|  |  |  | 

Көз қарас Саясат Шоу-бизнис

“Саяси ұпай жинауға тырысып жатыр”. Сарапшы Тоқаевтың ЕАЭО жиынында айтқаны жайлы


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев видеоконференция арқылы өткен ЕАЭО жиынына қатысып отыр. 19 мамыр 2020 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев видеоконференция арқылы өткен ЕАЭО жиынына қатысып отыр. 19 мамыр 2020 жыл.
Мамырдың 19-ында Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) мүше елдердің президенттері видеоконференция арқылы өткен жиында ұйымның алдағы бес жылға арналған даму стратегиясын қабылдаған жоқ. Жиын кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегия жобасын «ел үкіметтері мен парламентінің дербестігін шектейді» деп, кейбір тұсын қайта қарау қажет деген ұсыныс айтты. Тәуекелді бағалау тобының директоры, саясаттанушы Досым Сәтпаев Азаттыққа берген сұхбатында экономикалық кеңес отырысындағы Тоқаев сөзінің астары жайлы, Нұрсұлтан Назарбаевтың ақыры таяған дәуірі, Еуразия экономикалық одағы ішіндегі қордаланып қалған қайшылықтар жайлы айтты. 

ЕАЭО ішіндегі Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жобаның ішінде “Еуразиялық экономикалық интеграцияның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы туралы жобаны” “толықтыру қажет” деді. Одақ сайтының хабарлауынша, Армения, Ресей, Қазақстан және Қырғызстан президенттері құжатты “жалпы қолдаған”, бірақ қабылдаған жоқ.

Тоқаев жиында “одақтың реттеу органы саналатын – Еуразия экономикалық комиссиясының құзырына денсаулық сақтау, білім және ғылым сияқты салаларды енгізсек, [одақ] экономикалық бағытынан ауытқып кетеді. Былайша айтқанда, бұл ЕАЭО-ны құру туралы 2015 жылғы келісіміне қайшы” деді. Ол “аталған салалардың экономикалық жағын ғана қарайық, [одақ қамтитын мәселе ауқымын] қолдан кеңейтіп, тереңдетудің қажеті жоғын” айтты.

Тәуекелді бағалау тобының директоры, саясаттанушы Досым Сәтпаев Тоқаевтың ЕАЭО жиынындағы сөзін халықтың сенімін қайтаруға талпыныс, алдағы билікке талас кезінде керек болатын саяси ұпай жинау деп бағалайды.

Азаттық: Тоқаев еуразиялық интеграция бойынша жаңа құжат көңілінен шықпағанын білдірді. Стратегияны “елдің егемендігін шектейді” деп, мұны “қоғам қабылдамайтынын” айтты. Бұл нені білдіреді? Тоқаев расымен егемендікті қорғап қалғысы келді ме, әлде қоғам алдында имиджін көтермек болды ма?

Досым Сәтпаев: Менің ойымша, екіншісі. Қазір Тоқаев өз имиджін, беделін жақсарту жолында белсенді жұмыс істеп жатыр. Бұл әсіресе былтыр өткен даулы президент сайлауынан кейін күшейді. Былтыр ол президент ретінде жұмысын халықтың сенімі түгесілген кезде бастады. Енді қазір түрлі әлеуметтік-экономикалық бастама көтеру арқылы сенімді қайтаруға тырысып, “жанған үміт” президенті атануға тырысып жатыр. Сыртқы саясатта танытқаны да осының бір бөлігі. Айтпақшы, [одақ отырысында бұлай сөйлегені] қызық болды. Себебі осыған дейін сыртқы саясат экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың монополиясында еді.

Тоқаевтың жиын кезінде айтқаны – біз 2014 жылдан бері көптің талқысына салып, айтып жүрген сөздер. Еуразия экономикалық одағы құрылғалы жатқанда-ақ мұны Қазақстан түскелі жатқан “экономикалық қақпан” деп атап, одақты Ресейдің “геополитикалық жобасы” деп келдік. Оның үстіне бұл Мәскеу Қырымды аннексиялап алған 2014 жылмен дөп келді. Ресейдің одақтағы мүше елдерге түрлі мәселе тудыратыны айқын еді. Тоқаевтың кешегі сөзін біз алда төнуі мүмкін қауіп ретінде көп жылдан бері айтып жүрміз. Қазір Қазақстан халқының басым бөлігі одақ жұмысын нақты бағалап, ЕАЭО-ның өлі туған құрылым екенін ұғып отыр. 2014 жылы Назарбаевтың “бизнеске 170 миллион тұтынушысы бар нарық ашылады” деген уәдесінен соң кәсіпкерлерде үміт пайда болған. Бірақ мұның бәрі ертегі болып шықты. Себебі Ресей нарығын жаба бастады, бақылауды күшейту шараларын жүргізіп жатты. Батыс пен Ресей арасындағы даудан соң жағдай тіптен ушығып кетті де, Қазақстан мен Беларусь өндірушілері түрлі мәселеге тап бола бастады.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев

Саясаттанушы Досым Сәтпаев

Қазір Тоқаев өз ойы барын, Қазақстан мүддесін қорғай алатынын көрсетуге талпынып, саяси ұпай жинауға тырысып жатыр. Мысалы, қазір Facebook желісінде не болып жатқанын қараңызшы. Тоқаевқа бұрын да бүйрегі бұрып отыратындар қазір президентті одақ жиынында айтқан сөзі үшін ұлықтап жатыр. Бұл – әдейі қолдан жасалған іс. “Тоқаев Назарбаевқа қарағанда Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғай алады” дегендей емеурін жасап жатыр. Бірақ Тоқаевтың айтқан пунктілерін мұқият қарап шықсаңыз, бәрі мүмкін емес нәрсе. Мұны, біз, қазақстандық сарапшылары 2014 жылы айтқанбыз. Тоқаевтың Ресейді басқа елдердің мүддесін ескеруге шақыруы – берекесіз тірлік. Себебі Ресей мұндайды елемейді де. Ресей одаққа мүше елдерді өзінің сателлиті санайды. Президенттің бұл мәлімдемесі Қазақстандағы аудиторияға арналған.

Азаттық: Сонымен мамырдың 19-ында стратегияны “жалпы қолдағанымен”, құжат қабылданбады. Бұл сіз үшін күтпеген жағдай болды ма, әлде соңғы жылдары одақ ішінде байқалған келіспеушіліктердің нәтижесі ме?

Досым Сәтпаев: Бұл – келіспеушілік көрінісі. Шынтуайтында, Тоқаевқа дейін одақты Лукашенко қатты сынап жүрген. Беларусь президенті біраз уақыт бойы тұрақты түрде Ресейді де, Еуразия экономикалық одағын да сынап келеді. Қазақстан да қазір сынаушының біріне айналып барады. [Қырғызстан президенті Сооронбай] Жээнбеков те соңғы кезде сыпайы түрде, дипломатиялық жолмен Қырғызстанның одақ жұмысынан көңілі қалғанын білдіріп келеді. Арменияда Қазақстанды ұйымнан шығарып тастауға шақырған сарапшылар да болды. Еуразия экономикалық одағы әр аспаз өз тамағын әзірлеп жүріп, ошақ басында қырқысып қалып жатқан ас үйге ұқсайды.

Еуразия экономикалық одағы әр аспаз өз тамағын әзірлеп жүріп, ошақ басында қырқысып қалып жатқан ас үйге ұқсайды.

Қабылданбаған стратегияны дайындауға Ресей белсене қатысқан. Мәскеу бұл жолы да серіктестеріне экономикалық бақылау жүргізуге жол ашатын кейбір пунктілерді лобби жасауға тырысты. Әрине, мұны басқа елдер қабылдаған жоқ. Олар мұның қауіпті екенін түсініп отыр. Стратегияның қабылданбауы – Тоқаев сөзіне реакция ғана емес. Құжатта Еуразия экономикалық одағында бұрыннан бар қарама-қайшылықтар жиналып қалған.

Азаттық: Сіздің ойыңызша, ұйым ішіндегі қарама-қайшылық енді арта бере ме?

Досым Сәтпаев: Жағдай ушыға бермек. Мысалы, Ресей Өзбекстанды одаққа мүше етуге қанша тырысса да, Ташкент Қазақстан сияқты алып-ұшып кіре қойған жоқ. Бақылаушы статусын сақтап қалды. Ол одақ ішінде, Ресей мен Беларусь, Қазақстан мен Қырғызстан арасында қандай мәселе барын бақылап отыр. Ташкент бұл одақ шын мәнінде геосаяси құрылым екенін ұқты. Ресейдің көңілін қалдырмас үшін бақылаушы болды. Өзбекстан одаққа мүше болмаса да, Ресеймен экономикалық қатынасын еш азайтпады. Ресей бизнесі Өзбекстан нарығына еніп жатып, елдегі ресейлік өндіріс орнының саны артты, Мәскеу өзбек шаруаларының өнімдеріне ыңғайлы жағдай жасап жатыр. Неге? Себебі Ресей Өзбекстан маңызды серіктес екенін түсінеді. Сол үшін де одақ мүшесі емесіне қарамайды. Бұл – парадокс. Беларусь, Қазақстан одаққа мүше бола тұра Ресейден көп шектеу көреді. Ресей ұйымға кірмейтін мемлекеттерге Қазақстан мен Беларусьқа қойғандай шектеу қоймайды. Мәскеу оларға артықшылық берген. Бұл Қазақстан өзін-өзі шығу оңай соқпайтын тұзаққа түсіргенін көрсетеді. Бірақ мүдделерімізді ескерсек, [одақтан] шыққан дұрыс. Еуразия экономикалық одағы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымымен бірге Ресейдің ықпалын жүргізетін ұйымға айналып барады. ҰҚШБ – саяси, ал ЕАЭО – экономикалық құрал.

Батыс пен Ресей арасындағы қақтығыс таяуда бітпейді. Бұл – одаққа мүше елдер Ресейдің сыртқы саясаты мен экономикалық саясатының тұтқыны бола береді деген сөз. Мәскеудің сыртқы саясаттағы күмәнді тірліктерімен санасуға тура келеді. Бұл Қазақстан экономикасына кесірін тигізуді бастап та кетті.

Мысалы, таяуда Беларусь Қазақстаннан мұнай сатып алмақ болды. Бірақ Ресей рұқсат етпей қойды. Негізі Қазақстан сатуға әзір болған. Сол кезде [Беларусь президенті Александр] Лукашенко “Ресейдің бір одақтасы екінші бір одақтасымен саудаласқысы келеді. Бірақ Ресей кедергі болды” деп, мұның “ақылға қонбайтын жағдай” екенін дәл байқады. Бұл Ресейдің басқа мемлекеттер мүддесіне – Беларусь елінің де, Қазақстанның да мүддесіне түкіргені барын көрсетті.

Азаттық: Қазақстанның өз мүддесін қорғау ұмтылысын Ресей қалай қабылдайды?

Досым Сәтпаев: Біз Ресейге жалтақтамауымыз керек. Мәскеу “менің шешімдерімді [одаққа мүше] басқа мемлекеттер қалай қабылдап жатыр екен?” деп жатқан жоқ. Қазақстанның нақты ұлттық мүддесі бар. Соны қорғауымыз керек. Ресейге ұнаса да, ұнамаса да, мүддеге қайшы келді ме – Қазақстан ашық айтуы керек. Созбақтаудың, жұмсартудың қажеті жоқ. Совет одағы құлаған. Мәскеу – ойын ережесін анықтайтын орталық емес.

Еуразия экономикалық одағына мүше елдердің президенттері видеоконференция арқылы өткен жиында. 19 мамыр 2020 жыл.

Еуразия экономикалық одағына мүше елдердің президенттері видеоконференция арқылы өткен жиында. 19 мамыр 2020 жыл.

Азаттық: Бұған дейін де түрлі сын айтылды дедіңіз. Мәскеу оларды ескеріп пе еді?

Досым Сәтпаев: Жоқ. Әңгіме сонда. Мысалы, Беларусь президент Ресейді сынағанда Мәскеу оған қысым жасауға тырысты. Қазақстанның да Ресейді ашық сынауы Мәскеуде белгілі бір деңгейде тосын көрінер еді. Бірақ Ресей сынды ескеретіндей деңгейде қабылдай қояды дегенге сенбеймін. Меніңше, Ресей араға уақыт салып, алда да одақ ішіндегі позициясын нығайту үшін түрлі бастамаларына лобби жасаумен болады. Солай болып та жатыр. Одақ шеңберінде ортақ валюта шығару, ортақ қаржы орталығын құру, ортақ ақпарат алаңын ашу, ішкі-сыртқы шекараларды біріге бақылау сияқты бастамалар көтерген. 2014 жылы құжатқа қол қойылғалы жатқанда Мәскеу келісім ішіне өзінің геосаяси мүддесін кіргізіп жіберуге тырысты. Ресей бұл тірлігін жалғастыра береді. Мақсаты – постсовет кеңістікте бақылауын күшейту, геосаяси мақсатта экономиканы ұстау. Қазақстанға мүддесін қорғап қалу қиын болады. Себебі біз – одақ мүшесіміз. Қазақстанның Ресейге қысым жасайтындай қандай құралы бар? Ешбір құралы жоқ. Беларусьтің де жағдайы – осы. Наразы болып, айқайлай беруіміз мүмкін, бірақ Қазақстан қолдана алатын қысым құралы біреу-ақ. Ол – одақтан шығу. Бірақ Тоқаевтың бірер жылда мұндай шешім қабылдауы неғайбыл.

Азаттық: Еуразиялық интеграция мен ЕАЭО Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев өнімі ретінде айтылады. Бұған дейін Қазақстан одақ шеңберінде көп құжатқа еш қарсылық танытпастан қол қойып келді. Тоқаевтың жиындағы сөзін демарш деуге бола ма? Мәскеуден теріс айналудың басы ма?

Досым Сәтпаев: Назарбаев президент қызметінен кетпес бұрын жасаған соңғы мәлімдемесін қараңызшы. Еуразия экономикалық одағын ол да сынап еді. Назарбаев “экономикалық одақ деген – экономикалық одақ” екенін айтты. Соңғы кездері Назарбаев та Ресей бұл одаққа өзінің геосаяси жобасы ретінде қарайды дегендей емеурін жасап жүрді. Бірақ Тоқаевтың Назарбаевтан не айырмасы бар? Назарбаев бұл одаққа өз өнімі ретінде қарайды, интеграция бойынша жаңа одақтың құрушысы болды. Тоқаевтың мұндай амбициясы жоқ. Одақ – оның өнімі емес. Сондықтан сынауға келгенде біршама еркін. Бірақ “Тоқаев соңғы сөзімен Назарбаевқа қарсы шықты” демес те едім. Жиын кезінде дипломатиялық сарынмен сөйледі. Назарбаевқа қарағанда тура айтқан шығар. Бірақ Лукашенконың сөзімен салыстырып көріңізші. Тоқаев өте сыпайы түрде, жұмсартып, Ресей сөз арасынан ұғып алатындай етіп айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) мен Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) "Нұр Отан" партиясының жиынында. Съезде Тоқаев партия атынан президент сайлауына ұсынды. 2019 жылдың сәуірі.

Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) мен Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) “Нұр Отан” партиясының жиынында. Съезде Тоқаев партия атынан президент сайлауына ұсынды. 2019 жылдың сәуірі.

Азаттық: Тоқаев жиында айтқан сөзін Назарбаевпен келісіп алды деп ойлайсыз ба?

Досым Сәтпаев: Назарбаевтың көзі тірі кезде, іске жарап тұрған шағында Тоқаевтың сыртқы саясаттағы барлық мәлімдемесі белгілі бір деңгейде экс-президент мақұлдауынан өтеді. Назарбаев президенттіктен кетпей тұрып, осыған ұқсас, бірақ бұдан да жұмсақ, бұдан да дипломатиялық сарында мәлімдеме жасап жүрген.

Азаттық: Былтыр әр сөзінде экс-президентті айтып отырған Тоқаев соңғы кездері мұндай әдетін қойды. Онысы Еуразия кеңесінің отырысында да байқалды. Не үшін деп ойлайсыз?

Досым Сәтпаев: Назарбаев дәуірі аяқталып келеді. Мұны бәрі біліп отыр. Қазір Назарбаевтың ішкі саясаты жүріп жатыр. Назарбаев саясаттан толық кеткенде Тоқаев билікке таласа алуы үшін өз ойы бар саясаткерге айналғысы келетін кезеңге өтеді. Алдағы билікке талас кезінде керек болатын саяси ұпайды Тоқаевқа қазір жинап алу маңызды болып тұр.

Назарбаев дәуірі аяқталып келеді. Мұны бәрі біліп отыр.

Тоқаев қазір Қазақстанның ішкі аудиториясы алдындағы ұпайын түгендегісі келеді. Мысалы, Масанчи ауылындағы жанжал (ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер қақтығысып, 11 адам қайтыс болды – ред.) кезінде Тоқаев қазақ тілін барынша қолдай сөйледі. Бұл – ұлттық-патриоттық көңіл-күйді қолдағаны. “Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек” деген таяуда айтқан сөзі де бар. Бұл да Тоқаевтың қазақ тілді аудитория қолдауына ие болу мақсатындағы ісінің бір бөлігі. Ұлттық-патриоттық аудитория әуел баста-ақ, әсіресе Қырым аннексиясынан соң Еуразия экономикалық одағына қарсы болды. Тоқаевтың саяси технология жүргізіп жатқанын көріп отырмыз. Назарбаев олай-бұлай болып кетіп, қазіргі президентке әлдекім қарсы шықса, халық, әсіресе элита кімді қолдау керегін білуі үшін Тоқаев тап қазір тәуелсіз екенін, өз күшіне сенетінін көрсеткісі келіп жатыр.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет!

Азат Еуропа / Азаттық радиосы 

Related Articles

  • ОА қорғанысқа қаржыны не себепті арттырды? Каспийден Украинаға зымыран ұшырған Ресей суды ластап жатыр ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан әскері бірігіп өткізген «Бірлестік-2024» жаттығуы. Маңғыстау облысы, шілде 2024 жыл. Қазақстан қорғаныс министрлігі таратқан сурет.  Орталық Азия елдері қорғаныс шығынын арттырды, мұның астарында не жатыр? «Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін екі есе көп өндіруді жоспарлап отыр, алайда үкімет бұл салада жұмыс күшінің азайғанын есепке алмаған». «Каспий теңізінен Украинаға зымыран ұшырып жатқан Ресей теңіздің экологиялық ахуалын ушықтырып жатыр». Батыс басылымдары бұл аптада осы тақырыптарға кеңірек тоқталды. ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҚОРҒАНЫС ШЫҒЫНЫН АРТТЫРДЫ. МҰНЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР? АҚШ-тағы «Америка дауысы» сайты Украинадағы соғыс тәрізді аймақтағы қақтығыстар күшейген тұста Орталық Азия елдері қорғаныс саласына жұмсайтын ақшаны арттырғанына назар аударды. Бірақ сарапшылар мұндай шығын тұрақтылыққа септесетініне күмән келтірді. Стокгольмдегі бейбітшілікті

  • Мәскеу биржасы санкцияға ілінді. Теңге мен Қазақстан биржасына қалай әсер етеді?

    Хадиша АҚАЕВА Қазақстандық қор биржасы иелерінің бірі – Мәскеу биржасы Ресейдің әскери агрессиясы салдарынан АҚШ санкциясына ілікті. Бұл Қазақстандағы қор және валюта нарығы мен теңге бағамына қалай әсер етеді? АҚШ осы айда Ресейдегі ірі биржа холдингіне санкция салды. Американың қаржы министрлігі Мәскеу биржа арқылы әскери мақсатқа капитал тартқан, Ресей азаматтары мен “дос мемлекеттер” “Ростех”, “Вертолеты России” сияқты қорғаныс кәсіпорындарының құнды қағаздарын сатып алып, инвестиция құйған деп есептейді. Ресейге қарсы санкциялар Қазақстанға да әсер етеді. Өйткені Астана Ресей экономикасы басымдыққа ие Еуразия экономика одағына мүше. Мәскеу – Астананың негізгі сауда серіктестерінің бірі. РУБЛЬ ЮАНЬҒА ТӘУЕЛДІ. ТЕҢГЕНІҢ ЖАЙЫ НЕ БОЛАДЫ? Мәскеу биржасы санкцияға ілінгеннен кейін доллар және еуромен сауда жасауды тоқтатты. Қазір

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Үздік ойдың үзінділері

    Үздік ойдың үзінділері Арма әлеумет! Мен қазір таза академиялық ғылыми ортада жүрмін. Өзімнің неше жыл бойы жинаған білімімді, оқыған оқуымды, шетелдік тәжірибемді, интеллектуалды қарым-қабілетімді шынайы қолданатын қара шаңырақтың ішінде жүрмін. Алматының бәрінен бөлек мәдени ортасы ерекше ұнады. Алматы қала мен дала дейтін екі ұғымның түйіскен әдемі ортасы екен. Ойлап көрсем мен бақытты перезент, бағы жанған ұрпақ екенмін. Әкем тұрмыс пен жоқшылық, жалғыздықтың тауқыметін әбден тартып еш оқи алмадым, небәрі үш ай оқу оқыдым-, деп менің оқуымды бала күнімнен қадағалады, шапанымды сатсам да оқытам деп барын салды. Ал мектепте бақытты шәкірт болдым. Маған дәріс берген ұстаздарым кілең дарынды, қабілетті кісілер болды. Университетте және шетелде мен тіптен ерекше дарын иелеріне шәкірт болдым.

  • Самат Әбіш қалай “сүттен ақ, судан таза” болып шықты?

    Азаттық радиосы Саясаттанушы Досым Сәтпаев ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке шыққан үкім “Қазақстандағы режим болашақты ойламайтынын көрсетті” дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев. Сарапшының пайымдауынша, билеуші “элита” жеке істерімен және тасадағыкелісімдермен әуре болып жатқанда елде тағы бір жаңа әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін факторлар күшейіп келеді. СаясаттанушыРесей өзінің экономикалық мүдделері мен геосаяси жоспарларын кеңінен жүзеге асыру үшін Қазақстанның ішкі саясатына тікелей әсер етуге тырысып жатуы мүмкін деп те топшылайды. ПУТИН “ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ” МЕ? Азаттық: Сонымен ұзақ демалыс алдында осындай үлкен жаңалық жарияланды. Мейрам алдында, 19 наурызда қазақстандықтар мәжіліс депутатының постынан Самат Әбішке шыққан үкім жайлы білді. Мұның бәрінің байланысы бар ма әлде кездейсоқтық па? Досым Сәтпаев: Әңгімені бұл істің құпия

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: