Алматыда азық-түлікті арзан бағамен қайдан сатып алуға болады? (фото)
Жаздың соңғы айының басталуына бірер күн қалғанымен ірі қалалардағы жеміс пен көкөністің бағасы арзандай қойған жоқ. Олардың қазіргі уақыттағы құнын білу үшін NUR.KZ тілшісі көтерме сауда орталықтары мен базарлардағы, сауда маркеттеріндегі бағаларды салыстырып көрді. Алматыдағы ең ірі азық-түлік “Алтын орда” базарындағы баға, әрине қала орталығындағы бағалардан әлдеқайда арзан. Мысалы, мамыр айының аяғынан бастап халық көптеп тұтынатын жүгері собығының бағасы 20 теңгеден басталады екен. Бұл шаруалардың шикі жүгеріге нақты белгілеп қойған бағасы емес. Базардағы саудаға қарай осы мезгілде оның бағасы тағы 20 теңгеге көтерілуі де мүмкін. Ал базар саудагерлері егіншілердің өзінен алған жүгерінің көтерме бағасына 15-30 теңге аралығында қосып, мынадай етіп даналап саудалайды. Қайнатылған жүгері собығының өзі Алматыда 50 теңгеден басталады.