|  | 

Тұлғалар

МАҒЖАН МЕН СМАҒҰЛ

Алаш зияларының арасындағы тығыз байланыс, олардың бір-бірін рухани һәм материалдық тұрғыдан демеуі – шынайы тарихи факт болса, осы шындық сәт сайын ашылып жатқанына жаның қуанады.

Алматыдан Астанаға араға кемі екі-үш күн салып жететін «Жас қазақ» апталығы 2014 жылы 7 қарашада (№ 44) жарқ еткізіп Байқал Байәділовтің «Сурет құпиясы» атты материалымен қоса арасына Мағжан енген бір топ азаматтың (оқушы балалар да бар) фотосуретін жариялады.

Мақала авторы мұны Еңбекшілдер ауданы «Казгородок» мекенінде тұратын Зура Темірхановадан алғанынан айтады. Оның арғы жағында бұл кісінің әкесі Темірхан – М.Жұмабаевтың шәкірті болғанын жеткізеді. Сөйтіп материалының соңында «оқырман суреттегі азаматтарды танып жатса, газетке хабарласса екен» деп ой тастады.

Апталықтағы суретті көре сала, бір тұлғаның бейнесі көзімізге оттай басылды. Бірақ, бір ескертетін жайт, фотография мұқият сақталынғанымен, «Жас қазақ» оны шағын етіп басыпты… Дереу осы газеттің Астанадағы өкілі, ізденгіш және жауапкершілігі зор журналист Төлен Тілеубайға хабарласып, суреттің электрондық нұсқасын сұраттық.

Үлкейтіп көрдік: ақын Мағжанның сол жағында отырған азамат – болашақ аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш үшін кеудесін оққа төсеуге барған Смағұл Садуақасұлы (1900-1933) екен.

Біздіңше, бұл фотосурет 1919 жылы Омбының бір оқу орнының жанында түсірілген. Бұл аумақтың ел басқару жүйесінде қазақ және татар секторы (мысалы, білім бөлімінің қазақ-татар секциясы) болғаны мәлім. Мына оқығандар – Омбы шәкірттері, білім қызметкерлері. Бәлкім, Б.Байәділов айтқандай, мұғалімдер курсының тыңдаушылары болуы да мүмкін. Бір қызығы, ертедегі суреттерінде Мағжан ылғи галстук таққан қалпында еркін түседі екен. Смағұл ерекше үлгіде ақ жейде, Еуропаша кәстөм киіпті. Қолында – сағат. Біз танып отырған екі тұлғаның да қыса ұстаған жеңілдеу бас киімдеріне қарап, мезгіл – күзгісалым екенін аңғарамыз…

Суреттегі Смағұл – 19-дағы жас талап. «Елге қызмет етемін, ұлтқа жаным садаға» деген азаматты уақыт қалай өсіреді десеңізші, мына біршама салмақты болып отырған жігіт арада 3-4 жылдың ішінде тұтас Қазақстан мен Түркістан танитын, Кремль сескенетін батыл тұлғаға айналды.

1919 жылы С.Садуақасұлы не істеп жүр еді? Немесе оның осыған дейін жинаған қайраткерлік тәжірибесі қандай еді?

Аталған жылы ол ресми Омбыда «Центросибирь»  аталынатын бірлестікте нұсқаушы болып қызмет істейтін. Былайша айтқанда, болашақ республиканың экономикасына байланысты тәжірибе көрігінен өтіп жүрген-ді. Шикізатты қалай өнім ету және оны қалайша қазаққа бұйырту – Смағұлдың өзекті мақсаты еді. Бүгінде классикалық мақалалар деп жүрген «Киргизская (казахская) литература» очеркі мен «Нужды аула» атты топтама мақалаларын ол бар болғаны 18-19 жасында осы ұйымның «Трудовая Сибирь» журналына жариялағанын жақсы білеміз.

Жас талап оған дейін 15 жасында – ауыл мұғалімі болып, 16-18 жасында Омбы ауылшаруашылық училищесінде, политехника институтының кооперация курсында, ауылшаруашылық институтының кооперация факультетінде оқиды. Сонымен бірге қысқаша курстарда дәріс беріп, Ақмола облыстық Жер-су басқармасында қазақ бөлімі оқу ісінің меңгерушісі болады. Саяси күреске 1916 жылы араласып, «Бірлік», «Жас азамат» ұйымдарында қайраткерлік шыңдалудан өтеді. 1917-1918 жылдары Ақмола облысында Алаш комитетін құруға атсалысады. 1918 жылы 5-13 сәуірде М.Мырзаұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Г.Досымбекқызы сынды жастармен бірге Омбыда ұлт жастары съезін ұйымдастырады. Алаш ұл-қызын бір мұрат төңірегіне топтастыруға атсалысады.

1918 жылдың 14 желтоқсанынан 1920 жылдың 6 мамырына дейін  «Центросибирьде» жұмыс істеп, әрі қарай «бұл жерде жұмысымды жалғастыру ұлтымның келешегі үшін негізсіз» деп тауып, өз еркімен босайды. 1920 жылдан бастап ол – Сібір   жастар   комитетінің мүшесі, «Жас   азамат», «Еңбекшіл жастар», «Кедей сөзі» (Омбы), «Ұшқын», «Еңбек туы» (Орынбор) газеттерінің жауапты шығарушысы, алқа мүшесі, Қазақстан Жастар одағының хатшысы.

Смағұл 1920 жылы 12-18 қыркүйекте аралығында Мәскеуде өткен Күншығыс ұлттары жастарының І конференциясына өкіл ретінде қатысып, қазақ жастарының атынан сөз сөйлейді.  Жиында Күншығыс жастарының орталық бюросына мүше болып сайланады. 4 қазанда Орынборда жалпы қазақ кеңестерінің І съезіне делегат болып, жас қайраткерлер атынан мінберге шақырылады.

Осы жолы ол Қазақ автономиялық республикасы Орталық атқару комитетінің төралқа мүшесі болып сайланып, саяси хатшы, төрағаның орынбасары қызметін атқарады. 2 желтоқсанда Атқару комитетінің кезекті мәжілісінде (төраға С.Меңдешұлы) ол Қазақ мемлекеттік баспасының 5 кісіден тұратын редакциялық алқасына кіреді (А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, Х. Болғанбай, Ж.Аймауытұлы сынды тұлғалармен бірге).

Әрі қарай ол Алаштың алғысына бөленген үлкен саясатқан еніп кете барды. Бар болғаны 7 жылда (1920-1927) ол өзін Қазақ еліне қандай қайраткер, қандай қаламгер екенін танытты. Қазақ жерінің тұтастығын сақтаудағы, ұлт мұрасы мен Алашқа жанашырлық танытудағы, ел экономикасын кооперациялық-өндірістік негізде құрудағы Смағұлдың ерлігі – баламыздың баласына айтып отыратын ақиқат. Бүгінгі отаншыл ұлт жастары осындай тұлғаның болғанын білу және білгенін құрбы-құрдастарына жеткізу – парыз. Қатарластары Смағұлды «біздің заманның Кенесарысы» дейді екен…

Ұлтымызға тажал болып келген Кремль саясаты, оның қолшоқпары – Голощекин С.Садуақасұлын 1927 жылы саясаттан шеттетті. Мұның ақыры 1933 жылы қызыл террормен – білікті инженер Смағұлды Мәскеуде шімірікпестен өлтірумен аяқталды…

«Өлімінің шындығы ашылмасын» деген болуы керек, Кремль түрлі себепті сылтауратып, оның сүйегін өртетті. Бір уыс мәйіт күлін атеистенген Дон зиратханасының қабырғасына қойып тынды. 1992 жылы православ епархиясы бұл зиратхананы толық өзіне алып, күнделікті христиан ғұрпын жалғастырғанда, ұлттың күн тәртібінде Смағұл сүйегі күлін қара жер қойнына беру міндеті тұрды. Сәтін салып, бұл міндет 2011 жылы жүзеге асты. Қазір С.Садуақасұлы зираты Астанадағы байырғы Хан Кене сарбаздары қабірстанында…

Мағжан мен Cмағұлдың арасын байланыстыратын деректер аз емес.

1916 жылы жас та болса бас ақын «Балапан қанат қақты» атты аллегориялық әңгіме жазды. Бұл – оның Омбыда Смағұлдар шығарған «Балапан» атты журналды (редакторы – Қошке Кемеңгерұлы) қолдауы еді.

Алда Алаш деңгейіне көтерілетін жас қайраткер де Мағжанның дүлділдігін ерте таныды. Сібір мен қалың Ресейдің сауатты оқығандарына арнаған «Қазақ әдебиеті» очеркінде (1918 жылы жазылып, 1919 жылы басылған): «Из молодых сил в области поэзии выдвигается молодой поэт М.Б.Жумабаев. Он – поэт-лирик самостоятельного направления. Его стихотворения очень распространены среди молодежи и по звучности не уступают даже стилю Абая. По искренности мысли и художественности слога он превзошел всех поэтов-лириков, писавших до него (Қазақшасы: Поэзия саласындағы соны күштердің ішінен жас ақын М.Б.Жұмабаев жарқырап көрініп келеді. Ол – өзіндік дара бағыттағы лирик ақын. Оның өлеңдері жастар арасына кеңінен тарап кетті. Үнділігі жөнінен олар Абай жырларынан кем түспейді. Ойының айқындығы, жырының көркемдігі жөнінен ол өзіне дейінгі лирик ақындардың барлығын басып озып, көш ілгері кетті)»,- деп жазып, мақаламызға себеп болған тұлғаны әдебиеттегі орнын дөп басып айтты. Тағы естеріңізге саламыз: бұл ойды жазғанда, Смағұл бар болғаны 18 жаста еді. Мұны «Шоқан феноменінің» жалғасы деген дұрыс шығар («Аққан жұлдыз»).

С.Садуақасұлы әдебиет пен саясатта «салиқалы жасқа» (24-27 жасында) шыққан 20-жылдары ұрдажық саясатқа қарамай, Мағжанның ақындық деңгейін тану мен таныту туралы ұстанымын өзгерткен жоқ…

1933 жылы 16 желтоқсанда қапияда Смағұл дүниеден озғанда (арада 58 жылдан кейін дәл сол күні Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланды), айдаудағы Мағжан:

Жас Смағұл үздік туған бала екен,

Байтақ елге асқар таудай пана екен.

Сол баладан, сол панадан айырылып,

Қайран қазақ жүрегінде жара екен, - 

 

деп өлең-хатпен көңіл айтыпты…

Өкінішке қарай, бұл жоқтау-жырды М.Жұмабаевтың кейін қайта басылған томдарынан кезіктіре алмайсыз. Алайда ақын жинақтарындағы «Еслам қазасына көңіл айту» атты өлеңнен Смағұл қазасына арналған жолдарды оқығандай боламыз. «Еслам қазасына» түсінік берушілер «айдаудан келген ақын немере інісі Ахметжанның ауылына барғанда, бір жігіт қайтқан екен, соның туыстарына арнапты» дейді. Сұрақ туады: рас, әлгі марқұм жігіт жұртына қадірлі шығар, бірақ «байтақ елге асқар таудай пана болса», біз неге ол туралы білмейміз?..

Бұл жоқтаудың Смағұлға арналғанын айтып кеткен жан – қайраткердің жолдасы, 20-жылдары бірнеше этнографиялық экспедицияға қатысқан азамат Омар Сансызбайұлы. Солтүстіктің Ұялы-Жарқынында қарапайым пошташы болып, 70-жылдардың басында қайтқан осы ақсақалдың аузынан әлгі өлеңді жазып алған – Шалқарбек Кәрібай. Шәкеңнің айтуынша, «жинақта аты жүрген Еслам – ел басқару жұмысына араласпаған, 1929 жылы 27 жасында қыршын кеткен білімге құштар азамат екен…».

С.Садуақасұлы саяси қуғын-сүргінге душар болатын 1927 жылы жазған «Әдебиет әңгімелері» атты талғамы мен талабы биік мақаласында шынайы шығармашылыққа жөнсіз тиіскен шолақ белсенділердің қателігін айта келіп: «Мағжанды қайтседе жақсылайын деген ойдан мен, сірә, аулақпын. Бірақ барын бар, жоғын жоқ деу керек. Мағжанды күйдірсек, біз барына күйдіреміз. Қайткенде де мен Мағжанды «доңыздатып, қоңыздатушыларға» қарсымын»,- деді.

Бұл – нағыз принципті көзқарас еді. Ел аузындағы Смағұлдың қайраткерлігі де, «әлсізге – пана, таланғанға қамқоршы болғаны» да – осындай ұстанымында.

Мұны ақын Мағжан білді. Ел үшін туған қайраткерлерді қадірлей отырып:

 

Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,

Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.

Ел үшін жанын кешіп, жауды қуған,

Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас.

Ел жауын зерттеп, өрт боп тынбай жортқан,

Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпас.

Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан,

Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.

Арқаның селі, желі, шөлі, белі,

Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас, -

 

деді.

Мағжанның осы сөзі – Смағұлға да, өзі сынды қалам сертіне адал тұлғаларға да орнатқан ескерткіші еді.

 Дихан Қамзабекұлы,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі

Abai.kz

Related Articles

  • «Отан тарихындағы тұлғалардың рөлі» атты ғылыми-теориялық конференция өтеді.

    Тәуелсіздік мерекесіне орай Ақмола облысы, Көкшетау қаласы, “Достар” мәдениет сарайында, «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жүзеге асыру аясында Отан тарихындағы тұлғалардың рөлі» атты ғылыми-теориялық конференция өтеді. Шыңғысхан және одан кейінгі қазақ хандары дәуірінің қалыптасуына ықпал еткен тұғырлы тұлға Тұғырылханның өмір жолы мен ерлік іздері моңғол, парсы, түрік, қытай, орыс, жапон жазбаларында кезігіп қана қалмай, Марко Поло, А.Андреев, Н.А.Аристов, Г.Ф.Миллер, т.б. еңбектері арқылы да әлемге әйгілі. Тарихи тұлға – Тұғырылхан есімін көтеру Ел басының «Болашаққа бағдар: Рухани Жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы мен президентіміз Қ.Тоқаевтың «Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу» аясындағы үндеуіне сай қолға алынып отыр. Ұлы дала тұлғаларын көтеруде ҚР Білім және Ғылым минстрлігі Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих

  • СӨЙЛЕ, ҚОБЫЗ!

    Құдай бұйыртса, ұлы жазушы Мұхтар Мағауин ағамыз келесі жылы мерейлі сексен жасқа толады. Арқалы ақын Ғалым Жайлыбай ағамыз күллі қазақ елін құдіретті қаламымен тамсандырып келе жатқан қабырғалы қаламгерге мынандай жыр жолдарын жолдапты. СӨЙЛЕ, ҚОБЫЗ! Мұхтар Мағауинге – Сөйле, Мұхтар Мағауин! Қарашаның ызғары – нұры тайған қарашық. Кісінеп тұр бесті айғыр үйірінен адасып. Қара қобыз сарыны мұхиттарға жанасып, Алты қырың беріде. бес құрылықтан әрі асып… Азынаса қу тақтай жүрекке ұғар тіл берді, Шыңғыс ханның құйқасы шымыр етіп үлгерді… … Армандының арманын замандардан зарлатып – Жалған күннің жалғанын Сізден өзге кім көрді?! Тоғыз қанат ақ орда қоңыр салқын деп қалдым, Қарашаның ызғары қай жағымнан кеп қалдың?.. Ішігіңіз, ағатай, Хандар киер бұлғыннан –

  • Керей мемлекетінің билеушісі Тоғрыл ханның Шыңғыс ханды тарих сахнасына көтеруі туралы тарихи мағлұматтар

    Тоғрыл зан Шыңғыс ханның әкесі Есугеймен анда болған Керей мемлекетінің ұлы билеушісі. Марқұз Бұйрық ханның бес ұлының бірі. Шамамен 1130 -1203 жылдар аралығында өмір сүрген. Хандық билік құрған жылдары 1168 – 1203 ж.ж. Тоғрыл хан билік құрған жылдары Керей мемлекеті ұлы Монғол үстіртіндегі сайын далада өзіндің саяси бағыт бағдар ұстанған және Еуразия құрлығына аты жайылған іргелі елге айналды. Орта ғвсырлардағы тарихшыларының жазба деректері бойынша сол кезде Керей мемлекетінің халық саны оған бағынышты рулар мен тайпаларды қосқанда тоғыз жүз мыңға дейін жеткен. Енді бір тарихи құжаттарда екі жүз мың жан болған деп жазылады. Олар ақылды хандарының арқасында алтын шатыр тіктіріп, алтын кеседен су ішкені жайында тамсана жазды. Сол заманда өте қуатты

  • Жақия қажы – имани жолдың жаршысы

    Аспанды әуелеп ұшқан қыран құс жылы ұясына қайтып оралды. Сары ауыз балапандары қанаттары қатаймағандықтан, мамық жайдан алысқа ұзай алар емес. Аналары қашан тамақ әкелгенше жанарларын көк аспанға қадап, ұзақ күткен еді. Ауызына тістеген қорегімен нәр жалғатып, балапандарының мәз-мәйрам болғанын көріп, аналық құс та қуанышқа бөленді. Осы бір жылы көріністерді ұзақтан бері қадағалап тұрған Жақия өмірде ізгілік атаулының қалай пайда болғанын ойлап, бас қатырды. Атасы айтып отыратын әңгіме де ойына оралды. Бүкіл жаһанды жаратқан бір Алла деген сөздің астарына үңілгісі келді. Бірақ, Жаратушы Құдай туралы кімнен сұрарын білмей тосылды. Жарытып айтар адам болса ше? Ауылдағы молдаға барайын десе, қазір олардың да қарасы азайды. Жоқтың қасы десе де болады. Молда атаулының соңына

  • Бағылан би.

    Алтын Орда хандығындағы мемлекет қайраткерлерінің бірі. Ол Тобыл өзені бойын мекендепті. Обаған өзенінің Тобылға құяр жерінде Бағылан то- ғайы, Бағылан талы, Бағылан қара суы, Бағылан көлі, Бағылан томары, Бағы- лан қыстауы, Бағылан шоғы, Бағылан өзегі деген жер — су аттары бор. Бағылан баһадүр қартайып, өз есімімен аталатын тоғайды мекендейтін өз аулында ауырып қайтыс болыпты. Оның сүйегі Тобыл өзенінің жарқабағына жерленген. Бағылан бидің Бопай есімді әйелінен Архат, Фархат, Сарымұрат атты ұлдары дүниеге келеді. Фархат батырдың Гүландам есімді әйелінен Та- наш, Аббас, Манас туады. Осы күнгі Қостанай облысының Меңдіқара, Ұзын- көл аудандарын, Солтүстік Қазақстан облысының және Қазақстанның басқа да жерлерін мекендейтін Ашамайлы Керейлер осы Танаштың ұрпақтары. Танаш Алтын Орда хандығының көрнекті адамдарының

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: