Мұхтар ӘУЕЗОВ: Қаралы сұлу
Мұхтар ӘУЕЗОВ: Қаралы сұлу Алты жыл қаралы, қайғылы алты жыл өтті. Әрбірі бір-бір өмірдей сарылған ұзақ. Қара жел үзілмей соққан күздің суық күніндей қуарған жүдеу жылдар… Содан бері Қарагөз қаралы тор бұлбұлындай, бұл төсектің иесі. Сансыз көп күндер өтіп жатса да, не бір жаңа үміт әкеліп сергіткен, не болмаса жүдеу көңілді бір сағатқа болса да селт еткізіп алаңдатқан мезгіл болған емес. Қарагөз бұл өмірге әбден мойындап болған. Көп жыл бойына созылған қаралы күй Қарагөз өмірінің қалпы болған. Күндегі дағдысы, салты болып кеткен… Күздің айсыз қараңғы түнінде, түнғатып жүрген жолаушы ұзақ қараңғылыққа қалай мойындап бағынса, Қарагөз де сондай мойындап, көніп болған… Содан бөлек халді көксететін өзге түрлі ой келсе, оны көңліне
