|  |  | 

Тарих Тұлғалар

ОТАМАННЫҢ АҚЫРЫ

Шағын сараптама
(Жанабіл Смағұлұлының қазасына арнаймын)468353387_3100181703478729_2236474716083872493_n
Бірінші, ХХ ғғ.-дағы Қытай қазақтарының интеллигенциясын үлкен масштабта үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезең 1911-12 жылдардағы саяси төңкерістен кейін қалыптасқан қазақ интеллигенция. Бұл кезеңдегі интеллигенцияны екі санатқа бөліп қарастыруға болады. 1) Рухани ағартушы интеллигенция; 2) Саяси интеллигенция. Рухани ағартушы интеллигенцияның өзін екі топқа бөлуге болады: бірінші топ, жәдиттік мектептің ағартушылары; екінші топ, қазақы дүниетанымның ағартушылары. Ал, бұл кезеңдегі саяси интеллигенцияны да екі топқа бөліп қарастыра аламыз. Бірінші топ, қазақтың дәстүрлі саяси билік жүйесі негізінде қалыптасқан саяси интеллигенциясы; екінші топ, 1914-1922 жж. шығыстық білім беру жүйесі негізінде қалыптасқан саяси интеллигенция.
Екінші, шығыстық білім беру жүйесінің интеллигенциясы 1912 жылғы Пекинде өткен президент сайлауынан соң қалыптаса бастады. Сайлауға қатысқан қазақтың жоғары жік өкілдері президентке нақты ұсыныс тастады. Сол ұсыныстың бірі қазақ балаларын оқытатын және жаңа үкіметке қазақтан кадр тәрбиелеп беретін заманауи мектеп ашу мәселесі. Ұсыныс көп өтпей қабылданды, 1914 жылдан бастап губернияның қаражатынан қазақ кадрларын тәрбиелеп оқытатын мектептер ашылды. Оны шуе-таң (学堂) мектептері деп атады. 1914 жылы Алтайда, 1917 жылы Күреде (Іле), 1922 жылы Үрімжіде дүркін-дүркін шуе-таңдар ашылды. Мектепте 100-ден астан қазақтың жоғары жік өкілдерінің балалары оқыды. Аталған мектепті бітірген түлектер қазақтың жаңа буын интеллигенциясына айналды. Ең бастысы олар мемлекетті басқарушы қытай, мәнжур интелигенциясымен тығыз байланыста болды.
Үшінші, қазақ инттелигенциясының жаңа бағытта жылдам қалыптасуы 1917 жылғы Орынбордағы қазақ-қырғыз съездінен кейін ерекше көрініс тапты. Алашорда үкіметі мен үкімет қазынасына (бюджетіне) және үкіметтің төл баспасына Қытай қазақтары бір уақытта бір жылда жұмылып қаражат жолдады. Қаражат жұмсап Алаш үкіметіне құтты болсын айтып хат жолдағандар қатарынан Алтай, Шәуешек және Құлжа өлкесі қазақтарының жаңа буын интеллигенциясын көруге болады. Алаш әскері қызылдармен соғысқан кезде Қытай қазақтарының тұрған жері артқы шеп есебінде уақытша қолданылды. Мысалы, 1918 жылғы Алаш әскерінің Жетісу майданындағы қанды шайқас кезінде Шәуешек өңірі уақытша әскери базалық шепке айналды. Алаш әскері Шәуешек қаласына өтіп орталық Алаш үкіметіне жеделхат жолдап соғыс жағдайын мәлімдеп тұрды. 1920-22 жылға қарай Құлжа өлкесінде анти-коммунистік бағытта Алаш әскерінің сарқыншақтары әскери жаттығу ұйымдастырды. Жапон үкіметі Шәуешек, Құлжа өңірін ерекше қадағалауына алып арнайы делегация жіберді. Владивосток сапары кезінде Жапон консулымен келіссөз өткізген Р.Мәрсекұлы Шәуешек пен Құлжада жаңа жоспарлар құрды. Шәуешек және Құлжадағы қазақтың жоғары жік өкілдері Англия мен Жапон үкіметінің назарында болды. Бұл өлкедегі Ресей державасының сауда пункттері әлсірей бастаған соң Англия империясы Қазақтар арқылы осы өңірден кен (мұнай, көмір) ашуды жоспарлады. Англия мен Жапонның кен барлаушы инжерлеріне жоғары жік қазақ өкілдері тау-тасты аралап нұсқаулық жасады.
Төртінші, 1930 жылға қарай Алтай, Шәуешек, Құлжа және Үрімжі сияқты өлкенің саяси, мәдени қалаларында жаңа буын қазақ интеллигенциясының шоғыры қалыптаса бастады. Сонымен дала билігіндегі саяси құрылым енді қалада өркен жая бастады. 1928 жылдан бастап қазақтар дәстүрлі қазақ билігінен бөлек жаңа әкімшілік құрылымның басқару тетіктеріне сайлана бастады. Аталған жылы тұңғыш рет Ш.Көгедайұлы орталық биліктің ресми тағайындаумен Бұрылтоғай ауданының әкімі болды. Бұған дейін қазақтар мәнжур кезеңіндегі тарихи әкімшілік шендерді иемденіп тәйжі, үкірдай, ақалақшы, қалдай ғана болып сайланушы еді. Бірде бір қазақ өкілі республикалық әкімшілік жаңа құрылымға тағайындалмаған-ды.
Бесінші, 1928-29 жылдан бастап қазақтың жоғары жік өкілдеріне әскери шен беріле бастады. Берілген әскери шен негізінде қазақ төре-сұлтандары 300-500 қарулы әскерді жасақтай алатын мүмкіндікке ие болды. Орталық биліктің қазақ өкілдеріне әскери шен беріп әскер ұстатуының басты себебі- шекара аймақты қазақтардың есебінде қорғау болатын. Сонымен Алтай, Құмыл, Іле қазақтарының жоғары жік өкілдері әскери шен алды, 300-500 атты әскерді қаруландыра алатын жаңа міндеттер алды.
Алтыншы, 1930 жылдардан бастап қазақ интеллигенциясының өкілдері әскери школдар мен офицерлер мектебінен білім ала бастады. Дәлірек айтқанда 1934-35 жылы әскери білім беретін офицерлер мектебі құрамында 30-ға тарта (жартысынан көбі Алтай өңірі) қазақтың жоғары жік өкілдерінің балалары әскери білім алды. Сонымен 1935 жылдан бастап Қытай қазақтарының әскери интеллигенциясы қалыптасты. Офицерлер школын үздік бітірген қазақтарды Ланжоу, Нанькин сияқты ішкі Қытайдың ірі қалалардағы жоғары әскери білім беретін орталықтарға арнайы курсқа жіберді.
Жетінші, қазақ интеллигенциясының қалыптасуы және Қазақ СССР-дағы қазақ интеллигенциясы өкілдерімен тығыз мәдени байланыста болуы екі жақтағы үкіметтің назарын қатты аударды. 1937-39-41 жылдары Қытайда жаппай саяси қуғын-сүргін науқаны жүргізілді. Саяси науқан кезінде мыңдаған адамға дело жасалынды, көбі ату жазасына кесілді. Бұл реткі науқан екі бірдей (рухани және саяси) интеллигенция құрамын қиратып жіберді, бұрыннан қалыптасқан тәжірибелі интеллигенцияның саяси мақсаты толық орындалмады. Саяси қуғын-сүргіннен кейін Қытайдағы қазақ қоғамы аға буын басшыларынан айрылды, сонымен саяси сахнаға екінші буын ұрпақ яғни жас буын қазақ интеллигенциясы шығуға мәжбүр болды. Жас буын қазақ интеллигенциясы өкілдері 30-40жж. білім алған, қоғамдық түрлі іс-қимылға жаңадан араласқан бірақ саяси, мәдени белсенділігі жоғары жаңа буын ұрпақ-ты.
Сегізінші, 1930- жылдардың соңына келгенде жас буын қазақ инттелигенциясының саны мен сапасы артты. Қытай интеллигенциясы өкілдерімен әсіресе демократиялық теңдікті жақтайтын еуропашыл зиялы қауым өкілдерімен тығыз байланыста болды. Мақсат, жақын болашақта бірігіп тотаритарлы қытай билігін реформалау, ұлттар теңдігін жүзеге асыру, билікті тұрғылықты халыққа басқарту сияқты мақсаттар тұрды. Бірақ қазақ интеллигенциясы бұл мақсатты орындау үшін әртүрлі геосаяси күштердің ықпалына сүйенулері керек болды. Сонымен қазақ интеллигенциясы үш топқа жарылды.
Тоғызыншы, бірінші топ панислам және пантүркистік ықпал негізінде саяси төңкеріс ұйымдастыруды жоспарлау. Бұл топ өкілдерінің саяси қадамы трагедияға ұшырады, көштің белсенді мүшелері Тибет арқылы Пәкістан, Үндістанға аууып кетуге мәжбүр болды. Екінші топ, Совет ықпалы негізінде әсіресе Совет құрамындағы Қазақ СССР құрамындағы қазақ интеллигенциясы өкілдерінің нұсқаулығымен бірлесе отырып Қытайға саяси ықпал жасауды, тіпті төңкеріс ұйымдастыруды жоспарлады. Ол үшін осы идеяның кадрларын жетілдіру керек-тін. 1935 жылдан бастап 300- ге тарта жоғары жік өкілдерінің балалары Қазақ СССР-да ЖОО-да білім алды. Үшінші топ, АҚШ және Еуропа билігінің (Ангола Саксон) қолдауына сүйенуді мақсат қыла отырып демократиялық Гоминьдан үкіметінің саяси ықпалы негізінде Қазақтың жоғары дәрежелі автономиялық үкіметін құру.
Оныншы, Аталған үш топ қазақ интеллигениясы арасында кейде саяси ұстанымдарына байланысты пікірталас жиы орнады. Осы аймақты жіті бақылауға алған алпауыт державалар әсіресе Совет билігі мен АҚШ (Ангола Саксон) билігі жіктеле бастаған қазақ инттелигенциясын өзінің сол аймаққа байланысты саясатының құралына пайдалана бастады. Сонымен 1944 жылдан соң қазақтың саяси инттелегенциясы “Шығыс Түркістан” және “Чин Түркістан” деп екіге бөлінді. Шығыс Түркістаншылдар Совет билігіне иек артты және сенді. Чин Түркістаншылдар АҚШ билігіне иек артып Гоминьдан үкіметімен ынтымақтасты және сенді. Саяси көзқарастың екі жікке бөлінуі Қытай қазақтарының тұрмыс-тіршілігі, ұлттық экономикасы мен ұлттық әлеуетінен бөлек әлеуметтік психологиясына да түбірінен әсер етті. Сол жылдары қазақтар барынша саясиланды.
Он бірінші, 1946 жылдан соң Шығыс Түркістаншылдар өз ішінде екіге бөлінді. 1) Советшіл Үш Аймақ үкіметі; 2) Шығыс Түркістанды сақтап қалушылар. Сонымен Чин Түркістаншылдардан бөлек Шығыс Түркістаншылдар арасында азамат соғысы бұрқ ете түсті. Совет билігі 1949 жылға қарай Советшіл Үш Аймақ үкіметінің саяси интеллигенциясын Қытай коммунистерімен жоғары деңгейде диалогқа келтіре бастады. Сонымен Қытай қазақтарының коммунистік саяси инттелигенциясы пайда бола бастады. Ал, Чин Түркістаншыл қазақ интеллигенциясы өкілдері батыс майданда Советшіл Шығыс Түркістанға соғыс майданын асша, солтүстік майданда Моңғолияға соғыс ашты және шығыс майданда қаумалап кіріп келе жатқан Қытай коммунистеріне майдан ашты. Бұл майдан Баркөл, Шонжы, Үрімжі, Құтыби және Манас аудандарында жасақталды. Чин Түркістаншыл қазақ әскері туған өлкемізді коммунистік билікке бермейміз деп келісті.
Он екінші, Қытай коммунистерімен диалогқа келген интеллигенция әскері ендігі жерде коммунистермен ынтымақтасуға мәжбүр болды. Сонымен Шығыста коммунистік қытай, батыста коммунистік Үш Аймақ әскері бірігіп буржуазиялық жоғары тап өкілдері Чин Түркістаншыларды жоюға тырысты. Бұл кезде Чин Түркістаншыл күштер екіге бөлінді. Бірі, Манас, Құтыби, Үрімжі, Шонжы мен Баркөлді әскери база ете отырып соңына дейін күресушілер; Екіншісі, саяси күресті шетелде жалғастыру. Сонымен 1951 жылдан кейін қазақ интеллигенциясының шетелдік саяси эмиграциясы басталды. Олар күресті шетелде жалғастырды.
Он үшінші, 1951 жылы өлкенің геосаяси ахуалы түбірінен өзгерді. Билікке коммунистік қытай келді. Советшіл Үш Аймақ интеллигенциясы мен Қытай коммунистері арасында ынтымақтастық жасалынды. Чин Түркістаншыл әскери базалық іс-қимыл жойылды, тұлғалары ату жазасына кесілді. Ату науқаны Үрімжіден бөлек Санжы, Құтыби, Манас аудандарында жалғасты. Контрреволюционерер шетінен ату жазасына кесілді. Ел тұлғасынан айрылды. Халық көшбасшысын жоғалтып алды. Жұрт қатты састы. Қара халыққа ие болатын жаңа буын ұлтшыл интеллигенция ауадай керек еді.
Он төртінші, Сонымен 1930-40 жж. қалыптасқан жас буын қазақ интеллигенциясының орнын одан да жаңа, бұғанасы әлі қатпаған, саяси тәжірибесі аз коммунистік идеяға әлі болсын сенетін бірақ ұлтшыл жап-жас интеллигенция өкілдері билікке келді. Оларды үш тұрпатқа бөлуге болады: 1) Советшіл Үш Аймақ құрамында саяси, әскери тәжірибеден өткендер; 2) 1945-54 жж. гимназия мен өлкелік педагогикалық мектептерді бітірген жасбуын өкілдер; 3) 1955-61 жж. коммунистік кадрларды жетілдіру жоспарына сәйкес тәрбиеленген жас буын кадрлар.
Он бесінші, жас буын коммунист қазақ интеллигенциясы алдында мына үш үлкен тарихи міндет тұрды: 1) Ұлттық межелеу негізінде қазақ автономиясын құру; 2) Ағарту ісін жандандыру; 3) Мәдени, рухани тұтастықты бірізділендіру. Осы міндеттер 1954 жылдан бастап біртіндеп жүзеге асты. 1954 жылы қазақ автономиясын құру ісі талас-тартыс арқылы бекітілді. Ұлттық автономиялы аймақтарда ұлттық білім беру ісі жүйелі және кешенді түрде қолға алынды. Мәдени тұтастық бірізділенді, бес аймақ қазақтары ортақ әліпбиді бекітіп, әдеби тіл нормасы тұрақтанды. Қазақ СССР-ға оқушылар жіберілді. Қазақ СССР-дағы қазақ ұлтшылдарымен мысалы Қ.Сәтбай, М.Әуез, Ж.Шаяхмет т.б қайтадан тығыз байланыса отырып Қытай қазақтарының мәдени, рухани әлеуетін көтерді.
Он алтыншы, 1958 жылдан кейін бұғанасы енді ғана қата бастаған жас буын коммунист қазақ интеллигенциясы қайтадан қуғын-сүргінге ұшырады. Мыңдаған адам саяси күдікті ретінде тергелді, алды итжеккенге (Тарымға) айдалды, еңбекпен түзеу лагерінде жазасын өтеді. Қазақ СССР-дағы қазақ интеллигенциясымен саяси, мәдени байланысқа тиым салынды. Тіпті Совет-Қытай қатынасы ушығып ең төменгі шекке дейін түсті. Бұл кездегі жас буын қазақ интеллигенциясы үш санатқа бөлінді: 1) Совет билігі арқылы төңкеріс жасауды жоспарлады; 2) Қазақ СССР-ға елді жаппай көшіруді жоспарлады; 3) “Үш Отау” жасырын ұйымы аясында Қытайда коммунистік қазақ ресрубиликасын құруды жоспарлады.
Он жетінші, Совет арқылы төкеріс жасауды жоспарлағандар Шығыс Түркістан төңкерістік партиясы төңірегінде топтасты. Олардың құрамы екі тұрпатта көрініс тапты: 1) 1944 ж. Құлжада құрылған бұрынғы үкіметтің кадрлары; 2) 1951 жылдан кейін билікке араласқан жас буын ұлтшылдар. Бірақ жоспар тас талқан болды. Шамамен 500-ден астам азаматқа қылмыстық дело тұрғызылды. Кейбірі Моңғолия мен Қазақ СССР-ға саяси босқын ретінде қоныс аударды. Ал, Қазақ СССР-ға көшуді жоспарлаған ұлттың зиялы қауым өкілдері 1955-1960-1962 жж. Құлжа мен Шәуешектегі елді кезең-кезеңі бойынша Советтік Қазақ-қа қарай сәтті көшірді.
Он сегізінші, Қазақ ұлтшылдарының жанышталуы, жұрттың Советке жаппай көшуі Қытайдағы қазақ қоғамын мейлінше есеңгіретті. Демографиялық дағдарыс саяси өмірден бөлек әлеуметтік, мәдени өмірге де әсер етті. Қытайдағы қазақтар 1954 жылғы санына 1980 жылдан соң зорға жетті. Демографиялық өсім құлдырап барып 80- жылдары қайта жанданды. Сонымен 1980 жылдан кейін қазақ интеллигенциясының жаңа буын өкілдері белсенді түрде жарыққа шықты. Олар алдарына мынадай мақсат қойды: 1) Қазақ автономиясының статусын реформалау, жүйелеу, реттеу; 2) Автономияның қазынасын (бюджетін) ұлт кадрларының қолына беру; 3) Жер және жеке меншік реформасын кешенді іске асыру; 4) Автономияны ұлт кадрларына басқарту; 5) Ішкі қытайлық келімсектерді кіргізбеу, тіркемеу; 6) Әскери дивизияны тарату, ұлттық армияны жандандыру; 7) Ұлт мектептерін көбейту; 8)Қазақ тілінде кеңсе және іс-қағаз жүргізу; 9) Қытайларға қазақ тілін міндеттеу, оқу курстарын ашу; 10) Ұлттық ЖОО-дарын құру; 11) Шетелмен байланыс орнату, инвестиция тарту; 12) Шетелге білім алуға оқушы жіберу.
Он тоғызыншы, 1980 жж. қазақтың жас буын интеллигенциясының бір ерекшелігі олар Қытай билігінің реформашыл демократ жоғары жік өкілдерімен тығыз байланыста болды. Соның негізінде Орталық билік ШҰАР бойынша кадрларды тағайындаған кезде бірінші кезекте ұлт зиялыларымен келісе отырып, санаса отырып атқаратын еді. Сол себепті 1980-90 жж. Қытай қазақтарының алтын дәуірі есептелінеді.
Жиырманшы, 1991 жылдан кейін Қытайдағы қазақ қоғамы үшін жаңа кезең қалыптасты. Қазақ СССР-дың егемендігін жариялауы Қытайдағы қазақ қоғамына қатты әсер етті. Қазақ интеллигенциясы екіге бөлінді. Бірі, Қазақстанға қоныс аударуды жақтады; Екіншісі, Қытайдағы елге ие болып қазақ қоғамын сақтап қалуды мақсат тұтты. Сонымен 1992 жылдан кейін Қытайдағы аз ғана қазақ интеллигенциясының өкілдері Қазақстанға қоныс аударды. Қазақстанға көшудің жандануы, қазақ зиялыларының ойының күпті болуы орталық биліктің қазаққа байланысты сеніміне селкеу түсіре бастады. Орталық билік Қазақ автономиясының шекаралық аудандарына байланысты бақылауды күшейтті. Шекаралық өңірдің инфрақұрылымын жаңғырту, инвестиция тарту деген атпен жүздеген мың ішкі Қытайлық көшті қазақтар тұрған аймаққа қарай ынталандырды.
Жиырма бірінші, бұдан бөлек СССР-дың тарауы ШҰАР құрамындағы ұйғыр интеллигенциясына қатты әскер етті. Орталық билік Орталық Азия аумағында қалыптасқан ұлттық респубиликалардың ШҰАР-дағы қазақ, ұйғыр интеллигенциясына саяси, мәдени ықпалын жасауынан алаңдады. Сонымен ресми биліктің “Шыңжаң саясаты” түбірінен қайта қаралды. Нәтижесінде 1991- жылдан бері Шыңжаңда ұлтараздық күшейді, жанжал артты. Қытайдағы қазақ интеллигенциясы саяси ауқымды бағамдай отырып астыртын шұғыл қадамдар жасады. Соның нәтижесінде 2001-2004 жылдары шетелге білім алуға кеткендер саны күрт артты. Неше мың оқушы алыс-жақын шетелде білім алды. Соның шамамен 90%-ы Қазақстанға оқуға түсті. Бұл жылдары Қытайдағы қазақ интеллигенциясы көбінше шетелде (Қазақстанда) қалыптасты. Ресми орталық билік 2004-2005 жылдан бастап ұлттық мектептердің білім беру жүйесіне кешенді реформалар жасауды ұйғарды. Нәтижесінде “қостіл ағартуы” жоспарлы түрде жүзеке асты. 2010 жылдан бастап “білім саласының бюджетін реттеу, ұлттық мектептерді біріктіру” деген атпен қазақ мектептерінің білім беру жүйесін толығымен реформалады. 2010 жылдан кейін Қытайдағы қазақ қоғамында қытайтілді жаңа буын қазақ интеллигенциясы көрініс тапты. Сонымен тарихи қазақ қоғамы қазақтілді және қытайтілді деп екіге жарылды.
Жиырма екінші, Қытайтілді қазақ интеллигенциясы қытайдың зиялы қауым өкілімен, жоғары жік қоғам өкіллерімен тығыз байланыс жасауда. Ауқымы мен масштабы өте кең. Ал қазақтілді аудитория шағын аудан, қала мен ауылды елдімекендерде қалды. Тілдің әлеуеті де осыған сәйкес болды. Бірақ 2010 жылдары статистикалық санаққа сәйкес қазақтілді аудитория әлі де ауқымды, басым еді. Сәйкесінше қазақша контент біршама дамыды. Қазақша бизнес, қазақша әлеуметтік желілер, сайт-порталдар дәурендеді. Әсіресе Қазақстандық бизнесті Қытайға, Шыңжаңға жеткізуде қазақтілді аудиторияның өкілдері көп дәнекер бола білді.
Отаман*- ескі қазақ тілі, көшбасшы, жол бастаушы деген мағынаны береді. М: көш отаманы.
Елдес ОРДА
23.11.2024

Related Articles

  • 1893 жылы 25 қарашада

    1893 жылы 25 қарашада

    1893 жылы 25 қарашада, Даниялық ғалым В.Томсен құлпытастағы бітік жазудың құпиясын ашты. Ғылыми жаңалық еуропа қоғамын дүр сілкіндіреді. Тосмен алғаш «түрік», «күлтегін», «тәңірі» деген сөздерді шешіп оқиды. Бітіктастағы жазудың келесі беті қытай иероглифімен бәдізделген-ді. Томсен иероглифтегі есімдердің реттік (қайталану) жилігіне қарап отырып келесі бетіндегі құпия таңбаларды біртіндеп сөйлете бастайды. Сол дәуірде шығыстану соның ішінде түркітану саласы жеке ғылым ретінде абройлы зерттеу нысанына айналды. В.Томсен таңбаны шешіп құпиясын ашқанымен көне түрік тілін білмеуші еді, сол себепті «бұл мәтінді оқыса Радлов оқиды» деген. Көп өтпей Радлов, Томсен шешкен таңбаның ізінше мәтін жолдарын оқыған. Сонымен жұмбақ күйде қалған тастағы бітік жазуы сөйлей бастаған… 25 қараша күні маңызды күн. Бітік жазу күні құтты болсын!

  • Шоқай Торғайұғлы

    Шоқай Торғайұғлы

    “Ақмешіт уезінде белгілі қазақ ақсақалдарынан Шоқай Торғайұғлы 23-нші декабрде опат болды. Қазақша атқа мінген жұрт кісісі болғанның үстіне өнер, білімнің керектілігін ерте сезіп, заманға лайық істерге кіріскен адам еді. Мұстафа деген баласы осы күні Петербор университетінде оқып жүр” “Қазақ” газеті, №46, 1914 жыл Суретте: Шоқай Торғайұлы. Сурет Н.Гродековтың кітабынан алынды. Серікбол Хасан

  • САРБАС РУЫ ЖӘНЕ САРТОҚАЙ БАТЫР

    САРБАС РУЫ ЖӘНЕ САРТОҚАЙ БАТЫР

    Тарихты түгендеу, өткеннің шежіресін кейінге жалғау – атадан балаға жалғасқан ежелгі дәстүр. Шежіре, ұлт-ру, тайпа тарихы – атаны білу, арғы тарихты білу болып қалмастан ұлттың ұлт болып қалыптасуы жолындағы бастан кешкен сан қилы оқиғалары мен ауыр тағдырынан да мол дерек береді. Шежіре – тұтас халық тарихының іргетасы ғана емес, ұлт пен ұлыс танудың әліппесі  саналады. «Қазақ халқы 200-ден аса рудан құралса да әр рудың өз шежіресі болған. Шежірешілер жүз, тайпа, ру, ата тарихын терең талдай білген»(1). Патшалық ресейдің дәурені аяқталар тұста қазақтың мемлекеттігін қалпына келтіруді мақсат тұтқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан (1866-1937) алғашқы болып қазақ тарихының қажеттілігін алға тартып, башқұрттың әйгілі ғалымы Уәлиди Тоғанмен кездесіпті. Уәлиди Тоған өзінің естелігінде: «Мен бірнеше

  • ОА қорғанысқа қаржыны не себепті арттырды? Каспийден Украинаға зымыран ұшырған Ресей суды ластап жатыр ма?

    ОА қорғанысқа қаржыны не себепті арттырды? Каспийден Украинаға зымыран ұшырған Ресей суды ластап жатыр ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан әскері бірігіп өткізген «Бірлестік-2024» жаттығуы. Маңғыстау облысы, шілде 2024 жыл. Қазақстан қорғаныс министрлігі таратқан сурет.  Орталық Азия елдері қорғаныс шығынын арттырды, мұның астарында не жатыр? «Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін екі есе көп өндіруді жоспарлап отыр, алайда үкімет бұл салада жұмыс күшінің азайғанын есепке алмаған». «Каспий теңізінен Украинаға зымыран ұшырып жатқан Ресей теңіздің экологиялық ахуалын ушықтырып жатыр». Батыс басылымдары бұл аптада осы тақырыптарға кеңірек тоқталды. ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҚОРҒАНЫС ШЫҒЫНЫН АРТТЫРДЫ. МҰНЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР? АҚШ-тағы «Америка дауысы» сайты Украинадағы соғыс тәрізді аймақтағы қақтығыстар күшейген тұста Орталық Азия елдері қорғаныс саласына жұмсайтын ақшаны арттырғанына назар аударды. Бірақ сарапшылар мұндай шығын тұрақтылыққа септесетініне күмән келтірді. Стокгольмдегі бейбітшілікті

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: