|  |  |  | 

Жаһан жаңалықтары Саясат Сұхбаттар

Батыс берген қару-жарақ Украинаға көмектесе ала ма? Сарапшымен сұхбат


Әскери беренді техникаға мініп келе жатқан украин жауынгерлері. Украина құрлық әскері баспасөз қызметі 2022 жылғы 19 сәуірде жариялаған сурет.

Әскери беренді техникаға мініп келе жатқан украин жауынгерлері. Украина құрлық әскері баспасөз қызметі 2022 жылғы 19 сәуірде жариялаған сурет.

Ұлыбританиядағы Консервативтік партияның қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бұрынғы кеңесшісі, Article 7 консалтинг тобының бас директоры Гарван Уолш Батыстың әскери техникасы Украинаға қалай көмектесе алатынын, соғыстың ендігі кезеңі неліктен логистикаға байланысты екенін айтты.

Ресей әскері Украинаның шығысындағы шабуылын күшейте бастаған шақта, Батыс елдері Киевті қуатты қару-жарақпен қамтамасыз етуге тырысып жатыр.

Украина бұл соғыста табандылықпен қарсылық танытып, Ресей әскері елдің солтүстігінен кетті. Бірақ сарапшылар соғыстың ендігі кезеңі Батыстың әскери көмегі қандай болатынына байланысты өрбиді дейді.

Жуырда АҚШ Украинаға қауіпсіздігін нығайтуға 800 млн доллардың көмегін беруді мақұлдаған. Словакия, Балтық елдері, Канада секілді басқа мемлекеттер де қуатты қару мен алыстан қолдануға болатын қару-жарақ жібере бастады. Атап айтқанда, гаубица, зенит жүйесі, кемеге қарсы зымырандар, ұшқышсыз ұшатын әскери дрондар, беренді техника мен танкілер берді.

Батыс әскери техникасын Украинаға жеткізу үшін ұшаққа тиеп жатыр. Көрнекі сурет.

Батыс әскери техникасын Украинаға жеткізу үшін ұшаққа тиеп жатыр. Көрнекі сурет.

Шамамен екі айға жалғасып жатқан соғыстың келесі кезеңіне өтер шақта жаңа көмектің берілуі Батыстың Украинаға қолдауы жылдам өзгергенін көрсеткендей болды. 24 ақпанда Ресей әскері Украинаға шабуыл бастағанда Батыс билігі соғыс ұзаққа бармайды деп болжап, Киевке жеңіл қару-жарақ пен техника берген. Атап айтқанда, винтовка, шлем, байланыс құралдары мен иыққа сүйеп ататын зымырандар беріп көмектескен.

Бірақ Украинаның соғыстағы жетістіктерінен кейін бұл тізім өзгерді. Батыс шенеуніктері енді Украинаны тек Донбасс аймағындағы шешуші шайқасқа ғана қажет қарумен емес, жалпы, Ресей күштеріне қарсы ұзақ әрі қатыгез соғысқа қажет қару-жарақпен қамтамасыз етуге тырысып жатыр.

Осы жайлы толық білу үшін Азаттық Ұлыбритания Консервативтік партиясының қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бұрынғы кеңесшісі, Article 7 тобының бас директоры Гарван Уолштан сұхбат алды.

Азаттық: Украинаның шығысында соғыстың жаңа кезеңі басталып жатыр, сонымен қатар логистикалық шайқас та жүріп жатқандай. Танк пен зеңбіректер маңызды рөл атқаруы мүмкін шайқастарға дайындалып жатқан Украинаға Батыс елдерінің қару-жарақ жіберіп жатқанын көріп отырмыз. Батыстың Украинаға көмегін қалай бағалар едіңіз? Киев өзіне керегін алып жатыр ма?

Гарван Уолш – Article 7 тобының бас директоры.

Гарван Уолш – Article 7 тобының бас директоры.

Гарван Уолш: Украина өзіне қанша қажет етсе, сонша [көлемде] алып жатқан жоқ. Бұл жеткілікті болуы да мүмкін, себебі Украина әскері техниканы өте тиімді пайдаланып жатыр. Олардың моральдық рухы өте жоғары, әскері жақсы жаттыққан [және] олар Ресейдің біршама техникасын қолға түсіріп, оны да пайдалана алады. Бірақ, шын мәнінде, Батыстың көмегі баяу болды. Қажет мөлшерде болған жоқ деуге де болады.

Олар Украинаның шамасы жетпейді деп ойлап, көп уақыт жоғалтып алғанға ұқсайды. Сондықтан да олар ештеңе жібермей отырды. Олар “орыстар мұны арандату деп ойламайды” деген сенімнен аттаған соң, енді ғана [қуатты қару-жарақ] жіберуге мүмкіндігі пайда болды.

[Батыс] Ресейдің тактикасы мен ынтасын дұрыс бағамдай алмады. Ресей түбегейлі басқыншылық соғысқа ұмтылып отыр. Бұған [Украинаның солтүстігіндегі] Буча қаласындағы және басқа жерлердегі адамдарды жаппай қырып-жою оқиғалары дәлел бола алады. [Батыс] расымен Украинаға [қолында барын] беруі керек. Сол кезде Украина оккупацияланған аудандарды орыс әскерінен құтқару үшін пәрменді әскери операция жүргізе алады.

 

"Джавелин" ракетасының сынағы
Азаттық: Батыс Украинаға қандай қаруды жылдам жеткізе алады?

Гарван Уолш: Америкалықтар бірнеше күн бұрын жариялаған [қару] түрлерін [жібергені] дұрыс, бірақ олардың масштабы дұрыс емес.

Жаңа артиллерия өте пайдалы. Адамдарды тез үйретуге болады. [Сондай-ақ] олар орыстарда жоқ, бірақ Батыста бар артиллерия снарядтарын ала алады. Бұл артиллерия мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырады. [Украина] қарсы шабуылға арналған радарларды ала алады, сол арқылы олар орыстардың қандай артиллериядан атқылап жатқанын анықтап, [оларды] жылдам жоя алады. Бірақ [бұл] оларға көп мөлшерде керек.

Өте қызу шайқас болғалы тұр. [Украинаға] аса көп мөлшерде оқ-дәрі қажет болады. Оларға совет дәуіріндегі артиллерияға, Батыс үлгісіндегі көлемі әртүрлі артиллерияға арналған оқ-дәрілер керек. (Ескерту: осы сұхбат алынғаннан кейін Вашингтон Украинаға тағы 800 млн доллардың әскери көмегін, соның ішінде ауыр қару-жарақ беруге уәде етті.)

Әскери қару-жарақты жөнелтуге дайындап жатқан адам. Көрнекі сурет.

Әскери қару-жарақты жөнелтуге дайындап жатқан адам. Көрнекі сурет.

Азаттық: Соғыстың бәсеңдейтін түрі көрінбейді, Украинаға НАТО елдері жіберетін жаңа құрал-жабдықты пайдалана бастауға тура келетін сияқты. Өзіндегі совет және Ресей техникасы азайды. Әскерилерге жаңа әскери техниканы үйрету қаншалық қиын?

Гарван Уолш: Жерүсті құрал-жабдықтарға келсек, оны үйрену оңай, [бірақ] әуе құралдарына келгенде өте қиынға соғады. Әскери ұшақ ұшқышына [америкалық] F-16 немесе F-15 [реактивті ұшақтарын] дұрыс меңгеру үшін өте көп уақыт керек. [Украина] материалдық-техникалық қолдауға да зәру. Олар әртүрлі жанармай, құрал-саймандар қолданады, сондықтан бұлардың бәрі орнатылуы керек. Алдағы бірнеше айда осыны істесе, мұны қалай жүзеге асыратынымызды қазірден ойлануымыз керек.

Мәселе тек [соғыста қолданылуы мүмкін] құрал-жабдықты жеткізуге ғана тіреліп отырған жоқ. Бұл жерде қару-жарақтың істен шықпайтынына, жөнделетініне, операторлар мен механиктердің оған қызмет көрсетуді үйрене алатынына да көз жеткізу керек.

Азаттық: Материалдық-техникалық жағына келсек, Батыста Украинаға керек қаруды уақытында жіберуге мүмкіндік бар ма? Украинаға және майданға құрал-жабдықты жеткізу жағы қалай болады?

Гарван Уолш: Қуатты қару бар, бірақ оны майданда пайдалану керек. Адамдарды үйрету керек, жаңа жанармай қоймалары мен жеткізу тетіктері құрылуы керек және бұған шамамыз жетеді де. Тек аздаған уақыт керек және [Батысқа] ойлау жүйесін өзгерту керек. Олар бұл соғыстың ұзаққа созылатынын, Ресейге [қарағанда] Батыс пен Украинаның өндіріс қуаты мен экономикалық мүмкіндіктері көп болғандықтан, жеңіске жетуге болатынын түсінуі керек.

Ұзақ мерзімде қарастырсақ, соғыс Украинаның пайдасына шешілетін сияқты. Бірақ [Батыс] олардың ұзақ мерзімге шамасы жетуі үшін [Киевті] қолдай алатын жағдайда болуы керек. Сонда біз олардың қарулы күштеріне ұзақ мерзімде көп мөлшерде [жеткізілетін] техникаға өтуіне көмектесе алатын жағдайда болуымыз керек.

Украинаның шығысындағы Мәскеу қолдап отырған сепаратистер Украина әскерін атқылап жатыр. Донецк облысы, 11 сәуір 2022 жыл.

Украинаның шығысындағы Мәскеу қолдап отырған сепаратистер Украина әскерін атқылап жатыр. Донецк облысы, 11 сәуір 2022 жыл.

Украинаның өз қорғаныс өндірісі де өте мықты. Осылайша бұл шаралар отандық қорғаныс өндірісін Батыс стандарттарына [және] НАТО-ның қару-жарағына бейімдеуге бағыттала алады. Бұл оларды маңызды рөлге ие болып, ақыр соңында Батысқа қару жеткізуіне дейін септесе алады.

Азаттық: Кейбір Батыс елдерінің, мысалы, Германияның Украинаға қуатты қару жібергісі келмейтінін көріп отырмыз. Сарапшылар мен шенеуніктер Украинаға мұндай қарудың өте қажет екенін айтады. Мәселе әлі талқыланып жатыр, бірақ сіз Берлиннің осы мәселеде көзқарасы өзгеріп жатыр деп ойлайсыз ба?

Гарван Уолш: Германия үкіметінде “Жасылдар партиясына” мүше сыртқы істер министрі Анналена Бербок, энергетика министрі Роберт Хабек пен Социал-демократиялық партия мүшесі, канцлер Олаф Шольц арасында тартыс жүріп жатыр.

[Социал-демократиялық партиядан шыққан] канцлер Герхард Шредер Ресейдегі “Роснефть” энергетика компаниясы басқармасында жұмыс істейді. Әлі күнге дейін отставкаға кетуге өтініш бермеген. [Социал-демократиялық партияға мүше] басқа да адамдар бар. Мысалы, Киев жылы қабақ танытпаған Франк Вальтер Штайнмайер бұрын ресейшіл болған. [Бұған дейін бірқатар БАҚ Украина билігі Штайнмайердің елге келгенін қаламады деген ақпарат таратқан, бірақ Киев оны жоққа шығарған – ред.] Бұл ойынды Шольц жүргізіп отыр. Ол жағдайды өзгертуге тырысып жатыр деп ойлаймын, бірақ ол ұстанымы берік қарсыластармен күресіп жатыр.

Мариуполь көшесінде жүрген Ресей әскери беренді техникасы. Арғы жағында совет дәуірінде салынған "Азовсталь" металлургия комбинаты тұр. 12 сәуір 2022 жыл.

Мариуполь көшесінде жүрген Ресей әскери беренді техникасы. Арғы жағында совет дәуірінде салынған “Азовсталь” металлургия комбинаты тұр. 12 сәуір 2022 жыл.

“Жасылдар” қатаң шаралар қабылдауды талап етіп отыр. Бұл саясат энергетикалық санкцияларға да, әскери қару-жарақ жеткізуге де қатысты. Осылайша, Германияда үміт бар, бірақ олар өзара тартысты жалғастырып, бұл “супертанкерді” кері бұруы керек. Бұған біршама уақыт керек.

Сонымен қатар немістердің өзінде мұнша әскери техника жоқ. Германия Ресей басқыншылығынан соң арнайы қор құрып, қорғанысқа жүз миллиард еуро бөлді. Бірақ оларда оқ-дәрі қоры өте аз. Әскери танктерінің қосалқы бөлшектері жоқ, бар болса, өте аз.

Немістердің қолынан келетін ең дұрыс жол – мұнай алуды тоқтату. Бербок 2022 жылдың аяғына дейін солай жасайтынын да мәлімдеді. [Бірақ] бұл тым ұзақ. Германия Ресей мұнайына сонша тәуелді емес. Бірақ Ресейге газға қарағанда, мұнай сатудан көп ақша түседі, себебі мұнай анағұрлым қымбат. Мұнай алуды доғарып, газ алуға көшуіне болар еді, бірақ оның қиынға соғары анық.

[Германияның] қолынан келетін тағы бір шешім – Украинаға басқа елдерден қару сатып алу үшін ақша беру.

Германия қару-жарақ экспортына рұқсат беру процесін де жылдамдата алады. Германияда көп құрылғы шығаруға қабілетті өндіріс бар. Бірақ оны сату процесін бекіту, әсіресе соғыс аймағына жіберу өте ұзақ және қиын. Ол үшін сол бюрократиядан өту керек. Қазір немістің бұл бюрократиясы Ресейге көмектесіп отыр.

Сұхбат ықшамдалып, өңделді.

Азаттық

Related Articles

  • Джо Байден Ақ үйден кетер алдындағы сөзінде сыртқы саясат жайлы айтты

    Джо Байден Ақ үйден кетер алдындағы сөзінде сыртқы саясат жайлы айтты

    АҚШ президенті Джо Байден Мемлекеттік департаментте сөйлеп тұр. Вашингтон, 13 қаңтар, 2025 жыл. АҚШ президенті Джо Байден Ақ үйдегі қызмет мерзімі аяқталар алдындағы соңғы сөзінде сыртқы саясат жайына тоқталып, Ресей президенті Владимир Путинді мысқылдады. “Путин Украинаға басып кіргенде Киевті бірнеше күнде аламын деп ойлады. Ал іс жүзінде соғыс басталғаннан кейін Киевтің орталығында ол емес, мен тұрдым. Ол жерде Путин болған жоқ”, – деді АҚШ мемлекеттік департаментінде сөйлеген Джо Байден. Мен америкалық әскердің бақылауынан тыс жердегі соғыс аймағына сапармен барған жалғыз Жоғарғы бас қолбасшымын”, – деп сөзіне қосты АҚШ президенті. Байден сөзінде Украинаға көбірек назар бұрды. Айтуынша, ол ресейлік басқыншылықтан қорғанған Украинаға халықаралық қолдау ұйымдастыруды және ядролық жанжалға жол бермеуді өзіне

  • Бұл – советтік һәм назарбаевтық кезеңнен қалған, журналистиканы жағымпаз қолбала, шауыпкел құрал деңгейіне түсірген шенеуніктік штамповка.

    Бұл – советтік һәм назарбаевтық кезеңнен қалған, журналистиканы жағымпаз қолбала, шауыпкел құрал деңгейіне түсірген шенеуніктік штамповка.

    “Сұхбатты” енді ғана оқып шықтым. Әзірге, сипаты туралы аз сөз: Әлбетте, бұл – журналистика стандарттарына сай, шынайы, нағыз сұхбат емес. Конституциялық құқығы тең, екі саналы азаматтың өзара пікірлескен, еменжарқын әңгімесі емес. Бұл – советтік һәм назарбаевтық кезеңнен қалған, журналистиканы жағымпаз қолбала, шауыпкел құрал деңгейіне түсірген шенеуніктік штамповка. Пәленбай адам түзеп-күзеген, ананы да, мынаны қамтуға тырысқан, аяғында жаны жоқ мәтіндер жиынтығы туған. Тоқаев айналасындағыларға: “осыншалық жасанды кейіппен халық алдында көрінуім ұят болады, қойыңдар, айналайындар, қателессем де өз болмысыммен шығам” деуге түсінігі жетпегені өкінішті. Былтыр “Егеменде” “сұхбаттасқан” Дихан Қамзабек те, биыл “Ана тілінде” “әңгімелескен” Ерлан Жүніс те, кешіріңіздер, ешқандай да интервьюер емес. Иә, біреуі терең ғалым, екіншісі тамаша ақын, бірақ, өмірінде бір

  • Украина Курск облысында қайта шабуылға шықты. Не болып жатыр?

    Украина Курск облысында қайта шабуылға шықты. Не болып жатыр?

    Руслан МЕДЕЛБЕК Курск облысында “кетіп бара жатқан” Украина колоннасы. 5 қаңтар 2025 жыл.  Украина әскері 5 қаңтарда Ресейдің Курск облысында жаңа шабуылға шықты. Бұл туралы Украина шенеуніктері мен Ресейдің z-блогерлері жазып жатыр. Қазір Курск облысындағы ахуал қандай? Украина неге Курск облысында қайта шабуылға шықты?  КУРСК ОБЛЫСЫНДА ҚАЗІРГІ АХУАЛ Украина кеңсесінің басшысы Андрей Ермак 6 қаңтарда “Курск облысынан жақсы жаңалық, Ресей сазайын тартып жатыр” деп жазды. Ал Украина ұлттық қауіпсіздік қызметінің жалған ақпаратпен күрес орталығының жетекшісі Андрей Коваленко Курск облысында бірнеше бағытта шабуыл жүріп жатқанын айтты. Z-каналдардың жазуынша, қазір шайқас Пушкарное, Леонидово және Тёткино ауылында жүріп жатыр. Бұл ауылдар Украинаның бақылауындағы Суджа қаласына жақын орналасқан. Кремльшіл блогерлер Курск облысында кетіп бара

  • “Сириядан айырылу Ресейге ауыр соққы болды”. Асад режимінің құлауының салдары қандай?

    “Сириядан айырылу Ресейге ауыр соққы болды”. Асад режимінің құлауының салдары қандай?

    Майкл СКОЛЛОН Фруд БЕЖАН Исламшылдар басқарған көтерілісшілер 8 желтоқсанда Дамаскіні басып алғанын мәлімдеді. Президент Башар Асадтың қашып кеткені белігі болды. Жарты ғасыр билік құрған Баас партиясының дәурені аяқталды. Владимир Путин Ресейді қайтадан әлемдік державаға айналдыруға осыдан ширек ғасыр бұрын, постсоветтік мемлекетте билік басына келген соң кіріскен. 15 жылдан кейін Мәскеу Сириядағы азамат соғысына араласатынын мәлімдеді. Осылайша Ресей әлемдік деңгейде өзгелер онымен санасуға тиіс күш екенін көрсетпек болды. Мәскеу осынау имиджін өзін Батысқа балама күш ретінде көрсетіп, Таяу Шығысқа және одан тысқары аймақтарға ықпалын кеңейту үшін қолданды. 2024 жылғы 8 желтоқсанда осы кезге дейін Мәскеудің Таяу Шығыстағы негізгі одақтасы болып келген Башар Асадтың режимінің құлауы ұлы держава болуды көксеген Ресейге ауыр

  • ОА қорғанысқа қаржыны не себепті арттырды? Каспийден Украинаға зымыран ұшырған Ресей суды ластап жатыр ма?

    ОА қорғанысқа қаржыны не себепті арттырды? Каспийден Украинаға зымыран ұшырған Ресей суды ластап жатыр ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан әскері бірігіп өткізген «Бірлестік-2024» жаттығуы. Маңғыстау облысы, шілде 2024 жыл. Қазақстан қорғаныс министрлігі таратқан сурет.  Орталық Азия елдері қорғаныс шығынын арттырды, мұның астарында не жатыр? «Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін екі есе көп өндіруді жоспарлап отыр, алайда үкімет бұл салада жұмыс күшінің азайғанын есепке алмаған». «Каспий теңізінен Украинаға зымыран ұшырып жатқан Ресей теңіздің экологиялық ахуалын ушықтырып жатыр». Батыс басылымдары бұл аптада осы тақырыптарға кеңірек тоқталды. ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҚОРҒАНЫС ШЫҒЫНЫН АРТТЫРДЫ. МҰНЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР? АҚШ-тағы «Америка дауысы» сайты Украинадағы соғыс тәрізді аймақтағы қақтығыстар күшейген тұста Орталық Азия елдері қорғаныс саласына жұмсайтын ақшаны арттырғанына назар аударды. Бірақ сарапшылар мұндай шығын тұрақтылыққа септесетініне күмән келтірді. Стокгольмдегі бейбітшілікті

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: