|  |  | 

Тарих Тұлғалар

СМАҒҰЛ СӘДУАҚАСҰЛЫ – БЕЛГІЛІ МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ КӨРНЕКТІ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ

Smagul Saduaqas

Смағұл Сәдуақасұлы сүйегінің Астанаға жеткізілуі. 2011 жылы
Астанаға көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, белгілі ағартушы, Қазақ
автономиясы ағарту саласының министрі, қазақтың ұлтжанды азаматы, өткен
ғасырдың отызыншы жылдарында Мәскеуде жұмбақ жағдайда қайтыс болған
Смағұл Сәдуақасұлының сүйегі Қазақстанға жеткізілді. Астана әуежайы
Алаш қайраткерлерінің бүгінгі ұрпақтарымен толығып, елге келген Смағұл
Сәдуақасұлының сүйегін бүтіндей Қазақ жұрты болып қарсы алған болатын.
Бәрімізге мәлім болғандай оның денесі өртеліп, сүйегі кішігірім
сауытқа салынып, Мәскеудегі Дон зиратының аумағына қойылған екен.
Шағын ғана патриоттар тобының күшімен оның сүйегі елге жеткізіледі.
Ол соңғы жылдарда Отанына «қайта оралған» алаш қайраткерлерінің
алғашқысы болды. Оның әкесі төрт жылдан кейін даңқты ұлдың әкесі
болғаны үшін ғана қуғын-сүргінге ұшыраған. Тірі қалған туған-туыстары
«халық жауының туысы» ретінде ұзақ жылдар бойы әрдайым қорқынышта,
қуғында өмір сүрді. Алаш қайраткерінің сүйегі қазақ ұлттының аманаты
бойынша Астана қаласындағы «Жастар» шағын ауданындағы мұсылман
зиратына жерленді.
Білім алуы және қалыптасу кезеңі. Смағұл Сәдуақасұлы 1900 жылы
Ақмола облысы, Омбы уезі, Қорған болысында дүниеге келген. Керей
тайпасының, Ашамайлы руының Малай-Бақтыбай тармағынан шыққан.
Смағұлдың ата-бабалары Ертіс маңындағы Омбы аумағына XIII ғасырдың
басында Шыңғысхан әскерінің шабуылынан қашып мекендеген болды.
Смағұл бала кезінен бастап білім алуға деген құштарлығы жоғары
болған. Алғашқы сауатын ашқан жергілікті ауыл молдасы Әбила
Қуанышұлы. 1915 жылы халықтың сүйікті ұлы Омбы облысындағы Полтава
орыс-қазақ училищесін үздік бағамен тәмамдайды. 1916-1918 жылдары
Омбы ауылшаруашылық училищесі мен Омбы ауылшаруашылық
институтының кооперативтік факультетінде білім алады. 1915-1916 жылдары
туған ауылында халық мұғалімі болып жұмыс істейді. Ал 1931 жылы жаңа
білім алуға деген талпынысы, сол жылдардағы беделді оқу орны Мәскеу

инженерлік транспорт институтына түсуіне себепші болады.
1917-1918 жылдары Смағұл Омбыдағы «Қазақ» жастар ұйымының оң
қанатының жетекшісі бола отырып, Алаш қозғалысы ұстанымындағы «Жас
азамат» («Молодой гражданин») жастар ұйымы басқармасының хатшысы
болып сайланады.
1918-1920 жылдары Ақмола облысы аумағындағы земство
басқармасының қызметкері және мұғалімдер курсының оқытушысы қызметін
атқарған. 1920 жылы 20 жасында Ресей коммунистік жастар одағының Сібір
бөлімшесі бюросы, қазақ-татар бөлімінде, Орталық Комитеттің Шығыс
жастары Одағының мүшесі, Ресей коммунистік жастар одағының облыстық
комиссариат хатшысы болып қызмет атқарған.
Ағартушылық және мемлекеттік қызметі. Өзінің жастығына
қарамастан «Кедей сөзі» («Голос бедняка») Омбы облыстық газетінің
редакторы болып сайланады. Қоғамдық жұмыстарға айырықша белсене
араласуы оны «Ұшқын», «Еңбек туы» газеттерінің редколлегия мүшесі
қатарына қосады. 1920 жылғы Қазақ автономиялық құрылтайшылық съезінде
ОАК КАКСР Кеңесінің мүшесі, Қаз ОАК саяси хатшысы болып сайланды.
Смағұл өмірінің соңына дейін қазақ мемлекеті мен оның аумақтық
тұтастығын қорғады. Ол Қазақстанның ішкі шекарасындағы барлық даулы
мәселелердің толықтай зерттеліп, шешілуін, қазақтар мен қоныс аударушы
шаруалардың аралас орналасқан жер бойынша туындаған шиеленісті
жағдайлары туралы жиі сөз қозғап отырды: «Бәрімізге белгілі болғандай,
қазақ жерінде орыс казактар отарлау саясатын жүргізген уақыттан бері
қоныс аударушы шаруалар бұл аумақты толығымен жайламай, жердің
құнарлысына, өзен-көлдер мен орман шетіне қоныстанды. Патша
өкіметі тұсында орыс поселкелері қазақтар орналасқан болыстардан
шалғай орналасқан еді. Ол әкімшілік бірліктер бүгінгі күнге дейін
сақталып отыр. Егерде біз экономикалық қағидаға сүйенетін болсақ,
қазақ болыстарының басым бөлігін орыстар отырған қоныстарға
қосуға мәжбүрміз. Бірақ олардың біріккен жұмысы қандай болмақ,
осыдан шығатын нәтиже қандай болады, одан көзіміз анық жетіп
отырған жоқ. Өкінішке орай, бүгінгі таңда біз халқы аралас орналасқан
бірде бір болысты көрмей отырмыз. Біз осындай тәжірибе жасап
көруіміз керек, сонда ғана дамудың жаңа кезеңіне аяқ басамыз. Бұл
мәселе өте маңызды және ойланып барып шешім қабылдауды қажет
етеді» деген.
Айта кетер жайт, Смағұл Сәдуақасұлының ой-пікірі Ақмола
облысының Омбы уезі мысалында толығымен дәлелденді. Қоныс аударушы
шаруалар қазақ болыстары орналасқан аймақтарға поселкелерін кіргізе
орналастырғандықтан, кеңес өкіметі тұсында жүз мыңдаған қазақ ауылының
орталығы болмағандықтан, совхоз бен колхоздан тыс жерлерге
ығыстырылған болатын. Сондықтан, 1917 жылы қазақ ауылдарының саны
күрт кеміп кеткен. Ал 1892 жылы ол көрсеткіш жүз пайыз қаазқ ауылдарын
көрсетіп тұрған. А. Кузнецов бастаған статистикалық экспедицияның
мәліметі бойынша Омбы уезінде 800-ге жуық қазақ ауылы болған.

С. Сәдуақасов Ресей империясының отарлау саясатын қатты сынады:
«Қазақ жері революцияға дейін отар болды. Патша үкіметі
Қазақстанның шикізатын, табиғи байлығын пайдаланып «бос
жерлерді» қоныс аударушы келімсектерге беріп, өздерінің мәдени, діни,
ағартушылық ықпалын жүргізді».
Смағұл 1921 жылғы әкімшілік-аумақтық межелеу кезінде Сібір
ревкомының құрамындағы Семей облысын Қазақ автономиясына енгізу
шараларына белсене араласқан. Қазақ жерлерін Ресей Федерациясына
қарайтын Батыс Сібірге қосып қайтарып алғысы келген Сібір большевиктері
табанды қарсылық көрсеткен. Міне, осындай жағдайда Смағұл Қостанай
облысының жерін Қазақстанның құрамында қалдыруға бар күш-жігерін
салды. Мұндай мысалдар өте көп. Қазақтың байырғы жерін сақтап қалудағы
Шамадан тыс ұлтжандылық қасиеті мен ниеті үшін ол коммунистік партия
тарапынан қатаң сөгіс алады. Ал, Ақмола және Семей облыстарының
мәселесіне келгенде, ол ашық түрде оларды Сібір ревкомының құрамында
қалдыруға қарсылық білдіріп, экономикалық жағынан қолайсыз, тарихи
жағынан қисынсыз екенін айтып қарсы шыққан.
Смағұл өз елінің шынайы ұлтжанды азаматы болды, оның өз халқына
деген ыстық махаббаты мен құрметінің шексіз екендігін: «Қазақтар рухани
жағынан өте дарынға бай халық болып келеді. Тілінің үні көркем.
Халық әдебиеті жоғары деңгейде және көзқарастарының кеңділігімен,
әрі әрқилылығымен ерекшеленеді. Мақал-мәтелдері дәл тауып
айтылған қысқа ғана ойды білдіреді. Ән-күйі ерекше… Қазақтар
намысқой, ақылды, мысқылшыл, жігерлі, сөйлеген сөздері сыпайы әрі
қисынды, көркем болып келеді. Олар көңілді, шат-шадыман, жұрт
арасында жүруді, әңгіме-дүкен құрғанды ұнатады» – деген сөздері айқын
дәлелдейді.
1922-1925 жылдары ол көптеген жауапты мемлекеттік қызметтерді
атқарды: Түркістан ОАК-нде КАКСР уәкілетті өкілі, Қазақ автономиясының
жер мәселесі жөніндегі комиссарының орынбасары, Республикалық
Жоспарлау комиссиясының төрағасы. 1925-1927 жылдары Қазақстанды
ағарту халық комиссариаты, БК(б)П Қазақ өлкелік бюросының мүшесі және
«Еңбекші қазақ» газетінің редакторы (қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті)
қызметтерін атқарды.
Жазушы және публицист ретінде. Смағұл Сәдуақасұлы керемет
жазушы ретінде де танылды. Оның «Сәрсенбек» романы, «Күміс қоңырау»,
«Күлпаш» тәрізді құнды повестері мен әңгімелері және бағалы туындылары,
халқымыздың тұрмысын, әдет-ғұрпын, ой-өрісін, арман-мұратын көрсете
отырып, жас қазақ әдебиетін байытқан мол мұра қалдырды.
Ол керемет және дарынды публицист болды. «Өркен» газетінің
редакторы, «Жас қазақ» журналының редколлегия мүшесі, «Қызыл
Қазақстан» («Красный Казахстан» – авт.) журналының жауапты хатшысы
қызметін де атқарған. Оның ұшқыр қаламынан «Жастардың жаңа жолы»,
«Қазақстандағы оқу-ағарту мәселелері» атты еңбектері жарық көрді.
Көтерілген мәселелерінің көбісі өзектілігін әлі күнге дейін жоғалтпаған.

Смағұл халықтық білім беру жүйесін нығайту қажеттілігі жөнінде
қалам тартты. Оның 1919 жылы жазған «Ауылдың қажеттілігі» атты
мақаласында айтқан ойлары уақыт өткен сайын өзектілігін сақтап
келеді: «Халықтың игілігі үшін жұмыс істеп жатқан әрбір адам білімсіз
болса, оның жақсы жаққа қарай талпынуы нәтижесіз құр босқа –
әурешілік болар еді. Білімсіз әрі тоғышар халықта табанды ой да
болмайды», – деген болатын.
1921 жылы Смағұл қоғамдағы бірқатар мәселелерді шешу үшін,
жастарды қоғамға пайдалы азамат ретінде тәрбиелеу мақсатында белсенді
түрде бірігуге шақырды: «Жастар не істеу керек? Олар өздігінен
ұйымдасып, бірігу қажет. Бұл ұйымдарда жастар өздерін болашақ өмірге
дайындауы қажет. Дәстүрдің озығын ала отырып, оқып біліп алып, өзін
өзі дамытып отыруы керек».
1924 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының беттерінде қазақ
мектептеріне арналған оқулықтардың баспадан шығуы мен қазақ тіліндегі
терминдердің шығуы мәселелеріне тоқталды.
Әсіресе өзін-өзі тәрбиелеу мен сыни көзқарасқа ерекше тоқталады:
«Адам өзін өзі тәрбиелеу керек. Өзіне өзі сыншы бола білген кісі, өз
кемдігін өзі көре білген кісі көпке басшы болуға жарайды. Көптің
кемдігін айтып, оған үлгі болуға жарайды» .
Смағұл жемқорлыққа үзілді-кесілді қарсы бола отырып, билік басында
әділ әрі парасатты тұлға болуы туралы: «Біздің міндетіміз неғұрлым
тазалық, дұрыстықты іздеу. Нашардың қамын ойлайтын табанды
жастар туғызуға тырысу… парақор, халыққа тиышсыз біреу болыс
болғалы тұрса, біздің ұйымдағы жастар ондаймен аянбай күресуі керек»,
– деген болатын.
Ол өлкеде денсаулық сақтау саласының дамуына айтарлықтай үлес
қосқан. Медициналық білімі жоқ халық емшілеріне көңілі толмады. Дала
қазақтарының арасында аурудың дамуының алдын алуға шара қолданудың
әдістерін көрсетті: «Земство барлық күш жігерін сала отырып,
денсаулығы сыр берген адамдарды өлімнен құтқарып қалса деп
тілеймін. Бұл үшін, алдымен ауруханалар мен фельдшерлік пункттерді
орынды пайдалана білу қажет. Екіншіден, земство халық арасында
аурулардың таралуын алдын алатын жалпы медицина туралы ақпарат
беретін қазақ тілінде жалпы халыққа қолжетімді кітапшалар мен
үнпарақтарды таратуы қажет».
Қайраткер күштеп ұжымдастыру мен қолдан жасалған ашаршылыққа,
сонымен қатар Қазақстанның шикізат өлкесі ретінде орталықты қамтамасыз
етуі туралы мәселерге ашық түрде қарсылық көрсеткендіктен қудаланып,
қуғын-сүргінге ұшырады.
Смағұл Сәдуақасұлын саяси қуғындау. Смағұл және оның
маңайындағылар, орталықтың «Сәдуақасовшылдық» деген атауымен, өлкеде
айтарлықтай оппозициялық күшке айналды. Оның жақтастары биліктен
қуылып, кейінірек көздері жойылды.
И. Голощекин билікке келген уақытта Смағұл Сәдуақасұлы қажетсіз,

зиянды тұлғаға айналды: ол 1927-1928 жылдары Ташкенттегі Қазақ
педагогикалық институтында ректор болып қызмет етеді. «Большевик»
журналының 1928 жылғы №1 санында жарияланған «Ұлттар мен ұлт
өкілдері» атты мақаласында ол, большевиктердің шектен тыс өктемдігін
әшкере етті. Оның ойынша, кеңес өкіметінің даладағы ең басты пісіп
жетілген мәселе – жер мәселесін шешпеуін тілге тиек етті. Алдыңғы буын
ағалары – Алаш қайраткерлері тәрізді 1905 жылы жазылып, қол қойылған
Қарқаралы петициясындағы талаптар: Ресейден келген қоныс аударушы
келімсектердің қазақ жерін отарлауын тоқтатуды, жергілікті халықтың өзінің
ата-қонысына көшіп келуін қайта көтерді. Оның бұл қадамға баруға мәжбүр
болған себебі: Ресей империясы отарлау саясатын одан әрі жүргізіп жатқан
болатын. 1897 жылы жазылған Жалпыресейлік санақ нәтижесінде Ресей
империясының қарауындағы қазақтың байырғы халқы саны 80 % құраса, ал
1959 жылы ол 29%-ға түскен.
Смағұлды билік қоғамдық-саяси қызметтен аластатты. Ол 1928-1931
жылдары КСРО Ғылым Академиясының шығыстану институтында
қатардағы ғылыми қызметкер бола жүріп, сонымен қатар Мәскеу инженер-
транспорт институтында оқыды. 1931-1933 жылдары Донбасс-Мәскеу
теміржол құрылысында қарапайым инженер болған.
1933 жылы 16 желтоқсанда Воронежде ресми мәліметтер бойынша,
желтоқсан айының 16-ы күні іш сүзегінен Мәскеу ауруханасында жұмбақ
күйде көз жұмады. Өзінің замандастары, жақын туыстары мен алаш
қозғалысы мен оның өмір жолын зерттеуші ғалым Д. Қамзабекұлының
пікірінше НКВД қызметкерлері оны улап өлтірген деген күдік бар. Себебі С.
Сәдуақасов өз отандастары арасында орасан зор беделге ие, бөтен озбыр
әрекетке төзбейтін, бірбеткей тұлға ретінде кеңес өкіметіне, соның ішінде
сталиндік тоталитарлық жүйеге аса қауіп төндіретін жан ретіндеоның көзін
құртуға асықты.
Туыстарының тағдыры. Оның жақындары да «халық жауы» деп
нақақтан жапа шеккен. Оның әкесі халық арасында құрметке ие болған жан.
Сәдуақас молда біртуар ұлдың әкесі болғаны үшін заңсыз ұсталып, 1937
жылғы қуғын-сүргін кезінде атылған. Әйелі Елизавета Әлиханқызы (1903-
1971 жж.) Алаш қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейханның қызы,
дәрігер маман, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, көп уақыт бойы
қудалаудан қорқып Қазақстанға келе алмаған. Ұлы Ескендір соғыс жылдары
Отанды қорғау жолында қаза болған.
Сәдуақастың анасы Мәжікен (1879-1938 жж.) басқа түскен қайғыны
көтере алмай, күйеуі өлгеннен кейін бір жылдан соң бақилық болған.
Смағұлдың қарындасы Орынбасар (1916-1990 жж.) өмір бойы күдікті ретінде
қуғында өмір сүрген. Өзіне тиесілі зейнетақыға да ілінбеген ол Тәуелсіздікке
дейін өмір сүрді.
Астанада Смағұл Сәдуақасұлына ескерткіш орнатылып, оның есімімен
жаңа көшелер мен алаңдар аталып, Қазақстан Республикасы Білім және
ғылым Министрлігінің қайраткер есімімен стипендиялары тағайындалады
деген ойдамыз. Оның есімі ұрпақтар жадында мәңгіге сақталатыны ешбір

жанға күдік тудырмаса керек.
Қабылдинов Зиябек, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Kerey.kz

Related Articles

  • Жұмабек Тәшеневтің туғанына 110 жыл

    Жұмабек Тәшеневтің туғанына 110 жыл

    Бүгін Жұмабек Тәшеневтің туғанына 110 жыл толып отыр. Құжаттарды оқысақ, Хрущев Қырымды Украинаға берген соң республикалардың аймақтарын басқаша бөлмек болған екен. Қазақстанда целинный край құрып, елдің оңтүстік бөлігін көрші елдерге беруге үзілді-кесілді қарсы болған. Бұл мәселенің тіпті қарастырылуына қарсы шыққан. Кейін осы ұстанымы үшін қызметі төмендетілді. Министрлер кабинетінің төрағасы қызметінде Б.Момышұлы, Р.Қошқарбаевты Ұлы Отан соғысының батыры атағына бірнеше рет ұсыныпты. С.Нұрмағамбетовке көмектесіпті. 1960ж 212 пәтерлі үйді қазақ өнерінің майталмандарына бергізіпті. 1955ж Қытайдан оралған 100 отбасы далада қалғанда олардың мәселесін шешу үшін үкіметтен арнайы комиссия құруды сұраған екен. Елге қызмет еткен азамат қой. p.s. мұндай принципшілдік – бүгінде сирек кездесетін қасиет. Nurmukhamed Baigarayev

  • НАУРЫЗ туралы маңызды құжат

    НАУРЫЗ туралы маңызды құжат

    Ашық дереккөздерден 1920 жылғы 20 наурызда Ташкентте Тұрар Рысқұлов қол қойған Наурызды атап өту туралы бұйрыққа көзім түсті. Демек, биыл бұл тарихи құжатқа – 105 жыл! Алайда, арада небәрі алты жыл өткен соң 1926 жылы Наурызға тыйым салынды. Ал, 1920 жылы Түркістан Кеңестік Республикасының Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болып қызмет еткен Тұрар Рысқұловтың тағдыры қандай қайғымен аяқталғаны баршамызға мәлім. Оны “халық жауы” деп танып, 1938 жылдың 10 ақпанында ату жазасына кескен… Нашел вот такой документ в открытых источниках: Приказ, изданный в Ташкенте Тураром Рыскуловым от 20 марта 1920 года о праздновании Наурыза. Получается, в этом году этому историческому документу исполнилось 105 лет! В 1926 году Наурыз оказался под запретом. А

  • Қазақ-жоңғар дін үшін соғыспаған!

    Қазақ-жоңғар дін үшін соғыспаған!

    Қазақ-жоңғар дін үшін соғысқан дегендер мына дерекке сүйенсе керек: 1691 жылы 6 ақпанда Иркутск қаласында Жоңғар ханы Галдан Бошогту (моңғол. Галдан Бошигт; Қалм. Галдан-Бошигт; 1644 – 1697) елшілерінің Қазақ хандығы туралы әңгімесі. «…Шабармандар: «Осыдан он жылдай бұрын олар, Қалмақ Бушухту ханы мен Казак Ордасы, діні әртүрлі болған. Бушухту хан қалмақтармен және басқа да орда мүшелерімен бірге Далай-ламаға сенеді, ал казак ордасы әсіресе Мұхаметке Қырымдық жолмен сенеді, бұсурмандық жолмен сүндеттеледі. Ал Бушухту хан Казак Ордасына онымен, қалмақ Бушухту ханымен және Орданың басқаларымен бір Далай Ламаға бірігіп буддаға сенсін деп жіберді. Сондықтан да олармен жанжал туындады, өйткені олар қалмақ жолымен Далай-ламаға сенгісі келмеді, осының салдарынан үлкен шайқастар болып, Бушухту хан олардың көптеген

  • Жин Нода: Қазақ хандары мен Цинь империясының байланысы тым терең

    Жин Нода: Қазақ хандары мен Цинь империясының байланысы тым терең

    Өткен жылы қолыма Токио шет тілдер университетінің профессоры Жин Ноданың «Ресей мен Цин империялары арасындағы Қазақ хандықтары: XVIII-XIX ғасырлардағы Орталық Еуразия халықаралық қатынастары» атты зерттеу еңбегі түсті. Өз тарихымызға қатысты болған соң, бір деммен оқып шықтым. Аталған кітапта қазақ ханы Абылай мен өзге сұлтандардың Цин императорына жазған хаттары туралы баяндалады. Жақында Жин Нодамен хабарласып, көкейімізде жүрген сұрақтарды қойдық. – Ғылыми зерттеу кітабыңыз ерте­дегі Қазақ-Цинь империясы қатына­сын өзгеше тануға арналған академия­лық еңбек екен. Бұндай зерттеуге бет бұруға не түрткі болды? – Мен Орталық Азияны зерттеу барысында Ресей және Цинь империясы туралы көзқарастарда үлкен алшақтық бар екенін байқадым. Осы алшақтықты жою мақсатында мен қазақтардың тарихын ресейлік және қытайлық дереккөздер негізінде зерттеуге кірістім.

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы:

Zero.KZ