|  |  | 

kerey.kz TV Мәдениет

Наурыз салты туралы ұғым

Болат Бопайұлы

Этнограф,сыншы, зерттеуші6ccea822f620a10c9b4c70ecd14bb7dc

Қазақ халқы Наурыз тойын өткен ғасырларда өте үлкен мейрам ретінде дабыралы өткізген. Осы кезде оның дәстүрлі әдебиеті мен мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-санасы өткен тарихы, бүгіні мен болашағы көгенкөз жас буын ұрпаққа үгіттеліп отырған.

1. Қазақ халқы наурыз күнінен бір күні бұрын үйлерін қағып-сілкіп тазалайды. Мереке күні киетін сәнді киімдерін әзірлейді. Кірлерін күні бұрын жуады. Мейрам күні кір жумайды. Кір жуса үйден «құт үркеді». Бастан бақ таяды. Егер сол күні білмей кір жуса, қолы қалтақ болады деп нанады. Ескі-құсқы киімдері болса жаға, түймесін үзіп алып қалады, қалғандарын отқа жағып жібереді. Қоқысқа тастамайды. Қоқысқа тастаса тастаған киімнің иесіне жын-жыбырдан дерт жабысады. Жазылмас ауруға жоығады. Ісі ілгері баспайды деп қорқады.

2. Қазақ бұрынға көне заманда 21 наурыз күні түнде үйінің төріне қос шырақ ағып қояды екен. Онысы үйдегі ерлі-зайыпты екі адамның өмірі сол қос шырақтай жарық болсын, бақыты баянды болсын, бағы өрлесін, дәулеті артсын, ғұмыр жастары ұзақ болсын, өмірінде қиындық көрмесін, көңілдері сол шамдай маздап жанып тұрсын деген ізгі тілектің бейне белгісін білідіреді. Қазақтың ежелгі ұғымында 21 наурыз күні жер иесі Қызыр ата даланы аралайды екен. таң бозарып келе жатқанда, мейірі түскен бір үйге келіп қонады. Қызыр қонған үйге құт-береке дариды, дәулеті шалқиды. «Қызыр баба» аралаған ауылға бақ оралады, ырыздығы молаяды деп сенеді. Бұл түні ауылдағы көңілі жақын ағайын адамдар топтасып алып, Қызыр қонады-ау деген бір үйге жиналады. Олар әуелі босағадан оң аяқтарымен аттайды. «Босаға құтты, ірге мықты болсын, таңмен таласып үйіңе қыдыр қонсын» – деп жақсы тілек айтады. Сол үйге арнап алып келген сыйлықтарын үй иесіне ұсынады. Азақ мереке түні үйіне шақырылмай келген құдайы қонаққа ерекше қуанады. Себебі қазақта мынадай ұғым бар. «Үйге қонақ келуден бұрын оның дәмі өзінен бұрын кіреді. Қонағы көп үй берекелі болады. Қонақпен ілесіп үйге құт қонады. Қырықтың бірі Қыдыр, осы келген қонақтың бірі Қыдыр болуы мүмкін», – деп сенеді. Ал сол күні жиылған топ түні бойы ұйықтамайды, ән айтады, күй шертеді, би билейді, әр алуан әзілді әңгіме дүкен құрады. Қыздардың келуін күтеді. Жаңа күннің шығуын қарсы алады. Үй иесі қонақтарына ақсарбас қойын атап сояды. Мол да бай шүлен дастархан жаяды. Қонақтарын жайраң қаққан қабақпен күтіп алады. Жыиылған топ бір-бірін ренжітіп алмауға мұқият назар аударады, ерекше көңіл бөледі. Бұл түні ренжісіп қалса, біріншіден, Қызыр баба шамырқанады, үйег келмей кетіп қалады. Қызыр келмесе үйден құт кетеді, алдыдан ас кетеді, қорадан мал кетеді деп үрейленеді. Енді бірі жыл басында ұрсысып-қағысып, ренжісіп  қалса, жыл басындағы жанжал жыл аяғына дейін жалғасады деп ырым етеді. Сондықтан бұл түні жұлдызы жараспайтын адамдар бір жерге жиналмайды.

3. Қазақ халқындағы наурыз күнінің тағы бір басты ерекшелігі сол күні бір-біріне жолыққан адамдар ерекше жылы жүзбен сәлем береді, төс қағыстырып амандасады. Бір-біріне жаңа жыл тылегін білдіріседі. Мәселен,

Ассалаумағалейкум!

Ұлыс күн оң болсын,

Ақ мол болсын,

Қайда барса жол болсын,

Алдыңнан шығып Қызыр, Ілияс,

Құрметпен саған қол берсін,

Бала-шағаң бақытты болсын,

Төрт түлік ақты болсын.

Ұлыс береке берсін,

Бәле-жала жерге енсін.

Жылың есен болсын,

Айың аман болсын.

Күнің көңілді өтсін!

Жамандық ескі жыда қалсын,

Бақыт есіктен енсін.

Бағың баста қалсын,

Дұшпан табан астында қалсын.

Жаңа жылдан жарылқа,

Ескі жылдан есірке!

 

4. Қазақ соғымнан қалған сүр ет, болса қойдың басы, сүт, қатық, тары, бидай, сарымсақ қатарлы жеті тағамды қосып, қазан толы «Наурыз көже» немесе «Тілеу көже» жасайды. Ақ дастарханға «Ақ ырыстан» – қатық, құрт, ірімшік, қаймақ, кілегей, «көк ырыстан» – жүзім, алма, банан, мейіз, қайын, қарбыз, «өызыл ырыстан» – қойдың басы, жамбас, ортаң жілік, кәрі жілік, жая-жал, қазы-қарта, «дақыл ырысынан» – бидай, тары, күріш, арпа сияқты тағамдардан жасалған жеті түрлі тағам қояды. Дастарханды молынан жаяды. Ұлыс күнгі жайылған дастархан барынша мол болады. Соған орай қазақтарда мынадай сөз тіркестері бар: «Дастархан аш болса, қонақтың көңілі жарым болады», «Жыл басындағы жоқшылық жыл аяғына дейін жалғасады», «Жыл басында датархан тоқ болса, жыл аяғына дейін уайым жоқ болады, үйге ай сайын ырыздық оралады», – міне, осы сөздер ежелгі ата-бабаларымыздың наным-сенімдерін, әдет-ғұрыптарын одан әрі айқындай түседі. Қазақтың ежелден қалыптасқан салт-дәстүрі бойынша Ұлыс күні ауыл адамдары бір-бірінің үйіне қыдырады. Ұлыс күнге арнап жасалған тағамдарын ішіп-жейді. Соның ішінде «Тілеу көжені» тойып ішу ырымы бар. Ал қойдың басын ауыл ақсақалдарына тартады, жастарға бермейді. Себебі, жасындаікәрілік келмесін, әдепсз болып ауыл ақсақалының алдынан өтпесін деген жолды, жоралғыны біледі. Кәде бойынша, ауыл ақсақалы табақтағы асқа, алдына пісіп тұрған басқа бата жасайды. Мысалы:

 

Ұлыстың ұлы күні қазақн толса,

Сол жылы ақ мол болар.

Ұлы адамнан бата алса,

Сол жылы олжа көп болар.

Ұлыс наурыз оң болсын,

Ақ ырыс мол болсын.

Қайда жүрсе де жол болсын,

Алдыңнан Алла жарылқасын.

Арттан Қызыр, Ілияс қолдасын!

Ұлыс бақты болсын,

Төрт түлік төлді болсын.

Келіндер ұлды болсын,

Ұлыс береке берсін!

Еліме береке келсін!

Жамандық жерге енсін,

Бақ есіктен енсін,

Ұл мұратты болсын,

Қыз ұятты болсын.

Мекен тұрақты болсын,

Жайылым құрақты болсын,

Ұлыс шуақты болсын.

Өзен суатты болсын,

Ерлер қуатты болсын.

Бала бақытты болсын,

Алқап малға толсын,

Дала талға толсын.

Халыққа береке қонсын,

Үлкеннен үлгі қалсын,

Жасыңа өнеге ерсін,

Дәулеті шалқыған бас берсін,

Көл көсір ас берсін.

Ұл ұяға қонсын,

Қыз қияға қонсын,

Ұл күшті болсын,

Қыз істі болсын.

Жер ырысты болсын,

Бастан бақ кетпесін,

Астыдан тақ кетпесін.

Жаудың қастығы жетпесін,

Береке арта берсін.

«Тілеу көже» қабыл болсын,

Тілегенді Алла берсін,

Шаңыраққа бақ қонсын.

Төрге қыдыр қонсын.

Жаңа жылдан жарылқасын,

Есік жылдан есіркесін.

Бұл менің берген батам емес,

Қызырдың берген батасы.

Барлық істі Алла өзі қолдасын.

Аллаху акбар!

 

Бата аяқтаған соң, бата жасаған қария қынынан өткір пышағын алып, бастың тұмсық жағын өзіне қаратып ұстап, ежелгі қалыптасқан дәстүрлі ырым бойынша турай бастайды. Басты кесудің де өзіндік жол-жоралғысы бар. Алдымен оң езуінен бір жапырақ кесіп, оны табаққа салып қояды. Онысы, «үйдің ырыздығы, құты табақта тұрсын, басқаға кетпесін» дегені. Енді бірі «ашқарақ болмайық, ынсапты болайық» деген тағылымды жоралғысы. Осыдан кейін бастың сол жақ езуінен бір жапырақ кесіп, «біссіміллә рахманир рахим» деп қария өз аузына салады. Осыдан кейін бастың оң жақ құлағын кесіп, сол үйдің кенже баласына ұсынады. Кенже баласы жоқ болса, дастарханда отырғандардың ең кішісіне береді. Мұнысы «құйма құлақ, ұғымтал бол!» дегені. Осыдан кейін бастың құйқасының әр жерінен кесіп, үй иесіне ұсынады. Онысы «басымыз аман болсын, дәміміз үзілмесін, ырыздығымыз таси берсін!» дегені. Осыдан соң бастан бір-бір жапырақ кесіп, дастарханда отырған адамдардың үлкенінен кішісіне қарай, оңынан солына қарай түгел ауыз тигізеді. Мұның мәні «келер жылғы наурызға дейін берекеміз жарасып, басымыз қосылып бірге жүрейік, дәміміз бен тұзымыз бөлінбесін. Берекеміз бұзылмасын» дегені.

Ал бастың со жақ құлағын кеспейді. Себебі «оң құлақтан айтқан сөз сол құлақтан ағып кетпесін. Ел ішінде айбат айтатындар көбеймесін» деген ырымы. Бастан түгел ауыз тиіп болған соң, басты үй иесіне ұсынады. Оны үй иесі қос қолдап келіп алады. Бұл «бастан үлкен болсақ та, астан үлкен емеспіз» деген асқа болған құрметін білдіреді және қонақ болып отырған қарияға көрсеткен сый-құрметі болып саналады. Бас кесу рәсімі біткен соң, табақтағы кәделі жіліктерді жамбастан бастап алып турай береді. Жамбасты да тақырлап турап тастамайды. Белгілі мөлшерде кесілгеннен кейін сол үйдің «от анасы» болған әйелге ұсынады. Оны «от ана» әдеппен келіп, оң тізесін бүгіп тұрып, қос қолдап алады. Қарияның жамбасты «от анаға» қос қолдап ұсынуының да екі түрлі тілі бар. Бірі – «ас ұстағаннығ азабы бар. Осы асты сол от ана пісіреді, төрге тартылған табақта береке бар. Сол берекелі астан ауыз тисін» дегені. Енді бірі – «жамбастап жататын құда, жекжат, қонақ көбейсін» деген ырымы. Ал, от ананың оң тізесін бүгуі, жамбасты қос қолдап алуы, ас пен басқа жасалған құрмет-сыйы болмақ. Ет желініп бола бергенде тіл үйіретін балдай дәмді жеті дәм қосып жасаған тілеу көже құйылады. Оны жастар жағы әзіл-қалжыңдасып отырып, бәске түсіп тоя ішеді.

Қазақтың тілеу көжеге сүр ет пен қойдың басын салуы қыстың қызыл ырысының «сірге жияр» немесе «арса жияр» асымен қошасуы болып табылады. Дастарханға «ақ ырыс» пен «көк ырысты» және «дақыл тағамдарын» молдатып қоюы жаз тағамдарымен қауышуы болып есептелінеді. Көжеге еті дән салып, жеті дәм қосуы қазақтың байырғы ұғымындағы «жеті ғалым», «жеті ата», «жеті қазына», «жеті әулие», «жеті Шәріп», «жеті қат көк», «жеті қат жер», «жет іжарға», «жетелі елдің жеті белгісі» деген секілді әлімсақтан айтылып келе жатқан сан алуан наным-сенімдеріне қатысты болып келеді. Ұлыс күнгі дәмнен қазақ аналары алыс сапарға кеткен баблаларына сыбаға алып, сақтап қояды. Сыбаға сақтаудың да өзіндік мәні бар. «Тілеу көже» көпке арналып жасалған берекенің дәмі деп біледі. Алыста жүрген балам осындай қасиетті дәмнен оңашаланып қалмасын деген ырымы. Қазақтың «Сыннан құр қалсаң да, сыбағадан құр қалма» деген тәмсіл сөзі әр жылғы тілеу көжені ойға салады, сыбағаны еске түсіреді.

5. Қазақ наурыз күні таңмен таласа тұрады. Өйткені Ұлыс күні, Алланың жанындағы жақсылық періштесі жерге түседі. Таңмен таласып, жақсы іс істеген адамдарға бақыт нұрын шашады, құт береке дарытады. Күн шыққанша ұйықтаған адам, сол бақыт пен бақтан құр қалады деп нанады. Атам қазақта «Ерте тұрған ердің ырыздығы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген мақал бар. Осы мақалдың мәнін мықтап ұстанған аталарымыз бен аналарымыз Наурыз күні ерте тұрған. Ерлер қолдарына кетпен, күрек, т.б. құралдар алып, бұлақ көздерін ашады, су жолдарын аршиды, ағаш егеді. «Бұлақ көрсең, көзін аш, жақсы көрсең, сөзін аш», «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», «ағаш еккенге сауап көп» деп ағаш егеді, жақсы – жақсы істер істейді. Ал қыз-келіншектер шелекке айран, сүт құйып алып, қолдарына ожау алып, үйдің босағасын ақпен аптайды. «Сүт көп, көмір аз болсын, жауын-шашын мол болсын, көк – құт көзін ашсын» деп Алладан тілек тілейді. Мал мен бастың амандығын сұрайды. Олар әдейі ырыммен бұлақ көзіне май тамызады. Жаңа еккен ағашқа ақ бүркеді. Ырымдап ақ шүберек байлайды. Мұны қазақ «Көк – құттың көзін ашу» деп атайды. Ұлыс күні таңмен таласып тұрған аналарымыз жаңа шыққан күннің нұрына жүздерін тосатын болған. Күнге қарап тәу етіп «Армысың, қайрымды Күн ана!» «Қайырлы ұлыс, таң ана!» «Кеудесі түкті, жер Ана, құт дарыт, өзің жарылқа!» деп күнге де, таңға да, жерге де сәлем береді. Оң тізесін иіп, жерге тигізеді. Тізесі тиген жердің бір шым-шым топырағын алып келіп, үйінің оң жақ босағасына тастайды. Мұнысы босаға құтты, шаңырақ биік, ірге кең, табалдырық таза, төр құтты болсын дегені. Осы түні жаңа туған айға да сәлем береді. «Ай көрдік, аман көрдік, айдан аман, жылдан есен өттік» деп табиғат дүниесіне ізет білдіреді. Айға сәлем беріп тұрған жерінен бір уыс шөп жұлып алып, отқа әкеліп салады. Онысы көк – қуаттап өссін, қуаңшылық болмасын дегені. Ата-бабаларымыз өздері өмір сүрген ортасын, табиғат дүниесін, жаратылысты тіптен ертеден-ақ қорғап келген. Балаларына көк шөпті жұлғызбай, ағаш, бұтақтарды сындырғызбайды. Құстардың жұмыртқасын шағып, балапандарын өлтірткізбейді. Мәселен, көкті жұлғанды «көктей орыл», «көктемей қал» десе, құстардың балапанын өлтіріп, жұмыртқасын шыққандарға торғай аузынан мынандай қарғыс сөз береді: «Торғай, торғай атым бар, бір жапырақ етім бар. Жұмыртқамды шақсаңдар, ұямды қопарып бұзсаңдар, әкең жуға кеткенде, шешең өліп жетім қал». Ал суды лайласа су иесі Сүлейменнің киесі атады деп әр түрлі жаман іс пен әрекеттен батыл тежеп, қатаң тыйым салып отырған. Осы Ұлыс күні балаларына «ұят болады», «обал болады», «жаман болады», «күнә болады» деген төрт сөзді қазақ аналары үнемі айтып отырған. Осы төрт сөзді үнемі естіп өскен бала есейгенде анасының сөзінен асып, еш уақытта жаман нәрсеге барған емес.

6. Қазақ халқы Наурыз күнін «Ақ түйе қарыны жарылған күн» деп ерекше қастерлейді. Осы күні ел ішіндегі дуалы ауызды батагөй, әулие ақсақалдарды арнайы дәмгешақырады. Не арнайы іздеп барып ақ батасын алады. Ол қарияларға шапан-шақпыт, жейде не тақия  сыйға тартады. Қазақтың «Баталы ұл арымас, батасыз күл жарымас» деген мақалы осы шындықты растайды. Өйткені қазақта наурыз күнгі тілек қабыл болады деген сенім бар. Жақсы адамнан бата алсаң, жолың жақсылыққа оңғарылады деп ырым етеді. Сүйтіп, жақсы сөздің уыз батаның, ақ тілектің күшіне кәміл сенеді. Бата алған жастардың жүрегі қуанып, жылдар бойы көңілді жүреді.

7. Қазақ халқында наурыз күні хан-қара, үлкен-кіші, ер-әйел демей, барлық адам тең тұрады. Әзілдесіп, ашық-жарқын жүреді. Кеуде көтеріп астамсымайды. Жай күндері ренжісіп, өкпелескендер болса, дәл осы күні іздеп барып, кешірім сұрасады. «алдың акелсе, атаңның құнын кеш», «Жақсылыққа жақсылық жай адамның ісі, жамандыққа жақсылық ер адамның ісі», «Тас атқанға ас ат». Мұсылманның ерекшелігі «Ашуы торғын шыттың дымы кепкенше тарқайды», «Ақ сауыттың жағасы бар, жеңі жоқ, шын жақсының ашуы бар, кегі жоқ» деп өкпе-наздарын кешіріседі. Ынтымаққа келеді, бірлікке жүгінеді. Сөйтіп, бірінің үйінен бірі дәм татады, қол алысады, төс қағыстырады, дос болады. Ал араларына жік түскен екі рулы ел болса, онда ауыл ақсақалдарының бірі араға түседі. Ақсарбас қой, көкқасқа тай, не атан өгіз сояды да екі рулы елдің басын қосады. Әдейі ырыммен сойылған малдың етін үлкен тайқазанға асады. Оларды жылы сөзбен мәмілеге келтіреді. Ұлыс күні әр түрлі араздықты кешу керек. Араздасқан екі рулы елді шақырады да, орталарына ұзын көне қара арқанды тастап қояды. Екі жақ ауызбірлігіне келген соң, тайқазандағы астан ауыз тиген соң, ортада жатқан әлгі арқанға май тамызып, өртеп жібереді. Сонымен арадағы араздық кқне арқанмен отқа жанып, күлге айналып жоқ болады. Қазақ бастан  үлкен болсаң да астан  үлкен емессің, – деп тайқазан дәмін араларына берекенің дәмі етеді.

8. Қазақ ауыл-ауыдлдағы өнерпаз қыз-жігіттерді жинап, ауыл ортасына ақ орда тігіп үлкен жеребе жасайды. Мұндайда наурыз тойына арнап ақ түйе, ту бие, атан өгіз, не көкқасқа тай, кемінде ақсарбас қой сояды. Қазан толы көже жасайды. Мұның үш түрлі мәні бар. Бірі – көк тәңірі  қорғайды, жерді дәу көк өгіз көтеріп тұрады. Ол бір мүйізі талғанда, екінші мүйізіне жерді аударып көтереді. Сол күні жер сілкінеді. Міне, ұлыс күні шалынған өгіздің қаны жер сілкінуден қорғайды деп нанады. Алланың әмірімен көк өгіздің киесі сақтайды деп сенеді. Міне, осы ұғымның құрбандығына көк өгіз шалынады. Енді бірі – қазақ халқы «көк» сөзіне көп мән береді. Мәселен, «кө қасқа тай», «кқкжал», «көк бөрі», «көк дөнен», «көк серкеш», «ақсарбас қой» дегендер аталы, киелі, шарапаты бар, текті ұғым деп қаралған. Сондықтан оларға беталды соқтықпайды, беталды қырса, тәңірі налиды. Адамдар басына пәле тауып алады, олардың киесі соғады деп сенген. Осы көк сөзіне байланысты хандық, көкжалдың тұқымы, қаракөктің ұрпағы деп жататыны содан.

Қазақ жалпы көк түсті Алланың шарапаты қонған нәрселер деп біледі. Самарқанның көк тасы деп отырғаны да жеті қат көктің астындағы тақ тасы. Енді бірі Әмір Темірдің басына орнатылған Самарқан жеріндегі құлыптасын айтады. Тағы бірі қыстан аман қалған мал мен бастың құрбаны жан садақасы жарық пен қараңғы, ескі мен жаңаның, өлім мен өмірдің, үміт пен үрейдің куәсі жақсы тілектің, дұрыс ниеттің жаршысы тілеу көженің майлы да жайлы қатығы осындай киелі тұқымды малдардан алынған ғой.

Қазақта ұлыс күні май шұрқанмен басталса, от маздап жақсы жанса, жыл соына дейін жалғасады, ырыс тасиды, береке артады, елге де, жерге де құт қонады. Жылдар бойы той болып өтеді деп ырыдайды.

9. Қазақ халқы наурыз күні әйелдеді ерекше құрметтейді. Қас қабағын күзетіп өтеді. Себебі ер адамдарды отағасы, әйелдерді отанасы, балаларды отбаласы деп атаған. Бұл атаудың да төркіні әріден басталады. Діни рауаятта жер бетінде, ошақ қасында ең алғаш от жаққан әйел Хауа ана екен. Хауа анамыз бір күн көзіне әбден қызып жатқан екі тасты қолына алып үйкестіріп көрсе, одан от шығыпты. Содан бастап ошаққа от жағу пайда болған екен. Қазақтың «Қалауын тапса, қар жанады, тас тамызық болады» деген тәмсіл сөзі содан қалыптасыпты.

Иә, тіршілікің бір тірегі осы от емес пе? Отсыз өмір жоқ, қазақ халқы жаңа түскен жас келінді ң алдымен босағадан оң аяғымен аттатады. Одан соң енелері алақандарына май жағып, лаулап жанған отқа қыздырып, келіннің екі бетін сипайды. «От ана жарылқа! Май ана жарылқа! Алла өзің қолда! Оттай лаулат, майдай еріт, келіннің мінезі жұмсақ болсын, дидары нұрлы болсын!» деп айтуы да сол Хауа анамыз жаққан отпен байланысты болса керек. Тағы бір рауаятта шайтан оттан қорқады екен деген наным бар. Ең алғаш түскен келін бірінші рет ошаққа от тамызғанда алдымен отынға май тамызады. Себебі келіннің қолы майлы болсын дегені.

10. Қазақ халқы Науыз күні тілеу көжені қазаннан басқа ыдысқа жасамайды. Себебі жеті қазынаның бірі қара қазан үйдің құтын сақтайды деп біледі. Наурыз күні ерлер бірінші болып ошаққа от тамызбайды. Ошаққа от тамызса, әйелім өледі деп ырымдайды, несібем сарқылады деп сенеді. Қазан түбі құрғап қалуы ғажап емес деп ұйғарады. Сол күні әйелдеріне от жағудан басқа түгел істеріне көмектеседі. Мұның бір жағы ортамызға от түспесін дегені. Қазақта «Қазанның қарасынан сақта, қатынның жаласынан сақта» деген тәмсіл сөз бар. Ерлер қазан ошақ жаққа ебедейсіздеу болады. Жыл басында ыдыс-аяқ шалдырлап, абайсызда шағылып қалса, үйде реніш болуы мүмкін деп ырым етеді. Енді бір жағынан әйелдің тұтынып жүрген нәрселерін қорғаны, әйелге болған құрмет-сыйы болып табылады. Қазақта осыны дәлелдейтін мынадай сөздер бар:

 

Ұлыс күні қазан толса,

Сол жылы ақ мол болар.

Сонда олжалы жол болар,

Ошақтың отын әйел тамызса.

Шаңырағына құт қонар.

Әйел – үйдің құты,

Ер – түздің құты,

Қыз – үй құты.

Түз тамақ құты.

Әйелі бар үй құт,

Әйелі жоқ үй жұт.

Әйел асқан қазанға

Ердің жармасатын несі бар.

Дәмді піскен асына

Ердің айтар несі бар.

Әйелін қорлаған ердің

Өзінің де жолы тар.

Несібеден тарығар,

Тіршілігі болар қар.

 

Міне, осы сөздер әйел мен ердің орнын, жұмыс жігін ажыратып көрсетеді. Әсіресе әйелді құрметтеу, әйелдің жақсы ісін мадақтау, жақсы қылығын қолпаштау барлық қазақ азаматтарының тек Наурыз күні ғана емес, бүкіл ғұмырындағы саналы өмірінің мәнді мәйегі болмақ.

11. Қазақ наурыз мемркесін ұлыс тойын, үш күннен тоғыз күнге дейін жалғастырып тойлаған. Наурызды құт мейрамы немесе көктем мерекесі деп атаған. Бастапқы үш күнде құт басы, ортаңғы үш күнді құт ортасы, соңғы үшкүнді құт аяғы деп білген. Осы үш-үштен тоғыз күнде үйіне қонақ көп келсе, ырысымыз тасыды, бағымыз жанды, адамдар арасындағы бет-беделіміз өсті, тілегіміз қабыл болды деп қуанған. Одан біз қазақ халқының өте қонақжай, кең пиғылды, дана халыө екенін түсінеміз.

Ол ғана емес.

Уақыт, өмір деген тағылымды дәстүрді өзінің әлеуметтік тіршілігімен қоса отбасындағы күнделікті тірлігіне айналдырып жіберген. Қорытып айтқанда, сонау Нұх пайғамбар заманынан басталған сан ғасыр санағынан өтіп, бізге жеткен Наурыз мерекесі қазақы салт-дәстүр, ырым-жырым, наным-сенім, кәделік жол-жоралғыларымен өңделіп, бүгінгі таңдағы ұрпағымызға мирас болардай, басқа ұлттар алдында даңқымызды көтеретін үлкен мереке, тіпті береке екеніне көзіміз жеткен болар.

“Қазақ наурызнамасы” кітабынан алынды

kerey.kz

Related Articles

  • …ойы бөлек болғанымен ол да осы елдің тумасы, біздің отандасымыз.

    Әлеуметтік желіде осы отандасымызды қызу талқылап жатыр екен. Көбі сын айтып жатыр. Видео жазбаның толық нұсқасы жоқ, пікір-талас тудырған бөлігі ғана тарап жатыр екен. Соған байланысты өз ойымды айта кетпекшімін: Бірінші, отандасымыздың видеосы, фотосы әлеуметтік желіде желдей есіп тарап жатыр. Ол азаматтың (азаматшаның) жеке құпиясы саналатын фотосы, видео жазбасы кімнің рұқсатымен тарап жатыр екен? Өз басым осы постты жазу үшін ол азаматтың (азаматшаның) видеодағы бейнесін қара бояумен өшіріп тастауды жөн көрдім. Және рұқсатынсыз фото бейнесін жеке парақшама салғаным үшін одан кешірім сұраймын. Діни ұстанымы, ойы бөлек болғанымен ол да осы елдің тумасы, біздің отандасымыз. Екінші, отандасымыздың діни ұстанымына байланысты айтқан сөздері қоғамда қатты пікір тудырған екен. Тіпті оны “ұлт дұшпаны”

  • ТӘҢІРІ ҚАЛАУЫ ТҮСКЕН ЖАН

    Мандоки Қоңырдың туғанына 80 жыл толуына орай «Тәңірі мені таңдады»  Мұхтар Мағауин Мандоки Қоңыр Иштван – отаны Мажарстан ғана емес, күллі түркі дүниесі қастерлейтін ұлық есімдер қатарындағы көрнекті тұлға. Шыңғыс жорығы тұсында Карпат қойнауындағы мадиярлар арасынан пана тапқан құман-қыпшақ жұртының тумасы Мандоки Қоңыр оннан аса тілді еркін меңгерген, бұған қоса зерттеушілік қарымы ерен, Тұран халықтарының фольклорлық-дүниетанымдық санасын бойына дарытқан ғалым. Ол түркология ғылымымен дендеп айналысып қана қоймай, ХХ ғасырдың төртінші ширегінде Шығыс пен Батыс­тың арасында алтын көпірге айналды, миллиондардың ықылас алқауына бөленді. Яки ол халықтар арасын жақындас­тырған мәмілегер, озықтарға ой салған көреген еді. Замана алға жылжыған сайын мерейтой иелері туралы айтылатын жайттар естелік пен өткен шақ еншісіне көшеді. Көзі тірі

  • Адамдардың сізді езіп тастауына жол бермеңіз

    Шебер бір суретшінің оқушысы өз оқуын тәмәмдапты. Оқуын тәмәмдаған оқушысына ұстазы былай депті: “Ең соңғы салған суретіңді қаланың ең көп адамдар жиналатын алаңына қойып қой. Суреттің қасына да бір қызыл түсті қалам қой. Адамдарға суреттің ұнамаған жерін сызып қойюын өтініп бір хат қалдыр”, депті ұстазы. Оқушы ұстазының айтқанындай жасап болып, бірнеше күннен кейін суретті көру үшін алаңға барады. Адамдар суретті қып қызыл сызып тастағанын көреді де адамдарға ренжіп ұстазының жанына жылап барады. Ұстазы оған ренжімей сурет салуды жалғастыруына кеңес береді. Оқушы тағы да сурет салыпты. Ұстазы тағыда адамдар көп жүретін алаңға апарып қоюын айтады. Бірақ бұл ретте суреттің жанына бір құты толған түрлі түсті қалам қоюын және ұнамаған жерлерін өздері

  • ҚҰНАНБАЙДЫҢ САПАРҒА АТТАНАР АЛДЫНДА ҰЛЖАНҒА АЙТҚАНЫ:

    Бәйбіше, үй серігім ғана емес, өмір серігім едің. Ұзақ кешкен тірлікте қай белдің астында жүрсем де, артымда отырған бір бел өзің едің. Өзіме тағдыр бақ берген жанмын деуші ем. Айтыспасақ та, жер танытып отыратын қабақ пен жүрек бар еді, соған сенуші ем де, кейде шәлкес, кейде қия да басып кете беруші ем. Бағыма масайып еркелегенім болса керек. Енді қай дөңнің басында қалармыз, кім біледі. Сенің айтар кінәң болса да, менің саған артар бір түйірдей назым жоқ. Адал жүрек, ақ бейілің үшін балаларыңның бағы ашылсын. Мен айтарды өзің айтыпсың. Менің арманымды өз арманың етіпсің. – деді Бұл – жүрер алдындағы Құнанбайдың Ұл­жанға айтқан сөзі. Қалың туыс, үйірлі ағайын, шоғырлы бала-шаға, дос-жаран,

  • Қапсәметұлы Өмер Мырза

    Қапсәметұлы Өмер Мырза: 1998 жылдары Нигде университетінің аспаптар кафедрасының оқытушысы болып тағайындалды. Ол осы жерден міндетін тоқтатып, Қазақстанға оралып Алматыда 10 жыл тұрып, 3 жылдай бұрын Ыстамбұлға келгенде дүниеден озды. Жастас болмасақ та құрдас болып кеткеміз. Әрі туысым болады. Суреттегі ұстап отырған домбыра маған Қазақстаннан сыйлыққа тартылған еді. Осы домбыра ілулі тұрған жерден жерге түсіп шағылып қалған да Өмер мырзаға осыны жөндеп беруін өтіндім. Ол маған асықпасаң әйтеуір өзіңе қайтып тапсырып берем деген еді. Сонымен Нигдедегі шеберханасына апарып қойды да 7 жылдан кейін қайта қалпына келтіріп әкеп берді. Сонда мен Өмермен әзілдесіп не деген ахырын адамсың дегенімде ол, “алдымен бір шертіп көрші, мен сенің шағып алған домбыраңның бөлшектерін күнге күйгізіп,

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: