|  |  |  |  | 

Көз қарас Руханият Саясат Әдеби әлем

Атеистер мен тәңіршілдерге мың алғыс! 

Елдес Орда

Сурет: Автордың жеке архивінен алынды.

Қазақ қоғамында жаңа интеллектуалдық кезең туып келеді.

Бірінші, қазіргі қазақ қоғамында сенім мәселесіне қатысты пікірталастардың күшеюі кездейсоқ құбылыс емес. Бұл дегеніңіз әлеуметтік желілердің, ашық ақпараттық кеңістіктің және жаһандық интеллектуалдық ағымдардың ықпалымен қалыптасқан жаңа қоғамдық ойлау формасының көрінісі. Атеистік көзқарастардың ашық айтылуы, тәңіршілдік идеялардың қайта жаңғыруы және дәстүрлі діни орта арасындағы пікір қақтығысы зиялы ортада алаңдаушылық тудырғанымен, шын мәнінде бұл құбылыс қоғамның рухани әлсіреуін емес, саналы ізденіске бет бұрғанын көрсетеді.

Екінші, ұзақ уақыт бойы қазақ қоғамындағы діни дискурс негізінен МОНОЛОГТЫҚсипатта болды. Уағыз айтылды, ал тыңдаушы тарап оны талқылаусыз қабылдауға тиіс еді. Сұрақ қою күмәнмен, күмән әлсіз иманмен теңестірілді. Мұндай ортада сенім дәлелдеуді емес, қайталауды талап етті. Ғылыми тілмен айтқанда, доктриналық трансляцияның басым болған кезеңі еді. Ал кез келген идея баламасыз ортада дамымайтыны белгілі.

Үшінші, атеистер мен тәңіршілдердің сахнаға шығуы қатып семген монологты диалогқа айналдырды. “Неге, қайдан, қалай”- деген күрделі сұрақтарды ашық қойды. Құдайдың бар-жоғы, діннің тарихи қалыптасуы, исламның көшпелі мәдениетпен қатынасы, Құран мәтінінің интерпретациясы сияқты тақырыптар қоғамдық талқыға түсті. Аталған сұрақтар эмоциямен емес, рационалдық дәлелмен жауап беруді талап етті. Нәтижесінде діни уағызшылар да өзгеруге мәжбүр болды. Жай ғана “солай болуы керек” деу жеткіліксіз екенін түсінді. Олар философияға, тарихқа, теологияға, тіпті ғылымға сүйеніп сөйлеуге көше бастады. Кейбіреулері ортағасырлық ислам ойшылдарын, калам ілімін, мазһабтық пікір алуандығын қайта қарады, кейбірі қазақтың төл діни сенім тәжірибесін тыңнан түсінуге ізденуге мәжбүр болды. Яғни қарсы пікір ізденіске түрткі болған катализаторға айналды.

Төртінші, атеистер мен тәңіршілдік дискурсы да діни ортаға ерекше айна ұсынды. Олар сонда біздің рухани жадымыз қайда?-, деген сұрақты көтерді. Бұл сұрақ қоғамдық пікірге дүмпу жасап исламды қазақы дүниетаныммен, тарихи тәжірибемен қайта ойлауға мәжбүр етті. Нәтижесінде қазақ қоғамында “дәстүрлі ислам”, “мәдени ислам”, “қазақы діни сана” сияқты нео термин пайда болып жаңа ұғымдар белсендірек қолданыла бастады.

Бесінші, ең қызығы және процестің ең маңызды нәтижесі діни ойдың жауапкершілігінің артуы еді. Уағызшы енді тек сенім таратушы емес, қоғам алдында интеллектуалдық жауап беретін тұлғаға айнала бастады. Себебі қарсы тарап бар, сұрақ бар, ашық пікірталас бар. Яғни қоғамдық бақылау қатты күшейді.

Алтыншы, алайда осы өзгерістің бәріне бірдей ұнай бермейтіні анық еді. Кейбір уағызшылар мен дін атынан сөйлейтін тұлғалар ашық пікірталасқа шығудың орнына, қарсы тарапты “арнайы жоба”, “сыртқы күштердің ықпалы”, “тапсырыс орындаушылар” деп сипаттауға көшті. Бір қызығы бұл ғылыми немесе теологиялық аргумент емес, қорғаныс психологиясының көрінісі еді. Идеяға идеямен жауап бере алмаған жағдайда, қарсы көзқарасты легитимсіз ету ең жеңіл, бірақ ең нәтижесіз жол-тын.

Жетінші, шын мәнінде, қазақ тарихы рухани дискурстың да тарихы саналады. Яғни бұл кеңістікте қандай сенім үстем болды, қандай ойға жол ашылды, қандай сұрақ қоюға рұқсат етілді дәл осы факторлар түркі өркениетінің көтерілуі мен құлдырауын айқындап отырды. Рухани ашықтық пен интеллектуалдық еркіндік болған жерде мәдени де, саяси да серпіліс пайда болды, ал ойды шектеген кезеңдерде тоқырау белең алды.

Сегізінші, ежелгі түркі қағанаттары дәуірінде рухани дискурс бір ғана догмамен шектелмеді. Тәңірлік дүниетаным аспан, жер, адам арасындағы үйлесімді басты құндылық ретінде ұсынды, бірақ ол жабық жүйе болған жоқ. Түркілер буддизммен, манихейлікпен, христиандықтың несториандық тармағымен, кейін исламмен интеллектуалдық байланыс орнатты. Осы байланыс тек сенім ауыстыру емес, дүниетанымдық синтез тудырудың табиғи процесі еді. Сол себепті түркілер тек жаулаушы емес, басқару мәдениетін, құқықтық дәстүрді, символдық жүйені өндіре алған өркениеттік күшке айналды.

Тоғызыншы, түркілер рухани дискурсқа ашық болған кезеңдерде әмбебап мәдени және саяси құндылықтар қалыптастырды. Түркілік танымдағы “Тәңірқұты” идеясы билікті тек күшпен емес, моральдық жауапкершілікпен тығыз байланыстырып отырды. Қаған билігі рухани легитимацияға сүйенді, ал бұл өз кезегінде империялық тұрақтылықтың негізіне айналды. Осындай дүниетанымдық икемділік түркі мемлекеттеріне жалпақ жаһанды билеп-төстейтіндей ықпал берді. Сонымен бірге түркілердегі рухани ашықтық тек діни салада емес, билік мәдениетінде де ерекше шешуші рөл атқарды. Түркі дәстүрінде қаған “құдайдың жердегі көлеңкесі немесе өкілі” емес, құт иесі ретінде қаралды. Яғни құт шартты нәрсе, ол әділетсіздікке жол берген биліктен кері қайтарылады. Ұшбу идея билікті абсолюттендірмей, қоғам алдындағы жауапкершілікке негіздеді.

Оныншы, ортағасырлық ислам дәуірінде де осы заңдылық сақталды. Қарахан, Селжүк, Алтын Орда кезеңдерінде ислам жабық догма ретінде емес, философиямен, құқықпен, сопылық іліммен ұштасқан тірі жүйе ретінде қабылданды. Түркілер исламды қабылдай отырып, оған өзінің төл мәдени кодын қосты. Ахмет Ясауи дәстүрі, сопылық поэзия, дала этикасы бәрі де осы ашық рухани диалогтың жемісі. Бұл кезеңдерде түркі әлемі тек тұтынушы емес, діни-философиялық идея өндіруші деңгейіне көтерілді.

Он бірінші, алайда рухани дискурста ашықтық пен еркіндік шектеле бастаған сәттен бастап, өркениеттік құлдырау белгілері айқындала түсті. Сенім сұрақтан қорқа бастады, ал күмән еркін ойлаудың емес, қауіпті ауытқудың белгісіне айналды. Дін мен дәстүр тірі ойдан гөрі рәсімге, формаға айналды. Нәтижесінде рухани жүйе қоғамды алға сүйрейтін күш емес, өткенді қайталаушы механизмге айналды.

Он екінші, болып жатқан құбылысты тек қазақ немесе түркі тарихынан ғана емес, жалпы адамзат өркениетінен де көруге болады. Ашық рухани дискурс болған жерде мәдени жаңғыру, ғылыми ізденіс, саяси жаңару қатар жүрді. Ал рухани кеңістік тұйықталған жерде қоғам сыртқы ықпалға тәуелді, интеллектуалдық тұрғыдан әлсіз күйге түсті. Сондықтан бүгінгі қазақ қоғамындағы сенім, атеизм, тәңіршілдік және діни дәстүр арасындағы пікірталастарды тарихи тұрғыдан қауіп емес, мүмкіндік ретінде бағалау қажет.

Бұл дегеніңіз қазақ тарихының өз ішкі логикасына сай келетін процесс. Өйткені біздің тарихи тәжірибеміз бір нәрсені анық көрсетеді, яғни түркі өркениеті рухани ашықтықты сақтаған кезде күшейді, ал ойды тұсаулаған сәттен бастап әлсірей бастады. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі басты міндет белгілі бір сенімді үстем ету емес, рухани дискурстың еркін әрі мәдени түрде жүруіне жағдай жасау. Себебі дәл осы ортада ғана жаңа мағыналар, жаңа құндылықтар және жаңа өркениеттік бағдар қалыптасады.

Он үшінші, дегенмен бүгінгі пікірталастарда алаңдатарлық бір тенденция байқалады. Кейбір жағдайларда пікірталас идеялық деңгейден шығып, жеке тұлғаға шабуыл жасауға ауысып кетеді. Қарсы көзқарасты дәлелмен жоққа шығара алмаған тараптар оппоненттің жеке өмірін, отбасы жағдайын, өткенін немесе жеке ұстанымдарын әшкерелеуге тырысады. Өкінішке қарай бұл пікірталас мәдениетінің құлдырауының айқын белгісі еді.

Он төртінші, осы тұрғыдан алғанда, қазіргі қазақ қоғамы үшін ең маңызды міндеттердің бірі пікірталас этикасы мен мәдениетін қалыптастыру. Бұл тек діни салаға ғана емес, жалпы қоғамдық ойға қатысты. Мәдени пікірталас дегеніміз қысқаша айтсақ, қарсы ойды жау ретінде емес, интеллектуалдық мүмкіндік ретінде қабылдау. Жеңу үшін емес, түсіну үшін сөйлесу.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазіргі қазақ қоғамындағы сенімге қатысты пікірталастардан қорқудың қажеті жоқ. Өзгеше ой, күтпеген сұрақ дәстүрлі қазақ қоғамына жаңа серпін әкелді. Жаттанды һәм қатып семген көзқарас сыни талқыға көшті, нәтидесінде жаңа тұжырымдар мен сананы түртетін жаңа қисындар пайда болды. Оның пайда болуы өркениетті қоғам құруға деген рухани шабытты оятты және жауапкершілік арқалатты.

Елдес Орда

Related Articles

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

  • Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Арман Әлменбет Екі-үш күн уайымға салынып кеттім. Осы соңғы жазғаным болсын. Әрі қарай Құдайға тапсырып, жұмысымды істейін. 6 ақпан күнгі ойым: Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті. Ковид кезінде өкпесі жұмыс істемей қалған адамдарға Түркиядан ИВЛ деген аппарат әкелгені естеріңізде ме? ИВЛ болмай, қанша адам өліп қалды. Орыс тілін алып тастасақ, Мәңгілік ел мен Есіл өзенінің ортасындағы бес-алты ғимарат босап қалады. Тек орысша ойланатын адамдар жиналып ап, өздері әдемі отыр о жерде. Менің түсінігімде, орыс тілін конститциядан алып тастау үшін оған алдын ала дайындалу керек. Соңғы екі жарым жылда осыны қатты ойланып жүрмін. Ұсынайын деп едім, қызығатын адам таба алмадым. Сөйтіп «Ана тіл

  • Си Цзиньпиннің қытай әскери басшылығын “тазалауы” нені білдіреді?

    Си Цзиньпиннің қытай әскери басшылығын “тазалауы” нені білдіреді?

    Рид СТЭНДИШ Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) елге сапармен келген қытай генералы Чжан Юсямен қол алысып тұр. 2017 жыл. Өткен аптаның аяғында Қытайдың Орталық әскери комиссиясы төрағасының орынбасары қызметінен әрі Қытай коммунистік партиясы саяси бюросының мүшелігінен босатылды. Әскери басшылықтағы мұндай жоғары шенді тұлғаның орнынан алынуы Пекиннің Тайваньға қатысты жоспарына, АҚШ-пен бәсекесіне және аймақтағы тұрақты ойыншы ретіндегі рөліне қатысты бірқатар сұрақ туғызып отыр. 24 қаңтар күні Пекин қызметтен босатылған генерал Чжан Юся (Қытай басшысы Си Цзиньпиннің көп жылдан бергі сенімді серігі болған) тергеуге алынды деп хабарлады. Тосын шешімнен кейін Си Цзиньпин әскери басшылық шыңында жалғыз өзі қалды. Қытайды зерттеуші сарапшылар мұның билік сабақтастығына елеулі салдары болады дейді. Ал Пекиннің серіктестері

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: