Ғұмыр бойы жазудан басқа тіршілігің болмаса да, жас ұлғай­ған кезде ендігі шектеулі уақы­тың­ды мейлінше ұтымды пайда­лан­ғың келеді, өзің мәндірек сана­ған тақырыптарды төңірек­теп, көл­денеңге алаңдамауға ты­рыса­сың. Әйткенмен, кейбір ретте бұл қағида бұзылады екен. Әлдебір дерек, әлденедей түйінді мәселе өзіммен бірге кетпесін дей­сің. Айту, арылу – парыз сияқты. Оның үстіне, күмәнсіз ақиқат жағдай болса…

Кейінде бұрмаланып, басқа бір арнаға түсіп кеткен сондай бір анық – Мағжан есімімен байланысты сырлы ән еді. “Бурабай” аталатын. Әлде “Абылай” немесе “Кенесары”. Сірә, әуелгісі.

Бұл ғажайып әнді алғаш рет он бір жасымда естіппін. Мен ауылдық мектепте 4-класты бітіргенде үй-ішіндік шағын той болды. 1951 жыл. Сол арақ-шарап­сыз, ән-жыр, әңгіме-кеңесті отырыста Ілияс Дәкебаев деген ақсақал домбыраға қосып, толқытып айтқан еді. Ақсақал деп отырмын, ол кезде қырыққа жаңа келген. Негізі Қарқаралыдан, бірақ біздің Шұбартау ауда­нын­да жас кезі, 30-жыл­дардан бастап, орта дәрежелі, әр­қи­лы қызметте болып, тұрақтап қалған. Ер мінезді, сері кісі. Аңшы, мергендігі бар. Біздің қартпен айрық­ша сыйлас. Әуелі “Көкжен­детті” айтты. Ақан сері. Содан соң “Бурабай”. Одан әрі басқа қонақтар, басқа бір ән-күйлер. Мен жұрт тараған соң ағадан (мұғалім әкем Мұқаннан) сұрап едім. “Мағжан, – деді. – Сондай бір ақын болған. Айдалып, атылып кеткен…”

Ержеттік. Арада он бес-жиырма жыл өтсін. Әрқи­лы жағдайда, оңаша қонақта, жасы үлкен зиялылар бас қосқанда баяғы “Бурабай” айтылып қалатын. Үнемі емес, ара-тұра, өзара сеніскен, тілектес ағайын арасында. Қайда, қашан, түгел еске түсіру мүмкін емес. Тек бір жолғысы ғана жадымда қалыпты. Шамасы 60-жылдардың екінші жарымы. Мағжан есімі қайта көтеріліп, бұл тарапта Қазақ университеті, оның ішінде татар текті, қазақ тілді, орыстың ғылым-біліміне және жетік профессор Хайролла Махмұдов бастаған оқымыс­ты-педагогтар Мағжанды ақтап алуға үлкен әрекет жасап, қаламгер қауыммен бірлескен жиын-кеш­тер өткізіп, ғылыми журналда арнайы мақалалар жариялап жатқан кез. Менің ізгі ұстазым профессор Бейсенбай Кенже­баев­тың шаңырағында үл­кен-кішілі шәкірттері бас қоса қалыппыз. Сонда, Меңжамал жеңгеміздің мол дастарқаны, әртарап бейбіт әңгіме үстінде Темірбек Қожакеев домбыра шертіп отырып, Мағжанның атын атап тұрып, әйгілі әнді айтып еді. Темкеңнің жасы бізден көп үлкен, Бей­се­кем­нің әуел бастан-ақ саясына алып, көп қолдау жа­саған шәкірттерінің бірі, кейінде доктор, профессор, тумысы Арқадан емес, оңтүс­тіктен, мұны айтып отыр­ғаным, Мағжан әнінің тыйым заманның өзінде қа­зақ зиялылары ара­сы­на кеңінен тарауы. Мағжан әні. Мағжан сөзі. Ешкім ешқандай күмән келтірген емес. Жалпы жұртқа жетпесе, эфирге, сахнаға шық­па­са – ол Мағжан­ның атына дейін жабық жатуы. Ақы­ры, КГБ, Үкімет пен Партия тарабынан мүлде шы­ға­руға болмайды деген тоқтам жасалды. Ма­ғ­жанды ақ­та­мақ әрекетіндегі зиялылар, басы Хайролла Мах­мұдов бо­лып сөгіс естіді, жасқалды, қараланды, әй­теуір біршама тыныш заман, ешкім айдауға, түрмеге түспеді.

Осыдан аз ғана бұрын Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер жария әдебиет тарихына қайтып оралған, шығармалары әуелде біртіндеп, кейінде түгелімен басылып, том-том болып шығып жатқан. Сәкеннің ақындығы ғана емес, сазгер әншілігі де мәлім болды. Мәселен, “Тау ішінде”. Алайда… Сәкеннің “Көкшетау” (немесе “Бурабай”) деген әні бар деп ешкім де айтқан жоқ. Ақыры, қаншама заман өтіп, 80-жылдардың басы болса керек, өзі де Көкшетаудан шыққан әдемі әнші қызымыз Қапаш Құлышева баяғы, бізге, бізден бұрынғы үлкендер­ге әбден мағлұм “Бурабайдың” ән-әуезін Сәкеннің “Көкшетау” поэмасының алғашқы шумақтарына қосып, сахнадан айта бастады. Әрине, бірден-ақ халықтың құлағына жағып, көпке тарады. Түп төркінін білетін жұрттың өзі Мағжан жабық, басқа сөзбен болса да әні халқына жете берсін деп байыптаса керек. Біз де солай шамалаппыз.

Ақыры, Мағжанның да көзі ашылды. Жұлма­ла­сақ та жарыққа шығара бастадық. Бар бағасын танымасақ та, үлкен тұлға екенін мойындадық. Ең бастысы – ұлы ақынның бізге жеткен бар мұрасы тыйымнан арылды, халқымен қайта табысты. Енді әні де өзіне оралар деп ойлап едік. Жоқ. Сол беті Сәкенге телініп кетіпті.

Осы таяуда ғана (14.VІІ.2011) бұған анық көзім жетті. “Каспионет” деген телеарна бар, шетелдік жұрт­шылыққа арналған. Сапасы мен мәнісіне бой­ла­май-ақ қояйын. Біз тарапқа ел ішінен еркін жетіп жатқан жалғыз ақпарат көзі болған соң ара-тұра теледидардың тетігін бұрап қаласың. Сәкен мұрасы төңірегінде әңгіме-сұхбат жүріп жатыр екен. Бізге ой салған, осы шағын мақаланы жазуға түрткі болған – сол хабарда әркімдер тарабынан әлденеше рет қайталанған бір лепес, “Сәкеннің “Көкшетау” әні” деген сөз. Жөппелдеме тексерістеп қарасам, осы жа­қында ғана құрастырылып шыққан “Қазақтың дәс­түр­лі 1000 әні” аталатын музыкалық ғаламат антологияда да Сәкен атымен жүр. (Бұл жолғы орындаушы – Рамазан Стам­ғазиев екен.) Яғни, Мағжан әні ресми түрде Сәкен есімімен бар тарихқа көшті деген сөз…

Біз бұл арада Сәкен қалай, Мағжан қалай деп салыстыр­маймыз. Менің ұғы­мым­да Мағ­жан – қай тұрғыдан алғанда да бақытты адам. Өнерде өз қа­лауы­мен жүрді, қа­ла­мын ірікпеді, көкіректегі бар за­рын шыға­рып үл­герді. Ел-жұр­ты алдын­дағы, аруақ, құдай алдын­дағы бар па­рызын арты­ғымен өте­ді. Ал Сә­кен, қалай айт­саңыз да, траге­дия­лық тұлға, үлкен да­рын­ды, өзгеше мінезді бола тұра, бұл­та­лағы мен бұлға­лағын айтпайық, еркін ғұ­мыр кешкен мүмкіндік шегінде, бо­йын­­дағы ба­рын сарқа пайда­ла­нып, оңымен жеткізе ал­ма­ды. Мәселе бұл кісілердің өзін­дік ерекшелігі, ара сал­мағына қатыс­сыз, әркім­нің өзіне тиесілі мұраға иелігі турасында. Мағжан – композитор емес. Сәкен де композитор емес. Біздің кейінгі ақын, жазу­шылар­дың ішінде де ән, күй шығарғандары бар. Қазақтың сөз өнерін ұстаған тұлғаларға тән, ежелден келе жатқан бір ерекшелік. “Бурабайдан” айрыл­ғанымен, Мағжан азаймайды. “Көкшетауды” телігенмен, Сәкен көбеймейді. Бұлар­дың негізгі мұрасы – ән-күй емес. Бірақ аз ба, көп пе, әркімнің өз дүниесі өз атында болғаны жөн.

Біз естіген, бала кезімізден жадымызға түйген “Бурабайдың” ән мәтіні былай келетін:

“Арқада жер жетпейді Бурабайға,

Ежелден қоныс болған Абылайға.

Ішінде сексен көлдің Бурабай бар,

Ұқсайды дөп-дөңгелек туған айға.

Арқада Бурабайға жер жетпейді,

Ешбір жер көңілді ондай тербетпейді,

Арқада Бурабайға жер жетпесе,

Қазақта Кенекеме ер жетпейді!”

Біз естімеген, білмеген толығырақ, басқаша бір нұсқасы болуы да ғажап емес. Қайткенде де, ауызша, онда да жабық-жасырын тараған сөз ғой.

Кейінгі бір орайда ән мәтінін Мағжанның белгілі шығармаларымен салғастыра қарағанымыз бар. Нақ­па-нақ нұсқасы жоқ екен. Теріп құрастырылған. Бәл­кім, әуелден-ақ Мағжанның өзі. Зады, кейінгі бір тілектес ағайындар тарабынан. Ұмытпастық үшін же­ңіл­детіп. Міне, “ Батыр Баянның” үйлес бір шумағы:

“Арқада жер жетпейді Бурабайға,

Бөленген бұйра сыпсың қарағайға,

Бұлт құшқан мәңгі зең-зең Көкшетауға

Бөлектау: “Ой, бауырым!” – дер анадайда.

Оқжетпес найза-қия – қыранға ұя,

Қарасаң жанның шері тарқамай ма.

Солардың ортасында Бурабай көл,

Мөп-мөлдір, дөп-дөңгелек ұқсайды айға.

Бурабай – арқаралы жер еркесі,

Ертеде қоныс болған Абылайға.”

Енді “Оқжетпестің қиясында”:

«Арқада Бурабайға жер жетпейді,

Басқа жер ойды ондай тербетпейді,

Бурабай көлі менен Көкшетауды

Көрмесең, көкіректен шер кетпейді.

Қиясымен бұлт құшқан Оқжетпестей

Басқа тау ойды аспанға өрлетпейді.

Арқада Бурабайға жер жетпесе,

Қазақта Кенекеме ер жетпейді.

Көкшеде күңіренген Кенем қайда,

Дариға, жүрегімді дерт өртейді!..”

Мағжан шығармалары заң жүзінде жабық бол­ғанымен, қолжазба кітап түрінде қазақ зиялы­лары арасында кеңінен тарағаны белгілі. Менің өзімде болған жоқ, бірақ алғаш рет 1965 жылы ақын Қапан аға Сатыбалдиннің қолынан көріп едім. Мә­шіңкеге латынша басылып, әдепкі кітап көлемінде кесіліп, мұқабаланып, түптелген қалың бір том. Сірә, өзінікі емес, ежеттес ағайындардың бірінен оқуға алған. Мені қызықтырды да, қолыма, үйге бермей қойды. Кейінде, Мағжан халқына қайтып оралғаннан соң, Ғылым академиясының қатарда­ғы қызметкері Зікірия Ілиясов деген азамат, табақ-қағаз көлемінде, кирилл-қазақша мәшіңкеге түсі­рі­ліп, жақсылап түп­телген кетпектей кітабын мен басқарып отырған “Жұл­дыз” журналына әкеліп, ұлы ақынның біраз шығарма­лары­ның бұрмасыз, кеміс-кетіксіз жаңа бір басылымына септескен еді. Бұл кезде бізге Мағжан атына қатысты басқа да ескілі-жаңалы көшірмелер келіп түсті. Қатар­лас жүрген, жұртшылық көңілінде қастерлеп сақтал­ған, “Бурабай” аталатын мұңды, сырлы әуен де Мағ­жан­ға деген халық сағынышы­ның бір көрінісі бола­тын. Ұлы ақынның аты өшкен­нен соң қырық жыл бойы қаз-қалпында жұртшылық көкейінде жүріпті. Бәлкім, болашақтан үміт жоқ кер заманда басқа бір, жария есімге көшірілуі де сол игі мұрат, мәңгіге аманат талабы шығар. Қайткенде де ән өлмесін деген. “Бурабайды” – “Көкшетауға” кө­ші­­ріп, сахнаға алғаш шығарған Қапаш қарын­дасым бұл өзгеше сарынның түп төркінін нақтылап айта алар еді. Сондай-ақ, мен қатарлы және жасы бізден де үлкенірек, көзі тірі білімдар ақсақалдар, оның ішінде Сәкенді зерттеу­шілердің өзі, Мағжан есімін қостап шығары анық.

Кім қалай тартса да, көңілде түйткіл қалмасын деп ар­найы сөз қылдық. Мана айтқанымыздай, міндет, па­рыз санағаннан. Әйтпесе, Мағжанның тереңіне кім жеткен…

Мұхтар МАҒАУИН, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Прага.
www.egemen.kz