АПАЙ, МЕН СІЗДІ ЖАҚСЫ КӨРЕМ…

Мұғалімнің баласы болдым. Таңдайым тақылдап тақпақты ерте жаттап, әріпті ерте танығаным да сондықтан болар… “Мұғалімнің баласы” деген қалыпқа салындым. Ол не? “Мұғалімнің баласы екі алуға болмайды”, “мұғалімнің баласы тәртіпсіз болуға болмайды”, “алысуға болмайды”, “жұлысуға болмайды”… Қаптап кеткен “болмайдыларды” кім шығарғанын білмеймін, әйтеуір, басқаға “болатын” нәрсенің бәрі маған “болмайтын”. Мұғалімнің қызы болғаным үшін!
Не ғой… Бірақ сол шектен тыс “болмайды”-ға өзім аса бағынбадым. Көршінің қызының сөздік қорындағы кей сөздерді үйде “пайдаландым”. Есімде, сонда маған мамам: “Тіліңді күйдірем”, – дейтін. Маған сол қызық болатын. Қалай күйдірмек? Аузымда сілекей (су) бар, тілім қалай жанады? 5-6 жасар баланың ойы сондай болды. Ақыры мен тілімнің қалай “күйетінін” білмей кеттім…
Ерке болдым. Өте ерке. Тентектігім де, құдай салмасын, жетіп-артылды. Мамамның жұмысқа өзімен ертіп барғаны есімде. Мектептің тап қасындағы интернатқа – сабаққа түстен кейін баратын қыздардың жанына қалдырып, сабағына кетті. Бір бөлмеде тұрған соншама көп әппақ төсекті көргенде-е-е, бақыттан басым айналған. Енді ше, әжемнің ертегісіндегі мамық төсегі бар ханшаның бөлмесі сияқты көрінді ғой. Төсектен-төсекке секіріп ойнағанда-а-а мектептің директоры кіріп келетінін қайдан білейін…(((((( Мамамның сосын мені интернаттағы қыздарға қайтып апарғаны есімде жоқ… Керісінше, оқушы қыздары кезектесіп үйге кеп қарайтын болған. Өйтпей ше? Мен жалғыз емеспін. Бауырым бар. Өзімнің ойлап таппайтыным жоқ тағы…
Қабырғаға ілініп тұрған сөрені әткеншекке ұқсатып, үстін босатып отырып алғаным… Ол аздай інімді жаныма отырғызып… Екі жағынан қағылған шеге екі баланы көтерсін бе… Былш етіп құлап… Періштеміз қаққан болар ештеңе болмады. Бірақ не болғанын ұқпай талай уақыттан соң Жерге қонған ғарышкерлердей ұза-а-ақ жаттық. Ал қыстың күні кіреберіс ауызғы үйдің әйнегін сындырып алдымен тонымды (қолғап резеңке арқылы желкебауға тігіліп, жеңімізден шығып жүретін), сосын малақайымды лақтырып, сосын өзім түсіп, ойнап кетудің орнына есіктің алдындағы қолжуғыштың шүмегіне тілімді тигізіп көріп… Қан-жоса болып жабысып тұрғанымнан-ақ қандай бала болғаным белгілі ғой. Аязды күні біздің Шығыста темірге тілін тигізіп “жабыспаған” бала жоқ. Мені темірмен “сүйістірген” көршінің қызы болатын. Кейін жақсылап өшімді де алғам…)))))))
Сондай бұзықты баққан маманың оқушысының туған күні екен ғой бүгін! Құтты болсын, апай! Өмірде тек қана қуаныш сыйлайтын шуақты күндеріңіз көп болсын!
Өкінішке қарай, ауылға “мұғалімнің қызы” атанғаныммен 10-ақ жыл мамамның тентек қызы болдым… Содан кейін оқушылары да, мен де оны қайтып көре алмай қалдық….((((( Ал мен үшін сіз әлі күнге дейін сол баяғы Кенже апайдың оқушысыз…
Пы.Сыы. Оқушы қыздар да қызық болатын, өлең айтады, би билейді. Бауырым екеумізге концерт қойып береді. Ал кейбір сылқым қыздар шифоньердегі мамамның киімдерін киіп алып мұғалім болып ойнайтын. Әсіресе өкшесі биік туфли мен етіктерді киюге құмар болатын. Ойнап біткен соң дым болмағандай жинап қоятын…
Айгүл Болатханқызыңың facebook парақшасынан алынды

Пікір қалдыру