|  |  |  | 

Руханият Саясат Тарих

Бақсылар институты

QazaqСараптама
(оқысаңыз өкінбейсіз)
Бірінші, ілкіде Түркі баласында арнайы қаған құзіреті үшін жұмыс істейтін көріпкел бақсылар институты болған. Аты бақсы болғанымен ханның қырық кісілік ақылшысы еді. Көріпкел бақсылар хан кеңесі кезінде алдағы қандайда бір саяси оқиға мен ситуацияны күні бұртын болжап, дөп басып талдап һәм сараптап бере алатын соны қабілеттің иесі-тін. Оларды саяси көріпкелдер деп атаса да болады. Хан екінші бір елді жеңу үшін білек күшінен бөлек көріпкел бақсылардың стратегиялық болжауына да жүгінетін. Қарсылас елдің көріпкел бақсылары да оңай емес әрине.
Екінші, уақыт өте келе саяси көріпкел бақсылар түркілік болмыстағы стратегиялық мектеп қалыптастырды. Түркі бақсылары қытай, үнді, парсы, ұрым елдерін жаулап алуда маңызды рөл атқарды. Ол кездегі жаһандық жауласулар жер, су, салық немесе шексіз билік үшін ғана емес еді, әлемдік қара күшке еге болу үшін де жауласатын. Бүгінгі тілмен айтқанда ақпараттық медиа соғысына ұқсап қалады. Бір елдің көріпкел бақсылары екінші елдің “ақпаратын” ұрлайды немесе қорқынышты миф пен ақпарат ойлап тауып үрей жанын алады.
Үшінші, Түркілерді әскери қуат және жауынгерлік қабілет жағынан жеңу мүмкін емес еді. Түркілерді жеңу үшін көріпкел бақсылар мектебін тамырымен құрту керек тұғын. Ол үшін классик діндерді құрал ретінде пайдалану яғни дінді- саясиландыру қажеттілігі туындады. Бір қызығы түркі бақсылары әлемдік классик діндерді түркілік бағзы сенімге бейімдеп сәтті мутациялап берді. Сөйтіп бақсы- молдаға айналды, дегенімен аты молда болғанымен бақсының рөлін атқарды, саяси көріпкелдік жалғаса берді. Соның негізінде кейін Түркі мұсылманшылығы қалыптасты.
Төртінші, Түркі мұсылманшылығы ақида, фикһ және тассауф ілімдерінен бөлек дін мен саяси билікті мутациялауда өз алдына бөлек институт қалыптастырды. Нәтижесінде арап, парсы және басқа да жат елдің мәдени, саяси ықпалына қарсы Түркілік таным мен түйсік пайда болды. Оны сол дәуірдің Түркілік медиа холдингі деуге де болады. Сол ғасырда түркі медиасы арап, парсы еліне ақпараттық “соғыс” жариялады.
Бесінші, кейінгі жауласулар тек қана “түркі медиасын” құртуға арналды. Ол үшін билік құзіретіндегі көріпкел бақсыларды түбірімен жою керек. Ислам дінін адами құндылықтан біртіндеп саяси құралға мутациялай бастаған кейінгі империялардың жалғыз қызметі- түркі бақсыларын жер жиһаннан құртуға жұмыс істеді. Ол үшін жаңа діни доктрина қажет-ті. Онымен закон күші мығым империялар айналысты.
Алтыншы, аталған оқиға Қазақ хандығы кезеңіне дейін жалғасты. Түркі текті рулардың өз алдына қазақ атануының бір себебі де осы еді. Яғни түркілік билік дәстүрі мен діни сенімнің теңгерімі. Түркістан, Сығанақ, Ташкен, Самарқан, Бұқара және Қоқандағы айқастарда салық, су және жер мен билік үшін күресуден бөлек түркілік болмысты сақтап қалу үшін де екенін ұмытпаған жөн.
Жетінші, біз айтып отырған тарихи әңгіме ресей империясы үшін түсінікті еді. Сол себепті қазақ даласын жылдам отарлап Үндіге тез жету үшін діни тактикалар қолданылды. Оның сипаты екі түрлі болды: 1) Түркілік саяси көріпкелдер мектебін жою яғни хандық орданы әлсірету; 2) Түркілік мұсылманшылықты жою.
Сегізінші, Түркі руханиятын бөлшектеу үшін патшалық ресей Орынбордан мүфтият құрып балама сенім ұсынды. Мақсат қазақ мұсылманшылығын дәстүрлі Бұқара, Самарқан мектебінен бөліп әкету еді. Есесіне ресейлік мұсылманшылық концепциясы қазақ даласында қарқынды жүргізілді. Бірақ, бұның соңы бір ғасырға жуық түркі мұсылманшылығы мен ресей мұсылманшылығы арасындағы айқасқа апарып соқты. Қазақтардың Орынбор мүфтилігіне қарсы күресін исламнан бас тарту деп түйсінген ресей билігі жаппай христиан миссионерлік қызыметін (шоқындыру) қолға алды.
Тоғызыншы, сонымен 19 ғасырда қазақ халқы рухани күйзелістің ең шыңырауына түсті. Ұлт интеллигенциясы алдында түркілік мұсылманшылықты сақтау, орынбор мүфтилігі билігін әлсірету және шоқындыру саясатын тоқтату дейтін үш үлкен міндет қатар тұрды.
Оныншы, Орынбор мүфтилігімен, шоқындыру саясатымен соңына дейін күрескен қазақ интеллегенциясы күрес толық аяқтамай жатып коммунистік режимнің құрбанына айналды. Сонымен түркілік мұсылманшылық, түркілік руханият әдебиет пен тілде жалғасын тапты. А.Байтұрсынұлы бастаған Алаш интеллигенциясы тіл мен әдебиетті барынша түркілестірді, жат сөз тіпті жат қаріпті тілден шығарып түркілік саф дыбысты, мың жылдан бері бұзылмаған түркілік тілді түзіп шықты. Нәтижесінде түркілік санада, түркілік масштабта ойлана алатын бір буын ұрпақ қалыптасты. Бірақ патшалық ресей кезінде үзіліп қалған саяси билікті түркілендіру үдерісі ХХ ғасырда да толық іске аспады. Түркілік саяси сана коммунизм сандырақтарымен тұншықтырыла бастады.
Он бірінші, совет одағы орнаған кезде түркілік мұсылманшылықпен күресті жаңа деңгейге көтерді. Орталық Азияның діни құндылықтарын әлсіретіп импорт діни сенімді орнатты. Екінші Жаһан соғысы кезінде Германияда құрылған Түркістан мүфтилігіне балама ретінде Ташкеннен діни құзірет құрды. Сөйтіп ислам құндылықтарын советтендіре бастады және дәстүрлі түркі мұсылманшылығына жат кейбір діни сенімді қолдан жасап, тықпалады. Түркілік саяси санаға түбірінен шабуыл жасалынды.
Он екінші, КСРО үкіметі тараған соң түркілік мұсылманшылық пен түркілік саяси сананың жаңғыруына мың жылда бір келетін тарихи орай туды. Бірақ, түркілік сана мен руханият мектебі әлсірегені сонша оны ғылыми және кешенді жүзеге асыратын кадрлар қосыны болмады. Осы ваккумның кесірінен нео діни сенімдер мен импортталған діни құндылықтар қарша борады. Импорт дін түркілік құндылықтарды тарихи санадан өшіруге әрекет жасады.
Он үшінші, әлемнің кейбір алпауыт күштері түркілік саяси сананың қайта жаңғыруынан, түркілік сенімнің нығаюынан алаңдады. Сол себепті түркілік болмысқа мүлде кереғар діни сенімнің қазақ даласына етек алуына мүдделі болды. Нәтижесінде отыз жылда түркілік санадан айырылған жаңа ұлт, жаңа көзқарас пайда болды.
Он төртінші, бір қызығы ресми ресейдің бұл жағдайды жіті бақылауы еді. Ресейге конкурент кейбір алпауыт күштер қазақ жерінде нео исламның өркендеуін қолдаса, ресей керісінше Сібірлік шаманизм құндылықтарын кешенді зерттеуді қолға алды. Ресейде бір ғана стратегиялық мақсат бар еді.
Он бесінші, ресейдің мақсаты- нео исламнан әбден шаршаған қазақ қоғамына жаңа діни құндылық ұсыну. Өйткені ресей қазақ зиялыларының нео-исламмен болған күресін исламмен күрес деп бағалайды.
Он алтыншы, сонымен қазақ қоғамы тағы да рухани құлдыраудың шыңырауына кеткелі тұр. Қазақ руханиятының бүйірін қысқан үш үлкен тақырып: 1) нео исламның болымсыз нәтижесі; 2) ресейлік шаманизм; 3) Түркілік сананың құлдырауы.
Енді қайтпек керек?…
Жеке ұсынысым:
Бірінші, Түркісілік саяси сананы кешенді қолға алу; Тарихта негізінде Күлтегін, Білге қағандар мен Шыңғыс қағанның тарих сахнасына шығуы тікелей түркілік саяси сананы қалпына келтіру үшін күрестен туғанын жадымызда сақтауымыз керек; Қарапайым халық тұтынатын Түркілік сенім негізіндегі ислам доктринасын қабылдау; Шаманизм мен ислам құндылықтарын мутациялау.
Екінші, Түркістан, Бұқара немесе Самарқанды орталық еткен түркі мұсылманшылығы дәстүрін кешенді жаңғырту; Түркі мүфтиятын құрып ислам әлеміне рухани көсем алып шығу.
Үшінші, Түркі даласынан бөлек жат елде діни білім алуды тоқтату; Түркі мұсылманшылығы оқу құралдарын түзу; Самарқан, Бұқара мен Түркістандағы тарихи діни оқу орындарын қайта жаңғырту.
Төртінші, Түркілік саяси сананы жаңғырту, әлемнің геосаяси картасының түркілік нұсқасын жасау; Түркілік саяси көріпкелдер мектебін қайта жаңғыртып түркілік стратегиялық Think Tank орталығын құру.
Бесінші, түркі жазуын кешенді оқыту, ресми орындарда кирил қарпімен қатар қолдану; Сонда болашақ президент те, қарапайым діни қызметкер де түрік бітік жазуын, латын әліпбиін, шағатай әдеби тілін және бүгінгі заманауи тетіктерді қатар меңгерген нағыз білікті тұлғаға айналар еді. Қазір ше? Түркі жазуын игерсе арапгаға қарсы, арап жазуын игерсе түркі жазуына қарсы жасанды “сана” қалыптасты. Тарихи жазуларды қатар игерген тұлға әлемге түркілік жаңа көзқараспен қарай білетін еді.
Алтыншы, түркілік буржуазиялық сананы жасау; түркілік байлық ұғымы, капитал түсінігі туралы кешенді зерттеу; Мысалы, түркілер сауда-саттықпен, айырбаспен және нарықпен қалай айналысты? Түркілік санадағы байлық анықтамасы? Түркілердің нарықтағы тарихи танымын бүгінгі экономикалық құндылықтармен сәйкестендіру және кейбір экономикалық мүддені түркілік санаға мутациялау. Сіз қытайға барсаңыз қытайлық нарықты, жапонға барсаңыз жапондық нарықтық құндылықты, арап елдеріне немесе еуропаға барсаңыз араптық және еуропалық капитал құндылықтарын байқайсыз, біз де әлемдік буржуазия мен нарықта түркілік өз құндылықтарымызды ұсынуымыз керек.
Жетінші, Алаш интеллигенциясының тіл мен әдебиеттегі реформасын қайта жаңғырта отырып жаңа доктрина қабылдау; Яғни атап айтқанда түркі тілі комитетін құру; Якутиядан Балқанға дейінгі түркі халықтарының тілдік әлеуетін толық пайдалау және ортақ түркі терминсөзін жасау. Оның үш үлкен принципі: 1) тілдегі балама сөз төл түркі тілінен қарастырылады; 2) Жат сөздің қазақша, өзбекше, татаршада баламасы табылмаған жағдайда якут, алтай, құмық, гагауыз немесе т.б тілдерде сақталынған ескі түркі сөздері болса соларды басшылыққа алу; 3) ешбір баламасы жоқ жат сөзді бейімдеудің түркілік грамматикалық принципін түзу.
Елдес ОРДА
19.02.2024

Related Articles

  • Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Арма әлеумет! 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған байланысты іргелес елдерде соның ішінде Шығыс Түркістан өңірінде өмір сүріп жатқан Шыңжаң қазақтарының саяси, әлеуметтік һәм мәдени тарихын танып біліп жүргеніміз артық болмас. Алдымен суреттерге түсініктеме: Бірінші сурет: Шыңжаң өлкесінде 1934-44 жылдары өлке губернаторы болған Шэн Шицайдың (盛世才) бейнесі. Екінші сурет: Тайвань Тайпэйдегі Шэн Шицайдың мазары. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барғандағы естелік. Ол туралы естелікті кейін оқисыздар. Үшінші сурет: Шыңжаң өлкесі Құмыл аймағының аймақ губернаторы болған Жолбарыс Бег-тің мазары. Тайвань Тайпэй қаласындағы мұсылмандар зиратында жерленген. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барып қайттым. Төртінші сурет: 1944 жылы ұлт-азаттық көтерілісшілері Құлжа қаласын азат қылған соң қала

  • ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    Екі мыңыншы жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше басылымдар болды. Атап айтсақ, Атырау шәрінде шыққан «Алтын Орда» газеті болса, одан кейінгісі Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ», сондай-ақ «Шетел Әдебиеті» сынды газеттер еді. «Алтын Орда» газетіне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал қалған екеуіне Талғат Ешен мен Ардақ Нұрғазы іспетті қазақтың интеллектуал азаматтары бас редактор болған еді. Бәрі  де есімдері елге мәлім, ғажайып ақындар. Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқашан жарытып газет шығара алмайды», – деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды.  «Әдебиет порталы» «УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК…» айдарымен  тек аталған осы басылымдар ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық

  • Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Сардар Алмат Тобабергенұлы – өз дәуірінде ел басқарған, беделді тұлғалардың бірі болған. Ол Ырғызда болыс қызметін атқарып, халық арасында сыйлы адам ретінде танылған. Алмат Тобабергенұлының ерлік пен елдік тоғысқан дара жолын кейін балалары Самырат пен Төремұратта жалғыстырды. Ал оның шөбересі Ғалымжан Әбдісаламов Еуропа мен Орта Азияға танымал қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы болған. ХІХ ғасырдың басында дүниеге келіп, сол ғасырдың соңғы он жылдығында өмірден өткен алмат Тобабергенұлы басындағы билігі мен беделін елінің игілігіне, жұртының тұрмыс-тіршілігіне арналған өз заманының айтулы тұлғаларының бірі еді.  «Аржағы да атақты ер…» Тағы бір жүз жыл әрі жылжып, ХVІІІ ғасыр тарихын парақтасақ, ол кезеңде ел басынан өткен қайғылы оқиғалар көп болғанын көреміз, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» халқымызды

  • Наурыз мерекесі құрметіне Панфилов көшесіндегі Сахнада «Ән қанатындағы Наурыз» атты дәстүрлі өнерде жүрген жас орындаушылардың ән кеші өтті.

    Наурыз мерекесі құрметіне Панфилов көшесіндегі Сахнада «Ән қанатындағы Наурыз» атты дәстүрлі өнерде жүрген жас орындаушылардың ән кеші өтті.

    Бүгін Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Панфилов көшесі бойындағы сахнада Наурыз мерекесіне арналған «Ән қанатындағы Наурыз» атты жас орындаушылардың дәстүрлі ән кеші жоғары деңгейде өтті. Алматы қаласы ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап ұлт мәдениетінің ұйытқысы, ордасы қызметін атқарып келеді. Дәстүрлі өнердің ірі өкілдері, зерттеушілері осы қалада тұрып, еңбек етті. Қазір де профессионалдық типтегі дәстүрлі музыканың ең ірі ошағы – Алматы. Мұнда этномузыканың белгілі қайраткерлері, дәстүрлі домбырашы, қобызшы, сыбызғышы, әнші-термешілер әзірлейтін арнаулы орта және жоғары оқу орындары, өнер ұжымдары шоғырланған. Қазақ көне музыка аспаптарының жер бетіндегі жалғыз музейі мен еліміздегі жалғыз дәстүрлі өнер театры да осында. Соңғы уақыттары Алматы қаласында дәстүрлі өнерді насихаттап жүрген жас өнерпаздардың арнайы ән кеші өтпеп еді.

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: