|  |  |  | 

Тарих Тұлғалар Қазақ шежіресі

КЕНЕСАРЫ ХАНҒА ТАҒЗЫМ

Kenesary han

Кенесары хан суретінің авторы Шағиев Қанатбек Амангелдіұлы

Жүз елу жыл! Биыл Кенесары ханның шәйіт болғанына бір жүз елу жыл толды. Кенесары ғана емес. Наурызбай бахадұр сұлтан, Ержан сұлтан, Құдайменде сұлтан. Қыпшақ Иман батыр, Тама Құрман батыр, Дулат Бұғыбай батыр, Дулат Жауғаш батыр, Дулат Медеу би, қылыштың жүзі, найзаның сүңгісі болған тағы қаншама азамат. Қазақ Ордасының ең соңғы жарақты жасағында қалған үш мыңнан астам аламан. Бәрі де шәйіт болды.Кенесары ханның, оның ең соңғы жауынгер серіктерінің қасиетті қаны шашылған ақырғы сағатта төрт ғасыр бойы төре таңбалы қызыл туы желбіреген ұлы мемлекет Қазақ Ордасы шайқалып барып құлады. Алаш баласы сонау Үйсін, Ғұн, Түрік заманынан тартылған, Алтын Ордаға жалғасқан, Қазақ Ордасына ұласқан, Орталық Азия төсінде жиырма ғасырдан астам, ғаламат ұзақ уақыт бойы салтанат құрған мемлекеттігінен айрылды, мәңгілік тәуелсіздік туралы ұлы арман жер жастанды, Орыс отаршылдығының тура бір жарым ғасырлық түнегі басталды…

Бұдан жүз елу жыл бұрын…
“Төңірегім толған жау…” – деп еді азаттық жыршыларының бірі Досқожа ақын. Әлемдік жыртқыш Империя – жалғыз Ресейдің өзі жететін еді. Оған Қоқан мен Қырғыз қосылды. Қазақ ел қылған қырғыз, қиын заманда, бір жақтан Моғолстан, бір жақтан Бұхар хандығы қысқан, түгелімен қырылып кетер дүлей заманда қазақ сақтап қалған, қазақтың арқасында өмірін ұзартып, ұрпағын ұластырған, екі ғасырдан астам ұзақ дүрбелең дәуірде қазақтың қанатының астында болған қырғыз. Қазақ Ордасының ең соңғы кезеңінде төңірек түгел жау екен. Обыр Ресей елдігінен айыра бастаған, ауыр салмақ түсіріп, жерін қанға бояп жатқан, арпалыса алысқан қайран Қазақ… Қоқан мен Қырғыз бүлінген елден бүлдірге емес, бітеу енші алып қалғысы келді, ерінің еңсесін басып, жерін талапайға түсірмек болды. Кенесары ханның Қоқанмен соғысы, Қырғызға қарсы жорығы ұлттық мүдде – ежелгі Қазақ Ордасының тым құрса бір пұшпағын бүтіндеп кетейін деген жүйелі геосаясат көрінісі болатын. Бұл мұрат түгелденбесе де, біршама жүзеге асты: Кенесары ханның әуелгі жеңісті жорығы болмаса, қазір Түркстан мен Таразда – өзбек, Қордай мен Меркіде қырғыз отыратын еді. Қазақтың ең соңғы, ұлы ханы! Сайыпқыран Кенесары! Төңірегі толған жау. Тас қабырға, темір қапас. Шығар жол жоқ. Ақыры шәйіт болатын еді. Бірақ… Дәл бұлай емес!
Кенесарының қасиетті қаны, Кенесарының соңына ерген, тәуелсіз Орданың ең соңғы туын ұстаған мыңдаған Шәйіттің қаны ең алдымен – іштен шыққан Сатқынның мойнында! Осының алдында ғана бір жағы
Қоқанның айтағы, бір жағы Ресейдің нұсқауымен көршілес қазақ ауылдарын шапқан, одан соңғы бітімді бұзған, ешбір мәмлеге көнбеген Қырғызды қирата ығыстырып, жат жерге бойлай енген шақта, дұшпанмен жең ұшынан жалғасқан Сыпатай би мен Рүстем төре он екі мың әскерді бір-ақ түнде майдан шебінен алып кетті. Кенесары үш-ақ мың аламанмен өздерінен жиырма-отыз есе көп, қалың жаудың ортасында, берік қоршауда қалды. Сайыпқыранның түбіне Сатқын жетті. Жай ғана Сатқын емес, бір жағы Орыс, бір жағы Қоқан, бір жағы Қырғызбен ауыз жаласқан Ібіліс.
Қазақ Ордасының ең соңғы жасағы – жаннан безген, ат төбеліндей азғана әскер қоршауды бұзып өте алмады, үштiң екiсi жалғызға – жиырма келген топалаң ұрыста қаза тапты, шөлден тарыққан, қансыраған бір мыңы тектес, діндес, ағайын жұрт еді ғой деп, ежелгі соғыстар жоралғысымен жансауға тұтқынға түсті. Бірақ артындағы елі өлімге тастаған Ерлерге ешқандай аяушылық болған жоқ. Әуелгі азап Кенесары ханның еншісіне тиіпті. Етінен ет кесті, адам айтқысыз қинауға салды. Қарнын жарып, шегін шұбатып, бірнеше найзамен қатарынан іліп, көкке көтергенде: “Ит қырғыз, сендерден әлі де найза бойы жоғары тұрмын!…” – депті. Қалған сұлтандар мен батырлар да азапты өлімге ұшырады: құлағын, мұрнын кесті, көзін ағызды, қандауырмен піспектеп, қанжармен шабақтады, ең соңында тірідей тай қазанға салып, қайнатып өлтірді. Қатардағы аламандар да түгелімен жан Қиналған қазаға кесілді. Қалмақпен соғыс кезінде де адам естімеген ғаламат жауыздық болды. Мұнымен де біткен жоқ. Ұрыста өлгені бар, азапта өлгені бар, шәйіт болған үш мың қазақтың бәрінің басы алынып, Орта Азияның Ташкент, Қоқан қатарлы барлық қалаларында сырыққа
шаншылып, жәбір, мазаққа қойылды.
Ал Кенесарының басы… Қазақ Ордасының ақырғы ханының басын Қазақ тарихындағы алпауыт сатқын Сыпатай бидің кеңесі бойынша, қырғыздар Ресей өкіметіне табыс етеді. Өз қолдарымен емес, осы Сыпатай мен Рүстем арқылы. Есеп дұрысқа шығыпты. Қырғыз манаптары Ресейден шен-шекпен алады, ханын сатқан, халқын сатқан Рүстем мен Сыпатай да қаншама марапат көреді, лауазым, мәртебе, байлық, атақ абырой – бәріне жетеді. Сол сый-сияпат бүгінгі күнге көшіпті…

Ал туған жұртының болашағы үшін арпалысқа түскен, халықтың рухын, аруақтың аманатын арқалаған, Керей хан мен Әз-Жәнібек хан көтерген туды биік ұстаған, Бұрындық хан мен Қасым хан, Хақназар хан мен Тәуекел хан, Еңсегей бойлы Ер Есім хан мен Салқам Жәңгір хан, Әз Тәуке хан мен Абылай хан өткерген жорық жолдарын одан әрі жалғастырған, жаннан кешкен, азапқа батқан қайран Кенесары ханды жоқтаушы бар ма?
Сатқынның басына сәулетті күмбез тұрғызылды. Сайыпқыранның басы қайда қалғаны белгісіз. Бірақ алланың есебі анық, тағдырдың сызығы түзу. Кісі қолынан салынған күмбездің шектеулі күні бар, уақыты жеткенде омырылып ортасына түседі. Тәңірі таңдаған Көсемнің өлшеусіз ғұмыры бар, уақыты жеткенде аспанмен астасады.
Міне, Кенесарымен бірге құлаған Тәуелсіздік туы қайта тігілді. Кенесары ханның қоладан құйылған алып ескерткіші асқақтап көтерілетін, ұлттық рухпен біте қайнасқан жанды тұлғасы мәңгілік санаға орнығатын күн де кешікпес.
Кенесары ханды, Наурызбай сұлтанды, олардың соңынан кеткен үш мың Шәйітті еске алған екі ауыз сөз – жоқтау емес, ұран деп біліңіз! Жоқтау – өткен іс. Әйтсе де, ұжмақтың төріне аттанған Шәйіттердің қазасына бір жарым ғасыр толған атаулы жылда Нысанбай жыраудың Кенесары-Наурызбайды жоқтау жырын бір қайталап өтпей болмас.
Ханынан айрылған, хандығынан айрылған Ұлы Дала – жетім Ел былайша күңіреніпті:

“Қоғамы күшті ер еді
Киімді бала тудырған,
Ықпалы жүрген ер еді
Алтынды қылыш будырған,
Абылайлап ат қойып,
Дұшпанды көрсе қудырған,
Көп сарғайтып келместей,
Кене хан, саған не болды?!
Тұлпардан сайлап ат мініп,
Дорбадан жемін жегізген,
Жем орнына бал беріп,
Қысырдың сүтін емізген,
Басқын қалың жау жетсе,
Алып та шығар дегiзген,
— Кенекемдi қалдырып,
Көкбуырыл, саған не болды!?
Патшада бар алтын тақ,
Жасынан жаббар берген бақ,
Безбелді қара бүркіт-ті,
Шабытты туған со қарақ,
Қанаты жоқ, құйрық жоқ,
Бір анадан жалғыз тақ
– Көп сарғайтып келместей,
Наурызбай, саған не болды?!
Кенекем менің кеткен соң,
Заманым қалды тарылып,
Халық иесі – хандардан
Жетім қалдық айрылып!
Екі бірдей қанатым
Топшыдан сынды қайрылып!
Балдағы алтын ақ берен
Тасқа тиді майрылып!..
Кемшілік түсті басыма,
Көрінгеннен қаймығып!
Жаңбыр жаумай су болды
Бұлы қымбат манатым!
Тасқа тимей кетілді
Балдағы дандан болатым!
Топшысынан үзілді
Екі бірдей қанатым!..
Кенесары, Наурызбай
Асып туған санатым!
Қырғыздан біткенге ұқсайды
Тағдырлы ажал сағатың!
Жаның қайда жай табар,
Жадыңда жаббар болмаса!?
Көңілің қайда жай табар
Көруге дәулет болмаса?
Қолдың көркі бола ма
Сырнай, керней болмаса?
Жұлдыздың көркі бола ма,
Ішінде бір ай болмаса?..
Қарашыда не күй бар
Айбынды ханы болмаса,
Кенесары, Наурызбай
Қол басында болмаса!!
Халық иесі – хандарды
Қалай айтсам мін бар ма?
Шегірткеге таланған
Қырғауылда жүн бар ма?
Жапалақтан сескенген
Жалғыз қазда үн бар ма?
Хандарынан айрылған
Қараша үйде сын бар ма?..
Қайран есіл хандарды
Енді бір көрер күн бар ма!?
Кене ханның тұсында
Қарт бурадай жарадық,
Жауды жасқап, жапырып,
Жауған қардай борадық,
Абылайлап ат қойып,
Дұшпанның алдын орадық!
Ханымыздан айрылып,
Шіл боғындай тарадық!..
Көрінгеннен қорғалап,
Кісі аузына қарадық!
Өзіміз шапқан Созақта
Сарттан ақыл сұрадық!..
Кенесары кеткен соң,
Иесіз қалды тағымыз,
Наурызбай төре кеткен соң,
Бастан тайды бағымыз,
Бұлбұлдай сайрап жүр едік,
Байланды тіл мен жағымыз,
Азғанымыз емес пе
– Кәпірден сынды-ау сағымыз!!.
Артында қалған жетім ел,
Келіспеді-ау сәніміз!..
Ақырында, әлеумет,
Осындай болды халіміз!!..”

Осындай болды халiмiз.Кенесары хан дүниеден көшкен, Қазақ Ордасы құлағаннан соңғы алғашқы жылдарда. Бұдан кейін одан да ауыр, қилы замандар келді. Жапаға ұшыраған, жазаға кесілген ер-азаматтың есебі он мыңдап, қысаспен қырылған қарапайым жұрттың есебі миллиондап саналатын болды. Ұлттық бейнеден, қазақы қажыр, отаншыл жүректен айрылдық. Аздық, тоздық. Жер бетінен жоғалуға жақындадық…
Бірақ Кәләм Шарифте айтылғандай, кесімді күніміз бітпепті. Таусылмаппыз. Сарқылмаппыз. Құдай қуат берді. Қайтадан еселеп өстік. Азаматтың санасына нұр құйылды. Өткенімізді аңсап, өлгенімізді тірілтпек болдық. Өшкенімізді тұтаттық. Ақыры… Тәуба! Қазақ туы қайта көтерілді. Елдің ендігі болашағы бүкіл алаш жұртының ақыл-қуаты, ұлттық санасына байланысты. Ел ағаларының басындағы жауапкершілік, алдындағы міндет одан да зор…
Кісінің кім екенін ісі көрсетпек. Кенесарының кім екені дүниеге әйгілі. Қазақтың ең соңғы ханы, ұлы хан ғана емес, әлем халықтары тарихындағы отаршылдыққа қарсы күрестің қаһарманы, адамзат тарихындағы соқталы тұлғалардың бірі.
Жаны жаннатта болсын! Ханның Қазақ Ордасын сақтап қалу жолындағы, тұтас он жылға созылған жанкешті күресі кезінде тәуелсіздік туының түбінде қазаға ұшыраған барлық Шәйіт мақшар күні пайғамбарымыздың үмбетінен табылсын! Тәңірі тағала өліге иман бұйыртып, тіріге береке бергей!”

Мұхтар Мағауин
30.XI.1997.

 

Related Articles

  •    ЕРОФЕЕВАНЫҢ ҒЫЛЫМДАҒЫ БЕЙБАСТАҚТЫҒЫ  

       ЕРОФЕЕВАНЫҢ ҒЫЛЫМДАҒЫ БЕЙБАСТАҚТЫҒЫ  

       ӘЛҚИССА Әбілқайыр хан жайлы өрбіген қолайсыз әңгімелерге байланысты көлемді сын мақала жазып ек бұдан жиырма жеті жыл бұрын. Араша түсіп. Біреулердің айтып жүргеніндей емес деп. Дәлелдерімізді келтіріп. «Ана тілі» газетіне жарияладық, 1998 жылы. Бірде кітап дүкеніне бас сұққанымда көзім сөредегі «Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик» атты кітапқа түсті. Қуанып, қолыма алдым. Ақтара бастадым. Баспадан 1999 жылы шығыпты. Авторы – Ирина Ерофеева есімді тарихшы екен. Тарих ғылымдарының кандидаты. Бұл – 2000 жылы жаз айы-тын. Сатып алдық. Оқыдық. 1710 жылы үш жүздің қазағы Қарақұмда Әбілқайырды хан қып сайлап алыпты. Ғазиз Тәукенің көзі тірісінде-ақ. Осыған сәл шүбәландық. Бірақ рас та шығар, оқиғаны арнайы зерттеген тарихшы айтып отыр ғой деп күдігімізді сейілтік.

  • Жұмабек Тәшеневтің туғанына 110 жыл

    Жұмабек Тәшеневтің туғанына 110 жыл

    Бүгін Жұмабек Тәшеневтің туғанына 110 жыл толып отыр. Құжаттарды оқысақ, Хрущев Қырымды Украинаға берген соң республикалардың аймақтарын басқаша бөлмек болған екен. Қазақстанда целинный край құрып, елдің оңтүстік бөлігін көрші елдерге беруге үзілді-кесілді қарсы болған. Бұл мәселенің тіпті қарастырылуына қарсы шыққан. Кейін осы ұстанымы үшін қызметі төмендетілді. Министрлер кабинетінің төрағасы қызметінде Б.Момышұлы, Р.Қошқарбаевты Ұлы Отан соғысының батыры атағына бірнеше рет ұсыныпты. С.Нұрмағамбетовке көмектесіпті. 1960ж 212 пәтерлі үйді қазақ өнерінің майталмандарына бергізіпті. 1955ж Қытайдан оралған 100 отбасы далада қалғанда олардың мәселесін шешу үшін үкіметтен арнайы комиссия құруды сұраған екен. Елге қызмет еткен азамат қой. p.s. мұндай принципшілдік – бүгінде сирек кездесетін қасиет. Nurmukhamed Baigarayev

  • НАУРЫЗ туралы маңызды құжат

    НАУРЫЗ туралы маңызды құжат

    Ашық дереккөздерден 1920 жылғы 20 наурызда Ташкентте Тұрар Рысқұлов қол қойған Наурызды атап өту туралы бұйрыққа көзім түсті. Демек, биыл бұл тарихи құжатқа – 105 жыл! Алайда, арада небәрі алты жыл өткен соң 1926 жылы Наурызға тыйым салынды. Ал, 1920 жылы Түркістан Кеңестік Республикасының Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болып қызмет еткен Тұрар Рысқұловтың тағдыры қандай қайғымен аяқталғаны баршамызға мәлім. Оны “халық жауы” деп танып, 1938 жылдың 10 ақпанында ату жазасына кескен… Нашел вот такой документ в открытых источниках: Приказ, изданный в Ташкенте Тураром Рыскуловым от 20 марта 1920 года о праздновании Наурыза. Получается, в этом году этому историческому документу исполнилось 105 лет! В 1926 году Наурыз оказался под запретом. А

  • Қазақ-жоңғар дін үшін соғыспаған!

    Қазақ-жоңғар дін үшін соғыспаған!

    Қазақ-жоңғар дін үшін соғысқан дегендер мына дерекке сүйенсе керек: 1691 жылы 6 ақпанда Иркутск қаласында Жоңғар ханы Галдан Бошогту (моңғол. Галдан Бошигт; Қалм. Галдан-Бошигт; 1644 – 1697) елшілерінің Қазақ хандығы туралы әңгімесі. «…Шабармандар: «Осыдан он жылдай бұрын олар, Қалмақ Бушухту ханы мен Казак Ордасы, діні әртүрлі болған. Бушухту хан қалмақтармен және басқа да орда мүшелерімен бірге Далай-ламаға сенеді, ал казак ордасы әсіресе Мұхаметке Қырымдық жолмен сенеді, бұсурмандық жолмен сүндеттеледі. Ал Бушухту хан Казак Ордасына онымен, қалмақ Бушухту ханымен және Орданың басқаларымен бір Далай Ламаға бірігіп буддаға сенсін деп жіберді. Сондықтан да олармен жанжал туындады, өйткені олар қалмақ жолымен Далай-ламаға сенгісі келмеді, осының салдарынан үлкен шайқастар болып, Бушухту хан олардың көптеген

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы:

Zero.KZ