|  | 

Жаһан жаңалықтары

“Өрмектен” соң: ресейлік стратегиялық аэродромның спутниктен түсірілген суреттері жарияланды

Спутниктен түсірілген суреттер мен қолда бар өзге де деректер 1 маусым күні украин дрондары Ресей әскери аэродромдарына жасаған шабуылдың салдарынан Ресей кемінде 10 стратегиялық бомбалаушы ұшағынан айырылғанын растайды деп хабарлады Азаттықтың Орыс қызметі.

“Стратегиялық бомбалаушы ұшақтар жойылған”

OSINT-талдаушы Крис Биггерс 2 маусым күні таңертең Ресейдің Иркутск облысындағы “Белая” аэродромына украин дрондары жасаған шабуылдан кейін спутниктен түсірілген суреттерді жариялады. Бұл суреттер тіпті бұлттың ар жағынан да жер бетіндегі нысандарды “көре” алатын жасанды апертуралы радардың (SAR) көмегімен түсірілген.

Фотосуреттерге қарағанда, әскери әуе базасында 4 Ту-95 және 4 Ту-22 стратегиялық бомбалаушы ұшақ жойылғанға ұқсайды.

Шабуылға ұшыраған Ресейдің екінші әскери әуе базасы – Мурманск облысындағы “Оленья” аэродромының әзірге спутниктен түсірілген суреттері жоқ. Алайда Украинаның қауіпсіздік қызметі (СБУ) жариялаған дроннан түсірілген видеолардың көмегімен 1 маусымда Ресейдің әскери аэродромдарына жасалған, бұрын-соңды болмаған шабуылдың жалпы ауқымын бағамдауға болады.

Intelshizo деген атпен тіркелген Х әлеуметтік желісін қолданушы жүргізген есептеулерге жүгінсек, “Белая” және “Оленья” аэродромдарында кемінде:

• 7 Ту-95 стратегиялық бомбалаушы ұшағы (тағы біреуі зақымданған),
• 4 Ту-22 стратегиялық бомбалаушы ұшағы,
• 1 Ан-22 әскери-көлік ұшағы жойылған.

Украинаның “Око Гора ✙ Жаңалықтар мен талдау” атты telegram-ресурсы Мурманск облысындағы “Оленья” аэродромының суреттерін жариялады. Оларға сәйкес, украин дрондары аэродромда тұрған бес ұшаққа шабуыл жасаған: төртеуі – Ту-95 стратегиялық бомбалаушы ұшағы, ал біреуі – Ан-12 әскери-көлік ұшағы.

Украинаның “Өрмек” операциясы

Жексенбі, 1 маусым күні Ресейдің бірнеше өңіріндегі әскери әуе базаларына дрондар шабуыл жасады. Украинаның арнаулы қызметі Ресейдің 40 әскери ұшағын жоюды көздеген “Өрмек” (“Паутина”) операциясы жайлы хабарлады.

Дрон шабуылдарының нәтижесінде 13 ұшақ жойылған деп хабарлады Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі жанындағы жалған ақпарат таратумен күрес орталығының жетекшісі Андрей Коваленко.

Оның айтуынша, зақымдалған ұшақ саны бұдан да көп. Украина қауіпсіздік қызметі (СБУ) кейінірек таратқан мәлімдемесінде Ресейдің стратегиялық әуе күштерінің 41 ұшағы зақымданғаны айтылған. “Дрон жасалған шабуыл нәтижесінде А-50, Ту-95, Ту-22М3 және Ту-160 сияқты 41 ұшаққа залал келтірілді”, – делінген СБУ басшысы Василий Малюктың мәлімдемесінде.

Украина президенті Владимир Зеленский жексенбі күні Ресейдің бірнеше өңірінде 117 FPV-дронның көмегімен жасалған шабуылдар нәтижесінде “Ресейдің негізгі аэродромдарында тұрған қанатты зымыран тасымалдаушы стратегиялық ұшақтардың 34%”, яғни 43 ұшақ зақымданды немесе жойылды” деп хабарлаған.

Ресейдің Иркутск облысына жасалған дрон шабуылы

Ресейдің Иркутск облысына жасалған дрон шабуылы

Қазіргі таңда анық белгілісі – Мурманск және Иркутск облыстарындағы екі әуе базасында ұшақтар зақымданған немесе жойылған. СБУ хабарламаларында аталған Иванов, Рязань және Амур облыстарындағы аэродромдарға жасалған шабуылдар тойтарылды деп хабарлады Ресей қорғаныс министрлігі.

Мурманск пен Иркутск облыстарындағы әуе базаларына шабуыл жасаған дрондар жүк көліктерінен ұшырылған. Оған куәгерлер түсіріп, желіде тараған көптеген видеодеректер айғақ.

1 маусым, жексенбі күні Мурманск және Иркутск облыстарына шабуыл жасаған дрондар тиелген контейнерлер Челябинск қаласындағы қоймада жиналған болуы мүмкін. Мұндай жорамалды OSINT-мамандарының айтқанына сүйеніп, Baza және Mash telegram-арналары хабарлады. Мамандар украин дереккөздері жариялаған фотосуреттерді зерттеп, Челябинскідегі Свердлов тас жолы бойында соған ұқсас қойма барын анықтаған.

Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) пен Украина қауіпсіздік қызметінің Василий Малюк. 1 маусым, 2025 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) пен Украина қауіпсіздік қызметінің Василий Малюк. 1 маусым, 2025 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің стратегиялық аэродромдарына дрондармен шабуыл жасау – Украина қауіпсіздік қызметінің арнайы операциясы болғанын растады. “Нәтижесі өте керемет болды. Мұны Украина өз күшімен іске асырды. Жоспарлауға кіріскеннен бастап сәтті жүзеге асырғанға дейін бір жыл, алты ай, тоғыз күн өтті. Бұл – ең алыстағы нысанаға соққы берген операциямыз”, – деп жазды Украина президенті СБУ басшысы Василий Малюкпен кездескеннен кейін Telegram парақшасында.

Ресей қорғаныс министрлігі бұл оқиғаны “теракт” деп атады. Ресейлік әскери блогерлердің көпшілігі теория жүзінде мұндай шабуыл Ресейдің ядролық доктринасында жазылған “стратегиялық ядролық күштер нысандарына жасалған шабуылға ядролық қарумен қарымта қайтаруға болады” деген қағидаға сай келеді деп жазды. Алайда әзірге Ресей басшылығы бұл шабуылға байланысты ешқандай ресми реакция білдірген жоқ.

“Жүк көлігімнің ішінен дрондар ұшып шықты”

Ресейлік телеграм-арналар украин FPV-дрондары Челябинск қаласындағы қоймада сақталған, ал оларды тиеген жүк көліктері Челябинск аймағына тиесілі мемлекеттік нөмірлермен тіркелген деп жазды.

Ресейлік құқық қорғау органдарына жақын Baza telegram-арнасының мәліметінше, дрондар автотұрақта тұрған жүк көліктерінен ұшып шыққан. Baza-ның жазуынша, ресейлік тергеушілер жауап алған жүк көлігі жүргізушілерінің бірі – Челябинск тұрғыны, 55 жастағы Александр – көліктің иесі 37 жастағы Артём есімді адам екенін айтқан. Артёмге Мурманск облысындағы бір кәсіпкерден Кольск ауданына төрт құрастырмалы үйді жеткізу туралы тапсырыс түскен.

Бағасын келіскеннен кейін Челябинск тұрғыны әлгі “тауарды” жүк көлігіне тиеп алып, межелі жерге қарай жолға шыққан. Жол бойы оған белгісіз біреу хабарласып, қай жерде тоқтау керегін айтып, жөн сілтеп отырған. Оның соңғы берген нұсқауы – әскери аэродром маңындағы “Роснефть” жанармай құю стансасы жанында тоқта деп айтқан. Дәл сол жерде көлігінен әуеге дрондар ұша бастаған.

Өзге жүк көлігін жүргізушілер де осыған ұқсас оқиғаларды баяндаған. 46 жастағы Сергей есімді жүргізуші Рязань қаласына кірген кезде, жүріп бара жатқан көлігінің төбесі сыпырылып қалып, ішінен дрондар ұша бастағанын айтқан. Құқық қорғау органдары көліктердің “иесін” іздестіріп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, ол – Украина тумасы көрінеді деп жазды ресейлік блогерлер.

“Осторожно, новости” telegram-арнасы Мурманск облысындағы Оленегорск қаласының тұрғындары жарылыстар мен өрт болғанын хабарлады деп жазды. Қаланың іргесінде “Оленья” әскери аэродромы бар. Supernova+ telegram-арнасы кемінде он жарылыс естілген дейді.

Әлеуметтік желілерде ақпарат тарап кеткеннен кейін Мурманск облысының губернаторы Андрей Чибис аймаққа дрондар шабуыл жасағанын растады. Алайда ол шабуылдардың нақты қай жерде және қандай нысандарға жасалғаны жайлы ақпарат бермеді. Шенеунік халықты дрондарға қатысты фото және видеоларды әлеуметтік желіге жүктемеуге және ешкімге жібермеуге үндеді.

Бұл Ресей Украинаға басқыншылық соғысын бастаған 2022 жылдан бері алғаш рет Сібірге жасалған дрон шабуылы болды. Иркутск облысының губернаторы Игорь Кобзевтің айтуынша, Средний кентіндегі әскери бөлім шабуылға ұшыраған.

“Новомальтинск елді мекеніндегі ескі ғимаратқа бір дрон түсті. Дрондардың нақты саны әлі анықталған жоқ”, – деді ол.

Бұған қоса, Кобзев дрондар ұшып шыққан жүк көлігі “бұғатталғанын” хабарлады.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Иркутск облысы Усольск ауданында әуеге түтін көтеріліп жатқаны көрінетін фотосуреттер мен видеолар жарияланған. Ол жерде ресейлік Ту-22М3 бомбалаушы ұшақтары жайғасқан “Белая” әскери аэродромы бар.

Рязань облысының губернаторы Павел Малков та өзі басқаратын өңірге дрондар шабуылдағанын хабарлады. Оның айтуынша, ешкім зардап шекпеген.

Украиналық “Бабель” басылымы өз дереккөздеріне сүйеніп, Украина арнаулы қызметтері 40-тан астам ресейлік әскери ұшақты (арасында А-50, Ту-95 және Ту-22М3 бар) жоюды көздеген “Өрмек” операциясын іске асырды деп хабарлады.

Журналистер бірнеше видео да жариялады. Солардың бірінде Иркутск облысындағы “Белая” әскери аэродромына дрон шабуылы жасалған сәт деп көрсетілген бейнежазба бар.

Кейінірек “Бабель” басылымының Украина қауіпсіздік қызметіндегі дереккөздері украин дрондары Ресейдегі төрт әскери нысанды – “Белая”, “Дягилево”, “Оленья” және “Иваново” аэродромдарына шабуыл жасағанын растаған.

Дереккөздердің айтуынша, Украина арнаулы қызметтері Ресей әскери аэродромдарына шабуыл жасау операциясына бір жарым жыл бойы дайындалған. Оны Украина президенті Владимир Зеленскийдің өзі тікелей қадағалаған, ал операцияны Украина қауіпсіздік қызметінің басшысы Василий Малюк пен оның қоластындағы қызметкерлер жүзеге асырған.

Алдымен Ресейге дрондарды, одан соң арнаулы контейнерлерді жеткізген. Кейінірек сол контейнерлерге дрондарды жасырып орналастырған. Ал контейнерлер қақпағын ашуды және ішіне жасырылған дрондарды ұшыруды қашықтан басқарған.

Украина арнаулы қызметі “жиынтығы 41 ресейлік ұшаққа шабуыл жасалды, бұл операцияға қатысқан адамдар қазір Украинада” деп хабарлады.

Axios басылымы аты-жөні аталмаған украин шенеунігінің сөзіне сүйеніп, Украина бұл операция жөнінде АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігін алдын ала хабардар еткен деп жазды. Ал CBS News дереккөздері болса, Ақ үй бұл шабуылдан хабарсыз болған деп айтқан.

Азаттық радиосы

Related Articles

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

  • Си Цзиньпиннің қытай әскери басшылығын “тазалауы” нені білдіреді?

    Си Цзиньпиннің қытай әскери басшылығын “тазалауы” нені білдіреді?

    Рид СТЭНДИШ Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) елге сапармен келген қытай генералы Чжан Юсямен қол алысып тұр. 2017 жыл. Өткен аптаның аяғында Қытайдың Орталық әскери комиссиясы төрағасының орынбасары қызметінен әрі Қытай коммунистік партиясы саяси бюросының мүшелігінен босатылды. Әскери басшылықтағы мұндай жоғары шенді тұлғаның орнынан алынуы Пекиннің Тайваньға қатысты жоспарына, АҚШ-пен бәсекесіне және аймақтағы тұрақты ойыншы ретіндегі рөліне қатысты бірқатар сұрақ туғызып отыр. 24 қаңтар күні Пекин қызметтен босатылған генерал Чжан Юся (Қытай басшысы Си Цзиньпиннің көп жылдан бергі сенімді серігі болған) тергеуге алынды деп хабарлады. Тосын шешімнен кейін Си Цзиньпин әскери басшылық шыңында жалғыз өзі қалды. Қытайды зерттеуші сарапшылар мұның билік сабақтастығына елеулі салдары болады дейді. Ал Пекиннің серіктестері

  • Tridon Mk2 зениттік қондырғы

    Tridon Mk2 зениттік қондырғы

    Швеция мен Дания Украинаға арнап британ-швед өндірісіндегі заманауи Tridon Mk2 зениттік қондырғыларын сатып алуға бірігіп кірісті. Кешен әсіресе жақын қашықтықта ұшатын ирандық «Шахед» дрондарына қарсы ең тиімді қарудың бірі. Қазіргі уақытта Tridon Mk2 өз класындағы ең озық әуе шабуылына қарсы жүйе саналады. Tridon Mk2 зениттік қондырғысының басты ерекшелігі атыс қарқыны. Ол минутына 300 оққа дейін жаудыра алады. Осылайша әуе кеңістігіне енетін шағын дрондардың көзін жылдам әрі дәл жоюға мүмкіндік туады. Тағы бір артықшылығы атылатын 40-мм снарядтардың құны небәрі 27 долларды құрайды. Экономикалық тұрғыдан тиімді екенін дәлелдейді. Қару-жарақ саласындағы мамандар Украинадағы әскери қақтығыстарды ескере отырып, арзан әрі тиімді әуе қорғанысы қаруына сұраныс жоғары екенін айтады. Tridon Mk2 жүйесінде қолданылатын арнайы британдық

  • Келешекте қай салаларды дамыту керек?

    Келешекте қай салаларды дамыту керек?

    Инвестордан артық қатаң реалист жоқ қой. Ол салған ақшасы өзіне еселеп қайтуы үшін тек перспективасы мол, келешегі жарқын салаларды таңдайды. JPMorganChase АҚШ-тағы, әлемдегі ең ірі банктің бірі ретінде алдағы 10 жылда 1,5 трлн доллар инвестиция құятынын қараша айында жариялады. Сөйтіп, негізгі 4 бағытты таңдаған. Олар ары қарай 27 салаға бөлінеді: – Озық технология: робототехника, фармакология, аса маңызды минералдар – Қорғаныс, аэроғарыш өндірісі: байланыстың жаңа буыны, мүлде жаңа дрондар – Энергетикалық тәуелсіздік: күн, атом, жаңа батареялар – Стратегиялық технология: ЖИ, киберқауіпсіздік, кванттық есептеу Арғы жағындағы 27 саланы оқысаң, мына банк әлемдік соғысқа дайындалып жатқан сияқты көрінеді. Себебі гипердыбыстағы ракета, 6G байланыс, ғарыш, адамсыз технология деп кете береді. Энергия көздерінің түр-түрі. Екінші

  • Зеленский Уиткофф және Кушнермен “мазмұнды әңгіме” болғанын айтты

    Зеленский Уиткофф және Кушнермен “мазмұнды әңгіме” болғанын айтты

    Владимир Зеленский  Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткофф және Трамптың күйеубаласы Джаред Кушнермен телефонмен “мәнді әрі конструктивті” әңгімелескенін хабарлады. Уиткофф пен Кушнер 2 желтоқсанда Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен. “Біз көптеген аспектіге назар аудардық және қантөгісті тоқтатып, Ресейдің үшінші рет басып кіру қаупін жоюға кепілдік беретін маңызды жайттарды, сонымен бірге Ресейдің өткен жолғыдай уәдесін орындамау қаупі сияқты нәрселерді талқыладық” деді Зеленский. Әңгімеге сонымен бірге қазір АҚШ-та жүрген Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров, қарулы штабтың бастығы Андрей Гнатов қатысқан. Axios дерегінше, әңгіме екі сағатқа созылған. Келіссөздерден хабары бар дереккөздің айтуынша, Уиткофф пен Кушнер екі жақтың да талаптарын жинап жатыр және Путинді де, Зеленскийді де

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: