мұраты не еді, оларды өз халқына кім деп таныстырғанымыз жөн? Сол шежіреге ілікпей қалудың қаншалық қасірет екенін жат жұрттықтар біле ме екен? Білсе, неге бұрмалайды? Немесе, жат жұрттықтың жазғаны мен шежіренің қабыспауынан қандай нақты қорытынды шығарамыз? Бұған бүгінгі ғалымдар дайын ба екен? Шежіреге ілікпей қалу, болмаса, қасақана алынып тастаудың өзінде қандай саясат барына барлау жасасақ, артық па? Шежіреге қайта енгізіп, тарихи тұлғамыздың абыройын қайтара алсақ, ұтыламыз ба? Өйткені ол да өз кезеңіндегі саясаттың құрбаны еді ғой. Ол қудалаудың  өз заманынан асып, дәуірі тұрмақ, бүгінгіге жалғасуы қалай? Оларға тоқтам бола ма, жалпы саясат ауыздықтала ма? Сол себепті тәуелсіздігімізді ардақтай білген абзал!

Мен бір нәрсеге назар аудара кетпекпін, рас, талас жоқ ақиқаттың бірі Найманның тотемі – Бұқа! Бірақ, ол одан тараған ұрпақтардың бәріне шегеленіп берілген таңба емес қой. Ғылыми еңбектер «бұқа – түркі тотемі» дейді. Ендеше, неге шежіредегі Бағаналыдан тарайтын Серікбай баласы Кетбұға есімі, жат жұрттықтардың айтуы бойынша, ғылыми түрде «Кетбұқа» деп аталуы заңдылыққа айналуға тиіс? Әлде бұл оны шежіреден шеттету ме, яки Бағаналы Кетбұғадан басқа, «Ақсақ құлан» күйін тартқан өзге «Алаштың Кетбұқасы» бар ма? Онда ғылыми түсінік берейік. Осы екі оқиғаның қатар өрбуін ғылым қалай қабылдайды, ғалымдар немен түсіндірмек? Қазақтың яки біздің бұрынғы бабаларымыздың «қ» қаріпіне тілі келмегендіктен «ғ» деп атаған ба? Ол «дыбысталу заңдылығы ғой, бір әріпте тұрған не бар?» дегенді де естідім. Егер әлдекім  Асан қайғы бабамызды да бір күні айды аспаннан шығарып, «Асан қайқы» демесіне кім кепіл?!

Осы бір әріпке мән бермеуден қазақтың сөз қорына зиян келіп жатқан жоқ па? Қарапайым ғана арбаның доңғалағы деген сөз болушы еді, оны бүгінде машинаның «дөңгелегі» дейтін болдық. Орыстар неге оны «шина», «колесо» деп арнайы бөліп атайды, олар дөңгелек пен доңғалақ дегеннің не екенін білмей ме? Демек, әр нәрсенің өз орны бар, ендеше Кетбұға болып неге жазыла бермейді? Сонау Шыңғыс кезеңінде «Кетбұқа» деп айтылған шығар дейді, бірақ қағанды кінәлауға негіз жоқ, өйткені Шыңғысхан тұқымы Арықбұға есімі еш өзгеріссіз сақталғанына уақыттың өзі куә.

Бір қарағанда, «бұқа» болсын, «бұға» болсын, әйтеуір, Кетбұға бабамның өмірге, діні мұсылман, өзі қазақ болып танылып, өз ортасына қайта оралғанына аса қуаныштымын, шүкір дейміз ғой.

Бірақ, талассыз бір ақиқат заманының, тіпті дәуірінің алып тұлғасы бола білген баба өз есімін тарихқа әлдеқашан жазып кеткен. Оны тек былғанған жаладан ғана аршып ала алуымыз қажет. «Данышпан – өз мөлшерін білетін ақыл иесі» деген екен Француз философы А. Камю. Сол сөздің Кетбұғаға да тікелей қатысы бар. Бәлкім, оның есімінің «қалай жазылуы» басты мақсат емес те шығар… Тым болмаса, ресми орындар жаздырмай жатса, (оған күмәнім бар) «Кетбұқа (Кетбұға)» десе де болушы еді. Өкініштісі, бұрынғы өткен Доспанбет сияқты жырауларға да «Кетбұғадай билерден, Кеңес  сұрар күн қайда?!» дегенін өзгертіп, «Кетбұқадай билерден, Кеңес  сұрар күн қайда?!» деп жазуды ұсынып отыр. Бұл қалай? Доспанбет жырау «Кетбұқа» деп айта алмаған ба, әлде оған да ендігі жерде Кетбұға деп айтуға болмай ма?

2005 жылы Алматы қаласында «Эверо» баспасынан Жезқазған қаласының 50 жылдық мерейтойына орай Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің ұйымдастыруымен шығарған «Жезқазған» энциклопедиялық анықтамада: «Кетбұға» деп анық жазылған. Сол кездегі ғалымдар парықсыз ба еді? «Он бір-он екі жасында Кетбұға Құба-тегіннің күйлерін тыңдап, оны айнытпай қағып алып, өзіне қайта шертіп беретін болған. Оған ырза болған Құба-тегін кейіннен қара домбырасы мен құлжа қобызын сыйлаған» (274-бет), – деп жазған болатын.   Кітаптың алғы сөзінде: «Латын нақылындағы: «Мен жасадым, өз қолымнан келгенді, жетпегенін қосарсың дос, сен де енді», – деген ойды жазып, алдағы күнге зор үміт артып еді.

Жазушы, баспагер, «Өнер» баспасының директоры Әшірбек Көпештің басшылығымен жарық көре бастаған «Қазақ халқының тарихи тұлғалары» қысқаша анықтамалық кітаптар  есімдері көне дәуірлер қойнауынан бүгінге дейін жеткен  халқымыздың тарихи тұлғаларының өмірдеректерін толық қамтыған құнды еңбек.

Осында Ер Тарғын, Кетбұға абыз, Доспамбет жырау жайы да қамтылған. Тарихи тұлғаны жұлмалудың қажеттігі жоқ, олар онсыз да өмірде аз соққы көрген жоқ, сондықтан дерегін жинап, ұрпаққа жеткізу парыз.

«ХV ғасырдың аяғы мен  ХVІ ғасырдың алғы ширегінде жасаған Доспамбет жырау Кетбұға биді құрметпен ауызға алады, оның сөздерімен өзінің таныстығын білдіреді. Халық өлеңдері мен аңыз әңгімелерде де Кетбұға ел қамқоры, дана ақсақал ретінде бейнеленген. Ол туралы аңыздар қырғыз фольклорында да бар». («Қазақ халқының тарихи тұлғалары» қысқаша анықтамалық, 2-кітап, Алматы, 2013 жыл, 19-бет).

Кіші Ноғай ордасында қолбасшы болған, Қырым ханының жағында көптеген жорықтарға қатысқан батыр, жырау Доспамбет  қазақ халқының қалыптасу кезеңіңде ғұмыр кешті. «Азау маңын мекендеген Кіші орданы билеуші әскери шонжарлар тұқымынан шыққан болашақ жырау заманы мен ортасының талабына сай тамаша тәрбие алып өскен сияқты» («Бес ғасыр жырлайды», екі томдық, Алматы «жазушы», 1989 жыл, 30-бет).

1989 жылы жарық көрген «Бес ғасыр жырлайды», екі томдығындағы (33-бет):

…Айналайын Ақ Жайық,

Ат салмай өтер күн қайда,

…Кет-Бұғадай билерден

Кеңес сұрар күн қайда…. –

дейтұғын ел ағасы болған данагөй жырау Дешті Қыпшақ жұртының Ұлық биі Кетбұғаның есімін білмеді дегенге көңілім сенбей-ақ қойды.  Екеуінің өмір сүрген кезеңінің арасы да онша қашық емесін бажайлап көрейікші. Кетбұға 1260 жылы өмірден озса, Доспамбет жырау 1490 жылы дүниеге келіпті. Арасы бар-жоғы екі-ақ ғасыр.

Ал біз бүгін араға дәуірлер салып өз заманының озық ойлы ардасы Доспамбет жырау  «Кетбұқаны білмей, Кетбұға» деп қате айтты деген тұжырымға келіп тұрмыз. Осымыз қалай болар екен?

Өркениетті елдер дәстүрінде өзге жат-жұрттықтар кез-келген атауды, есімді қаншалық бұрмаласада, қалыптасқан өз тегінің қанына тартып, өз қалпынан айнымайды. Әу бастағы өз ұстанымын берік сақтап қала береді. Алысқа бармай-ақ іргеміздегі Ресей елін алып қарайық. Жат жұрттықтар елінің астанасын – «Моskay», «Мәскеу» деп жазсақта. Өз дегенінен қайтпай «Москва» дейді. Кезінде «Алма-Ата», «Медео» дегеннен әрең арылғанымыз естен шықты ма? Біздің Астана қаласындағы «Кенесары» көшесін  өзгелерге ұғынықты болу үшін «Kenessary str» деп таңбалады. Осыған қарап келешекте Кенесары хан деген қате, дұрысы «Кенес-Сары» деп түзетуіміз қажет пе?

Дана жыраулар сөз қадірін білмесе, кім біледі? Жат жұрттықтар ма?

Өкініштісі, кез келген сауатты жан Бағаналы шежіресін ақтарып қарағанда оның тарихи орнын сипап қаларымыз анық, сөйтіп, шежіредегі реттік қатары, ұрпақтарының бабасы екендігі тағыда тұңғиыққа жол тартып, жоққа шығады.  Бабасыз қалған Кетбұғаның тікелей ұрпақтары Ұландық бауырларымызға мұны кім, қалай түсіндірер екен? Оны осы ғасырға дейін ел-жұрты көзінің қарашығындай сақтап келіп, нақ тәуелсіздік жылдарында жойғанымыз ақылға сыймайды.

Көз салыңыз, «Найманның бір баласы – Бағаналы» шежіресінің 4-бетінде: «НАЙМАНБАЙДАН – ЕЛАТА туады. Елатадан – Серікбай мен Қоңырат.  Серікбай – Келбұға,  Кетбұға. Келбұғадан – Жарболай, Шоқай. Жарболай – Ораз, Жәнібек. Шоқай – Ақтана, Ақтанас. Кетбұға – Қызғыш, Құсша».., – деп жазылып кетіп еді. Енді оны  «қате» деп түзету енгізуіміз жөн болмақ па?! Оны кімнің, қай ғалымның  еңбегіне сүйеніп жазайық?

Сөзім бір жақты болмас үшін 1991 жылы Целиноград қаласында «Қаламгер» шығармашылық алқасының ұйымдастырумен шығырылған  «Қазақ руларының шежіресі» атты кітапқа (24-бет) көз салайық: «Ә.Марғұланның жазбасында Найманнан – Тоқпан, Елата, Өкіреш; Елатадан – Келбұға, Кетбұға; Өкірештен – Төлекатай. Көптеген шежірелерде Келбұғадан – Балталы, Кетбұғадан – Бағаналы ру болып қалыптасқан. Енді бір шежіреде: Терістаңбалыдан – Мәмбет, Рысқұл, сірә, бұл екі ата Бағаналы, Балталыдан ілгері ата болса керек.  (ІІ-том, 54-бет). «Бағаналыдан (кейде Кетбұға) – Елтүзер, Елтынды. Одан бергі аталары Қоқан, Жырық, Жұртшы, Ибеске, Байназар, Ақтаз, Сарғалдақ» (ІІ-том, 72-бет).

Тағы бір ойланарлық тұсымыз: «Бұқа» мен «бұға» сөзінің қазақтар арасында қолданысына қатысты. ДАТ «далалық ауызша тарихнама), яғни ауыз-екі шежіре бойынша Жанарыстан Қарашор туады. Сонау шежіре басында тұрған тұлғалар өз балаларын қалай атауды білмеген деп күмінденуға бола ма?! Зер салайық: Қарашордан – Тұлпар батыр – Алшын – Семізбұға – Жұмыр – Жұртбай – Жүндібай – Кененбай – Сары (Сармантай) – Шал – Ер Қаптағай – Найман, Наймантай.  Найманның сегізінші атасы (бабасы) – Семізбұға. Назар аударыңыз Семізбұқа емес – Семізбұға! Шамамен Кетбұғаның он екінші бабасы – Семізбұға! Демек, Семізбұғаны да, Кетбұғаны да бұқаландырудың еш қажеттігі жоқ! Өзгеге жағынудың жолы ретінде Кетбұғаны пайдаланудың да еш реті бола қоймас.

Түбі Кетбұға бабаға қатысты «бір шикілік туындай қалса, ойымды біле жүрсін» деді ме екен, кім білсін, жарықтық данагөй Ақселеу ағамыз 1993 жылы мынадай түсінік береді:

«…Кейбір шежіре бойынша Серікбайдан – Келбұға, Кетбұға атты екі ұл туады. Келбұғадан – Балталы, Кетбұғадан – Бағаналы тарайды дейді. Сөз орайында Кетбұға жырау әйгілі Шыңғысханның оң тізесін басып отырған би болғанын, «Ақсақ құлан» сияқты күйді тудырған ұлы күйші екенін айта кеткен жөн». «Қалың Найманның еншісін бөлу билігі жас та болса ақылы кемел Кетбұғаға беріліпті.  Кетбұға тоғыз Найманға енші бөліп, таңба таратады. Сонда еншілес Келбұға мен Кетбұғаға таңба жетпей қалып, таңбаларын жылқының сол жағына басады. Содан олар «Теріс таңбалы» атанса керек. Найманның ұрпақтарының еншісін дау-дамайсыз бөлгені үшін Кетбұға «Ноқта ағасы» атанады» (Тарақты Ақселеу (Сейдімбек А.), ««Балталы, Бағаналы ел, аман бол»,( шежіре),Алматы, 1993 жыл,  91,92-беттерде).

Жоғарыдағы шежірелерге көз салсақ, (мәселе қазіргі қалыптасқан шежіремен сәйкестігі жайында емес) Бағаналы, Кетбұға бабаларымыздың тарихта болғанына еш күмәніміз қалмайды. Ендеше оған тәуелсіздік алған тұсымызда (бұрында да солай ғой) оларды жоққа шығаруға соншама шүйілуіміз қалай? Шежіре бойынша Бағаналы да, Кетбұға да, Төлекатайда ірі тұлға болғаны анық. Дегенмен Дешті Қыпшақ кезеңінде Бағаналының ру болып қалыптасуы ерекше болғаны күмән келтірмейді. Сол себепті «Кетбұғадан – Бағаналы ру болып қалыптасқан» деген тұжырым шындыққа жақын деп білемін. Бірақ кейінгі кезде Кетбұқа («Кетбука»)-ны қалайша «Кетбұға» деп жазуға жол бердік деп таңырқайтынымызға жол болсын!!! Сонда қалай көзі қарақты Доспанбет жырау да бейсеубет сөйлей беретіні ме? Өзге ұлттың өкілдері қазақ есімін «тілін бұрап» айтатыны әлі күнге сабақ болмағаны ғой, сірә?..

Сол себепті, тарихи оқиғалар мен ірі тұлғалар есімін бұрмалаудың қажеттігі жоқ деген алғашқы өз ойымның дұрыстығына күманданбаймын, нақты есімнің өз атауымен аталғанын қалайтынымды еш жасырмаймын. Өйткені «қазақ ұлтының рухын жандандыру үшін ең алдымен, өзіміздің шынайы тарихымызды, мәдениетіміз бен дінімізді терең пайымдап, сезінуіміз» керек. Егер аяқ басқан сайын тұлғалар есімін «бұрмалау» тәсілімен шежіреден шығарып тастап, тамыры жоқ, тегі жоқ, ойдан құрастыратын «кино кейіпкеріне» айналдыратын болсақ, қалайша елдік тұлғалар бейнесін қалыптастырамыз? Жат жұрттықтарға бабамның «Есімі қалай жазылушы еді?» түсіндіріп берші деуіміз қалай болмақ? Сонда қазақтардың атасы түріктердің сына жазуы «кирилл жазуынан 15 ғасыр, грузин-армян жазуынан 10 ғасыр бұрын пайда болды» дегенге күдік келтіреміз бе? Жоқ, оның реті келе қоймас. Қайта ата-бабалардың өнегесін дұрыс қабылдап, ұрпаққа дұрыс мағлұмат беруге күш салайық. Мен айтып отырған бұл пікір соны емес, оны әркім-ақ айтып жүр. Тіпті, дуалы ауыз ағаларымыз ғылыми еңбектеріне де енгізді. Солардың бір жерлесіміз, ұзақ жыл Жезқазған облысы кезінде арамызда жүріп Облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасын басқарған білікті азамат, кейінірек республикалық деңгейде қызмет атқарған, Қазақстан Республикасы Білім министрінің орынбасары болған, ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, педогогика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттану Академиясының академигі, Ресей кәсіптік-техникалық білім беру Академиясының академигі, Қазақстан педогогикалық ғылымдар Академиясының толық мүшесі Болат Әбдікәрімұлы айтқан мына ғылыми тұжырым әр жүрекке қозғау салуға тиіс, намысты жанның көкірегін оятқан тың бұлқыныс өзіндік тура бағыт ұстануға ұмтылтады деп сенемін: «…Кезінде бабаларымыздың тасқа таңбалаған мұраларын бізге Батыс ғалымдары оқып берді. Енді өзіміз оқуымыз керек. Өйткені, Орхон-Енисей жазбаларынан бастап, талай мұраларымызды сөйлетуде орасан қателіктер бар екенін біле бастадық. Біз өз мұрамызға өзгелердің көзімен қарап үйренгенбіз. Сол әдеттен арылып, бұл мәселеге өзіміз шындап кірісетін уақыт жетті. Өз ұлттық құндылықтарымызды азаматтық мұраға айналдыруға өзіміз күш салуымыз қажет». (Ғибратты ғұмыр: Тұлға. Ұстаз. Ғалым»,  (құраст. А.М.Әбдіров, В.В.Егоров, Қ.А.Сарбасова), Астана, «Жасыл Орда» баспасы, 2015 жыл, 92-бет).

Мен біраз жылдардан бері Кетбұға бабаға қатысты пікірлерімді жазып келе жатырмын. Дегенмен 2014 жылы жарық көрген «Кетбұқа» деген кітапта менің жазғандарымды пайдалану кезінде көзқарасымды «өңдеп басқанына» түсіне алмай қалғаным анық.

Зер салайық: «Ертағы, Кертағыны жайлаған жұрт» кітабымда: «Кейінгі кезде оны тарихтың сан тарау оқиғасына да киліктіріп, руы мен атауын өзгеріп ойдан құрастырылған кітап кейіпкерлеріне айналып, «Кербұға», ғылыми терминге негіздемек ниетпен «Кет Бұқа», «Кетбұқа», «Кет-Бұға», «Керт бұғы», «Кетбука», «Кит Бұғы» болып қалыптасу етек алып барады» («Ертағы, Кертағыны жайлаған жұрт», Астана,2012 жыл,19-бет), – деп жазғаным анық-ты, бірақ, аяқасты ол көз қарасымның «өңі» өзгеріп,  «Реті келгенде айта кетерлік жайт, Кетбұқа баба есімі халық қалыптасқан, яғни ауыз-екі айтылу ретімен қазақи ұғымға лайық  «Кетбұқа» болып қала бергені жөн. Әйтпесе, кейінгі кезде «Кетбұға» болып қалыптасу етек алып барады» (Абыз тұлға, аңыз тұлға – «Кетбұқа», кітабы, 347-бет), –  деп басылыпты. Неге? Неге менің көзқарасым өзгеріп шыға келді, дұрысы өзгертілді? Оны кім істеді? Не қажеттігі болды? Менің «мүнафиқтық танытар екіжүзділігім» кімге қажет болды? Әлде тарихты осылай бұрмалауымыз әлдекімдерге қажет болды ма? Біз тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан жоқпыз ба? Қазақтың кез келген тұлғасы – халықтың төл баласы. Кетбұға замана желі теріс соғып тұрған кезеңде Дешті Қыпшақтың Ұлық биі, абызы, данагөйі, басына іс түскенде пана болған қорғаны, кемеңгерлігіне қоса, атағы жер жарған Шыңғыстай қаһарлы қаған алдында «Ақсақ құлан» күйін төгілткен ел аузындағы күйшіміз емес пе еді? Бүгін нағып әлдекімге жақпай қалып, атын атауға именіп қалдық?

– Жұртқа әзірге белгілісі – Кетбұға бабамыздың жасы егде тартқан шағында шет ел, жат жерге кетуі және онда жүргенде өз қандасының қолынан қапыда қаза табуы. Сіздің қолыңызда, арысымыздың  қайда жерленгені туралы қандай да бір  мәліметтер бар ма?

– Егде тартқанда шет елге қыдырып бармағаны аян, сондықтан елімнің кәдесіне жарайын, апатты елден жырақ әкетейін, деген ойдан туған шешім. Ол енді елге аман оралмасында білген болар, жанына немересін ертуде де мән болса керек, бірақ…

Қандасының қылыш көтеруі де сол заманның зауалы. Ара түсе алмаған Бейбарысқа да кінә арта алмаспыз. Бірақ ол кек алды. Соның өзі көп сырдан хабар береді. Оны қадірлеп жерлеу мүмкіндігі болмаған да шығар бәлкім, заманы солай ғой, кім білсін, іздестірсе дерек те шығар..?!

Қазір шүкір тәуелсіз елміз, «Мәңгілік ел» жасау үшін «Нұрлы жол» бағдарламасын табысты жалғастырып келеміз. Енді туған елдің тарихын түзетіп жазып, әлдекімдерден кеткен қателіктердің орнын толықтырып жүрміз. Ғалымдарымыз шежірені де ғылыми жолға қоюды қолға алды. Елден олардың жұрнақтары там-тұмдап жинақталуда. Шежіре ғылыми айналымға енді. Ендеше олардан тарихи тұлғаны алап тастауымыз қалай болмақ? Сонда сонау ғасырлардағы көз майын иауысып, тірнектеп жиналған еңбектер босқа кетіп, «шежірешіге» кінә артамыз ба? Олар өз әкесінің, бабасының атын білмейтін, хатқа түсіре алмайтын, ауызша тарата білмейтін шетінген топастар, сауатсыз, надандар еді дейміз бе?.. «Бұрынғыны» «бүгінгінің» себепсіз, дәлелсіз, қисынсыз шежіреден шығарып тастауы қалай?

Көкейімде кептеліп тұрған тағы бір ой – күй кұдіретіне қатысты. Оны кейінгі ұрпақ қаншалық қадірлейтіні жайында. «Күй – күйші – тағдыр – домбырашы – зертеушілер» өмір жалғастығын сезініп қызмет етушілер деген ұғым көкірек көзімізді түбегейлі аша түседі. Ендеше оны жастардың есіне неге жиі жаңғыртып салмасқа?! Илья Жақанов ағамыздың 1979 жылы жазған қазақ конпозиторлары мен әнші-күйшілерінің творчестволық өмірін әр қырынан ашуға арналған «Бірінші концерт» атты деректі әңгімелер мен эссе  кітабында  «Ақсақ құлан» күйі, күйдің құдіреті, оның орындаушыларының асқақ сезімі жайлы шебер суреттелгені мәлім. Қазақ жеріне, Алматыға жат елдің музыканттарының арнайы осы күйді өз құлағымен естіп, орындаушысын көзімен көруге келгенінің өзі ғажап құбылыс емес пе? Мәскеуден «ИЛ-62» ұшағымен келген музыкант, халық музыкасының зерттеушісі, радиода қызмет атқаратын  Венгерлік Ласло Мадер мен оның аудармашысы, венгерлік аққұба сұлу келіншек Юлиананы әуежайда қарсы алған сәтінен бастап, әңгіме арақауы «Ақсақ құлан» күйі, оның тарихы төңірегінде құрылуының өзі-ақ жан-дүниеңді баурап алады. Бұл әңгімеде қазақ күйлерін қадір тұтып, қастерлейтін, киесінен именетін атақты домбырашы Рүстембек Омаров бейнесі қалай жарқырап көрінген десеңізші! Нағыз өнер адамы, өнерді бағалау осындай болса керек!

Әуежайдағы қысқа-қайырым әңгіме тұсында қадірлі меймандар келген басты шаруасының жайынан хабар беріп үлгереді. Бұл да асқақ сезімнің дүмпуіндей естілері анық. Елге, жерге деген махаббатты ауыздықтап тұру оңай емес екен-ау!

Қазір ойлап отырсам, мен ертеректе бұл кітапты оқыған тұсымда, тіпті, Илья ағамызды кезіктіріп, әңгімесін тыңдап жүрген кезімде де күй парқына жете бойлай алмаған екенмін, сірә?! Соны қазір ғана зерделеп отырмын. Ласло да, Илья ағамыз да «Ақсақ құлан» күйінің байыбына барғысы келгендер үшін, мен үшін кітабында мына сөздерді әдейі арнапты:

«Ласло еліне қайтар күні маған кішкене пленканы көрсетіп:

– Рүстемнің бұл «Ақсақ құланын» бойтұмардай қастерлеп, көзімнің қарашығындай сақтармын. Күйдің не екенін, күйшінің не екенін білгісі келген венгерліктерге мен әр кез осыны көрсететін боламын. Мендегі бір ізгі үлкен олжа осы. Шабыт өз құдіретін қалай-қалай танытты! Керемет! – деді.

Бұл сөзге менің мерейім тасыды». (Илья Жақанов, «Бірінші концерт», Алматы,  «Жалын», 1979 жыл, «Ақсақ құлан», 147-150-беттер).

Осы кітапта менменсінген талай күшісымақтың «Ақсақ құлан» күйін тартуға өресі жетпейтіні ғажап суреттеледі. Оны тартатындар санаулы ғана болса керек. Ілья Жақанов ағамыздың айтары осы. Сондықтан кез-келген бұл күйді батып тарата аламайды. Ой астары соған мезгейді. Ол шындық.

Жалпы еліміздің бай мұрасын қадірлі азамат-тұлғалары, мәдени мұра, қндылықтар тәуелсіз еліміздің заңдарымен қорғалуда. Сол шеңберде жүзеге аса бермек.

Осының айғағындай, жаңа жылда көңілімді қуанышқа бөлеген жайдың бірі – Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбайдың құрастыруы, ғылыми түсініктемесімен «Ақсақ құлан. Кетбұға бидің күй-мұрасы» деген қомақты ғылыми еңбектің жарық көруі. Кітап Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында, «Қазіргі заман музыкасы» жобасы бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігі, Ғылым комитеті 2012-2014 жылдарға арналған ғылыми-техникалық бағдарламалармен жобаларды гранттық қаржыландыру шеңберінде шығарылды.

Бұл кітап Кетбұға күйші мұрасының ноталарымен аңыздары топтастырылған. Кетбұға абыз туындыларының аудиожазбасы қосымша құрал ретінде ұсынылуы – қобыз бен домбыра күйлерінің ұлыстық мектебінің негізін салған Алтын Орданың ұлы жыршысы, ұлы күйшінің мұрасын жастарымызға кеңінен насихаттауға жол ашады.

Елінің жарқын болашағын көксеген ұлы тұлғалардың бірегейі – Кетбұға абыз бабамыздың өзінің бар болмысымен жарқырап көрінетін шағы туды. Оның есімі ұлықталып, кұйлері еркін таралып, жастар өнегесінен үлгі алатын болды. Мұның бәрі «Мәңгілік елдің» жасампаз саясатының арқысында қол жеткен еркіндік деп бағалаймыз!

–  Тоғанбай аға, Сіз бен Біз болып  лақап есім- Кетбұқа емес, тарихи есім- Кетбұға атауының  қазығын қатайтып, тамырын тереңдету үшін аянып қалмауымыз керек. Салиқалы әңгімеңізге көп-көп рахмет!

Сұхбаттасқан Айдын ЫРЫСБЕК

         “Ақ жол” ҚДП төрағасының кеңесшісі, алаштанушы

Related Articles

  • “Геосаясат илеуіне түсіп қалуымыз мүмкін”. Қазақстанда АЭС салуға қатысты сарапшы пікірі

    Елена ВЕБЕР Атом электр стансасын салу және пайдалану экологиялық қатер және төтенше жағдайда адам денсаулығына қауіпті ғана емес, оған қоса соғыс барысында Украинаның Запорожье АЭС-індегі болған оқиға сияқты бопсалау құралы дейді әлеуметтік-экологиялық қордың басшысы Қайша Атаханова. Ол мұның артында көптеген проблема тұрғанын, қазақстандықтарға АЭС салу жөніндегі референдум қарсаңында біржақты ақпарат беріліп, онда тек пайдалы жағы сөз болып жатқанын айтады. Сарапшы АЭС-тің қаупі мен салдары қандай болатыны жайында ақпарат өте аз деп есептейді. Голдман атындағы халықаралық экологиялық сыйлықтың лауреаты, биолог Қайша Атаханова – радиацияның адамдарға және қоршаған ортаға әсерін ширек ғасырдан астам зерттеп жүр. Ол бұрынғы Семей полигонында және оған іргелес жатқан аудандарда зерттеу жүргізген. Қарағанды университетінің генетика кафедрасында оқытушы болған.

  • “Қазақстан дұрыс бағытта”. Деколонизация, Украинадағы соғыс және Қаңтар. Балтық елшілерімен сұхбат

    Дархан ӨМІРБЕК Балтық мемлекеттерінің Қазақстандағы елшілері (солдан оңға қарай): Ирина Мангуле (Латвия), Эгидиюс Навикас (Литва ) және Тоомас Тирс. Совет одағы ыдырай бастағанда оның құрамынан бірінші болып Балтық елдері шыққан еді. Өзара ерекшеліктері бар болғанымен, сыртқы саясатта бірлігі мықты Латвия, Литва және Эстония мемлекеттері НАТО-ға да, Еуроодаққа да мүше болып, қазір көптеген өлшем бойынша әлемнің ең дамыған елдерінің қатарында тұр. Ресей Украинаға басып кіргенде Киевті бар күшімен қолдап, табандылық танытқан да осы үш ел. Соғыс басталғанына екі жыл толар қарсаңда Азаттық Балтық елдерінің Қазақстандағы елшілерімен сөйлесіп, екіжақты сауда, ортақ тарих, Ресей саясаты және адам құқығы тақырыбын талқылады. Сұхбат 8 ақпан күні алынды. “БІЗДЕ ҚАЗАҚСТАНДЫ ДҰРЫС БІЛМЕЙДІ” Азаттық: Сұхбатымызды Балтық елдері мен Қазақстан арасындағы сауда қатынасы

  • “Саясаткерлер пафоспен сөйлегенді жақсы көреді”. Түркі мемлекеттері ынтымақтастығының болашағы бар ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы мәртебесіне ие елдердің басшыларының Самарқанда (Өзбекстан) бірігіп түскен суреті. 11 қараша, 2022 жыл Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) оныншы саммиті өтіп жатыр. Бұл кездесу не береді? Түркия Ресейдің Украинамен соғыстан бас көтере алмай жатқанын пайдаланып, аймаққа ықпалын күшейтуге тырыса ма? Түркі мемлекеттері ынтымақтастығының, әсіресе әскери салада болашағы бар ма? Азаттық осы жөнінде Солтүстік Кипрдегі Таяу Шығыс университеті саясаттану кафедрасының доценті Әсел Тутумлумен әңгімелесті. ТҮРКИЯНЫҢ МҮДДЕСІ МЕН ЫҚПАЛЫ ҚАНДАЙ? – Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) оныншы саммиті өтіп жатыр. Ұйым азаматтық қорғаныстың бірлескен механизмін нығайтуға мүдделі. Сондай-ақ күн тәртібінде аймақтағы және сырттағы саяси-экономикалық оқиғаларды талқылау мәселесі тұр. Саммиттің уақыты мен геосаяси контексі жөнінде

  • АҚШ-тың Орталық Азиядағы саясаты өзгерді ме? Елші Дэниел Розенблюммен сұхбат

    Дархан ӨМІРБЕК  АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюмнің Азаттық радиосына берген сұхбаты АҚШ дипломаты Дэниел Розенблюм Қазақстанға елші болып келгеніне бір жылға жуықтады. Оған дейін ол Өзбекстандағы елші қызметін үш жыл атқарған. Орталық Азияға маманданған дипломат аймақ басшыларының Нью-Йоркте президент Джо Байденмен оңаша кездескені саяси жетістік дейді. Азаттық елшіден сұхбат алып, C5+1 саммитінде адам құқығы тақырыбы қаншалық қозғалғанын, Қазақстанға төнген санкция қаупін және АҚШ-тың Орталық Азиядағы саясаты қалай өзгергенін сұрады. НЬЮ-ЙОРКТЕГІ КЕЗДЕСУ ҚАЛАЙ ӨТТІ? – АҚШ президенті Джо Байден жақында Орталық Азия басшыларымен C5+1 форматында кездесті. Саммит алдында құқық қорғау ұйымдары осы жиында адам құқығы басты назарда болса екен деп үміт білдірді. Бұл үміт ақталды ма? – Нью-Йоркте өткен C5+1 саммиті

  • “Украинадағы соғыс ондаған жылға созылуы мүмкін”. Британ генералымен сұхбат

    Важа ТАВБЕРИДЗЕ Украин сарбаздары зенитті қарумен атқылауда. Архив суреті. Ұлыбритания бірлескен күштерінің бұрынғы қолбасшысы, қорғаныс және қауіпсіздік тақырыбында кеңес беріп, дәріс оқитын генерал сэр Ричард Бэрронс майдандағы айла-тәсіл, өндірістік мобилизация және Украина мен Батыс елдері таңдауы соғыстың ондаған жылға жалғасуына қалай әсер ететінін айтып берді.  Генерал сэр Ричард Бэрронс Ұлыбритания бірлескен күштерінің бұрынғы қолбасшысы. Қазір Universal Defense & Security Solutions қорғаныс және күзет компаниясын басқарады. Ол Азаттықтың Грузин қызметімен сөйлесіп, Украинадағы соғыс неге ұзаққа созылатынын талдап берді. Азаттық: Украинада соғыс басталғалы бір жылдан асты. Осы уақыт ішінде қандай сабақ алдық? Ричард Бэрронс: Еуропа үшін жоғары деңгейде сабақ алатын дүниелер болды. Біріншісі, 90-жылдары Қырғиқабақ соғыс аяқталғаннан кейін көбі “енді соғыспайтындай болдық” деп ойлағанымен,

1 пікір

  1. Сыздыков Т.

    Ә.Марғұланның кұнгір,кұнгір кұмбездер деген тарихы кітабінда Наймандардың ата-тегіне тоқталады,наймандардың ата бабалары ғұндар дейді,ғұн ақсүйектері баласына Өкіреш және өкірек деп ат қойған айтады.Өкіреш үлкен өгіз,Окірек кіші өгіз деген мағынаны білдірген. Бұқа өкіреш пен өкіректен тараған ұрпақтардың төтемі,Найман батырларының аттарына бұқа есіміне қоса айтылған мысалы Баты Ханның ұстазы Бет бұқа, ханы Ынаныч Бұқа,Кет бұқа, Кел бұқа жырау,тағы тағы басқалары жоғарыдағы жазылғандарды ескеріп КЕТ Бұға,КЕл Бұға емес бабаларымыздың аттары Кет Бұқа және КЕл бұқа. Сыздықов Төлепберген

POST YOUR COMMENTS TO Сыздыков Т. (Cancel)

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: