Газетіміздің №23, 11 маусым күнгі санында журналист Заңғар Кәрімханның «Бандит» атанған қазақтар» деген мақаласы жарияланған еді. Соған орай редакция поштасына бірнеше үнқосулар келіп түсті. Солардың бірінде хат иесі өзін «Айқын Азатұлы» деп атапты. Бұл хат лақап атпен жазылса да, біз онда айтылған жәйттер тиісті мемлекеттік органдар мен оқырман қауымға қызығушылық тудыруы мүмкін деген оймен оны ықшамдап жариялап отырмыз.
***
Құрметті редакция! Мен – сіздердің тұрақты оқырмандарыңызбын, газетті сонау 1998 жылғы «ДАТ»-тан бастап, бірде-бір нөмірлеріңізді үзбей оқып тұрамын. Мынау хатта көрсетілген кейбір жағдаяттарды кезінде «Тасжарған» газетіне де берген едім. Енді сол жағдайларды толықтырып, «ДАТ»-қа қайтадан жолдап отырмын.
Шынымды айтсам, кезінде бұл ақпаратты толықтай жария ете алмадым, өйткені ол кезде мен «КНБ»-да (ҰҚК – Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті – Ред.) қызмет атқарушы едім. Ұзамай ҰҚК органдарына Рахат Әлиев келісімен, талай жыл қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар қуыла бастады. Солардың ішінде мен де бармын. Ал комитет құрамын ауыздарынан ана сүті кетпеген, ешбір тәжірибесіз, үлбіреген «сары ауыз» жас балалар толықтырды.
Енді, міне, Рахат Әлиев Венада «асылып өлді» деген хабардан соң, мен осы хатты жазуға бел будым. Ондағы мақсатым – өз көзіммен көрген-білгендерімді сіздермен бірге бөлісейін деген ой. Себебі кезінде менің де Рахат пен арнайы қызметтердің бірінде басшы болып отырған оның «жоғары жақтағы шатырының» тепкісін талай рет көріп, күйзеліске түскен шақтарым болған.
Мен арнайы қызметтен кетсем де, офицер ретінде ант берген адаммын. Сондықтан органның қызметі мен құпиясына байланысты жағдайларды жаза алмаймын. Антты бұзуға болмайды. Ал газет бетінде жарияланған «Бандит» атанған қазақтар» деген мақалаға орай өзім куә болған жағдайды жазбауға болмас деген ойға келдім. Себебі бұл қазақ халқының мүддесіне байланысты мәселе еді.
1996 жылы арнайы қызмет басшыларының бірі Сергей Т. бізге – бірнеше офицерге «бір объектіні құрту» үшін нақты тапсырма берді. Оқиға Испанияда болды. Ол кезде ел арасына «Сары Алмас» деген атпен танылған Несіпбай Нәсенов елден қашып, баскілер елінен баспана тауып, сол жерде жүрген. «КНБ» төрағасының орынбасары Рахат Әлиевтің тапсырмасы деп, тікелей басшымыз Сергей Т. бізді «Сары Алмастың» артынан қуғыншы ретінде жіберді.
Бірақ Испанияда полковник О. басқаратын тағы бір топ бар болып шықты. Сондықтан біз «Сары Алмасты» жою операциясына тікелей қатыса алмадық. Тек негізгі топты «қалқалаушы» рөл атқардық.
Біз «Сары Алмастың» қайда жасырынып жүргенін дипломатиялық арна арқылы қызмет ететін агенттердің көмегімен анықтадық. Ал полковник О. басқарған топ ыңғайы келген сәтте оны қапыда қолға түсірді. Біз «объектіні» сырттан торушы топтың рөлін атқардық. Кейін полковник О.-ның тобында болған жігіттерден білгеніміздей, «Сары Алмастың» басына полиэтилен пакет кигізіп, тұншықтырып өлтіреді де, сенімділік үшін бір рет басынан атады.
Ал кейіннен бұл топты кімдердің ұстап алғаны маған белгісіз: испандық полицейлер ме, әлде басқа қызмет орындары ма? Менің ойымша, олардың «Сары Алмастан» «кек қайтарушы» бандиттер ретінде қолға түсуіне «КНБ» басшылығы мүдделі болған сияқты. Олай болмаған жағдайда бөтен елде арнайы операция жасау фактісі халықаралық скандал тудырар еді. Сондықтан Рахат Әлиев полковник О.-ның тобын құрбандыққа шалған сияқты.
Арада аз ғана уақыт өткенде бұл мәселе Назарбаевқа белгілі болды. Мүмкін, «Сары Алмасты» құрту операциясы туралы президент алдын ала хабардар болған шығар – ол жағы да маған белгісіз. Ақыры президенттің тікелей араласуымен бұл іс тып-тыныш жабылды.
Ал «Сары Алмасты» Испанияға қуып барып, өлтіру неге қажет болды? Себебі ол ел ішінде өте беделді авторитет еді. Мемлекеттік және үкіметтік орындар шеше алмаған кейбір ішкі кикілжіңдер мен мәселелерді «Сары Алмас» жалғыз өзі шешетін. Сондықтан билік басына ондай беделді авторитеттің болғаны қажет емес еді. Егер «Сары Алмас» өз нөкерлерін көтерер болса, оның соңынан халық еріп, мемлекеттік төңкеріс жасауы да мүмкін деп болжанды.
Оның үстіне «Сары Алмастың» өзі шетелге қашып кетуге мәжбүр болса да, ол жетекшілік еткен топтар ел ішінде еркін әрекет етіп жүрген еді. Бір жағынан, осы топтар Рахат Әлиев басқарған мемлекеттік рэкеттің қызметіне кедергі болды. Рахат тартып алмақ болған әлдебір бизнес нысандарының иесі «Сары Алмастың» көмегіне сүйенетін. Оның тікелей араласуымен талай қазақ кәсіпкерлері өз бизнестерін сақтап қалғаны бүгінде көпшілікке белгілі болса керек.
Мәселен, бірде біздің арнайы топ Ұ. деген бизнесменнің шырын құятын цехын тартып алу операциясына қатыстық. Ол операцияда болған барлық қызметкерлер Рахаттың әрекеті заңсыз екенін білдік, бірақ бұйрықты орындамауға болмайтын еді. Біз «маска-шоу» жасап, көрсетілген нысан ішінде тұрған кезімізде, Ұ.-ның шақыруымен «Сары Алмас» бастаған 5–6 жігіт келді. Сонда «Сары Алмас» біздің топтың жетекшісіне былай деп айтты: «Бейкүнә адамға қиянат жасамаңдар, егер райларыңнан қайтпайтын болсаңдар, біз Рахатқа қарсы «соғыс» ашамыз. Егер осы цех оған сондайлық қажет болып тұрса, өзіндік құнын төлесін. Мен бұл жағдайды өз бақылауымда ұстаймын, бастықтарыңа осыны айтып барыңдар!».
Осыны айтты да, «Сары Алмас» нөкерлерін ертіп кете барды. Жағдайдың осылай болғанын, іске «Сары Алмас» араласқанын біз басшылыққа қаз-қалпында жеткіздік. Осыдан соң арада бір күн өтпей, мені тікелей басшым Сергей Т. шақырып алды да, қолыма полиэтилен пакетіне салынған үлкен түйіншек ұсынды. «Осыны бизнесмен Ұ.-ға апарып бер, цехты босатсын!» – деді.
Мен бастығымның тапсырмасын айтқанындай орындадым. Цех иесі Ұ. пакетті ашып, ішіндегі ақшаны санағанда, оның 250 мың дойче-марка екенін көрдім. Әрине, ол бұл сомаға разы болған жоқ. «Менің шығыным 900 мың еді…» – деді. Бірақ сол күні-ақ шырын цехының меншік иесін Рахат Әлиев айтқан басқа адамның атына ауыстырып берді.
Міне, осы оқиғалар туралы шындықты айту – менің азаматтық борышым деп санаймын. Оларды жасырып қалу – Несіпбай марқұмның аруағына қиянат болар еді…
Айқын АЗАТҰЛЫ
“D”
Пікір қалдыру