|  |  |  |  | 

Көз қарас Тарих Қазақ хандығына 550 жыл Қазақ шежіресі

Сібір жұрты немесе КӨШІМ хандығы құлағаннан кейін Батыс Сібір аймағында өзгеріске ұшыраған жер-сулардың байырғы атаулары.

112(2)

Шарлақ уезіндегі ел, жер, су атауларының шығу төркіні

Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов және Ақжар ауданының жері Совет үкіметі орнаған алғашқы жиырмасыншы жылдары Ақмола губерниясына қарасты Орехов ауданының негізінде құрылған Шарлақ уезінің қарамағына қарады. Оның құрамында он бес болыстық әкімшілік болды. Осы он бес болыстың ішінде Алабота, Қойтас, Қорған (кейіннен Қара Ой болысы атанды), Қызылағаш, Керей, Теке, Қарауыл (бұрынғы Николаев болысы) болыстарының негізгі бөлігі қазақтар болғандықтан көшпелі болыстар атанған еді. Бұл болыстар қазіргі көршілес Уәлиханов және Ақжар аудандарының аумағы. Қалғандары: Добровольская, Дробышев, Котельниково, Орехово, Покров, Русская Поляна, Степанов, Черноусов болыстары Омбы облысына берілді.
Бұланбай ауылының тумасы Зейнолла Оспанұлын ауыл балалары «Зәкен әтәй» деп атайтын едік. Ел мен жердің тарихын, осыған байланысты шыққан атауларды, ата-бабаларымыздың тарихын Зейнолла ағамыздың аузынан көп естідік. Көпшілігін ұмытып қалмас үшін қағазға түсіріп те алатынмын. Арғы атамыз Бұланбай батырдан Көксіл, Үйрек, Шүрек, Арал, Қашаған есімді бес ұл туады. Бәйбішесінен Көксіл (менің арғы атам), екінші әйелінен қалған төртеуі туады. Бес ұлдың арасында ел ішінде «Кәрі би» атанған Шүрек би Бұланбайұлы. Зейнолла ағамыз осы Шүрек бидің алтыншы ұрпағы. Бүгінде марқұм болған Зейнолла Оспанұлы ақсақалдан естіген шежірелік деректерді жұртшылықтың назарына ұсынуды жөн көрдік. Жер-су атауларына байланысты деректердің қайсы бір атаулары тарихи оқиғалармен сәйкеспей жатса көпшіліктен кешірім өтінемін. Ел ішінде құйма құлақ көнекөз қариялар қалған болса, не болмаса кейінгі буын замандастардың үлкендерден естіген аңыз-әңгімелері болса дұрыс-бұрысын түзетіп үн қосар деп ойлаймын. Естіген құлақта жазық жоқ дегендей – ілгеріде өткен ата-бабаларымыздан қалған аңыз-әңгімелерді бертінге дейін жеткізген өзімізден үлкен аға буынның ауызынан естіген деректер бойынша қағаз бетіне түсіруді жөн көрдім. Қалайда болсын әрбір аңыз бен шежірелік әңгімеде халқымыздың қағазға жазылмай кеткен тарихынан, бұдан сан ғасыр өткен өмірінен дерек беретін көмескі болса бір іздері сайрап жатыр. Қазір екі-үш атасынан әрі қарай жөнді мағлұмат білмейтін «Ұлы орыс» халқы да көне тарихтың қойнауын ақтарып өздері шыққан генеологиялық ата-тектерін іздестіріп жатыр. Тіпті жер-су атауларына қатысты материалдарды да архивтерден ақтарып өздерінің мемлекеттік тұрғыдағы көзқарастарына сай қайтадан өңдеп жазуда. Оларға қарағанда осы құтты мекенімізді сонау 13-15 ғасырларда Тайбұға әулеттері билік құрған, одан қалды Сібір хандары Бекболат, Жәдігер, Сейдахмет (Сейтек), Көшім хандардың хандық құрған заманында Батыс сібір аймағын ен жайлаған ата-бабаларымыздың ілгерідегі тарихы келешек ұрпақ үшін қажет. Жалпы қазақтар әрбір тарихи оқиғалар мен құбылысқа қатысты ат қоюға шебер халық. Жеті атасын білмеген жігіт жетім дегендей еліміздің, жеріміздің, суымыздың тарихи атаулары қандай оқиғаларға байланысты қалыптасты және осы атаулардың шығуының түп төркіні қандай жағдайда пайда болды. Тәуке ханның заманынан бұрын Үлкен Қара ойдың солтүстік батыс өңірі ағайынды Құттымбет – Бәйімбеттердің жайлайтын қонысы екен. Орыстар Сібір хандығын талқандап біржола тарих сахнасынан кетіргеннен кейін де хандықтың құрамында болған орта жүздің қыпшақ (соның ішінде құлан қыпшақтар), керей-уақ, арғын (атығай-қарауыл, бәсентиін, қанжығалы, тобықты, кіші арғынның Әлімбет, Бәйімбет, Шақшақ рулары. Осы рулар туралы ел арасында «Әлімбетке ерсең қамқадан шапан киерсің, Бәйімбетке ерсең ат үстінен сиерсің, Шақшаққа ерсең шешініп жауға тиерсің» деген сөз де бар. Жармақтың оң қолы болған Иван Кольцоны Сібір ханы Жәдігердің уәзірі болған Шағыр бидің ұрпағы – кіші арғынның батыры Бегіш Сомжүрекұлы өндіршегіне садақтың жебесін қадап өлтіреді. Бұл деректі Омбы қаласының тұрғыны, Міржақып Дулатұлына туыс болып келетін Шолат ақсақалдан 1983 жылы жазып алдым), кіші жүздің жеті руы (жағалбайлы, тама, табын, керейт, кердері, рамадан, телеу) Көшім ханның ұлдары Әли мен Есім сұлтандардың орыстарға қарсы жүргізген соғыстарына қатысты. Олар Мәскеу жіберген жалдамалы орыс қосындарынан біржола жеңіліс тапқаннан кейін қазақта Еңсегей бойлы Ер есім атанған Есім ханның заманында қазақ хандығының құрамына енді. Сібір ханы Сейдахмет билік құрған тұста Омбы облысының солтүстігіндегі Үлкен Үкі, Кіші Үкі, Тарск қаласының айналасы, Бағай өзенінің құйылысы, Той, Арқар өзендері мен Тебінді, Тас атқан өңірлері керейдің Тарышы, Шеруші, Шимойын тайпаларының, сырт қарауылдардың (Атқы, Жауар, Мөнтік, Сары руларының) қоныстары болды. Осы аймақтағы орман алқабының және Ертіске құятын кішігірім өзен Сібір хандарының заманында Шеруші атанған (орысша Чекруша). Қазіргі Омбы облысының Знаменский ауданы – кіші Үкі, Большеуковский – үлкен Үкі, Называев, Любин, Москаленко аудандары – Жолдыөзек, Павлоград, Русская поляна, Нововаршавский, Черлак аудандары орман – тоғайлы Құрымбел аймағы атанған еді.
Үлкендердің айтуынша бұл өң ірде екі Бәйімбет болған, екеуі де өз дәуірінің белгілі тұлғалары, қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен кісілер екен. Соның біреуі Күрсары атасына жататын «қызыл көз» Бәйімбет. Жауға шабар алдында көзі қанталап қызарып кетеді екен. Осы себептен де ел ішінде «Қызыл көз» батыр атанған Бәйімбет батыр Абылай ханның заманында өмір сүрген адам. Менің арғы атам Бұланбай, Шеруші руының ішінде Байтайлақ, уақ Сары батырлар бәрі тұстас адамдар болған деседі. Ал Бұланбай Әйтімбетұлы 1690-91 жылдар шамасында дүниеге келген адам. Зираты Любин ауданының жеріндегі Жолдыөзектің тоғайының ішінде жатыр. Күрсарыдан Есбол, Есболдан – Сақал, Сары, Бөрке, Құрман және Дуадақ-Төбет егіз туады. Сондықтан осы екі атаның ұрпақтарын бөліп, жармай Дуадақ-Төбет деп қатар атайды, егіз туған Малай-Бақтыбай тәрізді. Ел ішінде өзінің батырлығымен аты шыққан «Қызылкөз» Бәйімбет осы Төбет атасынан тарайды. Төбеттен Өтебай, Бәйімбет, Асан, Үсен есімді төрт ұл туады және бәрі де шетінен батырлығымен аты шыққандықтан ел ішінде «Төбеттің төртеуі» деген айдарлы есімдерімен әйгілі болған адамдар. Дуадақ-Төбет атасынан тараған ұрпақтар өз алдына бір-бір тайпа, бір-бір ауыл. Бәйімбет батырдың Ұмсынай есімді бәйбішесінен – Қарақожа, Биғожа, Байқожа, Қожағұл, Елшібай, Көлбай, Тайкелтір есімді жеті ұл туады. Кейінгі тұтқын болып қолға түскен тоқалынан Есмұхамед туады, оны ел ішінде естек әйелінен туғандықтан «Естек» атанып кеткен. Тәуке ханның заманында құба қалмақтар Ертістен өтіп Астрахан қалмақтарымен қарым-қатынас жасағаны тарихтан белгілі. Іргелес жатқан Омбы облысының Москаленский ауданында Ебейті деген көл бар. Байырғы атауы «Тұздысор». Ебейті қалмақ ханының Еділ қалмақтарымен арасында дәнекер болған елшісі, әрі қолбасшы батыры. Сол кезде жасы жиырмадан жаңа асып, ерлік істерімен аты шыға бастаған Бәйімбет батыр осы Ебейтімен алғаш жекпе-жекке шығып атан өгіздің терісінен иленіп, қорғасынмен күптеліп өрілген он екі таспа қамшымен жауырын тұсынан тіліп жіберген деседі. Осы алған жарақатынан кейін қалмақтың батыры Ебейті қырық күн «Тұздысор» көлінің жағасында жатып қайтыс болады да, артынан көлдің бұрынғы атауы қалмақ батыры Ебейтіге байланысты аталып кетеді (бұл деректер Зейнолла Оспанұлының аузынан 1984 жылы жазып алынды). Соған қарағанда бұл өңірде болған осынау оқиға 1730-32 жылдар аралығында өткен тәрізді.
Екіншісі керейдің Шеруші атасынан тарайтын Байтайлақ батырдың әкесі Құттымбетпен бірге туысатын Бәйімбет батыр да Тәуке ханның заманында өмір сүрген адам. Зираты Үлкен Қара Ойдың оңтүстік шығысында жатыр деген жорамалды қариялардан естуші едік. Осы аймақта орыс-казактың «қала салған» заманында «Бәйімбет бұлағы» болған деседі. Жалпы Үлкен Қара Ой мен Кіші Қара Ойдың айналасында тың игергенге дейін суы тұщы саумал бұлақтар мол болыпты. Бұл Бәйімбет он сегізінші ғасырдың екінші жартысында керей Жәнібек батырдың көшіне ілесіп Ертісті бойлап Алтай асып кетті. Жолға шығарында «қызылкөз Бәйімбетке» де бірге ілесіп баруды өтінеді. Төбеттің Бәйімбеті – Құба қалмақпен де, қара қалмақпен де жер үшін жауласып, дауластық. Енді бүйірден қадалып қаптаған «Сары қалмаққа» ата-қонысымды қалдыра алмаймын. Амандық – саулықтарыңызға тілектеспін. Жаңа қоныстарыңыз жайлы болсын – деп жауабын жібереді. «Қызыл көз» Бәйімбет батырдың сегіз ұлынан тараған ұрпақтары қазіргі Омбы облысын мекендейді. Ұлы қазан төңкерісіне дейін Бәйбішеден туған үлкен ұлдары Қарақожа, Биғожа, Байқожа, Қожабай, Елшібайлар жеке ауыл болып Үлкен Бәйімбет атанса, ең кенжесі Естекпен (Есмұхамед) бірге еншілес болуды ұйғарған Тайкелтір мен Елшібай ұрпақтары өз алдына кіші Бәйімбет ауылы атанды.
Қаз дауысты Қазыбек бидің баласы Бекболат хан Абылайдың ордасын шабу үшін бес Мейрамның қолын жинап Көкшетауға аттанғанда балта керей Тұрсынбай батырдан хабар тиісімен хан ордасын қорғау үшін Керей-уақ пен атығай-қарауылдан жасақ жинап қыпшақ Сағалайұлы Қошқарбай батырмен бірге тізе қосып Имантауда Бекболаттың жолын тосатын осы «қызылкөз Бәйімбет». Екі жүз жылға созылған қазақ-қалмақ соғысынан қалжыраған елдің арасында қан төгіске жол бермеуді көздеген хан Абылай Бәйімбеттің ықылас-ниетіне ризашылығын білдіріп қалың қолын Сарыадыр жаққа бұруды, жолдан шаршап-шалдығып келе жатқан Бекболаттың сарбаздарына тосқауыл болмауды сұрайды. Екі жақ келісімге келгеннен кейін қиын қыстау кезеңде балта керей Тұрсынбай батырмен бірге қасынан табылған «қызыкөз Бәйімбет» пен Қошқарбай батырларға хан ордасының төрінен орын берген деседі.
Осы аңыз-деректі әкем Шайкен (Шахизада) Мұқанжарұлы Қызылту ауданының орталығында тұратын әнші, әрі жыршы Үкілі Ыбырайдың көзін көрген Тақау Сейітовтен 1960 жылдары жазып алыпты. Бұл біздің өңірдегі ел қорғаған бабаларымыздың бастан өткерген тарихының бір парасы ғана. Әлі де болса ашылмаған тарихымыз қаншама.
«Қала» сөзі сібір қазақтарының арасында сонау Көшім ханның заманынан келе жатқан термин. Мәскеу патшалығы Сібірді жаулап алған алғашқы жылдары өздері қоныстануға лайықты жерлерге қамалдарды тұрғыза бастағаны тарихтан белгілі. Кейін бұл жерлер сауда-саттық жасайтын, жәрмеңке ашатын ірі қалаларға айнала бастады. Сібірдегі Тобольск, Тарск, Тюмен, Омск, Ишим және басқа да ірі қалаларға орталық Ресейден жергілікті халықты тонап, пайда тауып баю үшін келген орыстар мен Мәскеу патшасының қаһарынан қаймыққан қашқын келімсектер тобырымен келе бастады. Сібір жерін отарлаудың мұндай сұрқия әдісі патшалық Ресей тарапынан үлкен қолдауға ие болды және оларға жергілікті қазақтардан тартып алынған жері үшін қазынадан арнайы қаражат төленіп отырды. Столыпин тұсында ішкі Ресей өлкесінен қоныс аударып келген орыстың қаратабан мұжықтары мен жөкеаяқтары (қамыс шәркей – лапта киіп келгендерді ата-бабаларымыз солай атаған) бес-он үй бірігіп қазақтардан тартып жерлерге деревня, хуторларын орналастыра бастады. Олардың қазақтардан тартып алынып, иемденген қоныстары бертінге дейін жергілікті халық үшін «қала» немесе «орыстың қаласы» деген ұғыммен қалыптасып қалды.
Қазіргі Омбы облысының аумағында қалған ата-бабаларымыздың қонысы орысша атауларға ие болып көптеген өзгерістерге түсті. Он тоғызынша ғасырдың аяғы жиырмасыншы ғасырдың басына дейін қазіргі Ақжар –Уәлиханов ауданымен іргелес жатқан Омбы облысындағы елді мекендердің бұрынғы қазақша атаулары Полтавка – Сарыкөл, Григорьевка – Қазыбек, Еремеевка – Қаудантал, Борисовка – Дүйсенбай (одан ертерек 18 ғасырда Жанатай), Екатеринославка – Ұзынкөл, Новоскатовка – Жаманқала, Грушановка – Қызылшілік, Цветково – Жарқынағаш, Желанное – Шұбарбие, Одесское – Құрас, Бобровица – Сырнайшы, Ореховка – Шаңдақ еді. Бірақ әрі қарай тізе берсең қағаздың беті де жетпейді. Ең алдымен Ақжар ауданындағы елді мекендердің атаулары шығу төркіндеріне тоқтала кетейік.
Тулақ
Ұялы селолық округінің аумағындағы суы терең шұңқыма көл. Бұрынғы «Тельман» совхозы, қазіргі Ақсары ауылынан оңтүстікке қарай 3 шақырым жерде. Он сегізінші – он тоғызыншы ғасырлардағы бұл көлдің байырғы атауы Тереңсу. Бастерек, Тулақ көлдері сол заманның шонжарлары Бөртебайдың Шәмелі мен Тоғжанның Садуақасының жазғы жайлауы болған. Көнекөз ақсақалдардың айтуынша көлдің Тулақ атануы он тоғызыншы ғасырдың жетпісінші жылды осы өңірде өткен оқиғаға байланысты пайда болған екен.
Шамамен 1880 жылдар аралығында Дуадақ-Төбет елінің байы әрі Теке елінің болысы әкелі – балалы Бөртебайдың Тәшімі мен Шәмелі осы өңірде шілде айында үлкен той жасап, ат жарысын өткізіпті. Бәйгеге Қызылжар-Омбы аймағын мекендеген қазақтардан 50 – 60 қаралы ат жарысқа қосылған дейді. Мәре сызығы 40 шақырымдық ат жарысы Шаңдақтан (Қазіргі Ореховка) бастау алып Екіқұлын ауылының тұсына дейін созылған. Күннің аптап ыстығына шыдай алмаған аттардың көпшілігі Ұялының жанындағы Айбала шоғының тұсына келгенде зорығып өледі. Аттардың зорығып өлген жері кейін Атқырылған атанды. Бұл жерге он тоғызыншы ғасырдың аяғында орыс переселендері ішкі Ресейден көшіп келіп қоныстанды да Гришковка деревнясының негізін қалады. Өлген аттардың терісі (шамамен 25-30 ат болуы керек) Тереңсу көлінің айналасына жайылып күнге кептіріледі. Шілденің шыжыған ыстығынан бүрісіп, кеуіп қалған малдың терілері іске жарамай тулақ болып қалған екен. Содан бері аттардың терісі жайылып тулаққа айналғандықтан бұл көл Тулақ атанған. Қазақта – ат арыса тулақ, ер арыса аруақ – деген сөз де бар.
Төрегелді немесе Төрекөлі
Сепкрай қазақтарының жаз жайлауы болған бұл мекеннің бұрынғы атауы Бастерек тоғайы, Бастерек жайлауы немесе Бастерек көлі. Он тоғызыншы ғасырдың аяғында осы көлге таяу шұрайлы жерлердің батыс жағы Бастерек жайлауын ішкі Ресейден орыс переселендері қоныстанып Филоновка деревнясының негізін қалады. Көлдің солтүстік шығыс өңіріне он тоғызыншы ғасырдың басында Дәуіт аталарынан тараған ұрпақтар қоныс тепті. Осы жердің байырғы атауы шамамен 1901 – 02 жылдары осы араға қыр еліндегі (Сарыарқаның адамдарын біздің елде қырдың қазақтары деп атайды) Тоқырауын өңірінен бір төренің келуіне байланысты өзгерген дейді көпті көрген көнекөз қариялар. Ал, енді бір дерек көздері осы араға Омбыдан аң-құс аулауға келген орыстың ұлығы келуіне байланысты қойылған дейді.
Бірақ Омбы маңайындағы қазақтардың байырғы тілінде «орыстың төресі» деген ұғым жоқ. Оларды «Орыстың ұлығы» немесе өздерінің тілдерінен енген атаумен «Орыстың қожайыны» деп атайды. Ал, сол өңірдің тарихы мен шежіресін тәуір білетін Зейнолла Оспанұлы ағамыздан естіген дерегіміз шындыққа көп жанасады.
Алаш жұртының көшбасшысы болған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың өмірі мен қызмет істеген жылдары Батыс Сібір губерниясының орталығы болған Омбы қаласымен тығыз байланысты. Қазақтың талай жақсылары мен жайсаңдары осы қалада оқып, білім алғаны тарихтан белгілі. Солардың ішінде Қызылжар – Омбы қазақтарымен етене араласқан Әлихан Бөкейханов. Сол кезде жігіт ағасы болса да отыздың жуан ортасына келіп қалған Әлихан Омбының беделді орыстарының бірі, петрашевшілдік көзқарасы үшін Петербургтен Сібірге жер аударылған Яков Севастьяновтың қызы Еленамен көңіл жарастырады. Ол кезде діні бөлек жұрттан әйел алу қазақ баласының ғұрпында жоқ. Осы хабар Әлиханның қырда отырған туыстарына да жетеді. Иісі орта жүзге абыройлы хан тұқымының мынадай өрескел қылығына әкесі де ризашылығын білдірмейді. Осылайша ой қорытқан әкесі неде болса баласының хал-жағдайын білу үшін қос атты пәуеске жегіп Тоқырауын бойынан Омбыға жол тартады. Сонау Сарыарқа, Торғай даласынан бастап әрісі Қарқаралы-Баянауыл, берісі Көкшетау-Қызылжар-Омбы қазақтарына есімі белгілі бола бастаған Әлихан Бөкейхановтың әкесі баласының жағдайын білуге аттаныпты деген сыбыс жалпақ жұрттың құлағына бұрын жетеді. Алыс жерден ат терлетіп келетін төрені күтіп алу үшін Омбы маңайын мекендеген қазақтың игі жақсылары мен жайсаңдары өздерінше қамдана бастайды.
Төрені Бастерек көлінің жағасынан үй тігіп күтіп алуды қарастырады. Айтулы мерзімде төре де межелеген жерге жетеді. Сонымен Омбыдан жүз шақырым жердегі көлдің жағасында құрметті қонақты үй тігіп, мал сойып қарсы алады. Бұл арада елдің беделді адамдары қаладан Әлиханды да шақыртып алады. Есендік-саулық сұрасқаннан кейін төренің алыстан соншалықты ат сабылтып келуінің мәнісін сұрайды. Ол келген себебін айтады. Елдің игі жақсылары бұл арада Омбыдағы Әлиханға да хабар беріп, айтулы мезетте шақыртып алады.
Көп күттірмей есіктен Әлихан да кіріп келеді де төрде отырғандарға иіліп сәлем береді. Әлекеңнің әкесі баласына жақтырмай бір қарап алады да, жүрегінің түкпірінде беріш болып қалған сөздерін ақтарады.
- Әлихан! Қарағым! Қазақтың қырық руынан қырық қатын әперуге шама
да, атақ-абырой да жетеді. Білімің де қай орыс-қазақтан кем еді. Аузы түкті кәпірден қатын алудың не жөні бар – дейді.
Әлихан – Ормандай орыстың арасында қазақ баласының сөзін сөйлеп,
жоғын жоқтайтын да бір адам керек емес пе – деп жауап қайырады.
Әлиханның сөзін құп көрген Тоғжанның Садуақасы – Төре! Әлекең дұрыс сөзін айтып отыр. Қарсылық білдірмей ризашылығыңызды беріңіз – дейді. Яков Севастьяновтың ұлдары Петр мен Василий ақ патшаның сарайын төңіректеп Петербургте қызмет істеп жүргендіктен орыс зиялыларының алдында сөздері өтетін беделді адамдар еді. Сірә, қазақ елінің дербестігін аңсаған алашорданың болашақ көсемі мұндай қадамға патша тепкісіндегі елінің алдағы күнін ойлағаннан барған тәрізді. Сонымен, Әлихан Бөкейхановтың әкесі ат шалдырып, дем алған жері «Төре көлі» немесе «Төре келген көл» атауына ие болып «Төрекелді» деген атпен жұрттың жадында қалды. Он тоғызыншы ғасырдың аяғында Бастерек көлінің солтүстік шығысына ішкі Ресейден көшіп келген орыс мұжықтары Филоновка деревнясының негізін қалады. Деревняның қазақша атауы да Бастерек болды.
Бұланбай
Ақсары- Күрсары, Күрсарының ішінде Есболұлы Сарының (шын есімі Сарғатбек) – бәйбішесі – Төлкеден Балта, Қайдауыл, Қанатбай, Шегрек, тоқалы Сырғадан – Малай, Бақтыбай, (Малай-Бақтыбай егіз туған) Толыбай, Түктібай есімді ұлдар туады. Осылардың ішінде Малай-Бақтыбайдан тараған ұрпақтар бір қауым ел болды. Малайдың Әйтімбет, Бабыс атты екі ұлынан он екі ауыл Малай жұрты, ал, Бақтыбайдан туған тоғыз ұл – Кегентай, Ақжігіт, Жанжігіт, Досай, Дона, Өмір, Қарабас, Шіреншек, Шақаман өз алдына бір-бір ауыл болды. Сонау ақ патша заманында он екі ауыл Малай, тоғыз ауыл Бақтыбай атанған елдің қариялары бірі-бірімен жүздескенде «егізімнің сыңары» деп амандық сұрасады екен.
Малайдан Әйтімбет, Бабыс туады. Әйтімбеттен – Өлмесек, Жұман, Дәуіт Бұланбай, Баубек, Бекбау, Қыстаубай есімді жеті ұл, Бабыстан – Бұқар, Өтеп, Қозыбақ, Жолболды туады. Сарыдан Малай-Бақтыбай егіз туса, Әйтімбеттен Дәуіт-Бұланбай егіз туған. Бұланбай ұрпақтары Өсіп қажы Самайұлының бас-көз болуымен осы жерге жиырмасыншы ғасырдың 5-7 жылдарында келіп қоныстанған екен. Бұл арадағы тоғайдың бауырында үлкен көл де болды. Көлдің бұрынғы атауы Өгізөлген. Аңыз бойынша осы көлдің жағасында бір кемпірдің өгізі үйелеп өлген дейді. Содан көлдің атауы Өгізөлген атанған. Малай ішінде Бұланбай атасының ұрпақтары ішкі Ресейден көшіп келген орыстармен жайылым жерлер үшін көп жанжалдасқан. Солардың ішінде Жантөбетұлы Қожатай Қорған уезінде үш жылға болыс болып сайланысымен «Ал Малай-Бақтыбай балалары – ұрлық қылатындарың ұрлық қылыңдар, кісілік құратындарың кісілік құрыңдар» деген екен, Назарұлы Қожабай 1916 жылы алпыстан асқан шағында Омбының «Ақ түрмесінде» қайтыс болды, үш әйелі болса да одан ұрпақ қалмады, Жұматайұлы Жүніс (Шөкөнай) соғыстың ішінде Қырық үй Бөкен (Селивановка) ауылында сексеннен асқан шағында қайтыс болды. Жасында орыс переселендерінің малын барымталап, тыныштық бермеген тентек кісі болыпты. Коллективтендіру жылдарында колхозға неге мүше болып кірмейсің деген үкімет адамдарына «Колхоздың жұмысына темір шыдамаған Шөкөнай шыдай ма» деген сөзі бар. Қарынбайұлы Мұхиден – жастай қайтыс болған. Есейген жігіт кезінде орыстармен жайылымға таласып, жанжалдасып ақыры солар атып өлтірген дейді. Бұланбай ұрпақтары орыстардың жайылымдары мен малдарына тиыштық бермегені өз алдына, егістік жерлеріне де жылқыларын жіберіп ойрандап кетеді екен. Сібір қазақтарының арасында беделді және өз заманының сауатты шонжары Тоғжанның Садуақасы аталас ағайын болғаннан соң олардың бұл қылықтарын беттеріне басып қанша ақыл-кеңесін айтып жөнге келулерін өтінсе де сөзіне құлақ асып, иліге қоймапты. Тілін алмағандықтан «Бұларға не дауа, жер ауып қаңғырып келген кембағал, жөкеаяқ – орыстарға күн көрсетпей қойды, Бұланбайлар емес – нағыз лаңбайлар болды ғой» деп күйінеді екен. Бұланбай ұрпақтарының елағасы Өсіп қажы Самайұлына «Туыстарымыз тентек, жер үшін переселен орыстармен жанжалдасып оларды қолпаштап отырған Омбыдағы орыс ұлықтарымен арамызда кикілжің туады да, ағайынға қырсығы тиеді. Переселендерден шекарасы әріректегі «Өгіз өлген» шоғы қоныстануларыңа қолайлы» деп кеңес берген көрінеді.
Жарқын
Он тоғызыншы ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары шамасында Малай әулеті Есілкөл, Жолдыөзектен (Любин) қуылып Сарыкөл (Полтавка) маңайын, Бастерек, Тулақ (Тереңсу) көлін жайлаған. Бастеректен 12-13 шақырым жерде бір шоқ қайың тоғайы өсіп тұрыпты. Осы тоғайдан Жарқын деген кісі отынға ағаш алуға барады. Сол кезде алдынан үлкен аю шығып тап береді. Жарқын өзіне шабуыл жасаған аюдың алқымынан қысса, аю оның қарынын жарады. Сол арада екеуі де жан тәсілім етеді. Жарқынды іздеп артынан барған адамдар екеуінің бірге өліп жатқанын көреді де қатар көмеді. Кейін бұл жер Жарқынның есімімен аталды (бұл аңыз-мәлімет Қапар Сүлейменұлы Айтуғанов ақсақалдан алынды). Бұл жерден он шақырым қашықтықта Жарқынағаш деген шоқ та бар. Қазір онда Омбы облысы, Одесский ауданының «Цветково» шаруашылығы орналасқан. Одесский ауданында «Қаржас» ауылы бертінге дейін болды. Белгілі әдебиетші, қоғам қайраткері Қошке Кемеңгеровтің туған жері. Шамамен он тоғызыншы ғасырдың аяғына қарай осы жерге Омбы түбіндегі «Бозтөбеден» қоныс аударған. Қаржас руының ұрпақтары бұл жерді 1850 жылдардан бері қоныстанған және «Ауыздағы Қаржас» деп те аталады. Аталған жерді екінші Сібір казачий полкінде хорунжий болған Мұса Шорманов керейдің ішінде Құрман атасына жататын Мұхамеджан деген беделді кісінің келісімі бойынша рұқсат алып заңды жолмен 250 сөлкебай ақшаға сатып алған. Қазір бұл жер Омбы қаласының солтүстік жағалауындағы Промзона аймағына еніп кетті. Кейінгі қоныстанған жері Бөртебайдың Шәмелінің жайлауы болған «Сұлу шіліктегі» орманды, тоғайлы Қисықағаш өңірі. Жалпы аудан орталығы Одесский мен Белостоктың атшаптырым айналасының бұрынғы атауы «Сұлу шілік». Осы маңайдағы көздің жауын алатын жас шіліктердің бертін келе біршамасы көлденең немесе қиқайып, бұралып өскендіктен «Қисық ағаш» атанған. Ол жердің бұрынғы «Қисықағаш» атауын қысқартып «Қисықтағы қаржас ауылы» деп атайды. Осы маңайдағы Қызылағаш, Қараағаш. Жарқынағаш, Қисықағаш, Жалғызағаш ертеден келе жатқан жер атаулары.
Ұялы
Әуелде бұл жерде қалың жынысты тоғай болған деседі. Бұл жерді алғашқы қоныстанған Өтеп әулеті. Өтептен Кенжебай, Жаманқұл туады. Жаманқұлдан Тілеген, Тілебай, Бұқпантай, Әлі, Мұса туады. Осы бес ұлдың ішінде Тілебайдан ғана ұрпақ жоқ. Аңыз бойынша Малай-керейдің ұрпақтарын орыстар Жолдыөзектен тықсырғаннан кейін Өтеп ұрпақтары Тұзкөмген, Шұңқыркөлдің айналасына тоқтайды да, сол маңайдағы қалың өскен ну орманның алаңқайын таңдайды. Маңайда өскен биік ағаштың басына бүркіт ұя салған екен. Тілебай бүркіт ұя салған ағашты кеседі. Тілебайдың ағашты кесіп құлатқанын естіген қызы Айбала бұл бәйтеректі кесуге болмайды, киесі соғады, бүркіт киелі құс еді дейді. Көп ұзамай айналасы бір жұманың ішінде Тілебайдың өзі де, үйелменді-сүйелменді төрт ұлы да қайтыс болады. Сол маңайдағы қалың өскен шоқ ағаш Тілебайдың қызының құрметіне Айбала атанып кетеді. Бүркіттің ұясы болған болған тоғай Ұялы атанады. Бұл жерге Малайдың Өтеп атасынан тарайтын ұрпақтар жиырмасыншы ғасырдың басында қонсытанды (1902-03 жылдар шамасында)
Ұялының байырғы атауы Борсықбай. Ел алғаш қоныстанған жылдары бұл арада түздің аңы борсықтардың ін қазып, күшіктерін өрбітетін қорымы өте мол болған екен деседі. Тың жерлерді игеру жылдары Борсықбай МТС-і атанды да, соңынан 22 партия съезі атындағы совхоздың орталығы болды.
Тұзкөмген
Ұялыдан екі-үш шақырым жердегі тоғайдың атауы. Оның жанына совхоз кезінде бау-бақша, көкөніс, алма ағаштары және қарақат, құлпынай тәрізді жеміс-жидектердің бұталары өсірілді. Жердің осылай аталу себебі: Омбыдан Қараөткелге кіре тартатын саудагердің бұл жерде күзгі жаңбыр мезгілінде аты мертігіп, арбаға тиеген бес қап тұзын жерге көміп кетеді. Жалғыз өзі жаяулап-жалпылар жақын маңайдан лау айдайтын ат тауып әкелгенше уақыт та өтіп кетеді. Сол арада жерге көміп қойған бес қап тұзы күзгі жаңбырдың суымен бірге еріп біршамасы жерге сіңіп кетіпті. Содан бұл жер Тұзкөмген атанған.
Шұңқыркөл
Тұзкөмген мен Бұланбай ауылының дәл ортасындағы суы құрғап қалған көлдің орыны.Тың жерлерді игерудің әсерінен бұл көлдің орыны жоғалып кетті. Қазір оның орынында кішігірім ғана қазан шұңқыр қалды. Көктемде қар ерігенде ғана шұңқырдың орынына су жиналады.
Тастыбай
Ұялы селолық округінің аумағындағы шоқ немесе тоғайдың атауы. Бұл жерді және Сырнайшы мен Шаңдақтың арасын Дуадақ – Төбет руының ішінде Өтебай атасының дәулетті адамы Тастыбай деген кісі жайлаған екен. 22 партия съезі атындағы совхоздың төртінші трактор егіс бригадасы осы жерде орналасты. Тоғайдың орыны қазір жоқ. Бала кезімізде тоғайдың арасында қазылған құдықтардың орыны болатын еді. Қазір олар да жермен тегістеліп кетті.
Қарашілік
Жалпы шілік сөзі тал туысына жататын аласа бұта. Өзен алқаптарында, ылғалды шабындықтарда өседі. Бірнеше жылғы бұтақтары сарғылт түсті, қызғылт және қара болып келеді. Қарашілік атауы жергілікті жерде осындай өсімдіктің көп өсуіне байланысты қойылған. Бұрын Қарашілік ауылын «Жеті үй» деп атайтын. Алғашқы коллективтендіру жылдары бұл араға жеті отбасы қоныстанған көрінеді. Бұрынғы «Жаңа ауыл» совхозының бөлімшесі. Үлкен қара Ой мен Кіші Қара Ой көлдеріне құятын өзендердің сағасындағы кейбір жер бедерлерінің «Қарашілік», «Қызылшілік», «Талшілік» атаулары табиғи ерекшеліктеріне байланысты қойылған.
Талшық
Талшық сөзі – волокно деген ұғымды білдіреді (майлы өсімдіктер кендірдің немесе мақтаның талшығы). Бірақ бұл ұғымның Талшық атауына қатысы жоқ. 1962 жылы Көкшетау-Қызылту теміржол станциясы салынған кезде, қазіргі теміржол станциясы орналасқан жердің байырғы атауы «Талшілік» еді. Теміржол тартылғанға дейінгі уақытта Шат өзені көктемде тасыған кезде суы осы араға дейін жайылатын көрінеді. Тың игеруді қолға алған алғашқы онжылдықта «Талшілік» атауы да орыс тілінің транскрипциясына сәйкес өзгеріске ұшырап «Тальчик – Талшық» атанды.
Сиыршы
Бұрынғы Ленинград ауданына қарасты Қызылту совхозының жеріндегі елді мекеннің атауы. Коллективтендіру дәуірінде бұл ауылдың негізінде «Қызыл жалау» қолхозы ұйымдастырылды. Ағартушы – ғұлама ғалым, Абайдың еңбектерін алғаш баспаға тапсырған оқымысты азаматтардың бірі Зейнілғабиден Омскауидің есімімен тығыз байланысты. Ұлы ғалым Уфадағы «Медресе-ғалияны» бітіргеннен кейін ел ішінде бала оқытумен айналысты. Уақытын бос жібермеген кісі еді дейді. Үлкен Қара Ойдың айналасына қоныс тепкен Саға, Қулыкөл, Сарман ауылдарының да балаларын оқытыпты. Осы ауылда белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, алаштың ардақты азаматы Смағұл Садуақасов ақ пен қызылдың араласқан заманында бір жылдай оқытушы болған және осы ауылда Қызылту ауданына есімі мәлім, ұлағатты ұстаз Сабыр Мәліковке, Қыдырбай Шәмеловтерге есеп тану (арифметика), жағрапия пәндерінен сабақ берген.
Үлгілі
Кісі есіміне байланысты қойылған. Сыртқы Қарауыл атасына жататын Сәтпек батырдың үзеңгілес жолдасы, әрі аталас ағайыны. Сібір ханы Көшімнің даңқты батырларының бірі. Қарауылдың Мәшен атасынан – Қылды, Тоғай, Ботбай, Жаулыбай, Тоқтыбай, Мәмбеттен – Құрманқожа, Құланшы. Құрманқожадан – Есембай, Қараша, Апанай, Қоңырша. Құланшыдан – Атқы, Жауар, Мөнтік, Сары рулары тарайды. Құланшыдан тараған осы төрт атаны сырт қарауыл немесе ойдағы қарауыл дейді. Көшім ханның заманында олардың ертедегі қоныстары Батыс Сібір ойпатындағы Тобыл өзенінің Ертіске құятын сағасы және Бағай өзенінің аңғары мен Байыш ормандары болған екен. Көшім ханның екінші ұлы Есім сұлтанның баласы Әбілкерейдің Омбы өзені мен Тарск бекінісі арасында орыстарға қарсы жүргізген жорықтары кезінде жасақтары сырт қарауылдардан да құралды. Әбілкерейдің жасақтары Тары аймағында орыстардан жеңілгеннен кейін сырт қарауылға жататын ауылдар Сібірдің оңтүстік өңіріне қарай ойысты. Үлгілі батыр орыстар Сібір өлкесін жаулап алған жылдары Көшім ханның баласы Әлимен және оның немересі Әбілкереймен бірге басқыншыларға қарсылық көрсеткен адам. Сексен жасқа келгенше ат үстінен түспеген адам екен. Одан кейін Көшімнің Әлиден кейін Сібір хандығының тағына отырған ұлы Есім сұлтанға да қолдау көрсетіп жауына қарсы соғысқан адам. Есім сұлтан солтүстік өңірде 1630 жылға дейін орыстармен соғысқанын ескеретін болсақ, Үлгілі батырдың өмір сүрген уақыты шамамен 1545-1635 жылдар арасы. Тарлан тарихтың қойнауына үңілетін болсақ сырт қарауылдардың өз алдына ел болып қалыптасу кезеңі сонау 15-17 ғасырларға тіреледі. Ал, қарауыл мен атығай руларының қалыптасуы Тайбұға әулеттерінің билік құрған заманына немесе одан әріге баратын тәрізді. Тың игерген алғашқы жылдары қазіргі «Колос» совхозы мен Талшықтың ортасында топырақтан үйілген үлкен оба болды. Осы совхоздың тұрғыны, ақсақалы марқұм Молдаш Мұжыбаев бұл жерді «Үлгілі батырдың қорымы» дейтін.
Тұғыржап және Мұқыр
Қыпшақ Сағалайұлы Қошқарбай батырдың есімімен тығыз байланысты. Қошқарбай батырдың елі де осы өңірді 17-18 ғасырларда мекендеген. Тұғыржап құба қалмақтың жекпе – жекте жау түсірген атақты батырларының бірі. Құлан қыпшақ руының арғы тарихы Сібір хандығының іргесін қалаған сонау Тайбұға әулеттерінің билік құрған дәуірінен бастау алады. Құрамына көптеген ұлттар мен ұлыстар кірген Сібір хандығының негізгі әскери күшін орта жүздің Арғын, Қыпшақ, Керей-Уақ рулары, кіші жүздің Жағалбайлы, Тама, Табын, Керейіт рулары құрағаны тарихтан белгілі. Орыстардың Сібірді жаулап алу жорығына қарсы қол бастаған батырлардың бірі қыпшақтың Құлан атасына жататын қыпшақ елінің қолбасшысы Сейітқұл Жамақұлы екен. Көнекөз қариялардың айтуынша Қошқарбай батырдың арғы атасы немесе аталас туысы болса керек.
Мәскеу патшасының сібір жерін жаулап алуға қарсылық көрсеткен батырларының бірі абақ керей руынан шыққан ағайынды Құттымбет, Бәйімбет деген кісілер екен. Құттымбеттің ұлы Байтайлақпен Қошқарбай батыр үзеңгілес болған адам. Осы атаның ұрпақтары орыс-казактардың қысымына және бір бүйірден тиіске құба қалмақтардың жортуылына шыдамай ауыл-аймақтарымен бірге Қара Ертісті өрлеп көшіп кетсе де, Қошқарбай батыр өзінің қарамағындағы жұртымен оларға ілеспей қалып қойған. Бірақ та көшкен қалың елмен қарым-қатынасын суытпаған. Бұл уақытта ат жалын тартып мінген Қошқарбайдың орыс-казактармен жерге қатысты болған дау-дамайларда, қазақ-қалмақ арасында болған текетірес соғыстарда жас шамасына қарамай батырлығымен аты шыға бастаған кезі екен. Оның дақпырты өз елінде аты шыға бастаған қалмақтың жас батыры, әрі жайсаңы Тұғыржапқа да жетеді. Екеу ара бір айқасуды мақсат қылады. Неде болса Қошқарбайды өз жерінде аттан түсіріп, абырой алуды ойлаған Тұғыржап жаушысы арқылы Қошқарбайға белгіленген жерде белдесу үшін кездесейік деп хабар жібереді. Қошқарбай да Тұғыржаптың айтқанын құп алып, күш сынасатын жерді Үлкен Қарай Ой көліне құятын Шат өзенінің жағасы деп белгілейді. Бұл оқиға «Ақтабан шұбырындыдан» ілгері уақытта өтсе керек.
Тұғыржап межелі жерге жеткен соң бір күн демалып тұрақтайды. Түс көреді. Түсінде Қошқарбай батырдың кеудесіне мініп жауын жеңген екен. Көрген түсін қасындағы еріп келген сәуегейі Мұқырға айтады. Мұқыр қазақтың батырын жеңіп еліңе абыроймен қайтасың, бұл түсті Қошқарбай да көрді, ол түсінде сенен жеңілгенін көріп қазір жүрегі шайлығып отыр – дейді.
Мұндай түсті Қошқарбай батыр да көреді. Ол қалмақтың батыры Тұғыржаптың кеудесіне мініп алып басын кескелі жатқанын көреді. Ұйқысынан шошып оянған батыр көрген түсін жанындағы жауырыншысы Бектемірге айтады. Бектемір – өңіңде қорықсаң, түсіңде қуанасың – деген ырым бар. Еншалла түсіңде көрген жауыңды сен өңіңде жеңесің. Қорықпай айқасқа дайындал, жолың болады – деп батасын береді.
Сонымен екі батыр Шат өзенінің жағасында кездесіп үш күн бойы бірін бірі ала алмайды. Ақырында Қошқарбай ебін тауып найзасының ұшын қалмақ батырының өңешіне қадайды. Өндіршегіне найзаның ұшы бойлай кірген қалмақ атынан өкіріп құлаған қалпы жер құшып қалады.
Жерден басын көтерген қалмақтың батыры – Қошқарбай! Мен сені шынында да түсімде аттан аударып түсіріп едім. Өзімнің жеңетініме кәміл сеніп едім. Бірақ сенің түс жорушың мықты екен. Енді мені осы араға арулап қоюыңды сұраймын – деп ақырғы тілегін айтып жан тапсырыпты. Қалмақтың батырын арулап қойған Қошқарбай батыр Бектемір жауырыншыға ризашылығын білдіреді. Оның қасына еріп келген түс жорушысы Мұқыр Бектемірден қазақ дәстүрімен түс жоруды үйрену үшін бір көлдің жағасында қоныстанып қалады. Содан бері қалмақтың батыры жерленген жер Тұғыржап атанады да, соған таяу өңірдегі көлдің аты Мұқыр атанады. Кейін бұл Қарауылдың ағайынды Саң, Сәттімбет атасынан тарайтын ұрпақтардың қонысы болды. Қазақ тарихында есімі осы күнге дейін беймәлім болған Үлгілі батырдың Көшім ханның заманынан бері қалған жұртының бір сілемі Саң-Сәттімбеттің ескі қорымы Талшықтан алты-жеті шақырым қашықтықта Қызылтуға баратын жолдың сол жағында. Қошқарбай батырдың арғы аталары Сібірдің Тобыл, Сүйір өзендерінің алқабын жайлағаннан кейін казак-орыстардың қысымымен 17 ғасырдың ортасында Сейітқұл батыр (Жамақтан – Сейітқұл, Сейітбаттал, Сейтек туады) Жамақұлының баласы Олжай батырдың бастауымен Құрымбел даласына қоныс аударған. Омбы облысындағы суы тұзды Олжай көлі осы кісінің есіміне байланысты.
Дәуіт.
Дәуіт – кісі есімі. Сонау Абылайдың заманында Уақ руының ішінде Сарман атасынан тарайтын Мақыұлы Дәуіт деген адамның қонысы болған. Дәуіттен Қойбасар, Қойбағар есімді екі ұл туады. Сібір жерін жаулап алған орыстар татар-башқұрттармен, естектермен қатар жергілікті қазақтарды да зорлап шоқындыруға тырысқан. Сондай зордың күшімен шоқынған қазақтардың бірі Қойбасардың әкесі Мақы орыстың дінін қабылдап, орыстан қатын алған екен. Аталас туысы, әрі елінің бетке ұстайтын Есбар деген азаматы Мақының осы қылығына ренжіп екінші ұлы Қойбағарды ғана соңына ертіп Құланды даласына (Новосибирск облысының көне атауы) көшіп кеткен дейді. Қойбасардан Жақыпбек (Яков), одан орыс-казактардың арасында Владимир есімімен белгілі, патша армиясының полковнигі «Қарабалта» туады. Қазақтардың қойған аты Балтабай, арғы түбі орыспен шатасқандықтан шикі болған соң және нақты орысқа ұқсамайтын түр-түсіне қарап Қара балта атанған. Қара балтаның өзі Құлынды даласында орыстар салған Қайыңбасы қамалында естектер арасында қызмет атқарған, әкесі Жақыпбек те көп жылдар естектердің ішінде жасауыл қызметінде болған және бұл жерде жергілікті халыққа қысым көрсетіп олардың наразылығына іліккендіктен ішкі Ресейге көшіп кеткен. Кейін әкесі өлген соң баласы Жақыпбек еліне оралып, Омбыдағы кадет корпусын бітіріп сібір казак-орыс полкінде қызмет атқарған. Көкшетау төңірегінде, Үлкен Қара Ой мен Кіші Қара ойдың айналасынан бастап сонау Ебейті көліне, Құлынды даласына дейін мекендеген қазақтардың арасында «Қара балта күндіз шоқынып, түнде намаз оқиды» деген екі ұшты тұжырым да болған. Қара Балтадан – Валериан және Николай Куйбышевтар туады. Ұлы Қазан Төңкерісінің қайраткер тұлғалары.
Аймақта Бестерек, Алқатерек, Қаратерек атаулары да бар.
Бестерек - аудан орталығы Талшықтан Қызылтуға бара жатқан жолдағы ауылдың ескі атауы қазір де солай аталады.
Алқатерек – «Чистяковский» совхозының бұрынғы атауы. Ақмола, Имантау, Қотыркөл өңірінен Омбының казачий базарына мал сатуға және саудалауға келетін қазақтардың малдарын пұлдап қайтқан жолаушылармен өзара кеңесіп, алдын мәлімет алатын алатын алқалы жиыны осы маңайда өскен шоқ теректің айналасында өтеді екен. (Талшықтың тұрғыны марқұм Рахат Шәріповтің айтқан дерегі бойынша).
Қаратерек атауы бірнеше жерде кездеседі.
Ащыкөл
Бұрынғы көлдің атауы. Қазір темір жол станциясы өтеді. Елді мекеннің жанындағы көлдің суы тұзды және айналасы сортаң болғандықтан осылайша аталған тәрізді.
Айсары, Қулыкөл, Саға, Құртсай
Айсары ауылы – Айсары есімді қыздың атына байланысты қойылған. Сүйген жарына қосыла алмаған Айсары қыздың басынан өткен оқиғасы дүлдүл ақын Иса Байзақовтың «Ақбөпе» поэмасы туындауына арқау болған деседі. Иса өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары атақты палуан Қажымұқанмен бірге Омбы төңірегіндегі ауылдарды аралайды. Айсары қыз бен Шорман серінің әңгімесін ел ішінен естиді. Кейін бұл оқиға жайында өзіне ұстаз санаған Балқаш-Шу бойының ақыны Сауытбек деген ақынмен ойын бөліседі. Сауытбек поэманы «Ақбөпе» деп атауға ұсыныс береді. Поэмадағы Ақбөпе-Айсары мен Әмірхан-Шорманның бастарынан өткен оқиғалар өзектес. Оқиғаның нақты кейіпкері байдың сұлу қызы Айсары мен кедей де болса, өжет, қайсар, әрі сал-сері жігіт Шорман арасындағы арасындағы шынайы махаббатқа байланысты. Бірақ екеуі де армандарына жете алмайды.
Қулыкөл – бұрынғы Жаңаауыл совхозының байырғы атауы. Соғысқа дейінгі жылдары Үлкен Қара Ойдың суы ернеуінен асып осы жерге дейін жайылатын көрінеді. Жердің аты да – құс кербезі аққулардың ұя салып балапанын көптеп өрбітуден Аққулы көл – яғни Қулыкөл атанған деуші еді үлкендер. 1925 жылы Шарлақ уезі тарағаннан кейін алғашқы жылдары Қызыл Ту ауданының орталығы болды. Кейін аудан орталығы Қондыбай ауылына (бұрынғы Чернигов совхозы, Қондыбай көлі де осы жерде), 1929 жылдың жазында Кішкенекөлдің жағасындағы Шабақбай ауылына көшірілді
Саға – Үлкен Қара Ойдың солтүстік шығысында орналасқан бұрынғы ауылдың аты. Үлкен Қара Ойға құятын өзен де осы атаумен аталады. Ауыл өзеннің сағасына қоныстанғандықтан Саға деп аталған. Шежіре бойынша Сақалдан – Меңдібай, Алдияр, Қошқар. Меңдібайдан – Базар, Кепек. Алдиярдан – Ниязбай. Қошқардан – Байтайлақ, Баба, Жаналы, Үмбет тарайды. Саға ауылы Сақал керейдің Меңдібайынан тараған Кепек атасының атам заманғы қонысы.
Құртсай – көлдің солтүстік шығысындағы ойпатты жердің атауы. Дуадақ-Төбеттің байы Сарманның ескі жұрты да осы араға таяу. Шарлақ уезінде он сегіз мың жылқы біткен Қасым-Сәлімнен кейін ен-дәулетімен аты шыққан Сарман бай екен. Сарман байға он бір мың, Тоғжанның Садуақасына сегіз мың жылқы біткен деседі. Жарқын аулының байы Бөртебайдың Шәмелінде де 3000 жылқы болыпты. Кейін бұларды бәрі де 1928 жылғы «Ұлы кәмпескеге» ілігіп жер аударылды. Үлкен Қара Ойдың шығысында «Арал» деген жер бар. Жері құнарлы, шөбі шүйгін,, әрі қысы да басқа өңірлерге қарағанда жұмсақ. Сарман байдың қалың жылқысы қыс мезгілінде осы жерді тебіндейтін көрінеді. Тың жерлерді игеру жылдары құрылып, осы көлдің маңайынан орын тепкен совхоздар «Аралдан» шөп шабатын және шаруашылықтың малына арнап қысқы жем-шөп қорын дайындайтын.
Сақал керейдің ішінде кісіліктерімен қоса дәулетімен аты шыққан ағайынды Ақылбек, Байымбет, Құлыбек, Нөгербек деген кісілер де өмір сүрген. Бұлардың ішінде Құлыбегі 3000 жылқы біткен бай екен. Құлыбектен – Серғазы одан Садық, Доске, Қайыржан, Әміржан. Байымбеттен – Сұлтанғазы одан Ахметжан одан – Тәжиден, Қайыржан (бұл кісінің жұрт қойған лақап есімі «Ақ жаға» еді), Мүбәрәк, Насыр, Тойбазар. Сұлтанғазы заманында Қорған болысының уездной молдасы болған адам. Халық арасында «Указ молда» есімімен белгілі. Он тоғызыншы ғасырдың аяғында Әміре қажымен бірге (Зейнілғабиден Омскауидің әкесі) Батыс Сібірдегі Қызылжар – Омбы бағытына тартылған темір жолды салу жұмысына жергілікті қазақтарды алғызуға және қазынаның есебінен олардың жалақысын төлетуге мұрындық болған. Бұл жұмыстар ел ішінде «Сазан тарту» деген атпен белгілі болды. Темір жолдың астына төселетін шпалдар мен соның бойына орналасқан телеграф бағандарының арнайы кесіп, дайындап, кептірілген бөрене-ағаштарын Омбының ішкі аймақтарынан қазақ жұмыскерлері мажар арбаға ат және өгіз жегіп тасыған.
Ақсары және Амангелді
Ақсары. Бұрынғы «Тельман», немісше Найдорф атанған совхоздың орталығындағы ауылдың аты. Ашамайлы керей руының бір бұтағы Тарышы атасынан – Қуанбай, Жиенбай. Қуанбайдан – Смайыл – одан Ақсары, Күрсары, Тезағай, Жарылғас. Ақсарыдан –Ақымбет, Тоқымбет, Нұралы, Нұрымбет, Еменалы, Бает аталары тарайды. Бұл жерді Ақсарының Еменалы ұрпақтары мекен қылғандықтан солардың атына байланысты Ақсары атанған.
Амангелді – Ақсары ауылынан 10 шақырым қашықтықта тоғай ортасына орналасқан ауылдың атауы. Қыпшақ руының ішінде Амангелді (Букин Садықтың арғы атасы) есімді адамның құрметіне сай атанған. Өз заманында кісілікті, аймағына, айналасындағы орыс-қазаққа сыйлы елдің бетке ұстайтын азаматтарының бірі болған дейді.
Найзатомар
1-ші май совхозының Коминтерн бөлімшесі аумағындағы көлдің бұрынғы атауы. Көлдің жағасында су мен желдің әсерінен құлаған емен мен қайыңның ұшы найза тәрізді сойдақталып қалған түбірлері (ағаштың жер бетінде тамырымен бірге қалған түбірін «томар» дейді) қалып қойғандықтан «Найзатомар» көлі атанған. Бұл жерді қыпшақ руының Оразбай аталары шамамен 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында Ақмола өңірінен келіп келіп қоныстанған. Коллективтендіру жылдары «Коминтерн» колхозы болды да бертінге дейін сол атаумен қалды.
Ел, жер-су атауларын және соған қатысты аңыз-әңгімелерді көнекөз қариялардың аузынан естігеніміз бойынша қағаз бетіне түсірдік. Кейбір деректердің тарихи оқиғалардан ауытқып, дұрыс болмауы да ықтимал. Бірақ әрбір аңыз-әңгіменің түкпірінде тарихи шындық жататыны жасырын емес. Құлақ түріп естіген әңгімелердің көпшілігі есте сақтала бермейді. Арғы ата-бабаларымыздан сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан аңыздардан, осыдан үш-төрт ғасыр бұрын өткен оқиғалардың тарихи шындықтары көрініс береді. Қазақтың тарихын орыс та, татар да, шүршіт те қағаз бетіне түсіріп жазды. Бірақ қайсысының болмасын жазған қолжазбаларында халқымыздың тарихын бұрмалаушылық байқалады. Қазақты тумысынан надан, топас, ынжық, қорқау етіп көрсету жағы басым. Сонау Шыңғыс хан заманынан бұрын ата-бабаларымыздың құтты мекені мен ырысы болған Сібір өңірі қазаққа ешуақытта жат болған емес. Бұл өңірді батыстан жатжерліктер келіп басып алғаннан кейін көптеген жер атаулары солардың тілдеріне икемделіп өзгеріске ұшырады. Бірақ олардың байырғы атаулары әлі де болса халқымыздың санасынан көмескіленіп өше қойған жоқ.
Профессор Н.Фирсов 1915 жылы Петерборда жарық көрген «Сібір тарихының мәліметтері» атты еңбегінде: «Орыстардың негізгі мақсаты Сібірді отарлау болды. Бұл жорық ақырында қандыбалақ көсемнің (Жармактың) басын жұтса, сібірліктердің қанын судай ағызды. Айталық, Сібір патшасы Жәдігердің тұсында (1555 жылы) салық төлеушілер саны 30700 адам болса, ХVІІ ғасырда Батыс Сібір өлкесіндегі жеті уезде салық төлейтін қауқары бар 3000 адам қалды» деп жазады. Арада бір ғасыр уақыт өткенде ұлыстағы адам санының он есеге азайып кетуі сол заманда бейбіт өмір сүріп отырған жергілікті халықты отарлаушылар бала-шағасымен қоса қойша қырғандығынан хабар беріп тұрғаны айдан анық. Әлбетте, өзге мемлекеттің бодандығына бой ұсынған салық төлеуші ұлыстар адамының санын азайтуға тырысатынын ойласақ Сібір өлкесінде 16 ғасырдың орта шамасында 50-60 мың адам болды деп жорамалдауға болады. Көшпенді немесе жартылай көшпенді мемлекеттің әскери қуатына сай Сібір хандығының іргелі жауына қарсы жасақ шығаруға бір немесе екі түмен қол шығаратындай қауқары мол еді. Кезбелер мен қарақшы тобырдан құралған Жармақтың бар-жоғы бес жүз адамы осындай ұлан – ғайыр аймақты аз ғана жылдың ішінде тізе бүктіруі ақылға сыйымсыз. Бұл шовинистік тұрғыдан әсірелеудің нағыз дөрекі түрі. Орта ғасырларда Батыс Еуропадан жаңадан ашылған Америка құрылығына аттанған испандық конкистадорлар жергілікті Ацтектер мен Инктердің көне мәдениетін тып-типыл қылып жойып жібергені тарихтан белгілі. Бүгінде еуропалықтар оқ-дәрі мен зеңбіректердің күшімен әрең тізе бүктірген бір кездегі жауынгер үндіс халықтарының жұрнағы ғана қалды. Бұл жағдайдан Сібір халықтары да шет қалмады. Мәскеу патшалығымен ат жалынан түспей елу соғысқан Көшім хан мен оның ұрпақтарынан қалған ұлыстың негізгі тірегі қазақтар болса, қалғандары отаршылармен араласып әртүрлі топтағы халықтардың құрамына енді. Бір кездегі естектер мен бұғылдар, қазіргі сібірдің, тебріздің, тобылдың, барабаның татарлары, жергілікті халықпен біржола араласып кеткен келімсектердің бүгінгі ұрпақтары шалдондар (өздерін Чалдоны немесе Челдоны деп атайды) мен керіжақтар (кержаки) бұрынғы Сібір жұртынан қалған жұрнақтар.
Сібірліктер, соның ішінде біздің ата-бабаларымыз 1616 жылы Мәскеу отарлаушыларына қарсы соңғы рет бас көтерді. Көтерілісшілерді жалдамалы патша әскері қойдай бауыздап, қатын-қалаш, бала- шағасына дейін тұтқынға алды. Осылай Сібірдің сырбаз ханы Көшім жеңілгеннен кейін Ресей империясы Қазақ Ордасымен бетпе-бет қалды. Ал, Сібір хандығының құрамында болған қазақ тайпаларының көпшілігі Еңсегей бойлы Ер Есім ханның тұсында Қазақ хандығының құрамына енді.
Қорытындылап айтқанда, Алтын Орда мемлекеті ыдырағанда Қазақ хандығымен бір ғасыр бұрын Сібірде билік құрған Он ханның халық арасына тараған ауыз екі шежіре бойынша керей Тоғырыл ханнан Сәмкен, Үкі, Арыстан есімді үш ұл туады. Үкіден Мамық би одан Тайбұға туады. Тайбұғадан кейін Сібірге оның балалары Омар мен Мардан қатарынан билік жүргізді. (Омар Сансызбайұлынан естігеніміз. Ол кісі өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдар Ахмет Байтұрсыновтың тікелей бастамасы бойынша құрылған фольклорлық экспедиция құрамының мүшесі болды. Ахаңның ұсынысы бойынша көптеген қазақ ғұламалары қазақ халқы мен хандарының шығу тарихы туралы шежірелер мен деректерді жинастырды. Бұл мәселеге абыздарымыз Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Мұхамеджан Тынышпаев, Санжар Асфандияров, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов және өзгелері де ат салысты. Солардың қатарында Омар Сансызбаевқа Сібір өлкесін мекендеген қазақтар мен басқа да халықтардың шежірелері мен аңыз-әңгімелерін жинастыру тапсырылған болатын) шөбересі Тайбұға әулеттерінен кейін Сібірдегі Көшім патшалығы ширек ғасырдай өмір сүріп, тарихтың сүрлеу-соқпағында өзіндік ізін қалдырды. Бұл патшалық Ресей отаршылығына қарсы тұрған Азия құрлығындағы ең алғашқы күш ретінде тарихтан орын алды. Елтаңбасында екі басты самұрық құсы бейнеленген мемлекеттің қазақ хандығын отарлау саясаты бір жарым ғасырға бөгелді (1582 жылдан бастап 1731 жылға дейінгі аралық). Өз кезегінде қазақ даласы Орта Азия хандықтарының (Қоқан, Бұхар, Хиуа хандықтары) орыс әскерлерінің табанында жаншылуын бір жарым ғасырға кешіктірді. Бір заманда өздері тізелерін бүктіріп, алым – салық төлеткен орман адамдарына көкбөрінің ұрпақтары ауызбірлігі жоқ болудың салдарынан енді өздері сондай күйге түс
Омбы облысындағы елді мекендердің бұрынғы қазақша атаулары
Одесское ауданындағы елді мекендер: Цветково – Жарқынағаш, Желанное – Шұбарбие, Одесское – Құрас, Бобровица – Сырнайшы, Ореховка – Шаңдақ, Цветково-Жарқынағаш, Гришковка – Атқырылған, Белосток – Сұлушілік, кейін осы шіліктер жер жағдайына байланысты қиғаш өскендіктен қисық ағаш атанды. Бұл жер Бөртебайдың Шәмелінің жазғы жайлауы болды. 19 ғасырдың аяғында осы жерге Омбының қаласының маңына 1850 жылдары қоныстанған «ауыздағы Қаржас» ауылынан Қаржас руының Ақша аталары 1895-96 жылдары қоныс тепті. Бұл жердің Қисықтағы Қаржас атауы әлі күнге дейін жұрттың жадында. Атаудың түп төркіні Қисық ағаш деген сөзден шыққан.
Москаленко ауданындағы елді мекендердің бұрынғы қазақша атаулары – Новоцарицыно – Кұмдыкөл, Татьяновка – Баймырза, Гвоздевка – Буырлық, Селивановка – Қырық үй Бөкен. Шереметьевка – Садуақас ауылы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ әдебиеті сынының негізін қалаушы Ғаббас Тоғжановтың әкесі Тоғжанның Садуақасы осы ауылда туған. Бұдан өзге Полтавка, Называевка, Любин, Шарбақкөл, Марьяновка (Мырзағұл) елді мекендердің де бұрынғы қазақша атаулары бар. Оған кейін тоқталамыз.
Шалқарбек Кәрібаев – Сібір қазақтарының тарихын зерттеуші-өлкетанушы, Қазақстан журналистері Одағының мүшесі.
kerey.kz

Related Articles

  • САРБАС РУЫ ЖӘНЕ САРТОҚАЙ БАТЫР

    Тарихты түгендеу, өткеннің шежіресін кейінге жалғау – атадан балаға жалғасқан ежелгі дәстүр. Шежіре, ұлт-ру, тайпа тарихы – атаны білу, арғы тарихты білу болып қалмастан ұлттың ұлт болып қалыптасуы жолындағы бастан кешкен сан қилы оқиғалары мен ауыр тағдырынан да мол дерек береді. Шежіре – тұтас халық тарихының іргетасы ғана емес, ұлт пен ұлыс танудың әліппесі  саналады. «Қазақ халқы 200-ден аса рудан құралса да әр рудың өз шежіресі болған. Шежірешілер жүз, тайпа, ру, ата тарихын терең талдай білген»(1). Патшалық ресейдің дәурені аяқталар тұста қазақтың мемлекеттігін қалпына келтіруді мақсат тұтқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан (1866-1937) алғашқы болып қазақ тарихының қажеттілігін алға тартып, башқұрттың әйгілі ғалымы Уәлиди Тоғанмен кездесіпті. Уәлиди Тоған өзінің естелігінде: «Мен бірнеше

  • ОА қорғанысқа қаржыны не себепті арттырды? Каспийден Украинаға зымыран ұшырған Ресей суды ластап жатыр ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан әскері бірігіп өткізген «Бірлестік-2024» жаттығуы. Маңғыстау облысы, шілде 2024 жыл. Қазақстан қорғаныс министрлігі таратқан сурет.  Орталық Азия елдері қорғаныс шығынын арттырды, мұның астарында не жатыр? «Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін екі есе көп өндіруді жоспарлап отыр, алайда үкімет бұл салада жұмыс күшінің азайғанын есепке алмаған». «Каспий теңізінен Украинаға зымыран ұшырып жатқан Ресей теңіздің экологиялық ахуалын ушықтырып жатыр». Батыс басылымдары бұл аптада осы тақырыптарға кеңірек тоқталды. ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҚОРҒАНЫС ШЫҒЫНЫН АРТТЫРДЫ. МҰНЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР? АҚШ-тағы «Америка дауысы» сайты Украинадағы соғыс тәрізді аймақтағы қақтығыстар күшейген тұста Орталық Азия елдері қорғаныс саласына жұмсайтын ақшаны арттырғанына назар аударды. Бірақ сарапшылар мұндай шығын тұрақтылыққа септесетініне күмән келтірді. Стокгольмдегі бейбітшілікті

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Үздік ойдың үзінділері

    Үздік ойдың үзінділері Арма әлеумет! Мен қазір таза академиялық ғылыми ортада жүрмін. Өзімнің неше жыл бойы жинаған білімімді, оқыған оқуымды, шетелдік тәжірибемді, интеллектуалды қарым-қабілетімді шынайы қолданатын қара шаңырақтың ішінде жүрмін. Алматының бәрінен бөлек мәдени ортасы ерекше ұнады. Алматы қала мен дала дейтін екі ұғымның түйіскен әдемі ортасы екен. Ойлап көрсем мен бақытты перезент, бағы жанған ұрпақ екенмін. Әкем тұрмыс пен жоқшылық, жалғыздықтың тауқыметін әбден тартып еш оқи алмадым, небәрі үш ай оқу оқыдым-, деп менің оқуымды бала күнімнен қадағалады, шапанымды сатсам да оқытам деп барын салды. Ал мектепте бақытты шәкірт болдым. Маған дәріс берген ұстаздарым кілең дарынды, қабілетті кісілер болды. Университетте және шетелде мен тіптен ерекше дарын иелеріне шәкірт болдым.

  • Самат Әбіш қалай “сүттен ақ, судан таза” болып шықты?

    Азаттық радиосы Саясаттанушы Досым Сәтпаев ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке шыққан үкім “Қазақстандағы режим болашақты ойламайтынын көрсетті” дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев. Сарапшының пайымдауынша, билеуші “элита” жеке істерімен және тасадағыкелісімдермен әуре болып жатқанда елде тағы бір жаңа әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін факторлар күшейіп келеді. СаясаттанушыРесей өзінің экономикалық мүдделері мен геосаяси жоспарларын кеңінен жүзеге асыру үшін Қазақстанның ішкі саясатына тікелей әсер етуге тырысып жатуы мүмкін деп те топшылайды. ПУТИН “ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ” МЕ? Азаттық: Сонымен ұзақ демалыс алдында осындай үлкен жаңалық жарияланды. Мейрам алдында, 19 наурызда қазақстандықтар мәжіліс депутатының постынан Самат Әбішке шыққан үкім жайлы білді. Мұның бәрінің байланысы бар ма әлде кездейсоқтық па? Досым Сәтпаев: Әңгімені бұл істің құпия

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: