«Адамдардың iшiндегi адамы…»
Танымал ақын, тарлан талант Есенқұл Жақыпбековтiң дүниеден озғанына да үш жылдың жүзi болыпты. Бiрақ ол көзден кеткенiмен, көңiлден кеткен жоқ. Шын мәнiсiнде, әдебиетке, өнерге жан-тәнiмен берiлген, мансап қумаған, марапат күтпеген екi адам болса, соның бiрi – Есенқұл Жақыпбеков болатын. Қаламдас қауым, үзеңгiлес әрiптес, тiршiлiгiнде алабөтен сыйласқан аға-iнi, қарындас ерекше адами болмысы, ақындық, азаматтық ұстанымы үшiн де бүгiнде оны шын сағынады… Аманхан ӘЛIМ, ақын: АҚЫН БОЛЫП ҚАЛҒАНЫ ҮШIН ҰНАТАМ Есенқұл поэзиясы дегенде менiң көңiлiмдi сүйсiнтетiн және ерекше таңғалдыратын бiр жағдай, оның айтыс ақыны болып жүрiп, жазба поэзияны араластырмай, жаңылыстырмай, екеуiнiң ортасынан “аман” өтуi, яғни ақын болып қалуы. Өйткенi көп жағдайларда, әдебиет тәжiрибесiнде көп айтыскер ақындар жазба поэзияның мықты өкiлi бола амайды.