|  |  | 

Руханият Тұлғалар

ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНЫҢ БЕЙРЕСМИ КӨШБАСШЫСЫ БОЛҒАН ТҰЛҒА

Таласбек Әсемқұлов арамызда болса, бұл күндері алпыс бір жасқа толар еді…

 

 Өнерді  мұрат тұта отырып,  бар бол­мысын, бүкіл саналы ғұмырын шын мәнісінде ұлтына қалтқысыз қызмет етуге арнап өткен Тұлғалар санаулы. Сол санаулылардың бірі – Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ. Өнерді өзінің дара жолы етіп таңдаған тұлға. Жазушы, сыншы, аудармашы, кинодраматург,  мәдениет­танушы, өнертанушы, үл­кен мектеп көрген күйші-домбы­рашы, ұлттық өнердің тамыршысы,   ойшыл,  білімдар.

Ұлттық топырағы мықты, өмір бойы өзін-өзі баптап, тәрбиелеген, халық даналығы мен бүкіл жеті ғаламның  білім-ілімін бойына жинаған және жинағанының бәрін кәдеге жаратып, Ұлтына, туған халқына қызмет ету­дің биік үлгісін көрсетіп  өткен,  хал­қын сүйетін, тарихын, өнерін қастер­лейтін,  білімге құштар әрбір жас пен жасамыстың досы болған үлкен Тұлға.  Тәуелсіз еліміздің, мемле­кеті­міздің рухани байлығы.

Әлімсақтан белгілі: ұлтты, этносты өзгеден ерек танытатын – мәдениеті, оның ішінде әдебиеті, өнері, салт-дәстүрі. Осы арқылы ұлттың дүниетаным, өмір сезімі танылады, ділі, болмысы танылады. Т.Әсемқұловтың әдебиет, музыка, бей­нелеу, кино, дәстүрлі өнер, тарих, этно­графия, мифология салаларындағы шығар­малары, яғни,  жан-жақты да көп қырлы шығармашылығы –ұлттың өзін-өзі жете тануы, терең зерделеуі, рухани түлеуіне бастайды. Өнерді, мәдениетті және осылар арқылы қоғамда да  өтіп жатқан үдерістерді түсініп-пайымдауға үлкен үлес қосады.

Т.Әсемқұлов ұлттық бастаудан қанып ішкен, дәстүрдің өзінен шыққан, сондықтан да ой жүлгесі орнықты,  тілі бай да көркем,  қоғамы мен уақытына сергек  суреткер.Оның 80-жылдардағы алғашқы әңгіме-повестерінен бастап, жаңа ғасырда жазылған, негізгі кейіпкерлері Сабыт күйші мен немересі Әжігерей болып келетін «Талтүс» повесі, өкінішке  қарай, аяқталмаған «Тәттімбет сері» романы,  «Біржан сал», «Тұмар падиша», «Құнан­бай», «Көкбалақтың өлімі», «Жезтырнақ» киноромандары  бүгінгі қазақ прозасының өзіндік бір ерекше жүлгесін танытады.

Таласбек өмір-тіршілікті тым жақсы білген, өмірлік те, өнерлік те білімі мен тәжірибесі бай жазушы болғандықтан да  шығармаларының барлығында дерлік оқырмандары үшін  бейтаныс кеңістіктер ашылады. Бұл кеңістіктер, әсіресе, өнер, оның ішінде дәстүрлі өнер, тарих, этнография, мифология салаларындағы еңбектерінде  ауқымдана түседі. Оны өз ұлтының тағдырын әлемдік өркениетпен бір аяда қарастыра отырып, ұлттық бейресми тарихымыздағы көптеген ақтаңдақтарды ашқан, баламалы нұсқалар ұсынған  үлкен тарихшы деуге болады. Оның көркем шы­ғар­ма­ларын былай қойғанда, әлемдік өркениеттер туралы эсселері;  әлемдік тарихтан жазған  Мысыр пирамидалары, тамплиерлер туралы, Бабылдың күйреуі туралы, Сион пайғам­барларының протоколдары; Томирис – Тұмар падиша туралы,  сақтар мен парсылар, қаңлылар тарихы туралы;  Қондыгер, Кет-Бұға, Шыңғысхан туралы, сондай-ақ, қазақ бастан кешкен небір нәубеттердің – ашаршылық пен соғыстардың түп тарихтары туралы, тағы да басқа көптеген  мақала, зерттеу, эсселері жалпы қазақ  тарихында алғаш рет соны қырынан қозғалып, жазылған тақырыптар.  Жазушының прозасында,  көркем эссе­лерінде  кейінгі қазақ тарихы – Абылай хан, Құнанбай, Абай, Біржан, Тәттімбет, Сүгір, Байжігіт, тағы да басқа көптеген өнерпаздар тұлғаланып шықты.

Дәулескер домбырашы, қазақ әні мен күйінің білгірі,   дәстүрлі өнер тәжірибесі мен теориясын тел алып жүрген өнер иесі Т.Әсемқұлов шығарма­шылығының үлкен бір саласы – өнер­танушылық зерттеулері. Бұл зерттеулері дәстүрлі өнер, қазақ ән-күйінің  көмескілене бастаған ұғым-танымдарын жарқырата өмірге оралтады, оқырман-тыңдарманын ұлттық қағыс, ырғақ, бояу-реңктерге  оралтады. Бұл  тұста, жалпы, Таласбектің жадында сақтай білу феномені ерекше болғанын айту керек. Ол жазба әдебиеттің көрнекті өкілі бола тұра, қазақтың ауызекі әңгіме дәстүрін қатты ұстанғаны, құймақұлақтығы шығар­ма­шылығында үлкен нәтиже берді. Байжұма күйлерін бүгінге жеткізген, байырғы музыкалық терминологияны жаңғыртқан, өзі де домбыра жасаушы шебер оның бұл саладағы орасан еңбегі дәстүрлі өнердің зерттеушісі ғана емес, тікелей мұрагері-жалғасы болуымен де қымбат.

Жалпы,  Таласбек шығармашы­лығы­ның даралығы – оның қай саладағы еңбек­терінде де   ғылыми негізділік және еркін сұхбаттастық қатар өріліп отыратындығы екенін қадап айтуымыз керек. Қай тақырыпта, қай салада жазса да тізгін бермес тұлпардай жүйткіген оның жазуын­дағы тағы бір ерекшелігі – балаға да, данаға да түсінікті қарапайымдылығында. Нұрлы білімімен қатар заманға сай ойшыл­дығында. Бүгінгі заманның мәдени-рухани ахуалын зерде­лей, конструкциялай білетін жаңашыл­дығында. Яғни,  жаңа мағыналар тудыра алғандығында.  Сондықтан да оның жазғандары ыждағатпен оқыған жанға пайдалы білім көзі. Кім-кіммен де білім, парасат-пайымына сай сөйлесіп, пікір­лескен  Т. Әсемқұловтың сұхбаттары да ойға дертіп тұра­ды. Туған халқының жақсысына сүйініп, жаманына күйініп, мүмкін кейде ащылау да айтқан, жазған  тұстары бар, бірақ, бұл өмірдегі  және өнердегі биік өлшемдерге деген адалдығынан туындады.

Т.Әсемқұлов өнерде өмір кешу, өнермен өмір кешу салты, таным-талғам, дәстүр және жаңашылдық, этика мен эстетика жазықтықтарында үнемі кеңінен ой толғап отырды. Өмірдегі және өнердегі ұстанымдары, ізденіс, өсу-жетілу жолдары Таласбектің  өзі «ұлы ұстазым» деп таныған, қазақ руханиятының көрнекті тұлғасы – дәстүршіл де жаңашыл көркем шығармаларымен, асқан білімдарлығы, терең парасаты, ұлтжандылығымен  халқына қалтқысыз қызмет етіп өткен Асқар Сүлейменов туралы «Кемеңгер өмірінен бір үзік сыр» атты төрт эссесінде жақсы жүлгеленеді. Кезінде «Алматы ақшамында» жарияланып, қалың көпшілік ықыластана оқыған осы эсселер – асқар­танудың  ерекше бір үлгісі. Және жалпы қазақ әдебиетінде тап мұндай формада жазылған эссе,  осынша демо­кратиялық та, элитарлық деңгейде тал­данған суреткер болмаған шығар. «Ке­меңгер өмірінен бір үзік сыр»  – Талас­бектің ұстазына деген ерекше сағыныш-ілтипаты ғана емес, өзінің кейінгі ұрпаққа айтып кеткен өсиеті де сияқты сезіледі.

Т.Әсемқұлов әдебиет пен өнерге өткен ғасырдың 80-жылдары келгенімен, шығармашылығының дәуірлеу кезеңі осы ғасырда басталып, есімі мен өнері соңғы оншақты жылда дүйім қазаққа белгілі болды. Бұл, бір есептен, еліміз Тәуел­сіздігімен – рухани-ақпараттық кеңісті­гімізге  Қазақ елінің алғашқы бейресми де мазмұнды басылымы «Алтын Орда» апталығының шығуына байланысты еді.Таласбек талантының көзін ашқан, жазғандарын қалың қазаққа паш етіп, бір үтірін де қалдырмай  жариялап, құлашын кеңге жайғызған – кезінде осы «Алтын Орда» апталығында Бас редакторлық еткен Мейірхан Ақдәулетұлындай білім­дар аға-дос тұлға болды. Сәл кейініректе осы апталықта басшылық жасаған талантты, рухтас іні-досы Дәурен Қуат, содан кейін Ұлттық кітапханада Бас директор болып тұрған кезінде бірнеше жыл жарық көрген «Айт» журна­лының шығуына қолдау көрсеткен  қазақтың білімдар, дана ұлы Мұрат Әуезов, соңғы бес-алты жылда бүкіл жазған­дарын жарқыратып «Алматы ақшамында» жұртқа таныт­қан Қали Сәрсенбайдай Бас редактор, білікті замандасы екенін айтпасқа болмайды. Жақсы аға демекші, өмірінің соңғы оншақты жылында Досхан Жолжақ­сыновтай аға-досқа жолығып, рухани қуанышқа кенелді, өзі үшін жаңа бір салада қыруар еңбек жасады.

Таласбек қай салада еңбек етсін – алған нысанын, материалының өзін, айналадағы контексін бүге-шігесіне дейін зерттейтін, сонсоң өзінің ұшқыр суреткерлік қиялына,  парасатты көркем сөзге жүгінетін. Өнердегі биік өлшем дегенде – оның өмірінің соңғы кезеңіндегі қазақтың көркем киносы саласындағы еңбектері аталуы керек. Оның киноромандарының біразын жоғарыда атап өттік. Ал, Т.Әсемқұлов сценарийлері негізінде режиссер Д.Жол­жақсынов түсірген «Біржан сал» қазақтың өзін өзімен табыстырған, ұмыт болып бара жатқан жадысын оятып, халық ретіндегі мәртебе мақтанышын танытатын; «Құнанбай» фильмі ұлттық  тарихтағы тұлғаның орны мен рөлін жаңаша зерделеген көркем фильм болып, ұлттық киномызға олжа салды.

Таласбек «Тұмар падиша» сценарийі бойынша голливудтық «Александр», «Гладиатор»  сияқты  фильм түсірілсе деп қатты армандаушы еді… Осы тұста тағы бір өкінішімізді айтпай қала алмадық. Ол – қазіргі таңда республика Мемлекеттік сыйлығына лайықты ұсынылып отырған «Құнанбай» көркем фильмі авторларының қатарында  көрнекті сценарист Т.Әсем­құлов аты-жөнінің болмауы. Олай дейтініміз,  сценарий авторы фильмнің идеясы мен түсірілімі кезеңдеріне бастан-аяқ қатысып,  түсірілім аяқталған соң дүние салды. Демек, фильм экранға шыққан кезде жоғары баға алған, сондай-ақ, фильм сыйлыққа ұсынылуына байланысты республика­лық баспасөзде «…көтерген жүгі тарихи жағынан салмақты сценарий,.. бай мазмұнда жазылған көркем…» («Тау тұлғадан тағылым тарқатқан», «Егемен Қазақстан», 04.08.2016)  деп атап көрсе­тілген киносценарий авторының сыйлыққа ұсынылуға әбден хақы бар еді. Бұл жәйтті  Қазақстан Кинематографистер одағы, әсіресе, ана тіліміздің мәртебесін қор­ғайтын «Қазақ тілі» қоғамы неге ескермеді екен деген өкініш бар. Таласбектей талантты тізімге қосуға әлі де болатын шығар, талқылау әлі аяқталған жоқ қой…

Сергек жанды суреткер Т.Әсемқұлов үшін өмірдің барлық сәті қымбат, барлық құбылысы ардақты болды. Кез-келген оқиғадан үлкен мағына табатын, кез-келген құбылыстың мәнін айыра білетін ол  өмірді, адамдарды сүйді. Сондықтан да  адамның қадірін, жардың және перзенттің қадірін, жақсының қадірін, ұстаздың қадірін, ағаның қадірін, інінің қадірін, достың қадірін, шәкірттің қадірін білді.  Жаны жақсыға ашық болды, талантты  тез танып, рухани қолдау көрсетуге келгенде алдына жан салмады. Оның   Мейірханмен (Ақдәулетұлы) бірігіп сонау Маңғыстауда бір өзі бір институт болып өз бетінше жұмыс жасап, қазақ мифологиясын мүлдем жаңа сапалық биікке көтерген Серікбол Қондыбайды танып, оған билік тара­пынан көмек  көрсетілуіне қозғау салуы,  өз тарапынан да рухани қолдау көрсетуі – осының бір анық көрінісі.

Таласбек талантты жастарды қатты қолдады, олар туралы қуана жазды. Оның сыни талдаулары да өзгеше сипатты – мақала-эсселерінде шығарманың жазылу контексі, ізденістер жүлгесі, құрылымы талданып, түйін нәтижеге алып шығады. Мұның жарқын бір мысалы – Таласбек сыншының осы «Алматы ақшамында» жарияланған, өзіндік классикалық талдауының үздік бір үлгісі – «Оператор жайлы аңыз немесе Дидар Амантайдың «Көзіңнен айналдым…» әңгімесін оқығанда туған ойлар» атты мақаласы. Сыншының қай мақаласы да зерделі жастар  үшін білім көзі болды десек, артық емес. Шығар­малары туралы азды-көпті пікір білдірген жастардың жетістіктерімен қатар, ойлануы тиіс тұстары туралы да ақ адал пікірін білдіріп отырған ол білімді, білікті, өнерлі замандастарын туысындай көріп өтті. Ол тек қана көлгірлікті, жалған көшбас­шылықты, қалың оқырман-көрермен-тыңдарманға  арзан алданыш –ақыл­мандықты, қызыл сөзді сапырған өтірік білімсінуді суқаны сүймеді…

Өз  ғұмырында көп нәрсе тындырған, ойлау жүйесі ерекше,  дара суреткер Т.Әсемқұлов  ендігі жерде өзі ұстазы туралы айтқанындай, «адамзаттың рухани байлығын еселеп өсіретін нұрлы тұл­ғалардың қатарында» тұрады.Оның мол рухани мұрасын «ұлтым» деген ақжолтай жас ұрпақ оқып-зерттеп, сусындай­тынына күмән жоқ.Оның шығарма­шылығы туралы аз-кем ой-пікірімізді өзінің мына бір пікірімен қорытындылау орынды. «…Асқар Сүлейменовтің жазба мұрасынан, ауызша айтқандарынан сіз ешқашанда радикалдық, диссиденттік ой-пікір ұшырастыра алмайсыз. Оның жалғыз ғана елеусіз қаруы – өнер ту­ралы, жалпы мәдениет туралы бейтарап, бейбіт пікірі еді. Бірақ, бұл мәселенің сырт көрінісі ғана еді. Ойлы, ақылды пікір адамның ішкі дүниесін жаңғыр­тады, атадан балаға мұра болып ауысқан жалған идеалдардан, жасанды құнды­лықтардан арылтады. Ал, ұрпақ рухани құлдықтан құтылғанда саяси күрестің керегі де болмай қалады. Сіз мақсаты­ңызға жеттіңіз. Баяғы аталары­мыздай алмас қылышпен емес, сертке берік қалам және ала қағазбен…».  Бұл пікір­лер ХХІ ғасыр басында қазақ рухания­тында бейресми көшбасшы болған Т.Әсем­құловтың өз шығар­машылығына да бек қатысты.

Сөз соңында  Таласбектей тұлғаның құнар­лы да мол рухани мұрасымен қалың жұрт­шылықты қауыштыру жолында үлкен еңбек етіп, «Otuken» сайтының жұмысын жалғас­тырып, ұрпағын әлпештеп тәрбиелеп отырған аяулы жары, көрнекті мәдениет­танушы, мифолог, философ Зира Наурыз­баеваға үлкен ырзашылық. Бұл күндері туғанына алпыс бір жыл толған Асыл достың жаны жәннатта болғай деп тілейік.

Әлия Бөпежанова

“Алматы ақшамы” газеті

Related Articles

  • Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ.

    Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ.

    Zhalgas Yertay Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ. Ол халықтың ішкі күші мен биліктің саяси еркіне қарайлап тұр Ертеректен бастайық. Баяғыда қазақтың басты проблемасы санында еді, ол рас. Қазақтар өз жерінде азшылыққа айналған-ды. Ал қалада қазақша есту қиын болатын. Мектептерде, университеттерде, мемлекеттік басқаруда, бизнесте қазақ тілі шеттетілді. Сол кезде қазақ тілінің тағдыры демографияға тәуелді еді. Бұл логика ұзақ уақыт дұрыс саналған. Бірақ бүгінгі Қазақстанға қарасақ, жағдай өзгерді. Қазақтар көпшілікке айналды. Қазақ тілін түсінетіндер мен сөйлейтіндер саны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Қазақ мектебіне баратын балалардың саны жыл сайын артып келеді. Қазақ тілі күнделікті өмірдің негізгі тіліне айналды. Бірақ неге тіл мәселесі әлі өзекті болып тұр? Мәселе санға емес, санаға

  • Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Altyn Magauina Бүгін Атамыздың ең жақын шәкірттерінің бірі, біздің бауырымыз, қазақтың мақтан тұтатын жастарының бірі Ғалым Боқаш мерейлі 50 жасқа толып отыр. Біз үшін бұл күн – жай ғана Ғалымның туған күн емес, бұл – оның жарты ғасырлық өнегелі өмір жолының, адал еңбегінің, биік парасат пен адамгершілігінің мерекесі. Біз Ғалымды тек терең білімі үшін емес, үлкен жүрегі үшін қадірлейміз. Ғалымның әлемнің ең беделді оқу орындарының бірі – Оксфорд университетінде білім алып, “Азаттық радиосында жемісті еңбек етіп, бүгінде Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік қызметінде абыройлы жұмыс атқарып жүргені оның табандылығының, білімге құштарлығының және еңбекқорлығының айқын көрінісі. Алайда адамның шынайы бағасы оның қызметімен немесе жеткен жетістіктерімен ғана өлшенбесе керек. Адамның қадірі оның жүрегінде,

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    Адамның бәрі бірдей емес. Ақыл-ойы еркін, мәнді, құнды дүниелер туғыза алатын, жасампаздық қуаты зор адамдар болады. Сол сияқты өркениеттік әлеуеті (потенциалы) зор халықтар болады. Ондай қасиет өзіндік құндылықтар жүйетін жасай алатын, ешкімге ұқсамайтын, терең тамырлы руханияты бар халықтарда болады. Қазақтың бүкіл тарихы мен мәдениеті біздің сондай халықтар санатына жататынымыздың айғағы. Сондай айғақ Абайдың ақындық мектебінің көрнекті өкілі Көкбай Жанатайұлы шығармашылығында молынан табылады… Кеше Семей қаласындағы Абайдың қорық- музейінде Көкбай Жанатайұлының 165 жылдығына арналған “Абайдан сабақ алдым бала жастан” атты әдеби кеш өтті. Зал белгілі абайтанушы, профессор Жандос Әубәкірдің тағылымы мол, әсерлі баяндамасын ерекше ынтамен тыңдады. Спикерді тыңдап отырып: “Біз Көкбайды тіпті білмейміз деуге болғандай екен ғой… Кейде тіпті жеңіл, үстірт

  • ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    Екі мыңыншы жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше басылымдар болды. Атап айтсақ, Атырау шәрінде шыққан «Алтын Орда» газеті болса, одан кейінгісі Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ», сондай-ақ «Шетел Әдебиеті» сынды газеттер еді. «Алтын Орда» газетіне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал қалған екеуіне Талғат Ешен мен Ардақ Нұрғазы іспетті қазақтың интеллектуал азаматтары бас редактор болған еді. Бәрі  де есімдері елге мәлім, ғажайып ақындар. Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқашан жарытып газет шығара алмайды», – деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды.  «Әдебиет порталы» «УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК…» айдарымен  тек аталған осы басылымдар ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: