Мұрат Өнал: «Болашақта Шымкенттен футбол мектебін ашқым келеді»
Мұрат Өнал – футбол жанкүйерлеріне таныс есім. Аты аңызға айналған «Аякс» футбол мектебінде тәлім алған шетелдегі қандасымыз былтырдан бері бірінші лигадағы «Қыран» (Шымкент) командасында өнер көрсетіп келеді. Атажұртына асыға жеткен қазақ баласының өмір жолына қарасақ, ол 1987 жылы 20 шілдеде Түркияның Салихли қаласында туып, кейіннен Голландияның Амстердам қаласына қоныс аударған. 2006-2007 жылдары Бельгияның «Брюгге», 2007-2008 жылдары Голландияның «Ден Хааг», 2008-2012 жылдары Голландияның «Волендам», 2012-2013 жылдары Финляндияның «Каяни» клубында ойнаған.
«Ұлттық құраманың намысын қорғау – ең үлкен арманым»
– Мұрат, «Қыран» футбол командасында ойнап жүргеніңе бір жылдан аса уақыт болды. Жоғары лигаға немесе басқа командаға ауысу жоспарда бар ма?
– Әзірге ондай жоспар жоқ. Бұл клубта жүріп жақсы достар таптым. Олармен бір отбасының баласындаймыз. Егер, ұсыныстар түсіп жатса, команда басшылығымен ақылдасып уақытында көре жатармын.
– Арно Пайперс бас бапкер болған тұста Қазақстан ұлттық құрамасының Голландиядағы оқу-жаттығу жиынына шақырылған екенсің. Ұлттық құрама сапына қабылдануға мүмкіндік болып па еді?
– Голландиядағы жаттығу ойындарына шақырылғаным рас. Сонда жолдастық кездесулердің біреуінде ойнап, гол да соқтым. Ол кезде жасым 19-да болатын. Бір жағы, жоғары оқу орнында білім алып жүрдім. Бас бапкер елге шақырғанымен, өкінішке қарай дәл сол кезде оқуыма байланысты бара алмадым.
– Ал, қазір, бапкерлер тарапынан ұлттық құрамаға шақырту болған жоқ па?
– Ондай ұсыныс болған жоқ. Бірақ, шақырып жатса, қатты қуанар едім. Футбол менің өмірімде ерекше орын алады. Сондықтан Қазақстан құрамасының намысын қорғау – ең үлкен арманымның орындалғаны болар еді.

– Клубтарда өнер көрсетуге ұсыныстар болды ма?
– Былтыр «Шахтер», «Оқжетпес», «Жетісу» командалары шақырған. Бірақ, мен елге келген кезде командаға легионер ретінде қабылданатын заң шығып, ол клубтарда өнер көрсетуге мүмкіндік болмады. Оның үстіне Қазақстан азаматтығын алу да әлі шешілмей жатыр.
– Қазақстанның төлқұжатын алуға не кедергі болып жатыр?
– Менде екі елдің (Түркияның және Голландияның) азаматтығы бар. Қазақстанның төлқұжатын алу үшін екі елдің азаматтығынан бас тартуым керек екен. Ол жақтан бас тартсам, оқып жатқан оқуым (Амстердамдағы экономика және бизнес менеджменті мамандығы – С. Т.) аяқсыз қалатын түрі бар. Еліміздегі заң мекемелеріне барсам, көптеген құжаттар сұрайды. Онымен айналысуға жаттығудан қол тимейді. Қысқасы, әзірге азаматтық алу мәселесі қиын болып тұр.
«Голландия мектептерінде бәсекелестік жоғары»
– «Сырт көз сыншы» деген, сырттай қарағанда қазіргі қазақ футболының деңгейі туралы не айтасың?
– Не айтуға болады? Сын айтатындай мен маман емеспін. Жанкүйер ретінде айтарым, қазақ футболы әлі де қалыптасу үстінде. Мәселен, қазақ футболын Голландиямен салыстыруға келмейді. Құрамамыз тәжірибе жиып, шеберлігін шыңдауда. Әрине, бізде де талантты жастар өсіп келе жатыр. Соларға жоғары дәрежеде қолдау қажет.
– Қазір ерінбегеннің бәрі қазақ футболын сынайды. Түрлі кекесінмен пікір айтатын жанкүйерлер де табылады. Сеніңше, қазақ футболына не жетіспейді?
– Бәрі де тәжірибеге байланысты. Ол оңайлықпен келмейтіні анық. Тәжірибе деген ұзақ жылдардың нәтижесінде жүзеге асады. Байқасаңыздар, Қазақстан құрамасы ойынның соңғы минуттарында гол жіберіп алады. Бізде физикалық әлеуеті мығым футболшылар жеткілікті деңгейде. Бірақ, олардың күш-қуатын тиімді қолдануда бапкерлердің тактикасы ойдағыдай шықпай жатқан сыңайлы.
– Еуропада өнер көрсетуге лайықты футболшылар бар ма бізде?
– Мықты футболшылар жоқ емес, бар. Көп емес, бірақ. Мысалы, Бауыржан Исламханның допты игеру тәсілі өте керемет. Егер, Еуропаға лайық кім деп сұрағанда осы футболшыны атар едім.
– Сен Голландияда футбол әліппесін үйреніп, бірнеше клубтардың намысын қорғадың. Бүкіл әлем біледі, Голландия футболы әлемде көшбасшы елдердің санатында. Олардың жетістігінің сырын өз аузыңнан естісек.
– Ол жақта бәсекелестік жоғары. Голландияда жалпы саны 15-ке жуық дивизион бар. Оның әрқайсысында 18-20 командадан өнер көрсетеді. Соның ішінен мықтылар ғана іріктеліп, ұлттық құрамаға шақырылады. Балалар футболында да солай. Жалпы, Голландияда футболға құмартқан жастар жетерлік. Бұл елде ешкімнің жетелеуінсіз-ақ, футбол үйірмесіне өздері барғысы кеп тұратын балалар өте көп. Олардың бір ерекшелігі осында.
– Голландия мен Қазақстандағы балалар футболында қандай айырмашылық бар? Саралап көрдің бе?
– Шындықты айтсам, ешкім өкпелемейтін шығар, жасөспірімдер арасында қазақстандық футбол мектебі аса мықты емес. Мысалы, Голландияның 13-14 жас шамасындағы футболшылары біздің 18 жастағы бозбалалармен бір деңгейде өнер көрсете алады. Оларда балалар 4-3-3 жүйесімен көп ойнайды. Осы жүйені олар жылдар бойы мықтап меңгеруге күш салады. Жастар өсе келе осы жүйені жаттап алады.
– Жастар демекші, қазақстандық бір топ балалар Бразилияның «Оле Бразил» клубында үш жыл тәлім алып қайтты. Олардың шеберлігін қалай бағалайсың?
– Бразилияда оқып келген балалардан жасақталған «Бәйтерек» командасымен жасыл алаңда қарсылас атанып, бірінші лигада күш сынасып жүрміз. Жуырда ғана астаналық команданы 4:1 есебімен ұттық. Олардың көпшілігі жастар. Сол себепті ме, тәжірибесі аздау.
– Қазақстандық балалардың тағы бір легі Бразилияға аттанды. Осы бағдарламаға қалай қарайсың? Бізге берері көп пе, әлде…
– Менің жеке пікірім, Бразилияға балаларды оқуға жібергеннен гөрі, сол қаражатқа елімізде спорт алаңдарын ашу керек. Одан еш ұтылмаймыз. Сосын шетелден бапкерлер шақырса, әлдеқайда нәтижелі болар еді. Қанша дегенмен, біздің жас балалар шетелге шығып, отбасын сағынып, көп эмоцияға ұшырайды. Балалардың өтпелі шағында бұл өте ауыр соғады.
«Өз еліңде жүріп, өз тіліңде сөйлескенге не жетсін!»
– Мұрат, сенің елге келуіңе кім көмектесті?
– Туған жерге оралуыма Аршат Оразов есімді азамат себепкер болды. Онымен әлеуметтік желі арқылы танысып, сөйлесіп тұратынмын. Бірде ол Қазақстанға келсеңші деп шақырды. Соның араласуымен елге келіп, біраз жанашыр ағаларыммен жүздестім. Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мырза да кабинетінде арнайы қабылдады. Оған алғысым шексіз, көп көмегін беріп жүр.
– Сұхбат барысында қазақша жақсы тәп-тәуір сөйлеп отырсың. Ана тіліңді толықтай меңгердің бе?
– Қанша дегенмен, тарихи Отанымнан жырақта туып-өстім ғой. Алғашқыда елге келгенде қазақ тілінде қиналыңқырап сөйлейтінмін. Құдайға шүкір, қазір ойымды еркін жеткізе аламын. Өз еліңде жүріп, өз тіліңде сөйлескенге не жетсін! Ана тілімді жақсы үйреніп жатсам, ол Шымкенттегі достарымның арқасы.
– Қанша шет тілін білесің?
– Ағылшын, голланд, түрік тілдерін жетік білемін. Орысшаны да ептеп меңгеріп қалдым. Бірақ, командадағы әріптестеріммен тек қазақша сөйлесемін. Мысалы, бір бөлмеде тұратын қақпашы Павел Жуковпен қазақ тілінде ой бөлісемін. Ол қазір ана тілімізде сөйлесуге жарап қалған.
– Еуропада болғанда отбасыңда және туған-туысқандарыңмен қай тілде сөйлесесіңдер?
– Түркияда жүрсек түрікше, Голландияда болсақ голланд тілінде пікір алмасамыз. Бірақ, қариялар отырған жерде қиналсақ та ана тілімізде сөйлеуге тырысамыз. Өйткені, үлкендер жағы біздерге «қазақша сөйлеңдер» деп үнемі ескертіп отырады. Ал, өз отбасыма келсем, әкем де, анам да қазақы тәрбиемен сусындап өскен жандар. Бахытхан анам дастархан басында: «Сөзің қысқа болсын, өмірің ұзақ болсын», «Шыққан тауың биік болсын» деп бата беріп, немерелеріне бесік жырын айтып отырады.
– Оқырмандарымызға отбасың, ата-анаң туралы толығырақ айта кетсең…
– Әкемнің есімі – Тоқтахан Ұлықпанұлы. Әкем жас кезінде мықты футболшы болған. Түркияның жоғары лигасындағы командалар әкемді бірнеше рет сұраған екен, бірақ атам жібермепті. Осы өкінішін қайталағысы келмей, әкем мені де, ағамды да жастайымыздан футболға баулыды. Ал, анамның есімі – Бахытхан Қыдырмолдақызы. Екеуі де қазір зейнеткер. Кезінде тері шаруашылығымен айналысқан. 1977 жылғы ағам Тұнжай құрылыс саласында жұмыс істейді, 4 ұл-қызы бар. Әпкем Зейнеп те отбасын құрған. Бала-шағасы бар, өзі үй шаруасында, жездем бизнес саласында. Отбасымдағы жандардың бәрі де Амстердамда тұрады.
– Ата-анаң Атажұртқа келген бе еді?
– Жоқ. Биыл ата-анамды елге әкеліп, таныстырмақ болған едім. Бірақ, жарақаттанып қалдым да, бұл жоспарым кейінге қалды. Ата-анам елге келуді армандап жүр. Маған қарайлап, жаттығуыма алаңдайды олар. Анамның туған сіңлісі Алматыда тұрады. Сол жаққа да сапарлап барғысы келеді. Сәтті түссе, алдағы уақытта оларды елге әкеліп, қуантсам деп отырмын.
«Болашақ жарым Париж қаласында тұрады»
– Амстердамда 50-ге жуық қазақ отбасы тұрады деп естиміз. Бір-біріңмен араласып тұрасыңдар ма?
– Ондағы үлкен-кіші ағайынның бәрі де бір-бірін жақсы таниды. Той-жиында бірге болып, қуанышына ортақтасады. Еуропаның менталитеті бөлек қой. Салқынқанды, суықтау. Ал, қазақтар бір-бірін жиі-жиі қонаққа шақырады. Голландиялықтар қазақтардың осы қонақжайлық қасиетін ерекше қадірлейді. Жалпы, Еуропа қазақтарының кіші құрылтайында бәріміз бас қосып тұрамыз. Онда түрлі жарыстар ұйымдастырады. Осы жиында әр қаладан келген қазақтар футбол ойнап, би билеп, шерімізді тарқатып, марқайып қайтамыз.
– Шетелдегі қазақтар арасында салт-дәстүріміз қаншалықты деңгейде сақталған?
– Қазақ болғаннан соң салт-дәстүрді сақтауға, халқымыздың әдет-ғұрпын орындауға барынша тырысамыз. Туған күн мен түрлі мерекелерде әр отбасында бауырсақ пісіріліп, ұлттық тағамдар әзірленеді. Беташар жасаймыз, ата-бабамыздың дәстүріне сәйкес, қалыңмал төлейміз. Мал сойып, ата-бабалар рухына құран бағыштап тұрамыз.
– Қай командаға жанкүйерсің?
– Бала күнімде голландиялық «Аякс»-тің тілеуін тілеп отыратынмын. Ал, қазір мадридтік «Реал» командасының белсенді жанкүйерімін.
– Енді болашақ жоспарларыңмен бөліссең…
– Болашақта Шымкенттен жеке мектебімді ашып, балаларды футболға тәрбиелегім келеді. Ал, қазіргі мақсатым, жақсы жар тауып, үлкен өмірге қадам басу. Ертең қай клубта ойнайтынымды бір Алла біледі ғой. Келіншегім ертең менімен бірге тұра ала ма, футболшының қызығы мен қиындығына көндіге ала ма, осы жағын келісіп алуым керек.
– Шынында, орда бұзар отыз жасқа таяп қалдың. Ата-анаңның қолын ұзартып, отбасыңа қашан келін түсірмексің?
– Жасым қазір 27-де. Енді осы жылдың соңына таман отбасын құрып, үйленуді жоспарлап отырмын.
– Сөз байласып жүрген қызың бар ма еді?
– Бар ғой, әрине (күлді). Болашақ жарым Париж қаласында тұрады. Қазақ қызы. Оқуын аяқтаса, елге әкеліп, беташар жасап, сіздермен бірге қуанышымды бөліспек ниеттемін.
– Әңгімеңе рахмет! Сәттіліктер тілейміз!
Сұхбаттасқан
Сәбит ТАСТАНБЕК
Қысқа-нұсқа
Туған күні, айы, жылы: 20. 07. 1987 ж.
Бойы: 179 см
Салмағы: 76 келі
Алаңдағы позициясы: жартылай қорғаушы
Хоббиі: балық аулау, кино көру

Пікір қалдыру