Фетхуллах Гүлен кім?
Түрік басшылары шілденің 15-і болған төңкеріс жасауға талпыныстың артында “көлеңкелі мемлекет” тұрғанын айтады. Бұл сөз “оның артында түрік діни лидері Фетхуллаха Гүлен тұр” деген мағына береді. Гүлен деген кім?
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен оның маңайындағы тұлғалар шілденің 15-і күні төңкеріс ұйымдастыруға талпынғандарды “көлеңкелі мемлекет” қолдады деп мәлімдеді.
Түркияда тұрмайтын адамдарға бұл сөз түсінікті болмаса да, оны 75 жастағы АҚШ-тың Пенсильвания штатында тұратын діндар адам анық түсініп отыр. Фетхуллах Гүлен “көлеңкелі мемлекет” сөзі айтылған бетте өзінің төңкеріске талпынуға ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Гүлен “Кейінгі бес онжылдықта бірнеше мәрте әскери төңкерістерден зардап шеккен мен сияқты адамға мұндай оқиғаға байланысты айыпталу ұят әрі намысыма тиеді, мен ондай айыптауларды қатаң түрде терістеймін” деді.
Бірақ Фетхулла Гүлен деген кім және Ердоған оны және ол басқаратын қозғалысты неге айыптайды?
1999 жылдан бері АҚШ-та тұрып жатқан Гүлен кезінде Ердоғанның одақтасы болған. Ердоған мен оның діни консервативтік Әділет және даму партиясының 2002 жылы билікке келуіне көмектескен.
Алайда одақтастар көп ұзамай билікті бөлісу дауы және Ердоғанның авторитарлық билеу тәсілі кесірінен араздасып қалды. Сол жылы мамыр айында Гүлен қозғалысы Түркияда террористік ұйым болып жарияланды.
Гүлен алғаш, 1960-жылдардың соңында, Измир мешітінде шешен уағызшы ретінде танылды. Ол 1999 жылы қысымға ұшырап, мемлекеттің зайырлы сипатын өзгерту үшін төңкеріс жасамақ болды деген айыппен қуғындалды. Бұл айып дәлелденбеді, бірақ ол АҚШ-та қалып қойды. Ол мұнда томаға-тұйық ғұмыр кешіп, шығармашылықпен айналысады. Сөйте тұра, Гүлен әлемдегі ең ірі діни қоғамдық ұйымның бірін басқарады. Ол басқаратын “Хизмет” қозғалысына миллиондаған адамдар мүше және қозғалыс 150 елде мыңға жуық білім орнын қаржыландырып отыр. Ол білім орталықтары мектеп түлектерін университеттерге түсуге әзірлейді.
Консервативтік діни құндылықтарға сүйенетін “Хизмет” қозғалысы негізінен қоғамдық жұмыстар атарады, ұйым исламның қалыпты түріне жатқызылған. Алайда бұл қозғалысты кейбір елдердің басшылары студенттер мен ауқатты кәсіпкерлер арасында ықпалы болғандықтан, қауіпті деп санайды.
Білім орталықтарын кәсіпкерлер қаржыландырады, ал мұндағы студенттер көбінесе кедей отбасынан шыққан жастар болып келеді. Бұл жүйені сынаушылар кедей студенттерді олар қатарларына қосып алады, қозғалыс ресми түрде халықаралық ұйым емес, мүшелерінің тізімі жоқ дейді. Ал қозғалыс мүшелері өздерінің ант беріп, міндет арқалауды жүктемейтін бірлестікте жұмыс істейтіндерін, Гүленнің қоғамға қызмет ету туралы үндеулері ұнайтынын айтады.
Гүлен мектептері СССР тараған 1991 жылдан соң Орталық Азия елдерінде көбейді. Бірақ бұл мектептерді көп ұзамай Гүлен қозғалысынан тартып ала бастады. Өйткені жергілікті үкіметтер қозғалыс ислам белсенділігіне шақырады деп қауіптенді. Алайда ешқандай елде Гүлен жақтастарын дәл Түркиядағыдай кінәламайды. Ердоған үкіметі гүленшілерді үнемі билік органдарындағы қызметтерін қоғамның үкіметке сенімін азайту үшін пайдалануға тырысады, билікті басып алғылары келеді деп айыптайды.
Ердоған бұған дейін Гүлен қозғалысын өзін қаралауға ұмтылғанын, 2013 жылғы коррупциялық тергеу кезінде өзіне жақын бірнеше серігін айыптауға тырысқанын айтқан. Бұл тексерістен шу шығып, үкімет көптеген прокурорлар мен жоғары лауазымды шенеуніктерді қызметінен босатқан еді. Ердоған мұндай “тазалауды” Түркияны “қара ниетті күштерден” қорғау үшін жүргізгенін мәлімдеген. Былтыр Ердоған Гүленнің мектептерін де тартып алып, мемлекет өкілдерінің бақылауына өткізген. Түркияда әскери төңкеріс жасау талпыныс іске аспай қалғаннан кейін Ердоған Гүленнің қозғалысын мүлде тұқыртуға кірісуі мүмкін.
Түркия қарулы күштерінің штабы бастығы міндетін атқарып отырған Үміт Дундар шілденің 16-сы күні “армия өз қатарындағы ондай “параллель құрылым” өкілдерінен құтылатынын” мәлімдеді. Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым шілденің 16-сы күні тілшілерге “Фетхуллаха Гүленге пана болғысы келетін кез келген елдің Түркиямен ынтымақтаса алмайтынын” айтты. Бірақ ол АҚШ-ты атамады. Йылдырым Вашингтонды Анкараның Гүленнен қауіптенетінін елемейді деп жанама түрде сынап өтті. Ол “Біз соның кесірінен осынша шығынға ұшырадық” деді.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Вашингтон тарапына айтылған кез келген айыпты терістейтінін мәлімдеді. Керри “АҚШ Түркиядағы төңкеріс талпынысында қандай да бір рөл атқарды деген алыпқашпа сөздер жалған әрі екі жақты қатынастарға зиянды” деген.
Азаттық радиосы
1 пікір
Айша Стамбул
Мақала Гүленші біреудің атынан жазылғаны көрініп тұр, Гүлен Ақш қа жүрегінің ауру екенін сылтау айтып қашып кеткен, Ердоғанның ешқандай халқына жаман іс істегенін көрмегем, ол кісі 14 жылдай билікте(премьер-министр, кейіннен президент) қаншама жетістіктерге жеткен. Бір елдің президентін жамандау ол елдің дұшпаны екенінді көрсетеді, Фетуллахшылар Алла сендерге дұрыс жолға кіруді нəсіп етсін.