|  |  | 

Руханият Тұлғалар

Сағат пен Шәрбан

Сағаттың саналы ғұмыры, ойлап отырсақ, қазақтың бір драмалы жылдарына дөп келіпті. Егер де Сағаттың көзінше қызыл империя қазақ қыздарын шаштан сүйреп, іштен тепкілемеген болса, қазақтың бетіне Кремль күллі әлем алдында «ұлтшыл» деп күйе жақпаған болса, 1991 жылы тамызда тәуелсіздікке деген ұлт үмітіне ГКЧП бұлт үйірмеген болса, онда, кім біледі, Сағат сыншы осынау алып империя құлар шақта оранған алауға жанып кетпей арамызда есен-сау жүрер ме еді…
Алайда адамды заман илемек. 86-жыл. Желтоқсан. Ұлт намысы алаңда ит жыртқан терідей иленді. Қыздарымызды қызыл империя керзі етікпен тепкілеп жатты. «Мұндайды көргенше шыққыр көзім неге шықпады!?» деп аһ ұрдық. Қанымыз басымызға шапшыды. Шиыршық аттық. Қызыл жаудың қолында өлуге даяр тұрдық. Ыза жасы бетімізді жуды. Шапшаң Сағат болса тіптен намыс отына күйіп, ашу болып атылды. Қашанда ісі мен сөзі қатар жүретін шапшаң мінезді Сағат сол тұста шыдап тұра алмады. Күректі жендеттер қазақ жастарына дүрсе қоя бергенде, Сағат та Кремль өкіліне дүрсе қоя берді. Кремль өкілі Разумовқа: «Тоқтатыңдар! Мына зобалаңды! Қарулы солдаттар қарусыз жастарды қанға бөктіріп жатыр!» – деп саңқ-саңқ етті Сағат. «Мынауың кім?» – деді қаһарлы Разумов жанындағы Устиновқа. «Бұл – Әшімбаев деген ұлтшыл!» – деді Устинов. Осы күннен бастап Сағаттың басы саудаға түсті. Сағаттың ізіне қызыл идеологтар шам алып түсті. Осы күннен бастап Сағат жай сыншы емес, советтік режимге қарсы саяси тұлғаға айналды. Оның ісі бюрода қаралды. Ісі жергілікті партия ұйымына жолданды. Сағатты Қазақ телерадиосы ұйымының жалпы жиналысы құтқарып қалды.Ұлтжанды журналистер қорғап қалды. Ұлт ұлы күш екенін сонда ұқты Сағат. Санасы серпілген журналистер қауымы оны жауға бермеді. Жауға бермек тұрмақ, оған шаң жуытпады. Егер күллі халық санасы осы журналистердей сергек болса ғой, сонда бұл ұлтты сақтаудағы ұлы қорған екенін ұқты Сағат. Демек, қазақтың көзін ашу керек! Басшы ретінде өз қолында үлкен идеологиялық құрал тұр. Ендеше, неге отыр?! Жоқ. Сағат отырмады. «Қарыз бен парыз» атты ұйқыдағы ұлтты сілкіп оятатын хабарды бастады. Оның атын да, затын да өзі құрастырды. Өзі жүргізді. Ұрыста тұрыс жоқ. Сағаттың үні Қазақстан көгінде саңқылдады. Қазақтың азат ойы айтыла бастады. Мұндайды естімеген құлақ елең етті. Сана серпілді. Көздер ашылып, төңірегін көре бастады. Көкжиекте көлбеңдеп егемендік сұлбасы көрінді. Сағат идеолог шабысын үдетті. Ол сол көкжиекке асықты. Сағат тілімен Алаш сөйледі. Қысқасы, қазақ Сағат болып сөйледі. Бұл кезде қызыл империя да тек жатпады. Жер астынан жік шықты. Екі құлағы тік шықты ГКЧП болып… Империялық айдаһар ақырды, қарсы келгенді қылғытам деп. Жұмырыма сыймағандарыңды түгел түрмеге тығам деп. Совет халқының зәресі зәр түбіне кетті. Қазақ көгіне 37-нің бұлты үйірілді. Сағат жоғарыдан түскен қысымға шыдамай эфирді қызыл жендеттерге – ГКЧП-ға берді. Кеше ғана алаңда қазақ жастарын қанға бөктірген қызыл жендеттерге енді бастық Сағат бас иіп, қол қусырып төрге шығарды. Төрге шығаруға мәжбүр болды. Яғни ертең өз басыңды алатын жендеттерді, сөйтіп, эфир төріне шығарды. Сағат сөйтті. Жендеттерге эфирді берді. ГКЧП-ны лажсыз төрінде тайраңдатты. Сағат, сөйтіп, өз болмысына өзі қайшы келді. Қолы ГКЧП-ны эфир төріне шығарса да, жүрегі атойлап қарсы шықты. «Әй, сен, мына жендеттерді құшақ жая қарсы алып, енді ертең ел алдына қалай шығасың? Жаздық. Жаңылдық дейсің бе?» Осылайша атойлап өз болмысы өзіне қарсы шықты. Алаш үшін арпалысты азамат Сағат пен партиялық бастық Сағат. Осы екі от арасында жүрек байғұс… шыдамады. Жүрек байғұс шытынап барып айырылып кетті. Сөйтіп, советтік империяның соңғы тұяқ серпісі бізге тиді. Арамыздан Сағатты алып кетті. Сағат атышулы путчтың құрбаны болды. Советтік режимнің соңғы құрбаны болды. Біздіңше, Әшімбаев аруағы осылай ұлықтауды қажет етеді. Тек қана сыншы емес, саяси құрбан ретінде де ұлықтауды қажет етеді.
Өмірден Сағаттың өзі өтсе де, оның сөзі өткен жоқ. Сағаттың сөзі ұлы Мәуленнің аузында бүгінде. Мәуленнің тілімен тәуелсіздікке қызмет етіп келеді Сағаттың сөзі.
Өмірден Сағат өтсе де, оның қасиетті қаламы иесіз қалған жоқ. Жазуын тоқтатқан жоқ. Ол қалам бүгінде жары Шәрбанның қолында. Елімізге белгілі жазушы Шәрбану Бейсенова қазақ әдебиетіне қалтқысыз қызмет етумен келеді. Сағаттың 70 жылдығына жазушы тартымды да талантты дүниелермен келді. Ол – бүгінде әңгіме-хикаяттардан құралған он шақты кітаптың авторы. Соңғы жылдары осынау талантты қалам иесі әдебиетімізде бір соны сүрлеу салды. Ұлы дала тарихында рөл атқарған атышулы қазақ арулары туралы тарихи дерекке негізделген көркем хикаяттар сериясын жазды. Солардың ішінде көркемдік болмыс бітімі мінсіз жасалған хикаят – Сібір ханы Көшімнің екінші әйелі Сүзге сұлу туралы. ХVІ ғасырдың аяғында Ермак бастаған отқарулы қарақшылар Сібір ханы Көшім ордасын талқандады. Көшімнің сүйікті Сүзгесіне арнап салдырған қорған қала жау қолында қалады. Ермактың атамандары қаланы қоршауға алады. Сүзгеге талап қояды, «тірі беріл, сонда сені Ресей патша ағзамына сыйға тартамыз» деген. «Ресей ханымы боласың» дейді. Сүзге сұлу қарақшылардың уәдесін алады, «қала тұрғындарын қырмаймыз» деген. Сол уәде бойынша қала тұрғындарын түнде қаладан шығарып жіберіп, өзі қорғанда қалады. Қарақшылар таңертең уәде бойынша қалаға кіреді. Алаңда түп терекке арқасын сүйеп отырған жалғыз Сүзге ханымды көреді. Қуанып кетіп жанына барса, Сүзге аққан қанының үстінде жан тапсырған қалпы отыр. Сөйтіп, орыс патшасына тоқал болғанша, туған жердің топырағында қалуды артық санаған дала аруы.
Шәрбанудың «Сүйімбике» деректі хикаяты да Иван Грозныйдан Қазанды қорғап, қолға түскен дала аруы, Едіге бидің тұқымы, әйгілі Сүйімбике ханым туралы жан тебірентерлік трагикалық дастан. Осы шығарманы оқи отырып «Сүйімбикенің Жанна Д Арктан несі кем?» деген ой келді. Сүйімбике де Мәскеуде Грозныйға бас имеді. Патша осынау ұлы даланың аруын Қасымов қаласындағы Қазан хандығын сатқан сатқын татарға тоқалдыққа береді. Бұл қорлыққа шыдамаған Сүйімбике мұнарадан секіріп өледі. Неткен тағдыр! Неткен ер мінезді арулар! Бұдан артқан ерлік, бұдан артқан отансүйгіштік бар ма?! Экранда осындай ерлікті толғай алмай келе жатқанымыз мін дер едік. Жазушы Шәрбану Бейсенованың «Бір махаббат баяны» хикаяты да тұнып тұрған кино. Сібірге айдалған күйеуінің соңынан қиямет-қайым қиыншылықтарды еңсеріп, іздеп барған қазақ әйелі туралы толғау. Жазушы, сөйтіп, ұлы дала тарихындағы бір тамаша тақырып көмбесін ашып, әдеби айналымға түсірді. Сағат қорғаған қазақ намысын оның жары, талантты қалам иесі Шәрбану Бейсенова сөз майданында осылайша қорғады және қорғап та келеді. Әшімбаевтар әулеті, мінеки, осынау 70 деген жотаға жойдалы жеміспен көтерілді.

Смағұл ЕЛУБАЕВ

Құлаққағыс
Қазанның 6-сында көрнекті әдебиет сыншысы, қоғам және мемлекет қайраткері Сағат Әшімбаевтың 70 жылдығына арналған салтанатты кеш Алматы қаласында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өтеді. Басталуы: сағат 18:00

zhasalash.kz

Related Articles

  • Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ.

    Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ.

    Zhalgas Yertay Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ. Ол халықтың ішкі күші мен биліктің саяси еркіне қарайлап тұр Ертеректен бастайық. Баяғыда қазақтың басты проблемасы санында еді, ол рас. Қазақтар өз жерінде азшылыққа айналған-ды. Ал қалада қазақша есту қиын болатын. Мектептерде, университеттерде, мемлекеттік басқаруда, бизнесте қазақ тілі шеттетілді. Сол кезде қазақ тілінің тағдыры демографияға тәуелді еді. Бұл логика ұзақ уақыт дұрыс саналған. Бірақ бүгінгі Қазақстанға қарасақ, жағдай өзгерді. Қазақтар көпшілікке айналды. Қазақ тілін түсінетіндер мен сөйлейтіндер саны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Қазақ мектебіне баратын балалардың саны жыл сайын артып келеді. Қазақ тілі күнделікті өмірдің негізгі тіліне айналды. Бірақ неге тіл мәселесі әлі өзекті болып тұр? Мәселе санға емес, санаға

  • Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Altyn Magauina Бүгін Атамыздың ең жақын шәкірттерінің бірі, біздің бауырымыз, қазақтың мақтан тұтатын жастарының бірі Ғалым Боқаш мерейлі 50 жасқа толып отыр. Біз үшін бұл күн – жай ғана Ғалымның туған күн емес, бұл – оның жарты ғасырлық өнегелі өмір жолының, адал еңбегінің, биік парасат пен адамгершілігінің мерекесі. Біз Ғалымды тек терең білімі үшін емес, үлкен жүрегі үшін қадірлейміз. Ғалымның әлемнің ең беделді оқу орындарының бірі – Оксфорд университетінде білім алып, “Азаттық радиосында жемісті еңбек етіп, бүгінде Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік қызметінде абыройлы жұмыс атқарып жүргені оның табандылығының, білімге құштарлығының және еңбекқорлығының айқын көрінісі. Алайда адамның шынайы бағасы оның қызметімен немесе жеткен жетістіктерімен ғана өлшенбесе керек. Адамның қадірі оның жүрегінде,

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    Адамның бәрі бірдей емес. Ақыл-ойы еркін, мәнді, құнды дүниелер туғыза алатын, жасампаздық қуаты зор адамдар болады. Сол сияқты өркениеттік әлеуеті (потенциалы) зор халықтар болады. Ондай қасиет өзіндік құндылықтар жүйетін жасай алатын, ешкімге ұқсамайтын, терең тамырлы руханияты бар халықтарда болады. Қазақтың бүкіл тарихы мен мәдениеті біздің сондай халықтар санатына жататынымыздың айғағы. Сондай айғақ Абайдың ақындық мектебінің көрнекті өкілі Көкбай Жанатайұлы шығармашылығында молынан табылады… Кеше Семей қаласындағы Абайдың қорық- музейінде Көкбай Жанатайұлының 165 жылдығына арналған “Абайдан сабақ алдым бала жастан” атты әдеби кеш өтті. Зал белгілі абайтанушы, профессор Жандос Әубәкірдің тағылымы мол, әсерлі баяндамасын ерекше ынтамен тыңдады. Спикерді тыңдап отырып: “Біз Көкбайды тіпті білмейміз деуге болғандай екен ғой… Кейде тіпті жеңіл, үстірт

  • ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    Екі мыңыншы жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше басылымдар болды. Атап айтсақ, Атырау шәрінде шыққан «Алтын Орда» газеті болса, одан кейінгісі Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ», сондай-ақ «Шетел Әдебиеті» сынды газеттер еді. «Алтын Орда» газетіне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал қалған екеуіне Талғат Ешен мен Ардақ Нұрғазы іспетті қазақтың интеллектуал азаматтары бас редактор болған еді. Бәрі  де есімдері елге мәлім, ғажайып ақындар. Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқашан жарытып газет шығара алмайды», – деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды.  «Әдебиет порталы» «УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК…» айдарымен  тек аталған осы басылымдар ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: