|  | 

Көз қарас

Математиканың Nature-сы мен Science-ы

625477182_4317550108502512_3285187718502699954_nМатематиканың Nature-сы мен Science-ы:
Математика саласы әрдайым басқа ғылымдардан ерекшеленіп тұрады және ешбір ғылымнан тәуелсіз, өз алдына дамып келеді. Керісінше, көптеген басқа ғылым салаларын математикасыз елестету қиын.
Бүгінгі жазбамда математиканың тағы бірнеше ерекшелігін атап өткім келеді. Бұл ақпарат ғылыми ортада жүрген көптеген адамдарға пайдалы болады деп үміттенемін.
Барлығымыз білетіндей, көптеген ғылым салалары үшін ең жоғары марапат саналатын Нобель сыйлығы математиктерге берілмейді. Алайда бұл математиктер Нобель алуға қабілетті емес дегенді білдірмейді. Керісінше, басқа салалар бойынша Нобель сыйлығын алған математиктер де бар.
Математиктердің «Нобелі» саналатын әлемде ең ірі екі сыйлық бар.
Біріншісі – Фильдс сыйлығы. Бұл марапат 40 жасқа дейінгі ең үздік математиктерге, ұзақ жылдар бойы шешілмей келген аса күрделі есептерді шешкен немесе математикада жаңа теория мен бағыт ашқан ғалымдарға, төрт жыл сайын өтетін Халықаралық математиктер конгресінде табысталады.
Екіншісі – Абель сыйлығы. Бұл сыйлықта жас шектеуі жоқ және ол ғылымда аса ірі жетістіктерге қол жеткізген немесе ондаған жылдар бойы шешілмей келген күрделі есептерді шешкен көбіне егде жастағы математиктерге беріледі.
Бұл екі сыйлықты қатар алған математиктерде бар. Тіпті Фильдс сыйлығын 28 жасында алған математик те кездеседі. Бұл марапаттар туралы ақпаратты ғаламтордан оңай табуға болады. Ал бүгінгі жазбамның негізгі тақырыбы – ғылыми журналдар.
Әрбір нәрсенің бірінен бірін артық немесе сапасы жоғары екенін бағалау үшін әлемде түрлі рейтингтер қолданылады. Сол сияқты ғылыми журналдардың да әр сала бойынша өз рейтингтері бар. Қазіргі таңда елімізде ғылым туралы әлеуметтік желілерде, әсіресе Facebook-та, ғылыми журналдар және олардың рейтингі, сапасы жөнінде түрлі талқылаулар жиі кездеседі.
Математикадан өзге көптеген жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдарда ең беделді журналдар ретінде Science пен Nature саналады. Бұл – ғылыммен айналысып жүрген адамдарға жақсы белгілі жайт.
Алайда математиктер үшін Science пен Nature негізгі журналдар қатарына жатпайды, тіпті математикаға қатысы жоқ деуге болады. Осы жерде «ал математикада ше?» деген заңды сұрақ туындайды.
Математикада Science пен Nature-ге пара-пар ең беделді саналатын төрт халықаралық журнал бар:
1. Annals of Mathematics (Ann. of Math.)
(Принстон университеті және Institute for Advanced Study, 1884 жылдан бастап, АҚШ);
2. Acta Mathematica (Acta Math.)
(Швеция Ғылым академиясы, Institute Mittag-Leffler, 1882 жылдан бастап, Швеция);
3. Inventiones Mathematicae (Invent. Math.)
(Springer-Verlag баспасы, 1966 жылдан бастап, Германия);
4. Journal of the American Mathematical Society (J. Amer. Math. Soc.) (Америка математиктер қоғамы, 1988 жылдан бастап, АҚШ).
Осы төрт журналда мақала жариялау – ғылыми зерттеумен айналысатын әрбір математиктің арманы мен басты мақсаттарының бірі. Әрине, рейтинг дегеніміз – абсолют шындық емес, ол уақыт өте өзгеруі мүмкін. Алайда соңғы 20 жыл бойы, тіпті одан да ертерек кезеңнен бері, математика саласында дәл осы төрт журналдың көш бастап тұрғаны – даусыз факт.
Математиктердің өз арасында да «қайсысы бірінші, қайсысы екінші» деген пікірталастар бар, алайда жалпы алғанда осы төрттік ең мықты журналдар ретінде мойындалған және жоғарыда көрсетілген рет күштірек саналады.
Математиканың тағы бір маңызды ерекшелігі – мақала авторларының алфавиттік ретпен берілуі және корреспондент автордың (corresponding author) ерекше маңызға ие болмауы. Әдетте математикадағы мақалаларда авторлар саны орта есеппен 2–3 адамнан аспайды. Авторлар саны 4–5-тен асатын мақалалар өте сирек кездеседі.
Көбіне мақалада үш автор болса, олардың ішіндегі жасы кіші автор корреспондент ретінде көрсетілуі мүмкін. Егер мақала ғылыми жетекші мен докторанттың бірлескен жұмысы болса, көп жағдайда корреспондент автор ретінде докторант белгіленеді. Бұл автордың үлесінің аз немесе көп екенін білдірмейді.
Ал басқа ғылым салаларының көбінде авторлардың реті мақалаға қосқан үлесіне қарай анықталады, әрі ең көп үлес қосқан адам бірінші немесе корреспондент автор болады. Сондықтан мұндай салаларда авторлар тізімінде алғашқы орында тұру немесе корреспондент болу – сол автордың зерттеудегі негізгі рөлін көрсетеді.
Соңғы уақытта елімізде «Nature-ге» немесе «Science-қа» мақала шығардық деп әлеуметтік желіде мақтанатын жағдайлар байқала бастады. Бұл қуантарлық жағдай, алайда мұқият қарасаңыз, мұндай авторлар кейде мақалада 50-орында немесе одан да төмен тұрады. Бұл, әдетте, олардың зерттеудің негізгі бөлігіне қосқан үлесінің өте аз екенін көрсетеді.
Көбінесе мұндай мақалалар бірнеше елдің ғалымдары қатысқан ірі халықаралық эксперименттерге негізделеді. Ондай жұмыстарда экспериментке дерек (data) берген барлық адамдар автор ретінде енгізіледі және авторлар тізімі қосқан еңбегіне қарай реттеледі. Сондықтан ғылыми конкурстар мен бағалауларда авторлар саны мен автордың орнына мән беру аса маңызды.
Одан да сорақысы – әлемдік жетекші рейтингтерге кірмейтін, не кірсе де төменгі сатыда орналасқан, ақылы (платный) MDPI (https://www.predatoryjournals.org/…/list-of-all-mdpi…) журналдарында мақалалар жариялап, сонымен мақтанатындар саны артып келеді. Сол журналдарда мақала шығарып, еліміздегі түрлі ғылыми конкурстарда жеңімпаз атанып жүргендер де аз емес. Мұндай «ғылым жасау» және онымен мақтану әлемдік ғылыми ортада өте ұят құбылыс саналады. Тіпті мұндай журналға мақала шығарған ғалымдарды шетелдерде ғылыми конкурстарға қатыстырмайды.
Өкінішке орай, қазірге дейін жоғарыда аталған төрт жетекші математикалық журналдың бірінде мақала жариялаған жалғыз қазақ математигі – академик Уалбай Өмірбаев. Қазіргі таңда ол АҚШ-та жұмыс жасайды. Алла қаласа, жақын болашақта қазақтан осы төрт журналға, тіпті төртеуіне де қатарынан мақала шығаратын жас математиктер пайда болады деп сенемін.
Ғылымда осылай MDPI
https://www.predatoryjournals.org/…/list-of-all-mdpi… журналдармен емес, шынайы әлемдік ғылыми орталар арқылы мойындалған, тек қана санмен емес сапамен жарысайық!
Жазбамдағы пікірлеріме дәлел болсын деп төменде әртүрлі халықаралық ұйымдар мен академиялық мекемелер жасаған бірнеше тәуелсіз рейтингтерді келтіріп отырмын. Осы рейтингтердің барлығынан жоғарыда аталған төрт журналды алғашқы орындардан таба аласыздар:
1. Америка математиктер қоғамының (AMS MathSciNet) дерекқорындағы ТОП-10 журналдар рейтингі;
2. Қытай Ғылым академиясының математикалық журналдар рейтингі T-1-level
3. Аустралия Ғылым академиясының рейтингі https://www.austms.org.au/Rankings/AustMS_final_ranked.html A*-level;
4. Финляндия Ғылым академиясының JUFO порталы (Mathematics категориясы) https://jfp.csc.fi/jufoportal level-3;
5. Scopus базасындағы Mathematics категориясы бойынша рейтинг ;
6. Web of Science базасындағы Mathematics категориясы бойынша рейтинг;
7. Харбин технологиялар институты (HIT) жанындағы Institute for Advanced Study in Mathematics (IASM) жасаған жеке рейтинг TOP-5.
Бұл рейтингтердің әдістемелері әртүрлі болғанымен, барлығының ортақ мақсаты бір – математика саласындағы ең үздік журналдарды анықтау.

Related Articles

  • “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін.

    “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін.

    “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін. “Жаңа конституцияның” 9-бап 2-тармағы тұрғанда құжаттар ешқашан қазақша жасалмайды. Тек аударма тілі болып қалады. Себебі мемлекеттік бюрократия 9-баптың 2-тармағына сүйеніп, іс-қағаздарды орысша жасап үйренген. Сол себепті іс-қағаздың бәрі алдымен орысша жасалады, кейін қазақшаға қалай болса солай аударылады. Сол себепті 1-тармақтың болғаны қазақ тілінің нағыз мемлекеттік тіл мәртебесінде болуына еш көмектесе алмайды. Бір ғана жолы бар: конституцияда мемлекеттік тіл де, ресми тіл де – қазақ тілі деп тайға таңба басқандай жазылып тұруы керек. Құжаттың мемлекеттік тілдегі нұсқасының ғана заңды күші болуы тиіс. Сол кезде басқа тілдердегі нұсқасы жай аудармасы болады. Сол кезде ғана қазақ

  • Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

    Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

     Серік Ерғали Суреттер: aqmeshit-zhastary.kz, democrat.kz сайттарынан алынды. Ата Заң жобасының талқысы Қазақстандағы ең сезімтал, ең ұзақ талқыланып келе жатқан мәселенің бірі — мемлекеттік тілдің нақты мәртебесі. Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жазылғанына отыз жылдан асты. Алайда қоғамдағы шынайы сұрақ әлі де ашық: қазақ тілі — басқарудың тілі ме, әлде символдық мәртебедегі тіл ме? Тіл мәселесі неліктен шешілмей келеді? Себебі біз ұзақ уақыт бойы тілге: – мәдени құндылық ретінде ғана қарап келдік; – оны мемлекеттік басқару тілі ретінде нақты бекітпедік. Нәтижесінде: – Конституцияда бір мәтін, – тәжірибеде басқа жағдай қалыптасты. Бұл қайшылық тілдің емес, конституциялық айқындықтың әлсіздігінен туындады. 9-баптағы басты түйін Жоба бойынша: 1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда

  • “Төңкеріс жасауға машықтанғандар” кім? Қаңтар құпиясы ашылса, салдары не болады? Депутатпен сұхбат

    “Төңкеріс жасауға машықтанғандар” кім? Қаңтар құпиясы ашылса, салдары не болады? Депутатпен сұхбат

    Нұрбек ТҮСІПХАН Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, заңгер Абзал Құспан Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Астана, 26 қазан, 2023 жыл Қаңтарды кім ұйымдастырғанын билік біле ме, білсе неге ашық айтпады? Парламентте неге Қаңтар бойынша тағы тыңдау өтпейді? Президент Тоқаев Қаңтар “төңкеріс жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен” ұйымдастырылды деді. Олар кімдер? Мәжіліс депутаты Абзал Құспан осы сұрақтарға жауап берді Азаттық: Абзал мырза, сіз – Қаңтар оқиғасына бір тараптан емес, жан-жағынан қарауға мүмкіндік алған адамсыз. Ең алдымен сол оқиғаға тікелей қатыстыңыз, жұртты алаңға шығуға шақырдыңыз. Одан кейін қанды қырғында қамауға алынғандарды босатуға ат салысып, заңгер ретінде де араластыңыз. Одан бөлек мәжіліс депутаты есебінде де жаңа бір ракурстан қарап отырсыз. Айтыңызшы, жан-жағынан қарағанда Қаңтар оқиғасында сізге

  • Атеистер мен тәңіршілдерге мың алғыс! 

    Атеистер мен тәңіршілдерге мың алғыс! 

    Елдес Орда Сурет: Автордың жеке архивінен алынды. Қазақ қоғамында жаңа интеллектуалдық кезең туып келеді. Бірінші, қазіргі қазақ қоғамында сенім мәселесіне қатысты пікірталастардың күшеюі кездейсоқ құбылыс емес. Бұл дегеніңіз әлеуметтік желілердің, ашық ақпараттық кеңістіктің және жаһандық интеллектуалдық ағымдардың ықпалымен қалыптасқан жаңа қоғамдық ойлау формасының көрінісі. Атеистік көзқарастардың ашық айтылуы, тәңіршілдік идеялардың қайта жаңғыруы және дәстүрлі діни орта арасындағы пікір қақтығысы зиялы ортада алаңдаушылық тудырғанымен, шын мәнінде бұл құбылыс қоғамның рухани әлсіреуін емес, саналы ізденіске бет бұрғанын көрсетеді. Екінші, ұзақ уақыт бойы қазақ қоғамындағы діни дискурс негізінен МОНОЛОГТЫҚсипатта болды. Уағыз айтылды, ал тыңдаушы тарап оны талқылаусыз қабылдауға тиіс еді. Сұрақ қою күмәнмен, күмән әлсіз иманмен теңестірілді. Мұндай ортада сенім дәлелдеуді емес, қайталауды талап етті. Ғылыми

  • Олжас Сүлейменов. Мен білем!.. 

    Олжас Сүлейменов. Мен білем!.. 

    Серік Ерғали Суреттер: madeniportal.kz және С.Ерғали мұрағаттарынан алынды. «Я знаю!..» кітабынан үзінді-аударма. ОСИРИС ЗАҢЫ I Біз адамзат тарихын өте нашар білеміз. XIX ғасырдың басында Наполеон әлемге Мысырды ашты, ал ғалымдар бұл елдің қирандыларын зерттеп, оның шамамен б.з.д. III мыңжылдыққа тиесілі екенін анықтады. Сол кезде адамзат тарихы тағы да қос мыңжылдыққа тереңдей түсті. Бірнеше мыңжылдық бұрын (мен білем) адамзат (немесе оның кейбір бөлігі) таңбалы жазуды қолданып, жазып жүрген. Бұл білімдерді қалпына келтіру арқылы біз XX ғасырдың басында жасанды түрде үзілген тіліміздің тарихына қатысты қолжетер шындықты қайта тануымызға тура келді. 1926 жылы Бакуде өткен алғашқы түркологиялық конгрестен кейін түркология ғылым ретінде қалыптаса алмады… …2018 жылы Назарбаев мені әңгімелесу үшін Ақордаға шақырды. Үлкен үстелдің басында

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: