Кометаға қонған зонд Жермен байланысқа шықты
“Фила” кометасы комета бетіне жақындап келеді.Тарихта алғаш рет комета бетіне сәтті қонған “Фила” зонды қызметін уақытша тоқтатқан жеті айдан кейін Жерге сигнал жіберді. “Фила” өткен жылдың қараша айында Чурюмова-Герасименко кометасына қонған. Зонд зерттеу жүргізіп, Жерге 60 сағат бойы ақпарат жіберіп тұрған. Кейін оның қуаты таусылып, жұмысы тоқтаған. Ғалымдар “Фила” комета Күнге жақындағанда жұмысын жалғастырып, зонд бетіндегі күннен қуат алатын батареялар қайта зарядталады деп үміттенген. Зондтың Жермен қайта байланысқа шығуы ғалымдардың үмітін ақтады. Байланыс 85 секундқа созылды. Бұл уақытта зонд 300 файл жіберген. Қазір мамандар зондты кометаға жеткізіп, енді оның орбитасында тұрған “Розетта” ғарыштық аппаратының бағытын өзгерту жұмыстарын жасап жатыр. Мамандар бұл аппараттың Жермен байланысын ұзартуға мүмкіндік береді деп санайды. Азаттық радиосы