|  |  |  |  | 

Тарих Тұлғалар Қазақ хандығына 550 жыл Қазақ шежіресі

ҚОЖАБЕРГЕН БАТЫР

Бахыт Еженханұлы
тарих ғылымдарының докторы ,
«Қожаберген батыр» кітабының авторы

Kozhabergen-batyr

1756-1767 жылдарда қалыптасқан мәнжу-қытай мұрағат құжаттары

негізінде

1. Кітабымызға енгізілген Қожаберген батырға қатысты тарихи

құжаттар

Қолыңызға тиген бұл кітап абақ крейдің шыбарайғыр руынан шыққан
Қожаберген батырдың 1756-1767 жылдары аралындағы тарихы туралы сыр
шертетін, өз дәуірінде қалыптасқан нақты мұрағат құжаттар негізінде
жазылған. Кітап үш бөлімнен тұрады: 1. Аталмыш тарихи кезеңде
қалыптасқан қазақ-цин қарым-қатынасы және ондағы Қожаберген батырдың
ықпалы сынды тақырыптарға арналған зерттеулер; 2. Қожабергенге қатысты
мәнжу-қытай тілдерінде қалыптасқа нақты мұрағат құжаттардың қазіргі
қазақ тіліне аудармалары (тарихи-деректанулық ғылыми талапқа сай, мұнда
мәнжу тілдегі құжаттардың транскрипциялары да берілген); 3. Құжаттардың
факсимиле көшірмелерінің таңдамалы топтамасы.
Кітапқа жалпы 70 құжат енгізілді. Уақыт жағынан айтқанда, бұл
құжаттар 1756 жылы 12 тамыздан 1767 жылы 30 қыркүйекке дейінгі
аралықты қамтиды. Құжаттардың мазмұнына шолу жасаудан бұрын біз әуелі
осы құжаттардың дереккөз ретіндегі ерекшеліктері туралы тоқталып өтсек.
Кітабымызға енгізілген 70 құжат екі тілде, яғни мәнжу және қытай
тілдерінде жазылған. Мұндағы құжаттардың басым көпшілігі, яғни 58 құжат
жақын жылдары ғана жарияланып, әліде болса ғалымдар мен қалың оқырман
қауымның назарына ілініп үлгірмеген. Ал қытай тілді құжаттың саны 12 1 ,
оның тоғызын біз XVIII ғасырдың екінші жартысында құрастырылған,
қытайтанушы ғылыми қауымға біршама белгілі болып келген Цин патшалық
дереккөздерінен алдық. Ал қытай тіліндегі қалған 3 құжат та жақын
жылдарда жарияланған тың мұрағат құжаттар.
Алдымен қытай тілді құжаттардың қалыптасу тарихы туралы қысқаша
түсіндірме беріп кетсек. Жұртқа мәлім, XVII- XVIII ғасырлардағы Цин
патшалығы мен Жоңғар хадығы арасында болған соғыстар Цин патшалық
тарихындағы ең елеулі оқиғалардың қатарына жатады. Сол себептен де, Цин
1 Осы 12 құжаттан тыс, мәнжу тілді құжаттардың қосымшасы ретінде қалыптасқан қытай тіліндегі 3 дана тізім
бар. Бұл тізімдерді біз жеке құжаттар ретінде қарастырмадық.

патшалық орда қаламгерлері өз билеушілерінің «данағойлығы» мен
патшалықтарының әскери жетістіктерін ұлықтау мақсатында аталмыш
тарихи мазмұнға қатысты «патшаның бұйрығымен» деп басталатын
бірсыпыра тарихи құжаттар жинағын құрастырып шықан. Ең әуелі Цин
патшасы Канси (1654-1722) билік құрған тұста, дәлірек айтсақ 1708 жылы
«Циндин цин чжэн пиндин Шомо фанлюе» (钦定亲征平定朔漠方略), яғни
«Патшаның бұйрығымен құрастырылған патша ағзамның өзі жорықта болған
Гоби даласын тыныштандыру ісінің стратегиясы») деп аталатын жинақты
құрастырып шықан. Қырық сегіз (48) цзюаньнан (бумадан) тұратын бұл
еңбек Цин патшалығымен жауласқан жоңғар билеушісі Галданға қарсы
жүргізілген 3 мәрте әскери жорықтың желісімен құрастырылған. Бұл еңбекте
Цин патшалық ордасына жеткен қазаққа қатысты біраз алғашқы мәліметтер
сақталған. Дегенмен, Қазақ жері мен қазақ елі туралы қытай жазба
мәліметтерінің негізгі бөлігі сол Канси патшаның немересі Цяньлунның
тұсында пайда болған. Ондағы тиісті мәліметтер негізінен екі тілде, яғни
мәнжу тілінде және қытай тілінде қалыптасқан. Мәнжу тілді дереккөздеріне
қарағанда, қытай тілінде жазылған тарихи дереккөздері ертерек айналымға
енгізіліп, жұрттың назарына көбірек ілініп келген. Осы салыстырмалы түрде
әйгілі болып келген қытай тіліндегі дәстүрлі дереккөздердің қатарында
«Циндин пиндин Чжунгаер фанлюе» (钦定平定准噶尔方略), яғни
«Патшаның бұйрығымен құрастырылған жоңғарларды тыныштандыру
стратегиясы» (төменде бұл кітап қысқартылған атымен ПЧжФ деп алынбақ)
атты жинақ та бар еді. 1771 жылы құрастырылған, жалпы көлемі 172
цзюаньнан (бумадан) тұратын бұл жинақ негізінен Цяньлун заманындағы
Цин патшалығының Жоңғар хандығына қарсы жүргізген соңғы
жорықтарына, сондай-ақ оның Қашқарияны басып алу тарихына қатысты
мұрағат құжаттарынан құралады. Онда қазақтарға қатысты тарихи құжаттар
да молынан кездеседі. Біздің осы кітабымызға енгізілген 9 құжат осы
енбектен алынған.
Айта кету керек, ПЧжФ сынды қытай тілінде қалыптасқан кітаптарға
енгізілген құжаттардың көбісі бірінші қолды дереккөздер емес, оларды сол
кездегі Цин патшалық орда бітікшілер мәнжу тілді құжаттардан аударып
алған. Ал сол екіншіқолды дереккөздердің арғы қайнарларына біз жуырда
ғана қол жеткізіп отырмыз: осы XXI ғасырға кіргеннен бері алды 300 жылдан
астам уақыт бойы шаң басып келген мәнжу тілді тарихи мұрағат құжаттар да
арт-артынан жариялана басталды. Бұл болса біздің қазақ тарихына, оның
ішінде XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ-қытай қарым-қатынасы тарихына
байланысты түсінігімізді тереңдетуге әлдеқайда көбірек мүмкіндік беріп
отыр. Бұған дәлел ретінде біз өзіміздің осы кітабымызға дереккөздік арқау
болған материалдарға байланысты мына жайытты атап өтуімізге болады:
жоғарыда айтылғандай, дәстүрлі қытай жазбаларында сақталып келген
Қожаберген батырға қатысты құжаттардың саны 10-ға да жетпейтін болса,
жаңадан ашылып жатқан мәнжу тілді мұрағат құжаттары арасынан біз

қазірге дейін Қожабергеннің өміріне қатысты 50-ден астам құжат тауып
отырмыз.
Цин патшалық мұрағат құжаттары Қытайдың, әсіресе ондағы билік құрған
соңғы патшалық, яғни Цин патшалық дәуіріндегі тарихи жазбалардың
ішіндегі ең құнды тарихи дереккөз болып саналады. Орта Азия тарихына
қатысты қытай дереккөздері тұрғысынан айтқанда да осылай.
Қытайтанушыларға мәлім, осы мұрағат құжаттар ғылыми айналымға
енгізілуден бұрын, ғалымдар XVIII-XIX ғасырлардағы Орталық Азия
тарихына қатысты Цин патшалық дереккөздерін негізінен қытай тілінде
қалыптасқан Цин патшалық орда жазбалары мен жеке тарихи-географиялық
шығармаларынан алып келген. Жұртқа біршама әйгілі бұл еңбектерде
көптеген құнды материалдар бар екені рас, алайда, жоғарыда айтылғандай,
бұл материалдар екінші қолды дереккөздер болып есептелінеді. Бұлардың
жазылу мақсаты, авторларының ұстанымы және сол авторлардың тарихи
материалдарды танып білу қабілеттері әр түрлі болған, сондықтан да ондағы
көрсетілген тәрихи деректердің барлығы толыққанды және обьективті бола
бермейтіні сөзсіз. Онда қазақ қауымының ішкі жағдайын, әсіресе хан-
сұлтандарынан тыс қазақ билеушілерінің өмір-тіршілігінен сыр шертетін
деректер кемде-кем болатын. Ал Цин патшалығы дәуірінде қалыптасқан
мұрағат құжаттар, әсіресе бұрын жұрттың назарын аударып үлгірмеген, енді-
енді ғылыми айналымға кіре бастаған мәнжу тілді мұрағат құжаттардың
тарихи-дереккөздік құндылығы жоғардағы аталған қытай тілді тарихи немесе
тарихи-географиялық еңбектердің тарихи құндылығынан бір саты жоғары
тұрады, өйткені: біріншіден, бұл құжаттар сол дәуірдегі тиісті істерге
қатысты хатталған ең алғашқы, ең тікелей, бірінші қолды тарихи деректер,
сондықтан олар салыстырмалы түрде көбірек сенімді әрі обьективті;
екіншіден, аталмыш құжаттар тәбиғи түрде қалыптасқан. Кей тарихи іс
немесе тарихи оқиғаның маңыздылығына немесе күрделі екендігіне қарай
олардың шеңберінде бір топ құжаттар қалыптасқан жағдай болған. Осындай
ерекшеліктер Қожаберген батырға қатысты мәнжу мұрағат құжаттарынан да
байқалады. Мысалы, 1765 жылғы Қожабергенмен қатысты болған бір іске,
анығырақ айтқанда, сол жылы күздегі Цин патшалық шекара әскерлерінің
Қожаберген бастаған қазақтарға жасаған қиянат әрекеті кезінде және
аталмыш оқиғамен байланысты жүргізілген қазақ-қытай дипломатиялық
барыс-келісінде қалыптасқан тарихи құжаттардың саны оннан астам бірлікке
жеткен!
Әрине, патша ордасындағы сарай бітікшілері болсын, немесе қазақтармен
тікелей қарым-қатынаста болып жүріп тиісті құжаттар жазып қалдырған
мәнжу ұлықтары болсын, олардың барлығы Цин патшалығының
идеалогиясына қызмет етіп жүргендер еді. Сондықтан да, олардың қазақтар
туралы жазып қалдырған нәрселерінде шавинистік пиғыл мүңкіп
тұратындығы рас. Мысалы, осы кітабымзға енген құжаттартарда да
қазақтарды мешеу етіп немесе жауыз етіп көрсеткен жәйттер, тіпті “қазақтар
бізге бағынып бодан болды” деген кертартпа тұжырымдар кездеседі. Тарихи
деректану ғылымының талабына сай, біз мұндай тұстарды өз күйінше

қалдырдық. Оларға оқырман обьективті сынни көзғараспен қарайтындығына
сенеміз.
Ендеше, біздің осы кітамызға енгізілен құжаттарда Қожаберген батыр
туралы, оның қазақ-цин қарым-қатынасы тарихындағы рөлі, сондай-ақ
Қожаберген батыр сынды қазақ көсемдері бастаған қазақ жұрты, олардың
мекен еткен қасиетті жері туралы қандай деректер сақталған? Төменде, біз
осы сұраққа жауап іздеп көрелік.

2. Қожаберген батырдың тегі және өміржасы хақында
Ең әуелі мына бір жәйтқе назар аударсақ: кітабымызға енгізілген 14-
құжатта «Қожаберген мен Қара Барақ – Абылайдан кейін іс атқаратын
мәртебелі адамдар болып саналады» деген сөздер айтылады. Асылы, XVIII
ғасырда Қожаберген есімді қазақтың тарихи тұлғасының болғандығын және
оған мәнжу-қытайлар біршама назар аударғандығын біз қытайдың дәстүрлі
жазбаларында сақталып келген мәліметтерден де азды-көпті оқып келген
болатынбыз. Дегенмен, Отандық тарихнамамызда аталмыш тарихи тұлғаға
берілген орын, ол туралы арналған ғылыми зерттеулер лайықты деңгейде деп
айта алмаймыз. Осындай жағдайдың қалыптасу себебі мынада болса керек:
біріншіден, өз кезінде қағаз бетіне түскен нақты дереккөздердің аздығы
тиісті мәселелерді тереңінен танып-білуімізге мүмкіндік бермеген;
екіншіден, сол тиісті мәселелердің күңгіртігін пайдаланып біраз «зерттеулер»
аталмыш Қожабергеннің тегін әр жерден іздеп, мәселенің ғылыми түрінде
шешілуіне кедергі жасаған; үшіншіден, өздерін «Қожабергеннің ұрпағымыз»
деп санап, сонау 19701990-жылдарында-ақ аталмыш тұлғаға ас беріп,
шежіресін түгендеп жүргендердің басым көпшілігі шетелде, яғни Моңғолия
мен Қытайда тұрып жатқандықтан, олардың дауысы қазақтың қарашаңырағы
Қазақстанда жеткілікті деңгейде естілмеген. Ендеше, аталмыш тарихи
тұлғаның тегі, зады, қандай? Біздің ойымызша, жаңадан ашылып жатқан Цин
патшалық дәуірінде қалыптасқан мәнжу тілді мұрағат құжаттарда сақталған
мәліметтер бұл мәселеге жауап бере алады.
Осы кітабымызға енгізілген мәнжу тілді құжаттардың бірнешеуінде не
Қожабергеннің шыққан руы, не оның отбасы мүшелері туралы сөз қозғаған.
Мұнда біз әуелі 21-құжатты ерекше атағымыз келеді, өйткені, өзге
құжаттарда сақталған мағлұматтарға қарағанда, бұл құжаттың арғы
түпнұсқасын өзге емес, Абылай ханның өзі жазып берген. Демек, мұндағы
аталған тұлғалар – Абылай хан мойындаған, санасқан Орта жүз қазақ
басшылары. Құжатта Орта жүздің ру-тайпалары мен олардың билеушілерін
тізбектей келе Абылай хан «Абақ керейдің 1 000 отбасы Қожаберген
батырдың билігінде» деп мәлімдейді. Абылай хан тарабынан берілген бұл
мәлімет бір жағынан Қожаберген батырдың Орта жүз қазақтары арасында аса
абыройлы тұлға екендігін, жоғарыдағы көрсетілген әлгі 14-құжата айтылған
«Қожаберген мен Қара Барақ – қазақтар арасындағы Абылайдан кейінгі
мәртебелілеу адам» деген сөздердің шын екендігін, Қожаберген батырдың
тек өз руның басшысы емес, шығыстағы ел-жұрттың ортақ көсемі әрі

қорғандарының бірі екендігін паш етіп тұрса, екіншіден бұл мәлімет
Қожабергенді «абақ керей» деп нақтылап көрсеткен 2 .
Демек, мәнжу-қытай жазбаларында кездесетін Қожаберген батыр өзгеден
емес, абақ керей тайпасынан шыққан. Ендеше, ол әрі қарай 12 абақтың қай
руынан шыққан? Бұл сұраққа жауап іздеу үшін біз мәнжу құжаттарындағы
мәліметтер мен осыған дейін жиналған қазақтың ауызекі тарихи
дереккөздеріндегі, яғни 19701990-жылдары аралығында Моңғолия Өлгей
жеріндегі абақ керейлер арасынан жиналған шежірелердегі мәліметтерді
салыстырып қарастыруды жөн деп санадық. Осы дүниелердің арасындағы
«Шыбарайғыр шежіресі» 3 (төменде «Шежіре» деп қысқартылып алынбақ)
деп аталатын материал біз үшін аса құнды көрінді, өйткені, мұнда
Қожабергеннен таралған ұлдардың нақты есімдері көрсетілген, ал бұл
есімдердің біразын біз осы кітабымызға енгізілген мәнжу тілді мұрағат
құжаттары арасынан да кездестіріп отырмыз.
«Шежіреде» Қожабергеннің үш әйелінен мына ұлдар туылған деп
көрсетіледі: 1. Бәйбішеден («Бәйбіше атынан» деп көрсетілген): Байтайлақ;
Қалыбай; Тоқбура; Малкелді; Ертісбай; 2. екінші әйелінен («Байбура
аталады» деп көрсетілген): Кененбай; Кенет; Мәмі. 3. Үшінші әйелден
(«Жүзік аталады»): Жандәулет; Шындәулет; Рыстамбет; Меңдібай; Бөгенбай;
Кенжебай; Қазақбай.
Біздің осы кітабымызға тың тарихи дереккөз ретінде енгізіліп отырған
мәнжу тілді мұрағат құжаттар арасында бірнеше «Қожабергеннің ұлы»
көрсетіледі. Ал бұлардың барлығы жоғарыда көрсетілген қазақ шежіресіндегі
есімдермен сәйкеседі:
Жандәулет: бұл есім біздің осы кітабымызға енгізілген үш құжатта, яғни
46-, 58-, және 69-құжаттарда кезігеді, және екі құжатта да осы Жандәулетті
«Қожабергеннің ұлы» деп көрсетеді. Бір қызығы, «Шежіреде» Жандәулет
«Қожабергеннің қарашаңырағына ие болған. Қожабергеннің ақ туы осының
үйінде сақтаулы 4 » деп хабар берсе, мәнжу құжаттары да Қожабергеннің
Жандәулетпен бірге туратындығын, сондықтан Жандәулеттің қиын-қыстау
кезінде әкесінің орнында ел арасында сөзін өткізе алатындығын көрсетіп тұр
(төмендегі 9-тараушыға қараңыз);
Байтайлақ: бұл есім кітабымызға енгізілген 14-құжатта кездеседі.
Құжатта Қожабергеннің елшісі ретінде Цин әскери лагеріне барып Цин
ұлықтарына маңызды хабарларды жеткізген бұл адамды «Қожабергеннің
ұлы» деп анық көрсеткен;

2 Осы мәліметтен тыс, кітабымызға енгізілген 2- және 3-құжаттарда Қожабергенді «керей-уақ тайпасынан шыққан» деп
көрсетеді. Ал қытай тілінде жазылған 11-құжатта Қожабергеннің шыққан тегі «вакэ циратэ» (瓦克起拉特) деп
көрсетіледі. Мұндағы «вакэ»  «уақ» сөзінің қытайша транскрипциясы екендігі анық; ал «циратэ» – «керей» сөзінің
моңғол тіліндегі көпше түрі, яғни «керейіт» сөзінен келген болса керек.
3 Бұл шежире мына жинаққа енгізілген: Зұрханбайұлы 1996, 7176-бб.
4 Осы шежіреде көрсетілген мәліметке қарағанда, Қожабергеннің туы ақ түсті болған. Алайда, кітабымызға енгізілген 1-
және 4-құжаттардағы осы мәселемен қатысты мына бір дерек біздің назарымызды аударады: аталмыш құжаттың айтуы
бойынша, қазақ Қожаберген батырмен бірге Цин патшалық әскери күшіне қарсы шыққан Әмірсана өзін жаудан жасырып
қалу мақсатында ұстап жүрген туын көк түсті туға алмастырды-мыс. Біздің түсінгеніміз, Әмірсана мұнда өз туын қазақ
туына алмастырған. Бұл деректен «Қожаберген туының түсі көк болған ба» деген күдік туындайды. Әрине, Әмірсананың
ауыстырғаны Қожабергеннің жеке туы емес, қазақ армиясының жалпы туы болуы да мүмкін.

Қалыбай: «Шежіреде» Қалыбай Қожабергеннің үлкен ұлы деп
көрсетілген. Кітабымызға енгізілген 29-құжатта есімі мәнжуше «halbai» деп
хатталған адам кездеседі, ол 1759 жылы 1 000 әскер бастап Қара Барақпен
(найман көкжал Барақпен) бірге Жоңғария мен Іле-Көксу-Зайсан сынды
жерлерге жорық жасаған екен. Біздің пайымдауымызша, аталмыш мәнжу
құжатында кездесетін «halbai»  Қожабергеннің ұлы Қалыбай болуға тиісті.
Бізді осындай пайымдауға жетектеген тек екі дереккөздегі есімдердің
ұқсастығы ғана емес, біз мұнда мынадай тарихи фактіге де назар аударып
отырмыз: 1757 жылы тамыз айында Қожаберген дәл осы 29-құжатта
айтылған Қара Барақпен (көкжал Барақпен) бірге Цинның әскери лагеріне
барып, Цин ұлықтарымен кездесіп, Цин армиясының Тарбағатай өңірінен
шегінуін талап етіп (28-құжат; төмендегі 5-тараушадағы тиісті талдауымызға
да қараңыз), өздерінің «улеттерге», яғни жоңғар қалмақтарына қарсы
жүргізетін жорықтарына керекті куәлік хат алған (1115-құжаттар).
Қожаберген мен Қара Барақтың (көкжал Барақтың) сонау 1757 жылда-ақ
қалмақ-шүршіттерге қарсы құрған одағы 1759 жылға дейін жалғасып келген
болса керек. Дегенмен, осы 1759 жылы Қожаберген өзіне қарасты 1 000
әскерді ұлы Қалыбайға басқартқызып қойған тәрізді. Мұндай жағдайдың
болғандығын біз кітабымызға енгізілген 23-құжаттағы бір мәліметтен де
байқай аламыз. Бұл құжаттың айтуы бойынша, 1758 жылы Қожаберген 1 000
сарбазды бастап Ертіс бен Аярақ көліне дейінгі аумақта жорық жасап
шыққан. Сонан соң, аталмыш жорықта қолына түскен тұтқындардың саны
мардымсыз болғандықтан, Қожаберген өз ауылына қайтып кетіп, артына тек
Абылай ханның Бейжіңнен оралып келе жатқан елшілерін күтіп алғызу
мақстында 11 жасақты «halanbai»-ға тапсырып кеткен. Мұндағы «halanbai»
сөзі де қазақша «Қалыбай» есімінің қателеніп жазылған түрі болса керек 5 ;
«Байбура»: Біздің осы кітабымызға енгізілген 31-құжатта мынадай
мәлімет сақталған: 1759 жылы 2 қыркүйек күні бірнеше топ қазақ сауда
керуені Цин патшалығының құзырындағы Үрімжі жеріне мал айдап барады,
сондағы бір топ қазақтардың Байбура есімді басшысы өзін «мен Қожігердің
ұлымын» деп таныстырған. Бұл жерде әуелі «Қожігер» деп хатталған есім
біздің күмәнімізді тудырып отыр, өйткені, мұндағы айтылған адамен бір
уақытта сауда керуендерін жіберген өзге емес, Абылай хан мен Әбілпейіз
сұлтандар (31-құжат). Ал осы хан-сұлтандармен есімі бірге аталып отырған
«Қожігер» өзге тарихи жазбаларда да, қазақтың ауызекі дереккөздерінде де
кездеспейді. Шындығына келсек, қазақтар мен шүршіт-қытайлар арасындағы
«жылқыға жібек» сауда байланысының басталуы осындағы айтылған Абылай
хан, Әбілпейіз сұлтан, сондай-ақ Қабанбай, Қожаберген және Дәулетбай
сынды қазақ көсемдерімен тікелей қатысы бар, 1758-1759 жылдары
аралығында Үрімжіде тұратын Цин ұлықтары әуелі сол қазақ көсемдерінің
атынан келетін сауда керуендерін күткен еді (бұл туралы 28-құжатқа
қараңыз). Осы жәйтті ескере отырып біз мынадай тұжырым жасаймыз: осы
31-құжаттағы «Қожігер» деген есім асылы қате жазылған, ол «Қожаберген»
5 Бұл есім біздің осыдан бұрынғы бір еңбегімізде «Қаламбай» деп қате аударылған (қараңыз: Еженханұлы 2009, 44-
құжат).

болуға тиісті. Демек, мұндағы Байбура да Қожабергеннің ұлы болып
шығады. Әрине, «Шежіреде» Қожабергеннің осы есімді жеке дара баласы бар
деген мәлімет берілмеген, дегенмен, онда Қожабергеннің екінші әйелінен
туылған үш ұл жалпы «Байбура» деген атпен аталатындығы анық көрсетілген
(Зұрханбайұлы 1996, 75-б.).
Жоғарыдағы деректанулық талдау мен салыстырулардан шығатын
қортынды біреу: жаңадан жарық көріп жатқан мәнжу тілді мұрағат
құжаттарында сақталып қалған Қожабергеннің тегі мен оның отбасы
мүшелері туралы деректер 1970-1990 жылдары Моңголия Өлгей жеріндегі
қазақтар арасынан жазып алынған шыбарайғыр шежіресіндегі мәліметтермен
сәйкеседі, бұл  Цин патшалық орда жазбаларында із қалдырған
Қожабергеннің 12 абақ керейден, оның ішінде шыбарайғыр руынан
шыққандығын дәлелдеп отыр.
Айта кету керек, біршама әйгілі тұлға екендігіне қарамастан, Қожабергеннің қашан туып, қай
уақытта қайтыс болғандығы туралы ешқандай нақты жазба мәлімет жоқ болып келген. 1970-1990
жылдары Моңголия Өлгей жерінде елдің аузынан жазып алынған кейбір аңыздарда бул туралы
азды-көпті сөз қозғалғандай болғанымен, ондағы айтылған тиісті әңгімелерді негізінен күңгірт әрі
дәйексіз деп бағалауға болады. Мысалы, «Шыбарайғыр Қожаберген батыр» атты кітапқа
енгізілген «Ата салты» атты бір шежіре өлеңде аталмыш мәселеге байланысты мынадай болжау
айтқан екен:
«(Қожаберген батыр) 61 мүшел жасында зертең ауруынан қайтыс болған дейді.
1860 (1760 ?) жылдардың маңайында болған» 6 .
Біздің түсінуімізше, аталмыш кітапқа «Ата салты» атты шежіре енгізілген кезде, кітаптың
құрастырушысы З. Зұрханбайұлы шежіредегі «Қожаберген батыр 1860-жылдары қайтыс болды»
деген әңгіменің қате екендігін байқап, ондағы датаны «1760-жылдары?» деп түзетбек болған –
бұл, әрине, тарихи шындыққа әлдеқайда жақын келеді. Дегенмен, осы аңыздағы «Қожаберген 61
мүшел жасында қайтыс болды» деген әңгіменің шын-өтрігіне назар аударылмаға, өйткені, осы
аңыздың пайда болған заманында тиісті жазба дереккөздің жоқтығы да осындай әңгіменің
шарлауына жол берген. Енді, міне, жаңадан ашылып жатқан мәнжу тілді тарихи құжаттарда
сақталған мәліметтер біздің осы мәселеге байланысты ұғымымызды сәл де болса біраз
тереңдетуіне мүмкіндік беріп отыр. Кітабымызға енгізілген мәнжу мұрағат құжаттарында бұған
байланысты мынадай мәліметтер кездеседі:
Кітабымызға енгізілген 14-құжаттың айтуы бойынша, 1757 жылы 25 тамыз күні Цин ұлығы
Жаохуэйдың қонағы болған Қожаберген батыр: «Мен өзім алпыстан асқан адаммын» деген екен.
Ал кітабымызға енген бірсыпыра құжатарға (51-ден 70-ге дейін құжаттар) қарағанда, Қожаберген
батыр кем дегенде 1767 жылы қыркүйек айына дейін, яғни 70 жастан асқан шақтың өзінде Құлжа
жеріне сауда жүргізіп барған. Демек, әлгі шежіредегі «Қожаберген 61 мүшел жасында қайтыс
болған» деген әнгіме жансақтықтан пайда болған. Бір өкініштісі, Қожабергеннің нақты қай жылы
қайтыс болғандығы жөнінде қазірше бізге ешқандай жазба дерек кездеспей отыр.

Related Articles

  • САРБАС РУЫ ЖӘНЕ САРТОҚАЙ БАТЫР

    Тарихты түгендеу, өткеннің шежіресін кейінге жалғау – атадан балаға жалғасқан ежелгі дәстүр. Шежіре, ұлт-ру, тайпа тарихы – атаны білу, арғы тарихты білу болып қалмастан ұлттың ұлт болып қалыптасуы жолындағы бастан кешкен сан қилы оқиғалары мен ауыр тағдырынан да мол дерек береді. Шежіре – тұтас халық тарихының іргетасы ғана емес, ұлт пен ұлыс танудың әліппесі  саналады. «Қазақ халқы 200-ден аса рудан құралса да әр рудың өз шежіресі болған. Шежірешілер жүз, тайпа, ру, ата тарихын терең талдай білген»(1). Патшалық ресейдің дәурені аяқталар тұста қазақтың мемлекеттігін қалпына келтіруді мақсат тұтқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан (1866-1937) алғашқы болып қазақ тарихының қажеттілігін алға тартып, башқұрттың әйгілі ғалымы Уәлиди Тоғанмен кездесіпті. Уәлиди Тоған өзінің естелігінде: «Мен бірнеше

  • ОА қорғанысқа қаржыны не себепті арттырды? Каспийден Украинаға зымыран ұшырған Ресей суды ластап жатыр ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан әскері бірігіп өткізген «Бірлестік-2024» жаттығуы. Маңғыстау облысы, шілде 2024 жыл. Қазақстан қорғаныс министрлігі таратқан сурет.  Орталық Азия елдері қорғаныс шығынын арттырды, мұның астарында не жатыр? «Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін екі есе көп өндіруді жоспарлап отыр, алайда үкімет бұл салада жұмыс күшінің азайғанын есепке алмаған». «Каспий теңізінен Украинаға зымыран ұшырып жатқан Ресей теңіздің экологиялық ахуалын ушықтырып жатыр». Батыс басылымдары бұл аптада осы тақырыптарға кеңірек тоқталды. ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҚОРҒАНЫС ШЫҒЫНЫН АРТТЫРДЫ. МҰНЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР? АҚШ-тағы «Америка дауысы» сайты Украинадағы соғыс тәрізді аймақтағы қақтығыстар күшейген тұста Орталық Азия елдері қорғаныс саласына жұмсайтын ақшаны арттырғанына назар аударды. Бірақ сарапшылар мұндай шығын тұрақтылыққа септесетініне күмән келтірді. Стокгольмдегі бейбітшілікті

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: