Астананың вокзалына бардым. Көкшетауға бармақпын. Тізіліп тұрған таксилерге беттедім. Жан-жағымда «Караганда», «Какчатав» («Қарағанды», «Көкшетау» деп емес) деген қарлыққан құзғын дауыстар зар иелейді. Қазақша «Қарағанды» немесе «Көкшетау» дей салса тілі тартылып қала ма бұлардың. Қышқырып тұрғанның бәрі қазақ. Неге бұлай? Жауап біреу: қанға өтіп, сары сүйекке сіңіп кеткен құлдық сана, яғни құлдық болмыстың өмірдегі жарқын көрінісі. Мына қарақтардың «Қарағанды», «Көкшетау» дегенге тілі келмей тұрған жоқ. Айтуға қуаты жетпейді. Көлденең кетіп бар жатқан бір орысты көрсе тілін жұтып қояды. Хош сонымен…
«Какчатаулап» қаралығып тұрған бір қазаққа таяп бардым. Еңгезердей шомбыл қара. Салмағы (көз мөлшермен) бері айтқанда – 120 килә. Жұдырығы шойын. Беті бұжыр-бұжыр Кенесары батырдың дүлей құлы Қараүлек сияқты. Машинасы жеңіл «тойота» екен. Бұл қарақ қазіргі заманың батыры болар деген риза кейіппен сұр машинаның алдына барып жайғастым.
Машинаның артқы орындығына сирағы метр жарым орыстың екі бойжеткені келіп жайғасты. Тағы бір Қараүлектің күшігі сияқты бойы аласа болғанымен тығыршықтай шомбыл қазақ жігіті үшінші болып қосылды. Күн тапа-тал түс. Кіші Қараүлектің көзінде ұйқы, қалғып жүр. Отырмай жатып ұйықтап кетті.
Машина орнынан қозғалды. Еңгердей шопыр басқарған тойотаның мінер жағы қисайып жолға шықтық. Ойлап келем: мынадай (шопырға қарап) қазақтың жігіттері көп болса ғой. Ертең елдің басына күн туса осылар қорғайды-ау… Ойымды даңғырлаған музыка үні бөліп жіберді. Кабинаның ішін орысша жынды әуені кернеп кетті. Басы-көзден ұрғылап өлтіріп барады. Тіпті дем алдырар емес. Арттағы екі қыз изек-изек. Ана кіші Қараүлек атып жіберсе де оянар емес. Қыздар изектеген сайын үлкен Қараүлектің жүзі жадырай түседі. Содан шопырға айттым, «мына музыканы өзгертуге болмас па екен, қазақша әуен қоймайсыз ба?!». Менің сөзімді естіген шопыр шайқалып кетті. Машина жолдан шығып кетуге шақ қалып, әрең түзелді. Сондағы үлкен Қараүлектің айтқаны: «Сиз ондай айтпаныз, мына кыздардан уят болады».
Мәссаған!!! Қазақтың елін-жерін қорғайды деген мына батыр, машинаның артында отырған орыстың екі қызынан зәре-құты қалмай шошып келеді. Бар ойы: соларға жағу, солардың көңілін табу, солардың бір ауыз «спасибо» деген сөзін есту… Осындай да құлдық болады екен-ау.
Мына бір бейбақ бауырыма жаным ашыды. Басқа не істеуге болады. Жынды әуенді сәл бәсеңдетіп (менің жалынды өтінішім бойынша) қойып зырлап келеміз. Алпыс шақырымды артқа тастадық. Жолай бір ауданнан өттік. Бұл үлкен Қараүлектің туған жері екен. Алдымызда Ақкөл. Кенет… шопыр музыканың үнін өшіре қойды да, аяғын тормозға жүгіртті. Үрейлі кейіппен бірдемені күбірлеп, бос қолымен тұмсығын сипап жіберді. «Бұған не болды?» деп, жан-жағыма барлай қарасам, «Мықтыкөл» деген ауылдан өтіп барады екенбіз. Оң жақта, жол жиегінде зираттар тұр. Қараүлек зираттан қорқады екен. Күбірлеп, сыйпаланып жатқаны сол. Қараүлектің ойынша; «жынды музыка өлі аруақтарды шамдандырады-мыс». Олар шамданса; машинаның дөңгелегін жарады, тіпті тоңқалаң асырып аударып тастауы да мүмкін… Ойбай-ау жынды музыка тірі мені азаптап келе жатқан жоқ па, аруақта несі бар, мына жазған өлген мүрдеден қорыққанша, ақыл-есі болса, тірі менен кешірім сұрар еді-ау. Содан мен айттым: «Сенің машинаңның ішіндегі музыка ай даладағы аруақтарды шошытқаны қалай, зың еткен шуылдан аруақтар шамданатын болса, мына күні-түні зулап жатқан шетелдің «Камаздары» өзі өлген аруақты тағы да өлтіретін болды ғой…». Менің сөзімді тура мағынасында түсінген Қараүлек қабағын түйіп «қынжылыс» танытты. Күңк етіп «оңбаған» Камаздарды бір сықпытты.
Зираттан өткен соң, жынды әуенді аңыратып қойып, изектеп тарта жөнелдік. Апыл-тапыл Макинкаға да жеттік. Бір жарым шақырымдай бұрылып мені автостансаға жеткізуге шопыр бұрыла беріп еді, артағы екі сары қыз: «Қайда барасың?» деп дік етті. Баяғы көрініс, машина шайқалып кетті, Қараүлек сұп-сұр: «мына кісі…» деп мені көрсетіп, міңгірлеп еді. Қыздар, сұқ саусағын шошайтып «жолға түс!» дегендей ишара жасады. Бейбақ Қараүлек жыпылықтап маған қарады. Мені машинадан өз еркіммен шықтым да қара жолды бойлап, жөней бердім.
Аяңдап келем… ойланып келем. Еңгезердей жігіт. Әрі спорт шебері екен. Күллі әлемді жаратқан бір Алладан қорықпайды. Тірі орыстың қызынан және өліп жатқан аруақтан қорқады. Астағыпыраллаһ. Шынында қалай ел болып тұрмыз?! Батырдың сыйқы мынау. Кіші Қараүлек сол оянбаған күйі кетті. Кім екені, қайдан шыққаны белгісіз. Бірақ түрі-түсі қазақ.
Бекен Қайратұлы
Namys.kz


Пікір қалдыру