|  | 

Саясат

Дипломатиялық кездесулерді көбейткен Орталық Азия Мәскеуді ығыстыра ала ма?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға келген Франция президенті Эммануэель Макронды Ақордада сән-салтанатпен күтіп алды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға келген Франция президенті Эммануэель Макронды Ақордада сән-салтанатпен күтіп алды.

Ресейдің Украинаға қарсы соғысы аяқталған жоқ. Ал Орталық Азия елдері АҚШ Ауғанстанға әскер кіргізген кезден бері үшінші рет әлемнің назарына түсіп отыр. Өңір мемлекеттері көршісінен асып түсіп, әлемдік державалармен тығыз байланыс орната ала ма?

9 қарашада Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға келді. Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны стратегиялық әріптесіне сай сән-салтанатпен күтіп алды.

Бірақ бұрын басымдық берілген кей дүниелердің өзгергені байқалды.

Жақында Халықаралық қылмыстық сот Украинадағы ықтимал соғыс қылмыстары үшін Владимир Путинді тұтқындауға ордер берді. Ресей президенті одан бері үш елге сапарлады. Соның бірі – Қазақстан.

Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін ықпалды мемлекеттердің басшыларымен жоғары деңгейде кездесу үйреншікті дүниеге айналып барады. Кейінгі кездері дипломатиялық күнтізбеде бос орын жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Астанаға келген Ресей президенті Владимир Путин. 9 қараша 2023 жыл.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Астанаға келген Ресей президенті Владимир Путин. 9 қараша 2023 жыл.

Ресей мен Қазақстан президенті келіссөз жүргізіп жатқанда, көрші Өзбекстанда Экономикалық әріптестік ұйымының саммиті өтті. Жиынға Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған, Иран президенті Ибрагим Раиси, Қазақстанның премьер-министрі Әлихан Смайылов қатысты. Италия президенті Серджио Матарелло дәл сол күні Ташкентте Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияевпен және басқа да өкілетті тұлғалармен келіссөз жүргізді.

3 қарашада Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының мүшелері бас қосты. Экономикалық әріптестік ұйымы сияқты Түркі мемлекеттері ұйымына да Ресей мен Қытай кірмейді.

Одан бұрын Тоқаев пен Мирзияев Франция президенті Эммануэль Макронды өз елдерінде қарсы алған. Бұл – осы маусымдағы ең атышулы кездесу болды.

Қазан айы салыстырмалы түрде тыныш өтті, ал қыркүйек әртүрлі оқиғаларға толы болды. Қыркүйекте Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында АҚШ президенті Джо Байденмен, кейін Берлинде Германия канцлері Олаф Шольцпен кездесті.

Орталық Азия басшылары АҚШ президенті Джо Байденмен. Нью-Йорк, 19 қыркүйек 2023 жыл.

Орталық Азия басшылары АҚШ президенті Джо Байденмен. Нью-Йорк, 19 қыркүйек 2023 жыл.

Кей кездесулер біраз уақыт бұрын жоспарланған. Соған қарамастан, Ресей Украинаға қарсы соғыс ашқалы екі жыл өткенде Орталық Азия елдерінің тәуелсіздік алған және АҚШ Ауғанстанға әскер кіргізген жылдарды есептемегенде, бірінші рет дипломатиялық қызығушылық нысанына айналып отырғанын атап өту керек.

Бірақ бұл қызығушылық ұзаққа созыла ма?

Орталық Азияны зерттеумен айналысатын Давиде Канкарини аймақ елдерінің халықаралық байланыстарының күрт артуын экономикалық “көпіршік” (белсенділік инвестиция тартатын негізгі факторлардан асып түскенде қолданылатын метафора) ұғымына теңейді. Канкарини Орталық Азияның әлеуетін, Мирзияев пен Тоқаевтың көпвекторлы саясаты ұтымды шешім екенін мойындайды.

Кездесулердің көбі символикалық мәнге ғана ие болғанымен, өңірге келген өкілетті тұлғалар бірлі-екілі экономикалық не саяси келісімдерге қол қоймай кетпейді, бұл өте маңызды дейді сарапшы.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА БӘРІ ҚЫЗЫҒА МА?

1-2 қарашада Макрон Орталық Азияға келгеннен кейін шетелдік ақпарат құралдарында “Өңірде геосаяси бәсеке артып келеді”, “Франция Ресей мен Қытайдың ауласына кірді” деген пікір көбейді.

Бірақ Орталық Азия елдері басқаша ойлайды. 5 қарашада Абу-Дабиде өткен Бүкіләлемдік саяси конференцияда Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бұл қатынас бәріне пайдалы деді.

Макрон “Қазақстан үлкен державаның вассалы болудан бас тартты” деп Астананың Украинадағы соғыс мәселесінде Мәскеудің қысымына қарамастан бейтарап позицияда қалғанын мақтады.

Кездесу барысында Қазақстан-Франция кәсіпкерлері көлік құрастыру, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы саласында көлемі 1,4 миллиард доллар болатын келісімге қол қойды. Жақында Total Energies француз компаниясы Қазақстанның оңтүстігінде жел электр станциясын салу туралы келісім жасады.

Франция Өзбекстанмен де экономикалық байланысын нығайтқысы келеді. Макронның Ташкентке сапарынан кейін, Өзбекстанның тау-кен өндірісі және геология министрі Борис Исламов екі жаңа уран кен орнын игеру туралы келісімге қол қойылса, Францияның Orano мемлекеттік атом компаниясы 500 миллион доллар көлемінде инвестиция салатынын айтты. Тараптар сондай-ақ ауыл шаруашылық өнімдерінің экспортын арттыратын логистикалық желілер құрылысын инвестициялау туралы келісімге келді.

Бәрінен де Мирзияев пен Макронның түнгі Самарқанды аралауға шығып, ұзақ уақыт бір-бірінің қолын қысып, жылы сөйлесіп тұрғаны есте қалды.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен Франция президенті Эммануэль Макрон Самарқанда. 1 қараша 2023 жыл.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен Франция президенті Эммануэль Макрон Самарқанда. 1 қараша 2023 жыл.

Өзбекстандағы әлеуметтік желілерде танымал болған бұл сурет Мәскеуге ұнай қойған жоқ. 12 қарашада Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров “Еуроодақ Мәскеуді Орталық Азиядан ығыстырғысы келеді, бірақ Ресей өңірде тарихтан бері келе жатыр” деді.

Франция президентін Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров та қонаққа шақырды. Президент әкімшілігі Макронның бұл шақыруға оң жауап бергенін хабарлады.

Макроннан кейін Қазақстанға Путин келді. Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев Вадим Борейконың “Гиперборей” бағдарламасына берген сұхбатында “Орталық Азияда болған халықаралық қонақтардан кейін, бұл кездесу Тоқаевқа қарағанда, Путинге көбірек керек еді” дейді.

Қыркүйектің аяғында Орталық Азия президенттері Берлинге сапарлап, Германия канцлері Олаф Шольцпен кездесті. 29 қыркүйек 2023 жыл.

Қыркүйектің аяғында Орталық Азия президенттері Берлинге сапарлап, Германия канцлері Олаф Шольцпен кездесті. 29 қыркүйек 2023 жыл.

Тоқаев пен Путин кездескенде бір жайсыздық байқалды. Мәселен, Тоқаев қазақша сөйлеп, кейін орыс тіліне көшті. Мәскеуден келген делегацияға Тоқаевқа қазақша сөйлей бастағаны күтпеген жағдай болды.

Ал Путин Тоқаевтың әкесінің атын айта алмай, тағы да қателесті. Ресей президенті әріптесінің аты-жөнін бұрын да бірнеше рет бұрмалаған. Кейбірі Путин мұны әдейі істей ме екен деп жатты.

Саясаттанушы Сәтпаевтың пікірінше, Ресей қазір бұрынғыдан әлсіз болғанымен, оның Қазақстандағы ықпалы азайды деуге әлі ерте. Ол Қазақстан–Ресей бірлескен кәсіпорындары көбейіп келе жатқанын, жақында қазақстандық олигархтар бизнесінің бір бөлігін ресейліктерге сатқанын мысалға келтірді.

Көлеңкелі импорт арқасында Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда қатынастары да қарқынды дамып келеді.

Путиннің Қазақстанға сапары барысында үлкен бизнес келісімдер жасалмаса да, энергетика министрліктерінің арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумға сәйкес, Ресей Көкшетау, Өскемен және Семей қалаларына жылу электр станциясын салуға инвестиция бөледі.

Қазақстан сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев 10 қыркүйекте “Ресейдің Қазақстанда атом электр станциясын салу ықтималдығы азайған соң, Астана осындай шағын келісімдермен Мәскеудің көңілін аулап отыр ма?” деген журналистер сұрағына “Атом электр станциясының тағдыры жалпыхалықтық референдумда шешіледі, мұның кейінгі келісімдерге еш қатысы жоқ” деп жауап берді.

Билік ядролық энергия идеясын қолдайтындықтан, бұл жоба түбінде жүзеге асатын сияқты.

Бұл – Қазақстан үшін тағы бір геосаяси тепе-теңдікті қажет ететін қадам. Украинадағы соғысқа дейін Ресейдің “Росатом” компаниясы Қазақстанда атом электр станциясын салуға қатысқысы келген. Бірақ соғыстан кейін компанияның жобаға араласуы қиындап кетті.

Былтыр Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Путиннен өз еліне көбірек инвестиция бөлуді сұрап, Мәскеудің Душанбеде өткен сауда жәрмеңкесіне министрдің орынбасарын жіберуі құрметсіздік болғанын ескерткен. Рахмон Ташкенттегі саммитке бармас бұрын, Иран президеті Раисимен визасыз режим, сауда, көлік және мәдениет саласындағы әріптестік туралы келіссөз жүргізді.

Душанбе мен Тегеранның арасы бірде жақсы, бірде нашар болғанымен, Тәжікстан билігі көршісінен мұнай экспорттауды сұрап отыр. Бұл Мәскеудің Тәжікстан энергетикалық нарығындағы мүддесіне кері әсер етуі мүмкін.

Иран президенті Ибрагим Раиси Экономикалық әріптестік ұйымының саммитінде. Ташкент, 9 қараша 2023 жыл.

Иран президенті Ибрагим Раиси Экономикалық әріптестік ұйымының саммитінде. Ташкент, 9 қараша 2023 жыл.

Питтсбург университеті нарықтарды басқару орталығының директоры Дженнифер Брик Муртазашвилидің пікірінше, осының бәрі Мәскеудің Орталық Азиядағы стратегиялық басымдығын сақтап қалғанымен, ықпал ету тетіктерін жоғалта бастағанын көрсетеді.

– Басқа мемлекеттер Ресейдің әлсіздігі мен Орталық Азияның геосаяси маңызын көрді. Өңірге қызығушылық жоғары болғандықтан, аймақ елдері бұрыннан арман болған көпвекторлы саясатын жүзеге асыра алады, – деді ол.

Сарапшы алдағы уақытта дипломатиялық байланыстар жалғасқанымен, болашақта әлем қызығушылығы азаюы мүмкін деп топшылайды.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: