ҰЛЫТАУҒА ШЫҚТЫҢ БА?
Қазақта: «Ұлытауға шықтың ба, ұлар етін жедің бе?» дейтін әйгілі сөз тіркесі бар ғой. Осыны алғаш естігенде, астарынан бір ерекше аңсарды сезгендей болып едім. Кейін білсем, бұл біздің арғы-бергі шежіремізбен етене байланысып жатқан ұлы атау екен. Әбілқайырдан бөлініп шыққан Керей мен Жәнібектің де алдымен осылай қарай тартқаны тегін емес. Жоңғарлардан қатты шығынға ұшырап, артқа шегінуге мәжбүр болған Абылай да осы Ұлытаудан келіп, пана тапты. Мұнда сай-сүйегіңді сырқырататын үлкен сыр, қанға тартатын құбылыс жатқанын сосын барып түсіндім. Бұл ежелгі жұрттың жұрнағын іздеп, туы құлаған Алтын Орданың мәңгілік мекеніне қарай ұмтылған табиғи түйсік еді. Кезінде осында отырған Кетбұға, Тоқтамыс, Едіге сияқты арғы аталарының аруағын аттап өтпейтін үлкен өнегеден туған бабаларымыздың беталысы болды.