Өткен жексенбіде, анығында 21 маусым күні көне құрлық – Еуропаның кіндігіндегі сонау Чехияның Карловы Варға табанымыз тиген еді. Алысқа сапарлауға қазақтың классик жазушысы Мұхтар Мағауин себеп болды. Жазушының балалары биыл ақпанда 75-ке толған әкелерінің мерейтойын атап өтуге ұйғарыпты. Мұхтар ағамыз ең жақын құрдастарын, адал достарын, шынайы шәкірттерін, бір сөзбен айтқанда, көңіл жетер рухани жақындарын шақырыпты. Солардың ішінде мен де болдым. Карловы Вары шипажайынан әрі ем алып, әрі жазушымен дидарластық. Суы ем, ауасы дәрі курортта, сондағы үйінде М.Мағауинмен әңгімелесіп, қысқа қайырым сұхбаттасудың сәті түскен. Соны назарларыңызға ұсынып отырмын.
*** *** ***
– Мұхтар аға, мың сан оқырмандарыңыздың, оның ішінде Сіздің шығармашылығыңызға аса пейілді қарағандылық жанашырларыңыздың көкейінде бір сауал. «Шыңғысхан» қашан тәмамдалады? Сізбен жақын аралас-құралас болған соң, жолға шығарда оқырмандарыңыз осы сауалды алдыма өңгертіп жіберген еді.
– Қалам ұстағалы көп дүние жазылды. Көлемі жағынан да, көркемдігі жағынан да бәрінен мойыны озық тұрған «Аласапыран» бұлай қиынға түспеген еді. Ауыр болғаны – жиналған, екшелген материал ұшан-теңіз. Бәрі керек. Соның ішінен ең қажетін алу керек. «Шыңғысханды» жазуға кіріскенімде машинкаға басылған алғашқы тарауларының бірін Прагада көргенсің. Сонда Шыңғысханның, оның алдындағы дәуірлерде ғұмыр кешкен ежелгі қазақ руларын түгелдеуге ғана 7-8 ай уақытым кеткенін өзің жаздың осыдан 6 жыл бұрын. Алла жазса, жыл аяғына қарай төртінші – соңғы томы қолдарыңа тиеді. Екі тарауы ғана қалды.
– Құпия болмаса, төрт том қалай тиянақталады?
– Шыңғысханның қайтыс болуымен, Өкетайдың (Үкітай) ұлы қаған тағына отыруымен, бес тарапқа әскер жіберуімен, оның ішінде корейлерге, Үндістанға, басқа аймақтарға әскер аттандырып, жиһангер әке жолын жалғастырып, алып империяны одан әрі нығайтқан оқиғалармен түйінделеді.
– Бір әңгімеңізде «Алтын орданы» жазам» деген едіңіз. Бату ханнан бастап, Кенесарымен аяқтайсыз ба?
– «Шыңғысханнан» кейін біршама дем алам. Алла алқап, бабалар рухы қолдаса, екі том деп жобалап отырмын.
Бұл шығармам Қазақ хандығына дейінгі уақытты қамтиды. Қазақ хандығы «Қазақ тарихының әліппесі» еңбегімде жазылған. Оған дейін толық шығармаларымның 22 томын Америкада шығару ойымда бар.
– Мұхтар аға, «Аласапыранды» жазып жүргеніңізде ара-арасында әңгімелерге қалам сілтегеніңізді білеміз.
– «Шыңғысханды» жазу барысында ойымды, уақытымды бөлмедім. Негізі, әңгіме жазу хикаят, роман жазудан қиын. Жалпы қысқа дүние жазу оңай емес. Көп жұрт әңгіме жазудың асқан шеберлері Мопассан мен Чеховты қатар бағалайды. Маған Мопассан ұнайды. Чеховыңыз да осал емес. Мопассан адам тағдырын керемет суреттесе, Чехов адам мінезін бейнелеуде алдына жан салмайды. Өзіңнің жаңа ғана жарық көрген «Құбылыс» кітабыңдағы Ойтамызықта Чеховтың «Злоумышленник» әңгімесін пайдаланыпсың. Өте орынды. Орыс мұжығының топас мінезін қалай суреттейді Чеховыңыз сол шығармасында. Енді бұлардың қатарына Акутагава мен Моэм Сомерсетті қосыңыз.
Біздің кезімізде советтік цензураның қылышынан қан тамды. Шығармаң ауымен құс тістеген дүлдүл болса да, коммунистік-бәлшебектік саясатқа бір сөзі кереғар келсе, туындың ту-талақай талқандалып, қысқарып, ойылып тасталады. Тіпті, баспадан мүлде жарық көрмей қалуы мүмкін. Содан ойыңды астарлап беру сияқты әдістерге көп бардым. «Аласапыранды» айтпағанда, «Көк мұнар» жамандалып, «Тазының өлімі» сияқты шығармаларыма бойкот жарияланып, тырс еткен пікір айтылмай жүргенде «Бір атаның балалары» повесімді бәлшебектік насихат ал кеп мақтасын. Сыйлық та алдым. Көбі аңдамады. Сол шығармада баланы түсінде фашист самолеті қуады. Ол қызыл жұлдызға айналып, әкесі болып бетінен сүйіп жатып, фашистік свастикаға ауысып, жалғыз көзді жалмауызға айналады. Ешкім, әсіресе, советтік цензура мұны байқамай қалды. Әңгіме жазудың осындай машақаттары бар.
– Әңгіме жазудың осы төрт тарланына үзеңгілестіре өзіңізді бесінші етіп қоссақ, қазақтың тақиясына тар келмес деп ойлаймын.
– Мұны ойлы оқырман солай ойласа құба-құп. Негізі мен шығармашылығымда өз орнымды, өз биігімді білемін. Қай деңгейде, қай тұста келе жатқанымды түйсінемін. Менің әңгімелерімнің өзі толық үш том болып тұр. Бестің бірі екеніме кәміл сенемін (күлді). Ал бағалану, танылу келешек күндер үлесінде.
– Мұхтар аға, «Орталық Қазақстан» газетіне деген ықыласыңыз осы басылымда Асан Жұмаділдин ағамыздың «Тазының өлімі» повесіңізге жазған пікірінен басталғанын бұрын жазғанмын. Газет арқылы осындағы оқырман қауыммен байланысыңыздың алтын арқауы содан бері күні бүгінге дейін үзілмей келеді. Газет бетінде оқырмандарыңызға сәлеміңізді жеткізер едім.
– Рас, «Орталық Қазақстанда» «Шыңғысханнан» үзінділер, басқа да шығармаларым кітап болып басылмай жатып, жарияланып келеді. Өзім туралы да қалам сілтеп қоясың. Рухани тамырларың құнарлы топырақтан нәр алып отыр ғой. Әріге бармай-ақ, Алаш арыстарының Арқа төсінде өмірге келіп, қазақ үшін өмірлерін сарп еткенін айтсам, жетіп жатыр емес пе? Сол арыстар салған сара жолдан адаспай бүгінге жеткен әдеби, рухани, мәдени орталарыңа разымын. Қарағандыда «М.Мағауиннің шығармаларында қазақ мүддесі» деген тақырыпта талқылауды тәптәуір өткізіпті жастар. Қасымның 100 жылдық тойын дүркіретіп өткізіпсіңдер. «Сарыарқа кітапханасы» бойынша қарағандылық қаламгерлердің 100 томдығын шығаруларыңыз – мәдени өмірдегі үлкен олжа. Соның бәрі талантты ақын бауырым Серік Ақсұңқарұлы бастап, «Орталық Қазақстан» газеті қостап ұйытқы болып отырғанына дән ризамын. Биылғы менің мерейтойыма арналған «Қазақ әдебиеті» газетіндегі мақалалардың ішінен Жансая Жарылғапов деген жастың пікірі бәрінен оқшау көрінді. Осы аяқ алысынан-ақ, мықты әдебиеттанушының екпіні байқалады. Мирас баламның «Қыпшақ аруы» өлеңі көңіліме қонды. Жалпы осы үрдісті үдете беру керек.
Бағана «әңгіме жаздыңыз ба?» деп сұрап қалдың ғой. Көмейіңде бұғып жатқан бұйымтайыңды сездім. Өз әкем Мұқан Әлімхан Ермековпен бірге лагерьде бір камерада отырған. Сол туралы жазып, газетіңе салып жіберемін.
Келе жатқан Баспасөз күндеріңмен құттықтаймын. Бәріңді кең құшағыма алдым. Қазақтың рухы асқақтай берсін.
P.S. Жазушы ағамызды осыдан бұрынғы мақаламда оң мен солын таныған күннен Құбылысқа айналған деп жазғам («Егемен Қазақстан», 20 ақпан, 2015 жыл, «Орталық Қазақстан», 21 ақпан, 2015 жыл). Сол сөзім – сөз. Бұйыртса алдағы күндері М.Мағауинмен басқа тараптағы әңгіме-дүкенімді асықпай жазып, назарларыңызға ұсынамын, құрметті оқырман!
Мағауия СЕМБАЙ.
Қарағанды-Карловы Вары-Қарағанды.
Abai.kz
Пікір қалдыру