|  |  | 

Руханият Саясат

Қош бол, Советтік атаулар!

Редакциядан: Күні бүгінге дейін Болат Бакауов басқаратын Павлодар облысына, ондағы тілдік мәселелерге, жер-су атауларына, әлеуметтік мәселелерге т.б. қатысты сыни сөз Abai.kz ақпараттық порталында аз жазылған жоқ. Біз жазсақ өткір һәм әділ сын жаздық. Біреуді нақақ қаралап, дерек бұрмалаған жоқпыз. Өзекті проблемаларға өз ойымызды қостық. Соның бірі – өңірдегі өгей атаулар еді. Ескі одақтың кезінде идеологиялық мәжбүрлеу арқылы енген сол бір саяси һәм бейсауат атаулардың күні бүгінге дейін сақталып келе жатқанын талай рет жаздық. 

Бүгін редакциямыздың электронды поштасына Павлодар облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ономастика жұмыстары бөлімі өңірдегі жер-су, елді-мекен мен көше, аудан атауларын қазақыландыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы егжей-тегжейлі баяндап, мақала жолдапты. Сөйтсек, Кереку жұрты “Қош бол, советтік атаулар” депті. Нақтылап айтсақ, соңғы  екі-үші жылдың ішінде Ленин есімімен аталатын 30 көше, Советов атауымен аталатын 15 көше, Октябрь атындағы – 12, Целина атындағы – 17, Комсомольская атындағы – 12  көше ұлттық танымға қатысты атаулармен алмастырылған екен. Жалпы алғанда, Павлодар облысында соңғы 2-3 жыл ішінде 500-ден астам көшенің атауы, 26 елді мекен атауы мен 2 ауданның атауы өзгертіліп, 5 білім беру мекемесіне ұлы тұлғалардың есімі берілген. Көрдік, көзіміз сүйсінді. Бәрекелді, дестік. Осы туралы егжей-тегжейлі төмендегі мақаладан оқып, білерсіздер…


Ономастикалық атаулар өңірдің ерекшеліктерін көрсетіп тұратын рухани құндылықтарының негізі факторы екені баршаға аян. Сондықтан ертеректе қойылған қазақи көне атаулардан сол аймақтың табиғи, физико-географиялық өзгешелітері мен басқа да қырларын аңғармау әсте мүмкін емес. Оған  бабаларымыз атаған өзен-көлдер мен орман-тағайлардың, таулар мен қыраттардың,  жайлаулар мен қыстаулардың атаулары дәлел. Өкінішке орай физикалык-географиялық нысандардың атаулары сақталғанымен ономастиканың қоғам үшін маңызды бөлшегі боп табылатын елді мекендер мен құрамдас бөлік атауларының біршамасы түрлі тарихи оқиғалар кесірінен өзгеріске ұшыраған болатын. Атауларды жаппай өзгерту мәселесі әсіресе Кеңес Үкіметінің әмірі үстем болып тұрған кезеңде белең алып, ертеден бері келе жатқан атауларымыздың көпшілігі өзге тілдердегі атаулармен алмастырылса (ЕфремовкаДаниловкаОльгинка, Башмачный, Белоусов, ОльховТимирязев, Крупское, Октябрьское, Галицк, Благодатное, Петропавловка, Церковное, Сахновка), біршама атауларымыз тілдік нормасынан ауытқып, өзінің түпкі нұсқаларына ұқсамайтындай қалыпқа дейін өзгерген. Бұған аймағымыздағы Арбиген [Арбаиген], Урлютюб [Үрлітүп], Моялда [Мойылды] т.б. атаулар дәлел. Осындай этимологиялық ауытқуларға душар болған нысандардың мән-мағынасы жергілікті тұрғындарға да, өзге этнос өкілдеріне де беймілім күйде десек те болады.

Сондықтан еліміз егемен ел аталғаннан бері өңір-өңірлерде елді мекендерге тарихи атауларын қайтару, көшелер мен даңғылдарды ұлттық нақыштағы атаулармен қайта атау жұмыстары қолға алынды.  Себебі бұл біріншіден жас ұрпақтың отансүйгіштік сезімін арттырып, рухани дамуына ерекше әсер ететін дүние болса, екіншіден тіліміздің шұбарланбай таза қалыпында сақталуына  септігін тигізері сөзсіз. Осыған орай соңғы үш жыл ішінде ономастикалық атауларды өзгертуге жарияланған мораторий алынысымен Павлодар өңірінің азаматтары бірауыздық танытып, тарихи атаулардың қайтарылуына ден қойғандығы біршама жұмыстың басын қайыруға үлкен септігін тигізген еді. Көп жылдар бойғы көпшіліктің қалауын іске асыруға ең алдымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңындағы тапсырмасы мен бүгінгі күні жүзеге асырылып жатқан идеологиялық тұрғыдан ескірген, қайталанатын атаулардытарихи жер-су атаулары және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгерту туралы ҚР Президентінің 2017 жылғы 28 ақпанда берген  № 17-388-5 тапсырмасы ықпал болды.

Осындай мемлекеттік маңызы бар тапсырмаларды негізге ала отырып, Павлодар облысы Қашыр (Качир) ауданына тарихи атауы болып табылатын Тереңкөл атауын, Лебяжі ауданына Аққулы атауын қайтару бойынша жұмыстарын тиімді аяқтап үлгерді. Оның біріншісі Качир ауданының атауын қайта атау мәселесі 2007 жылы 14 желтоқсанда облыстық мәслихаттың шешімімен (№50/3) Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолданып, 2009 жылы Республикалық ономастика комиссиясында қолдау тапқан еді. Алайда түрлі себептермен жарияланған мораторийдің салдарынан құжат кері қайтарылған болатын. Кейін ономастика саласын қатысты заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілгендіктен аталған мәселеге қатысты жұмысты қайта басынан бастауға тура келді.

Ауданның тарихи атауының шығу төркініне тоқталар болсақ ғылыми сараптамаларға сәйкес ертеректе Обь өзені Тереңкөл ауданының маңындағы Ұзынқамыс көліне дейін келіп, мына жақтан Ертіс ернеуінен асып екі өзен қосылған тұста үлкен көл пайда болып, оны халық Тереңкөл деп атап кеткен. Осыдан сол мекеннің, кейіннен болыстың да атаулары Тереңкөл болып аталған. Бұл мәліметті Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Орталық мемлекеттік мұрағаты мен Шығыс Қазақстан облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұсынған анықтамалар растап отыр.

Осындай деректер мен мұрағаттық анықтамаларды негізге ала отырып, негативті семантикалық ассоциацияларды тудырып, құлаққа жағымсыз болып естілетін Қашыр атауы «Тереңкөл» тарихи атауымен алмастырылғанда жергілікті тұрғындардың қуанышында шек болмап еді. Оның үстіне Жарлық бойынша ауданның қазақша нұсқасымен қатар орысша нұсқасында да қазақ тіліндегі төл табиғаты сақталып, орыс тілінің -ский жұрнағынсыз  «Тереңкөл» болып ауыстырылғандығы қуантарлық жағдай.

Качир ауданымен бірге бұл Жарлыққа сәйкес Лебяжі ауданы да өзгертіліп, Аққулы атауымен аталды. Бұған қоса осы ауданға қарасты Лебяжі ауылдық округі мен Аққу ауылын Аққулы деп қайта атау бойынша облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың шығарған бірлескен қаулы мен шешімнің әділет органында тіркелуі Елбасының аудан атауын өзгертуге қатысты шығарған Жарлығымен тұспа-тұс келгені Аққулы ауданы тұрғындарының қуанышын одан бетер арттыра түскені сөзсіз. Жалпы тіл білімінің теорияларына сәйкес –лы, -лі, -ты, -ті, -ды, -ді туынды сын есім формалары арқылы келген топонимдік атаулардың түбірлері сол аймақтың табиғат және дүниетанымымен тығыз байланысты сөздер болса, түбірге жалғанған -лы, -лі тәрізді сөз тудырушы жұрнақтар түбірде айтылған өсімдік және жануар түрлерінің әлдеқайда кең таралғанынан мол мағлұматтар беретін қосымшалар болып табылады. Осындай теориялық тұжырымдар негізінде Аққу ауылы да өзіне -лы жұрнағын қосып, Аққулы болып қайта аталған еді.

Бұдан өзге жергілікті тұрғындарының пікірі мен ұсыныстары негізінде Баянауыл ауданының Большевик ауылы «Шоманкөл», ЦЭС ауылы «Майкөбе», ТЭЦ ауылы «Үйтас», Павлодар ауданына қарасты Березовка ауылы «Үміт апа», Ақтоғай ауданының Ивановка ауылы «Жалаулы», Ақсу қаласына қарасты Парамоновка ауылы «Береке», Железин ауданының Березовка аулы «Ақтау» атауларымен қайта аталып, қазақша елді мекен атауларының саны арта түсті. Сонымен қатар ұлы тұлғаларымыздың мерейтойы қарсаңында Баянауыл ауданының Жаңажол елді мекені Мәшһүр Жүсіп ауылына, Теңдік ауылы Мұса Шорман ауылына, Қараащы ауылы Қаныш Сәтбаев ауылына қайта атау туралы мәселелер облыстық ономастика комиссиясының отырысында қаралып, оң қорытындыға ие болған еді.

Осы бағыттағы жұмыстар биыл да өз жалғасын тауып, 14 маусымда өткен облыстық ономастика комиссиясының отырысында Ақсу қаласы Мәмәйіт Омаров атындағы ауылдық округінің Путь Ильича ауылының атауы «Еңбек» ауылына, Май ауданына қарасты Қызыл-Октябрь ауылының атауы «Абай» ауылына, Красноармейка ауылы мен ауылдық округі атауы «Кемеңгер» атауына қайта атау туралы мәселелер бірауыздан қабылданды.

Бүгінгі таңда өңіріміздегі Баянауыл, Май аудандарының елді мекендері мен құрамдас бөлік  атаулары толықтай қазақшаға өзгертілді деп айтуға болады.

Жоғарыда аталған тапсырмалар негізінде ономастикалық атаулардың маңызды бөлігі болып табылатын көше атаулары да жаңартылып, ұлттық танымға жақын атаулармен қайта аталды. Бұл ретте әсіресе идеологиялық жағынан ескірген құрамдас бөліктердің атаулары жаңартылып, ұлттық танымға жақын атаулармен қайта аталғандығын айтуға болады. Солардың қатарында қазақ тарихындағы батыр, билермен қоса есімдері алты алашқа мәлім ғылым, өнер, мәдениет қайраткерлерінің де есімдері ұлықталған болатын. Бұлардың барлығы да халықпен жүргізілген насихат жұмысының арқасында іске асырылуда.

Соңғы 3 жыл бойы ономастика саласы бойынша республикалық, облыстық, қала-аудандық газеттерде түрлі мақалалар жарияланып, теледидарлар арқылы біршама сұхбаттар халық назарына ұсынылған еді. Осының нәтижесінде Павлодар қаласының Дерибас көшесі Кеңес Одағының Батыры Құдайберген Сұрағановтың, Суворов көшесі Малайсары батырдың, қаланың кіре берісіндегі Баян батырдың ескерткіші орналасқан көше Баян батырдың, Ленин көшесі Астана атауына, сондай-ақ облыс орталығындағы басты көше Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен қайта аталды. Әрине, елді мекендердің құрамдас бөліктерінен гөрі облыс орталықтарының көшелерін қайта атау мәселесі әлде қайда қиынырақ екені баршаңызға мәлім. Павлодар қаласындағы жоғарыдағы айтылған Ленин көшесі мен Кутузов көшесінің аталғанына біршама жыл болғандықтан, қайта атау жұмыстарын бастамас бұрын жергілікті тұрғындармен барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тура келді. Оның үстіне Павлодар облысы өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған аймақ болғандықтан ономастика, тіл мәселесі еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда біршама күрделірек екені белгілі. Жалпы қазіргі таңда Павлодар облысы бойынша тұрғындардың  шамамен 51,7 пайызы қазақ болса, облыс орталығы тұрғындарының 46,2 пайызы ғана жергілікті ұлт өкілі болып табылады. Сол себепті облыс орталығындағы көше атауларын өзгертуге қатысты қоғамдық жиналыстардың өтетіндігі жөнінде хабарландырулар  тек газет беттерінде ғана жарияланып қоймай, WhatsApp, Facebook, Инстаграм интернеттік желілер арқылы молынан таратылып, қазақ жастарының барынша көп қатысуын қамтамасыз ету, жиналыстың оң қорытындымен аяқталуына септігін тигізетініне көзіміз жетті. Нәтижесінде қоғамдық тыңдауда талқыланған көше атауын өзгертуге қатысты мәселелер ойдағыдай шешімін тауып келеді.

Дәл осындай жүйелі жұмыстар аймағымыздың өзге де қала мен аудандарында жүргізіліп, соңғы  екі-үші жылдың ішінде Ленин есімімен аталатын 30 көше, Советов атауымен аталатын 15 көше, Октябрь – 12, Целина – 17, Комсомольская – 12  көше ұлттық танымға қатысты атаулармен алмастырылды.  Жалпы алғанда   2015 жылдан бүгінгі күнге дейін  шамамен идеологиялық тұрғыда ескірген бірсыпыра көшенің атауы өзгертіліп, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Қаныш Сәтбаев тәрізді ұлылар мен Жұмат Шанин, Кәукен Кенжетаев өнер тарландарының, Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Құдайберген Сұрағанов, сынды Кеңес Одағы батырларының есімдері берілген болатын.

2 білім беру мекемесіне яғни Павлодар қаласының № 22 жалпы орта білім беру мектебі мен Ақсу қаласы Пограничный селолық округінің орта мектебіне Бауыржан Момышұлының, Баянауыл ауданы білім беру бөлімінің Бірлік жалпы орта білім беру мектебіне партизан Жылбек Ақәділов пен Баянауыл ауданы білім беру бөлімінің Ақсаң жалпы орта білім беру мектебіне Дүйсенбай Рахметовтің, Екібатұз қаласының өнер мектебіне Естай Беркімбаевтың  есімдері берілді.

Жалпы айтқанда жоғарыда тапсырмалар негізінде Павлодар облысында соңғы 2-3 жыл ішінде 500-ден астам көшенің атауы, 26 елді мекен атауы мен 2 ауданның атауы өзгертіліп, 5 білім беру мекемесіне ұлы тұлғалардың есімі берілді.

Десек те ономастика мәселесіне қатысты заңнамалық актілер мен ережелерден өзге Үкімет пен министрлік тарапынан келіп түскен тапсырмалардың әліде болса алып-қосар тұстары бар екені баршаға мәлім болып отыр.  Солардың бірі қазіргі уақытта қолданыстағы ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының  бекіткен 150 тұлға тізімі. Нақтырақ тоқталар болсақ аталған тізімге Павлодар облысынан тек 11 тұлға кіргізілген (Бұқар жырау, Мәшһүр Жүсіп,  Жаяу Мұса, Естай, Жүсіпбек Аймауытұлы, Жұмат Шанин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қаныш Сәтпаев, Шәкен Айманов, Ермұхан Бекмаханов, Әлкей Марғұлан). Бұлардан өзге біздің өңірде «Тарихи тұлғалар» тізбесін толықтырар есімдер жетерлік.  Олардың қатарына ақынәнші-композитор Иса Байзақов, ақын, драматург Аманжол Шамкенов, жазушы Мұзафар Әлімбаев,  композитор, халық әншісі Майра Шамсутдинова, ақын, драматург Қалижан Бекхожин, жазушы Дихан Әбілов, ақын Сәбит Дөнентаев, қазақ археология ғылымының негізін қалаушылардың бірі Кемел Ақышев, ақын, жазушы Қамар Қасымов, драматург, әдебиеттанушы Қошмұхамбет Кемеңгеров, кинорежиссер, қазақ кино аудару өнерінің негізін қалаушылардың бірі Қуат Әбусейітов, әнші, Қазақстанның халық артисі Суат Әбусейітов т.б. сынды дарынды тұлғалар мен ерен қайсарлықтың үлгісін танытқан Көлебе батыр, Олжабай батыр, Баянның ағасы Сары батыр (Ерсары деген атпен таралған), Жасыбай батыр сынды батырларымыз  енбей қалған. Осы жайында өңіріміздің танымал ғалымы, облыстық ономастика комиссиясының белсенді мүшесі Бекен Сағындықұлы да «Жердің атауы – елімнің атауы» атты мақаласында аталған тізімнен сырт қалған жоғарыда аталған  тұлғалардың есімдерін тілге тиек ете келе, «Біздіңше бұлардың қай-қайсысы болмасын өңіріміздің қала-аудан көшелерін қайта атауға сұранып-ақ отыр» деп жазған болатын.

Әрине, бұл тізімде тек Ертіс-Баян өңірінің тұлғалары ғана емес, еліміздің барлық өңірінен де ауыз толтырып айтатын батырлар мен билер, өнер, ғылым майталмандары кірмей қалғандығы 2019 жылғы 21 маусымда Орал қаласында өткен «Тарихи атауларды қайтару – тарихи жаңғыру кепілі» тақырыбындағы өңірлік дөңгелек үстелде әр облыстан келген ономаст мамандар мен ғалымдардың сөздерінен байқалған еді.

Олай болса кезінде көнеден келе жатқан дәстүрмен қойылған тарихи атауларымызды қалпына келтіру мәселесіне енді бүгінгі күннің көзімен қарауымыз қажет. Өйткені төл тарихымыз бен мәдениетіміз арқылы қазақ өркениетінің көшін ілгерілете алсақ, келесі ұрпаққа жарқын жүзбен қарай аларымыз анық.

Батырбек Қайыр,

Павлодар облысы тілдерді дамыту жөніндегі

басқармасының ономастика жұмыстары бөлімі басшысы

Abai.kz

Related Articles

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    Адамның бәрі бірдей емес. Ақыл-ойы еркін, мәнді, құнды дүниелер туғыза алатын, жасампаздық қуаты зор адамдар болады. Сол сияқты өркениеттік әлеуеті (потенциалы) зор халықтар болады. Ондай қасиет өзіндік құндылықтар жүйетін жасай алатын, ешкімге ұқсамайтын, терең тамырлы руханияты бар халықтарда болады. Қазақтың бүкіл тарихы мен мәдениеті біздің сондай халықтар санатына жататынымыздың айғағы. Сондай айғақ Абайдың ақындық мектебінің көрнекті өкілі Көкбай Жанатайұлы шығармашылығында молынан табылады… Кеше Семей қаласындағы Абайдың қорық- музейінде Көкбай Жанатайұлының 165 жылдығына арналған “Абайдан сабақ алдым бала жастан” атты әдеби кеш өтті. Зал белгілі абайтанушы, профессор Жандос Әубәкірдің тағылымы мол, әсерлі баяндамасын ерекше ынтамен тыңдады. Спикерді тыңдап отырып: “Біз Көкбайды тіпті білмейміз деуге болғандай екен ғой… Кейде тіпті жеңіл, үстірт

  • Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Арма әлеумет! 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған байланысты іргелес елдерде соның ішінде Шығыс Түркістан өңірінде өмір сүріп жатқан Шыңжаң қазақтарының саяси, әлеуметтік һәм мәдени тарихын танып біліп жүргеніміз артық болмас. Алдымен суреттерге түсініктеме: Бірінші сурет: Шыңжаң өлкесінде 1934-44 жылдары өлке губернаторы болған Шэн Шицайдың (盛世才) бейнесі. Екінші сурет: Тайвань Тайпэйдегі Шэн Шицайдың мазары. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барғандағы естелік. Ол туралы естелікті кейін оқисыздар. Үшінші сурет: Шыңжаң өлкесі Құмыл аймағының аймақ губернаторы болған Жолбарыс Бег-тің мазары. Тайвань Тайпэй қаласындағы мұсылмандар зиратында жерленген. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барып қайттым. Төртінші сурет: 1944 жылы ұлт-азаттық көтерілісшілері Құлжа қаласын азат қылған соң қала

  • ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    Екі мыңыншы жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше басылымдар болды. Атап айтсақ, Атырау шәрінде шыққан «Алтын Орда» газеті болса, одан кейінгісі Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ», сондай-ақ «Шетел Әдебиеті» сынды газеттер еді. «Алтын Орда» газетіне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал қалған екеуіне Талғат Ешен мен Ардақ Нұрғазы іспетті қазақтың интеллектуал азаматтары бас редактор болған еді. Бәрі  де есімдері елге мәлім, ғажайып ақындар. Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқашан жарытып газет шығара алмайды», – деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды.  «Әдебиет порталы» «УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК…» айдарымен  тек аталған осы басылымдар ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық

  • Наурыз мерекесі құрметіне Панфилов көшесіндегі Сахнада «Ән қанатындағы Наурыз» атты дәстүрлі өнерде жүрген жас орындаушылардың ән кеші өтті.

    Наурыз мерекесі құрметіне Панфилов көшесіндегі Сахнада «Ән қанатындағы Наурыз» атты дәстүрлі өнерде жүрген жас орындаушылардың ән кеші өтті.

    Бүгін Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Панфилов көшесі бойындағы сахнада Наурыз мерекесіне арналған «Ән қанатындағы Наурыз» атты жас орындаушылардың дәстүрлі ән кеші жоғары деңгейде өтті. Алматы қаласы ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап ұлт мәдениетінің ұйытқысы, ордасы қызметін атқарып келеді. Дәстүрлі өнердің ірі өкілдері, зерттеушілері осы қалада тұрып, еңбек етті. Қазір де профессионалдық типтегі дәстүрлі музыканың ең ірі ошағы – Алматы. Мұнда этномузыканың белгілі қайраткерлері, дәстүрлі домбырашы, қобызшы, сыбызғышы, әнші-термешілер әзірлейтін арнаулы орта және жоғары оқу орындары, өнер ұжымдары шоғырланған. Қазақ көне музыка аспаптарының жер бетіндегі жалғыз музейі мен еліміздегі жалғыз дәстүрлі өнер театры да осында. Соңғы уақыттары Алматы қаласында дәстүрлі өнерді насихаттап жүрген жас өнерпаздардың арнайы ән кеші өтпеп еді.

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: