Елімізде Алматы халқы жаңа такси ашып, ал Шымкент халқы өзбек көршісімен бірге кешкі матчты тамашалайын деп отырғанда қазақ үмітін арқалаған Airbus моторын дүрілдетіп, Брюссельге ұшып кеткен болатын. Президент Тоқаев геосаяси қақтығыстар, сауда соғыстары, санкциялық қысым мен логистикалық тәуекелдер күшейіп жатқан бұл заманда Қазақстанның инвестиция үшін ең тыныш айлақ екенін тағы бір еске салу үшін бара жатқаны анық. Тура осы сапар алдында Fitch Қазақстанның ВВВ рейтингін растап, мықты аргументті қалтамызға салып жіберді. Брюссель Еуропа капиталының сөресі екенін білеміз. Сол сөреде жатқан миллиард еуро инвестицияға біз қол салғанда, бастысы ешкім “тәйт” демеуі керек.
Сондықтан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгия Премьер-министрі Барт де Вевермен кездесуі жай ғана дипломатиялық протокол емес. Бұл Қазақстанның Еуропадағы экономикалық позициясын күшейтетін маңызды саяси сигнал.
Бельгия көлемі жағынан шағын мемлекет болғанымен, Еуропаның қаржылық және логистикалық орталықтарының бірі саналады. Әлемдегі ең ірі порттардың бірі – Антверпен дәл осы елде орналасқан. Еуропалық Одақтың көптеген экономикалық және қаржылық шешімдеріне бельгиялық бизнес пен институттардың ықпалы жоғары.
Президент Тоқаевтың айтуынша, соңғы жиырма жылда Бельгиядан Қазақстан экономикасына тартылған тікелей инвестициялар көлемі 15 миллиард доллардан асқан. Бұл өте қомақты көрсеткіш. Бельгия Қазақстандағы ең ірі он инвестор елдің қатарына кіреді.
Бір қарағанда, екі ел арасындағы сауда айналымы аса үлкен емес сияқты көрінуі мүмкін. Былтырғы көрсеткіш 580 миллион доллардан асты. Бірақ мұнда басты мәселе көлемде емес. Маңыздысы, Бельгия Қазақстанды ұзақ мерзімді серіктес ретінде қарастыруын жалғастырып отыр.
Бүгінде елімізде бельгиялық капиталдың қатысуымен құрылған 110-нан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы жылдары Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілді. Еуропа үшін Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономика және маңызды шикізат жеткізушісі болып отыр. Әсіресе сирек кездесетін металдар, жасыл энергетика, көлік дәліздері мен өңдеу өнеркәсібі бағыттарында қызығушылық артып келеді.
Бұл жерде Бельгияның рөлі ерекше. Себебі Еуропаға бағытталған көптеген логистикалық тізбектер дәл осы ел арқылы өтеді. Сондықтан Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуы бельгиялық бизнес үшін де маңызды.
Тағы бір назар аударатын жайт – бүгінде Еуропа өндірісті Қытайдан толық әкетпесе де, жеткізу тізбектерін әртараптандыруға белсенді кірісті. Осындай жағдайда Қазақстан жаңа өндірістер мен инвестицияларды тартатын алаңға айнала алады. Оның үстіне еліміз Еуропа мен Азия арасындағы табиғи көпір қызметін атқарып отыр.
Президент Тоқаев пен Барт де Вевердің кездесуі осы тұрғыдан алғанда болашаққа жасалған инвестиция деуге болады. Себебі халықаралық капитал ең алдымен саяси тұрақтылыққа, болжамды саясатқа және сенімді әріптестікке келеді. Ал Бельгияның Қазақстанға қызығушылығы сақталып қана қоймай, жаңа бағыттар бойынша кеңейіп жатқаны еліміздің инвестициялық тартымдылығы әлі де жоғары екенін көрсетеді.
Қарапайым тілмен айтқанда, Еуропа Қазақстанға ақша салуды жалғастырып жатыр. Бұл біздің экономика үшін жақсы жаңалық.
Айбар Олжаев

Пікір қалдыру