Армяндардың таяуда Еревандағы бас көтеруiн бiреулер “екiншi Майдан” десе, ендi бiреулер “түрлi-түстi революцияның тағы бiр түрi” деп тауып, танып отыр. Ал шын мәнiнде, армяндар неге бас көтердi?
Бұл бас көтерудi, бiр сөзбен айтқанда, “Ресейге қарсылық” деп айтуға әбден болады. Иә, иә, Ресейге қарсылық. Ресейдiң саяси қысымына қарсылық. Бұған армяндардың Баграмян алаңындағы бас көтеруде айтқан наразылықтары толық куә бола алады.
“Орыстар бiзге ескi әскери қару-жарақтарын сатты да, дәл екi айдан кейiн әзiрбайжандарға су жаңа, ең соңғы үлгiдегi қару-жарағын сатты. Мұнысы несi? Қарабақ мәселесi ушығып тұрған кезде орыстардың осындай екiжақты, екiжүздi ойын ойнауға қалай дәтi барды?!”.
“Украиндар жақында өздерiнiң әскери саласында тазалау жұмыстарын жүргiздi. Олар осы саладағы орыспиғылды, орысқолды кадрлардың бәрiн жұмыстан қуды. Бұл ретте өзгенi есептемегенде, тек генералдардың сапынан 40-қа жуық адам қызметтен кеттi. Бiзге де осындай тазалау жүргiзу керек. Бiздiң әскери салада да орыспиғылды, орысқолды кадрлар аз емес. Осылардың кесiрiнен Ресейдiң Арменияда әлi күнге дейiн әскери полигондары жабылған жоқ”.
“Рас, мыңдаған армяндар Ресейде жұмыс iстейдi. Олар осылайша өздерiнiң Армениядағы отбасын асырап отыр. Бiрақ, бұл мәселе Ресейдiң Арменияға стратегиялық әрiптес емес, жарылқаушы ретiнде мұрын шүйiре қарауына жол бермеуi керек…”.
“Егер Арменияның Еуропа елдерiне тiке шығуына, тiкелей байланыс жасауына кедергi келтiретiн болса, жалпы Арменияның өзге елдермен қарым-қатынас жасауына белгiлi бiр дәрежеде бөгет келтiретiн болса, онда бiзге мұндай Еуразиялық одақтың көк тиынға да керегi жоқ…”.
Сонымен бiрге армян зиялылары (бас көтерушiлердiң басым көпшiлiгi – зиялылар) Арменияның қазiргi билiгiне мынандай талап қойды: “Кремльмен белгiлi бiр ара қашықтықты ұстау”. Соған қарағанда, Арменияның қазiргi билiгi кейбiр мәнiс-мәселелер жөнiнде Кремльмен ауыз жаласып кеткен де сияқты.
Әмiрхан МЕҢДЕКЕ
zhasalash.kz
Пікір қалдыру