ҚАЗАҚ РУ, ЖҮЗГЕ БӨЛІНБЕЙДІ, ҚАЙТА РУ, ЖҮЗДЕН ҚҰРАЛАДЫ
Уәлихан ӘБДІБЕКОВ,
Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры,
физика-математика ғылымдарының докторы, профессор:
– Профессор мырза, биыл Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығын тойламақшымыз. Осыған орай мынадай сұрақ туындайды. Соңғы жылдары, әлемде тарих тереңіне үңілуге мүмкіндік беретін жаңа зерттеу әдістері пайда болды ма? Болса қандай? Қазақстанда сол жаңа зерттеу әдісін қолданып жүрміз ба?
– Соңғы 5-6 жылда әлемде тарихты адамның геномы немесе генетикалық әдіс бойынша зерттеуге кірісті. Жалпы, құны 3 миллиард АҚШ доллары тұратын халықаралық генография жобасы бойынша жүргізілген зерттеулерге сәйкес, қазіргі адамдар осыдан 400 мың жылдай бұрын пайда болыпты. Алғашқы адамдардың бірі шығыс Африкада дүниеге келген. Осыдан 65 мың жыл бұрын сол адамдардың үлкен бір тобы Таяу Шығыс пен Орталық Азияға қоныс аударған, қазіргі Қазақстан аумағына келген (суретте). Содан соң арада 20, 30, 40, 45 мың жылдай өткен соң қалай қарай қоныс аударғандары сызылған. Ескерте кетейік, бұл сызбаны біз жасаған жоқпыз. Оны жасағандар әлігі жоба бойынша генетикалық зерттеу жасап жатқан мұхиттың арғы жағындағы шет елдік ғалымдар.
Зерттей келе, сол қоныс аударғандардың генотипі біздің қазақ ата-бабаларымыздың генімен сәйкес келетіндігі анықталған. Әлігінде айтылған адам генетикасын зерттеуге арналған жобаның қорытынды мәліметіне сәйкес, генді тасымалдаушы халықтың 58 пайызын С3-М130 гені барлар (қазақтардың гені) құрайтыны белгілі болды. Екінші бір тәуелсіз дерек бойынша, С3-М217 гені осыдан 48 мың жыл бұрын қазіргі Қазақстан аумағында пайда болған. Бұл ген қазақ халқының 40 пайыздан астамын құрайтыны белгілі. Алғашқы және соңғы аталған маркерлер біздің ұлы тайпаларымыздың барлығында кездеседі. Халқымыздың басым бөлігінде бар.
Қазақстанда тарихымызды осы әдіс бойынша зерттеу әліге дейін қолға алына қойған жоқ. Бұл әдіске сирек жүгінеміз. Бір азаматтың генін зерттеу керек болса қыруар қаражат төлеп, шет елдік лабораторияларға жүгінетін жағдайларымыз кездеседі. Осы әдіс бойынша зерттеу нәтижесінде адамзат үшін маңызды, көптеген деректер пайда болды. Солардың арасынан қазіргі қазақтарға қатыстыларын ғана алып отырмыз. «Ген» дегенімізді қазақша «тек», «тегі», «шыққан тегі», «тұқым» деп түсіндіруге болады. Аталғандардан басқа да «маркерлер» бар.
– Зерттеу нәтижелері бойынша қазаққа қатысты деректерді шетелдік ғалымдар неге айта бермейді?
– Осы мәселеге қатысты бірқатар түйткілдерді айтайын.
Әлем халықтарының біразы, тіпті, австралиялықтар, швейцариялықтар, жапондар, көрші қытай мен үндістер, орыстар «біз кезінде Орта Азияның солтүстігінен келіппіз» дейді. Бірақ, «қазіргі Қазақстан аумағынан келіппіз» демейді. Түбі қазақтардан тарағандарын мойындағылары келмей, қай-қайдағыны шығарып, жалған сөйлейді. Мысалы, АҚШ-тың Аризона университетінің профессоры Т.М.Карофед, т. б. профессорлар Американың «Генетика» журналының 1999 жылғы №64 нөмірінде «Африкада пайда болған адамдар алғашында Алтайға барды, сол жерден жан-жаққа тарады» дейді. Ал, Қытай зерттеушісі Хуа Жонг 2010 жылғы «… Хуман Генетик» журналының №55 нөмерінде «Адамзат пайда болған соң Қытайда жиналды, содан соң Якутияға т.б. жаққа қоныс аударып, көбейді» деп өтірікті соғады. Сондай-ақ, Оксфорд университетінің орыс тектес ғалымы Татьяна Зержал негізі жоқ, қисынсыз әңгімені қозғайды. Ол қазақтар туралы «ұйғырлардан, қырғыздардан, өзбектерден құралған «сорпа» дегісі келеді. Ғалымдардың барлығы «Қазақстан», «қазақтар» деген сөздерді айналып өтеді. Тіпті, мынадай да жағдайлар болып жатыр. Бір американдық ғалым 9-10 қазақтың генін тексеріпті. Бәрі осыдан пәленбай жыл бұрын Еуропаға көшіп кеткендердің ұрпақтары. Солардың гендеріне қарап тұжырым жасапты. Олардың гендері мутацияға ұшырағанын ескермейді. Бір орыс ғалымы «қазақтардың гендері жас» деген ойын білдіріпті. Шын мәнінде жағдай басқаша.
Еуропа, Ресей халықтарының гендері – R1а1. Бұл геннің иелері көбінесе ағылшындар, немістер, орыстар, латыштар т.б болып келеді. Геннің пайда болғанына 20 мың жыл болыпты. Яғни, өздері жас халықтар. Осыдан 15 мың жыл бұрын осы гендегі халықтардың саны көбейген кезде олар Орта Азиядан Еуропаға, Шығыс Азияға қоныс аударған. Ал, қазақтардың гендері олардың маркерінен ондаған мың жыл бұрын пайда болған. Жас ген ескі гендерден пайда болатынын түсіну үшін профессор болудың қажеті жоқ.
Неге шет елдің ғалымдары шындықтан ауытқып, жалған ақпарат таратады? Мұның екі себебі бар. Біріншіден, жоғарыда біз айтқан халықаралық генография жобасы әу басында адамзаттың шығу тарихында ақ нәсілді адамдардың бірінші пайда болғанын дәлелдеу мақсатында дүниеге келген сияқты. Нәтиже мүлдем өзгеше, мақсаттарына керағар болып шықты. Соны айтқысы, мойындағылары келмей жүр. Бірақ, бұлары айды алақанымен, күнді етегімен жапқысы келетіндердің әрекеттері сияқтанып кетеді. Екіншіден, қазақ ғалымдарының қолына бүгін біз жариялап отырған карта түсе қоймаған болуы мүмкін. Түссе де әліге дейін ешкім ауыз аша қойған жоқ. «Өздерің үндемесеңдер тарихтарыңды өзімізге қарай бұра саламыз» деген көзқарасты да аңғару қиын емес. Жағрапиядан белгілі. Орта Азиядан шыққан соң қоныс аударушылар теңіз, мұхит жағалауларына тіреледі де, сол жерлерде қалып, өсіп-өніп тіршілік етеді. Ал, біздің ата-бабаларымыз жыл санауымыздан шамамен 10 мың жылдай бұрынға дейін аңшылық құрған, жеміс-жидек теріп, қазір ұрпақтары мекен еткен аумақта күнелткен. Ол кезде қазіргі Қазақстан аумағының климаты мүлдем басқаша болған. Өзендер көп екен. Солардың жағалауларында шоғырланған. Осыдан 12 мың жыл бұрын климат күрт өзгереді. Халық қуаңшылықтан зардап шеге бастайды. Сондықтан, ата-бабаларымыз осыған орай өмір сүру тәсілін өзгертеді. Мамонттар жойылғаннан кейін ұсақ жануарлар өсіруге машықтанады. Қолға мал үйретеді. Мал шаруашылығы сол кездерден бастап қазіргі қазақтардың ата кәсібіне айналады.
Мезолит, неолит, тас дәуірлері біздің ата-бабаларымыз үшін қолайлы бола қоймаған. Мал баққан халық үнемі көшіп-қонып жүруге тура келген. Сондықтан, күнделікті тұтыну тауарларының арасында тастан жасалған заттар болмады. Олардың салмағы ауыр, көшіп-қонуға жайсыз еді. Ата-бабаларымыз тұрмыста органикалық заттарды кеңінен қолданды. Ағаштан, тері мен жүннен, сүйектен жасалған заттарды пайдаланды. Сондықтан, Қазақстан аумағында мезолит, неолит дәуірлерінің заттары өте сирек кездеседі. Бұл да қазіргі Қазақстан аумағында сол дәуірлерде көшпелі өмір сүрген ата-баларымыз мекен еткенін көрсетеді.
– Бізде ғалымдар тарихты зерттегісі келсе жазба тарихты іздейді, археологиялық қазбалардан табылған жәдігерлерге жүгінеді, көне ауыз әдебиеттерін ақтарады дегендей…
– Солай екені рас. Тарихшыларымыздың зерттеулері негізінен Сіз айтқан 3 түрлі тәсілге саяды. Қазақ тарихын жазба мәліметтер арқылы зерттеу өте күрделі. Жазба деректер қоры өте сирек кездеседі. Ал, археологиялық жәдігерлер ұзақ сақтала бермейді. Темірден немесе қоладан жасалған заттар 3-4 мың жылда тозады, топыраққа айналып кетеді. Керісінше, генетикалық зерттеулер қайсы аймақта тұратын халықтың көнеден келе жатқанын дәл анықтайды, кімнің байырғы ұлт екенін дәл көрсетіп береді.
– Профессор мырза, қазақ тарихында мал шаруашылығы ерекше орын алатынын білеміз. Осы мәселенің маңызды жақтарына тоқтала кетсек қайтеді?
– Біздің ата-бабаларымыз мал шаруашылығымен айналыса жүріп, оны тәжірибе жүзінде бүге-шегесіне дейін, терең зерттеген. Қой, ешкі, жылқыға қарап, олардың өсіп-өнуіне терең мән беріп отырған. Мысалы, қой мен ешкі 3-4 атадан кейін ұсақталып, генетикалық ауытқуға ұшырап отырған. Бабаларымыз мұның дәл диагнозын қойған. «Ол қан алмасудың нашарлауынан» деп тапқан. «Ген таза болмаса, мал қырылады, бұл адамға да ортақ мәселе» деп шешкен. Сол кезден бастап қазақ ұлдар мен қыздарын рулық жүйе бойынша үйлендіру мәселесін қолға алған. Осындай пәтуа жасалғанына, шешімдер қабылданғанына күмән жоқ. Қыздарын туыстық қатынасы бар әулетке беруді бүкіл қазақ даласында үзілді-кесілді тоқтатқан. Осы жүйе қазақ халқының ұрпақтары гені таза, денсаулығы жақсы, әртүрлі климатқа төзімді болып өсуіне тікелей ықпал етті. Ұлттың болашағына тікелей әсері бар осы мәселені бабаларымыз қазақты руға, тайпаға бөлу арқылы тиімді шешкен. Бұл – ұрпақтың генін таза сақтаудың баламасы жоқ үлгісі. Мұндай генетикалық жүйе басқа ұлттарда жоқ. Біріншіден, руға, жүзге бөлу кемшілік емес, теңдесі жоқ жетістік деп бағалауымыз керек. Екіншіден, қазақ халқы руға, жүзге бөлінбейді, халқымыз рудан, жүзден құралады.
– Қазақтың гені әлем халықтары арасында ең таза ген екенінің жемісін көріп, сезіп жүрміз бе?
– Геннің тазалығы жас ұрпақтың күнделікті тыныс-тіршілігінде, айталық жұмыста, қарым-қатынаста, спорттық жарыстарда, жауынгерлік іс-әрекеттер кезінде т.б. сәттерде айқын аңғарылып тұрады. Тұқымы таза адамдардың барлық уақытта мысы басым болады. Мысалы, қазақтың рубасылары, тайпалардың көшбасшылары, билері өздерінің жанында батырларды ұстаған. Олар бастарына күн туа қалса елді шапқыншылардан қорғаған. Қазақтың жас жігіттерінің кез-келген уақытта елді қорғауға дайын тұруына сол батырлар қамқоршы болған. Қазір елімізде әскери комиссариаттарға жүктелген жұмыстарды бұрын батырларымыз атқарған.
Мысы басым батырлар елімізді қорғау үшін қалың қолды бастаған. Олар шапқыншыларды басқарып келген мықтыны жекпе-жек шайқастарда жеңіп отырған. Мұны көрген соң көбінесе қара ниетпен келген басқа жауынгерлері бытырап, бет-бетімен кеткен. «Жүрегінің түгі бар» бір жауынгер оншақты шапқыншыға қарсы шыққан. Осы тұрғыдан қарасақ, қазақтың батырлар жырларындағы ерлік пен шындыққа сенуге болады. Әрине, әдеби шығарма болған соң асырыңқырап жіберген жерлері де ұшырасады. Қазақтың гені тазалығының жемісін қазір де көріп жүрміз. Қазақ халқы саны жағынан әлемде 76-орында. Ал, әлемдік білім сайыстарында, спорттық жаһандық жарыстарда алдыңғы орындардан көрінеді. Кез-келген мемлекеттегі университеттерге оқуға барған жастарымыздың басым-көпшілігі дараланып көрінеді. Бұл да геннің-тұқымның тазалығынан.
– Профессор мырза, бүгінгі әңгімеміз толықтау болуы үшін тағы да бір мәселеге тоқталуымыз керек сияқты. Ұлтымыздың негізгі гендері қазақтың ежелгі халық екенін дәлелдеді дедік. Осы орайда қазақ тілі туралы не дей аламыз?
– Тіл сол халықпен бірге пайда болады. «Тіл кейін пайда болды, әдепкіде адамдар бір-бірімен ыммен сөйлесті» деген сөздер жалған. АҚШ-тың бір профессоры мынадай тәжірибе өткізіпті. Зертханаға екі тас алып келеді. Студенттерді екіге бөледі. Бір топқа сөйлесіп, бір-біріңмен ақылдаса отырып мына тастан зат дайындаңдар, дейді. Екінші топқа сөйлемеңдер, ыммен ұғысуға болады. Үндемей жүріп зат дайындаңдар, деген тапсырма береді. Не керек, қанша талпынса да сөйлемегендер түк те шығара алмайды. Ал, сөйлейтіндер біраз тірлікті тындырыпты. Сөз болмаса адам тығырыққа тіреледі. Адамзат, ұлт, халық сөйлемесе дамымайды. Ұлт бар жерде тіл бар. Тіл ұлтпен бірге пайда болады. Бірге дамиды.
Егер біз «бабаларымыздың қазіргі Қазақстан аумағында тұра бастағанына 65 мың жыл болды» десек, тілімізге де сонша жыл. Осылай деуіміз керек. Қазақ тілі әлемдегі ең көне тілдердің бірі. Мысалы, мамонтты қазақтар «Зіл» деген. «Қара зіл» деп атаған. «Зілдей ауыр» деген сөз осыдан келіп шыққан. Мамонтты көрмесе бұл сөз қалай пайда болды?! Айталық, ағылшын тілінде мамонт деген сөз жоқ. Оларда мамонтты білдіретін сөз латыншадан алынған. Мамонтты ағылшындар көрмеген соң ондай сөз болмаған.
Салыстырып көріңіздер. Орыс, қытай, үнді, ағылшын т.б. тілдерді алыңыз. Бәрі қазақ тілінен күрделі. Біздің тіліміз әбден екшелген, бай, кез келген жағдайда пайдалануға ыңғайлы. Көне тілдер қолданыста қазақ тілі сияқты қарапайым болады.
– Осы арада бізге «қазақ» деп атанғанымыз кеше…» деп, дау айтатындар табылатынына күмәнданбаймыз.
– Біріншіден, бүгін біз сөз етіп отырған жәйттерді гипотеза дей қояйық. Екіншіден, ғалымдар, жазушылар, журналистер мәселе бойынша өзінің пікірін білдірсе қуанамыз. Ғылыми ой — пікірталаста «піседі». Ал, «қазақ» деген атаудың шығу тарихы туралы болжамдар көп. Аңыздар да жеткілікті. Оған тоқталмай-ақ қояйық.
Бабаларымыз «Кімнің баласысың?» деген сұраққа «Адамның баласымын» деп жауап берген. Еврейлердегі Адам және Ева дегендегі «Адам» бізден алынған сөз болуы мүмкін. «Адамгершілік», «Ардан аттағаның – адамдықтан ажырағаның» т.б. сөздер содан шыққан.
– Түркістандағы Ахмет Ясауи университетінде қазақ ұлтының генінің тазалығы туралы әңгіме жиі айтыла ма?
– Айтылғанда қандай! Бұл терең, ғибраты мол әңгіме. Қазақ халқының генінің тазалығын сақтап келгендігі, алдағы ғасырларда да сақтап қалуы керектігі бабаларымыздың салт-дәстүрін насихаттаумен тығыз астасып жатады. Ал, университетімізде 9,5 мыңнан астам студент бар. Оның бірнеше мыңы түркі әлемінің 28 елінен келген шет елдік білім алушылар. Кез-келген мәселе солармен бірге талқыланады, лекциялар бірге тыңдалады. Мысалы, жақында филология факультетінде оқу топтарының бірінде «Күйеу – жүз жылдық, құда – мың жылдық» дегеннің мәнісін талқылады. Сонда профессорлардың бірі талқылауды:
– «Күйеу – жүз жылдық». Ерлі зайыптылар осынша жыл бірге өмір сүруі мүмкін. Ал, «құда-мың жылдық» дегеніміз, ерлі-зайыптылардан тарағандар 40 ұрпаққа дейін туыс, бауыр болып қалады. Бір бірімен қыз алыспайды, дегенді білдіреді. 40 ұрпақ –мың жыл деген сөз. Қазақта жеті ата деген ұғым бар. Бірақ қырық атаға жеткенде барып қыз алысу тұқымның кіршіксіз таза болуының кепілі, – деп түйіндепті.
Логикалық тұрғыдан дұрыс тұжырым.
Қазір университетіміздегі барлық деканаттар Қазақ хандығының 550 жылдығы, қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрлерін сақтау, т.б. бағыттарда кешенді шаралар белгілеп, оларды іске асырып жатыр.
– Қазақтың тарихын дұрыс пайымдау, насихаттау, дұрыс жазу үшін бірінші кезекте қандай істі қолға алу керек деп есептейсіз?
– Біз қазақтың тарихын жасағанда өзге ұлттардың ғалымдары таратқан көптеген кереғар мәліметтерге сүйенгенді тоқтатуымыз керек. Зерттеу әдістерін мейлінше жетілдіруге тиістіміз. Бұл үшін өзіміз Генология ғылыми зерттеу институтын ашуымыз қажет. Осы бағытта қазақ, ағылшын, т.б. тілдерде әлемнің ғылыми әлеуеті жоғары ортада оқылатын, талқыланатын, сондағы пікірлерге сілтеме жасап, сүйенетін журнал шығаруымыз керек. Біз өзіміз ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы өз болжамдарымызды дәлелдегеннен кейін ғана өзге ұлттар «Біз қазіргі Қазақстан аумағынан шыққанбыз, әлемдегі ең көне халықтардың бірі қазақтардан тарағанбыз» деп мойындайтын болады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі,
Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры,Аймақтық менеджмент Академиясының академигі.
kazgazeta.kz

Пікір қалдыру