|  |  |  | 

Руханият Тарих Тұлғалар

Марал ишан Құрманұлы.

Maral Ishan meshitiКерей руының Тарышы тайпасына жататын Ақсары атасының Нұрымбет әулетіне жатады. Бұл елдің атақонысы осы күнгі Ресейдің Қорған облысы, Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы, Қостанай облысының Ұзынкөл ауданы.
Біз әңгіме еткелі отырған Марал Құрманұлы жөнінде революцияға дейін де, одан кейін де, біздің заманымызда да біршама кітап, газет-журнал беттерінде мақалалары шықты. Бабамызға байланысты материалдарды энциклопедия беттерінен де табуға болады.
Марал ишан сол қозғалыстың рухани көсемі болған адам. Қазақ қоғамының осы тұста дағдарысқа ұшыраған ұлттық рухын көтеруге діннің ықпалын пайдалануға тырысқан Марал бабаның азаматтық ерлігін ұмытуға болмайды.
Ишанның әкесі Құрман Кенжебайұлы бес уақыт намазын қалдырмаған, әрі батыр, әрі діндар адам болыпты. Оның ерекше бір қасиеті – адам емдейтін тәуіп екен. Абылайдың батырларының бірі, бірі емес бірегейі болып есептеліпті. Жоңғар қонтайшысы Қалден-Цереннің қазақ әйелінен туған екі қызының бірін Абылай, Фатима атты екіншісін Құрман алыпты. Одан Құлжа, Арал, Марал атты ұлдар дүниеге келген. Олай болса, Марал Қалден-Цереннің туған жиені, Кенесары, Наурызбай батырлардың туған бөлесі. Білгендердің айтуына қарағанда Фатима шешей осы күнгі Қызылорда облысының Жосалыдан 18 шақырым жердегі «Қамыр қорымы» деген жерде жерленген дейді.
Марал ишан 1780 жылы Қостанай облысының солтүстігіндегі Обаған өзенінің кейіннен «Марал шілігі» атанған қоныста дүниеге келіпті. Оның ұрпақтары осы күнге дейін Троебратное селосының жанындағы Нұрымбет деген ауылда, Әулиекөл, Құсмұрын, Жүзбай, Бестау елді мекендерінде өмір сүріп жатыр. Осы күнде жүз жылдан аса тарихы бар Қостанайдағы Ақ мешіт, Бестаудағы ұрпақтары тұрғызған мешіт бабаның есімімен аталады.
Кейбір деректерде Маралдың азан шақырып қойған есімі Иса дейді. Әкесінен 9 жасында жетім қалады. 13 жасына келгенде шешесіне еріп Ақ мешіт жағына келген дейді . Негізгі мақсаты – білім алу, әлбетте, ол кездегі білім – діни оқу. Ақ мешіт маңайындағы Құланбай ишанның Меңдібике атты қызына үйленген Марал қазіргі Өзбекстан елінің Жам тауының үңгіріндегі Жалаңаяқ ишанның медресесіне жүз шәкірттің бірі болып оқуға кіреді. Осы медресені жеті жыл оқып, білімін тереңдету үшін тағы да үш жылға қалады. Он жыл оқыған Марал ишан аман-сау еліне қайтыпты. Арқаның Қайранкөл жазығында ол өзінің халқына орасан зор қызмет етеді, ауру-сырқауларды емдейді, тәбиптік кәсібін көріпкел-сәуегейшілікпен ұштастырып отырады. Көп ұзамай Маралдың аты бүкіл қазақ даласына тарайды.
Марал бабамыз тек діншіл ғана адам емес, ол – қоғам қайраткері, азаттық үшін күрескер, ұлт-азаттық қозғалыстың рухани көсемі. XIX ғасырдың 30-жылдары Марал ишан қазақ халқын «Ғазауат» соғысына шақырды. Алдымен Құсмұрын атырабында басталған бұл қозғалыс Қазақстанның солтүстігінің біраз жерін қамтыды. Кейбір зерттеушілер «Ғазауат» соғысын қолына қару алып, жауға қарсы тұру деп есептейді. Ал енді ислам дінін берік ұстаған, жан-дүниесі таза адам басқа дінді дәріптейтін басқыншыларға іштей болса да қарсылық көрсетті. Мұсылман діні өктемдік атаулының баршасына қарсы екендігіне ешкімнің дауы жоқ. Марал бабамыз патша үкіметі чиновниктеріне қайта-қайта адам жіберіп, хат жазып, қазақ жерінде орыс бекіністерінің салынуына қарсылық білдірді. Еш жауап ала алмаған ол әскер жинап, қарулы қарсылық білдіруге дейін барды.
1819 жылдың жазының басында Керей-Уақ, Атығай-Қарауыл елдерінің басты адамдарының бас қосып, Қақ сорының жағасында өткізген құрылтайында Есенейдің боз биенің сүтіне шомылдырып, үстіне шымқай ақ киімдер кигізіп, Марал ишан әулие, дуалы ауыз билер мен бектер, батырлар ақ баталарын беріп, жиналған көп ақ тілек тілеп, ақ кигізге отырғызып көтеріп, бір ауыздан мақұлдап, Сібір қазақтарының шорасы етіп сайлапты. Естемесұлын шора сайлауға Омбы, Қызылжар шаһарларында тұратын қазақ, татар дінбасылары мен мырзалары да белсене қатысыпты.
Шора болып ел басқаруымен қатар, Есеней өз ұстазы Марал ишан Құрманұлы бастаған ғазауатқа бұрынғысынша белсене қатысып, оған әскерге елден ат-азық, киім жинап беруге көмектеседі. Қызылжар жерінде атақты Сартай, Шақшақ батырларымен тізе қосып, шайқасқа шығады. Орыстардың бірнеше бекіністерін талқандап, бұлар халық алғысына бөленеді. 1834 жылы «Қожаберген Шөптікөл» жағасында болған Сартай батыр мен отаршылар арасында болған ұрыс Сегіз Серінің «Туған еліме» деген өлеңіне арқау болған .
Марал бабамыз қолбасшыларды желеп-жебеп, ақ батасын беріп отырғандығы да кездейсоқ емес. Бұл – рух құдіретінің киелі парасаты. Даңқты Кенесары өзінің қарын бөлесі Марал ишанның данышпандығына бас иіп отырған. Көтеріліске қатысушыларға діни басшылық жасау үшін Марал келісім беріп, хан сарайының Кеңес құрамына кіреді. Кенесары көтеріліс бастап, бодандыққа қарсы шайқасып жатқан кезде Марал ишан Батыс-сібір мұсылмандарының өз бетінше сайлап қойған бас мүфтиі болатын.
Бұдан былай даулы мәселелер шариғат үкімі бойынша шешіліп отырды. Қазақ қосынына рухани демеу көрсетіп, кей жағдайда өз бойындағы керемет қасиеттерімен де көмектеседі. Кезінде Кенесары әскерінің бірсыпыра жеңістерге жетуіне, халық алдында беделінің артуына әулиенің көп үлесі болады. Ол білген ақыл-кеңесін айтып отырады. Орыстардың әскери техникасының артықшылығын, артынан келер көп күш бар екенін айтып, осы соғысты одан әрі соза бермеуге Кенесарыға кеңес береді.
Соғыс жағдайындағы халықтың жағдайын жақсартып, игілікке жеткізудің таптырмайтын көзі – оларды егіншілікпен айналыстырып, отырықшылық тұрмысқа үйрету керек екендігін Марал ишан үнемі шегелеп айтып отырған. Маралдың бұл ойынан кейін Кенесары жақтастарын дереу егіншілікпен айналысуға үгіттейді. Осыған байланысты Орынбор шекара комиссиясының есептеріне былай деп жазылған: «Ресей төңірегіне оралуға мүмкіндігі болмағандықтан, ол өзінің жасақтарына Іле мен оның тарауларының жағалауларында егіншілікпен айналысуға ақыл берді».
Кенесары жақтастарының егіншілікпен айналысқанын Кенесары ордасында болып қайтқан Дәулеткелді Беспаев та әңгімелейді. «Қиын жағдайда болғандықтан, өзінің жақтастарына тамақ табудың жалғыз жолы әрі лайықты шара ретінде егіншілікпен айналысуды ұсынды». Сонымен Кенесарының егіншілерді қолдау саясаты қазақтардағы егіншіліктің онан әрі дамуына әсер етті. ХІХ ғасырдың 50-60 жылдарында-ақ егіншілікпен қазақ руларының едәуір бөлігі айналысты. «Кенесарының көтеріліске қатысушылардың материалдық жағдайын жақсартудың жалғыз жолы егіншілік деп түсінген деу керек». Бұл Кенесары серігінің бірі Марал Құрмановтың сөзімен расталады, ол өзі «Сендерді егіншілікпен байытамын» деп, қазақтарға уәде беріпті» деп көрсетеді Е.Бекмаханов.
Бабамыздың қыр мен Сырға кең жайылған ата-даңқы, отаршыл орыс үкіметінің үрейін алды. Оның іс-әрекеті орыс ұлықтарын қатты абыржытып, әрбігерге салды. Қазақ-орыс арасындағы саяси мәселелерді Марал бабамыз келіссөз арқылы шешуді көздеді. Осы мақсатпен ол Омбыға Керей болысының ақсақалы Байсал арқылы екі хат жібереді.Біреуі Орынбор әскери губернаторы Эссенге, екіншісі, Сібір жеке корпусының командашысы Капцевичке жолданды. Татар мәнерінде жазылған екі хаттың да мағынасы бірдей.
Сібір әкімшілігі бұл жағдайды, әсіресе Марал Құрманұлының Петербургқа барып-қайтуға тілек білдіріп жүргенін Азият департаментіне хабарлайды. Вице-канцлер граф Несельроде 1821 жылғы 20 қаңтарда Сібір генерал-губернаторы Сперанскийден хат арқылы Марал өтінішінің мән-жайы туралы пікірі қандай екенін сұрайды. 1822 жылғы 24 қаңтарда ол граф Несельродеге хатпен жауап қайтарады.
Граф Несельроденің баянхаты бойынша Марал Құрманұлын Петербургке шақыртып алу туралы 1822 жылғы 12 ақпанда жарлық шығып, оны жолға қамдау жөнінде тиісті нұсқаулар беріліп, қажетті жұмыстар атқарылып жатады. Марал Құрманұлын астанаға алдыру жөніндегі жарлыққа орай генерал Капцевичтің жазған хаты иесінің қолына тимей, Байсалдың қалтасында қала береді. Бабаның патша қабылдануына бармаған себебі де бүгінде анықталғандай. 1821 жылдың маусымында Орынбор генерал губернаторы жүзбасы сұлтан Жантөре Жиһангеровке Маралды тауып алуды тапсырса, ол өз тарапынан сұлтан Жұма Құдаймендиевке Маралды ұстауды бұйырған. Ал орыс әскерінің полковнигі Грамматин Сұлтан Шотайға Маралды ұстауды тапсырған. Осындай жағдайларды біліп отырғандықтан да қабылдауға бармаған сияқты.
Марал бабамыз ұлт-азаттық қозғалыстың өз мақсатына жетпейтіндігін сезгендей болды. Себебі, көріпкелдік және сәуегейлік қасиеті бар ол сол кездегі қазақ халқының мүшкіл халін түсіне білді. Ол осы жылдары башқұрт, татар халықтарының ұлт-азаттық қозғалысын қолдап, отаршыларға қарсы ортақ майдан ашуды ойлайды. Ол сол елдерге елші жіберді деген де деректер бар. Яғни, оны пантюркизм идеясының негізін қалады деуімізге болады.
Көршілес жатқан мұсылман елдерін біріктіріп, Мұхаммед пайғамбар туы астында мемлекет болу қажеттігін айтқан да Марал баба. Сондықтан оны пантюркизм идеясының негізін қалаушы деп те айтуға болады.
Маралдың қазақ сахарасынан кетуі турасындағы хабарлар түрлі-түрлі болды. Кейбір сыбысқа қарағанда, ол «Алашшылдардың» шақыруы бойынша солармен бірлесіп, хиуалықтармен соғысып жатқан Бұқар әміріне көмек беруге кетті дейді. Ал бұдан гөрі дұрысырақ хабар 1824 жылы алынады.
Оған бақсақ, 1823 жылдың жазында хиуалықтардың Бұқарға бара жатқан керуенге шабуыл жасап, қазақ кірекештерінің мың түйесі мен жүз мың қойын айдап алып, елу адам өлтіріп кеткен хабарын ести сала Марал Құрманұлы ақ адал мал-мүлікті қайтару үшін Хиуаға аттанғалы қол жинайды. Халықты бұл жорыққа көбірек тарту үшін жұртқа жар салып, бұл жолы өзімен бірге жауға қарсы барғандарға оқ өтпейді, қылыш дарымайды деп жариялайды. Дұшпанды жаппай, таланған малды түгел қайтарып олжалы оралатынына сенген қазақтардың көпшілігі Құрманұлының уағдасына қызығып Хиуаға қарсы аттанады. Жүзеге асуы екіталай бұл қатерлі сапардың немен аяқталғаны белгісіз. Марал ишанның бұдан кейінгі тағдыры да беймағлұм.
Марал ишанның өмірден өткендігі жайлы әртүрлі мағлұматтар бар. Белгілі журналист Т.Дайранбай баспасөз беттерінде Марал ишанның 1852 жылы тірі екендігін айғақтайтын құжаттар бар екендігін жариялаған. Сонымен қатар орыс полковнигі И.Ф.Бларамбергтің «Естеліктер» атты кітабында 1852 жылдың бірінші тамыз күні Марал Құрманұлын Ақмешіт маңайында көргенін айтады. Олай болса ишан Сәден Нұртайұлымен көрнекті журналист Сырлыбай Бүркітбайұлының айтқанындай 1841 жылы емес, туған елі Арқаға қыдырып барған кезінде мүшелді жасында шамамен 1853 жылы жаз айларында дүние салған. Қабірі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының орталығы Жосалыдан солтүстік-шығысқа қарай сегіз шақырым қашықтықта бұрын Қамыр қорымы аталған биік жалпақ төбенің басында. Қазір ол қорым «Марал баба қорымы» аталады.
Бабаның 4 әйелінен сегіз ұлы болған. Құланбай ишанның қызы Меңлі бикеден Қалқай, Қалыбай, Елібай туады. Екінші әйелінен – Пірзада мен Текзада. Бұлардан қазір тұқым жоқ. Бір әйелінен – Есмұхаммет пен Жармұхаммет. Олардан есейіп келгенде туған – Есей, шал болғанда туған – Шақай деп атаған. Шақай сәби кезінде өлген. Соңғы әйелінен – Смайыл. Ол да бала кезінде дүние салған. Қалған – Қалқай, Қалыбай, Елібай және Есей ұрпақтары Қызылорда, Қостанай, Торғай, Ақмола, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Өзбекстан жерлерінде тұрады.
Марал бабамыздың ұрпақтары да дін жолына түскен қайраткерлер. Қалқа ишан, Ысқақ ишан, Әмит ишан, Мамырбай ишан, Асан ишан, Қабылай ишан, Елібай ишан, Оспан ишан бүкіл өмірін қазақ ішінде ислам шапағатын уағыздауға арнаған.

Maral yshan
Марал ишан қозғалысының сәтсіздікпен аяқталуына бірнеше себептер болды. Біріншіден, қозғалысқа қазақтың көптеген рулары атсалыспады. Бұл кезде қазақ қоғамы екіге бөлініп, олардың бір тобы орыс әкімшілігінің ырқынан шыға алмады. Екіншіден, Марал ишан қазақ үшін қалыптасқан саяси жағдайдың тұрақсыздығын ескермеді. Бүкіл мұсылман халықтарының басын қосып, бірегей ислам мемлекетін құру оның орындалмас арманы боп қала берді. Үшіншіден, қолына қару алған қазақ жігіттерінен не сұлтанда, не батырларда береке болмады.
Сондықтан да, бабамыз қарулы қарсылықтан гөрі, рухани қарсылыққа көңіл аударуды дұрыс деп есептеді. Дегенмен, Марал ишан әскерлері Ресей үкіметінен жеңіліс тапты деген қорытынды жасаудан аулақпыз. Ашамайлы Керейлер қозғалысы Саржан төре мен Жоламан Тіленшіұлының Ресей отаршыларымен қарулы қақтығысына ұласты. Мұның барлығы ақырында 40 жылға созылған Кенесары хан бастаған қазақ-орыс соғысын туғызды.
Қорыта келгенде, Марал ишан қозғалысы діни сипатта болғанымен отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық соғыс екендігін мойындауымыз қажет. Өкінішке орай, діни қозғалыс деген желеумен ғылыми зерттеуден тыс қалған бұл проблеманың біздің білгенімізден білмегеніміз көп екендігі белгілі. Бұл тақырып терең зерттеуді, тың деректерді ашуды, шетелдік мұрағаттардағы құжаттарды елге әкелуді, сөйтіп, діни қозғалыстарды ұлт-азаттық күрестің бір тармағы екендігін дәлелдейтін уақыт жетті.
Тәуелсіздік алған жылдары бабамыз өз ұрпағымен қайта қауышты. 2005 жылы Қызылордада оның 225 жылдық, 2010 жылы 230 жылдық мерейтойы өтті. Жылда туған жерінде оған арнап ас беріліп жатады. Бүкіл жасалып жатқан іс-шараларға шартараптан қазақтың нарқасқа азаматтары жиналады. 2010 жылдың 29-30 қазанында Қызылорда қаласында жергілікті Қорқыт ата атындағы университетте Марал ишан Құрманұлының 230 жылдық мерейтойына арналған «Сыр еліндегі діни-ағартушылық ой-сана» тақырыбында республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті. Оған еліміздің Астана, Алматы, Қостанай, Ақтөбе, Көкшетау сияқты қалаларынан елге белгілі дінтанушы, әдебиетші, тарихшы ғалымдар қатынасып, азаттық қозғалысындағы дін мен діни қайраткерлердің қосқан үлесі жайында пікір таластырды. Конференция қорытындысында ислам өркениетінің қазақ даласында пайда болып, дамып, терең бойлауы жөніндегі тақырыптарға жыл сайын осындай ғалымдар жиынын өткізіп тұру туралы шешім қабылданды. Келесі күні келген қонақтар Марал бабаның қабіріне зират етті.
А.Күзембайұлы.

Related Articles

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • 14 наурыз – Математиктер күні

    14 наурыз – Математиктер күні

    Кафедра профессоры Математиктер күніне арналған «Таңғы Studio» таңғы шоуында 15 наурыз, 2025 14 наурыз – Математиктер күніне орай «Таңғы Studio» таңғы шоуының қонағы белгілі ғалымдар: физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қангужин Балтабек Есматұлы мен PhD-доктор Жұмабай Мәдібайұлы болды. Эфирде олар математиканың маңыздылығын, мерекенің тарихын, қазақ математиктерінің ғылымның дамуына қосқан үлесін талқылады. Профессор Балтабек Есматұлы математиканың ғылымдардың патшайымы саналатындығына тоқталды. Ол бір жағынан ғылыми білімнің шыңында тұрса, екінші жағынан басқа пәндердің дамуына негіз болатын көмекші ғылым екенін атап көрсетті. Ғалым шексіздік пен математикалық есептеулердің дәлдігін білдіретін π санының шығу тарихына да тоқталды. Доктор Жұмабай Мәдібайұлы бұл күннің 1988 жылдан бастап «π саны күні» (π – иррационал сан, шамамен 3,14142… тең) ретінде тойлана

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • Тек тілге байланысты…

    Тек тілге байланысты…

    Қазақ Республикасында бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол- қазақ тілі. Қазақ тілінен басқа ешбір екінші тілге мемлекеттік мәртебе берілмеуі керек! Отыз жылдан астам уақыттан бері геосаяси ахуалды сылтауратып келдік. Енді біздің де мінезімізді һәм мысымызды көрсететін уақыт келді. ҚР-ның азаматы һәм салық тапсырушы қатардағы тұрғыны ретінде талап етемін! Алдағы бес жылда Қазақ Республикасында елеулі демографиялық өзгерістер болады. Атап айтқанда 2030 жылынан кейін қазақтардың республикадағы жалпы үлесі 80-85% ке дейін артады. Славян халықтарының өсімі азайып 10%-ға дейін түседі. Есесіне елдегі түркітілдес өзбек, татар, ұйғырлардың өсімі еселеп өсіп тіпті 10-15 жылда орыстардың орнын басып озуы мүмкін. Сол кезде Қазақ Республикасындағы жалпы түркітілдес халықтардың үлес салмағы 85-90% ке жетеді. Нәтижесінде қазақ мектептерінің саны,

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: