МҰХТАР МАҒАУИН.АБАЙДЫҢ БЕЛГІСІЗ ӘҢГІМЕСІ
Қазақтың қасиетін тану — Абайды танудан басталмақ. Халқымыздың сөз өнерін зерделеу — Абай тағылымын бағамдаудан байқалмақ. Абай — қазақ тарихындағы қайталанбас сом тұлға. Абай биігі — халқымыздың көркемдік ой-танымында ешкім жетпеген заңғар. Университет қабырғасында дәрісін тыңдап жүрген кезімізде ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің өзінің: “Менің тілімде Абай тілінің мәдениеті бар”, — деп балаша мақтанғаны көкейде қалыпты. Ол кезде “Абайтану” дейтін арнайы курс бар еді, “Абайтану” аталатын өрісті ғылым бар еді. Мұхаң дүниеден көшкелі отыз жылға ойысты. Мәдениеттің, өнердің, ғылымның барлық саласында бірдей өскенімізге күмән жоқ. Бірақ ұлы шәкірт — ұлы ұстаз негіздеген ғылымының “тануы” кетіп, Абайы ғана қалыпты. Арамыздан “соның өзі қалай…” дейтіндер де табылатын сияқты. Бұл, сыпайылап айтсақ, баяғы “итке
