ИСЛАМҒА ДЕЙІН ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ДІНИ ЖАҒДАЙЫ ҚАНДАЙ ЕДІ?
Орхон жазуларындағы: «Көк Тәңірі аспан мен жерді жаратқанда, арасына адам баласын жаратты» деген жолдар көне түркілердің бір Тәңірге сенгеніндігін білдіреді. Сондай-ақ, Х ғасырдың алғашқы жартысында Сыр бойына келген ибн Фадлан да түркілердің «басын көкке созып, «бір Тәңір» деп мінәжат қылатынын» хабарлайды. Осындай көне деректерге қарап арғы түркілердің сенімі – бір Тәңір болғанын бажайлауға болады. Әйткенмен, түркілердің кейбір ру-тайпалары келе-келе өзге дін насихатшыларының ықпалымен Тәңірден басқа да діни сенімдерді қабылдаған.