|  |  |  | 

Жаһан жаңалықтары Көз қарас Сұхбаттар

“Қырымды жаз аяғына дейін азат етуге болады”. АҚШ-тың экс-генералы Бен Ходжесбен сұхбат


Украина сарбазы минометтан атқылап жатыр. Бахмут, 15 ақпан, 2023 жыл.

Украина сарбазы минометтан атқылап жатыр. Бахмут, 15 ақпан, 2023 жыл.

АҚШ-тың Еуропадағы әскерін басқарған генерал Бен Ходжес “Настоящее время” телеарнасына берген сұхбатында Путиннің ядролық қару қолданбайтынын, Батыс бұл қатерді әсірелеп жібергенін айтты. Оның сөзінше, Украина Қырымды жаздың аяғына дейін азат етуі ықтимал, ал Ақ үй Украина күштерінің Қырымдағы Ресей объектілерін атқылауына “енді қарсы емес екенін” білдіріп отыр.

“Настоящее время”: Генерал Ходжес, The Washington Post газетінде жарық көрген мақалаға қарағанда, АҚШ Украинаға “соғыста екінші шешуші сәт басталып жатыр” деп ескерткен. Сіз бұл көзқарасқа келісесіз бе?

 

АҚШ-тың Еуропадағы әскерін басқарған генерал Бен Ходжес.

АҚШ-тың Еуропадағы әскерін басқарған генерал Бен Ходжес.

Бен Ходжес: Сіз ЦРУ директоры Бернс мырзаның сөзін айтып отырған боларсыз. Алдағы алты айдың соғыс үшін аса маңызды болатыны жайлы. Мен бұған келісемін.

Бірақ мен Украинаның ұтымдырақ жағдайда екенін ескерткім келеді. Ресейде дайындығы нашар, басқаруға келіңкіремейтін жаяу әскерді отқа айдаудан басқа амал жоқ. Оларда жағдайды өзгертетіндей жаңа мүмкіндіктер барын көріп тұрғаным жоқ.

Ал Украинаға келсек… Әрине, оның да сарбаздары шаршады, бүкіл ел шаршады. Айлар бойы соққының астында отыр. Бірақ Украинаны қолдайтын 50 ел бар. Меніңше, Батыс Украинаға уәде еткен көмегін одан әрі береді. Оған қосымша алысты дәлдейтін жүйелер берсе, Қырым жаздың аяғына дейін азат етілуі ықтимал.

“Настоящее время”: Батыс берген, берейін деп отырған қару Киев үшін жеткілікті ме?

Бен Ходжес: Әрине, бұл жетпейді. Біз кейінгі 20 жылдағы қателіктің зардабын тартып отырмыз. Қорғанысқа қажет қару мен оқ-дәрінің тиісті қорын қамтамасыз ете алмадық. Енді сол қорды толтырмайынша, Пентагон қатерді таразылап отыруға мәжбүр. Оған Қытаймен арадағы қиындықтарымызды қосыңыз.

Сөйте тұра, біз Ресейдің ядролық қаруды қолдану ықтималдығын әсірелеп жібердік. Осы себепті қару берудегі шешімдерді біртіндеп қабылдадық. Оның орнына Украинаға бірден “Сендерге керегі мінеки. Жақында тағы береміз” деп айту қажет еді.

Қазір Ақ үй Ресейдің ядролық қаруды қолданбайтынына сенімдірек. Мен де соған сенімдімін. Ақ үй енді Украина әскерінің Қырымдағы Ресей объектілеріне соққы жасағанына да қарсы емес.

“Настоящее время”: Ресей ядролық қаруды қолданбайтынына сенімдісіз. Не себепті бұлай дейсіз?

Бен Ходжес: Бұл бәрін алаңдататын негізгі сұрақ болса керек. Ядролық қарудың екі түрі бар екенін еске салайын. Біріншісі – стратегиялық. “Доктор Стренджлав” фильмін көрген болсаңыз, онда құрлықаралық ракеталар бар, АҚШ сонымен соққы беруі керек болады. Қарудың мұндай түрі Ресейде бар және ол үлкен көлемде. Оны аз адамнан тұратын топ қадағалайды. Оны қолдануы екіталай. АҚШ-қа ядролық соққы жасаса, тура сол соққыға өзі ұшырайды. Бұдан ешқандай пайда жоқ. Мұндай жағдай бола қоймайды.

АҚШ-тың ATACMS жүйесі. 300 шақырымға дейін ұшады. Киев АҚШ-тан осы қаруды сұрап отыр.

АҚШ-тың ATACMS жүйесі. 300 шақырымға дейін ұшады. Киев АҚШ-тан осы қаруды сұрап отыр.

Ядролық қарудың екінші түрі – тактикалық. Оның жарылыс ауқымы Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбадан едәуір аз. Оны қолдану үшін көп адамнан тұратын тізбек керек. Қоймадан оқтұмсықты шығарасыз, оны ұшаққа не өзге де жүйелерге орнатасыз. Яғни тізбекте өте көп адам бар, соның бірі “Жоқ, біз бұған бармаймыз” деп айтуы мүмкін. Сондай-ақ оған көп уақыт кетеді. Ал біз олардың мұндай жоспары барын біліп қоямыз.

“Настоящее время”: Бірақ бір жыл бұрын басқыншылық соғыстың қисынын келтіру қиын еді ғой? Оның үстіне, Владимир Путиннің шешім қабылдарда қандайда да бір логикаға сүйенер-сүйенбесін де анық білмейміз.

Бен Ходжес: Әрине, бір жыл бұрын олар қатты қателесті. Киевке қырғиқабақ соғысы кезінде Будапешт пен Прагаға кіргендей кіреміз деп ойлады. Өз мүмкіндігін әсіре бағалап қойды, Украинаның әлеуетін дұрыс болжамады. Олар сондай-ақ Батыс [Ресейді] жауапқа тартуға одан әрі де құлықсыз болады деп ойлады.

Қазір Кремль қателескенін түсініп-ақ отыр. Бірақ жауапкершіліктің бір жүгі біздің де мойнымызда. Өйткені Грузияға басып кіргенде, біз Ресейді жауапқа тартпадық.

Ядролық қару туралы тағы бір нәрсені айтқым келеді. Президент Байден Ресей ядролық қару қолданса, салдары ауыр болады деп ескертті. Меніңше, Мәскеу оған сенді. Қытай да бұл қадамға бармауға үндеді. Соғыс алаңында ядролық қару ешқандай артықшылық бермейді. Сол себепті мен ол осы қаруды қолданатынына сенбеймін. Путин зұлым. Бірақ ол ақыл-есінен адаспаған. Өзіне қол жұмсамайды. Пандемия кезінде үстелде кеңесшілерінен 10 метр қашықта отырғанын еске түсіріңіз. Өмір сүргісі келмейтін адамға ұқсамайды.

“Настоящее время”: The Washington Post газетіндегі мақалаға оралсақ. Онда “Украинаға берілген қару – соғыс бағытын өзгертуге жақсы мүмкіндік” деп айтылған. Мұны көмек ерте ме, кеш пе тоқтайды деп ұғуға бола ма?

Бен Ходжес: Мұның бәрі АҚШ конгресінің қолдауына байланысты. Өйткені мұндай қаражатты бөлуді конгресс қана мақұлдай алады. Қуанышқа орай, республикашылдар да, демократтар да мұны қолдап отыр. Иә, “бізге мұның қажеті не?” деп айқайлап отырған он шақты адам бар. Бірақ бұл – шағын топ қана. Ал конгресте 435 адам бар. Бірақ мен конгресмендердің едәуір бөлігі әскери көмекті қолдайтынын көріп отырмын. Егер АҚШ осы бағытынан таймаса, “Рамштайн” тобына кіретін қалған 50 мемлекет одан әрі көмек бере береді.

Бірақ, жалпы алғанда, Украинаға қажеттің бәрін бере алсақ, соғыс биыл-ақ аяқталуы мүмкін.

“Настоящее время”: Жойғыш ұшақтардың артықшылығы туралы айтып тұрсыз ба? Киев қазір [осы ұшақтарды] сұрап отыр.

Бен Ходжес: Жоқ, мәселе ұшақтарда ғана емес. Менің айтып отырғаным – дәлдігі жоғары алысқа ұшатын қару. Ұшақ – соның бір бөлігі ғана. Алыстағы нысанды дәлдей алу, қоймалар мен көлік инфрақұрылымдарын, штабтарды жою мүмкіндігіне назар аударыңыз. Осы үшеуін нысанаға ала алсаңыз, Ресейдің жаяу әскерінде қанша адам бары маңызды болмай қалады. Бұл сондай-ақ Қырымды Ресей әскері үшін өте қауіпті етеді.

“Настоящее время”: Киев сұрап отырған қару [Батыс елдерінде] бар ма?

Бен Ходжес: F16 ұшағын, Grey Eagle секілді дрондарды айтып отырсаңыз, иә. Диаметрі аз, жерден ұшырылатын, бірақ 150 шақырымға ұшатын қару жақын арада жетіп қалады. 300 шақырымға ұшатын ATACMS баллистикалық ракеталары бар. Міне, осы қару қазір жетпей тұр. Оны HIMARS секілді жүйелерден ұшыруға болады. Бірақ соған балама басқа жүйелерді қарастыруға болады. Сол себепті қарудың түріне емес, мүмкіндіктеріне назар аударған жөн.

“Настоящее время”: Қырымды қайтармай, бұл соғыс аяқталмайды дейсіз. Мұндай жағдайда қарымта шабуыл тұрғысынан Украинаның стратегиясы қандай болуы керек?

Бен Ходжес: Қырымның соғысты аяқтауда шешуші рөл атқаратынына сенімдімін. Украина Донбассты, Донецкіні, Луганскіні, бәрін қайтарып алып, бірақ Қырымда Ресей тұрса, келіссөз нәтижесінде Ресей үш-төрт жыл күтіп, Батыстың Украинаға деген қызығушылығы әлсірейді деп үміттенуі мүмкін. Осы арада олар әскерін қайта жасақтап, Қырымды Украинаға жаңа шабуылмен кіруге алаң ретінде пайдалануы ықтимал. Олардың онда логистикасы, ракеталары, ұшақтары мен дрондары бар. Бұл тұрғыдан алғанда, Украинаға қауіп төніп тұра береді, Қара теңіз жағалауы қауіпті болады.

Экономикалық жағы да бар. Ресей Қырымды бақылауында ұстаса, Украинаға экономикасын қалыпқа келтіру қиынға соғады. Өйткені Ресей Азов теңізіне кірер жолды бөгеп тұрады. Ал бұл дегеніңіз Бердянск пен Мариупольдің қираған күйі қала беретінін білдіреді. Ал Одесса Севастопольден 300 шақырым жерде. Ресей ол жердегі сауданы да бақылай алады. Қазір ондағы портта астық жүктелген 100 кеме Ресей инспекторының мақұлдауын күтіп, теңізге шыға алмай отыр.

Осы себепті Қырымды қайтару керек болады. Оған қалай қол жеткізеді? Картаға қарасаңыз, Ресейді Қырыммен екі жол қосып тұр. Бірі – Керчен көпірі. Оған украиндер бір рет соққы жасаған, алда тағы оралады деп ойлаймын. Екіншісі – Ростов, Таганрог, Мариуполь және Мелитополь арқылы Қырымға шығатын жол. Осы екеуін үзіп тастаса, Қырым тұзаққа айналады. Ал одан кейін қаруды тақап қойып, Севастополь, Саки және Жанқойдағы Ресей базаларын атқылай беруге болады. Ресей ол базаларды пайдалана алмай қалады. Осылай істеу керек. Бірақ Украинаға алысты дәлдейтін қару бермесе, бұл жоспарым жүзеге аспайды.

“Настоящее время” сайтындағы сұхбаттың ықшамдалған нұсқасы.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • 14 наурыз – Математиктер күні

    14 наурыз – Математиктер күні

    Кафедра профессоры Математиктер күніне арналған «Таңғы Studio» таңғы шоуында 15 наурыз, 2025 14 наурыз – Математиктер күніне орай «Таңғы Studio» таңғы шоуының қонағы белгілі ғалымдар: физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қангужин Балтабек Есматұлы мен PhD-доктор Жұмабай Мәдібайұлы болды. Эфирде олар математиканың маңыздылығын, мерекенің тарихын, қазақ математиктерінің ғылымның дамуына қосқан үлесін талқылады. Профессор Балтабек Есматұлы математиканың ғылымдардың патшайымы саналатындығына тоқталды. Ол бір жағынан ғылыми білімнің шыңында тұрса, екінші жағынан басқа пәндердің дамуына негіз болатын көмекші ғылым екенін атап көрсетті. Ғалым шексіздік пен математикалық есептеулердің дәлдігін білдіретін π санының шығу тарихына да тоқталды. Доктор Жұмабай Мәдібайұлы бұл күннің 1988 жылдан бастап «π саны күні» (π – иррационал сан, шамамен 3,14142… тең) ретінде тойлана

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: