|  |  | 

Сұхбаттар Қазақ шежіресі

Назарбаев: Қазақстан шекарасын қалай бекемдеді?

05-06-2015 (10)

– «Егер келіссөзге екі жақ қатысса және аяқталмай қойса, онда ол келіс­сөздің шекара мәселесі туралы болғаны» – белгісіз бір автордың юмормен айтылған осы сөзі шекара жайындағы әңгіменің қашанда шетін шығатынын көрсетеді. Тағы бір автордың «Саяси карталар қанмен боялады» деген сөзін де кез­дестіргенім бар. Құдайға шүкір деп айтайық, тәуелсіз Қазақстанның тарихы осы екі сөзді де теріске шығара алды. Еге­мендіктің елең-алаң шағынан бастап жүргізілген көп векторлы сыртқы саясаттың арқасында алыспен де, жа­қынмен де бірдей орнықты қарым-қатынас қалыптастырудың сәті түсті. Әсі­ресе, айналамыздағы елдермен мемле­кеттік шекараларымызды заңды түрде, біржолата бекітіп алғанымыз – ерек­ше жетістігіміз. Сізге сұхбат кіта­бының келесі тарауының тақырыбына қатысты алдын ала жазба түсіргенімде ол әңгімені шекара мәселесін шешудің жай-күйіне арнауды ұсынғаным да сондықтан еді.

– Жалпы, тәуелсіз елдің басты белгісі – заңды түрде белгіленген өз территориясы болуы. Бәрі де осыдан басталады. Демократиялық қағидаттар халықаралық қарым-қатынастарда орныға қоймаған өткен замандарда бір елдің бір елге басып кіруі, сол жерді өз иелігіне айналдыра салуы қалыпты жайға айналып кеткен. Есте жоқ ескі кезеңдерді қозғамай-ақ қояйық, бергі уақыттың өзінде шекаралас елдердің арасында жер үшін қаншама қанды қырқыс болғанын білеміз. Сондықтан да мен 1992 жылдың өзінде-ақ, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болғаннан кейінгі Бас Ассамблеяның алғашқы сессиясында қалыптасқан шекараларды қайта қарауға шақырудың қандайлық зардаптары болуы мүмкін екенін айтқан едім.

05-06-2015 (6)

Қалыптасқан шекараларды қайта қарауға шақырудың қандайы да тек шатаққа бастайды. Мен Германияның Сыртқы істер министрі Ганс Дитрих Геншермен тәуелсіздікке дейін-ақ кездес­кен едім. 1991 жылғы қарашада. Сонда Геншер менің шекара мызғымастығы қағидаты туралы айтқанымды толық қолдады. Ол Еуропадағы соғыс атаулының бәрі шекараның қырсығынан шыққанын, сондай даудың бәрі насырға шапқанын айтты. Арғы замандарда талай жерлер талай мемлекеттердің қарауында болды, көбі қазір жоқ мемлекеттер. Сондықтан, бәрін тарихқа тірей беретін болсақ, шекара туралы даудың қандайының да мәні қалмайды. Адамзат шекара дауын тыюы керек. Бұл әбден-ақ есте ұстайтын сөздер. Қаншама тәуелсіз ел болсаң да шекараң ашық-шашық жатса, ол іргедегі көршілердің тарапынан түгел мойындалмаса, ондай тәуелсіздіктен береке болмайтыны белгілі. Ендеше, әуелі Қытай Халық Республикасымен, сосын көршілес мемлекеттер – Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстанмен шекара мәселесін реттесек, енді Ресеймен де сондай уағдаластыққа жеткіздік. Жалпы, жер дауы, шекара мәселесі түпкілікті шешілмесе ел ішінде тыныштық, тұрақтылық болмайды, тұрақтылық жоқ жерде экономика алға баспайды, ал бұл екеуі жоқ болса, мәдениет пен ғылымның алға жылжуы мүмкін емес, дегенім есімде. Алысқа бармай-ақ қояйық. Қазіргі қырғыз-өзбек, өзбек-тәжік арасындағы келіспеушіліктің бәрі шекарасының бекітілмегенінен болып жатыр. Ресей-Украина арасындағы жанжалдың да негізі шекара мәселесінің түгелдей шешілмеуі.

– Сіз жаңа мемлекетті құрудың бастапқы белесінде шекара мәселесінде қандай ұстанымдарды басшылыққа алдыңыз? Істі неден бастадыңыз?

– Наполеоннан қалған қанатты сөз көп қой. Солардың бірі – «Мемлекеттің саясатын оның географиясы айқындайды» деген сөзі. Өте дәл айтылған. Мысалы, біздің теңізге шыға алмайтын мемлекет ретіндегі сипатымыз бүкіл экономикалық саясатымызға дәйім әсер ететін болады. Сондықтан да біз теңізге шыға алатын көршілерімізбен қарым-қатынасқа ерекше құнттылықпен қарауға тиіспіз. Бұл жөнінде мен Ұлытаудағы сұхбатымда айтқанмын. «Біздің «теңізіміз» – Ресей территориясы. Біздің «теңізіміз» – Қытай территориясы. Осы екі мемлекетті теңіз деп санасақ, біз солардың жағасында тұрмыз, дегенмін. Әрине, ол айтқаным – бейнелі сөз. Экономикалық интеграция арқылы шекара шептерін кеңейте алатынымызды білдіргенім. Бірақ, Қазақстанның теңізге тікелей шығатын мүмкіндігі жоқ мемлекеттер қатарында қала беретіндігі де анық. Сондықтан біз үшін шекараның мәні тіпті бөлек. Шекара мәселесі, яғни еліңнің сыртқы шептерінің қай мемлекетпен шектесетіндігі тікелей мемлекеттілігіңнің тағдырын айқындай алатын мәселе. Сондықтан да біз тәуелсіздігіміздің таңсәрі шағында-ақ геосаяси жағдайымыздың өзіндік ерекшелігі елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ең алдымен саяси құралдарға, оның ішінде көкейге қонымды, сарабдал дипломатияға арқа сүйеуді талап ететінін нақты түсіндік. Сөйттік те ұлттық қауіпсіздік стратегиясының негізгі қағидаттары елдің мемлекеттік және аумақтық тұтастығын бәрінен бұрын бейбітсүйгіш саясат, қалыптасқан шекаралардың мызғымастығын қорғау арқылы қамтамасыз ету болуға тиіс деп белгіледік. 1991 жылғы аласапыран кезінде бет-бетімен кетудің аз-ақ алдында тұрған кеңестік рес­пуб­ликалар басшыларының басын Алма­тыда қостырып, Тәуелсіз Мемле­кеттер Достастығын құрған Алматы Дек­ларациясында кеңестен кейінгі респуб­ликалардың мемлекеттік шекаралары КСРО тараған кездегі бұрынғы кеңестік республикалардың әкімшілік-аумақтық шекаралары болады деп көрсетілуіне қол жеткіздік. Ресми түрде белгіленген, бекітілген шекараны қай мемлекеттің де бір жақты бұзуы немесе қайта қарауға тырысуы халықаралық құқыққа қайшы келеді деген ұстаныммен Алматы Дек­ла­ра­циясына қол қоюшылардың бәрі де келісті.  Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін­гі әлемнің саяси картасы негізінен бел­гі­леніп болғаннан кейін де қаншама тер­ри­ториялық қақтығыстар өткені мәлім. КСРО тарих сахнасынан кетуге жа­қын­даған кезде радикалистік ұстанымдағы саясаткерлер, ашықтан-ашық ұлтшылдық бағыттағы қайраткерлер бір кезде әділетсіз бөлінген деп санаған шекараларды қайта қарауды талап етіп жатты. Шекара дауларын келіссөз жолымен реттеудің мүмкіндігі табылмаған тұстарда тіпті бір елдің ішіндегі, тіпті «еркін елдердің мызғымас одағы» деп саналып, гимнде шырқап келген КСРО-ның өзіндегі республикалар арасындағы шиеленісті қарым-қатынастар тікелей қақтығыстарға соқтырды. Таулы Қарабақ жері үшін басталған армян-әзербайжан қақтығысы солай туындаған еді. Оның 1991-1994 жылдарда кәдімгі кең ауқымды соғыс қимылдарына ұласқаны белгілі.

– Иә, сіз Ельцин екеуіңіз сол тұста Ар­менияға, Әзербайжанға барып, ара­ағайындық миссия жа­са­ғандарыңыз есте. Мәскеу әуежайына түскен бетте бір тележурналистің сізге: «Қай коньяк­ты көбірек ұнатасыз? Армян конья­гын ба? Әзербайжан коньягын ба?» деп сұрақ қойғаны да есте. Сонда Cіз: «Мен орыс арағын көбірек ұнатамын», деп әзіл сөзбен ұстатпай кеткен болатынсыз.

– Қитұрқы сұраққа солай жауап беру керек. Мәселе коньяктың дәмінде емес екені белгілі ғой. Сөзді түсінетін адам менің де сол екі арада орыс арағын мақтай қалмағанымды ұғады. Айтқандай, біздің ол миссиямыз дәл сол тұста нақты нәтиже бермегенімен, кейінгі келіссөздерге жол ашқаны, сөйтіп Таулы Қарабақтағы қанды қырғынды тоқтатуға септігін тигізгені анық. Жаңағы «Істі неден бастадыңыз?» деген сауалыңа біз бұл істі тәуелсіздіктің ал­ғашқы күндерінен өз еліміздің халық­аралық құқықтың барлық нормалары мен қағидаттарын толық сақтайтынын мәлімдеуден бастадық дер едім. Өкінішке орай, өткен замандарда жалпы халықаралық қарым-қатынастарда, соның ішінде біз құрамында болған Ресей империясында, одан кейінгі Кеңес Одағында шекара мәселелеріне тиісінше көңіл бөлінген жоқ. Мысалы, Қытайдың Ресейге территориялық талап қоюы сонау Цин империясы ыдыраған кезден бері жалғасып келді. Сан түрлі ғасырларда Қытай бүкіл Байкал бойы мен Қиыр Шығыстың талай жеріне көз салумен болған. Патшалық Ресей олардың ешқайсысын ескерген емес. Ол саясатты большевиктер де жалғастырды. Лениннің «Для интернационалиста вопрос о границах второстепенный, если не десятистепенный», деген сөзі белгілі. Қолы жеткен жерін қосып ала берген патша өкіметі де, біресе Финляндияның бір бұрышын, біресе Польшаның бір бұрышын кесіп ала берген, қаласа Қырымды Украинаға, қаласа Бостандықты Өзбекстанға сыйлай салып жүрген кешегі кеңестік өкімет те шекараны өктемдік жолмен шешіп келгені мәлім. «СССР с кем хочет, с тем и граничит», деген қылжақ сөз солай шыққан ғой. КСРО сынды алып мемлекеттің ыдырауы оңай болған жоқ. Тоқсаныншы жылдардың басында бұрынғы КСРО-ның күнгей шекаралары тұрақсыздық пен әскери шиеленістер шебіне айналып шыға келді, Ауғанстандағы соғыс шекараны аттап өтіп, Тәжікстандағы азаматтық жанжалдармен жалғасты. Оның бер жағында Қазақстан қол созым жерде тұрған еді. Жауапсыз саясатшылардың бауырлас халықтар – өзбектер мен қырғыздарды бір-біріне айдап салғанын да, қырғыз-тәжік шекарасында су мен жер үшін әлденеше қақтығыс болғанын да көрдік. Осының бәрі шекара мәселесін түбегейлі шешу қажеттігін түпкілікті көрсетті.

– Енді айналамыздағы шека­ралардың жайына нақтырақ тоқталуға ауыссақ. Қытаймен шекараны алайық. Ең қиын мәселе осы болды ғой?

– Солай деуге болады. Бізге КСРО-дан қалған ауыр мұра көп еді. Солардың ішіндегі ең ауырының бірі – шекара мәселесінің шешілмегендігі еді. Бізге қалған ауыр мұраның ең үлкені Қытаймен екі арадағы шекара мәселелері еді. 1700 шақырымға созылған шекараның өн бойына бұрын қаптаған қарулы күш шоғырландырылған-ды. Қытай-кеңес шекаралары ұзақ жылдар бойы шиеленіс шебі боп келгені белгілі. Қытай мен КСРО-ның арасындағы шекара дауының әбден шегіне жеткен жері Даман аралындағы 1969 жылғы қақтығыс. Онда жүздеген адам оққа ұшқан. Сондай қақтығыстардың бірі қазақ жерінде де орын алды. Дәл сол жылы Жалаңашкөлде совет және қытай әскерлерінің қанды ұрысы болғанын да ұмыта қойған жоқпыз. Семей аймағында Қытай әскері шекараны бұзып, біздің жерімізге кіріп кеткен еді.

– Бұл тұста «біздің жерімізге» деу дәл келеді. Ал Даман аралы жөніндегі әңгіме басқашалау болып шықты. Жүздеген адамның өлімімен аяқталған ол қырғын қақтығыстың соңы ақыр аяғында аралдың Қытайға тып-тыныш жағдайда беріле салуымен аяқталды.

– Солай аяқталатын жөні бар екен. Демократиялық үрдістер орнығып, ха­лық­аралық қарым-қатынастарда заңды­лыққа тоқтау белең ала бастаған кезде жүргізілген жаңа келіссөздер барысында Даман аралының Қытайға тиесілі екені анықталған. Сөйтіп, Даман Қытайға өткен. Ол арал қазір басқаша аталады.  Ресей-Қытай шекарасында неміз бар, біз өз мәселемізді сөз етейік те деу­ге де бо­ла­тын сияқты көрінеді. Бірақ, олай дей ал­маймыз. Өйткені, біздің Қытаймен шека­ра­мыздың белгіленуі негізінен Ресей-Қытай, КСРО-Қытай шекараларының қалай қалыптасқанына тікелей байланысты. Қазақстан-Қытай шекарасының ай­қындалу тарихы ұзақ. Кемінде үш ғасыр­дай уақытты алып жатыр. Ал жалпы қағаз жүзінде, құжат күйінде ресімделе басталуының өзіне 150 жылдан асты. Қазақ жері Ресей империясының құрамында болған кезде Ресей мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекара алғаш рет заңды тұрғыдан құжатталған. Оның өзі Ресей мен Цин империясының Орталық Азиядағы геосаяси мүдделеріне тікелей байланысты. Сол тұста Жетісу жеріне төрт жақтан бірдей дәмелілер шыққан еді. Бұл құйқалы аумаққа осы жердің байырғы иесі ретінде қазақтар, жердің біраз бөлігін нақты басып алған Қоқан хандығы, Жоңғарияны жеңген, сөйтіп, оның қол астындағы аумаққа иелік етуге құқым бар деп санаған Қытай, қазақ хандарынан орыс мемлекетіне адалдыққа ант қабылдаған Ресей таласты. Осындай жағдайда Ресейдің де, Қытайдың да сол жердегі өздерінің иеліктерін таңбалайтын шекаралық шептерді белгілеп алуға мүдделі болуы заңды еді. Оның үстіне қазақ жерінің Қытай жақ беті де тыныш емес болатын. Шыңжаңдағы бітпейтін де қоймайтын ұлттық көтерілістерден қажыған Қытай да Іле өлкесіндегі шекарасын заңдастырып алуға ықылас танытты. Ресей мен Қытай арасындағы аумақтық шектеу жөніндегі келіссөздер Шәуешекте 1862 жылы басталған екен. Оның хаттамасына 1864 жылы қол қойылыпты. Шәуешек хаттамасы бойынша қазақтар аумақтық шектеу бекітілген кезде олардың көшіп барған жерлері қай елдің аумағында қалса, сол елдің бодандары саналатын болып белгіленген. Қазақтың көптеген руларының бөлініп, ол елде де, бұл елде де тұрып келгені содан. Әлгі қилы кезеңнен мынандай бір әңгіме айтылады. Ресей жағынан, Қытай жағынан шекара белгілеушілер келіп: «Мемлекеттер жерді белгілеп алды, шекара мына жерден өтеді, қай ауыл қай жақта қалатынын шешіп, сол жаққа көшсін», деген сияқты әңгіме айтқанда асып-сасқан қазақтардың бірі: «Тақсыр, осы біз ешкімге қарамайтын болсақ, осы жерде өзімізбен өзіміз тұра берсек қайтеді?» дейтін көрінеді… Бұл да болса шекара белгілеудің халықтар тағдырына, адамдар тағдырына қандай әсер ететінін көрсететін жай ғой. Шәуешек хаттамасының тез орын­дал­мауының бір себебі – Шыңжаңдағы дұңғандар мен ұйғырлардың көтерілісі. Ақыр аяғында 1871 жылы Ресей әскерлері Жоңғарияның стратегиялық тұрғыдан маңызды саналатын Іле өлкесіне еніп, оның орталығы – Құлжаға бекініп алады. Мұның соңы Цин империясы үкіметінің Іле өлкесін өзіне беру туралы мәселе көтеруімен, ілелік ұйғырлар мен дұңғандардың Ресей бодандығына өту жөнінде өтініш білдіруімен, соған байланысты екі елдің арасы едәуір ушығуымен, 1881 жылы Петербург шартына сәйкес шамамен 70 мыңдай ұйғырлардың, дұңғандардың, қазақтардың Ресей жеріне көшуімен аяқталған. Сол оқиғалар тұсында экономикалық тұрғыдан да, әскери тұрғыдан да анағұрлым күшті Ресей империясының шекара белгілеу кезінде талай жерде белден басып жібергені, тіпті шекараны Қытай жағына қарай 10-15 километрге дейін жылжытып қоюға дейін барғаны белгілі. Әсіресе, 1917-1922 жылдардағы азамат соғысы кезінде мемлекеттік шекара қараусыз қалып, шекаралық бағаналар жойылған. Мысалы, Мақаншы мен Алакөл маңайында 20 шекара белгісі құртылып, бұл кейіннен кеңес шекарашыларына Қытай аумағына біраз жерге дейін сұғына кіруге мүмкіндік берген. Панфилов ауданындағы Қорғас өзенінің бастауы жағында, Алакөл ауданындағы Сарышілде өзенінің тұсында шекара Қытай жеріне едәуір жылжытылып жіберілген.

– Ол тұста кәдімгі анекдот дейтіндей жағдайлар да ұшырасыпты. Сыртқы істер министрлігі шығарған «Правда о государственной границе Республики Казахстан» деген кітапта мынандай бір оқиға айтылады. Фриде деген бір комиссар-демаркатор патшаға өтініш жазып, он алты бөтелке шампанның шығынын төлеттіріп беруді сұрапты. Сөйтсе ол шекараны бірге белгілеп жүрген қытайлық әріптесін жаңағы он алты бөтелке шампанмен қайта-қайта суарып, ол ұйықтап жатқан кезде шекараны Ресейдің пайдасына жылжытып келген көрінеді… Тағы бір ресейлік комиссар-демаркатор өзінің күнделігіне қытайлық әріптесі апиынды тарта-тарта есінен ауа құлағанын, әрі қарай өзі жеке кетіп, шекараны қалағанынша белгілеп алғанын жазыпты…

– Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында, яғни Мәскеу мен Бейжіңнің арасындағы идеологиялық текетірес әбден асқынған кезде кеңес-қытай шека­расындағы жағдай да өте қиындаған. 1964 жылы басталған келіссөздер ақыры үзіліп қалған. Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік Кеңес Премьері Чжоу Эньлай шекарадағы таласты учаскелер жөніндегі мәселенің шешілмеуі қантөгіске соқтырмай қоймайды деп мәлімдеген болатын сол кезде. 1967 жылдан бастап КСРО шекарасын бұзу жиілеп, оның аяғы бағана айтқан Даман аралы мен Жалаңашкөлдегі қақтығысқа соқтырғаны белгілі. Бұл мәселенің кешегі кеңестік кезеңде ушыққаны соншалық, 1967 жылы ҚХР сыртқы істер министрі Чэнь И кеңес-қытай қарым-қатынастарын үзу және соғыс жариялау мүмкіндігі жөнінде мәлімдеуге дейін барғандығы, ал Чжоу Эньлай АҚШ-пен соғыстан бұрын Қытай мен КСРО арасында шекара соғысы бас­талуы мүмкін екендігін аңғартқандығы белгілі. 1969 жылғы екі қанды қақтығыстан кейін ядролық қаруға ие екі ірі социалистік державаның соғыстың ернеуіне келіп тірелгенін бәріміз білеміз.

– Кеңес Одағы мен Қытай сол тұста соғысқа шындап дайындалды деуге бола ма?

– Әбден болады. Шекараның екі бетіне жер қайысқан қалың әскер топтастырылған еді. Сол тұста Түркістан әскери округіне қоса жаңадан Орталық Азия әскери округі құ­рыл­ғаны мұның нақты дәлелі. Тянь-Шань­ның екі бетіндегі талай асуларға әске­ри техника толтырылып, бекіністер, аэ­ро­дромдар мен арсеналдар салынғаны белгілі.

– Осыдан біраз жыл бұрын Нарын­қолға барғанымызда кәдімгі дзоттарды көр­генбіз. Өте қалың етіп құйылып, төрт жағынан оқ ататын тесіктер қал­дырылады екен.

– Қазақстан сондай текетірестің нағыз өтінде тұрған еді. Әйтеуір, үлкен жанжалдың өрті өрши қойған жоқ абырой болғанда. Сөйтіп, Ресей империясы да, Кеңес Одағы да Қытаймен шекараны түпкілікті анықтамаған күйі тарих сахнасынан кетті. Соңдарына дау-дамай шығатындай көп мәселені қалдырып кетті. Ол түйіннің бәрін біздің тарқатуымызға тура келді. – Бұл түйіннің тамаша тарқа­тыл­ғаны бүгінде баршаға белгілі. Енді осы іргелі істің нақты атқарылуы туралы айтсаңыз деймін.

– Қазақстан-Қытай шекарасының бар­лық мәселелерінің халықаралық заң­нама талаптарына сәйкес реттелуі – біздің дипломатиямыздың жарқын жетістігі. Қа­зақстан небәрі он жылдың ішінде Қытаймен территориялық мәселені толық реттестіре алды. Демаркацияланған шекараның жалпы ұзындығы 1783 километрді құрады. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарында бас­талып, әлемнің екі ірі ядролық державасын қарулы қақтығысқа жеткізген, оны былай қойғанда кәдімгі соғысқа жақындатуға дейін барған талас жаңа жағдайда толық шешілді. Шекара сызығын белгілеу жөніндегі жұмыс екі кезеңнен тұрды. Әуелде, 1994 жылы шекараның ұзына бойындағы сы­зық­тың өтуі туралы келісімге қол қойыл­ды. Талас тудыратын учаскелер ғана ол келісімнен сырт қалдырылды. Мұның өзі екі жақтың шетін мәселе бойынша келісуге әзірлігін қуаттаған үлкен қадам еді. – Саяси әдебиетте сіздің сол кездегі Қы­тай басшысы Цзян Цзэминьмен жеке қарым-қатынасыңыз екі елдің ара­сын­дағы шекара мәселесін шешудің үлкен фак­торы болды деген пікір жиі айтылады, жазылады. Бұл жөнінде Сіз не дер едіңіз?

– Мұндай үлкен саяси мәселе тек жеке қарым-қатынас арқылы шешілді деу қате болар еді. Келіссөздерде әр мемлекет өз мүддесін қорғауға тырысады. Бұл істе тек білім, нақты аргументтер керек. Екі елге де тиімді ұсыныстар және компромисс қажет. Осылардан кейін жеке қарым-қатынастың көмегі болуы мүмкін. Менің Қытай еліне алғашқы ресми сапарым 1993 жылдың қазанында жасалды. Қытай тарапы ол сапарға ерекше мән беріп, ел басшылығы бөлекше қонақжайлылық танытты. Сонда Қытай басшылығы халықаралық істерде барлық мемлекеттердің, олар үлкен болса да, орташа болса да, тіпті кіші болса да, тең құқықты қарым-қатынас жасауын табанды түрде жақтайтынын көрсетті. Қазір де көрсетіп келеді. Қытай тарабы менің екі ел арасындағы шекараны делимитациялауға кірісуге, сондай-ақ, кезінде Қытай Халық Республикасы мен Кеңес Одағының арасында басталып, үзіліп қалған қарулы күштерді қысқарту және шекара маңындағы сенімді нығайту, екі ел арасында достық қарым-қатынас орнату жөніндегі келіссөз үдерісін жалғастыруға шақырған ұсынысыммен де толық келісті. Қытай басшысы Цзян Цзэминь шекараны заңдық тұрғыдан қағазға түсіру жөніндегі ұсынысты да бірден қолдады. Келіссөз кезінде ол Қытай Қазақстанға территориялық талаптар қоймайды, шекара мәселелері бізге тарихтан мұраға қалған, ал оларды келіссөз жолымен, тең құқықтылық қағидаты, мәмілеге келу және өзара жол беру негізінде шешуге болады деген өте маңызды мәлімдеме жасады.

– Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Нұр мен көлеңке» атты кітабында Сізбен бір кездесуінде Цзян Цзэминьнің шекара проблемасын тым сүрлей бермей шешу керек, басшылардың келер буындары бұл мәселені шеше алмауы мүмкін, ондай жағдайда біз өзіміздің ұрпақтарымызға көп қиындықтар қалдырамыз дегенін келтіреді. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

– Солай болғаны рас. Бір кезде сонау Балқашқа дейінгі жерлерді Аспанасты еліне тиесілі деп карта шығарылған мемлекетте жаңа геосаяси ахуалмен санасу белең алғаны үшін, сондай жағдайға жеткізген тәуелсіздігіміз үшін тәубе деймін. Ең басты мәселені – шекара мәселесін шеше алғанымыз екі елдің арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға негіз болды. Оған Қытайдың сол кездегі басшысы Цзян Цзэминьмен іш ашысып ұзақ сөйлескенім қолайлы жағдай жасағанын «Ғасырлар тоғысында» деген кітабымда жазғанмын. Цзян Цзэминь – көпті көрген, талай өткелектен өткен тұлға. Өзі Мәскеуде оқыған. Орыс, ағылшын, жапон тілдерін жетік білетін кісі. Орыстың классикалық әдебиетімен өте жақсы таныс. Музыканы сондай жақсы көреді. Өзі ән айтады. 2002 жылы ШЫҰ-ның Санкт-Петербургтегі саммитінде қабылдау кезінде мен өзіміздің «Дударайды» шырқап бергенімде ол аң-таң қалып еді. Менен кейін дәл сол әнді өзі айтты. Қытай тілінде айтты. «Біздің әніміз сіздерге қалай жеткен?» деп сұраған. Енді мен аң-таң қалдым. «Бұл біздің әніміз – орыс қызының қазақ жігітіне ғашық болып шығарған әні», дедім. Сөйтсем, «Дударай» Қытайда халық әні болып саналады екен, әрине, мүлдем басқа мәтінмен айтылады. Аты – «Ақ лалагүл». Қысқасы, Қытай басшысының парасаттылығы, болашақтың биігінен қарай білетіндігі осы күрделі мәселені уақтылы, өз деңгейінде шешуге септескендігі анық. Мемлекет басшыларының арасындағы адамдық жылы қарым-қатынастардың халықаралық саясатта үлкен рөл атқаратын кездері көп. Әрине, шекара белгілеу сияқты аса маңызды мәселеде шешуші сөз мемлекеттер басшыларына тиесілі. Елдің осы істегі саясатының тұжырымын ел басшылары айқындайды. Сонымен бірге, стратегия­сы белгіленген шаруаның тактикалық тұрғыдан ойдағыдай жүзеге асырылуы, яғни келіссөздер үдерісінің көңілдегідей жүргізілуі, шекараның заңдық тұрғыдан мінсіз ресімделуі, тиісті адамдардың ұпайымызды жіберіп алмайтындай білікті, табанды, елшіл, мемлекетшіл болуы да өте маңызды. Қазақстанның жас дипломатиясы сол биіктен табылғанын ерекше айтқым келеді. Бұл істе көптеген жылдар бойы сыртқы саясат ведомствосын басқарған Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби қытайтанушы болуының да көп ықпалы тиді. Сыртқы істер министрлігінің осы жұмысқа тартылған командасы да тамаша біліктілік көрсетті.

– Әңгіменің басындағы бір сөзіңізде әуелде талас тудырған учаскелер тура­лы айтып қалып едіңіз. Сол учаске­лердің жайы қалай болды? – Бұл жайында «Правда о государственной границе Республики Казахстан» деген кітапта егжей-тегжейлі жазылған, соқырға таяқ ұстатқандай нақты көрсетілген. Ол кітапты оқыған адамның Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекараны белгілеу кезінде біздің ешқандай есеміз кетпегеніне көзі жетеді. Нақты айтсам былай. Қазақстан тарабы Шаған-оба және Баймырза асулары маңындағы учаскені территорияның 70 пайызы Қазақстанға, 30 пайызы Қытайға қарайтындай етіп бөлуді ұсынды. Ал Сарышілде өзенінің маңайында бұл арақатынасты керісінше ету, яғни таласты жердің 30 пайызын Қазақстанға қалдыруды, 70 пайызын Қытайға қаратуды ұсынды. Екі ұсыныс та біраз талқылаудан кейін қабыл алынды. Ол ұсыныстар жасалардың алдында жаңағы жерлердің барлық мәліметтерін тиісті адамдар маған әкеліп көрсеткен. Ол жерлерде шекара белесі болғандықтан елді мекендер жоқтығы, қазба байлықтарының табылмағандығы, шаруашылық қызме­тінің жүйелі жүргізілмейтіндігі анық­талған. Учаскелерді бөлу нәтижесінде Шаған-оба төңірегіндегі орман алқабы, ал Сарышілде өзенінің төңірегіндегі шабындық, жайылымдық жерлердің бәрі, орманды жерлердің бір бөлігі бізде қалды. Нақты айтатын болсам, о баста келісілмеген екі учаскеде жердің 57 па­йызы Қазақстанға, 43 пайызы Қытайға тиесілі болып шешілді.

– Мен Сіз айтып отырған кітаптан сол учаскелердің нақты көлемін жазып алған едім. Шамамен 994 шаршы километр жердің 537 шаршы километрі Қазақстанға, 407 шаршы километрі Қытайға өткен екен.

– Сонда да біздегі баспасөз бетінде «Қытайға біраз жеріміз беріліпті» деген сияқты жосықсыз жайлар жазылып жатты. Кейін ондай көңіл-күйге Пар­ламенттің біраз депутаттары да бе­рілді. Келісімді ратификациялау мә­селесін қараған отырысқа осы мәселе­мен тікелей айналысқан мамандар шақырыл­ма­ғандықтан, өз сұрақтарына тыңғылықты жауап ала алмаған депутаттар келісім жобасын жетілдіру үшін қайтарып тастады. Келесі отырыста білікті мамандардың жауаптарынан кейін күмән туғызған мәселелердің бәрінің басы ашылып, келісім ратификацияланды. Назар аударарлық жағдай мынау. Қытайдың өзінде де Қазақстанмен шекара жөніндегі шарттарға жұрттың бәрі бірдей риза болған жоқ. Аспанасты елінде Қытай үкіметі Қазақстанға «жер беріп қойды» деп пікір айтушылар да табылды. Олардың арасында әскери адамдар көбірек болды. Бейжіңнің бұл істегі ұстанымы Гонконг пен Тайвань тарапынан да кезінде сыналғанынан жақсы хабардармын. Олар Қытай өзінен әлдеқайда әлсіз мемлекетке «жол беріп алды» деп санайтынын білдірген еді. Екі жақтың сынаушыларына да мына жайды айту керек. Таласты территориялар деп аталған жерлер – таласты территориялар. Ол жерлерді біздің жеріміз еді деп кесіп айтудың да, ондай жерлер өзге елге өткенде өз жеріңнен айырылғандай қиналудың да, ондай жерлер өзіңе өткенде өзгенің жеріне ие болғандай қараудың да реті жоқ. Бұны тарихи әділдіктің қалпына келуі деп санау керек.

– Қытай басшылығымен жарас­ты сый­ластық Ху Цзиньтао билікте бол­ған тұста да, қазіргі Төраға Си Цзинь­пин­мен қарым-қатынасыңызда да сақ­талып келе жатқаны қуанышты. Енді басқа көршілерімізбен шекара бекітудің жайына ауыссақ. Бы­лай­ша қарағанда Қазақстанның Қыр­ғызстанмен, Түрікменстанмен шекара­ларын делимитациялауда ешқандай проблема туындамауға тиіс болып көрінеді. Солай болды ма? – Негізінен алғанда солай болды деу­ге келеді. Әуелде тіпті іс оңай жүретін сияқты еді. ВЦИК 1930 жылы қабылдаған «Қазақ және Қырғыз АССР-лерінің ше­ка­ралары туралы» қаулы бар екен. Қазақ­стан-Қырғызстан мемлекеттік шека­ра­сын делимитациялау жөніндегі келіс­сөз үдерісі сол шекараны нақтылау және сызығын белгілеу ұстанымдары бо­йынша жүргізілді. Екі жақ та бір-біріне ешқандай территориялық талаптар қойған жоқ. Соның өзінде бірнеше мәселе туындады. Біріншісі Хан Тәңірі шыңынан Семенов шыңына дейінгі аралықтағы шекара сызығына байланысты. Бұрынғы КСРО-ның картографиялық материалдары бойынша шекара жаңағы екі шыңның арасын тіке қосатын сызық бойынша жүретін. Қазақстандық альпинистер, оның ішінде Эверестке алғаш көтерілген Қаз­бек Уәлиев те бар, екі шыңның арасындағы сызықты Қырғызстан территория­сына қарай біршама жылжытуды ұсын­ды, өйткені, Хан Тәңіріне көтерілу мар­шру­тының негізгі бөлігі батыс бетпен, тау бау­райының жайдақтау жағымен өтеді екен. Сонымен бірге, шамамен екі жарым шақы­рымдай жерді Қырғызстан территориясы арқылы өтуге тура келеді. Әуелде қыр­ғыз жағы бұл ұсынысты қарастырып көру­ге дайын екенін білдірген, тіпті біздің ұсыны­сымызды ескеретін сипаттамалық жоба дайын­дап та қойған болатын. Бірақ кейін­нен делегация басшылығы Хан Тәңірі шыңы маңайындағы шекара сызығы­на қандай да бір түзету енгізуге қарсы­лық білдірді. Несі бар, бұл олардың құқы. Ақы­­ры сол тұстағы шекара сызығы бұрынғы КСРО-ның картографиялық материал­­дар­ындағы тіке сызық бойынша белгіленді. Шекараның Шу өзені бойынша өте­тін­дігіне байланысты да біраз таласты жайлар туды. Жаңағы мен айтқан ВЦИК-тің 1930 жылғы қаулысына сай жасалған картада шекара сызығы Шудың арнасы бойынша деп белгіленген. Бірақ одан бергі 70 жылдың ішінде өзеннің арнасы кей тұста ауысқан екен. Қазақстан жағы шекараны Шудың қазіргі арнасы бойынша белгілеуді ұсынды. Бұл ұсыныс қабыл алынды. Өйткені, Шудың 1930 жылғы арнасының талай жері топырақпен көміліп те қалыпты, оның орнына Тоқмақ қаласының біраз құрылыстары бой көтеріпті. Қырғыз жағы Біш­кек – Шолпаната тасжолының Қа­зақстан жері арқылы өтетін 800 метрлік учас­кесін өздеріне қаратуды сұраған еді, бұл өтінішті орындай алмадық, өйт­кені жаңағы 800 метрлік учаскеде қазақ­стандықтар жекеменшік құрылыстар салып үлгерген екен. Елдер арасындағы шекара белгілеуде туысқандық, адамгершілік жағы да ескеріліп отырды. Қырғыздарда Степное деген бір село бар. Шекара сызығы сол селоның дәл жанынан өтеді екен. Шекара анықтау барысында сол ауылдың қабір-қорымы Қазақстан жағында қалатындығы анықталды. Қырғыздар жаңағы тұстан 13 гектар жер беруді, яғни ата-бабалары жатқан бейіттің аумағын өздерінде қалдыруды сұрады. Мен бұл өтінішке түсіністікпен қарауды тапсырдым. Оның есесіне Жамбыл ауданының біраз демалыс үйлері мен саяжайлары картографиялық талап бойынша қырғыздарда қалып қоюы керек екен, олар бізге сол жерлерді Қазақстанға қосуға келісті. Сондай-сондай басқа да ауыс-түйістер болды, олардың бәрі дау-дамайсыз шешілді.

– Түрікмен ағайындармен шекараны белгілеу қалай өтті? Маңғыстау жақта кезінде түрікмендер түріп шы­ға­рылған делінетін жерлер бар емес пе еді? – Мемлекеттер арасындағы шекараны белгілеу жұмысы сен айтқандай «делінетін» деген сөзге сүйенбейді. Ол заманда сол жер­дің бәрі ресми түрде бір елдің – Ресей им­­пе­риясының жері. Мына жерге дейін қазақ­тікі, мына жерге дейін түрікмен­дікі деп кесіп, ешкімнің қолына қағаз ұста­тылмаған.

– Дегенмен, түрікмен басшылығы әуелгі бетте шекараны қайта қарау жөнінде ұсыныс айтып көрді емес пе?

– Ондай ұсыныс ресми түрде айтылған жоқ. Ашғабадқа ресми сапарым кезіндегі қабылдау үстінде Президент Сапармұрад Ниязовтың: «Нұрсұлтан Әбішұлы, айып етпесеңіз кезінде ауысқан жерлер мәселесін де қарап қойсақ артық болмас еді», деп қалғаны бар. Не айтқысы келіп тұрғаны белгілі. Содан мен сөзін жалғастыруға мүмкіндік бермей: «Сапармұрад, ойыңды түсіндім, ондай іс болса болған да шығар, әйтеуір, өткен іс өтті. Сен одан да баяғыда адайлардың мына Ашғабадқа дейін түгел алып қоймағанына қуансайшы», деп әзілдедім. Сапармұрад күліп жіберді. Екі жақтың делегация мүшелері қосыла күліп жатыр. Сонымен, ол әңгіме сол жерде бітті. Бұл сөз қабылдау кезінде, яғни бейресми жағдайда айтылды. Түрікмен жағы ондай мәселені ресми түрде көтерген емес. Сапармұрад, тегі, жай тамыр басып көрейін деген сияқты. Негізінде, Қазақстан мен Түрікменстанның шекарасы Үстірт ойпатындағы ел қоныстанбаған шөлейт даламен өтеді, ол жерлер шаруашылық тұрғыдан игерілмеген де. Сондықтан, мемлекеттік шекара көп қиындықсыз бекітілді.

– Өзбекстанмен шекара белгілеу жұмысы әлдеқайда күрделі жағдайда жүрген болар? – Олай деп те айта алмас едім. Қазақстан басшылығы да, Өзбекстан басшылығы да салған беттен 1991 жылғы Алматы Декларациясының барлық қол қоюшы мемлекеттер қазірге дейін қалыптасқан шекаралардың мызғымастығын мойындайды деген ұстанымына берік болды. Ең қиын жағдайларда да біз ағайындас екі ел­дің дәстүрлі достығын, тарихи тамы­ры те­рең туыстастығын ту етіп ұстап отырдық. Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасы алғаш рет 1924-1925 жылдарда Орталық Азия республикаларының ұлттық аражік ажыратуды жүзеге асыру кезінде белгіленген. Ол кезде Қазақстан РСФСР-дің құрамында болғандықтан, әңгіме РСФСР мен Өзбек КСР-інің арасындағы шекара туралы екендігі түсінікті ғой. Екі республика арасындағы қарым-қатынасқа едәуір салқынын тигізген жағдай – 1956 жылы Бостандық ауданының, Мырзашөлдегі біраз жердің Қазақ КСР-інің құрамынан алынып, Өзбек КСР-інің құрамына берілгендігі. Әрине, ол кездегі тәсілдер бойынша алдымен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің аталған жерлерді Өзбекстанға беру жөнінде қаулысы қабылданған, арада үш күн өткеннен кейін Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесінің Қазақстаннан берілген жаңа жерлерді қабылдап алу жөніндегі қаулысы қабылданған, араға ай салмай жатып КСРО Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР-і мен Өзбек КСР-інің шекараларын ішінара өзгерту туралы қаулы шығарған. Былайша айтқанда, Мәскеу екі республиканың өзара келіскен уағдаластықтарын құжаттап қана қойған… Соған қарап, «Е, өзіміз солай шешкен екенбіз ғой», дей қалудың қажеті жоқ, әрине. Өйтіп қарасақ, 1986 жылы Қазақстан коммунистерінің таңдаулы өкілдері республика басшылығына Колбинді өздері қалап алғандай болып шығады. Сондай заман еді ғой. Рас, Бостандық ауданын және Мыр­за­шөлдің біраз жерін Өзбекстанға беру құқықтық тұрғыдан мінсіз ресімделген. Оны жаңа айттым. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімінде экономиканың ортақтығы, территориялық жақындық, шаруашылық және мәдени байланыстардың тығыздығы көрсетілген. Өзбек КСР-і Жоғарғы Кеңесінің шешімін­де өзбек халқының атынан бауырлас қазақ халқына сол жерлерді бергені үшін терең алғыс сезімі білдірілген. Осынау достық акт КОКП ХХ съезінің директиваларына байланысты шаруашылық құрылысында жалпымемлекеттік міндеттерді ойдағыдай шешуге септеседі және өзбек пен қазақ халықтарының мызғымас достығын одан әрі нығайта түседі деп көрсетілген. Қысқасы, белгілі бір территорияны екінші одақтас республикаға беру актісі сол кезеңдегі кеңестік демократиялық нормалар мен қағидаттар аясында, барлық конституциялық ережелерді сақтай отырып жүзеге асырылған.

– Осы орайда есіме бір жағдай түсіп отыр. 1992 жыл еді. Сіз дүниежүзі қазақ­тарының құрылтайын ұйым­дас­тыру жөнінде тапсырма бердіңіз. Ол кезде Президент Аппаратында бөлім мең­герушісінің орынбасары едім. Бір күні Вице-премьер Мырзатай Жолдасбеков: «Сен Президенттің қабылдауына барасың. Арнаулы тапсырма береді», деді. Белгіленген уақытта қабылдау бөлмеңізде тұрдым. Бір кезде Сіз кабинеттен шықтыңыз да: «Менімен жүр», дедіңіз. Арнайы қабылдамайды екен ғой, асығыс болғандықтан тапсырманы дәлізде айтатын шығар деп ойладым соңыңыздан еріп келе жатып. Дәлізге шығысымен-ақ сол жақ бетке бұрылып, бұрынғы Бюро залына кірдіңіз. «Кабинетте телефон жұмыс істетпейді», дедіңіз. Сол жерде алдағы берген негізгі тапсырмаңыз құрылтайда сөйлейтін сөзіңіздің алғашқы нобайын жасау болды. Сөзде қамтылуға тиісті мәселелердің бәрін тезис түрінде нақпа-нақ айтып шық­тыңыз. Үлгергенімше жазып отырдым. Бір тұста: «Шетелдерден келетін аға­й­ындар біздегі ішкі жағдайды онша біле бермейді, еліміздің көпұлтты ерекше­лігін ескермейтіндері де табылуы мүмкін. Сондықтан, оларға осы жайлар­ды нақты түсіндіруіміз керек. Елдің ты­ныштығын бұзу ең алдымен қазақ­тың тыныштығын бұзу, өзіміздің бо­ла­шағымызға өзіміз балта шабу екенін айту керек. Біз достық­ты, тыныштық­ты, татулықты сақта­сақ қана ел бола аламыз. Еркіндік беріл­геннің жө­ні осы екен деп тәуелсіз Қазақ­стан енді ана жерді қайтарып алуға тиіс, мына жерді қайтарып алуға тиіс деп бетал­ды мақала жариялай салатын газет­тер де шығып жатыр. Солардан көріп маған әлгіндей ұсыныстармен хат жаза­­тындар да бар. Осының бәріне мына құ­рылтайда біржолата жауап беріп, мәсе­ленің басын түпкілікті ашу керек. Біз ешкімге территориялық талабы­мыз жоқ екендігін мәлімдеген елміз. Өз жері­міз өзімізге жетеді. Ондай аранда­ту­шы­лыққа жол бермейміз. Осыны жаз», дедіңіз.

– Солай дегенмін. Құрылтайдағы сөзімде бұл жағын шегелеп тұрып айттым да.

ДӘЙЕКТЕМЕ: «Кезінде Қазақстанға қараған кейбір аудандарды республикаға қайтару жөніндегі талаптарға қатысты мынаны айтуға болады. Мұндай ойлан­­бай айтылған сөздер, жауапсыз жазыл­ған газет материалдары бауыр­лас халықтардың арасына жік салып, онсыз да ушығып тұрған ұлт­аралық қатынастарды шиеленіс­тір­геннен басқа ештеңе де бермейді. Біз тәуелсіз мемлекеттердің аумақ­тық тұтастығын жақтаймыз, бүгінгі қалыптасқан шекаралардың мызғы­мауға тиіс екенін қуаттаймыз, аранда­ту­шылыққа ермейміз. Қазір біздің ұлтымыздың алдында тұр­ған ең басты міндет, ең қиын міндет – Қазақстанның егемен мемлекет ре­тінде қалыптасуы мен дамуының негізгі бағыт-бағдарын дәл айқындап, сол мақ­сатқа неғұрлым тезірек жету­дің жолында аянбай еңбек ету. Эконо­микалық дәулетіміз артпайынша, рухани сәулетіміз де артпайтынын анық ұғынуымыз қажет». Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайында сөйлеген сөзінен. «Таңдамалы сөздер», ІІ том, 178-179-беттер.   – Қалың қазақ ұйысып отырған Бостан­дықты былай қойғанда, Таш­­кент­­­тің өзінде де, төңірегінде де қазақ­­тар өте көп болған ғой. 1924-1925 жылдарда Орталық Азия республи­ка­ларының ұлттық аражік ажыратуы барысында Ташкентті қазаққа астана ету мәселесіне дейін қаралған, кәдімгідей қызу талас-тартыс болған екен. Леонид Левитиннің 2001 жылы Мәскеудің «Вагриус» баспасынан шыққан «Узбе­кистан на историческом повороте» деген кітабында: «Весьма активно дебатировался вопрос о передаче Ташкента Казахстану на том основании, что в районах, расположенных вблизи Ташкента, проживало значительное число казахов. Если бы я сам не читал соответствующие архивные документы, не поверил бы, что такой абсурд мог иметь место», деп жазылыпты. Автор қанша жерден «абсурд» десе де, осы мәселенің айтыс арқауына айналғанының өзі көп жайды аңғартпай ма?

– Мұндайда қазақтың «Өнбес дауды болмас жігіт қуады» деген сөзіне тоқтау керек. Кезінде Қоқан хандығына қарап тұрған еді деп біздің біраз жерімізге олар көз тіксе не айтар едік? Өйте берсең кезінде Қарақалпақстанның Қазақстан құрамында болған кезі де бар, Қазақ советтік автономиялық республикасы болып тұрғанында. Сондықтан, ондай-ондай әңгіменің бәріне барлық тараптар салауат айтуға тиіс. Еншіміз бөлінбей тұрған замандарда Ташкентте ортақ тарихымыздың талай беттері жазылғаны рас, жиырмасыншы ғасырдың басындағы зиялы қауымымыздың талай ірі тұлғалары Ташкентте білім алғаны, тіпті алғашқы жоғары оқу орнымыз – Қазақ педагогика институтының негізі Ташкентте қаланғаны рас. Бауырлас екі халықтың ортақ қазынасы аз емес. Ислам Каримовтың 1993 жылы Ордабасы биігінде тұрып: «Біздің базарымыз да бір, мазарымыз да бір», дегені сондықтан. Қазақ-өзбек шекарасына қатысты бірқатар мәселелер қордаланып қалған болатын. Айталық, Шардара су бөгені маңайында кезінде Өзбекстанға уақытша пайдалануға берілген жерлер бар еді. Екі елдің арасындағы ең қиын тұс Қазығұрт баурайындағы Бағыс пен Туркестанец елді мекендерінің мәселесі болып шықты. Кезінде бекітілген топографиялық карталарды қайтадан дәлдеп, салғастыра келгенде мемлекеттік шекара осы екі елді мекенді кесіп өтетіні анықталған. 1940 жылы бекітілген картаға Бағыс түспеген, ол кезде поселок атымен болмаған екен, ал 1963 жылы бекітілген картада поселок бар болса да белгіленбей қалыпты. Оның үстіне екі елді мекеннің тұрғындары да түгелдей Қазақстан аумағында қалғылары келетіндерін айтқан. Өзбек жағы Бағыс елді мекеніне ешқандай дау айтпағанымен, Туркестанец поселкесінің КСРО тара­ғаннан кейін Өзбекстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қарауына берілгенін еске салды. Осы екі арада ұлттық интеллигенцияның кейбір топтарының мәселені қолдан ушықтыруымен дау-дамай қыза түсіп, ақыр аяғында тіпті Бағыс тұрғындары өздерінің «тәуелсіз Бағыс Қазақ Республикасын» жариялап, «президентін» сайлап та жіберді. Бұл тұста да барлығын салқын сабырға салуға тура келді. Бағыс пен Туркестанецке үкіметтік делегацияның мүшелерін, Парламент депутаттарын арнайы жібердім. Олар жергілікті тұрғындармен қайта-қайта кездесіп, өзбек жағымен шекараның осы таласты учаскелері бойынша жүргізіліп жатқан келіссөз үдерісінің мәнін түсін­дірді. Ақыр аяғында Бағыс Қазақстан жағы­на қарады да, Туркестанецте тұрып, Өзбек­стан аумағында қалғысы келмеген қан­дас­тарымыз көшіріліп алынды. Бағыс маң­ындағы 517 гектарлық тау биігін­дегі жайылымдық жерлер Қызылорда облысындағы Нысан-1, Нысан-2 және Баймұрат аталатын жартылай шөлейт аймақтағы елді мекендер аймағына ауыс­тырылды. Мұндай мәселелер Арнасай су бөгеті маңайында да жөнімен қарас­тырылды. 2002 жылғы 9 қыркүйекте Қазақ­стан Республикасы мен Өзбекстан Респуб­ликасы арасындағы мемлекеттік шекараның жекелеген учаскелері туралы шартқа қол қойылып, ұзындығы 2351 шақырымдық шекараны делимитациялау мәселесі біржолата шешілді. Бұл істе Өзбекстан Президенті Ислам Каримовтің осы мәселені ұдайы назарда ұстауының мәні де үлкен болды.  – Енді теріскейдегі ұлы көршімізбен – Ресеймен мемлекеттік шекараның белгіленуінің жайына келсек. Бұл мәселе оңайлықпен шешілмегенін жақсы білеміз. Сөзіме бір дәлел келтірейін. «Ресей өзге республикалардан, со­ның ішінде Қазақстаннан жер мәселе­сін қайта қарауды талап етуі керек деп ой­лай­­сыз ба?» – көрші еліміздегі бір саяси қай­­рат­керге өткен ғасырдың тоқсанын­шы жылдарында осындай сұрақ қой­ылған. Ол былай деп жауап қай­тарған: «Әрине, олар бұған мойын­сұнар еді. Қазақстанның байырғы жері – Шымкент, Жамбыл, Қызылорда. Барлығы қазақтың атамекені. Бірақ Қазақстанның солтүстігі – Орал мен Оңтүстік Сібірдің оларға еш қатысы жоқ. Тіпті, 150 жыл болған Алматының орысша атауы – Верный. Ресейдің Азия­дағы сенімді бекінісі деген сөз. Онда бірде-бір қазақтың үйі болмаған, таза орыстардың қонысы. Семей, Өскемен, Петропавл – барлығы Ресейдікі». Сөз саптауынан байқап отырсыз, бұл – кә­дім­гі Жириновский. Бі­рақ, Жи­ри­новс­кий ғой, ол осылай сөйлемегенде қалай сөйлейді деп қоя салудың жөні жоқ. – Тәуелсіздіктің алғашқы белесінде бізге территорияларды қайта қарауға байланысты неше түрлі ұрыншақ сөздер айтыла бастағаны бір бұл емес еді. Горбачевтің өзі биліктен кетіп бара жатып Қазақстанның теріскейдегі бес облысы Ресейге тиесілі еді деген сыңайда сөйлеп салғаны, Америкадан қайтып оралған Солженицынның «Қазақтар малының тұяғы іліккен жерінің бәрін өзінікі санай берген», дегені сол жылдарда еді. Мұндай сөздерге байланыс­ты жауабымды тез-ақ қайтаруға тура келді. Б.Ельцинге жолдаған жеделхатымда мен Ресейдің өзімен шекаралас республикаларға территориялық талабынан айқын тұжырымдардан бас тартуы осы кезге дейін баспасөз бетінде ес­тілмеуіне байланысты Қазақстанда сал­дарын болжап білгісіз жұртшылық қар­сылығы күш алып келе жатқанын ашық жазғанмын. Осындай қауіпті сая­си ойындар Қазақстанда ашу-ыза туғы­зып отырғанын, осылай кете берсе бұл бәріміз үшін де жағымсыз жай­ларға соқтыратынын хабарлағанмын. Сол жеделхатым Кремльге жеткеннен кейін-ақ Ресей саясаткерлерінің сол кездегі вице-президент А.Руцкой басқар­ған үлкен тобы Қазақстанға келді. Ресей де­легациясы бізбен екіжақты келісім­ге қол қойды және Ресей біздің терри­то­риямызға дәмелі емес әрі ешқашан дәмелік етпейді деген мәлімдеме жасады. Сондай қадамдарымыздың арқа­сында Қазақстанның өз ұпайын ұттыр­майтынына, ұрымтал тұста ешкімге ұрын­бай-ақ өз позициясын берік қорғайтынына тәуелсіздікке жыл толмай жатып-ақ барша жұрт көз жеткізе алды.   ДӘЙЕКТЕМЕ: «Нұрсұлтан Назарбаев өзінің позициясын ашықтан-ашық былай деп білдірді: «Қазақстанға (жалпы, кез кел­ген басқа да республикаға) қан­дай да бір шекаралық талап қою қантө­гіске соқтырмай қоймайды. Мен бұл айтқанымның жұртқа жетке­нін қалаймын. Егер кімде кім Назар­баев қорыққанынан достасады, Қазақ­стан­нан территорияның бір бөлігін тартып алуға болады деп ойласа, ол адам қатты қателеседі. Бүгінде әркім өзінің тәуелсіз мемлекетінің мүддесін қорғауға дайын».  Ольга ВИДОВА,  «Нурсултан Назарбаев»,  М., «Эксмо», 2014, 205-бет. Мұндай тамыр басып, сынап көру әре­кет­тері одан кейін де бірнеше рет қайта­ланды. Солардың арасында Ресей Феде­рациясы Мемлекеттік Думасының 1996 жылғы 15 наурыздағы қаулысын елеулі түрде назар аударарлық құжат деп қарамасқа болмайды. Ол қаулыда Мем­лекеттік Дума РСФСР Жоғарғы Кеңе­сінің 1991 жылғы 12 желтоқсандағы КСРО-ны құру туралы шартының күшін жою жөнінде шешім қабылдаған еді. Оны мойындау шын мәнінде КСРО-ны қалпына келтіруге кірісу деген сөз болатын. Бұл, әрине, РСФСР-дің өз ішіндегі мәселе емес, өйткені КСРО бір Ресей Федерациясының аумағында қалпына келе алмайтыны өзінен өзі түсінікті. 1996 жылғы 17 наурыз күні мен республикалық телевизия арқылы сөз сөйлеп, көршілес елдің заң шығарушы органының біздің тәуелсіздігімізге нұқсан келтірерлік қадамына тиісті баға бердім. Онда ТМД-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының қаңтардың 19-ындағы мәжілісінің өзінде-ақ арнау­лы мәлімдеме жасағанын, онда Кеңес Одағын қалпына келтіру жөніндегі қандай да бір әрекеттің ауыр зардаптары болатыны жайында сақтандырғанын еске салып өттім. Сол сөзімде мұндай әрекеттердің ТМД аумағындағы ахуалды тұрақсыздандырып, тіпті қантөгіске апарып соқтыруы мүмкін екені де айтылды. Осы мәлімдемеде Қазақстан өзінің егемендігі мен тәуелсіздігін ешқа­шанда қолдан бермейтіні, алайда инте­грацияны тереңдету үшін ортақ күш-жі­гердің қажет екендігі атап көрсетіл­ген. Мәлімдемеде Қазақстанның тәуел­сіз­дігіне оның Конституциясында кепіл­дік берілгені атап көрсетілді. Саяси қозға­лыстардың, партиялардың немесе жекелеген адамдардың Конституцияға қайшы келетін, еліміздегі жағдайды тұрақсыз­дандыруды көздейтін кез келген әрекеттері заңсыз деп танылады және оларға батыл тойтарыс берілетін болады. Еліміздің Конс­титуциясын бұзуға ешкімнің де қақы­сы жоқ және мен, ел Президенті ретін­де, оның мүлтіксіз сақталуын қатаң қадаға­лайтын боламын деп кесіп айттым. Стилис­тикасы жағынан қатқыл шыққан бұл м­әлімдеме еліміздегі саяси ахуалды тез тұ­рақтандыруға шешуші ықпал етті. Көп ұзамай ресейлік депутаттар да артық қа­дамдарын мойындап, райларынан қайтты. Қазақта «Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деген сөз бар. Қазақстан-Ре­сей мемлекеттік шекарасын делимитация­лау мәселесіне байланысты осы сөзді еске түсіре аламыз. Тәуелсіздіктің бастап­қы белесінде Ресей Президенті Борис Ель­циннің мемлекеттік шекараны белгілеудің маңыздылығына тиісінше көңіл бөліп, сан түрлі саяси ойындарға қатысты оңды-солды айтыла беретін жоғарыдағыдай жайсыз жайларды мүмкіндігінше реттеу­ге тырысқанын айту жөн.

– Борис Николаевичпен қарым-қаты­насыңыздың жақсы болғанын біле­міз. Қазақстан мен Ресейдің арасындағы мемлекеттік шекара туралы әңгіме жаңа қозғала бастаған тұста орынды әзіліңізді осы мәселеде де пайдаланған жайыңыз бар екен… Оны Махмұт Қа­сымбеков «Жан жадыратар жасын сөз» деген кітабында келтірген. Сонда да өз аузыңыздан естісем деймін.

– Ол былай болды. Тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдарындағы әңгіме ғой. Екі­жақты қарым-қатынастардың әр қырын талқылап отыр едік, әңгіме мұнай, газ ке­ніштеріне ауысқан тұста Борис Нико­лаевичтің аяқ астынан, бас жоқ, көз жоқ, «Нұрсұлтан Әбішұлы, осы Теңізді Ресейге берсеңізші…» деп қалғаны. Теңіз кен орнында мұнай мен газдың керемет қоры бар ғой. Әуелде қалжыңы шығар деп ойлағанмын. Жоқ, ойы тамырымды басып көру сияқты. Қайтер екен деп: «Онда бізге Орынборды облысымен қосып бере қойыңыздар?» дедім. Ол шоршып түсті. «Сонда қалай, Қазақстанның Ресейге территориялық талабы бар болғаны ма?» деді. Түрі өзгеріп шыға келді. Жанды же­ріне тиіп кеткені көрініп-ақ тұр. «Ресейге территориялық талабымыз жоқ. Жәй, Орынбордың бір кезде Қазақстанның алғашқы астанасы болғанын айтқаным ғой…» дедім. Тауып айтқан сөзіңе тәнті болатын ер мінезді кісі еді ғой, жаңағы сөзіме қарқылдап күліп жіберді. Мен де күліп жатырмын. Одан кейін бұл тақырыпты қозғамайтын болдық. Менімен телефон арқылы сөйлескенде Мемлекеттік Дума қабылдаған қау­лы­лардың Ресей Федерациясының халық­аралық құқық субъектісі ретіндегі мәрте­бесіне қатысы жоқтығын және халық­аралық шарттардың күшін тоқтату мәсе­лелері мұндай нысанда жүзеге асырылмайтынын, керісінше тиісті заңдарды қабылдау жолымен шешілуге тиіс екенін, Дума қаулыларының қандай да бір құқықтық салдары болмайтынын қуаттаған адам да нақ Борис Николаевич болатын. Екі ел басшыларының осы мәсе­леде салған беттен тіл табысуы көптеген мәсе­лелерді асықпай-саспай, тарихи құжат­тар негізінде, жөнімен қарастыруға мүмкіндік берді. Қазақстан Республикасы мен Ресей Феде­рациясының мемлекеттік шекарасын делимитациялау жөніндегі келіссөз­дер 1999 жылдың қыркүйек айында бас­талған. Келіссөздердің Астанада, Мәскеу мен Алматыда ғана емес, Қазақ­стан­ның шекара шебіндегі жеті облыс орта­лықтарында, Семейде, Ресейдің шека­ралық өңірлеріндегі тоғыз қаласында, сондай-ақ, Санкт-Петербургте өткізілгені мәселені сол жерде нақты қарауға, саяси, экономикалық, заңдық, географиялық, тарихи, мәдени, ұлттық және басқа да қырларынан егжей-тегжейлі талдауға жағдай жасады.

– «Правда о государственной границе Республики Казахстан» деген кі­тапта барлық мәселелерді реттеу­ге жұм­салған бес жарым жылдың ішінде келіссөздердің 50 раунды, олардың ішінде делегациялардың 26 кеңейтілген отырысы, жұмыс топтарының 13 кездесуі, аз адамдық аядағы 11 кездесу өткендігі жазылған. Демек, қыруар жұмыс атқарылған.

– Екі жақ та мәселені кейінгі ұрпақ­тарға шешілмеген мәселе қалмайтындай етіп қарастыруға тырысты. Кешегі кеңестік кезеңдегі басшылардың респуб­ликалар, олардың шекаралары деген ұғымдарды тіпті елеусіз етіп жібергені соншалық, Қазақ КСР-і мен РСФСР арасындағы республикааралық шекара, КСРО Конституциясына қайшы күйде, көршілес облыстардың өзара келісілген кезекші карталарына, жер орналастыру мен орман орналастырудың кереғар материалдарына ғана негізделген болып шықты. Соның салдарынан шекараның біраз жерінде шаруашылық даулары туындап, бір территорияның қағаз жүзінде екі республикаға қарап келгені сияқты жайларға дейін анықталды. Ал Қа­зақ­­станның жеті облысы – Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Сол­түс­тік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қа­зақ­стан облыстары Ресей Федера­циясының он екі субъектісімен – Астра­хань, Волгоград, Саратов, Самара, Орын­бор, Челябі, Қорған, Түмен, Омбы, Новосибирск облыстарымен, сондай-ақ Алтай өлкесі мен Алтай Республикасымен шектесетінін еске алсақ, бұл шекараның әлемдегі ең ұзын (7591 шақырым!) құр­лықтық шекара екенін айтсақ, мәселелердің қан­шалықты қордаланып қалғанын шама­лауға болады. Бұл құжатты жеріне жеткізуге Ре­сей Президенті Владимир Путинмен ор­тақ тіл табыса, бүгінгі және болашақ ұрпақ­тарымыздың мүддесін ойлай оты­рып, бірлесе атқарған жемісті жұмы­сымыздың шешуші әсері болды. Владимир Владимирович осы мәселені ұдайы назарда ұстап отырды. Мемлекеттер басшыларының бұл іске тікелей араласуы көп түйінді тарқатты дей аламын. 2005 жылдың қаңтар айында менің Ресей Федерациясына ресми сапарымның барысында біз бұл шартқа қол қоюдың шын мәнінде тарихи оқиға екендігін атап айттық, қадап көрсеттік. Мен бұл шарт бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ең ірі екі елдің ынтымақтастығын сапалы жаңа белеске шығарады дедім. Ресей Президенті шекарадағы қарым-қатынасты реттеу өзара сенімді арттыратынын айта келіп, мұның өзі Қазақстанның егемендігін Ресей тарапының толықтай тануы екендігін жеткізді, шарт бауырлас халықтардың жан-жақты кемелденуіне бағытталған стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңінің басы, деді. Иә, расында да, сол күні біз аса үлкен тарихи оқиғаның куәсі болған едік. Өйткені, қадым замандардан қазақ-орыс елдері арасында шекара бірінші рет заңды түрде тартылды. Қазақстан мен Ресейдің ортақ тарихы қалыптасқан. Біз қай кезде де қуаныш пен қайғыны бірге бөлістік. Жарты бидайды жарып, бүтін бидайды бөліп жедік. ХХ ғасырда әлем тарихындағы ең зұлмат соғыста бірге шайқастық, жауды бірге жеңдік. Сондықтан да рухани жағынан аса жақынбыз. Шекараны белгілеу шарасы Ресей үшін де тарихи оқиға, бұған дейін империялық Ресей деген идеология енді түп тамырымен жойылып, халықтар арасындағы сенім бекітіле түсті. Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының өзара сенімге негізделген жаңа кезеңі бас­талды.

– Нұрсұлтан Әбішұлы, Қазақстан өз тәуелсіздігінің он бес жылға жетпейтін кезеңінің өзінде ең ірі, ең қиын, ең маңызды мәселені шеше алды. Осы істің сәтімен басталып, сәтімен аяқталуы бәрінен бұрын сіздің бүгінгі және болашақ ұрпақтардың қамын ойлаған сара саясаткерлігіңіздің арқасында мүмкін болды. Әсіресе, Ресеймен, Қытаймен арадағы шекараның мәңгілікке шешілуі қандайлық тарихи шешім екендігін біз барынша сергек сезінуге тиіспіз. Ресей мен Украина арасындағы шекараның түпкілікті белгіленбеуі қиын жағдайға соқтырғанын көріп отырмыз. Кезінде олар Азов теңізі маңындағы бір кішкентай аралға байланысты тоқтамға келе алмапты да, содан келіссөздер жалпы тоқтап қалыпты. Сіз шығыс жақ беттегі ұлы көршімізбен шекараны біржолата бекіту арқылы азаттық үшін алысып, екі елдің ортасында арпалысып өткен Абылай атамыздың аманатын атқарып шықтыңыз. Тәуелсіздіктің бес жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзіңізде сол бір қилы кезең жайындағы Мағжан жырын келтірген едіңіз. Ендігі жерде қазақ баласы, қазақстандықтар «Алыстан орыс, қытай ауыр салмақ, Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ. Арты – ор, алдында – көр, жан-жағы жау, Дағдарған Алаш енді қайда бармақ?!» деген ақын сөзін тек сол заманның уа­йымын жеткізген әдеби мұра ретінде ғана қарастыратын болады.

– Дұрыс айтасың. Әр нәрсенің бағасын білген жақсы. Ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған байтақ жерімізді Тәуелсіздіктің арқасында заңдастырып, шекараны шегендеу арқылы ұрпақтарымыздың алаңсыз өмір сүріп, жасампаздық жұмыспен айналасуына мүмкіндік беретін жағдай жасай алғанымыз – баға жеткісіз бақыт. Мәңгілік Ел құрудың бір шарты да осы.

– Әңгімеңіз үшін көп рахмет.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен журналист Сауытбек Абдрахмановтың сұхбат кітабынан
“Егемен Қазақстан” газеті

Related Articles

  • САРБАС РУЫ ЖӘНЕ САРТОҚАЙ БАТЫР

    Тарихты түгендеу, өткеннің шежіресін кейінге жалғау – атадан балаға жалғасқан ежелгі дәстүр. Шежіре, ұлт-ру, тайпа тарихы – атаны білу, арғы тарихты білу болып қалмастан ұлттың ұлт болып қалыптасуы жолындағы бастан кешкен сан қилы оқиғалары мен ауыр тағдырынан да мол дерек береді. Шежіре – тұтас халық тарихының іргетасы ғана емес, ұлт пен ұлыс танудың әліппесі  саналады. «Қазақ халқы 200-ден аса рудан құралса да әр рудың өз шежіресі болған. Шежірешілер жүз, тайпа, ру, ата тарихын терең талдай білген»(1). Патшалық ресейдің дәурені аяқталар тұста қазақтың мемлекеттігін қалпына келтіруді мақсат тұтқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан (1866-1937) алғашқы болып қазақ тарихының қажеттілігін алға тартып, башқұрттың әйгілі ғалымы Уәлиди Тоғанмен кездесіпті. Уәлиди Тоған өзінің естелігінде: «Мен бірнеше

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

  • “Геосаясат илеуіне түсіп қалуымыз мүмкін”. Қазақстанда АЭС салуға қатысты сарапшы пікірі

    Елена ВЕБЕР Атом электр стансасын салу және пайдалану экологиялық қатер және төтенше жағдайда адам денсаулығына қауіпті ғана емес, оған қоса соғыс барысында Украинаның Запорожье АЭС-індегі болған оқиға сияқты бопсалау құралы дейді әлеуметтік-экологиялық қордың басшысы Қайша Атаханова. Ол мұның артында көптеген проблема тұрғанын, қазақстандықтарға АЭС салу жөніндегі референдум қарсаңында біржақты ақпарат беріліп, онда тек пайдалы жағы сөз болып жатқанын айтады. Сарапшы АЭС-тің қаупі мен салдары қандай болатыны жайында ақпарат өте аз деп есептейді. Голдман атындағы халықаралық экологиялық сыйлықтың лауреаты, биолог Қайша Атаханова – радиацияның адамдарға және қоршаған ортаға әсерін ширек ғасырдан астам зерттеп жүр. Ол бұрынғы Семей полигонында және оған іргелес жатқан аудандарда зерттеу жүргізген. Қарағанды университетінің генетика кафедрасында оқытушы болған.

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: