Париждегі қазақтардың футбол командасы Қазақстанда жолдастық кездесу өткізеді
Париждегі қазақтардың Paris Kazakspor футбол клубы Қазақстанның Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент сынды ірі төрт қаласында болып, қазақстандық футболшылармен жолдастық кездесулер өткізбекші. 7-19 маусым аралығында өтетін ойындарға Париж қазақ футбол клубының сапындағы 15 жігіт дайындалып жатыр, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.
Бұл спорттық ұйымның негізін Еуропадағы ең үлкен қазақ диаспорасы саналатын Франциядағы қазақ азаматтары 1986 жылы қалаған. Paris Kazakspor футбол клубы бүгінде Франция футбол федерациясының 7-лигасында өнер көрсетіп жүр. Қандастарымыз «Париж» және «Иль-де-Франс» кубоктарын жеңіп алған. Қазіргі таңда команда қатары кеңейіп, ойыншылар саны 44-ке жетті.
Өткен жылы ғана Голландиядан оралып, Шымкенттің «Қыран» футбол командасына қосылған Мұрат Өнел бүгінде Қазақстандағы үздік сұрмергендердің біріне айналғаны бәрімізге мәлім. Ала допты серік етіп, қазақ намысын шетелдерде қорғап жүрген ағайынның баласы осы жолғы орайды да пайдаланып, атажұртында қалып, қазақстандық футбол командаларының абыройын асыруға үлес қосып жатса нұр үстіне нұр болары хақ.
Атап өтерлігі, бұл рет Қарағандыдағы «Нәтиже» сүт фабрикасының бас директоры Ерлан Әшім мен «Otyrar-Group» компаниясының директоры Әбдімәжит Сыздықбековтың демеуші болуымен Париж қазақ футболшылары атажұртта тұңғыш рет ойын көрсеткелі отыр.
Майгүл СҰЛТАН
baq.kz
Пікір қалдыру