ИСЛАМ БІРЛІГІ УТОПИЯ МА?
1964 жылы түрік жазушысы Құсейін Атсыздың «Өтікен» журналында үлкен пікірталас туғызған мақаласы жарық көрді. Бұл мақала салыстырмалы түрде алғанда қазіргі кезде де күрмеуі шешілмеген көп мәселенің басын ашып өткен. Қазақ оқырманына қызық болар деген оймен оны аударып беріп отырмын….
ИСЛАМ БІРЛІГІ УТОПИЯ МА?
«Социология тұрғысынан алып қарасақ, VII ғасырда Ислам діні арабтардың біртұтас ұлт болып ұйысуында шешуші рөл атқарды. Бір-бірімен үнемі қырықпышақ болып жүретін, саны көп, бірақ бір тілде сөйлейтін араб тайпалары түбі бірігуі тиіс еді. Пайғамбарымыз әкелген жаңа идеология тұрпайы тірлік кешетін, тазалық пен тәрбиенің не екенін білмейтін тағы тайпаларға әдеп пен арды үйретіп, оларға өздерінің біртұтас ұлт екенін сезінуіне зор мүмкіндік сыйлады. Тамаша тарихи тұлға болған пайғамбарымыз сөзге шешендігімен арабтарға жоғарыда аталған жақсы қасиеттерді тана білді. Алайда оның жақын серіктерінің өзара бірлігі мен ұйымшылдығы берік болмай шықты. Арабтарға жүздеген жылдар бойы мемлекет құруға мүмкіндік бермеген трайбализм, тайпааралық қақтығыстар мен басқа да кемшіліктер пайғамбарымыз дүниеден өтісімен қайта бой көрсетті. Өтірік пен өсек-аяң тіпті ардақты нәбидің отбасы мүшелеріне де кесірін тигізді. Бірте-бірте қақтығыстар Исламданған араб қоғамын да жікке бөліп, нәтижесінде соңы бүгінге дейін толастамай келе жатқан дінаралық соғыстарға алып келді. Арабтардың мемлекет құруға қабілетсіз халық екенін көрсету үшін «төрт халифтің» тұсындағы жағдайға тоқталсақ жеткілікті. Пайғамбарымыздың заманында әулиелердің қатарында енген төрт халифтің алғашқы үшеуі 30 жылдың ішінде бірінен кейін бірі қастандықпен қаза тапты. Мұндай масқара мысал Византияның өзінде де болмаған. Араб халифатының Иранның талқанын шығарып, Византияның оңтүстік аймағын басып алғандығын керемет оқиға деп қабылдауға болмайды. Себебі, бұлардың екеуі де арабтар келгенге дейін жүздеген жылдарға созылған соғыстан әбден әлсіреп қалған-тұғын. Иран болса сол тұста түріктердің үздіксіз шабуылына ұшырап отырды. Ал Арабияның шөлді аймағынан келген, жаңа дінмен және жаңа идеологиямен рухтанған арабтардың іздегені де осы болды. Оларға не майдан даласында қаза тауып, бірден жұмаққа жол тартатын, я болмаса бай облыстар мен қалаларды тонап әл-ауқатын көтеріп алатын мүмкіндік берілді. Былайша айтқанда, ұлы мемлекет құрған арабтар әбден күш-қуаты сарқылған Иранның шығысы мен батыста Испаниядағы Вестгот корольдігін басып алғаннан өзге ешқандай ауыз толтырып айтатын жеңіске жетпеді. Сол кездегі күшті қарсыластардың бірі франктар алғашқы айқаста-ақ Арабтардың арынын тежеп, олардың батысты бетке алған жорығын біржола тоқтатып тастады. Ал Х ғасырда жаппай исламды қабылдаған түріктер осы уақытта жаңа дінді жоюға бағытталған Ирандағы үлкен жымысқы жоспардың алдын алады. Осы кезеңнен бастап олар үнемі мұсылман әлемі мен Исламның бірден-бір қорғаушылары болды. Мәселен, жер шарындағы ірі мұсылман мемлекетінің бірі саналатын Пәкістан, Үндістанға шапқыншылық жасаған Махұт Ғазнауи сияқты түрік билеушілерінің арқасында құрылған. Исламды өз еріктерімен қабылдаған түріктер Құранның бірде-бір сөзін түсінбесе де көп жағдайда исламның жалғыз қорғанышы бола білді. Ал мұсылман-арабтар мен христиан-арабтар болса Ымы-жымы бір, бір-бірімен керемет тіл табысатын. Ал түріктер басқаша. Х ғасырда исламды қабылдаған Қарахандықтар ең алдымен өз іргесіндегі ұйғырларға шабуыл жасады. Олардың бір бөлігі манихейлікті ұстанса, тағы бір бөлігі буддаға табынатын. Мұндай оқиға бұдан ары да жалғасты. Суннит-түріктер мен шиит-түріктердің бірін-бірі қалай қырғаны тарихта өшпес таңба болып қалды. Бір-бірінің күш-қуатын сарқыған бұл соғыстар түріктердің бірігуіне біржола тосқауыл қойды. Қазіргі кезде дінаралық араздық бұрыңғыдай емес, бәсеңдегенімен, христиан дініндегі, буддизм мен пұтқа табынатын өзінің түрік бауырларын әлі де жау санайтын санасыздар жетіп артылады. Қазіргі таңда мәдениетті адам үшін дін-әркімнің жеке шаруасы. Тіпті діни партия құрған елдердің өзінде діни оқу орындары басқа сенімдегі азаматтарға түсіністікпен қарайды. Қандай дінді ұстанса да әркімнің өз еркі. Мәселен, Исаның діні өз жолындағыларды ағайындық пен бейбітсүйгіштікке шақырады. Бірақ біз христиан халықтарының бір-бірімен қанша мәрте соғысқанын білеміз. Мұсылмандардың «бірлігі» де діндес бауырлардың арасындағы қантөгісті тоқтата алмады. Бұның себебі біреу-ақ: Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр бәрібір діннен күшті, ал тарихи тағдыр қандай дінге болсын иліге бермейтін қиын дүние.. Бұған қарамастан біздің кейбір діни дүмшелер жұртқа Ислам бірлігін үндеп әлек. Осы идеямен әбден «ауырған» олар, ата-бабаларына тіл тигізіп, тіпті олардан біржола бас тартуда. Олар үшін Әли мен Муавияның арасындағы қақтығыс, Хасан мен Хусейннің өлімі бәрінен маңызды. Олар араб тілін мемлекеттік тіл деп жариялауға дайын. Өйткені түрік тілі бұлар үшін тіл емес. Ал Мөде, Әділ патша, Шыңғыс хан мен Құлағуларды олар тиран, қансорғыштар санайды. Олар шариғаттан басқа бірде-бір заңды мойындамайды. Балаларына Темір, Тас, Қайя немесе Арсылан, Барыс, Бозғұрт, Доған деген «пұтқатабынушылардың» есімін беру олар үшін дінсіздердің тірлігі болып табылады. Олардың ойынша, адамның аты Исламша болуы тиіс, өйткені түріктерді адам еткен ислам. Тек исламның арқасында ғана түріктер қаншама қуатты мемлекеттер құрды, – деп көлгірсиді. Адамды адастыратын мұндай пікірлерден арылатын уақыт туды. Біз үшін Әли мен Муавияның арасындағы күрес пен Хасан мен Хусеиннің өлімі маңызды оқиға болмауы тиіс. Бұл арабтардың ішкі шаруасы. Оның басқа халықтардың арасында болып жататын қантөгістерден ешқандай айырмашылығы жоқ. Бізді арабтардың бірін-бірі өлтіргені емес, Қытайдағы Көр Шад түріктері мен Ыстанбұлдағы Генч Османның және Алтайдағы Оспан батырдың қазасы қапаландыруы тиіс. Жүрегімізді жаралайтын оқиғалар осылар. Біз андалусия үшін емес, Түркістан мен Әзірбайжанды жоғалтқанымызға жүрегіміз сыздап, Қырымның жаулап алынғаны мен Қазанның құлағанына қайғыруымыз қажет. Біз осылар үшін опық жеп, осылар үшін бармақ тістеуіміз керек. Ал Мөде, Атилла, Шыңғыс қаған мен Құлағулар заң шығарып, ел басқарған жасампаз тұлғалар болатын. Олардың жойқын шапқыншылығы Омар халиф әскерінің Иран мен Мысырда жасаған қынды қырғынының қасында түкке тұрмайды. Түріктер қатты қарсылық көрсеткен қалаларды ғана қиратты. Ал Омар болса Персиядағы мыңдаған жылдық мұралардың күл-талқанын шығарып, Александриядағы кітапхананы өртеп жіберді. Ал «пұтқа табынатын» Құлағу болса христиан дініндегі әйелінің қазасына қайғырудың орнына, кедейлердің жағдайын көтеретін үлкен шаралар өткізіп, салықтың санын азайтқан еді. Араб тарихында үлгі боларлықтай осындай мысалдар бар ма? Ислам бірлігін уағыздап жүргендердің ойынша, түріктердің өз балаларын мұсылманша ныспыламай, оларды түрікше атауы шариғатқа қайшы екен. Бұл кәпірлердің дәстүрі,- дейді олар. Әлемде бұдан өткен сорақы әрі қауіпті идея жоқ. Ислам атаулары деп жүргеніміз негізі араб есімдері болып табылады. Керек десеңіз Олардың түпкі тегі де исламға дейінгі кәпірлік кезеңге барып тіреледі. Мағынасын білмейтін мұндай есімді балаларымызға тану тұрпайы тірлік. Өйткені Мұса, Иса, Сүлеймен, Ибраһим, Ысмайыл, Ысқақ, Жақып пен Жүсіп деген атаулардың өзі арабтарға еврейлерден келген болатын. Бозқұрт, Алыпарслан мен Ертоғүрылды олар «жыртқыштардың» есімі санайды. Мағынасына үңілсек, олардың өз есімдерінің де жетісіп тұрғаны шамалы. Мәселен, Муавия «Иттің ұрғашысы» дегенді білдіреді. Арабтар мұндай «хайуани» есімдермен тіпті тайпаларын да атаған. Атап айтсақ, «Бану Қалб» деген сөз «Иттің балалары» деп аударылады. Енді әйел есімдеріне тоқталайық. Айша- тірі қалған, Фатима- емшектен алынған, Хадиша- кемтар туған, Зейнеп- семіз дегенді білдіреді. Түріктер исламды қабылдағаннан кейін ғана ұлы мемлекеттерді құрды деген тезис тіпті күлкіңді келтіреді. Ғұндардың 700 жыл бойы ұлы қытай қорғанынан орталық еуропаға дейінгі жерде билеп-төстеп, Қытай мен рим империясына салық төлеттіріп тұрғанын олар ұмытқан сияқты. Сол тұстағы мәдениеті жоғары мемлекеттерді уысында ұстау «тағы тайпалардың» қолынан келетін шаруа емес еді. Көк түріктердің Кореядан Қырымға дейінгі алып аймақты қарамағында ұстағаны қытайлардың, парсылардың, арабтар мен римдіктердің жадында жазулы тұр. Одан бері Шыңғыс қаған мен түрік-мұсылмандардың адамзат тарихына тигізген әсері туралы жақ ашпай-ақ қойсақ та болады. Бұл жерде айта кететін бір нәрсе бар. Кез-келген мемлекетті құрғанда Түріктер ешқашан исламға мұқтаж болған емес. Тарихи тағылым бізге былай дейді: Түріктер исламның арқасында емес, керісінше Ислам түріктердің арқасында дәуірлеп-дамыды. Егер селжұқтар мен қыпшақтар мұсылмандарды қорғамағанда, крестшілердің әскері жер бетінде бірде-бір мұсылманды тірі қалдырмас еді. Османдар шабуылға шығып, христиан әлемінің қақ ортасында қаншама ғасыр бойы Исламның өсіп-өркендеуіне жалғыз дара үлес қосты. Ал арабтар бірінші дүниежүзілік соғыста османдарды сатып кетті. Лоуренстің ақшасына арбалған арабтар ағылшындармен бірігіп Мәдинаға шабуыл жасағанда қасиетті қаланы түріктер ғана қорғаған болатын. Сириядағы майданда біздің «діндес бауырларымыз» болып табылатын арабтар тұтқынға түскен түріктерді кескілеп тастағаны тарихи шындық. Алтын жұтып қойған деген оймен тірі адамдардың қарнын ақтарып, олардың ішінен алтын іздеген екен. Шам қаласындағы салтанатты шара кезінде пайғамбарымыздың тұқымдары (шәріптер) соғыста тұтқынға түскен жүздеген өрімдей түрік сарбаздарының тамағын орып тастады. Бұл тура құрбан айт кезіндегі қан шығаратын рәсімді еске түсіреді. Осылардың барлығын істеген араб ұлтшылдары болатын. Ал түріктер пайғамбардың тұқымы саналатын шәріптерге әрқашан құрметпен қарады. Билікке құныққан олар болса ағылшындардың ақшасына сатылып, бізге қарсы шықты. Осының барлығы «діндес бауырларымыз» арабтардың қолымен жасалды. Қазіргі араб әлемінде түріктерге деген өшпенділік өршіп тұр. Олар Израильмен соғыс кезінде түріктердің өздеріне қол ұшын бермегеніне өкпелі. Арабтар мектеп жасынан бастап түріктерге деген өшпенділікпен өсуде. Сонымен қоймай ұлтарақтай Израильге әлі келмеген 5-6 араб мемлекеті түріктерден Қатай провинциясын тартып алуды армандайды. Іргелес Ресейден коммунистердің идеологиялық империализмі, ал Мысыр жақтан әртүрлі жамағаттардың атын жамылған нурджизм сияқты араб империализмі қауіп төндіріп тұр қазір бізге. Түрікшілдік идеясы төңірегінде ойласақ, бізге коммунизм мен нурджизмнің арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Екеуіде түріктердің сан ғасырлық мәдениетін жоюды көксейді. Осыны түсінбейтін қаншама қандас бауырларымыз аталған идеологияларды құшақ жайып қабылдап, олардың қолшоқпарына айналуда. Өткенде түріктерді қырып-жойып жатқан кипрлік гректерге Мысырдың қару беріп көмектескені радиодан ресми түрде мойындалды. Осыдан кейін Ислам бірлігін аңсап жүрген өз ағайындарымыздың тұрпайы тірлігіне іштей өкінесің. Ұлтың мен Отаныңды сатып кету дегеніміз жауыңа әскери құпияларды ашып беру ғана емес, Жауларыңның тірлігіне таң қалу мен көзсіз еліктеу, олардың мақсаттарына қол жеткізуіне көмектесіп, өз дәстүріңнен жеріп кетуің де Сатқындыққа жатады.
Сондықтан Ислам бірлігі мен бауырластығы- таза адасу болып табылады. Себебі діннің алға қойған осы мақсаты қаншама ғасыр бойы іске асқан жоқ. Енді осыншама сатқындық пен өшпенділіктен кейін ол ешқашан орындалмайтыны анық. Исламның бірлігі емес, Тынық мұхитынан Алтайға дейінгі аймақты алып жатқан Түрік бірлігінің болашағы ғана баянды боларына Мен кәміл сенемін..»
Құсейін Атсыз
Дайындаған Жанай Жауғашар.
Пікір қалдыру