Қазақстан және Ауғанстан сыртқы істер министрліктері ынтымақтастықтың басымды бағыттарын белгіледі
2015 жылы 9 мамырда Қабыл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Ислам Республикасының сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар өтті. ҚР делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Мусинов, ауған делегациясын АИР сыртқы істер министрінің орынбасары Хекмат Қарзай бастады.
Консультациялар барысында дипломаттар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы екіжақты қатынастардың қазіргі ахуалы мен болашақ мүмкіндіктері туралы кең ауқымды мәселелерді талқылады. 2015 жылы мамырда Астанада өтетін сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі ҚР-АИР Үкіметаралық комиссиясының 7-ші отырысына дайындық барысы мен ауған Президенті Мохаммад Ашраф Ғанидің Қазақстанға сапарын ұйымдастыру мәселелеріне аса назар бөлінді.
Тараптар екі елдің халықаралық сахнадағы, оның ішінде БҰҰ, АӨСШК, ШЫҰ, ИЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы оң ықпалдастығын атап өтті.
Ауған әріптестері Қазақстанда ауған студенттерінің оқыту жөніндегі қазақстандық білім беру бағдарламасының жүзеге асырылуы Ауғанстан кадрларын даярлауда, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, сондай-ақ өңірде лаңкестік пен экстремизмнің таралу қауіптерін төмендетуге септігін тигізетінін атап өтіп, Ауғанстан үшін қоғамдық-саяси маңызын жоғары бағалады.
Ауған тарапы азық-түлік пен аса қажетті заттар түрінде көрсетіліп отырған тұрақты ізгілік көмек үшін және әлеуметтік маңыздылығы бар инфрақұрылымды салу мен қайта қалпына келтірілуіне (орта мектеп, аурухана, автожол, көпірлер және т.б.) бөлінген қаражатқа алғысын білдірді.
Консультация қорытындыларына сәйкес, Қазақстан және Ауғанстан сыртқы істер министрліктері екі ел арасындағы түрлі салалардағы ықпалдастықты арттыру мақсатында орта мерзімді болашақта ынтымақтастықтың басымды бағыттарын белгіледі.
ҚР СІМ баспа сөз қызметі



Пікір қалдыру