“КЕНЕСАРЫ – КҮНІМЖАНДЫ” КӨРІҢІЗ! ЖАУҒА ТҰРА ШАБАТЫНДАЙ, РУХТАНЫП ШЫҒАСЫЗ!..
АЛМАТЫЛЫҚ АҒАЙЫН, 14-І КҮНІ ӘУЕЗОВ ТЕАТРЫНА КЕЛІҢІЗ! “КЕНЕСАРЫ – КҮНІМЖАНДЫ” КӨРІҢІЗ! ЖАУҒА ТҰРА ШАБАТЫНДАЙ, РУХТАНЫП ШЫҒАСЫЗ!..
Кенесары мен Қоңырқұлжа көрінеді.
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Кенесары, ұлы империяға жалаң қылышпен қалай қарсы тұрмақсың?!. Елді құр босқа дүрліктіріп, қанды қырғынға бастағаннан не табам дейсің?!
КЕНЕСАРЫ. Қоңырқұлжа, сен сияқты жаныңды жалдап, күнің үшін ақ патшаға сатылып жүргенше, азаттық үшін күресіп өлген артық!
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Ау, мен ақ патшаға қызмет етсем, Ақмоланың аға сұлтанымын.
КЕНЕСАРЫ. Аға сұлтан екенмін деп, ата-бабамыздан мұра боп қалған атақонысымызды тартып алып, қасиетті жерімізді қарашекпенділерге таратып беріп жатса да қарап отыра бермекпісің!
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Тек жүрген, тоқ жүреді, Кенесары. Жөндеріңмен жүрмей, өздерің емес пе, ақ патшаға қарсы шығып жүрген. Әйтпесе, дәл осы сенің жеке басыңа ешкім де соқтығып жатқан жоқ қой! Ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда емес пе, Кенесары!..
КЕНЕСАРЫ. Қарақан басымды ойлап, қарынның қамын ғана күйттесек, не болғаны! Еліңді қасқырша талап, қатының мен қызыңды зорлап, ұлыңның тұлымын қиып, құлақкесті құлына айналдырса да, тырс етпей отыра беру керек пе?! Жо.. жоқ… Бұған сен көнерсің, мен көне алмаймын, сен төзерсің, мен төзе алмаймын!..
ҚОҢЫРҚҰЛЖА. Кенесары, байқа, байқа, ақ патшаға қарсы шығамын деп, басыңның қайда қалғанын білмей қалып жүр ме?! Мен патшаға не үшін, кім үшін қызмет етіп жүрмін?!. Осының бәрі қара халықтың, қалың елдің қамы емес пе? Сенің жаныңды ауыртқан жай, бізді күйзелтпейді деймісің?!.
КЕНЕСАРЫ. Жоқ… Қоңырқұлжа… Сонда айдағанның алдына түсіп, ұстағанның жетегінде кете бер демекпісің! Жо.. жоқ… намысымды таптата қоймаспын!
ҚОҢЫРҚҰЛЖА (сәл кідіріп). Кенесары, ормандай орыс ғана емес, Қоқан, Бұхара, Хиуа хандықтары да басыңа бәйге тігіп, жеріңе көз алартып, әлекедей жаланып отыр. Қайда барсаң да алдыңнан құрылған тор мен қазылған көр шығар!..
КЕНЕСАРЫ. Қорқыныш пен үрейге бой алдырып, орыстың тепкісі мен қорлығына көне берсек, жер басып тірі жүргенімізден не пайда?!. Жо.. жоқ… Елімнің тізгіні мен шылбырын жат қолына ұстата алмаймын! Біз құл болу үшін жаралғамыз жоқ! Сен құл болсаң, мен құл болсам, ертеңгі ұрпағымыз кім болмақ? Қайтсек те айқасып еркіндікке жетеміз, болмаса, осы жолда жанымызды құрбандыққа шаламыз!..
“КЕНЕСАРЫ – КҮНІМЖАН” драмасынан
Думан Рамазанның Facebook парақшасынан алынды


Пікір қалдыру